Жұма, 13 Мамыр 2016 15:03

Патриоттық Акт – Мәңгілік Ел тұғыры

«Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт. «Мәңгілік Елге» апаратын басты құндылықтар міне, осылар» – деді Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХІV сессиясында. Осыған орай жақында ел қалаулылары Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Асылы Осман, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, жерлесіміз Зағипа Балиева ауданға ат басын бұрды. Жұртпен емен-жарқын жүздесті, сессияда қабылданған патриоттық актіні жан-жақты түсіндірді. Кейіннен аудан әкімдігінің мәжіліс залында кеңейтілген отырыс өткізді. Оған аудан атқамінерлері, халық қалаулылары, ақсақалдар алқасы, әйелдер кеңесі, ҮЕҰ төрағалары қатысты. Келелі кездесуді аудан әкімі Бинәлі Ысқақ жүргізіп отырды.

 

Мәңгілік Елдің жеті тұғырын нығайтуға бағытталған патриоттық акт өзегі қарапайым: әрқайсымыз үшін ең қымбат ақиқаттар – отбасымыздың амандығы, қонақжайлық және еңбексүйгіштік, тұрақтылық, қауіпсіздік және бірлік, жарқын күнге деген риясыз сенім. Яки, қастерлі құндылықтарымызды сақтай отырып, қуатымызды еселеу.

Қазақ қызына тән ерекше ілтипатпен Зағипа Яхянқызы алғашқы сөз тізгінін өзінен бұрып, Асылы Әлиқызына берді. Қазақ тілінің жілігін шаққан әзербайжан анамыз ә дегеннен: – Қазақтың аталысынан аталы сөз тыңдап, баталысынан бата алған жанмын. Отауы бөлек, Отаны бір менің сүйікті елімнің ең өзекті жандары армысыздар! Көкте құдайға, жерде қазағыма ризамын! Елімізде болып жатқан сан түрлі жағымды жаңалықтар қазақ деген Тәуелсіз ел болғанның арқасында. Ол тәуелсіздікті ата-бабамыз сонау Керей хан менен, Жәнібек ханнан бастап 300 жыл армандаған арманға біздер жетіп отырмыз. Сондықтан әрбір қимылымыз, әрбір ісіміз Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналады. Осы мерейлі дата құтты болсын! – деп бір қайырды.  Отырған жұрт тоқтаусыз қошемет көрсетті. Сәл кідірістен кейін:

– Ассамблеяның өзегі – қазақ халқы. Себебі, қазақ болмаса мен де мұнда сайрап отырмас едім. Одан кейін басқалар да адам болып қатарға қосылмас еді. Сондықтан қазақ айтқан

«Жақсылықты ұмытпа шаттық үшін,

Жамандықты ұмытпа сақтық үшін».

Өз басым еш уақытта жақсылықты ұмытпаймын. Сонау 1989 жылы «Қазақ халқына мәңгі қарыздармын» деп мақала жазғанмын. Қазір де айтамын, елімді мен сүйемін, оның ағынды өзен, айдын көл, асқар тау, жерін де мен сүйемін.  Мен оның қасиетті, киелі тілін сүйем, мен оның әуезді үнін сүйем, мен оның құдіретті сөзін сүйем. Қазақстан, Қазақстан – мен үшін бәрінен биік екен, мен оны мәңгілікке сүйіп өтем. Оны сүймеу мен үшін күнә!

Мен қазақ елін ешбір елмен де, ешбір жермен де салыстырғым келмейді. баяғыда Мағжан айтқан: Тұрандай жер жоқ, түркідей ел жоқ». Мен айтамын: Қазақстандай жер жоқ,қазақтай ел жоқ. Қазағым аман болсын.

Әркімнің тілі өзі үшін керек, мемлекеттік тілі бәріміздің басымызды біріктіру үшін керек. Әлемде ең басты тіл араб тілі болса, әуезді тіл – парсы тілі, ең өнерлі тіл – түріктің тілі, ал түріктің ішіндегі ең байы әрі ең сом сақталғаны да, ең әуездісі де, ең мәндісі де  – қазақтың тілі. Кезінде Ахмет Байтұрсыновтың өзі де айтқан «Бай тіл де, байтақ ел де – қазақтікі» деген. Осындай құдіреттерге ие болу үшін өзіміздің елімізді де, жерімізді де сүюіміз керек. Тілімізді білуіміз керек. Үштұғырлы тіл саясатын да Елбасымыз бірнеше жылдан бері айтып келе жатыр. Бауырларым, үш тілді ғана емес, он тілді, жүз тілді біліңдер. Әл-Фараби бабамыз 77 тіл білген, қанша тілді білсеңіз, сонша ұлтпенен тең тұрасыз. Шын мәнінде алысты жақындататын да, аразды татуластыратын да құдіреттті дүние – ол тіл.  Өйткені, тас мұқалып, құм болады, темір тозады, адам өмірден озады, сіздің тарихыңызды да, әдебиет, мәдениетіңізді де, салт-дәстүріңізді де жеткізетін көмейдегі сөзбенен, таңдайдағы тіл ғана. «Ана» деген сөзге тілі келмеген ана болып жарытпайды қыз бала. «Сүйем» деген сөзге тілі келмеген, сүйіктің боп жарытпайды ұл бала. Сондықтан Қазақ тілін бесіктің жырымен, ананың ақ сүтімен әжелердің әлдиіменен баланың бойына дарытайық. 

Жүректен шыққан сөз – жүрекке жетеді. Ә дегеннен ән салардай әуезді ана тіліміздің қадір-қасиетін ашқан Асылы Османның осынау өрелі ойларына отырған қауым риза болды. Зағипа Яхянқызы да:

– «Мәңгілік ел» актісінің ең негізгісі – ол бірлік. Бірлікке бір ұлттың, бір тілдің айналасында ұйысу. Ол – қазақ тілі. Қазақ елі ешкімді кеудеден  итермейді, айналасына құрметпен қарайды. Сондықтан өзге ұлт өкілдері де қазақ елін, оның тілін қадірлесін, үйренсін.

Кішкентай кезімізде орыс тілін білмеген жан өспейді өркендемейді деген ұстаным бар-тын. Сол уақыттары 1 жылдың ішінде орысша сайрап кеттік қой. Мектепті орыс тілінде бітірдік, университетті орысша оқыдық. Сол кездері Қызылорда, Шымкенттен келген қыздар орыс тілін білмегендіктен қалай қиналғанын көзіміз көрді. Жан-жүрегіміз сыздады. Ондай жағдай өз басымнан да өтті. Автобуста келе жатқанымда қазақ тілінде сөйлегенім үшін орыс әйел: «неге қазақша сөйлейсің, бұл не деген сұмдық?» дегенде үнім шықпай қалғаны бар еді. Ал бүгінгі күні біз барша этнос өкілдеріне өз салт-дәстүрін, ана тілін сақтауға шек қоймадық. Керісінше, бар жағдайын жасадық. Ал қазақ тілін білу – табалдырықтан аттағаннан кейінгі әркімнің міндеті. Ассамблея сессиясынан көріп жүрсіздер, қаншама ұлыс өкілдері қазақ елінің тілінде емін-еркін сөйлеп, салт-дәстүрін көрсетіп жатыр. Бұндай жандарға біз құрметпен қараймыз, – деді.

Кейіннен халық қалаулысы «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің жеті тұғырын түсіндірді. Оның біріншісі – Тәуелсіздік және Астана. Яғни, халқымыздың гүлденуі мен қуатының жарқын белгісі болған Елорданы әрқашан мақтан тұтамыз. Екінші, бейбітшілік пен өзара келісім. Үшінші, зайырлы мемлекет және Жоғары Руханият. Бұл тұрғыда еліміздің бірегей рухани келбетін айқындайтын діндер мен өркениеттердің жаһандық үнқатысуын одан әрі жан-жақты дамыту. Мемлекетіміздің индустриялық және инновациялық күш-қуатын арттыру – төртінші тұғыр. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын жетілдіру – бесінші. Тарихтың, Мәдениет пен Тілдің ортақтығы алтыншы тұғыр болса, жетіншісі – ұлттық қауіпсіздік. Яғни, біз – Біртұтас Елміз – үлкен бір Отбасымыз. Бұл турасында кеңінен баяндаған депутат қоғамның солқылдақ тұстарын да ашық айтты:

– Өздеріңіз білесіздер, жасөспірімдер құқын қорғау бойынша  уәкіл боп тағайындалдым. Содан бері зерттесем, бүгінгі күнде 12 жасқа толмаған 200 қыз балалы болды. Не деген сұмдық! Ол қыз өзі бала ғой. Бұл біздің мәдениетіміздің төмендегенінің айғағы. Тәрбие көрмегендіктің көрінісі. Ал суицидтен 193 мемлекеттің ішінде 9 орындамыз. Бұны не деп ақтап аламыз? Ата-ана, ұстаздардың тәрбиесі қайда? Ұстаздарға айтсаң, жағдайымыз жоқ, анауымыз жоқ, мынауымыз жоқ деп назын айтып шығады. Менің әкем де ұстаз болған. 60 сом айлығы. Аз ақша алса да, отбасында ақша жоқ деген мәселені көтермейтін. Сол замандағы оқушылар бүгінде министр, депутат, композитор, қысқасы халық қалаулылары боп өсті. Ал қазір ше? Соңғы он жылда Қаракемерден шыққан балалардың қайсысымен мақтана аламыз? Бірен-саран бар шығар. Дегенмен бұрынғыдай емес, бала тәрбиесі ақсады.Осы түйткілдердің түйінін тарқатпасақ, асқақ арманымызға жете қою күмәнді, – деді. Сондай-ақ, ел құлағын елеңдеткен жер мәселесіне Елбасы нүкте қойғандығын да саралап өтті:

– Көреген Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы тағы да өзінің елге жақын екендігін танытты. Дау болған Жер Кодексіне мораторий жариялады. Шындығында, қазақ елі басқасына көз жұмса да, тілі мен жеріне келгенде аянып қалмақ емес. Оны тарих дәлелдеп отыр. Осыны ел тізгінін ұстаған азаматтар білуі керек, сезуі керек. Әрдайым халықпен кеңесу керек.

Мінберге көтерілген кәсіпкер Карим Құрбанұлы:

– Бұл бейбіт талқылаулар қазақ елінің кемел келешегіне бейқам қарамайтындығын тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Расында, ата-қоныс қазақ даласы әлем бойынша ең сом сақталған өңір. Оны Доктор Бруноның өзі мойындады. Әсіресе, Жетісу жерінен табиғи таза өнімдер өсетінін айтты. Бұл – әлемде болмаған жағдай, – деді.

Келелі кездесу соңында Бинәлі Әбдіқапасұлы:

– Ауданымыз барлық салада облыста алдыңғы бестіктер қатарынан көрініп келеді. Тіпті, демографиялық өсім, әсіресе, сәбилердің дүниеге келуі бойынша республикада үшінші орыннан көріндік. Бұл өздеріңіздей жанашырларымыздың көрсеткен риясыз қолдауының нәтижесі деп білемін. Аудан тұрғындары атынан өздеріңізге алғыс білдіремін, – деп жиынды қорытындылады.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Оқылды 5330 рет

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 28, 2024

АЭС – объективті қажеттілік

АЭС — электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндірудің бір түрі. Ядролық энергия…
Қырқ 27, 2024

о проведении республиканского…

г.Қонаев – 2024 год 1. Общие положения 1.1. Настоящее положение определяет порядок…
Қырқ 27, 2024

Республикалық конкурс өткізу туралы …

Қонаев қаласы – 2024 жыл 1. Жалпы ережелер 1.1. Осы ереже «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы…
Қырқ 27, 2024

Сарапшы: Қоғамдық мәселелерге…

Ел тұрғындарының энергетика саласындағы мәселелерге қатысты пікірі қалыптасып, саяси…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау штабының өкілдері…

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының өкілдері ақтөбеліктермен…
Қырқ 27, 2024

Члены Народного штаба за…

В регионе продолжилась работа Народного штаба за строительство АЭС. Депутаты, эксперты и…
Қырқ 27, 2024

АЭС-тен көмірқышқыл газы да, күл де…

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза…
Қырқ 27, 2024

Халықтық штаб: Атом электр…

Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық…

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты.…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет