Сенбі, 20 Мамыр 2023 21:57

Еңбекшіқазақ аудандық мәслихат төрағасы Бекет АХМЕТОВ: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден»

300 мыңға жуық тұрғыны бар алып ауданымыздың тарихы сонау сақ дәуірінен бастау алады. Содан бергі бабалардың құт мекеніне айналған киелі топырақ талай тарихи оқиғаларға куә. Бүгінде ауданның әлеуеті артып, өңіріміздің келбеті өзгеруде. Ауқымды жобалар жүзеге асырылып, әлеуметтік-экономикалық ахуал ілгерілеп келеді. Ауданымыз кеше қандай еді, бүгін қандай? Салыстыруға келмесі анық. Ал осы нәтижеге жету жолында қаншама азаматтар тер төгіп, мекеніміздің өніп-өркендеуіне бар ғұмырын арнады. Ауданымыздың тумасы Бекет Төлегенұлы Ахметов Тұмағаңды өмірге әкелген Қазаткомның киелі топырағында туылып, өмірін, қызметін, саналы ғұмырын Еңбекшіқазақ ауданымен байланыстырған жан. 43 жыл түрлі салада еңбек етіп, қатардағы жұмысшыдан басшылық қызметке дейін көтерілген Бекет Төлегенұлы бүгінде аудандық мәслихаттың төрағасы. Ауданымыздың гүлденуіне ғұмырын арнаған ел ағасымен тілдесіп, ауданымыздың тыныс-тіршілігі жайлы аз-кем әңгімелескен едік.

– Құрметті Бекет Төлегенұлы, мәслихат төрағасы болып, ел сенімін арқалағаныңызға аз уақыт болған жоқ. Осы жылдар ішінде өңіріміздегі түйіткілдердің түйінін тарқатуға жетекшілік еттіңіз. Өткенге көз жүгіртіп, қарбаласқа толы жылдарды ой елегінен өткізсек.

– «Алтын адамның» киелі шаңырағы бола білген Еңбекшіқазақ ауданының дариялы жолындағы табыстары мен әрбір жетістігіне негізделген іргелі істердің басы-қасында нәтижелі жұмыс атқарған мәслихаттың әрбір шақырылымының өзіндік ерекше қолтаңбасы бар екендігі сөзсіз.

Еңбекшіқазақ аудандық мәслихаттың алтыншы шақырылым депутаттары 2016 жылы, жетінші шақырылым 2021 жылы өткен сайлауда жасақталғандығын жақсы білесіз. Осы екі шақырылымда мәслихат төрағасы (хатшысы) болып сайланып, жергілікті өкілді органның жұмысына басшылық жасадым. Осы аралықтағы үзіліссіз жүргізілген жұмыстардың арқасында бізге берілген барлық мүмкіндіктерді қажетінше ұтымды пайдалануға тырыстық. Сол кезден бастап жергілікті қауымдастықтармен, аудандық БАҚ өкілдерімен, соның ішінде «Еңбекшіқазақ» газетімен барынша қоян-қолтық жұмыс атқарып, әрбір іс-шарада бірлесе нәтижеге жетуге назар аударған едік.

Сол кезде жаңа бағыттар мен тиімді әдістерді қолдануға бет бұра отырып, мәслихат жұмысының сапасын жақсартуға бағытталған оңды өзгерістерді жүргізу арқылы бірқатар игі нәтижелерге қол жетізілді. Сол нәтижелер бүгінгі таңда Алматы облысы мен аудандардың мәслихаттарында оң тәжірибе ретінде қолданылуда.

Аудандық мәслихат өзінің қызметін жаңа деңгейге көтеру мақсатында жүйелендіру жұмысын жүргізді. Мәслихат отырыстарындағы ашықтық, депутаттар мен тұрғындар арасындағы тығыз байланыс, көшпелі комиссия отырыстары, тұрақты жұмыс тобы – бәрі үлкен ізденіс пен толымды тәжірибенің тоғысуынан туындаған өзгерістер.

Бірінші кезекте, сессияда қаралатын өзекті мәселелерді зерттеу ауқымы кеңейтілді. Ол үшін тұрақты жұмыс тобы құрылып, әрбір елді мекенде нақты проблемалар тұрғындармен, жергілікті қауымдастықпен бірге талқыланып, зерделенді. Кейіннен, әрбір сала бойынша сауалдар жолданды. Сол кезде ұйымдастырылған бірінші талдау жұмысының нәтижесі «Еңбекшіқазақ» газетінің бетінде жарияланып, 500-ден астам мәселе бойынша 50 беттен тұратын сауал жолданған еді. Сол мәселелердің барлығы ауданның даму жоспарына еңгізілді. Бүгін қарап отырсақ, 60 пайыздан астамы өз шешімін тапты.

Екіншіден, әрбір комиссияға тек бір ғана бағытта кешенді түрде жұмыс жасап, сол ауқымдағы салаларды толық қамти отырып, нақты түйіткілді мәселелердің шешімін табуды жолға қою міндеттелді. Әрбір ауылда көшпелі көпшілік отырыс түріндегі тыңдаулар ұйымдастырылып, жергілікті атқарушы органдарға нақты міндеттемелер жүктелді. Сондай-ақ, ауданымыздан сайланған облыстық мәслихат депутаттары өздерінің келісімдері бойынша жаңадан құрылған тұрақты комиссияларға қосымша бақылаушы ретінде енгізілді. Сондықтан да комиссияларда көтерілген әрбір мәселені шешу күрделілігіне қарай проблемалар аудан деңгейінде ғана емес, облыс деңгейінде де депутаттар тарапынан қаралды.

– Жақында ғана сайланған мәслихаттың VІІІ шақырылым депутаттары өз жұмысына кірісіп те кетті. Халық қалаулыларының құрамы да жаңарғаны мәлім. Жаңа депутаттар тың идеяларымен келеді емес пе? Жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.

– Оныңыз рас, мәслихат депутаттарының құрамы жаңарып, түрлі сала өкілдері қамтылды. Сегізінші шақырылымның депутаттары қоғамдық бастамадағы өз өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін ілкімді істердің тамырына бойлап, білек сыбана еңбек ету үшін алғашқы жұмыстарын әрбір ауылдық округ аумағында тұрғындармен өткен кездесулерден бастады. Жұртшылықпен кездесуде өзекті мәселелерді жинақтап, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдады. Бұл жұмыстар жүйелі жалғасатын болады.

Халық қалаулыларының жұмысы алдағы бес жылда жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып әрбір депутаттың сайлауалды бағдарламасында айтылған және тұрғындардан түскен ұсыныстар мен сын-ескертулер негізінде оң нәтижеге қол жеткізуге негізделіп отыр. Сондықтан қазіргі таңда нақты жоспарлы жұмыс атқару үшін депутаттық корпус пен мәслихат аппараты «сайлауалды бағдарламалар» негізінде мәслихаттың даму жоспарын және өзекті мәселелер картасын дайындауда. Бұл жан-жақты ізденіс пен уақытты қажет ететіндігі анық. Бірақ, аталған бағыттағы жұмыстарды бірінші жартыжылдықта аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Жалпы қазір тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнату өте маңызды. Мұны дұрыс түсініп, елмен етене араласа білген мәслихат депутаттары, бұған дейін де өздерінің округтерінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, азаматтарға барынша демеу болып, қызмет етіп жүрген саланың тасын өрге домалатып, бар күш-қайратын ел игілігіне арнап жүрген азаматтар деп нық сеніммен айтуға болады.

Әрине, бүгін сайлана салып, барлық мәселелерді шешіп тастау мүмкін емес нәрсе, оны біз жақсы түсінеміз. Сол үшін ең алдымен тәжірибе керек, депутаттар өз өкілеттіктерін іске асыруда нақты біліктілікті артыруға бағытталған жұмыстарды аппаратпен бірлесе іске асыруда. Сондықтан мен жаңа шақырылымның жұмысы жоғары, әрі көптеген оң нәтижелер мен тың идеяларға толы болады деп сенемін. Ал атқарылған жұмыстардың бағасын халық береді.

– Уақыт тезінен өтіп, сенімнің үдесінен шыққан мәслихат бүгінде үлкен саяси күшке айналды. Тұрғындардың мәселелерін шешуде жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс жасайсыздар. Әкімдік пен мәслихат арасындағы қарым-қатынас қалай қалыптасқан? Келіспей қалатын тұстар болады ма?

– Жаңа шақырылған аудандық мәслихат депутаттарының жұмысының басталуы жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі заңнамадағы өзгерістермен тұспа-тұс келді. Осы тұрғыдан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жергілікті өзін-өзі басқаруға, соның ішінде мәслихаттардың мәртебесін арттыруға көп көңіл бөлуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен мәслихаттарға өңірді дамыту және ондаған жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан жергілікті түйіткілді мәселелерді шешу үшін бірқатар жаңа өкілеттіктерді беру бойынша шаралар қабылдануда.

Сәуір айында өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Президент атап өткендей, атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды. Қажет болса, біз бір-бірімізді толықтырып, қолдап отыруымыз керек. Мұның бәрі мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ел мүддесін ескере отырып шешім қабылдауға жол ашады.

Дегенмен, кей жағдайларда, жергілікті өкілді орган ретінде біздің міндетіміз – халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың жүзеге асырылуын бақылау. Халық пен билік арасын жалғаушы «алтын көпір» өкілдері ретінде тұрғындардың ой-пікірі мен олардың тарапынан көтерілген мәселелердің тиісті назарға ие болып, шешімінің табылуы аса маңызды болғандықтан, біз әрине нақты талап қоямыз және оның орындалуын талап етеміз. Бұған әрбір лауазым иесі түсіністікпен қарауы қажет. Себебі, бүгінгі заман талабы әрқайсымызға орасан зор міндет жүктеп отырғандығы сөзсіз. Бұл – ең алдымен, халықымыз бен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік.

– Аудан орталығы күннен күнге көркейіп, көз алдымызда өзгеріп келеді. «Әттеген-ай» дейтін тұсы – жолдардың сапасыздығы. Бірнеше жыл бұрын ғана жөндеуден өткен жолдар шұрық-тесік болып, жүргізушілердің дегбірін қашыруда. Осы жолдардың сапасын мәслихат бақылауға алады ма?

– Дұрыс айтасыз, мәселенің мән-жайын білу үшін алдымен көргеннен сұра дейді дана халқымыз. Бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – жол инфрақұрылымының жағдайы.

Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында айтылғандай, автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Есіңізде болса, Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздегі автокөлік жолдарының сапасы сын көтермейтіндігін, сонымен қатар, жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны туралы айтқан болатын. Қазіргі уақытта ауданда жалпы автомобиль жолдарының ұзындығы 2555 шақырым. Бюджеттен қомақты қаржы бөлінсе де, жолдар мәселесі әлі шешімін таппай отыр. Соның ішінде жүргізілген жұмыстардың сапасыздығы өзекті мәселеге айналды.

Мысалы, 2022 жылы ауданға 262 км жолды жөндеуге 3,4 млрд теңге бөлінді. Ал биылғы жылы аудандық маңызы бар 133,7 км жолды жөндеуге 2,3 млрд теңге бөлінді. Дегенмен, 2020-2022 жылдары жасалған жолдарды алып қараңыз, бірер жылдың ішінде ойық-шұңқырға айналуда.

Сондықтан, бұл бағытта әрбір жасалынған жолдың сапасын бақылауды депутаттар ғана емес, жергілікті қауымдастық, қоғамдық кеңес қолға алуы керек. Жолдарды салу, қайта құру, жөндеу және күтіп-ұстау, сондай-ақ жол активтерін басқару саласындағы жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптауда талап қоя білуі және бақылауға алуы қажет.

Біз бұған дейін өзіміз танысып, артынша сауал жолдау және жауапты атқарушы органның лауазымды тұлғаларының есептерін қарастырып, сол жерде сын-ескертулерімізді жеткізіп келдік. Алдағы уақытта, арнайы жол сапасын тексеретін тәуелсіз ұйымдар мен мамандарды тарта отырып, қорытындыларына сәйкес тек сын-ескертулерді ғана емес, құзырлы органдардың жауапкершілігін қарастыруға бағытталған шараларды қолға алмақпыз.

– Бүгінгі күннің негізгі мәселесіне тоқталып өтсек. Көктем келісімен аудан шаруалары жанын шүберекке түйіп, суармалы су мәселесімен күресіп, әлекке түседі. Бұл проблема аудандық мәслихаттың күн тәртібінен түскен емес. Нәтиже бар ма?

– Оның рас, жыл сайын вегетациялық кезеңде аймақтар суармалы судың тапшылығын сезініп келеді. Ауыл халқының күн көрісі және ауыл шаруашылығы өндірісі суармалы суға тікелей байланысты. Бұл мәселені біз 2016 жылдан бері күн тәртібінен түсірген емеспіз.

Жыл сайын талдау жасап, ең бірінші шаруалармен кездесу өткізіп, алдын ала дабыл қағып, тиісті жұмыстардың жүргізілуіне бастамашылық жасаудамыз.

Ауданымыздағы аграрлық саладағы басты мәселелердің бірі – егін суының жетіспеушілігі. Оның басты себебі – суару желілерінің тозуы мен істен шығуы. Осы орайда суармалы су жүйелерін қалпына келтіру және жаңғырту мақсатында ПУИД-2 (программа усовершенствование ирригационных и дренажных сетей) бағдарламасы шеңберінде Балтабай ауылдық округінде 5 мың гектар суармалы алқаптарды қамтитын, ұзындығы 67 шақырым, суармалы жүйелердің құрылысы жүргізілуде. Бұған бюджеттен 5,2 млрд теңге бөлінді. Аталған құрылыс жұмыстары жыл аяғына дейін толығымен аяқталып, іске қосылады. Сонымен қатар, ПУИД-3 бағдарламасы аясында Қаратұрық ауылдық округінде ұзындығы 150 шақырым, жалпы 8,5 мың гектар суару жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары жоспарлануда. 

2023-2025 жылдар аралығында суармалы су жүйелерін қайта жаңғырту және жаңарту жұмыстарын 3 кезеңге бөліп жүргізу жоспарлануда.

Биыл 1-кезеңге Шелек, Масақ, Бартоғай, Сөгеті, Малыбай, Асы ауылдық округтің балансында тұрған ұзындығы 425 шақырым, көлемі 20 733 гектар алқаптың суару каналдарын жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама дайындауға 445 млн теңге қаражат бөлінді. Құрылысы 2024-2025 жылдарға жоспарлануда.

2-кезеңге Бәйтерек, Жаңашар, Саймасай, Көктөбе, Ақши, Бәйдібек би, 3-кезеңге Қорам, Қазақстан, Тескенсу, Бөлек, Ташкенсаз, Ават, Рахат ауылдық округтері жоспарланған.

Қазіргі таңда аудандық коммуналдық меншіктегі 17 ауылдық округтерде орналасқан 687 шақырым суару жүйелерін облыстық су шарушылығы басқармасының теңгеріміне өткізіп беруге құжаттар дайын.

– Соңғы жылдары білім беру саласында оң өзгерістер байқалады. Десек те, үшауысымды мектептердің мәселесі жанға батып тұр. Бұл проблема түбегейлі шешіледі ме?

– «Білім – бақтың жібермейтін қазығы» дейді Мұхтар Әуезов. Білімге салынған инвестиция – болашаққа салынған инвестиция. Сондықтан да, білім саласын әрқашан басты назарда ұстап, балаларымызға барынша жайлы оқу жағдайын жасауымыз қажет. 

Бүгінгі таңда, аудандағы мемлекеттік 84 мектептің 49-ның пайдалануға берілгеніне 40 жылдан астам уақыт өткен, 20 мектеп бейімделген ғимаратта орналасқан. 9 елді мекенде мүлдем мектеп жоқ, оның ішінде 5 ауылда мемлекеттік нормативке сәйкес мектеп болуы қажет. Сондай-ақ, 38 мектепке 25 жылдан астам уақыт күрделі жөндеу жүргізілмеген.

Жыл сайынғы демографиялық өсімнің оң көрсеткіші қуанарлық жағдай, дегенмен, ол өз кезегінде үшауысымды мектептердің мәселесін туындатуда. Ол үшін білім беру мекемелерінің ғимаратарының стандартқа сай келуін қамтамасыз ету және материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуы қажет.

Үшаусымды мектептер мәселесін шешу мақсатында  2022 жылы Ташкенсаз және Қазақстан ауылында 2 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бүгінгі күні Есік қаласында 1500 орындық мектептің және Төле би ауылында 450 балаға арналған білім ордасының құрылысы жүргізілуде. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында ауданда 2025 жылға дейін 13 мектеп салынады. Одан бөлек, биыл жеке инвесторлардың есебінен 2 мектептің құрылысы жоспарлануда.

– Аудан аумағындағы саяжайлардың инфрақұрылымын жасау бойынша мәслихат депутаттарына тұрғындардан көптеген арыз-шағымдар түсіп жатады. Осы бойынша депутаттық сауалдар әзірленіп, құзырлы мекемелерге жолданғаны бізге мәлім. Түйіткілді түйіннің оң шешімін табуға мүмкіндік бар ма?

– Саяжайлар инфрақұрылымы бүгінде ауданымызда ғана емес, облысымызда, тіпті республика көлеміндегі ең өзекті мәселеге айналды. Ауыл шаруашылығы жеріне жататын бұл жерлерге инфрақұрылым жүргізіп, тұрғындарға жайлы жағдай жасау үшін қомақты қаражат керек. Ал бюджеттен қаржы бөлу заңға томпақ келеді. Жұмысты саяжайларға елді мекен статусын беруден бастауымыз қажет.

Қазіргі таңда осы мәселені бірнеше мәрте көтеріп, өңір басшысына жеткіздік. Бұл жоғары тұрған өкілетті органдардың құзырында. Осыған байланысты елді мекендердің бас жоспарына өзгерістер енгізу және егжей-тегжейлі пысықтау жобасын әзірлеу мәселелерін де шешу қажет.  Қазір жергілікті атқарушы органдар осы мәселеге қатысты іс-қимыл жоспарын әзірлеп жатыр, депутаттар тарапынан да тиісті ұсыныстар енгізілуде. Бірақ атқарушы билік оған қарап отырған жоқ, заң аясында рұқсат берілген нормаларға сәйкес мектеп, жол, су, жарық сияқты мәселелерді шешуге барынша көңіл бөлінуде.

Саяжайлар мәселесінің оң шешімін табу 135 саяжайы бар Еңбекшіқазақ ауданы үшін аса маңызды. Ондағы саяжай учаскелерінің саны 14 мыңға жетіп жығылады, барлығы 1654 гектар алқапта орналасқан, көбісі Есік өңірінде шоғырланған.

– Денсаулық сақтау саласында да туындап отырған өзекті мәселелер жеткілікті. Әсіресе, ауылдағы ақ халатты абзал жандардың алаңсыз еңбек етуіне толыққанды жағдай жасау қажет. Келісесіз бе?

– Сізбен толықтай келісемін, денсаулық сақтау – қоғамның әлеуметтік өмірінің маңызды саласы. Бұл бағытта азаматтардың сапалы медициналық қызметке қолжетімдігін артыру қашан да өзекті. Мемлекет басшысы атап өткендей, денсаулық сақтау саласында жылдар бойы қордаланған түйіткілдерді бір мезетте шешу мүмкін емес. Дегенмен, аса маңызды, өзекті мәселелерді ретке келтіруге баса мән беріп, нақты жұмыстарды іске асыруға назар аударуға тиіспіз. Ауданымыздағы 70 медициналық мекеменің 39-ы немесе 55,7 пайызы бейімделген және жалға алынған үй-жайларда орналасқан.

2022 жылы Қайназар және Қызылжар ауылдарындағы дәрігерлік амбулаторияларға күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар, 13 блокты модульдік медициналық пунктерін орнату басталды, 7-нің құрылысы аяқталды, ал 2023 жылы қалғаны пайдалануға беріледі.

Қазіргі таңда ауылдарда маман тапшылығы бар. Кадр тапшылығын шешуде «Дипломен ауылға» жобасы бойынша сұранысқа ие мамандар тізімі жинақталып, көтерме жәрдемақы және тұрғын үй алуға мүмкіндіктері қарастырылған.

– Өткенге көз жүгіртсек, қаншама жыл бала тәрбиелеу жолында аянбай тер төгіп, ұстаздық еттіңіз. Бүгінде мемлекеттік қызметтесіз. Қай сала жаныңызға жақын?

– «Ұстаздық – ұлы құрмет. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай қадірлеуге міндеттіміз» деп халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы айтпақшы, мен үшін ұстаздық бәрінен қымбат.

Өткенге көз салсам, жаңадан оқу орнын бітірген жас маман ретінде алғашқы еңбек жолымды білім беру саласынан бастаған едім. Осы өмір мектебінде білімімді, біліктілігімді шыңдап, бар күш-жігерімді арнадым, сол кездегі аға буын ұстаздардан өнеге алып, тәжірибе жинақтадым, бар ғұмырымның ең бір қызықты да қиын сәттері ұстаздықпен сабақтасқанын қуана еске аламын.

Бүгінгі таңда мен тәрбиелеген алдыңғы буын оқушыларымның жасы 50-ден асты. Ұстаз болу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Себебі, мұғалім – мамандық, ал ұстаздық – қасиет. Яғни, ұстаз болу – адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі.

Қай қоғамда болмасын баланы оқыту, оған тəрбие беру – ең ұлы мұрат, ұлағатты іс саналғандығын баршамыз жақсы білеміз. Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтардың білімімен өлшенеді. Ол да болса үйдегі баламызды өз дәуірінің көшінен қалмай, ата-анасының шынайы қол қанаты, туған елінің тарлан азаматы, әлемнің асыл адамзаты қылып өсірсек деген тілектен туған дүние. Бұл тілек – баршамызға ортақ.

– Идеология саласында да ұзақ жылдар қызмет етіп, аудан әкімінің орынбасары болдыңыз. Қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз?

– Мемлекеттік қызметшінің бойында білім мен біліктілік ұштасса, ел жарқын жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындырары сөзсіз. Мемлекеттік қызметте еңбек еткен жылдарымның бағасын халық пен артымнан ерген жастар береді.

Аудан әкімінің орынбасары лауазымында қызмет еткен кезімде идеологиялық жұмыстарға бағытталған іс-шараларды, жоспар-міндеттерімді жоғары, сапалы орындауға бар күш-жігерімді салдым. Қазіргі жастардың сөзімен айтсақ, өз қызметімнің, мақсат-міндеттерімнің «фанаты» болдым. Дегенмен, әттеген-ай дейтін, орындалмай қалған жоспарларым да бар.

Идеология дегеніміз – қолмен ұстап, көзбен көретін нәрсе емес. Мен оны әрдайым айтамын. Ол дәл білім сияқты, «инемен құдық қазғандай» жұмыс. Бір күнде немесе бір сағатта идеология жүзеге асады деу – қате ұғым. Керек десеңіз, оған тіпті ғасырдың өзі аздық етуі мүмкін. Себебі, оның негізі дұрыс қалануы керек, олай болмаса еңбегіңіз еш деген сөз.

Сондықтан бірінші кезекте, өзім басшылық жасаған әлеуметтік салаларды бір арнаға тоғыстырып, олардың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесе жұмыс атқаруына жағдай жасадым. Сол арқылы ортақ іс-шараларды жан-жақты ұйымдастыруға күш жұмсалды. Жастарымызды, тұрғындарды кеңінен қамту үшін спорттық, мәдени, өзге де іс-шараларды ауыл-ауылдарда өткіздік. Футбол, волейбол сияқты спорт түрлерінен әрбір округте командалар жасақталып, федерация құрылды. Айта берсек, атқарылған жұмыстар жетіп-артылады. Оған журналистер қауымы өздеріңіз, аудан жұртшылығы куә. Бір өкініштісі, сол кездегі футбол командалары бүгінде қайта сөніп бара жатқандай көрінеді.

– «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бекер айтпаса керек. Бүгінде баспасөзге жазылу бәсеңдеп қалғаны жасырын емес. Сіздің ойыңызша, бұл идеологияны жүргізуге, жастарды тәрбиелеуге, халықты ақпараттандыруға кері әсерін тигізуі мүмкін бе? Әлде әлеуметтік желілер мерзімді баспасөзді толықтай ауыстыра алады ма?

– Өзіңіз ұлт ұстазының сөзін орынды айтып өттіңіз. Газеттің, оның ішінде мерзімді баспасөздің функциясы ешқашан өзгермейді. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта әлеуметтік желілердің, интернет басылымдардың саны артып, ақпарат таратуда жетекші рөл атқаруда. Оның ішінде өтірік-шыны, өсек-аяңы араласып жүреді. Алысқа бармай-ақ, күні кеше ғана Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатының бір видеосы тарап, жарыс соңы жаппай төбелеске ұласты деген ақпарат тарады әлеуметтік желіде. Кейіннен белгілі болғандай, жарыс соңында ұйымдастырушылар былғары қолғап таратқан. Сол қарбаласты видеоға түсірген бәз-біреулер теріс ақпарат беріп, оқырмандарын адастыруда. Мұндай мысалдарды тізе берсең, шегі жоқ. Ал газет осындай зарттелмеген, анықталмаған ақпаратты оқырман назарына ұсынады ма? Әрине, жоқ. Білгілі бір тақырыптағы сараптамалық мақаланы, тарихи-танымдық материалдарды толыққанды қайдан оқып-білеміз? Әрине, газет беттерінен. Сондықтан, интернет басылымдар мерзімді баспасөздің орнын баса алмайды. Әлемдегі дамыған мемлекеттерді алып қараңызшы. Ғаламтордағы ақпарат тарату жүйесі заңмен реттелсе де, газет пен журналдың орны бөлек. Бізде де сол секілді, өркениетке қадам басып, ақпараттық технология қарыштап дамыса да, баспасөзді көздің қарашығындай сақтауымыз қажет.

Өзіңіз айтқандай, бүгінде баспасөзге жазылу бәсеңдеп, әсіресе, аудандық газеттердің таралымы азайып барады. «Газетке күштеп жаздырып, ұстаздардың мәртебесін түсіріп жатырмыз» деген жаңсақ пікірлер де айтылып жүр соңғы уақытта. Мен бұған түбегейлі қарсымын. Ұстаз болсын, дәрігер, мейлі агроном болсын, әрбір адам өз елінде, облыс пен ауданында, ауылында болып жатқан жаңалықтардан әрдайым хабардар болып, өзін жан-жақты дамытуы керек.

Жоғарыда атағанымдай, идеология саласына жетекшілік етіп жүргенде газетке жазылу қарқынды жүзеге асатын. Біз ешкімді мәжбүрлемедік, тек баспасөздің қоғамдағы рөлін жұртшылыққа түсіндірдік. Өзіңізге мәлім, басқа басылымдарды айтпағанда, ауданымыздың айнасы – «Еңбекшіқазақ» газетінің таралымы 12 мыңнан асып-жығылатын сол кездері. 300 мың тұрғыны бар аудан үшін бұл үлкен көрсеткіш емес, әрине. Тіпті, 20 мың таралымға жеткізу жоспарымызда болған. Өкінішке қарай, қазір бұл көрсеткіш 3 есеге төмендеді. Бұлай жалғаса берсе, тәрбие, идеология құралынан, ақпарат жаршысынан айырылып қаламыз. Біз бұған жол бермеуіміз керек.

– Ұлағат иесі бола жүріп те, мемлекеттік қызметте де талай шәкірт тәрбиелеп, жастарға жөн сілтеп жүрсіз. Бүгінгі жастарға көңіліңіз толады ма?

– «Заманына қарай адамы» деген жақсы сөз бар. Жылдар жылжып, айлар сырғып, күндер өткен сайын заман өзгереді. Тиісінше, адам да заман талабына сай бейімделіп, жетіліп отырады. Бүгінгі жастар осы қағида бойынша ілгері жылжып, заман көшінен қалмай келеді. Біріншіден, жастарымыз – еңбекқор. Екіншіден, білімді әрі талпынысы жоғары. Қай салада болсын жастардың жасап жатқан тың идеялары мені қатты қуантады. Тиісті қолдау мен қажетті жағдай жасалғанда жастар ең белсенді әлеуметтік топтардың біріне айналады және ішкі мемлекеттік саясаттың алдыңғы қатарында тұра алады.

Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханұлының «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген ғибратты сөзі бар. Осы ұстанымды ту етіп, елге қызмет етіп келеміз, одан жаман болмадық, нәтижесіне ел куә. Сондықтан, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген жастарымызға өршіл рухты мінез қажет. Тура жолда алған бетінен қайтпайтын адам ғана мақсатына жетеді. Ал жастардың мақсаты әрі міндеті – ел болашағын жарқын ету.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге мың алғыс. Ауданымыздың дамуы, еліміздің гүлденуі жолындағы еңбегіңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Сардарбек НҰРАДИН.

Оқылды 1578 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…
Сәу 19, 2024

Тазалық – ұлы істердің бастамасы

Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Қасымшалов Дулат Сарсенбекұлы, 1990 жылы 12 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Шелек…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Әлімжан Жасұлан Сәбитұлы, 1992 жылы 8 шілдеде Райымбек ауданында дүниеге келдім. 2014…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Малыбай ауылдық округінің сайлаушылары! Мен, Бектасов Мәди Мәдиярұлы 1982 жылдың…
Сәу 17, 2024

Горнодобывающий сектор – стимул для…

Вольфрам входит в первую десятку редких металлов, незаменимых в современном промышленном…
Сәу 15, 2024

Зоя МАГАМАДОВА, заместитель…

Акцию «Таза Қазақстан» школа имени Толе би проводит с начала апреля. Учащиеся 5-11…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет