Бейсенбі, 13 Сәуір 2023 10:19

Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Баспасөзге жазылуды өзімізден бастайық!»

Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева жуырда әлеуметтік желі арқылы әріптестерін, яғни білім саласының қызметкерлерін газет-журналдарға жазылуға шақырды.

«Жазылуға мәжбүрлеуге болмайды» деген қисынсыз тыйым мен газетке жазылуға қарсы әсіре науқаншылық әдейі ойластырылғандай көрінетін бүгінде бұл бастама елді елең еткізіп, ой салып отыр.

«Сіздермен бүгін көптен бері жадымда жүрген өзекті ойымды бөліскенді жөн көріп отырмын. Қазіргі таңда ғаламторға шырмалған жастың да, кәрінің де рухани ой-санасының әлсіреп бара жатқандығын көріп келеміз. Қазір кез келген жастағы адам қалаған бейнежазбасына, түрлі медиа-өнімге қол жеткізе алады. Бірақ ой таразысына салып, қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс, қайсысы шындық екендігін ажырату қиынға соғып тұр.

Ғаламтордан күнделікті естіп, біліп, көріп, оқып жатқан жаңалықтардың арасында тексерілмеген, шындыққа жанаспайтын ақпараттар да баршылық. Ғаламтордың пайдалы тұсын алып, керексіз жағына шектеу қойғанымыз дұрыс шығар. Сондықтан да, бұл ға-ламтордың торлаған қауіпті бұлтынан арылу үшін Сіздерді газет-журналға жазылуға, яғни рухани азық алуға шақырамын. Газет-журнал өмірдің нағыз айнасы. Онда жазылған әрбір жаңалық, мақала, сараптама қаншама жауапты маманның тексерісінен өтіп, өңделіп, бү-тінделіп, сараланып барып жарияланады. Сондықтан га-зет-журналдың ғаламторға қа-рағанда салмағы басым», дейді әлеуметтік желідегі жазбасында Жанат Тәжиева.

Иә, газеттер ақпарат та таратады, сараптамалар да жасайды. Негізгі мәселені сараптап, түсіндіріп, сарабдал дүниелер беретін де – газет-журналдар. Ұлттық идеологиямыз ұлттық баспасөзбен таралады, тағаны бекиді. Кез келген дәстүрлі ақпарат құралының, соның ішінде баспасөздің қоғамға, бұқараға берері қисапсыз мол екені талас тудырмас. Әдетте тасқа басылған сөздің маңызы мол болатынын ғылым дәлелдеген. Тәрбиелік мәні тұрғыдан келсек, ұстаздар және ата-ана жанашырлық танытпаса, балалар басылымға ешқашан жазыла алмайды. Бүгін газет-журнал оқымаған бала ертең кітап бетін ашпайтын дүмше болып өседі. Халықтың руханиятын көтеру, мемлекеттің саясатын қолдау, ұрпақтың бойына тәлім-тәрбиені сіңіруде де газеттің алатын орны ерекше. Қазіргі кезде ұстаздардың бәрі басылымдарды үзбей оқиды десек өтірік болар. Онымен тұрмай, соңғы жылдары «мәжбүрлемеңдер» деген бір сөзбен-ақ жазылымның жолы кесіліп, мектеп, білім беру мекемелерінің есігі журналистер үшін алынбас қамалға айналғаны да жасырын емес. Баспасөзге жазылудың кері әсерін айтушы ұстаздар мен ата-аналар да көп. Олар балалардың сөздік қоры нашарлап кеткенін айтуда.

Бала атаулы бірден үлкен кітаптарды оқуды бастап кетпейді. Газет-журналдағы шағын шығармалар арқылы кітап оқуға бейімделеді. Мектепте журнал оқуға, кітап оқуға әдеттенбеген бала ертеңгі күні қағазды қолына алмайтын «бітеулердің» қатарын молайтады. «Мәжбүрлеуге болмайды» дегенді елдегі білім бөлімдері мен мектеп директорларының қатаң атқаруға кіріскені де өкінішті. Көпке топырақ шашпаймыз, көзі ашық, көкірегі ояу мұғалімдер аз емес. Мерзімді басылымдарды, әдеби кітаптарды көп оқитын мұғалімдердің сөздік қоры мол, шешен болатыны мәлім. Сабақты да жақсы түсіндіреді, оқушымен де тез тіл табыса алады. Мақтаулы шәкірттері көп ұстаз да солар. Көпшілік газет, кітап оқитын мұғалім елден ерек, парасатты, өзіндік ойы, көзқарасы бар, пайымы бөлек болатынын айтып та жүр. Өйткені көп оқыған адамның ой-өрісі де кең болады. Қай қоғамда да газет-журналдың орны мен маңызы ерекше. Басылым беттерінде қарапайым халықтың да, дәрігердің де, мұғалімнің де мәселесі қозғалады. Сөйте тұра мұғалімдерге «газетке жазылмасын» деу үлкен әбестік. Бұл ойларымызды мұғалімдердің ортасында жүрген Жанат Тәжиева ханым да растайды.

– Бұрын әрбір отбасы аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі газет-журналдарды оқуға асығатын. Бұл газет-журналдардағы материалдар ақыл-ой мен парасатқа негізделіп жазылатын. Көп оқитын ұлтқа айналамыз десек, өзімізден, балаларымыздан бастауымыз керек. Балаларымыздың уақытын ғаламтордағы әртүрлі қулық-сұмдықты көруге құртқанша, бірауық кітап, газет-журналға көңіл бөлуін қадағалайық. Балаларымыз зерделі, парасатты, иманды, салиқалы, білімді болсын десек, қоғамымызды түзеуде елеулі рөл атқаратын газет-журналдарымыздың мәртебесін көтерейік. Дана халқымыз «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген ғой. Газет-журналда жарияланған мақалалардың арасында ел жадында сақталғандары қаншама?! Одан қалса, жәдігер болып мұрағаттарда тұрады. Әр отбасы газет-журналға жазылуды өзімізден бастайық, – дейді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы.

Сондай-ақ 32 жыл білім саласында, оның ішінде 18 жыл ұстаздық қызмет атқарған Жанат Арысбекқызы бізбен әңгімесінде педагог мәртебесін алғалы бері, яғни арнайы заң қабылданған соң өз еркімен жазылатын ұстаздардың азайып, газет-журналдарға сұраныс төмендегенін жасырмады. «Әрине күштеп жаздыру дұрыс емес, бірақ Президентіміз ұстаздар қауымының айлық-жалақысын жоғары деңгейге көтерген бүгінгі жағдайда халықпен жұмыс істейтін басылымдарға жазылса деймін. Еліміздегі жағдайды, саясатты, өзгерістерді, әлеуметтік ахуалды әрбір ұстаздың біліп отыруы жұмысына оң септігін тигізері анық. Әсіресе, балаларға арналған журналдарда шәкірттерінің шығармалары жарияланып, өздерінің ой-пікірлерін басылымдар арқылы білдіріп жатса, нұр ұстіне нұр болар еді. Бүгінде 500-600 мың теңгеге дейін айлық алып отырған ұстаздар басылымдарға жазылуда үлгі көрсетіп, төрден табылатын газет-журналдарды қастерлеп, оның абырой-беделін асқақтатуға өз үлесін қосады деген сенімдемін. Тағы бір айта кететін мәселе, бұрындары әр үйдің кіреберісінде пошта жәшігі болатын. Бүгінде олар қараусыз қалған, тіпті кей үйлерде жоқ та. Осыған да көңіл бөле бастасақ», – дейді Жанат Арысбекқызы.

БАҚ – үлкен құрал, идеологиялық қару. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Құрметті оқушылар» деген мақаласында газеттің не үшін керектігі жөнінде 4 себепті атап айтады. Солардың екіншісі мен үшіншісін еске сала кетсек: «Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтады. Үшінші, газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетіспекші». Ендеше, қалалық білім басқармасы басшысының әріптестеріне, ұстаздар қауымына арнаған үндеуі қолдау тауып, газет-журналдарға жазылушылар қатары көбейе түседі деген үміттеміз.

Айта кетелік, бүгінде Шымкент қаласының мектептерінде «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шараларда оқушылар көктемгі каникулда оқыған кітабының қысқаша мазмұнын айтып, шығармалар желісімен кейіпкерлердің суретін салуда. Сонымен қатар сыныптас достарын кітап оқуға шақыруда.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Оқылды 452 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР: Қазыналы құндылықтар ұмыт қалмасын!

Соңғы жаңалықтар

Желт 19, 2024

Итоги года: Ключевые достижения и…

Энергетический сектор Казахстана является одной из ключевых отраслей экономики. В…
Желт 19, 2024

Жыл қорытындысы: Еліміздің…

Еліміздің энергетикалық секторы экономиканың негізгі салаларының бірі саналады. Орнықты…
Желт 19, 2024

О мерах по либерализации экономики

12 ноября 2024 года, во исполнение Указа Главы государства от 8 мая 2024 года № 542 «О…
Желт 19, 2024

Экономиканы ырықтандыру жөніндегі…

Мемлекет басшысының «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» 2024 жылғы 8…
Желт 19, 2024

Алматы облысы Әділет департаменті…

Жыл бойы тұрғындардан 6502 өтініш түсіп, олардың әрқайсысына толық әрі қанағаттанарлық…
Желт 18, 2024

Еңбекшіқазақ ауданында «AMANAT»…

Аудандық партия филиалының төрағасы Б.Б.Рахимов арнайы брифинг өткізіп, атқарылған…
Желт 13, 2024

Алматы облысында балық шаруашылығын…

Өңірде балық шаруашылығы саласын дамыту қарқын алуда. Балқаш-Алакөл бассейндік балық…
Желт 13, 2024

Алматы облысында жүк көліктерінің…

Жолдың жағдайын ретке келтіру мемлекеттік саясаттық басым бағыттарының бірі. Бүгінгі…
Желт 13, 2024

«Алматы облысы өнеркәсіп, сауда және…

«Алматы облысы өнеркәсіп, сауда және экспортта рекордтық өсім көрсетті» Астанада Орталық…

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет