Дүйсенбі, 20 Қаңтар 2020 17:24

Қанат Теңгелбайұлы, «Иманды жастар» еріктілер тобының жетекшісі: Бұл күйді кешіп көрмей, білмейсіз

 

– Еріктілер тобын құруға не түрткі болды?

– Мектеп бітіретін кезде ютуб желісінен Ардақ Назаровтың: «Егер шынымен лидер болсаң, достарыңды жина да, жетімдер үйіне, қарттар үйіне барып, көмектес. Жақсылық жаса!» деген сөздерін естідім. Бұл бірауыз сөз маған қатты әсер етті. Дәл сол уақытта жақсылық жасауға кірісіп кетпесем де, үнемі ойымда жүрді. Күзде оқуға түстім. Алматы – мүмкіндіктер қаласы ғой. Бірінші кезекте «Жақсылықта жарысайық» еріктілер тобына қосылдым. Сонда жүріп, қайырымдылық жұмыстарына белсене араластым. Жалпы, қайырымдылық шараларын ұйымдастырудың қыр-сырын жан-жақты меңгеруге тырыстым. Жәрмеңке қалай өткізіледі, шынымен мұқтаж жандардың жай-күйі қалай тексеріледі, кімге қалай көмектесуге болады, топ мүшелерімен жұмыс жасау, тағысын тағы. Мендегі мақсат – мұны зерттеп-біліп, Есікке алып келу болды. Айналасындағыларға көмек қолын созатын, бойына жақсы әдет қалыптастырған, өздерін дамытуға құштар жастардың керемет ортасын өз қаламда қалыптастыруды ойладым. Осы ойымды достарым мен таныстарыма, жан-жағымдағылардың бәріне үнемі айтып жүрдім. Осылайша, 2019 жылы 9 сәуірде «Иманды жастар» еріктілер тобын құрдық. Топтағы қыздардың жетекшісі – Динара Сейілханова, ал мен ­– ұлдардың жетекшісімін.

– Топтың атына тоқталып өтсеңіз...

– Мәшһүр Жүсіп атамыз «Ер жігіттің бойында бес қасиет болады: біріншісі – имандылық, екіншісі – сабыр, үшіншісі – ақыл, төртіншісі – тәубе мен шүкір, бесіншісі – көркем мінез» деген екен. Егер жүрегіңде иманың болса, өтірік айтпайсың, біреудің ақысын жемейсің, көптеген зиянды әдеттерден аулақ боласың, тек жақсылыққа ұмтыласың ғой. Сол себепті біз топтың атын «Иманды жастар» деп атауды жөн көрдік.

– Топтарыңыздың ең бірінші жасаған қайырымдылық шарасы қандай болды?

– 30 бала асырап алған Нұрым аға мен Роза апайдың үйіне бардық. Сол кісілердің балаларына шағын концерт қойып, сыйлық жасадық, дастархан жайдық. Балалармен ойнап, көңілдерін көтердік. 30 шақты ерікті келген болатын, сол жерде бір-бірімізбен танысып, керемет кездесу болды. Одан кейін еріктілер жиналып, Есік қаласының орталығындағы мешітке тазалық жұмыстарын жүргіздік. Ауызашар ұйымдастырып, қадір түнінде мешіттерде интеллектуалдық ойындар өткіздік. Сол күні жәрмеңке жасап, одан түскен қаражатқа үш отбасына азық-түлік алдық. Осылай қайырымдылық шаралары бірінен соң бірі жалғасып кете берді.

– Қаражатты қайдан аласыздар?

– Негізінен, жәрмеңке өткіземіз. Және топтағы еріктілер айына 500-1000 теңгеден өзіміз жинаймыз. Тобымызда 14-23 жас аралығындағы жастар. Мектеп оқушылары, көбі – студенттер. Сондықтан ақша бәрінде бірдей бола бермейді. Сондай-ақ 10 мың, 30 мың теңгені бірден беретін қайырымды жандар да бар.

– Ондай жомарт жандар көп пе?

– Аллаға шүкір, бар. Бірақ көп емес.

– Ал өздеріңіздің жағдайы жақсы азаматтардан, мықты кәсіпкерлерден қайырымдылыққа қаржы сұраған кездеріңіз болды ма?

– Болды, бір-екі рет. Бірақ бізді көп ешкім танымайтындықтан, сене бермейді ғой. Қазір ақырындап танылып келе жатқандықтан, жаңа жобаларды қолға алмақпыз. Жоспарымыз көп. Ауданымыздағы кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс істеуді ойластырып отырмыз. Әлеуметтік желілерде оларға жарнама жасап, қайырымдылыққа тартқымыз келеді. Арман-мақсатымыз көп.

– Ауданымызда көмекке мұқтаж жандар көп пе?

– Көп. Азық-түлік, баспана, көбі дәрі-дәрмекке мұқтаж. Науқас жандарға операцияға ақша жинадық.

– Нақты мысал келтірсеңіз...

– «Атрезия хоан» диагнозы қойылған кішкентай қыздың еміне қаражат жинап, «Үміт күткен періште» деген атпен қайырымдылық кешін ұйымдастырдық. Жәрмеңке өткіздік. Бас-аяғын қосқанда 1 млн. теңгеге жуық ақша жиналды. Бұл – әзірше біз ұйымдастырған ауқымды шара.

– Жиналған қаржы – халықтікі. Яғни қайырымды жандардың жинап бергені. Осы орайда сіздер халыққа қандай да бір есеп бересіздер ме?

– Әрине. Ақшаны халықтың көзінше мұқтаж адамға тапсырамыз. Сондай-ақ инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшамызда (@imandy.zhastar) үнемі есеп беріп отырамыз. Жақында «Жүз игі іс» атты шара ұйымдастырдық. Тобымызды 5 топқа бөліп, әрқайсысына жетекші тағайындадық та, әр топ бір айда, кемінде, он игі іс жасауы керек деген тапсырма қойдық. Бұл жобамыз өте керемет өтті. Әр топ бір-бірімен жарысып, игі істер атқарды. Жақсылық жасап жарыстық. Мұнда мәселе ақшада емес. Көмектессем деген ниет болса, жеткілікті. Жоба барысында әркім қолынан келгенінше көмегің тигізуге тырысты. Біріміз жол жиегінде қар тазалап жүрген жандарға көмектессек, енді біріміз күннің суығында далада жұмыс істейтіндерге ыстық шайы мен бауырсағын апарып қуанттық. Алматыдағы «Ықылас» қайырымдылық қорымен бірігіп, Алматы орталық мешітінде және Есік қаласында жәрмеңке өткізіп, одан түскен қаржыға 20 отбасына азық-түлік алдық. Жағдайы төмен жандардың үйіне көмір түсіріп бергендер де болды. Кедей отбасынан шыққан балаларға Алматыны аралатып, ойын-сауық орталығына апарған топ та бар. Қарттардың үй-жайын тазалап көмектескен еріктілер де болды. Мұның бәрі – қайырымдылық. Қайырымдылықтың үлкен-кішісі болмайды. Осы жобадан кейін тобымызбен жиналып, атқарған істеріміздің есебін бірге тыңдап-көріп, топ мүшелерін марапаттадық. Алдағы уақытта да осы жобаны жалғастырамыз деп шештік. Қазіргі уақытта Есік орталық мешітінің жанынан салынып жатқан әйелдер медресесінің құрылысына қаржы жинап жатырмыз. Осы орайда жәрмеңке өткізіп, оны ары қарай жалғастыруды қайырымдылық қорлары, еріктілер топтары мен кәсіпкерлерге эстафета ретінде жолдап отырмыз. Осылайша олар да медресенің салынуына өз үлестерін қосады.

– Еріктілер тобын құру оңай ма?

– Сырттан оңай болып көрінер, бірақ қиындығы да жоқ емес. Қайырымдылық шараларын ұйымдастыру кезіндегі ары-бері шапқылау былай тұрсын, топтың ауызбіршілікте, ұйымдасып жұмыс істеуі үшін де бәріміздің күш салуымыз керек. Өйткені топтағы жүз баланың жүз түрлі мінезі бар. Кейде бір-бірін түсінбей қалатын кездер де болады. Балалардың отбасында, сабағында немесе өз араларында қандай да бір қиындық туындап жатады. Соны өршітіп жібермей, қадағалап отыру – топ жетекшілерінің міндеті. Кейде «Осының бәрінің керегі не маған? Несіне жүгіріп жүрмін?» деп ойлап, бәрін тастап кеткім келеді. Бірақ қайырымдылық шарасын өткізіп, мұқтаж жанның қуанышын көргенде екіншісіне қалай кірісіп кеткеніңді байқамай қаласың. Алғысын айтып, арқаңнан қаққанда тағы біреуге қалай көмектессем деп тұрасың. Бұл әсерді өз бойыңнан өткізіп көру керек. Әйтпесе, менің сондай керемет сезіммен айтып отырғаным сізге әсер етпеуі де мүмкін. Ол күйді жақсылық жасағандар ғана түсінеді.

– Арман-мақсаттарыңыз қандай?

– Жасым да кіші, тәжірибем де аз, көргенім де шамалы. Бәрі уақытпен келеді ғой. Алда үлкен жобаларды қолға алсам деймін, үлкен қайырымдылық қорын құруды, мешіт, медресе салуды, барлық адам тегін кіретін спорт кешендерін ашуды армандаймын. Мақсат етемін. Өзіміздің кеңсемізді ашып, теолог, психолог мамандарды жұмысқа алғым келеді. Өйткені қазір ажырасулар көп. Соның салдарынан жетім мен жесір көп. Психологтар, теологтар ерлі-зайыптылардың екі жаққа кетуінен қандай қиындықтардың туындайтынын түсіндірсе. Алдына келген адамға рухани азық беріп, жігерлендірсе. Олардың құр жатпай, өздерін қолға алуларына түрткі болар еді. Рухани бай адам сынып кетпейді. Қалай да тырмысады ғой. Сондай-ақ «Бере бер, тағы да бер» деуден ұялмайтын адамдар бар. Біздің мамандар сондай өтірік мұқтаж болатын жандармен жұмыс істесе деймін. «Балық берме, қармақ бер» дегендей, мамандарымыз адамдардың жан дүниесін түсініп, оларға жол сілтесе. Ауданымыздағы кәсіпкерлермен байланыста болып, мұқтаж жандарға жұмыс орындарын тауып берсек. Менде мұндай мақсат көп.

– Мақсаттарыңызға жетіңіз!

Сұқбаттасқан

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Оқылды 4158 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет