Бейсенбі, 12 Желтоқсан 2019 14:32

Экология мен технологияның қабыса дамуының кепілі

Адамзат тарихы басталғалы бері адам мен табиғат арасында ерекше бір күрес болып жатыр. Әрине, бұл күрес табиғаттың адамға қарсы күресі емес, керісінше адамның табиғатқа қарсы күресі. Ең алғаш терімшілік пен аңшылыққа негізделген адамзат қоғамы табиғатты Құдай көріп, оның алдында өздерін тым әлсіз сезінетін. Есесіне бізден гөрі табиғатпен етене байланысып, жақсы түсінісе алатын. Яғни, бұл дегеніміз ана мен баланың ортасындағы қатынас секілді еді. Кейіндеп ғылым мен өндірістің дамуына байланысты адамда табиғаттан тәуелсіз өмір сүре бастады. Кешегі табиғаттың алдында өзін сәби секілді сезінетін адамдар енді санасы өскен соң еркелік көрсетіп, табиғатқа қарсы шолжаңдық таныта бастады. Осылайша табиғатты өз дегеніне бағындыруға тырысты. Ал машиналасу дәуірінің басталуы адамның табиғатқа қарсы күресін одан әрі ушықтырып, еркелігі есерлікке айналды. Атақ пен байлықты мақсат тұтқан қоғам орнап, табиғаттың бойына жасырған қазынасын аямай-ақ тонады. Ормандарын отады, жан-жануарларын қырып-жойды, қазба байлықтарынан да мейлінше игіліктенді. Есесіне, Табиғат-ананың жарасы асқынып, оның қоқыстармен, қалдықтармен, зиянды газдармен ластануына алып келді. Мұның арты табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы мен оның долы күштерінің оянуына түрткі болды. Енді ғана есін жиған адамдар санасы өсіп, ғылымы мен техникасы қаншалықты дамыса да табиғаттың алдында бәрібір әлсіз екенін түсінгендей. Осы жағдай өз өркениеттерінің жеткен жетістіктерін одан әрі дамытып, сонымен бірге, табиғатқа залал келтірмеудің жолын іздестіруге себепші фактор еді. Сондықтан бүгінде экология мәселесі әлемдік маңызға ие болып, қоршаған ортаның балансын сақтау үшін ауқымды жобалар мен бағдарламалар қабылданды. Ал бұл әлемдік мәселеден Қазақстан Республикасы да шет қала алмайтыны түсінікті. Осы орайда елімізде арнайы басымдық беріліп, экология мен технологияның қабыса дамуына септігін тигізетін «Жасыл даму» бағдарламасы қабылданған болатын.

«Жасыл даму» бағдарламасының негізгі міндеті – қоршаған ортаның сапасын жақсарту және қалпына келтіру мен сақтау  бойынша жағдай жасау болып табылады. Бағдарлама ресурс-тарды пайдалану мен экономикалық өсудiң экологиялық салдары арасындағы тәуелдiлiктi жоюды көздейтiн «жасыл экономика» прогрессивтi қағидатын пайдалануға бағдарланған. Мұнда халықаралық қатынастарды, қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалануды ғылыми қамтамасыз етудi дамыту жөнiндегi iс-шаралар, қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң жүйелерi, экологиялық бiлiм беру, ағарту және халықты хабардар етуiн арттыру мәселелерi айқындалды. Бағдарлама салааралық сипатта және парниктiк газдар шығарындыларын, атмосфералық ауаның ластануын, экологиялық апат аймақтарын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, өндiрiс және тұтыну қалдықтарын, су ресурстарын, көгалдандыруды және басқаларын қоса алғанда, көптеген мәселелердi кешендi түрде шешуге ықпал ететiн болады.

Бағдарламаның ең бірінші мақсаты – парниктік газдар шығындыларын қысқарту. Қазақстан Республикасында парниктiк газдардың шығарындылары 1992 жылы көмірқышқыл газының шығындысы 310 миллион тоннаға жетсе, 2008 жылы 240 миллион тоннаны құраған. Көмiртегi диоксидi шығарындыларының көлемiнде ең көп үлес энергетикаға тиесiлi. Ал энергия тасығыштар арасынан көмiр мен мұнай, көмірсутекті газдарды атауға болады. Бұл ретте парниктік газдарды шығаруда көмiрдiң үлесi жоғары қарқынмен өсетiнiн көрсетiп отыр. 2010 жылға энергетикалық отындарды жағудан түзiлетiн шығарындылардың жалпы көлемi 63% болса, 2020 жылы 66%-ға жететіні анықталған. Қазақстан экономикасының көпшiлiгi энергияны қажетсiнуiмен ерекшеленедi. Елде энергия ресурстарын пайдалану тиiмдiлiгiн арттыратын iс-шараларды орындау үшiн орасан техникалық резервтер бар. Қазiргi уақытта тұтынылатын энергияның үштен екісінен астамы оны пайдалану үдерiсiнде жоғалады. Бүгінгі заманғы технологиялардың даму деңгейi энергия ресурстарын пайдалы қолданудың кемiнде 50-60% коэффициентiне қол жеткiзуге мүмкiндiк бередi.

Екінші мақсат – атмосфералық ауаның ластануының алдын алу. Атмосфералық ауаның ластануы халықтың денсаулығына терiс әсер ететiн әрі қоршаған ортаға ықпал етуші жетекшi факторлардың бiр болып қалуда. Атмосфералық ауаға жылу энергетикасы мен мұнай-газ секторы, кен өндiру мен тау-кен өндiру саласы, қара және түстi металлургия неғұрлым терiс әсер етедi. Қазақстанның өнеркәсiп кәсiпорындарының атмосфераға шығарындылары жылына шамамен үш миллион тоннаны құрайды. Оның iшiнде 85%-ы 43 iрi кәсiпорынға тиесiлi. Елдiң атмосферасында улы қалдықтардың елеулi үлесi пайда болуының 10%-ы шикi мұнай мен iлеспе газ өндiру саласында жұмыс iстейтiн кәсiпорындарға байланысты. Ауаны автомобиль көлiгiмен ластау көлемi неғұрлым қауiп төндiруде. Бұл республика аумағында автокөлiк құралдары санының қарқынды өсуiнен көрінеді. Аталған мәселе республиканың iрi қалалары үшiн аса өзектi, мұнда автокөлiктiң әуе бассейнiн ластаудағы үлесi жалпықалалық шығарындылардың 60%-на жетеді немесе одан жоғарыға болуы мүмкін.

Бағдарламадағы тағы бір ескерер жайт, су ресурстарының ластануына жол бермеу. Елімізде ластану дәрежесi жоғары және ағындарының аумақтың бөлiнуi тең еместiгiмен сипатталатын өзiндiк шектелген су ресурстары бар. барлық жерасты тұщы суларының шамамен тек 12% көлемiнде ғана пайдаланылады. Жыл сайын таза суды тұтыну, суды тасымалдау кезiндегi шығындар артуда. Сонымен қатар, тазартылмаған немесе жеткiлiктi түрде тазартылмаған ағынды суларды су айдындарына ағызу көлемi ұлғаюда. Бұл ретте ауыл шаруашылығы мен өнеркәсiп орындары негiзгi су тұтынушылар болып табылады. Жер үстi суларының ластануы, қоқысқа толуы мен сарқылу үдерiсi жалғасуда. Бүгінгі күнде халықтың сапалы ауыз суға қол жеткiзуi бұрынғыдай өткiр мәселе ретінде қалып отыр.

Өндiрiс және тұтыну қалдықтарын өңдеу де бағдарламадағы басым экологиялық бағыттардың бiрi болып табылады. 2009 жылы елде 669,3 миллион тонна қалдық жиналды. Оның iшiнде 665,6 миллион тонна өндiрiстiк қалдық, 6 миллион тонна тұрмыстық жиналған. Яғни, елдiң бip тұрғынының үлесiне орта есеппен 1,4 мың тонна өнеркәсiптiк және тұрмыстық қалдықтан келеді. 2010 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша республика аумағында 43 миллиард тоннадан астам өндiрiстiк қалдық бар, оның 587,8 миллион тоннасы улы қалдықтар. Қалдықтарды жинау мен шығару жөнiнде жеткiлiктi инфрақұрылымның болмауы елдi мекендерде көптеп қоқыстардың пайда болуына және оларды жою үшiн жыл сайын жергiлiктi бюджеттен қаражат шығындарының артуына себеп болып отыр. Қазақстандағы коммуналдық қалдықтардың негiзгi бөлiгi фракцияларға бөлiнбестен, ашық қоқыс жинау орындарына шығарылады және сақталады. Бұл топырақтың, жер асты және жер үстi суларының, атмосфералық ауаның ластануына алып келедi. Кеңес Одағы кезеңiнде қалыптасқан тарихи ластанулар мәселесi де Қазақстан үшiн өткiр мәселе болып тұр. Әскери мақсаттағы объектiлердi, тау-металлургиялық кешені кәсiпорындарын ұзақ уақыт пайдалану салдарынан елдiң едәуiр аумағы адам мен өзге де биологиялық объектiлер үшiн қауiптi концентрациядағы радиоактивтi, биологиялық және химиялық заттармен ластанған.

Бағдарламадағы қамтылған аса қауіпті экологиялық мәселелердің бірі климаттың өзгеруiнiң экологиялық жүйелерге әсерi. Қазiргi таңда ел аумағында орташа температура деңгейiнiң орташа есеппен 100 жылда 1,8 градусқа көтерiлуiне байланысты климаттың өзгеру проблемасы Қазақстан үшiн өзектi болып отыр. Климаттың өзгеруi биоәртүрлiлiкке әсер етедi. Қазақстан аумағының басым бөлiгi шөл және шөлейттi ландшафттық аймақтар болғандықтан, олардың экожүйелерi, оның iшiнде ауыл және су шаруашылығы климаттық жағдайлардың өзгеруiнiң байқалатын аномалияға қауқарсыз болып отыр. Климаттық өзгеруi нәтижесiнде ылғалдану аймақтарының шекарасы солтүстiкке қарай ығысуы мүмкiн, ендеше өңiрлерде ылғалдану жағдайының нашарлауын күтуге болады. 1955 жылдан бастап Iле Алатауының солтүстiк бөктерiнде мұздықтардың ауданы 40,8%-ға қысқарғаны байқалады. Климаттың өзгеруi барысында туындайтын болжамдарды есепке алсақ жақын болашақта мұздықтардың қарқынды еруi жалғасуы мүмкiн. Мұз басқан аудандардың азаюы тау өзендерiндегі су режимiнiң өзгеруiне алып келедi. Бұл ретте Iле Алатауының солтүстiк бөктерiнiң ағынды сулары шамамен 16%-ға төмендейдi.

Аталған мәселелерді тұтастай алғанда қоршаған орта ластануының экологиялық жүйелер мен халық денсаулығына терiс әсерiн айтарлықтай төмендету әзiрге қолдан келмей тұр. Парниктiк газдар шығарындылары, атмосфералық ауаның ластануы, су ресурстарының ластануы, өндiрiс және тұтыну қалдықтарының жиналуы, биологиялық әр алуандықты ұтымды пайдаланбау Қазақстанда әлi де шешімін таппаған мәселе ретінде қалуда. Осы уақытқа дейiн Қазақстанның сыртқы су ресурстарының көлемi мен сапасына тәуелдiлiгi тағы бар. Яғни, елдiң бiрқатар су бассейндерiнiң тұрақтылығына айтарлықтай қауiп төнуде. Сонымен бірге, шекаралас елдермен су-экологиялық және су-энергетикалық проблемалар реттелмеген күйiнде қалып отыр. Суға тәуелдiлiк елдiң азық-түлiк қауiпсiздiгiне де, экологиялық қауiпсiздiгiне де қатер төндiретіні анық.

Енді осы аталған мәселелердің алдын алу үшін де бірнеше жоба қарастырылған. Ең алдымен, қалдықтарды өңдеу. Бұл қоршаған ортаның тазалығына әсер етіп, ластануына жол бермеумен қатар, экономикалық тиімділігі де жоғары. Яғни, ысырапшылдыққа жол бермейді. Бұл елімізде ғана емес, барша әлемде қолға алынған үрдіс. Көбі бізден әлдеқайда алысқа кетіп, алға озып кетті. Қалай десекте бұл жобаның бізге берер пайдасы зор болмақ.

Екіншіден, «жасыл энергия» бағдарламасы аясында дәстүрлі энергия көздеріне деген тәуелділіктен арылып, баламалы энергия көздеріне көшу. Бұған күн , жел, кіші өзендер, тасқындар, толқындар, биомасса, геотермалық энергия көздері жатады. Дегенмен жақын аралықта дәстүрлі энергия көздерінен қол үзе алмасымыз анық. Оның себебі баламалы энергия көздерін пайдалану үлкен шығынды талап етеді. Деседе болашақ үшін баламалы энергия көздерін пайдаланудың мүмкіндігі зор. Өйткені осы арқылы экологияға теріс әсер етпей, табиғи тепе-теңдікті сақтауға болады. Әрі дәстүрлі энергия көздері де күн өткен сайын сарқылуда.

Үшіншіден, орман шаруашылығы және елдiмекендердi көгалдандыру саласын дамыту. Жасыл ормандар мен шөптер ең алдымен оттегінің қайнар көзі әрі көмірқышқыл газы мен шаң-тозаңды сіңіруші. Ал оттегі дегеніміз біздің тіршілігіміздің негізі. Тыныс алу өмір сүрудің синонимі екені тағы бар. Сондықтан жердің «өкпесі» атанған ормандар мен жасыл өсімдіктерді көбейтуге ең алдымен өзіміз мүдделіміз.

Төртіншіден жануарлар дүниесін көбейту. Қазақстан аумағында омыртқалы жануарлардың 835 түрi мекендейдi.  Оның iшiнде: сүтқоректiлер – 178, құстар – 489 (оның iшiнде 396 осында ұя салады, қалғандары қыста ұшып келедi немесе көктем мен күзде ұшып өтедi), бауырымен жорғалаушылар – 49, қос мекендiлер – 12, балықтар – 104, домалақ ауыздылар – 3. Он сегіз мың ғаламда сан түрлі тіршілік иелері болса да, олардың артық жаратылғаны жоқ. Тіптен көбіміз ұната бермейтін шыбынекеш шыбынның да табиғатта атқарар өз рөлі мен миссиясы бар. Адамдардың тойымсыздығы мен шексіз озбырлығының аяғынан бүгінге дейін талай жан-жануарды «Қара кітапқа» жазып, мәңгілікке көз жазып қалдық. Оларды қазір тек суреттер мен музейлерден ғана көре аламыз. Ал «Қызыл кітапқа» енгендері де аз емес. Олар жойылып кетпесе де жойылудың аз-ақ алдында тұр.

Бесіншіден, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру. Бүгінде қазақ жерінде Ақсу-Жабағылы, Алматы, Наурызым, Барсакелмес, Қорғалжын, Марқакөл, Үстірт, Батыс Алтай, Алакөл, Қаратау секілді 10 қорық және 80 қорықша мен 5 ұлттық саябақтар бар. Мұнда сан түрлі жан-жануарлар мен өсімдіктер қорғауға алынған.

Қорыта келгенде, «Жасыл даму» болашағымыз үшін жасалған бағдарлама. Бірақ ол бізге емес, біз оған тәуелдіміз. Өйткені табиғатпен санаспау, оны өзіңе бағындыруға тырысудың соңы не болатынын Табиғат-ана қаһарлы дауысымен талай ескерткені есімізде. Және оның ашуын басу да оңай шаруа емес. Кейде осыған қарап әлемді билеуге құмартып жүрген адамзаттың табиғат алдында сонша қауқарсыз екенін түсінгендейсің. Сондықтан қоршаған ортаға көңіл бөліп, оған қамқорлық таныту, ең алдымен, өзіміз үшін керек екенін ескеруіміз керек. Сонда ғана болашағымыз нұрлы, өміріміз қауіпсіз болмақ.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ.

Оқылды 1767 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет