Жұма, 26 Тамыз 2016 12:18

Білімді ел – мәңгілік ел

Өркениеттің өлшемі, білім керек бұл елге, түсірмеу үшін еңсені һәм ардақтау үшін ел сені. Биік белес баспалдағы, рас-ау, білім керек бұл елге, орындалу үшін үздік отыздық – басты арманы. Бұл кеңестің көксегені де сол: ауданның білім сапасын жақсарту. Мақсатқа барар жол біреу: өткенге көз тастау, сөйтіп, болашақты бағамдау. Бұл жол оң нәтижесін де беріп келеді. Айталық, былтыр 79,5 ортақ балмен облыста үздіктер қатарынан көрінсек, биыл жалпы көрсеткіш бойынша 82-ні межелеп, өткен жылмен салыстырғанда тағы да 2,5 балға өрледік.

 

Дегенмен осалдық танытқан оқу ордаларымыз да бар. Әңгімені әріден бастайық...

Дәстүрлі тамыз кеңесі биыл жаздың соңғы айының 22-сіне тұрақтады. «Білімді ел – Мәңгілік ел» деп айдар таққан кеңеске әдеттегідей, аудан басшысы Бинәлі Ысқақ арнайы келіп, білім саласындағы жетістіктер мен кемшіліктерді таразылады. Сонымен қатар келелі кеңеске аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов те қатысты. Алдымен Бинәлі Әбдіқапасұлы бастаған аудан басшылары білім бәсекесінде бәсі жоғары болған мектептердің көрмесін аралады. Білім бөлімінің соңғы жылғы жетістіктерімен де танысты. Сөйтіп, аудан әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Айбек Бидаевтың жүргізуімен кеңес өз жұмысын бастады.

Жыл өткен сайын білім саласына мемлекет қолдауы артып отыр. Бұл қазіргі қоғам білектің емес, білімнің күшіне сенетіндігін және соған тәуелді екенін айғақтаса керек. Айталық, ауданымыздың өзінде 2012 жылдары 6 986 626  теңге болса, 2014 жылы – 8 927 291 000  теңгеге өскен. Ал биыл аудан бюджетінің 12 520 663 000 теңгесі білім саласын өркендетуге бағытталған. Оның ішінде Елбасы Жолдауы аясында соңғы төрт жылда 6 мектеп, 2 балабақша жаңадан бой түзеді ауданда. 12 мектептің ескі ғимараттары жаңғыртылды. Биылдың өзінде екі жаңа мектеп қосылды. Бәйтеректегі және Азаттағы. Қос білім ордасы да орта білім береді. Демек, «Алмақтың да салмағы бар». Сол секілді қаражаттың да қайтарымы болуы тиіс.

Аудандағы білім саласының бүгінгі жай-күйі жайында баяндама оқыған білім бөлімі басшысының орынбасары Салтанат Беспаева:

– Жаңа интеграцияланған білім беру бағдарламасы балалардың білімі мен білігін нақты практикада қолдана білу қабілеттерін дамытуға бағытталған.  Республика бойынша 30 пилоттық мектепте жаңартылған оқу бағдарламалары сынақтан өткізілуде. Соның бірі біздің ауданымыздағы В.Терешкова атындағы орта мектепте жүргізілуде.

Үш тілде білім беруді дамыту бойынша кең ауқымды іс-қимыл жүргізу үшін 2015–2020 жылдарға арналған жол картасы әзірленді.

Осы шараны жүзеге асыру барысында биылғы жаз мезгілінде 5-11 сынып оқушылары үшін Есік қаласындағы қазақ-түрік лицейінде және әр мектепте  жазғы тіл мектептері ұйымдастырылды.  Десек те, ауданымызда ағылшын тілін білетін пән мұғалімдеріне қажеттілік жоғары болып қалуда. Білім беруді дамыту бағдарламасы бойынша ағылшын тілін жаратылыстану пәндерінде қолдану алгоритмдік, дәлірек айтқанда, бастапқы дайындық кезеңін оқу үрдісіне енгізуі керек болатын.

Алайда пән мұғалімдері негізгі түсініктерді аударма сөзбен қатар беру талаптарын орындамай келеді. Бұл білім мекеме басшылары мен мұғалімдердің білім саласындағы жаңару өзгерістеріне  салғырттықпен қарауы болып табылады.  

Алдағы оқу жылында  осы мәселе  аудандық білім бөлімі тарапынан қатаң бақылауға алынып, кемшіліктерді жою жұмыстарын дұрыс жолға қоюымыз қажет, – деп атап өтті. Сонымен қатар Салтанат Дауысбекқызының айтуын-ша, 533 мұғалім деңгейлік бағдарламалар аясында арнайы курстардан өткен. Нәтижесінде, ұстаздардың жалақысы 30 пайыздан 100 пайызға дейін көтерілген. Сонымен қатар интеграциялау бойынша пән мұғалімдеріне арналған курстардан 760 педагог сертификат алған. Жетістігі де жоқ емес.

– Ұстаздарымыз онлайн конференцияларға, облыстық, республикалық, халықаралық конкурстар мен байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Атап айтсам, Қ.Сәтпаев атындағы орта мектептің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі республикалық конференцияда бас жүлдемен және облыстық «Үздік педагог» байқауында шығармашыл ұстаз номинациясымен  марапатталды.

Абылайхан атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі облыстық «Үздік бастауыш сынып мұғалімі» байқауынан бас жүлдемен марапатталып, республикалық байқауға жолдама алды. Шелек ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің информатика пәні мұғалімі облыстық байқаудан ІІІ орынды иеленді. Облыстық «Үздік ауыл мектебі» байқауында М.Мақатаев атындағы орта мектептің ұжымы жүлделі ІІІ орынмен марапатталды. Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, әл-Фараби, И.Саттаров атындағы орта мектептерінің мұғалімдері ІІ орынға қол жеткізді.

Балалар мен жасөспірімдер туристік және экскурсия орталығының ұжымы  облыстық «Қосымша білім беру үздігі» байқауы мен «Гүлдене бер, Қазақстан!» атты байқаудан  ІІІ орынды, Республикалық «Үздік алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы 2016» байқауынан Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің мұғалімі ІІ орынды иеленді. Ал Балтабай орта мектебінің жас маманы облыстық жас математиктер байқауында ІІ орынмен марапатталды, – дейді бөлім басшысының орынбасары. Сонымен қатар биылғы жылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысын саралады:

– Оқушылардың орта мектептен алған білімдерін сынға салып саралайтын негізгі сынақ – ҰБТ қорытындысына тоқталар болсам, 2015-2016 оқу жылында  аудан  бойынша жалпы орта мектепті бітірген 1564 оқушының 865-і тестілеуге қатысып, барлық орта мектеп бітірушілердің 54 пайызын ғана құрады.

Д.Қонаев атындағы, Қ.Сәт-паев атындағы, Көктөбедегі О.Жандосов атындағы, Рахат округіне қарасты Ш.Уалиханов атындағы, Көктөбе, Талды-бұлақ, Райымбек батыр атын-дағы, М.Ломоносов атындағы, Қаратұрық орта мектептерінің орта балы 90-нан асып ерекшеленді.  28 мектеп 80-89; 29 мектеп 70-79 аралығында орта балл жинады.

Өкінішке қарай Шелектегі Ш.Уалиханов атындағы білім ордасының орта балы 66,2 және Ақтоған орта мектебінің орта балы 58,4  болып, соңғы орындардан көрінді.

Әр жыл сайын үкілеп үміт артып, 11 жыл бойы озат оқушы болған түлектерімізді «Алтын белгі» белгісіне үміткерлікке ұсынамыз. Биыл да 31 түлегіміз үміткер болып оның 16-ы өз білімін дәлелдеді. 

Ең өзекті мәселе – аудан мектептерінде  оқушылардың  ұлттық бірыңғай тестілеуге  қатысу деңгейінің жыл сайын төмендеуі жағымсыз дәстүрге айналып бара жатқанын айта кеткен жөн.  Аталған кемшілік алқа мәжілісінде талқыланып, тәртіптік шаралар қолданылып, шешімдер қабылданды.

Десек те, жылдан-жылға ҰБТ-ға қатысқан мектеп бітіруші түлектеріміздің білім деңгейі көтеріліп, қойылған талапқа ұстаздар мен оқушылардың жауапкершіліктері артуда. Орта балы  80-90-нан жоғары көрсеткен мектептеріміздің саны артып, екілік алған түлектер саны кеміді. Жалпы мектеп бітіруші 90 түлек үздік  бітіріп, білім сапасы көтерілді.

Иә, сонымен қатар биылғы жылы үздік аттестатқа үміткер түлектеріміз сенімге селкеу түсірмегенін атап өткен жөн. 79 үздік шәкірттер шықты аудан бойынша. Бұл да ұстаздардың ерен еңбегінің жемісі. Жетістіктерді жіпке тізген Салтанат Беспаева кемшіліктерді де атады:

– Білім сапасын тілге тиек еткенде, ойға оралар шаралардың бірі – білім мекемелерін аттестаттау. Осы шараға  әр  оқу жылында тартылған білім ордаларының 20 пайызы ғана стандарт талаптарынан шыға білуі – сын көтермейтін жайт. 

Сонымен қатар оқушылар-дың жетістігін сырттай бағалау шарасында анықталған төмен білім сапасы – негізгі пәндерді оқытудағы бастауыш  пен орта буында  жіберілген кемшіліктердің көрінісі емес пе?

Осындай кемшіліктері-міздің салдарынан жоғары сыныпқа барғанда оқушыларымыздың Ұлттық бірыңғай тестілеуден бас тартып, қатысу пайызының  төмендеуіне алып келді.

Аталған кемшіліктердің түйінін тарқатып, шешуін таппасақ, бастауышта  ақсаған оқушының қабілетін орта буында жоғалтып аларымыз анық.

Мемлекет тарапынан білім саласына жан-жақты көмек көрсетіліп жатқанда, қордалан-ған мәселеге көз жұмбай, жас ұрпақтың саналы да сапалы білім мен тәрбие алуына менеджменттік сатыға дейін көтеріліп, тығырықтан шыға білуі – мектеп басшыларына қойылатын бүгінгі күн талабы!

«Дүниенің ең тамаша туындысы – тамаша тәрбие алып шыққан адам болып табылады». Осынау ұлағатты ой ғасырлар тоғысында да тереңдігін жойған емес. Одан бертін келе «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың һас жауы» деген еді әлем ойшылы Әл-Фараби. Яки, 2015-16 оқу жылында 76 оқушы аудандық ішкі істер басқармасының есебінде тұруы – алаңдатарлық жайт. Тәрбиенің әлі де болса ақсауының салдары. Бұл мәселе «мектеп – ата-ана – қоғам» арасындағы байланысты әлі де болса нығайтуды міндеттейді.

Баяндаманы талқылауға шыққан Р.Тоқатаев атындағы орта мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы Мәрзия Бауеденова бұл түйткілге баса мән берді:

– Халқымызда «Ұстаң көштен қалса, желімді тостақсыз қаласың,ұстазың көштен қалса, білімді ұрпақсыз қаласың» деген өсиетке сүйенсек, ұрпаққа білім беруді басты мақсат еткен ата-бабаларымыздың көрегендігіне бас имеске болмас. Сол кездің өзінде баланың болашағы – білімді ұстазға байланыс-ты екенін ескертіп кеткен. Өз тарапымнан бұл сенімді ұстаздарымыз маңдай терімен ақтап жатыр дегім келеді.

Біз сағат сайын жаңарып, күн сайын таң қалдырған жаңа заманда өмір сүрудеміз. Бұл – қатынасы аралас, өмір ортасы біртұтас боп кеткен – жаһанданған заман. Олай болса бүгінгі партада отырған балаларымыздың ертең әлемнің қай бұрышында болмасын ешкімнен кем түспейтіндей білім алуына көңіл бөлуіміз керек. Бұған ұрпақ тәрбиелеудегі үш бағанды тұғырдың іргесі берік болса ғана қол жеткіземіз. Ол – мектеп, ұстаз, ата-ана бірлігі. Осы үш тармақтың алға қойған мақсаты бір арнаға тоғысқан сәтте ғана ісіміз баянды болмақ. өкініштісі, көп бала емес, бетіне қарап отырған бір-екі ұл-қызына уақыт таппай, көңіл бөле алмай жатқан ата-аналарымыз бар екендігі де ащы шындық. Бала тәрбиесіне келген сәтте жауапкершілікті ұстаздар иығына арта салу да үрдіске айналып барады. Алайда дана бабаларымыз: «Ата-анадан ұрпақ өсіп таралған, жақсы-жаман болса, бәрі – солардан» дегенін ұмытпайық.

Тәрбие ұлға да қызға да бірдей. Ешкім біліп туылмайды. Тәрбие бесік пен босағадан басталады. Өсе келе ұлымыз дарақы, қызымыз сорақы болып қалмауы үшін бала жүрегінде әкенің жылы қабағы, ананың мейірімі айрықша мәнге ие екені анық, – дей келе жас ұрпақтың сапалы білім алуына барынша жол ашып отырған Елбасына, облыс, аудан басшыларына ата-аналар атынан алғысын жаудырды бес баланың анасы. Сонымен қатар, Қ.Сәтпаев атындағы орта мектептің директоры Б.Бұқаева, Шелек округінің әкімі Е.Есенханов, Қазақстан орта мектебі директорының орынбасары Н.Молдабекова, Шелек ауылындағы Саз мектебінің директоры Л.Жамылшиева, жас мамандар атынан математика пәнінің мұғалімі Еркегүл Төлеухан жарыссөзге жазылып, ілкімді ойларын ортаға салды.

Кезекті мінберге көтерілген аудан басшысы  – Дана халқымыз «Біліксіз қалар жырақта, білімді жетер мұратқа» деген өсиетінің өзектілігі күннен-күнге өсе түсуде. Оның басты дәлелі, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының негізінде жасалған «Білімді ел – Мәңгілік ел» тақырыбында өтіп отырған бүгінгі тамыз кеңесі. Елбасы аса көрегендікпен, ел болашағы, құрметті де абыройлы мамандық иелері – ұстаздар қолында екендігін айқын көрсетіп отыр. Әсіресе, қазіргі ұлттық білім беру жүйесі түбегейлі жаңару жылдары Сіздерге артылған жүк ауыр! – дей келе Конституция және білім күніне орай ашылатын жаңа нысандарды жариялады: – Алтын заңымыздың аясында елімізде барлық жақсылықтар орын алып, Қазақстан – гүлдену үстінде. 30 тамыз Конституция күніне орай Шелек ауылында 25 жылда тұңғыш 817 млн теңгеге салынған 280 орындық «Келешек» атты балабақша салтанатты түрде ашылады. Сол күні Достық, Ташкенсаз ауылдарында ескі мектептер ғимараты қайта жаңғыртудан өткен, әрқайсысы 100 орындық балабақшалар жұмысын     бастайды. 1 кыркүйек Білім күні Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай Азат аулында салынған ауыл тарихындағы тұңғыш 300 орындық орта білім ошағы шәкірттерін қабылдайды. Бәйтерек ауылында 2 мың оқушы 600 орындық мектепте бүгінгі күнге дейін 3 ауысымда оқып келді. Ауылда бой көтеріп, құрылысы аяқталған 600 орындық жаңа мектепте де биыл алғашқы қоңырау үні қағылады. Сонымен қатар жаңғыртудан өт-кен В.Терешкова атындағы, Қорам орта мектептері Білім күні өз шәкірттерін қабылдайды. Ерекше қуантарлық жағдай, Есік қаласындағы және Шелек ауылындағы әрқайсысы 600 орындық жаңа мектептердің құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Келесі оқу жылында екі мектеп те қолданысқа беріледі.

«Балапан» бағдарламасын жүзеге асыруда жекеменшік балабақшалар желісін арттыру мақсатында мемлекеттік – жекеменшік серіктестікте жұмыс істеуге бел буып, ашылып жатқан балабақшалар саны артуда. Аудан бойынша 40 балабақшаның 15-і жекеменшік. Қыркүйек айында қосымша 4 жекеменшік балабақша ашылуға сұраныс беріп отыр. Жыл соңына дейін балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші межелеген 82 пайызға жетеді.

Кейіннен аудан басшысы жағымсыз үрдіске айналып бара жатқан түлектердің тестке қатысу пайызын сынға алды:

Көңіл толмас айтылар ойдың бірі – түлектердің Ұлттық бірыңғай Тестілеуге қатысу пайызы. Барлық түлектердің 54 пайызы ғана білімін сынады. Егер қалған  46 пайыз оқушының білімі өте төмен десек, 11 жыл бойы шәкірт пен мұғалімге жұмсалған мемлекет қаражаты босқа кетті дегенді білдіре ме?! Әсіресе, жылдан-жылға өте төмен білім сапасын көрсетіп, өз ісіне жауапсыздық танытып жүрген мектептерге сын айта келе,  Ақбастау орта мектебіне баса тоқталмасқа болмас деп ойлаймын. Аталған ұжымның түлектері өте төмен қатысу пайызымен 4 жыл ішінде 59.8, 54.7 балды көрсетіп жүрсе, 2015 жылы тестілеуге мүлде қатыспай, биылғы жылы 1 ғана түлек қатысып, 70 балды жинады. Сол себепті 2 тілде оқытылатын мектептегі жасөспірімдер болашағы мені әрдайым қатты алаңдатады. Бүгінгі таңда мектеп басшысы мен ұжым мүшелеріне реніштен басқа айтар сөзім жоқ. Ал, жыл санап, ақырын басып, артта қалып, нәтижесіз жұмыс жасап жүрген тоғыз жылдық мектептерге ойланатын кез келді деп білемін. «Ауруды жасырғанмен, өлім әшкерелейді» дейді халық даналығы. Азат, Таутүрген орталау мектептері аттестаттау барысында белгіленген пәндерден «0» сапа беріп, мектепте жүйелі жұмыстың жоқтығын көрсетті. Соңғы 10 жылда аталған ұжымдардан өребәйге жеңімпаздары, жүлделі орын иелері мүлде шықпады. Осы тұста «Үлгермейтін оқушы жоқ, оқыта алмайтын мұғалім болуы мүмкін» деген ой санамызға бірден оралады. Бұл жерде, барлық ұстазды кінәлаудан аулақпын. Бірақ, 9 жыл бойы Сізден оқыған шәкірттің білімінің төмен болуы – сонда кімнен сұралмақ?!

Иә, қазір заман басқа. Осыған сәйкес, ұстаздарға да талап күшті. Ал талап мүддесінен шыға алмай, «ҰСТАЗ» дейтін ұлағатты мамандыққа дақ түсіргендер – болашаққа балта шапқандар десек артық болмас. Осы орайда аудан басшысы Бинәлі Ысқақ жеті бағытты күшейтуді міндеттеді педагогтар қауымына:

– Елбасының «орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі, оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игере білуге тиіс» деген тапсырмасын орындау міндеті алдымызда тұр. Сондықтан, биылғы оқу жылына төмендегі міндеттерді:

Біріншіден мемлекеттік білім стандартын орындай отырып, жаңа білім мазмұны негізінде білім сапасын көтеруді;

Екіншіденжасөспірімдерді «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы негізінде отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеуді;

 Үшіншіден – «100 нақты қадам» жоспарында белгіленген ағылшын тілін оқытудың сапасын көтеруді, оқушыларды әлемдік қоғамға бейімдеу шараларын жалғастыруды;

Төртіншіден – дарынды балаларды қолдауды, дарынын шыңдау жұмыстарын жандандыруды;

Бесіншіден – Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында жекеменшік балабақша ашу жұмыстарын одан ары жалғастыруды;

Алтыншыдан – аудан мектептерін білікті жас мамандармен толықтыру шараларын басты назарда ұстауды;

Жетіншіденұстаздардың біліктіліктерін жетілдіру шараларын жалғастыруды;

Аудандық білім бөлімінің, ауыл әкімдерінің, мектеп басшыларының алдына қоямын!

Жиын соңында өткен оқу жылында үздік деп танылған білім ордаларын марапаттады Бинәлі Әбдіқапасұлы. Сонымен ел ертеңі жас ұрпақ тәрбиелеуде шығармашылық еңбегімен еленіп, білім бәсекесінде үздік шыққан Д.Қонаев атындағы орта мектеп әдеттегідей Бас жүлдені еншіледі. Айтып өтейік, бұл жеңіс бірінші рет емес. Соңғы төрт-бес жылда аталмыш білім ошағы көштен түсіп көрмеді. Шымберген Пірімбаев бастаған ұжым еңбегімен ерледі. Ал Рахат округі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп бірінші, Көктөбе округі О.Жандосов атындағы және Абылайхан атындағы білім ошақтары екінші боп мәре сызығын кесті. Үздік үштікті Көктөбе, Қ.Сәтпаев атындағы орта мектептер қорытты. Ал А.Мәлкеев атындағы қазақ-түрік лицей-интернаты «Дарынды мектеп» номинациясын еншілесе, Райымбек батыр атындағы орта мектеп «Шығармашыл мектеп» атанды. Сонымен қатар Қ.Бижанов атындағы білім ордасы – «Көшбасшы мектеп», Талдыбұлақ орта мектебі – «Болашағы жарқын мектеп», М.Мақатаев атындағы орта мектеп ұжымы – «Жылдың үздік ауыл мектебі» номинациялары бойынша наградталды. Сәйкесінше, «Күншуақ» балабақшасы «Жылдың үздік балабақшасы» боп танылды.

Бұдан да бөлек өз кәсібінде біліктілік биігінен көрініп жүрген ұлағат иелері аудан әкімінің, облыстық білім басқармасы және аудандық білім бөлімі басшыларының Алғыс хаттарымен марапатталды.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Оқылды 8074 рет

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 28, 2024

АЭС – объективті қажеттілік

АЭС — электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндірудің бір түрі. Ядролық энергия…
Қырқ 27, 2024

о проведении республиканского…

г.Қонаев – 2024 год 1. Общие положения 1.1. Настоящее положение определяет порядок…
Қырқ 27, 2024

Республикалық конкурс өткізу туралы …

Қонаев қаласы – 2024 жыл 1. Жалпы ережелер 1.1. Осы ереже «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы…
Қырқ 27, 2024

Сарапшы: Қоғамдық мәселелерге…

Ел тұрғындарының энергетика саласындағы мәселелерге қатысты пікірі қалыптасып, саяси…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау штабының өкілдері…

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының өкілдері ақтөбеліктермен…
Қырқ 27, 2024

Члены Народного штаба за…

В регионе продолжилась работа Народного штаба за строительство АЭС. Депутаты, эксперты и…
Қырқ 27, 2024

АЭС-тен көмірқышқыл газы да, күл де…

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза…
Қырқ 27, 2024

Халықтық штаб: Атом электр…

Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық…

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты.…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет