Президент Қ.Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында еңбек нарығын цифрландыру, жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын реформалау, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту, тұрғындарды жұмыспен қамтуды арттыруды, жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын қарқынды жүргізуді тапсырған болатын. Тиісінше, тұрғындарды жұмыспен қамтудың оңтайлы бағдарламалары әзірленіп, екі қолға бір күрек тапқандардың саны арта түсті. Осылай деген аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Досжан Сейдахметовпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Досжан Қайратұлы, әлем елдерін тұрақсыздық жайлап, жұмыссыздық белең алған уақытта азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылуы аса маңызды. Осы бағытта жыл басынан бері қандай жұмыстар атқарылды?
– Оныңыз рас, жұмыссыз адамдар санының азаюы – ел экономикасының артуына оң ықпал етеді. Сондықтан, біздің орталық аудан азаматтарын тұрақты жұмысқа орналастыруда жүйелі жұмыс атқарып келеді. Қазіргі таңдағы мәлімет бойынша, жыл басынан бері орталыққа 4674 адам жүгініп, олардың 3095-і жұмыссыз ретінде тіркелді. Бүгінде оларды жұмыспен қамту бойынша ауқымды шаралар жүзеге асуда. Нәтижесінде, ақылы қоғамдық жұмысқа 821 азамат, әлеуметтік жұмыс орындарына 63 адам тартылды. Сонымен қатар, 58 азамат жастар тәжірибесіне, 2 азамат ұрпақтар келісім-шарты бойынша, 59 азамат алғашқы жұмыс орындарына жолдама алды. Ал 363 адам жұмысынан айрылуына байланысты жәрдемақы алады.
– Биылғы жоспарларыңыз қандай? Қанша адамды жұмыспен қамту көзделуде?
– Жоспарларымыз ауқымды. Атап айтар болсақ, 2023 жылы 9811 жұмыс орнын құру жоспарда тұр. Жасыратыны жоқ, осыншама азамттың барлығын тұрақты жұмысқа орналастыру мүмкін емес. Сондықтан, жоғарыда аталған жұмыс орнының 7 765-і тұрақты, 2 858-і уақытша жұмыс.
– Қазіргі уақытта бұл жоспар қаншалықты орындалды?
– Осы күнгі мәлеметке сүйенсек, аудан бойынша 3444 жұмыс орны құрылды. Яғни, жоспар 35,1 пайызға орындалды. Оның 2 294-і тұрақты жұмыс орны және 1 150-і уақытша жұмыс орындары.
– Мемлекет басшысы кәсіпкерлікке қолдау көрсетуді арттыруды айтқан еді. Бұл бағыттағы жұмыстарыңыз қалай жүзеге асуда?
– Иә, кәсіпкерлік – экономиканың негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан бұл саланың дамуына баса назар аударылуда. Бүгінде халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жүзеге іске асып жатқан «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаның» 3 бағыты бойынша қызмет көрсетілуде.
Бірінші бағыт бойынша аудан аумағында орын алған нарықтық жұмыс орындарының қажеттілігіне байланысты бағдарлама қатысушыларын техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау және қысқа мерзімді қайта даярлау курстарында 250 адамды оқыту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жұмыс берушілердің сұрауы бойынша «KazSafetyGarments» оқу орталығына 15 тігінші және Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжіне 18 тігінші, 9 аспаз және 7 кондитер мамандықтары бойынша азаматтар оқуға жіберілді.
Бағдарламаның екінші бағыты ауылдық елді мекендерде жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Осы орайда «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаның» қатысушыларына жаңа бизнес идеяларды іске асыруға ағымдағы жылы 110 азаматқа 400 айлық есептік көрсеткіш (МРП) мөлшерінде мемлекеттік грант беру жоспарланған. Бизнес жоспарларын қорғап, грантқа ие болғандар да бар. 52 үміткер 72 млн 300 мың теңге мемлекет тарапынан қайтарымсыз қаражат алды.
«Бизнес бастау» жобасы шеңберінде биыл 280 азаматты кәсіптік оқытуға жіберу жоспарланып отыр.
Үшінші бағыт халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамытуға негізделген. 2023 жылы ақылы қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру аясында 944 адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, қазіргі таңда 821 азамат жолдама алды. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға 74 азамат жоспарланып, бүгінде 63 адам жолдама алды. Жастар практикасынан өтуге жұмыс берушілердің өтінімдеріне сәйкес жыл соңына дейін ауданның 161 түлегін жұмысқа жіберу жоспарланып отыр, қазіргі уақытта 58 түлек жолдама алды.
– Жұмыспен қамтуға бағытталған, әсіресе, жастарға арналған бағдарламалар өз тиімділігін көрсетіп жатыр ма?
– Әрине, жұмыспен қамту орталығына жүгінген азаматтарды, жастарды жұмысқа орналастыру арнайы бағдарламалар шеңберінде жүзеге асуда. Атап айтар болсақ, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында жыл соңына дейін 102 адамды жұмыспен қамту көзделуде. Бүгінде 59 азамат жұмысқа жолдама алды.
«Ұрпақтар келісім-шарты» жобасы аясында 6 жас маманды жұмысқа орналастыру жоспарланған, 2-еуі жұмысқа орналасты.
– Осы жылдан бастап «Күміс жас» пилоттық жобасы қолға алынғаны бізге мәлім. Жобаға толығырақ тоқталып өтсеңіз.
– «Күміс жас» жобасына қатысушылар – зейнеталды жастағы жұмыссыз адамдар. Бағдарлама аясында зейнеткерлікке шығуға 2 жыл қалған азаматтар уақытша жұмыспен қамтылады. Жобаға қатысушылардың жалақысының жартысын мемлекет, жартысын жұмыс беруші төлейді. Салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы мен банк қызметтерін ескере отырып субсидияның ең жоғары шегі – 30 АЕК, яғни, 91 890 теңге. Экологиялық үстемақы бойынша төлемдер есепке алынбайды. Мысалы, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. Егер де айлығы 200 мың болған жағдайда мемлекеттен 30 АЕК мөлшерінен артық төленбейді. «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Жобаға қатысу мерзімі аяқталған соң, жұмыс беруші зейнет жасына жақындаған адамды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға міндетті.
– Жобаға қатысуға ниет білдірушілер бар ма?
– Пилоттық жобаның жоспары бойынша биыл 200 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда 152 адам түскен өтінімдер бойынша жолдама алып, жұмыстарын атқаруда.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Тілдескен С.НҰРАДИН.