Сейсенбі, 10 Қазан 2017 00:16

Қоғамдастықтың белсенділігі артты

Жергілікті өзін-өзі басқару

Түрген ауылдық округінің әкімі  Бота ЕЛЕУСІЗОВА:

«Қоғамдастықтың белсенділігі артты»

Қазақстан – зайырлы, демократиялық

мемлекет. Бұл туралы Ата Заңымызда айқын жазылған. Жүргізіліп отырған осы саясаттың

аясында, Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылы елімізде жергілікті өзін-өзі басқарудың тұжырымдамасын бекітті. Осы құжатқа сәйкес жергілікті әкімдер сайланып, өз есеп-шоттарын ашып, проблемаларын тұрғындармен ақылдаса отырып шешуге кірісті. Бүгінде аталған жүйенің екінші кезеңі жүзеге асырылуда.Ал бірінші кезеңі 2015 жылы аяқталды. Осы орайда, аталған құжат бойынша округ әкімдіктерінде қандай жұмыстар атқарылды, қандай қиындықтар туындап отыр? Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында мемлекеттік қызмет саласында ұзақ

жылдар бойы еңбек етіп жүрген, Түрген ауылдық округінің әкімі Елеусізова Бота Серікқызымен сұхбаттасқан едік.

 

– Бота Серікқызы, мемлекеттік қызметте ұзақ жыл қызмет еткен тәжірибелі басшы екендігіңіз бізге мәлім. Бүгінде тұрғындар жергілікті өзін-өзі басқарудың қандай жүйе екенін түсіне бермейді. Өзін-өзі басқару жүйесін қарапайым тілмен айтып берсеңіз.

– Бір сөзбен айтқанда, жергілікті өзін-өзі басқару – халықты билік ісіне араластыру. Оларға да жауапкершілікті сезіндіріп, жергілікті мәселелерді шешуге тарту. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Респуб-ликасы Президентінің 2012 жылғы 28 қарашадағы №438 Жарлығымен Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту Тұжырымдамасы бекітілді. Осыған сәйкес, елімізде жергілікті өзін-өзі басқаруды екі кезеңмен дамыту көзделген. Бірінші кезеңде (2013-2014 жылдар) басқарудың төменгі деңгейлерінде қолданыстағы жүйенің әлеуетін кеңейту және басқару мен қаржыландырудың тетіктерін іс жүзінде пысықтау қарастырылған. Бұл шаралар өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту үшін негізгі алғышарт болып табылады. Ал екінші кезеңде (2015-2020 жылдары) жергілікті өзін-өзі басқарудың функцияларын одан әрі бөлу мәселелері, өзін-өзі басқару органдарының бюджеті мен меншігін қалып-тастыру, сондай-ақ, ауылдық округтердің деңгейінде әкімші-лік-аумақтық бірліктерді оңтайландыру мәселелері пысықталатын болады.

– Түрген экономикалық-әлеуметтік жағынан дамыған, халық көп шоғырланған округ-тердің бірі. Осындай ірі мекенде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі қалай іске асуда?

– Жоғарыда аталғандай, біздің округімізде де жергілікті өзін-өзі басқару кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 2014 жылы 2-4 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы №1106 Қаулысымен бекітілген жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің үлгі қағидасына сәйкес, жиын өтіп, жергілікті қоғамдастық мүшелері сайланды. Бүгінде Түрген ауылдық округі бойынша жергілікті қоғамдастықтың 63 мүшесі бар, яғни, сол кездегі сайлаушылардың 1 пайызы. Бұлар жиынға қатысушы азаматтар. Осының ішінен 15 адам жиналыс мүшелері ретінде сайланды. Негізінен, мәселелердің көпшілігін жиналыс мүшелерімен ақылдаса отырып шешеміз. Тағы 3 адам бюджеттің игерілуіне мониторинг жасап отырады. 2014-2016 жылдар аралығында жергілікті қоғамдастықпен 4 жиын 12 жиналыс ұйымдастырылды.

– Қоғамдастық өкілдерімен ақылдаса отырып округ аумағында қандай мәселелер шешімін тапты?

– Осы уақытқа дейін қоғам-дастық өкілдерімен бірлесе отырып біраз істің басын қайырдық. Айталық, округіміздегі ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, жартылай жетім балалар, жалғызбасты аналар мен қарттарымыз, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек беру мәселесі қоғамдастық өкілдерімен бірле-се отырып шешіледі. Сонымен қатар, жастардың саламатты өмір салтын ұстануын да назардан тыс қалдырған емеспіз. Басқосуларда қолма-қол бақы-лау шотындағы қаражаттан окру-гіміздің волейбол командасына біркелкі спорт киімдері алынды.

Ауылдың кіре-берісіне округ-тің аты жазылған заман талабына сай стелла орнаттық. Өздеріңізге белгілі, жыл сайын округімізге туристер мыңдап ағылып жатады. Ауылға кіргеннен-ақ оларға жақсы әсер қалдыру – біздің міндетіміз. Сондықтан, округті көркейтуді кіре-берістен бастадық.

Инфрақұрылым мәселесі де басты назарда. Таутүрген ауылының барлық көшесіне асфальт төселді. Оған қоса, Түрген ауылындағы Достық, Әубәкіров, Петров, Желтоқсан көшелері жөндеуден өтіп, асфальтталды. Бұл да қоғамдастықтың жиналысында шешілген проблема. Ономастикаға байланысты атаулары ескірген немесе өзінің мәнін жоғалтқан көшелердің атауын өзгерту сынды мәселелер де қауымдастықпен ақылдаса отырып жүзеге асырылады.

– Жергілікті бюджетке қанша қаржы жиналды? Түскен қаражат қайда жұмсалуда?

– 2018 жылдан бастап тұрғындардың саны 2 мың адамнан асатын әкімшілік аумақта мемлекеттік бюджеттің 4 деңгейі енгізілуіне байланысты ауыл әкімдерінің және аппарат мамандарын қаражат көзін қалыптастыру және ол қаражатты игеру жұмыстарымен таныстыру мақсатында 2016 жылдың 22 қаңтарынан ҚР Бюджет кодексінің 35-бабына сәйкес, округ әкімдігінің шотына жеке тұлғалардан алынатын жер, мүлік және көлік салықтарынан трансферт ретінде қаражат аударылады. Осы бапқа сәйкес, біздің шотымызға трансферт арқылы аудандық бюджеттен 7 млн 529 мың теңге қаражат бөлінді. Жоғарыда айтып өткен мәселелер осы қаржының есебінен өз шешімін табуда.

– Сіз үш салық көзінен түскен қаражатты айтып өттіңіз. Негізінен, сіздерде қанша кіріс көзі қарастырылған?

– Жергілікті бюджетті толық-тыру көзі ретінде негізгі 11 кіріс көзі айқындалған. Атап айтар болсақ, жеке тұлғалардан алынатын мүлік, жер, көлік салығы. Төлем көздерінен салық салынбайтын кірістерден алынатын табыс салығы. Заңды тұлғалардан алынатын жер және көлік салығы. Ауылдық округтердің аумақтары арқылы өтетін автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде сыртқы жарнаманы орналастыру үшін төлемақы және салықтық емес түсімдер. Жеке және заңды тұлғалардың ерікті алымдарынан түсетін түсімдер. Әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін салынатын айыппұлдар. Аудандық бюджеттен берілетін трансферттер. Алдағы уақытта октугтің бюджеті осы 11 кіріс көзі арқылы толығып, оны қайда жұмсау керектігін жергілікті қоғамдастықпен бірлесе отырып шешеміз.

– Округте әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айып-пұлдар салынып жатыр ма?

– Айыппұл мәселесі де бір жүйеге келмей тұр. Өйткені, біз айыппұл салуға қаулы қабылдай алмаймыз. Мұны жергілікті полиция өкілдері жүзеге асырады. Яғни, белгіленбеген орында сауда жасау немесе қоғамдық орынды ластап, қоқыс тастағандарға айыппұлды учаскелік полиция инспекторы салады. Ол айыппұл округтің шотына түспейді. Сондықтан, бұл бапты жергілікті полицияда қалдырып, ал төленген айыппұл сол округтің қолма-қол бақылау шотына түссе.

– Тұжырымдамада әкімдер-ге ерікті және нысаналы алымдар, қайырымдылық қорлар мен демеушілердің жарналары есебінен кірістер қалыптастыру құқығы бері-леді делінген. Осы орайда, Түрген округіндегі шаруа қожалық басшылары мен кәсіпкерлер демеушілік етіп, есеп-шотқа ақша аударады ма?

– Менің мемлекеттік қызмет-тегі өтілім 15 жылға жуық. Шыны керек, осы уақыт ішінде тәжірибе көрсеткендей ешбір кәсіпкер немесе мекеме қолма-қол есепшотқа өз еріктерімен ақша аударған емес. Бірақ, белгілі бір мереке қарсаңында және арнайы сұраныс арқылы жылына 1,2 млн теңге көлемінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына демеушілік көмектер көрсетеді. Осыны ескере отырып, кәсіпорындар мен кәсіпкерлерге табысынан белгілі мөлшерде арнайы есеп-шотқа қаражат аударып отыру міндеттелсе. Соған сәйкес, оларға салықтан немесе өзге де жеңілдіктер қарастырылса, округіміздегі көптеген мәселелер оң шешімін табар еді. Оған қоса, есеп-шотқа ақша аударғысы келгендер банкке барып, кезек күтіп, құжаттар толтыруы тиіс.

– Жаңадан қолға алған бас-таманың кем-кетігі болары даусыз. Сіздің ойыңызша, жергілікті өзін-өзі басқару бойынша бұдан өзге нені жетілдіру керек?

– Әрине, заңдардың толықтыруды қажет ететін тұстары бар. Мен бұл мәселені Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменовпен кездесуде де ортаға салған болатынмын. Атап айтар болсақ, жасыратыны жоқ, жергілікті қауымдастық мүшелерінің белсенділігі төмен. Оны арттыру үшін Кеңес ұйымы құрылып, тұрғындардың дауыс беруі арқылы округке депутаттар сайланса, сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі артар еді. Біздің қауымдастық мүшелері түрлі сала өкілдері болғандықтан, кейбірі жұмыста, кейбірі жеке шаруасынан қолы тимейді. Қайта-қайта жиналысқа келуге қиналады. Сондықтан, Кеңес ұйымы құрылып, өздерінің есеп-шоты құрылса, аз болса да жұмысына қарай жалақы төлеп отырар еді.

Халықтың санын анықтау да бүгінде оңай шаруа емес. Қазіргі уақытта тұрғындарды тұрақты тіркеуге қою халыққа қызмет көрсету орталығы және ішкі істер басқармасы арқылы жүзеге асады. Жергілікті әкімдіктер адам саны, мектепке дейінгі балалар мен әлеуметтік топтар туралы мәліметтерді ауылдарды аралау арқылы ғана анықтайды. Ал базаға қолжетімділік болса, бұл кедергіден арылар едік.

Бізде бірыңғай салық базасы жоқ. Бюджеттің төртінші деңгейін құру бойынша кәсіпкерлердің төлейтін салығы туралы мәлімет жоқ. Олардың салығы мемлекеттік кірістер басқармасына түседі, одан соң трансферге отырғызылады. Бұл жергілікті бюджетті жоспарлауға кедергі келтіреді.

Міне, осындай мәселелер Алихан Байменовпен кездесуде округ әкімдері тарапынан көтеріліп, оны шешу жолдары ұсынылған болатын. Алдағы уақытта өтініштеріміз ескеріледі деген сенімдемін.

– Кемшіліктерден бөлек, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі нәтижесін беріп жатқан болар?

Шыны керек, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі енгізілгелі, халық билікке бір табан жақындай түсті. Өздерінің арасынан белсенділерді сайлап, ол арқылы жергілікті әкімдікпен тікелей байланыс орнатты. Ең бастысы, тұрғындар ауылдың мәселесін шешуге атсалысып, өз пікірлерін ашық білдіре алады. Осы күнге дейін қауымдастықпен 12 жиналыс өткізілді. Басында тұрғындар әкімдік айтқан ұсынысқа қолдау білдіріп, бірауыздан қабылдап жіберетін. Қазір кейбір мәселелерде өздерінің ойларын ортаға салып, ауылдың тыныс-тіршілігіне бей-жай қарамайтындығын дәлелдеуде.

– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.

 

Әңгімені жүргізген

Сардарбек НҰРАДИН.

Оқылды 2169 рет

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 28, 2024

АЭС – объективті қажеттілік

АЭС — электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндірудің бір түрі. Ядролық энергия…
Қырқ 27, 2024

о проведении республиканского…

г.Қонаев – 2024 год 1. Общие положения 1.1. Настоящее положение определяет порядок…
Қырқ 27, 2024

Республикалық конкурс өткізу туралы …

Қонаев қаласы – 2024 жыл 1. Жалпы ережелер 1.1. Осы ереже «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы…
Қырқ 27, 2024

Сарапшы: Қоғамдық мәселелерге…

Ел тұрғындарының энергетика саласындағы мәселелерге қатысты пікірі қалыптасып, саяси…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау штабының өкілдері…

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының өкілдері ақтөбеліктермен…
Қырқ 27, 2024

Члены Народного штаба за…

В регионе продолжилась работа Народного штаба за строительство АЭС. Депутаты, эксперты и…
Қырқ 27, 2024

АЭС-тен көмірқышқыл газы да, күл де…

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза…
Қырқ 27, 2024

Халықтық штаб: Атом электр…

Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық…

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты.…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет