Қазақ халқы салт-дәстүр, ырым-тыйымдардан бөлек ұлттық ойындарға да бай екені белгілі. Жаһандану заманының әсерінен аталған қазақы құндылықтарымыздан ақсап жататын кездеріміз де жоқ емес. Осы орайда, біздің айтпағымыз – кенде қалып жатқан ұлттық ойындарымыздың мәселесі. «Ұлттық ойын түрлерін білесің бе?» десе, «Алтыбақан», «Асық», «Көкпар», «Қыз қуу», «Тоғызқұмалақ» деп бес-алты саусағын бүгіп қана тоқтайтын ұрпақ қалыптасып келе жатқаны өкінішті, әрине. Біліп қана қоймай «Ойнап көрдің бе?» деген сауалға жөнді жауап ала алмасымыз тағы бар. Шын мәнінде, осы секілді дәстүріміздің баршасы қанымызда қайнап жатыр. Түртіп жіберсең, оянары сөзсіз.
«Ақшамшық»
Ұлттық ойындарымыздың «Ақшамшық» атты түрі бар. Бұл дәстүрлі ойын көпшілік арасында «Сақина салу» деп те аталып кеткен. Ауыл жастары жиналып, дөңгелене отырып ойынды бастайды. Ойынға 10-15 адам қатысып, ортаға бір жігітті немесе бір қызды шығарып, қолына сақина ұстатады. Ойын жүргізуші алақанындағы сақинаны кімге салса да, өз еркі. Ол барлық адамдардың алақанына сақина салғандай болғанымен жүзік біреу ғана. Қолдарын қабыстыра ұстаған ойыншылар жүзіктің кімде екенін білдіртпеуге тырысады. Сақина салушы «Ақшамшығым, шық!» дегенде, жүзікті қолына ұстаған ойыншы қасындағыларының тосқауылына бой бермей, ыршып шығуға тырысады. Ал егер ұсталып қалса, айыбын өтейді. Айып көбіне ән-күй орындау болған. Сондықтан, ойын думанды, қызық өткен. Қараңызшы, бір ғана ойында қаншама үлгі-өнеге жатыр. Өзгенің таңсығы осы асыл мұрамызды алмастыруға тұра ма?
«Бес тас»
Дәстүрімізге бойлар болсақ, ата-бабамыз қызын үкілеп өсіріп, сонымен қатар тұрмыс-тіршілікке де баули білген. Қолына ине ұстатып, кесте тігу, құрақ құрау сынды қолөнер түрлерін меңгерткен. Осындай сәттерде, сергу үшін «бес тас» ойнаған деседі. Тарихын айтар болсақ, сонау еңбек құралдары ағаш, тас, сүйек болып келетін ғасырлардан бастау алады деген болжам бар. Махмұд Қашқаридың «Түркі тілдері сөздігі» еңбегінде «бес тас» ойыны туралы мағлұмат кездеседі. Бұл мәліметтер арқылы «бес тас» сақ-ғұндардан бері келе жатқан ойын екеніне көз жеткізуге болады. Ойын барысына қарап, «бес тас» ойыншыны жылдамдыққа, қағылездікке, тез шешім қабылдауға үйрететініне күмәнданбайсыз. Әрі бұл ойын жас-кәріні талғамайды. Кішкентай бес тал жұмыр таспен немесе еліктің асығымен ойнағандықтан атауы да «бес тас» болған. Ойын «балта шабу», «тоқылдақ», «тарақтау», «құдыққа салу», «қуалау», «кедергі» сияқты көп кезеңнен тұрады. Қатысушылардан кім бастайтынын шешу үшін бес тасты алақанға салып, қолын жоғары серпіп, қолының сыртымен қағып алады. Кім бес тасты жерге түсірмей түгел қағып алса, сол ойынды бастайды.
«Ләңгі тебу»
Халқымыз малын көбейте жүріп, асық атып, ләңгі тепкен. Осылайша, физикалық тұрғыдан ғана емес, ойды да демалтатын болған. Үнемі ат үстінде жүретін азаматтар «ләңгі» ойнап денесін шынықтырған. Бұл тақымның мықтылығын күшейтіп, адамды жылдамдыққа бейімдейтін ойын. Сойылған ешкінің терісіне құйылған қорғасынды бекітіп, ләңгі жасаған. Ләңгі тебудің де өзіндік шарттары, ұпай жинау тәсілдері бар. Аяғыңды қия бассаң, көз жылдамдығынан адасып, ұпайдан қағыласың. Сондықтан қырағы жігіттер бұл ойында белсенді болған.
«Тымақ ұру»
Тымақ ұру ойыны көгалда өткізіледі. Ойнаушылардың санына шек қойылмайды. Ойынға әркім өз атымен қатысады. Күні бұрын көмбе белгіленіп, 20 метр жерге биіктігі ат бойындай қазық қағылады да, тымақ кигізіледі. Ойынға көз байлайтын орамал керек. Ойыншылар бір сызықтың бойына қаз-қатар тұрады. Басқарушы кезекте тұрған ойыншыны ортаға шықырады. Оның көзін орамалмен байлап, атына мінгізіп, қолына қамшы береді. Көзі орамалмен байланған салт атты жігіт қолындағы қамшысымен тымақты дәл ұрып түсіруі керек. Ереже бойынша тымақты үш рет ұруға еркі бар. Айталық, бір рет ұрғанда тимесе, онда одан ары іздеп тағы ұрады. Осылайша, барлық ойыншылар бір реттен айналып шыққанда, тымақты кім көп ұрса, сол ойыншы жеңімпаз атанады.
«Асау көк»
Кешкі астан кейін мейманға ән салғызу, әңгіме, ертегі, жұмбақ немесе жаңылтпаш айтқызу мақсатымен ұйымдастырылады. Әуелі үй иелері ауылдың алты ауызын айтады да, онан соң қонақ кәдесі деп мейманның өнер көрсетуін сұрайды. Түк білмейтін қонақты айып ретінде мінгізетін керме арқан «Асау көк» деп аталады. Кермеге мінген қонақ ары-бері сүрінбей жүруі керек.
«Күміс ілу»
Бұл ойын ептілікті, атқа жақсы отыруды керек етеді. Келін түсіру, қыз ұзату салтанатында қалыңдық орамалға түйіп, өзінің күміс шолпысын, әйтпесе жүзігін тастайды. Сондықтан да кей жерлерде бұл ойын «жүзік ілу» деп те аталады. Қатты шауып келе жатқан шабандоз жігіт ат екпінін бәсеңдетпестен, әлгі орамалды іліп алуы керек. Сонда ол беташар айтуға рұқсат алады.
«Санамақ»
Көпшіліктің қатысуымен өтетін бұл ойынның шарты бойынша ойын бастаушы қатысушы бір адамды ортаға алып шығады. Ол адам бір тектес атау сөзден жаңылмай, кідірмей аттап жүгіріп айтып шығуы керек. Тоқтамай, қателеспей айтып шықса, жүлде алады. Қателессе, ойыннан шығады. Мысалы, жаңылмай он ақынның атын атау керек, көлді, мұхитты қоспай он өзеннің атын атау керек. Немесе тек қыздардың атын атау керек деген сияқты тапсырмалар болады.
«Ағаш аяқ»
Ағаш аяққа мініп үйренбеген адам алғашында дұрыс жүре алмай жұртты қыран-топан күлкіге батырады. Ал жақсы үйренген адам тез әрі шалт жүре алады. Әрі ол сырық үстінде тұрып түрлі сайқымазақ сөздер айтып, қимылдар жасайды, ән айтып, екеуара айтыса да алады. Атақты әнші Әміре Қашаубаевтың айтуымен кең тараған «Ағаш аяқ» әні осы ойынның атымен аталған деседі.
Ұлттық ойындарымызды жаңғырта білсек, ұлт болып сақталатынымыз анық. Бүлдіршіндерімізді төрт қабырғаға қамап, алақандай телефонға телміртпей асық, тоғыз құмалақ, ләңгі тебу, арқан тартыс сынды қазақтың қанына біткен ойындармен баули білсек, ой-өрісі де, физикалық қуаты да жақсы дамымақ.
Шынында ұлттық ойындарымыз бен киімдерімізді Наурыз мерекесі келгенде ғана есімізге түсіреміз де, келесі жылға дейін ұмыт қалдырамыз. Осы орайда ойланатын, атқаратын істер көп екенін еске салғымыз келеді.
Ринат НАРХАНОВ.