Бір кезде «дала аруы» атанған жүгері дақылына деген сұраныс жыл санап артып келеді. Өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары да жүгері егіс алқаптарын ұлғайтуға басымдық беруде. Соның нәтижесінде сапалы элита тұқымына деген сұраныс туындап, тұқыммен айналысатын шаруашылықтар құрыла бастаған еді. Дей тұрғанмен, елімізде әлі күнге элиталық тұқым өндіретін кәсіпорындар саусақпен санарлық. Соның бірі – ауданымыздағы «Будан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Осыдан жарты жыл ілгері серіктестіктің басшысы болып тағайындалған Нұрлан Сақауловқа жолығып, іргелі кәсіпорынның бүгінгі жағдайы мен болашақ жоспары жайында аз-кем әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Элиталық тұқым кәсіпорны «Будан» ЖШС-і 20 жылдан бері еліміздің тұқым шаруашылығын дамытуға зор үлес қосып келеді. Әуелі, «Будан» ЖШС-нің бүгінгі жағдайы туралы айтып берсеңіз.
– «Будан» жауапкершелігі шектеулі серіктестігі – жүгері және майбұршақ өсіретін арнайы мамандандырылған кәсіпорын. Сондай-ақ еліміздегі элиталық тұқым шаруашылығы статусын иеленген ірі шаруашылық саналады. Біздің қолданып отырған технологияларымыз жүгері мен майбұршақ тұқымдарының тек ішкі нарықта ғана емес, сонымен бірге сыртқы нарықта да бәсекеге қабілеттілігіне кепілдік етеді. Бүгінде тұқымды жүгері сатуда Қазақстан нарығының 60 пайызын алып отырған «Будан» ЖШС-ін жүгері тұқымын өндіретін еліміздегі ірі кәсіпорындардың көшбасшысы дер едім. Шаруашылықта қазір 120 адам тұрақты жұмыс істейді, орташа жалақысы – 150 мың теңге, науқан кезінде жұмысшылар саны 250 адамға жетеді. 120-дан астам арнайы ауыл шаруашылық техникасы бар. Сонымен қоса, шаруашылығымыз заманауи техника және ауыл шаруашылық машиналарымен қамтамасыз етілген тың материалдық-техникалық базасы мен минералды тыңайтқыштар мен және пестицидтерді пайдаланудың ғылыми нормаларына сәйкестендірілген ауылшаруашықтың үдемелі технологиясына ие. 1994 жылы салынып, Американың заманауи құрал-жабдығымен жабдықтылған жүгері дәнін тереңдетіп сұрыптау зауытымыз тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, жеткілікті еңбек ресурстары және білікті мамандарымыз ертеңгі күнге нық сеніммен қарауға негіз бола алады.
– Ендеше, ауылшаруашылық өндірушілері үшін маңызды мәселелерге ойыссақ. Жүгері тұқымының нарығында қалыптасқан және үдемелі бәсекелестік жайында айтып өтсеңіз. Сонымен бірге, тауарларыңыздың бағасы мен нарықтағы сұранысына тоқтала кетсеңіз.
– Ең алдымен, біздің өндірген жүгері будандарымыздың әлемдік нарықта белгілі жүгері өсірушілер сияқты жүгері тұқымдарымен бәсекелестікке жетуі біз үшін үлкен жеңіс. Жүгері өсірушілер негізінен шетелден әкелінген жүгері тұқымдарын сатып алуға тырысады. Қымбатқа сатып алынған тұқымдарын сепкен кезде барлық технологияларды сақтайды. Яғни тыңайтқыштарды 2 есе көп береді. Суарған кезде мұқият қадағалап, 3-4 ретке дейін суарады. Осылайша өнімді көп алуға тырысады. Ал біздің жүгері будандарын өсіруге келгенде арзан тұқым болғандықтан немқұрайлықпен қарайды. Біздің тұқым бағасы нарық талаптарына сай, оның барлық тенденцияларын сақтаған, өндіретін өнімнің сапасы жоғары. Мұның бәрі тұтынушылардың тұқымды оң бағалануына әсер етеді. Атап өту керек, шетелден әкелінген дәл осыңдай тауар әлдеқайда қымбат бағамен сатылады. Біздің шаруашылықта тұқым бағасының өзгеруіне жедел көңіл аударуға бірнеше жеңілдету жүйелері қарастырылған: сатып алған тауардың көлеміне байланысты; белгілі кезек ішінде жалпы сатып алған тауар сомасына байланысты және жаңа тұтынушыларға тартатын жинақтаушы жүйе; қалыпты тапсырыстарға ықпал ететін мезгілдік жүйе дегендей. Сонымен «Будан» ЖШС жүгері тұқымын сатудың жоғары деңгейін қадағалап, өзінің дистрибьюторлық жүйесін дамытып отырады. Дистрибьюторлық жүйенің негізгі бағыттары: біріншіден, ірі және орта тұтынушылармен ұзақ мерзімді қатынасты сақтау; екіншіден, әлеуетті тұтынушылардың үнемдеу нарқының болашағы бар бағыттары бойынша сегментке шығуы. Міне, осындай жүйелі жұмыстардың арқасында біз нарықтағы өз орынымызды бекемдеп келеміз.
– Ауыл шаруашылығы өндірісінің қарқынды өсуі – бұл саланы тиімді бизнес көзіне айналдырып, оған инвестициялық ағымдардың құйылуына септігін тигізеді. Ол үшін әрине өндірілетін өнімнің көлемі мен сапасын арттыру да керек делінеді. Бұл процесс өндіріске инновацияны, ғылымды енгізгенде ғана жүзеге асатыны белгілі. Бұл бағытта қандай іс атқарып жатырсыздар?
– Болашақта өнім көлемін ұлғайту және атқаралып жатқан жұмыс сапасын жақсарту жоспарланып отыр, ол үшін шаруашылыққа инновациялық ғылыми дамуды еңгізудеміз. Атап айтқанда қазіргі күнге «Будан» ЖШС-нің барлық жерлері ғарыш арқылы бақылауға алынған. Біз компьютерден әр бөлімшеге бекітіліп берілген жерлердің, топырағының құнарлығын, жылуын, бүгінгі және ертеңгі күнге болатын ауа райына дейін қадағалап отырмыз. Соған байланысты жер жырту, өңдеу, себу жұмыстарын ұйымдастырамыз. Бұл үшін бізде барлық жағдай жасалған. Еңбек ұжымымыздың алдына қойған негізгі мақсаты – өндірілген өнім сапасын арттыру және тұтынушыларымыз үшін қол жетімді жүгері және майбұршақ сұрыптары мен будандарының ассортиментін ұлғайту. Тұқым сатып алушы үшін сатушының ұсынып отырған бағасы едәуір маңызды. Бұл бағытта біздің кәсіпорын басқаларға қарағанда жеңілдіктер жасап отырады.
– Сіздердегі әр буданның өз ерекшелігі және жылы бар деседі. Одан қалай жоғары өнім алуға болады?
– «Будан» ЖШС 2001 жылдан бері «Земун Поле» Сербия Республикасы жүгері институтымен бірлесе отырып, Қазақстанның әртүрлі агроэкологиялық аймақтарында өсіруге арналған генетикалық потенциалды өнімділігі жоғары жүгері мен майбұршақ дақылдары тұқымдарының бірлескен будандарын өндіру бағдарламасы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл жобаның ғылыми жетекшісі Лазар Койич мырза біздің елімізде 20 жылдан астам уақыт табысты еңбек етіп келеді. Бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылып, нәтежесінде біз өзіміздің селекция мектебі шығарған сапасы өте жоғары жүгері будандары мен майбұршақ сұрыптарын отандық және алыс-жақын шетелдік өндірушелерге ұсынатын жағдайға жеттік. Біздің тұқымдар барлық шаруашылыққа маңызды көрсеткіштері бойынша шетел селекция мектептерінің будан-сұрыптарынан кем түспейді. Бүгінгі күні жүгерінің 24 буданы шығарылды, оның 17-сі будандық тұқым селекциялық жетістіктердің мемлекеттік реестріне енгізіліп, Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат берген. Қалғаны ауыл шаруашылық дақылдарын сұрыптау, тексеру бойынша Мемлекеттік комиссияның бақылауында. Біздің селекционерлеріміз шаруалар үшін танымал Каз-ЗП-200, Марко-419, Тұлпар-539, Арман-689, Скиф-619, Алтын-739, Сұнқар-779, Каз-ЛК-599, Каз-ЛК-650, Каз-ЛК-171 және басқа да будандарды өндіріске енгізді. Бұл будандар Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанда жоғары сұранысқа ие. Дәнді жүгері өсіруші Қазақстан Республикасының оңтүстік және солтүстік, шығыс аймақтарының шаруашылықтары – біздің негізгі тұтынушыларымыз. Түркістан және Жамбыл облысы ауыл шаруашылығында Сұнқар-779, ЗПСК-704, Тұлпар-539, Скиф-619 будандары ірі шаруашылықтарда пайдаланып келеді. Солтүстік, Батыс, Орталық Қазақстан жүгері өсірушелері сүрлемдік Каз-ЛК-171, Каз-ЛК-178, Каз-ЗП-200 жүгері тұқымдарын өсіреді. Жүгері будандарының аталық-аналық тұқымдары жақын күндерге дейін шетел селекциялары Молдавияның ерте пісетін және Сербия орта-кеш пісетін будандарынан өндірілетін. Тұқымдарды өте жоғары бағаға сатып алуға тура келетін және біз шетелдік тұқым өндірушілерге толықтай тәуелді болып келдік. Осындай күрделі мәселені шешу мақсатында отандық селекция бағдарламасын ұтымды жүзеге асыру нәтіжесінде 2006 жылдан бастап шетел будандарының орнын өз елімізде аудандастырылған буданды тұқымдарымызбен толықтай алмастыруға қол жеткіздік.
– Сарапшылар биыл ауыл шаруашылығы үшін өте табысты болмақ деседі. Өйткені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 1 триллион қаражат бөлуді тапсырды. Сіздерге де үкімет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатқан болар.
– «Будан» ЖШС тұқымдарының сатылуына әртүрлі мемлекеттік субсидиялар берілуде. Атап айтқанда арзандатылған минералды тыңайтқыштар, улы химикаттарға субсидияға және жанар-жағармай, болашағы бар дақылдар үшін бөлінетін субсидиялар оң әсерін тигізіп отыр. Сол сияқты лизингке жеңілдетілген ауыл шаруашылық техникаларын алуға мүмкіншіліктер берілген.
– Кәсіби маман ретінде еліміздің жүгері шаруашылығындағы өзекті мәселелерді де тілге тиек ете кетсеңіз.
– Ауыл шаруашылығында өзекті мәселелердің бірі ауыл шаруашылық саласында мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарының шаруашылықпен тікелей байланыс жасамауында. Атап айтқанда, оқу тәжірибе өткізу үшін тікелей шаруашылыққа жібермейді. Соның әсерінен тұқымдық шаруашылықта мамандар жетіспейді.
– Сұқбат соңында еңбек жолыңызды қысқаша баяндап өтсеңіз?
– 2003 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Политехникалық Университетін «Экономика және есептеу техникасы» факультетін бітірдім. 2003-2006 жылдары Қостанай облысында, «Қостанай ЭлектроСеть» компаниясында экономист болып істедім. 2006-2014 жылдары Қостанай облысында «Зерновая Индустрия» холдинг компаниясында қаржы директоры және аналитик қызметерін атқардым. Өткен жылдың соңынан бері осы «Будан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры қызметін атқарып келемін.
– Сұқбатыңызға рахмет!
Тілдескен Е.АСЫЛ.