Жұма, 17 Маусым 2016 12:33

Ауылдастың анты бір

Ауыл береке, ауыл молшылық... Ә дегенде айтарымыз осы киелі топырақ жайында. Алайда, бүгінгі заманда айтарымыз бен байқарымыз астаса ма? Бұл сұраққа келгенде күмілжіп қалатынымыз да шындық. Өйткені, бес саусақ бірдей емес. Кей өлкелер көңілге медеу болса, енді бірінің «есігіне енсеңіз» кеңес құлаған тұстағы күйреген ауылға тап болғандайсыз. Әрине, бұл жәйт жаныңа батады, жүрегіңді

сыздатады. Көңіліңді мұздатады. Дегенмен, қуанарлығы сол, қашанда «Ауылдастың анты бір». Осы үрдістің қаймағы бұзылмағанына тағы бір мәрте көзіміз жетті Масақ округіне барғанымызда. Әңгімені әріден бастайық...

 

Нұрлы және Қазтай Ұлтарақов атындағы екі ауылды біріктірген Масақ округінде 7000-нан астам тұрғын бар. Игі істі естіп, көзімізбен көрейік деген ниетпен Қ.Ұлтарақов атындағы ауылда болдық аудандық мәслихат депутаты, аудандық жастар саясаты орталығының жетекшісі Айбек Ілебаймен бірге.

«Іргесі берік елді

Жау ала алмас,

Ауызы бір елді

Дау ала алмас» деген тәмсілді ұстанған ауыл тұрғындары жүкті жұмыла көтеріп отыр. Жыл басынан жігітбасын сайлап, ауыл қорын құрды. Әр түтін айына 500 теңгеден сол қорға құяды. Жиналған қаржы ауыл игілігіне жұмсалады. Жігітбасы Дидар Хамжазов әр үш ай сайын қор жұмысы хақында есебін береді. Айналдырған 5 айдың ішінде жұмылған жұрттың жұмысы ауыз толтырып айтарлық. Ол турасында:

– Ауылымызда 450-ге жуық түтін бар. Оның 400-і қорға айлық ақшасын аударып отырады. Қалғаны жағдайы төмен дегендей... Менің жанымда бес адамнан құралған комиссия бар. Олар қаржыны үнемді әрі орынды жұмсалуын бақылап отырады. Айталық, осы уақыт ішінде сол қаржыға мешітке ыдыс-аяқ, 120 адам сиятын палатка алдық. Оны ауылдың кез келген тұрғыны алып пайдалана алады. Той-томалақ, өлім-жітім, нәзірге дегендей... Сосын әр көшеге жігітбасын сайладық. Олар сол көшедегі жәйттерді жіті бақылап, түрлі мәселелерін бізге жеткізіп отырады. Бізде 10 үлкен көше болса, он көмекшім бар. Оған көмекші ретінде әйелдер комитеті де қайта жанданды. Сондай-ақ, осы өлкемізден шыққан кәсіпкер бауырларымыз Бақытжан Жақабаев, Болатжан Нұрбеков, Тұрсынәлі Төлегенов, Имаш  Куджибаев, Айдар Әлсейітов, Қайсар Тоқманбетов, Абылай Ыдырысов секілді азаматтарды басын біріктіру есебінен, қаншама жыл қамалсыз жатқан бейітімізді толық қоршадық. Кәсіпкерлеріміз қаржылай қолдау білдіріп, темірлерді әкеп берді. Осы ауылдың азаматтары біріге отырып оны жасап, орнатты, – дейді Дидар Смаилұлы. Расында, ауыл әйелдері жиналып, ас дайындаса, азаматтары тер төгіп, 500 метрден астам қоршауды тіктеген. Ондағы мақсаттары ортақ: өлі разы болсын. Бұндайда қазақ «Ауылға айтсаң асар, көршіге айтсаң қосар» деген.

Бірнеше жылда ауыл сырты қоқыс полигонына айналған еді. Жергілікті әкімдікпен келісе отырып, осы олқылықтың да орнын толтыру қамымен жүр ауыл азаматтары. Ол үшін арнайы 60 сотық жер де бөліп беріпті округ әкімдігі. Ауыл аумағында орналасқан газ бөлу компаниясының басшылығына әкімдік болып, тұрғындар қол қойып хат жазған. Сауапты іске қолдау білдірген компания арнайы техникасын бөліп, қазір ұзындығы 100 метр, ені 60 және тереңдігі 4 метр болатын қоқыс тастау орнын жасап жатыр. Шамамен 15-20 жылға жетерлік бұл орын бұйыртса, бір айда бітеді деп жоспарлануда. Ал одан шыққан құм-тастар ауыл көшелеріне төселетін болады.

Үшінші жағымды жәйт, жастар саябағын жасау. Ол сол ауылдағы Ұлы Отан соғысында қаза болғандарға арналған ескерткіш аумағында бой түзейді. Бұл турасында:

– Қазір округ әкімдігі отырғызатын 50 түп жас талдарды, 5 орындықты алып беруге уәде етті. Ал оң жағына сахна жасауды кәсіпкерлеріміз мойындарына алды. Бұйыртса, күзге дейін бұл алаң жастар саябағына айналады, – дейді Айбек Қасымханұлы. Сондай-ақ, ауылды көркейтуге жастардың белсенділігі артқанын ерекше атаған Айбек Ілебай:

– Қазіргі уақытта бұл ауылдағы тазалық, басқа да жұмыстарға ауыл жастары белсенділік танытып отыр. Айталық, бейіттің қоршауын жасағанда осы ауылдың өзінен 100-ден астам жас шықты, – деп ойын нақты дәлелмен келтірді.

Осындайда «Ел жасымен көрікті, тау тасымен көрікті, аяқ асымен көрікті» деген нақыл ойға еріксіз орала кетеді. Бұл бірлік берекесінің бір көрінісі ғана. Дегенмен...

Дегенмен, айтпаса сөздің атасы өледі. Округтегі бірқатар мәселелер тұрғындар қабырғасына батып жүр. Оның біріншісі, мәдениет үйі. Мәдени ошақ жоқ емес, бар. Алайда кәсіпкер қолында. «Оны мемлекетке қайтармайды, себебі содан нәсібін тауып отыр әрі ауылдың оншақты азаматына жұмыс беріп отыр» дейді жергілікті билік. Ендігі мәселе қалай болмақ? дегенімде «қазірше бұл жайында ештеңе айта алмаймын» деп жауабын берді әкім орынбасары Ұлан Сағымбеков. Екінші түйткіл – ескірген мектеп. Ескірген деген артық болар, дұрысы тозығы жеткен. Оған да күрделі жөндеу керек. Тіпті, спортзалының едені шіріген. Бұған: – Мектеп жайын аудан әкімдігі толық біледі. 2017 жылдың бюджетіне енгізді. Бұйыртса, келесі жылы күрделі жөндеуден өтеді, – деп сендірді округ әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ұлан Сағымбеков. Ауыз су мәселесі бойынша да: – Қазіргі уақытта ауылда ауызсу тапшылығы жоқ десем артық болмас. Бірі құдықтан су алса, ендігілері жергілікті кәсіпкердің көмегімен сусорғыштан су алуда. Дегенмен келесі жылы округті орталықтандырылған ауыз сумен қамту мақсатында құрылыс жұмыстары бас-талады деп күтілуде – дейді әкім орынбасары. Сөз орайында медиатр кабинеті жасақталып жатқанын да жеткізді Ұлан мырза. Ол іске асса, ауылдың ардақты ақсақалдары кішігірім бұзақылықтар мен отбасылық кикілжіңдерді сотқа дейін шешуге атсалысады. Араздасқандарды татуластыруға тырысады. Сөзге тоқтаған қазақ үшін бұл жағымды жаңалық әрине.

Бәрін айт та бірін айт, ауылдың татулығын айт. Ондағы ақсақалдардың еңбегін айт, қалталы кәсіпкерлерінің ата-қонысына бергенін айт, жастарының ауылым деп терлеуін айт. Сөйткен бірлікті елдің өнгенін айт. Тұрғындардың тілек-арманын айт, шағын футбол алаңын салайық деген үндеу-жолдауын айт. Бұйыртса ол да болар, ынтымағы жарасқан елге бақ қонар. Бастысы, әкімі халқының, ауыл азаматтары антының адал сертшісі болсын.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Оқылды 3270 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Ауылдастың анты бір Зеленый, чистый, Освещенный »

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 28, 2024

АЭС – объективті қажеттілік

АЭС — электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндірудің бір түрі. Ядролық энергия…
Қырқ 27, 2024

о проведении республиканского…

г.Қонаев – 2024 год 1. Общие положения 1.1. Настоящее положение определяет порядок…
Қырқ 27, 2024

Республикалық конкурс өткізу туралы …

Қонаев қаласы – 2024 жыл 1. Жалпы ережелер 1.1. Осы ереже «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы…
Қырқ 27, 2024

Сарапшы: Қоғамдық мәселелерге…

Ел тұрғындарының энергетика саласындағы мәселелерге қатысты пікірі қалыптасып, саяси…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау штабының өкілдері…

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының өкілдері ақтөбеліктермен…
Қырқ 27, 2024

Члены Народного штаба за…

В регионе продолжилась работа Народного штаба за строительство АЭС. Депутаты, эксперты и…
Қырқ 27, 2024

АЭС-тен көмірқышқыл газы да, күл де…

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза…
Қырқ 27, 2024

Халықтық штаб: Атом электр…

Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық…

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты.…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет