Жұма, 16 Наурыз 2018 15:46

Нұрға малып қанатын, келді міне, Жаңа күн!

«Наурыз» сөзі иран тілінің «ноу» – «жаңа», «руз» – «күн» деген сөздерінен қалыптасып, жылдың бірінші күнін білдірген.Ал қазақ тілінде «наурыз» сөзі біріншіден, жыл басында тойланатын думанды халықтық мейрам, екіншіден, наурыз айы, үшіншіден, ұлыс күні жасалатын көжеге қатысты айтылады.

Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халақтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан бері орын алған. Бұл мейрамды гректер «Патрих», тәжіктер «Гүл гардон», «Бәйшешек», татарлар «Нардуган», армяндар «Новасарди» деп түрліше атаған.Көне деректер бізге Әбу Райхан Бируни, Ибн Балхи, Омар Хайям еңбектері арқылы жетіп отыр.Ал ежелгі түркілер болса, ұлыс күндері жаңа киімдерін киіп, сақал-мұрттарын түзеп, шаштарын алады. Алты күн садақ тартып машықтанған соң, жетінші күні алтын теңге – жамбы атып жарысады. Егер кімде-кім бірінші болып, жамбыны атып түсірсе, сол адам бір күн елге патша болып, билеуге ерік беріледі. Нау-рыз жырында:

Құл құтылар құрықтан

Күң құтылар сырықтан, – деп жырланғандай, осы күні ертедегі гректердің патшасы да алтын тағынан түсіп, қол астындағы өзіне ұнаған құлына бір күн ел басқартқызған.

Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында, 1920 жылы жас Кеңес үкіметі Наурызды халыққа қайта тарту етті. Мәселен, 1925 жылы 22 март күні «Еңбекші қазақ» газеті бұқара халықты Нуарыз мейрамымен құттықтап, өзінің бірінші бетіне ірі әріптермен:

«Қыс өтіп, қар кетіп,

Шырайлы жаз жетіп,

Шаруаның кенелген

Мейрамы ежелден

Құтты болсын, бұл Нау-рыз!» – деп жазды. Осылайша Қазақстанда тойланып келген Ұлыс күні асыра сілтеушіліктің салдарынан 1926 жылы күрт тоқтатылды. Одан кейінгі жылдарда Наурыз мерекесінің бағы ашылды деп айта қою қиын. Ол бірде «діни мейрам», бірде «ескіліктің сарқыншағы» деген жаламен қуғынға ұшырады. Халық жадында еміс-еміс сақталған Наурыз Қазақстанның кейбір өңірлерінде ошақ басында тойланып келсе, кейбір аймақтарда мүлде ұмытылған. Бір халыққа тиесілі ұлттық мереке ғана емес, жалпыхалықтық интернационалдық мейрам Наурыздың жаңғырып, халқымен қауышуына қайта құру уақыты, демократия мен жариялылық салтанаты ғана мүмкіндік алып берді. Қоғамдық пікірге көңіл қойған үкімет орындарының тікелей басшылығымен 1988 жылғы көктемде Алматы қаласы мен астаналық облыстың кейбір аудандарында 62 жылдан соң тұңғыш рет Наурыз тойы тойланды. Құдайға шүкір, содан бері ежелгі Күн мейрамы – Жыл басы тойын жалпыхалық болып қарсы ала бастадық. 2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. Бас ассамблея өзінің берген түсініктемесінде «Наурызды көктем мерекесі ретінде» 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын мәлімдеді. Ал UNESCO болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді.

Сондай-ақ, Наурыз күнінің бір ерекшелігі – бұл күн көрісуден басталады. Ұлыс күнінде сәлем-десудің қалыптасқан дәстүрі бар. Адамдар бір-бірімен кездескенде:

Жасың құтты болсын!

Өмір жасың ұзақ болсын!

Ұлыс бақты болсын!

Төрт-түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін!

Бәле-жала жерге енсін! – деп құттықтап, ер адамдар қос қолдасып, төс соқтырса, әйелдер құшақтасады. Ерлер мен әйелдер кездессе, құшақ айқастырады.

Наурыз мерекесінің адамды еңбекке ынталандыратын қасиеті де бар. Наурыз күні таңертең ертемен ерлер қолдарына күрек, кетпен, ал қыз келіншектер құрт, ірімшік, сүт, піскен ет алып далаға шығады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» – деп қаумаласқан жігіттер айнала төңіректегі бастаулардың көзін ашса, «Бір тал кессең, он тал ек» – деген қариялар бұлақ басына тал тігеді. Ал әйелдер ашылған бұлақ көзіне май құйып, жаңа егілген ағаштарға ақ бүркеді.

Қазақ елі Наурызды қалай қарсы алған? Қызыр түні Жаңа жыл табалдырық аттап, үйге енгенде, «жалғыз шала сәуле болмас» – деп төрге қос шырақ жағылып қойылады. Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, бәле-жаладан аман болады деген сеніммен Наурызға дейін үй ішіндегі жиһаз, мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады.

Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша наурыздың 21-і түні даланы Қызыр аралайды екен.Сол себепті осы түн «Қызыр түні» деп аталады. Күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат 6-да себезгілеп атқан кезде біздің өңірімізде бұл сәт түнгі сағат 3-ке тұспа-тұс келеді. Сондықтан да қазақ халқы Жаңа жылды наурыздың 22-сі күні таңғы сағат 3-те қарсы алады. Бұл түні ауыл бойжеткендері өздері ұнатқан жігіттерге арнап соғымның соңғы етін уызға салып пісіріп, «ұйқыашар» деп аталатын ерекше дәм дайындайды. Ал жігіттер мен бозбалалар болса қыздардың қолақысының қарымтасына айна, тарақ, иіссу-дан тұратын «селт еткізер», «дір еткізер» сыйлықтарын ұсынады.

Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті. Ол күні қар не жаңбыр жауса, «нұр жауды», «туар жыл жақсы жыл болады» деп қуанған. Наурыз айында жауған қар басқа қарларға қарағанда ерекше аппақ, үлпілдек болады да, «ақша қар» аталады. Осыған орай тілімізде мінезі балдай, сұлу қызға айтылатын «Наурыздың ақша қарындай» деген теңеу бар. Ұлыс күні туған сәбилерге Наурызбай, Наурызбек, Мейрам, Мейрамгүл, Кіріс сынды аттар қойылып, оларға бір жас қосылады.

Ұлыс күні жеті түрлі заттан – соғымнан қалған сүр, қойдың басы, сүт, езілген құрт, бидай (тары, күріш), пияз және сәбізден қазан толы көпкөже (наурыз көже) пісіріледі. Наурыз көженің қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тамағымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жас тағамымен (сүт,ақ) қауышудың мәнісін білдіреді. Ал наурыз көжені тоя ішу «жыл бойына тоқшылық болсын» деген ұғымға саяды.

Әдетте, Наурыз күні адамдар бақай есеп, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ұжданы алдында арылуы керек. «Ұлыс күні алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Жақсылыққа жақсылық – жай адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер жігіттің ісі», «Тас атқанға – ас ат» секілді нақылдарды өзек етіп, ту көтерген билер, ақсақалдар ат құйрығын кесісіп, араға жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарханнан дәм таттырып, табыстырған, осылайша ел бірлігін күшейткен.

Үйелменін тентіретіп жіберген-дерді қайта қосып, жалғыз-жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау қылған. «Сүйекке дақ, елге таңба болмасын» деп кембағал, мүгедектерді жақын-туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Қазыналы осындай салт-дәстүрімізді бүгінгі күнде жастар арасында кең насихаттап, психологиялық ақыл-кеңеспен ұштастыра білсек, еш артықшылығы болмас еді.

Оқылды 2012 рет

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 30, 2024

Энергетиканы дамытудың бір жолы- АЭС…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп,…
Қырқ 30, 2024

Жас ақындар мен жазушылар арасында…

ЕРЕЖЕСІ1. Жалпы ережелер 1. «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалы (бұдан әрі –…
Қырқ 30, 2024

АЭС салудың халықаралық тәжірибесі

Атом электр станцияларын (АЭС) салу және пайдалану – әлемдегі көптеген елдер үшін энергия…
Қырқ 30, 2024

Безопасность АЭС для Балхаша: мнение…

С ростом потребности в устойчивых источниках энергии Казахстан всерьез рассматривает…
Қырқ 30, 2024

Хайрушев: Если мы откажемся от АЭС,…

Вопрос строительства атомной электростанции в Казахстане поднимается с самого момента…
Қырқ 30, 2024

70 процентов всех ТЭЦ Казахстана…

70 процентов тепловых электростанций в Казахстане устарели. Всего в стране насчитывается…
Қырқ 30, 2024

Астаналық инженер АЭС тиімділігін…

Алматы ядролық физика институты Астана филиалының инженері Мәлік Қалиекперов атом…
Қырқ 30, 2024

“Атомная энергетика помогает…

В пик своего развития атомная промышленность обеспечила более миллиона рабочих мест в…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет