Жұма, 31 Наурыз 2023 10:38

Алтайдың асқар тұлғасы

Ия, қамшының сабындай қысқа ғұмырында қазақ әдебиетінің классикалық үлгілерінің қатарына қосылған, туған жері Алтайдың мөлдір тау бұлақтарындай бірден шөлді қандыратын талғамды туындылар қалдырып кеткен талант иесі, философ, публицист, драматург шынында да небәрі 49 жасында Алтай тауына айналған алып тұға болып, артына өлмес мұра қалдырып кетті. Орасан еңбегі еленіп, Оралхан Бөкей Қазақстан Республикасы жастар сыйлығының, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлығының және Абай атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. «Таңдамалы» 1 және 2 томы  оқырмандар қолына тиді.

Оралхан мектепте оқып жүрген кезінде-ақ жазушы болатынын айтып жүреді екен. Ол мектеп бітіру кешінде мұғалімдер мен ата-аналар алдында: «Көкшетау асқан сұлу болса, одан шыққан ақын, жазушылар одан әрі сұлуландырады. Біздің өр Алтайдың сұлулығы одан әсте кем емес. Бірақ, оны жырға қосып, сұлулығын көрсететін ақын, жазушылар жоқ десек қателесеміз. Мен Алтайдың сұлу табиғатын, сарқылмас байлығын танытуды мақсат етемін. Сондықтан да мен жазушы болуды армандаймын. Адам арманын алдына мақсат етіп қойса, оған жетуге тиісті. Мен де мақсатыма жетемін деп сенемін», – деген екен. Асқақ арманына жетуде мітін үкілеген адамның ақ ниеті қабыл болады. Өр Алтайдың өжет ұлы өз мақсатына жетіп, өзі енді Алтайына айналды. Киелі де қасиетті Алтайдың тамаша табиғатын көркем тілмен кестелеген керемет суреткер қазақ прозасын аспанға шарықтатты. Өзгелерден озық туып, өрлігімен өр Алтайындай асқақтаған Оралхан есімі тарих сахнасында мәңгі кейіпкер болып қалды, қала береді де.

Шелек модельді ауылдық қітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен жақында жазушының туғанына 80 жыл толуына орай Шелек политехникалық колледжінің 1-курс студенттерінің қатысуымен «Оралханның орман текті шығармалары» атты оқырман конференциясы болды. «Алтайдың асқақ жыршысы» атты кітап көрмесімен танысып, «Оралхан Бөкей – өр Алтайдың асылы» слайдты көріп, тамашалаған оқырмандарға кітапханашы Мадина Үмбетова жазушының өмірбаяны мен шығармашылығы туралы мағлұмат берді.

Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы жарық жұлдыздарының бірі – Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында дүниеге келді. 1968 жылы Алматы қаласына қоныс аударған. 1969 жылы ҚазМУ-ді бітірген. 1965-1968 жылдары ШҚО-ның Үлкен Нарын ауданында «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары, Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде әдеби қызметкер, кейін «Лениншіл жас» (Жас Алаш) газетінде екі жыл, «Жұлдыз» журналында бес жыл бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор-дың орынбасары, бас редактор қызметін атқарды.

Жазушы «Өз отыңды өшірме» атты тұңғыш шығармасында Совет өкіметінің түпкілікті орнауы мен Түркістан – Сібір магистралін салудағы қарапайым еңбек адамдарының жан қиярлық ерлігін көркем тілмен қызықты суреттейді. Ал «Қамшыгер» атты алғашқы жинағы 1970 жылы жарық көреді. Одан кейінгі жылдары «Қайдасың қасқа құлыным?», «Мұзтау», «Ән салады шағалалар», «Үркер ауып барады», «Біздің жақта қыс ұзақ» деген атпен әңгіме-повестері жарық көреді. «Құлыным менің» драмалық шығармасы, «Ұйқым келмейді» деген туындысы да оқырмандардың көңілінен шыққан кітабына айналады. Сондай-ақ «Текетірес», «Қар қызы», «Зымырайды поездер», «Жау тылындағы бала» пьесалары қазақ-орыс тілінде жарық көрсе, басқа да шығармалары дүние жүзіне орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай және басқа да ұлы халықтар тілінде аударылып, тараған. Өлеңдер де жазған, жазушының «Алданған ұрпақ» атты трилогиялық романы қолжазбалық ойлар күйінде аяқталмай қалған. Марқұм небәрі 49 жаста өмірден озса да, артына мол мұра қалдырып кетті. Өр Алтайдың тамаша табиғаты мен ондағы тыныс-тіршілікті әлемге паш етіп қана қоймай, өзі Алтайдай асқар тұлғаға айналды.

Кітапханадағы басқосуда аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің тілшісі Анарбек Бердібаев, Шелек ауылдық округі аппаратының жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Бибінұр Молдабекова, М.Мәметова атындағы және гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Шолпан Айтжанова мен Арайлым Толыбаевалар жазушының шығармашылық еңбектері, өнеге аларлық өмір жолдары жайлы әңгіме өрбітті. М.Мәметова атындағы мектептің оқушылары жазушының «Тортай мінер ақбоз ат» шығармасынан сахналық көріністі тамашалатса, гимназия шәкірттері қазақ әдебиетіндегі жазушының қолтаңбасы деуге негіз болған, қысқа әңгіменің ішіне алпауыт идеялардың айсбергін сыйдырған «Кербұғысынан» үзінді оқып берді, арнау өлең оқыды. Жазушының кітаптарын оқуға жаздырып алды. Сөйтіп, жазушының шығармалары арқылы жастарды адамгершілікке, жауапкершілікке, барлық жақсы қасиеттерге тәрбиелеуге ықпал етіп, әдеби кітап оқуға ынталарын арттыруды мақсат еткен конференция өте әсерлі өтті.

Анарбек МӨКІШҰЛЫ.

Оқылды 31057 рет

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 11, 2025

Мемлекеттік қызметке ашық жол:…

Мемлекеттік қызмет — ел дамуы мен тұрақтылығының тірегі, азаматтардың әл-ауқатын…
Қырқ 11, 2025

Бошкулов Айдар Багашарович, …

В послании Главы государства этого года обозначены как глобальные вызовы времени, так и…
Қырқ 10, 2025

Оқушылардың ата-аналарына арналған…

Жаңа оқу жылы – әр оқушы мен ата-ана үшін жауапты әрі ерекше кезең. Бұл уақыт баланың…
Қырқ 10, 2025

Жіті респираторлық вирустық инфекция…

ЖРВИ/тұмау- ол жіті жұқпалы, инкубациялық мерзімі қысқа, тыныс алу жолдарының қабынуымен…
Қырқ 10, 2025

Оба:жұғу жолдары, алдын алу шаралары.

Оба аса жұқпалы, карантинді инфекциялар тобына жататын ауру. Инфекцияның жабайы…
Қырқ 10, 2025

Мектеп жиһазына қойылатын санитарлық…

Мектеп жиһазы оқу процесін ұйымдастырудың негізгі элементі болып табылады.…
Қырқ 10, 2025

Компьютердің көру қабілетіне әсері

Қазіргі уақытта компьютерлер, планшеттер, смартфондар және басқа гаджеттер ақпарат алу…
Қырқ 09, 2025

Алматы облысының қатысуымен …

Алматы облысының қатысуымен Мәскеуде бизнес-форумИнвестициялар, цифрлық технологиялар…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет