Жұма, 02 Желтоқсан 2016 11:14

Шаруашылықты ғылыми негізде жүргізу- табысқа жетер жол

Жақында аудандық әкімдіктің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылық министрлігінің «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ғылыми ұйымдарының ғалымдары агробизнес өкілдерімен және әкімдік қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жиынға акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Асқар Наметов, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС директоры Серік Кененбаев, «Қазақ мал шаруашылығы және азықтандыру ҒЗИ» ЖШС директоры Әбдірақман Омбаев, Қазақ ұлттық аграрлық университеті ректорының кеңесшісі Бөрібай Жексембин, аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, Ұйғыр ауданының әкімі Алимжан Тохтасунов, Алматы өңіріне қарасты тоғыз ауданның әкім орынбасарлары мен бөлім басшылары, шаруа қожалықтарының басшылары қатысты. Жиынды аудан басшысы Бинәлі Әбдіқапасұлы жүргізіп отырды.

 

Шараның негізгі мақсаты – агробизнестің ғылыми негізге мұқтаждығы мен сұранысын анықтау және ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық қызметке қатысуға және бірге қаржыландыруға дайын әлеуетті агроқұрылымдарды анықтау. Былай айтқанда, шаруалардың бүгінгі мәселесін ғылым институттарымен бірлесе отырып шешу және өзара байланыс орнату. Осыны атап өткен Асқар Наметов өз сөзін нақты мысалдармен жүйеледі:

– Әр нәрсенің жолын білу арқылы біз үлкен табыстарға қол жеткізе аламыз. Айталық, қарапайым сауын сиырды ұстау үшін де біраз нәрсені білуіміз қажет. Қарапайым шаруалар сиырды бүгін сауса, ертең саумайды, тіпті, кез-келген сәтте сауа береміз. Бұл – ғылыми тұрғыдан келгенде дұрыс емес. Технология дамыған заманда мал бағуды да ғылыммен ұштастыра білу керек. Бір сиырға күніне 2 фкилограмм концентрат берсеңіз, екі аптадан соң ол сүтті 20 пайызға артық береді. Сонымен қатар, малдың тазақандығын сақтау, қораның тазалығын қадағалау, азығын уақытында беру арқылы малдан мол өнім алуға болады. Бұл – ғылыми тұрғыда дәлелденген – дей келе климаттық жағдайдың да малға әсер ететіндігін айтты. Сөзіне сүйенсек, шаруалардың басым көпшілігі пайда табу мақсатында, сырттан буаз сиырларды алып келеді. Ал бұл жақтың климатына үйренбеген мал ауруға шалдығады немесе төлі ауырады. Осылайша, пайданы көздегендер шығынға тап болып жатады. Осы олқылықтың алдын алу үшін барлық шаруа қожалықтары ғылымға жүгінуі тиіс.

Осыдан төрт жыл бұрын аудан әкімі мен Асқар Наметов демеу болып бірнеше мектеп бітіруші түлекті Қостанайға оқуға жіберген болатын. Солардың алды бүгінде ауданға оралып, қызметіне кірісіп те кетті. Жиында сөз алған аудандық ауылшаруашылық бөлімінің маманы Ермек Мырзахан да Қостанайдағы жоғарғы оқу орнының  биылғы түлегі.

– Қысылған сәтте қол ұшын беріп, демеу болған Асқар Мырзахметұлы мен Бинәлі Әбдіқапасұлына айтар алғысым шексіз. Ендігі кезекте, маған артқан сенім-деріңізді ақтап, өз Отанымның дамуына үлес қосу – менің борышым. Осы борышты өтеу жолында барымды саламын – деді Ермек Мырзахан. Сондай-ақ, аудан әкімінің айтуынша, қалған түлектер бүгінде білімдерін жетілдіріп, еліміздің белді оқу орындарының магистранты атанған.

Еліміздегі ауылшаруашылығы мамандарын дайындайтын жетекші оқу орны – Қазақ аграрлық университеті ректорының кеңесшісі Бөрібай Жексембин ауылшаруашылығын дамыту жолындағы нақты шараларға тоқтала отырып, Елбасының тапсырмасы негізінде жұмыстар жасалып жатқандығын айтты:

– Былтыр қазан айында Ғылыми және ғылыми техникалық нәтижелерді коммерциялау жөнінде Президенттің Жарлығы шыққан болатын. Осыны іске асыруда университет ректоры Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдерімен меморандумға қол қойып, бірқатар шаралар атқарылуда – деп, слайд арқылы жұртшылыққа толығырақ мағлұмат берді. Кездесу барысында аграрлық ғылым жетістіктері және ғылым мен өндірістің интеграциясын енгізу негізінде агробизнестің дамуына қолдау көрсету мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, әр ауданның шаруалары өз мәселелерін де ортаға салды. Негізінен көтерілген мәселенің басым көпшілігі суармалы су мен арық тақырыбында болды. Біздің ауданның проблемасы да сол. Егістік аймақтарды сумен қамтамасыз етіп отырған Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы (БАК) негізсіз судың бағасын көтеріп жіберген. Оған қоса, арнайы арықтар болмағандықтан сонша ақшаға сатып алынған судың жартысы жерге сіңіп кетеді. Осы мәселелерді қозғаған шаруа қожалықтарына аудан әкімі алдағы уақытта арықтардың қалпына келтірілетіндігін жеткізді.

– Кеңес үкіметі кезінде барлық егістіктер арықпен қамтамасыз етілген. Тек тоқырау жылдары тұрғындар сол арықтарды бұзып қора салды, енді бірі ішіндегі темірлерін Қытайға өткізіп ақша тапты. Қысқасы, бәрін өзіміз құрттық. Жақында бұл мәселе де оң шешімін тапты. Бүгінде арықтар соттың шешімімен иесіз деп танылуда. Кейіннен, құжаттары рәсімделіп, мемлекет теңгеріміне қайтарылады. Сөйтіп, жөндеу жұмыстары жүргізіледі – деп шаруларға қуанышты хабарды жеткізді. Барлық саланың аяғына тұсау болған қағазбастылық мәселесі шаруа қожалықтарын да әбден есеңгіреткен. Қапшағай қаласының маңында пияз өсірумен айналысатын шаруалардың айтуынша, өнімді Ресейге жіберу үлкен мұң. Пиязды жүк көліктеріне тиеген соң, суретке түсіріп, суретін халыққа қызмет көрсету орталығына апару керек. Ол жерден шығып тағы бір мекемеге. Төрт-бес келі пиязды алып, Алматы қаласындағы зертханаға тексерту керек. Сараптама қорытындысын алған соң, оны қайта халыққа қызмет көрсету орталығына апарып, ол жердің мамандарына егістік алқабын көрсетуі тиіс. Осылайша, екі-үш күн сандалып жүргенде, жүк көлігінің иесі шу шығарады немесе тапсырыс берушілер наразылығын білдіріп, соңында шаруалар шығынға ұшырайды. Міне, осы проблеманы көтерген қапшағайлықтар министрліктен «бір терезе» қағидасын енгізіп беруді сұрады. Немесе, құжат жинау мәселесі тоқтатылса екен дейді.

Басқосу барысында шағын шаруа қожалықтарын біріктіріп, кооператив құру ұсынылды. Бұл ұсыныс шаруалар тарапынан да қолдауға ие болды. Себебі, бүгінде шағын қожалықтардың техника алуға, зоотехник мамандарын ұстауға шамасы жетпейді. Егер кооператив құрылса, орталықтағы техникалар мен мамандар барлығына қолжетімді болар еді.

Шара соңында ғылыми-зерттеу институтының өкілдеріне басқа да тақырыптарда сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Мамандар оқыту мәселесі де талқыланды.

Сардарбек НҰРАДИН. 

Оқылды 4731 рет

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 28, 2024

АЭС – объективті қажеттілік

АЭС — электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндірудің бір түрі. Ядролық энергия…
Қырқ 27, 2024

о проведении республиканского…

г.Қонаев – 2024 год 1. Общие положения 1.1. Настоящее положение определяет порядок…
Қырқ 27, 2024

Республикалық конкурс өткізу туралы …

Қонаев қаласы – 2024 жыл 1. Жалпы ережелер 1.1. Осы ереже «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы…
Қырқ 27, 2024

Сарапшы: Қоғамдық мәселелерге…

Ел тұрғындарының энергетика саласындағы мәселелерге қатысты пікірі қалыптасып, саяси…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау штабының өкілдері…

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының өкілдері ақтөбеліктермен…
Қырқ 27, 2024

Члены Народного штаба за…

В регионе продолжилась работа Народного штаба за строительство АЭС. Депутаты, эксперты и…
Қырқ 27, 2024

АЭС-тен көмірқышқыл газы да, күл де…

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза…
Қырқ 27, 2024

Халықтық штаб: Атом электр…

Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық…

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты.…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет