Бейсенбі, 29 Сәуір 2021 11:21

АБЫЛАЙ ХАН МЕН ЖОЛБАРЫС БИ ТУРАЛЫ ТЫҢ ДЕРЕКТЕР

Көп жағдайда тарихшылар он сегізінші ғасырдағы қазақ халқы бастан кешкен күрделі кезең туралы жазғанда, ұлтқа белгілі үш-төрт батырдың ғана атын тілге тиек етеді де, айтулы жетістіктерге айтулы үлес қосқан басқа да ержүрек ерлерді, таудай тұлғаларды мүлде атаусыз қалдырады. Тарихты саралағанда ұлы ханымыз Абылайдың басты тірегі болып, еңбегі мен ерлігін еселеген Қойайдар, Хангелді, Төле, Қазыбек сынды билердің, Қарасай, Бөлек, Сатай, ақтық шайқастарда тұтасып қатар жүрген Жолбарыс, Өтеген, Ескелді, Балпық, Қабан, Наурызбай, Райымбек, Барақ, Сәмен, Мықтыбек, Жоламан секілді ерен ерлерсіз, олар басқарған Ұлы жүз қазақтарының қалың қолынсыз жоңғарға қарсы жүргізілген жойқын күресті қарастыру мүмкін емес. Қазақ халқының тағдыры шешілген осы тарихи кезеңнің астарын ашып, түбін ақтарып жазбасақ қазақ тарихына қиянат жасағанымыз болады. Жолбарыс би туралы жазғанымызда осы айтулы тарихи тұлғаның шыққан тегіне, Алаштың ұлы биі болып қалыптасуына,өз заманының алдыңғы қатарлы азаматына айналуына әсер еткен танымал қайраткерлерді, ұлттың тірегі болған ел ағаларын айшықтай айта кеткеніміз жөн.

Абылай хан мен Жолбарыс би бір уақытта туып, қилы кезеңде өмір сүрді, қатар жүріп заманауи істерді атқарды, үзеңгілес дос болды. Осы екі айтулы тарихи тұлғаның жүріп өткен жолдарын ұштастырып, біріне-бірін байланыстыра отыруды жөн көрдік, өйткені Абылайдың сонау Шыңғыс ханнан жалғасып келе жатқан даңқты да даңғыл жолы аспандап тұрған атағы болса, Жолбарыс бидің артында сол Хандардың Ханы, яғни Шыңғыс құрған әлемде теңдесі жоқ алып империяның шаңырағын көтеріп, керегесін керген негізгі күші, арқа сүйер тірегі болған  Жалайырлардың қалың елі, тұтасқан жұрты тұрды.

Енді осы ұлы екі тарихи тұлғаның үлкен саяси сахнаға шығар тұстағы қазақтың кеңбайтақ сайын даласында болып жатқан жағдайды сипаттап өтейік. Жетісудағы Моғолстан мемлекетінің жойылуы және осы құтты мекенде қазақ хандығының құрылуы, қатар жатқан  түбі бір ру-тайпалардың  ұлт болып бірігіп, халық болып қалыптасуына  күшті ықпал етті. Он бесінші, он алтыншы ғасырларда қазақ хандығының  негізін құрап, керегесін кеңейткен, абырой-атағын биіктеткен, алты Алаштың баласы мекен еткен  жерде болған талай-талай қилы кезеңдерден шыңдалып өткен, сындарлы шақта басымыз қосылмаса  болмас деп, ұлт болуға  ұлыс боп  ұмтылған Жалайыр, Қаңлы, Албан, Суан, Дулат, Шапырашты, Сіргелі, Шанышқылы, Ысты, Ошақты, Қатаған тайпалары тұтасып, бір арнаға түскен ұлы өзендей Ұлы жүз бірлестігін құрды. Бұл әрине сан ғасырларды артқа салып қайтадан орнына келген, қайта қалпына түскен  заңды құбылыс  болатын, өйткені атам заманнан ақылды абыз басшылардың арқасында қатар жатқан қаны бір  тайпалардың бастары бірігіп, керегелері кірігіп, сонау біздің заманымыздан бұрын 105 жылы Жетісуда Шығыс Түркістан, Қашғар, қазіргі Қырғызстан жерінде Үйсін бірлестігінің, ал біздің дәуіріміздің 6-7  ғасырларында Дулу одағының, одан кейін Батыс Түрік қағанатының құрамында болуы ата тарихымыздың негізіне айналды.

Ұлы Үйсін бірлестігі тұсында, шығыста Аягөз, Қаратал, Іле, оңтүстіктегі Қытай жеріндегі Үйсін тауынан Қашғар, Құлжадан бастап, Шу, Талас бойын, Қаратаудың етегін өрлей мекен еткен бұл тарихи танымал тайпалар Қасым хан тұсында Қазақ хандығының басты тұғырлы тірегі болды. Бейбіт кезеңде арасы ажырап, жау шапқанда бастары бірігіп, бір арнаға түсіп толқын атқан өзендей алып тайпалардың  қайта тұтасып, күрзідей күшейіп Ұлы жүз бірлестігін құруына бірнеше тарихи  салмағы ауыр себептер ықпал етті. Көршілес жатқан Жоңғар елінің қоңтайшысы Батыр 1643 жылы Ұлы жүздің шығыс аймағындағы біраз жерін өзіне қаратса, ал 1681-1688 жылдары қазақ тайпаларының басы бірікпей, бірінен бірі алшақ жатқанын пайдаланған жоңғаралар күш жинап, шеру тартып, Оңтүстік Қазақстандағы аймаққа айбат көрсете шабуыл жасады.

Сол себептерден де ХVІІІ ғасырда Ұлы жүз қазақтарының ұлан-ғайыр жерінің бірталай аумағы жоңғар басқыншыларының қол астында қалды. Кезінде Қазақ хандығының тұтасқан күші болған Ұлы Жүз қазақтарының, қабырғалы қалың елдің басын қайта қосып, құрығы ұзын қаһарлы жаудың табанында қалған Жетісуды, туған жерді Алаш боп азат етіп, халқына қайтармаса болмады. Осындай таудай биік заңғар істі қолға алып, қазақ халқын бұрыннан қалыптасқан сара жолға түсіріп, ұйымдасқан ұлықты ұлт етуге Қойайдар, Төле, Хангелді, Бөлек, Сатай, Балғалы Барақ, Жоламан, Сәмен, Жылгелді сынды ел ағалары, танымал тарихи тұлғалар, сол заманның салмақты сұлтан, беделді билері белсене атсалысты. Жетісу мен Қаратау аймағында қабырғалы қазақтың тайпалары бірігіп, Ұлы жүз хандығын құрып жатқанда, күшейіп, мықты қарумен жарақталған әскері бар жоңғарлар 1723 жылы аспандап тұрған  Алтынемел тауынан асып,  Қаратал, Іле, Шу, Талас, Балқаш бойына, Қаратау өңіріне қатты шабуыл жасады. Қазақ халқының қабырғасына батпандап кіріп, қатты батқан «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атты ел-жұрттың тағдыры өткір найзаның ұшына ілінген бел қайыстырар  тарихи кезең басталды.

Орыс ғалымы Левшиннің пікірі бойынша қанды қырғынға қатты ұшыраған Ұлы жүздің үлкен шоғырлы тобы және Орта жүздің аз бөлігі Ходжентке, Орта жүздің басты көші Самарқантқа, ал қалғаны Хиуа мен Бұхараға көшті. Ұлы жүздегі құрамы үлкен, саны көп дулаттар, қаңлылар Ходжент, Ташкент, Самарқант аймағында қалса, дулаттардан кейін саны басым, жұрты көп Жалайыр тайпасы Ұлы жүз және Орта жүз руларымен бірігіп, Сырдарияның бойында орналасқан Алқакөл көлінің маңында табан тіреп, біраз жыл тұрақтады. Қазақ тарихшысы  Мұхамеджан Тынышбаев: «Хилково  темір жол бекетінен  батысқа және солтүстік батысқа қарай, бүкіл Самарқант  облысы бойынша, Бұхараға дейін Жалайыр, үйсін, найман, қыпшақ аталынатын қыстақтар көп орналасқан.Сондықтан да, қырғыннан қашқан  қазақтардың  көші  осында кеп тұрақтап тоқтағаны Левшиннің жазбаларында, халық аңыздарында,  күні бүгінге дейінгі географиялық  атауларда  сақталып қалды, сөйтіп тарихи шындықтың беті ашылды» деп жазды «Великое бедствие» атты кітабында.

Ұлы жүздің [аны Жолбарыс өзі билеген қазақ қауымдары мен Ташкент тұрғындарының атынан Жоңғар хандығына  тәуелділігін мойындады.Халықтың  тағдыры тығырыққа тірілген тұста саяси дағдарыстан, қанды қырғыннан қазақты аман алып шығу үшін Алаштың абыздары, ел ағалары, ұлы билер тынымсыз тірлік кешіп, жаңа, сара жол іздестіре бастады. 1733 жылы  Ұлы жүздің елшілері Аралбай мен Оразкелді Ресейге арнайы барып, қатын патша Анна Иоановнаға ұлы билер Қойайдар,Төленің және Хангелді, Бөлек, Сатай сынды батырларының атынан жазылған деректі  хатты апарып тапсырды. 1734 жылдың 20 сәуірінде Анна Иоановна Жолбарыс ханға грамота жолдады,бірақ Ұлы жүз бен Ресей арасындағы  бұл байланыс жер  шалғайлығына байланысты іске аспай қалды. Бұл шара діттеген  жеріне жетпеген соң, Жолбарыс хан мен Ұлы жүздің атақты әрі басты билері  Қойайдар мен Төле, Хангелді, Бөлек, Сатай, Өтеген, Балғалы Барақ,  Жоламан, Сәмен сынды батырлар өздері атқа қонып, ұран тастап, қара таудың етегіндегі Ташкент, Ходжент, Ферғана, Ангрен, Самарқант, Бұхара маңындағы, Сырдария, Шу бойындағы  қазақтардың бастарын біріктіріп, қарулы қол жинап, жоңғарлармен табанды күреске шықты.

Қанды соғыс табаны күректей отыз жылға  созылып, қалың қазақ  азаптың қамытын мойнына артқанда, замандас әрі үзеңгілес  қос тарихи тұлға Абылай хан мен Жолбарыс би бір кезеңде ұлт үшін бастарын өлімге тігіп, саяси сахнаға шықты. Жастайынан  жетім қалған  бала Абылай  Ұлы жүздің  биі Төленің  қолына келіп, даңқты адамның басында түйесін, келе-келе  жылқысын бағып жүрді. Орта жолдан келіп қосылған  есімін, ныспысын, шыққан тегін ешкім білмейтін баланың түр-түсіне, істеген ісіне жіті қарап, сырттай бақылап жүрген қасиетті де шарапатты, қырағы көзді, жақсы менен жаманды бір көргеннен  танитын атақты Төле би: «Балам азан шақырып, атаң қойған атың кім?» деп сұрағанда, құпиясын көкірегінде ұстаған жас Абылай: «Менің атым жоқ, ата, қалай атасаңыз, солай болсын» деп, би-атаға бас иіп жүгініпті. Шашы үрпиіп өсіп кеткен, үстіндегі киімі әбден тозығы  жетіп жыртылған баланың адам аяр  ұсқынына қарап, Төле би оны Сабалақ деп атапты. Тағдыр Абылайды  үш жүзге, алты Алашқа, бүкіл қазаққа танымал ұлы би Төлеге осылай  табыстырды.

Ұлы даланың тарихи сахнасына көтерілген жалайыр Жолбарыс бидің де сындарлы шағы туған еді. Жазушы, фольклорист Ораз Исмайловтың бір туындысында жалайыр Жолбарыс бидің елге танылар  жас шағы былай баяндалады. «Жолбарыс би  Жылқыайдарұлы  Жалайырдың  күшік елінен, Сүйіндік әулетінен, Байтоқ атасынан тарайды. Жолбарыс бидің  әкесі  Жылқыайдар  өз заманында  өте бай, көпке танымал адам болып, талай-талай  адамдардың көзіне түсті».

Қалмақтың батыры Шарышты өлтіріп, қалың қолды дүр сілкіндірген Абылаймен үзеңгілес дос болған, қолына найза  ұстап, «Бақтиярлап» жауға шапқан Жолбарыс бидің балалық  шағы аңызға  толы. Оның әкесі Жылқыайдар  атамызға түсінде  аруақтар «Үшінші ұлың дүниеге келгенде өзің ат қойма, күндердің  күнінде үйіңе бір мүсәпір кісі келеді, атын сол қояды» деп аян беріпті. Айтқанымыздай, әке-шеше ұлды болады, бірақ он жыл шамасындай балаға ат қойылмай, «Әй, бала» атанып жүре береді. Уақыт өте, қолында бір аса таяғы бар мүсәпір келіп, Жылқыайдарды қуантады. Ол ақсарбас шалып баласына бата сұратады.Үш күннен соң әлгі адам азан шақырып, баланың атын Жолбарыс қояды. Содан «Әй, бала» емес, «Жолбарыс»  деп атанған  екен. Жылқыайдар  ауқатты бай адам болған. Жолбарыстан басқа 3-4  баласына енші береді. Сонда бала: «Маған  енші  неге бермедіңіз» дегенде, «Саған  деген Шұбар айғырды үйірімен  барымташылар  айдап алып кеткен. Шұбар айғыр малдың басы еді, енді сол жылқыларды іздеп тауып ал» дейді.  Жолбарыс әкеден бата алып жолға аттанады. Бірер күннен соң  бір байдың үйіне қонады. Әңгіме үстінде Жолбарыс барымталанған жылқыларды іздеп шыққанын айтып, «сол мал сіздің  малға қосылды» дегенді  естіп, сізге келдім» дейді. Бай оның қасиетін білгендей  қой сойып күтеді. Ертемен әлгі үй иесі жылқышысын  шақырып алып, мына жігіт жоғалған жылқыларын іздеп, осында келіпті, қалай, мал ішінде  бөтен тұяқтар жоқ па? деп сұраса, қара дәу  жылқышы байға  сұс көрсете, «Немене, ерігіп жүрген  ойын баласына жылқы бермексіз бе, алжыдыңыз ба? Бізде ешкімнің  жылқысы жоқ» деп жоқ іздеген  жігітті менсінбей, әдепсіздік танытады. Осы кезде Жолбарыс он бес жаста екен. Тұла бойын ыза кернеген ол, жолбарысша атылып, дәу қараның көкірегіне қона буындырғанда, оның аузынан қара қан судай ағады. Бай арашалайды, ал жылқышы болса, шыбын жаны үшін шырылдай қорқып,  «Босат, шындықты айтайын» деп жалынады. «Иә, он бес жыл бұрын  сен іздеген малдар  біздің жылқыға қосылғаны рас еді» деп шынын айтып, жөнге келеді. Бай Жолбарыстың  турашылдығы мен батылдығына дән риза болып, тай сойып, құрмет көрсетеді. Жас батырдың  жылқыларын өсімдерімен 100 басқа толтырып, батасын беріп,үйіне қайтарады. Бұл аңыз әңгімеде аттың жалын жаңа  тартып мінген  батыр жігіттің  ерекше рухтанып, өз атасы  малының басы болып саналатын қасиетті шұбар айғырды  қайтарғаны ғана емес, сонымен қатар киелі жұртына ие болар жалынды жастың бір атаның ғана емес, бүкіл ел, қабырғалы қалың қазақтың абыройын сақтап, намысын  қорғайтын ерен ердің шаршы топтың алдына шымырлап, шыңдалып шығуы туралы айтылады.

«Орта жүздің игі жақсылары ақылдаса келе, ұлы хандардың  бәрі  ұлы жүзде болған, Төле биге сый апарып, Абылайды  өзімізге алып, хан сайлап алайық» деп Шәкәрімнің қағаз бетіне түсіріп кеткені бекерден бекер емес. Шынымен-ақ ұлы хандардың тұғырын биіктетіп, алтын таққа отырғызып отырған Ұлы жүздің аузы дуалы билерінің бірі, кезінде Ресей империясының қатын патшасы Анна Иоановнаға арнайы хатты Төле би, Хангелді, Бөлек, Сатайлармен бірігіп жазған, бірақ жылнамашының қателігінен  Қодар би деп жазылып кеткен, шын аты Жалайыр Қойайдар би қалың елдің бас көтерер, арқа сүйер ауқатты адамы, мыңғырған малының тұяғы  тисе бұлақтың суы тартылып қалар Жылқыайдар  байдың үйіне  арнайы қонаққа келеді. Бар өмірін  халқына сарп еткен, бала жастан  аттың жалын тартып мініп, айтулы билердің қасынан бір елі қалмай, даулы істерге, әлеуметтік шаруаларға жасындай жарқылдай тікелей араласқан тура би Қойайдардың ат басын Жылқыайдар байдың ауылына тіреуі тектен тек емес еді.

Сексеннің сеңгіріне аяқ басса да, қара басының қамын ойлап  қартайдым, шау тарттым демеген, ұлы би кейінгі кездерде іштей қатты мазасызданып, аз сөйлеп, көп тыңдайтынды шығарған. Көршілес опасыз қалмақ күшейіп, бейқам жатқан қазақты айдаһардай арқырап бас салғанда, ата жұрты, алтын бесігі Жетісуда өмір сүріп жатқан Алаштың  белді тайпалары Жалайыр, Албан, Суан, Дулаттар бас көтеріп, ес жия алмай, үдере көшіп, Бетпақ даланы басып өтіп, Қаратаудың етегіне, Сырдың бойына, киелі қасиетті Қазығұрттың тауына жетті. Көшіп келген алты Алаштың  бар баласының  басын қайта қосып, есін кіргізіп, сайдың тасындай жігіттерді қолдарына найза ұстатып, атқа қондырды. Қаратау, Сыр, Қазығұрт Түркістанды мекен етіп, табан тіреген  қазақтардан әскер құрып, бұлттай түйіліп, елді қырып, малды талаған қалың жоңғардың  бетін қайтарды.

Жаныс Төле би, Албан Хангелді, Ботпай, Сәмен, Шапырашты Бөлек, Балғалы Барақ батырлармен Ұлы жүздің  үлкен ұлыстарына, бүкіл жұртына  ие боп жүрген  Қойайдар  бидің ойына күдік, жанына кірбең  түсті, сексенге  тақап қалыппын, осы  айбынымызды асырып, беделді би, қаһарлы хандармен, адуын сұлтандармен  иық тірестіре алар мұрагерім бар ма?! Жау жағадан алып,өзім дегенің  өзегіңнен теуіп, жақының  жат болып, пейілі мен мейрімі  тартылып тұрғанда  жалпақ Жалайырдан халыққа  қамқор, жұртқа  тірек  болар табанды   тұлға, ақылды абыз шыға ма деп, Қойайдар  би күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан арылған. Осылай  ұлы би ойға батып жолы тар, жаны зар боп жүргенде, Жылқыайдар  байдың елге ие болар арыстай асыл  баласы бар  екен дегенді естіп, іргелі елге  танымал болып қалған Жолбарыс  жігітті алыстан ат арылтып іздеп келеді. Бұл кезде үлкен елдің басты үміті Жылкелді бидің баласы, Төле бидің туған жиені Ескелді әлі жас болатын. Мал сойылып, қазан көтеріліп, ауыл әбігерге түсіп жатқанда, арнайы мақсатпен келген ұлы би сырттай өзі көп естіген Жылқыайдардың баласы Жолбарысты көзбен көріп, сыннан өткізуге асықты.

– Жылеке, біреудің ауыз толтырып айтар атаны, қасқайып тұрар көкжалы, жерді жұлқып, көкте жасындай жарқылдар қыраны болады, сенде елдің иесі, жердің киесі болар жол бастар Жолбарысың бар екен, маған көрсет, – деп ұлы би астарлап келіп, көңілді күпті еткен ойының тоқ етерін бірден айтты. «Баламның бағы жанайын деп тұр екен-ау, қызыр қонған құзырлы би бекер келмесе керек-ті. Бұл да болса Алланың әмірі шығар, Құдірет бізге оң көзбен қарап тұр екен» деп Жылқыайдар бай іштей тұжырымдама жасады да, ұлы  Жолбарысты ордасына шақырды. Басқа жігіт болса, бабам шақырып жатыр екен деп арсалаңдап, аңқылдап жетіп келер еді, ал бұл болса өзінің атын естісімен-ақ ұлы би мені сынға алайын деп жатыр екен-ау деп, сымдай тартыла, қырандай қомданып  шыға келді.

– Ассалаумағалейкүм, ата, – деп құтты табалдырықтан аттағанында, құс жастықты қолтығына басып жатқан би ләм-лим деп үн қатпастан, отты да өткір көздерімен болаттай берік, темірдей тегеурінді жігітке тесіле қарады. Па, шіркін, бұл жігітке Алла барын аямаған екен! Сирағы ұзын, аяғы үлкен, табаны жалпақ, балтыры жуан, атан жілікті, жер сілкінсе де мыңқ етпей, теңселмей нық тұратын тұғыры биік тұлға екен! Басы дәу, көзі үлкен, отты, жанарына ой тұнып тұр, жылдам ашу мен ұшқыр ойға бой алдырмайтын, ақылға жүгінетін, сабыр сақтап, болашағын болжап отыратын абыз адам болары хақ. Алып тасты арқасына артсаң да дым демейтін жауырыны қақпақтай, құрыштан құйылған кең иықты, жуан мойын екен. Қолдары ұзын, білектері келісаптай берік, пейілі аспандай ашық, күндей мейірлі, даладай дархан жігіттің ауқымды кең  құшағына қалың елі сыйып кетері даусыз. Қилы заманның сынына да, батыр адамның айбынды күшіне де, өктем өмірдің  дауылы мен жауынына  да төтеп бере алатын,көп ойланып, көп тындап, аз сөйлейтін, ақылымен даралап,санасымен саралап барып қимылдайтын нағыз  сардар болатын адам екен. Қарапайым халықтың  бағына, қасіретті көп көрген, қайғыны көп шеккен  қазақтың көз жасына  Алланың бере салған  сыйы екен бұл жігіт. Қырандай қанатын жазып, ақ орданың төріне  қақшиып отыра қалған Қойайдар баба жуан дауысымен саңқылдай:

– Арманымды іске асырар  арысымды, биліктің тізгінін қолына ұстатар Жолбарысымды, жасындай  жарқылдар қыранымды, ел басқарар көсемімді, жұртымды жарылқар  сардарымды сайын даладан сан іздеп, арқа етім арша, борбай етім борша боп жүргенде, Аллам өзі оң көзімен қарап, үлкен іске бас болар жас батырмен жолықтырды.  Халқыма қамқор, еліме тірек болар, сара жол тауып, жерімді қорғар сардар сарбазым, дауға түсіп, жұрттың намысын жібермейтін, жастың жігерін шыңдайтын, ақсақалдардың ақ басын, атақ-даңқын асқар тауға көтеріп, жауға арын таптатпайтын білікті білгір биім, сенімді  ізбасарым енді өзің боласын, балам! Көктен көрінер  санатымсың, қайрылмайтын қанатымсың, төрге шық, он жағыма отыр! – деді.

Жылқыайдардың қуаныштан  төбесі көкке көтеріліп, жүрегі кеудесіне  сыймады. «Е, Алла, енді өлсем де арманым жоқ. Қолдай көр, қолдай көр, арысымды, еліме бас болар Жолбарысымды!» деп Құдіретке бас иіп, мың алғысын жолдады. Әке балаға сыншы дегендей, өз ұлдарының арасынан суырылып шыққан, өресі де биік, төбесі де биік баласының  бойындағы күш-қуатын, көп тыңдап, аз сөйлейтін, сөздің нарқын біліп, естінің айтқанын ыждағатпен, санасымен саралап , жадында сақтайтын ақылы мен көргендігін дөп баса білген қызырлы бидің өз тұлпарына деген ықыласын көріп, теңіздей тебіренді.

– Жылқыайдар, бауырым, мен ауыл-алды, ел-елді аралап, сауық-сайран құрып, қызық-құмар іздеп  жүрген сал-сері емеспін. Мал мен жанның, қарақан бастың қамын ойлаған шаруа баққан адамың да мен емес. Жау жеріме ойран сап, ата жұртынан айырылған елім тентіреп жүргенде, халықтың қамы  арқама ауыр жүк болып, қабырғамды қайыстырып тұрғанда, осының бәрі  қара тастай жаныма қатты батқанда, бекер қарап жата алмай, болашағымды барлап, іздегенімді діттеп, жоғымды жоқтап  өзіңе келдім. Адам шайтан емес қой, өлмейтін би, суалмайтын бұлақ жоқ. Қуатым барда, күшімді сарқып беріп, білгенімді бұлақтай құйып, болам деп тұрған баланы, жалындап тұрған жігітті бәйтеректей  би етсем, өзім өмірден өтсем, елім тентіреп  қорғансыз қалмас, тіккен туым тұғырынан түспес, бұрқыраған бұлағым сарқылмас деп ойлаймын. Болайын деп тұрған бала дегенім  – Жылгелді  бидің бел баласы, Төле бидің туған жиені  Ескелді. Жалындап тұрған жігіт дегенім –  өзіңнің асыл тұяғың, үкілеп жүрген үмітің Жолбарыс. Топқа қосар тұлпарыңды, құсқа салар сұңқарыңды маған қи, ат мініп, бір атаның  атын шығарғанша, көптің қамын ойлап, халықтың қалаулысы  болсын, дүйім жұртқа  ие болсын, тұмсығы тасқа тиген қазақты  тығырықтан шығарсын, таудай тұғырға көтерсін, – деді Қойайдар, қоңыр дауысын көтере сөйлеп.

 – Би аға,  ақыл жастан, асыл тастан деп, Жолбарысымды таңдап жатсаңыз,тайдай жүгіртіп, тұяғын тасқа салсаңыз да, күшін сынап, жонынан таспа тілсеңіз де еркіңіз, менің балам – сіздің балаңыз. Тек бір ғана өтінішім бар, күнде кеп жатқан көптің бірі  емессіз, елдің құты би дегендей, созса қол жетпейтін, аты ұранға шыққан құтты қонақсыз. Алыстан ат арытып келдім, асығып тұрмын деп  астан асып кетпеңіз, Қаратаудың етегіндегі, Түркістанның маңындағы Үйсін, Дулаттың игі жақсылыларын  ат шаптырып  арнайы шақырайын, даңқты батырлар мен бәйтеректей билер  бас қоссын. Бұрқырап аққан, жайқалып тұрған нуынан, құтты қонысынан, қазық қаққан, табан тірер жерінен айырылып, сүйегіне  таңба түскен, жаны жабырқау, көңілінде кірбің жатқан елімнің  еңсесі көтерілсін. Ақыл айтар абызым, бас көтерер батырым  бар екен ғой деп, жұрттың намысы  жалындасын, жүйрік тұлпардай  жастарым арындасын, – деп ағынан жарылған  Жылқыайдар байдың  сөзін ұлы би құп алды.

Жылқыайдар байдың ауылында қадірменді қонақ боп жатқан құтты би Қойайдардың замандастары үйсін-дулаттың асқар таудай  абыз, би, көреген көсемдері, білекті батырлары Төле, Өтеген, Хангелді, Бөлек, Сатай, Наурызбай, Жоламан, сиыршы Сәмендермен қатар қазақтың ноқта ағасы, жалпақ Жалайырдың бетке ұстарлары Жылгелді би, балғалы Барақ батыр, Деріпсалы би, Тәттібай батыр, Мықтыбек батыр, Мырза Асан ата,Сыпатай батыр сынды топты жарып, даңқы шыққан Алаштың арқа сүйер  азаматтары  алыстан ат арытып, жаздың  аптабына  қарамай, діттеген жерге бірден жетті. Ауызбіршілікті нығайтып, алқалы топтың, қалың жұрттың  басын біріктіріп, береке-бірлікті бекемдейтін, шаңырақты шайқалтпай, керегені теңселтпей, жау жағадан алып, ата қоныс – алтын аймағың жаттың қолында  тұрғанда, туған жеріңді азат ететін, қазақты қазақ ететін, келелі істі  шешетін, кезек күттірмес кездесулер қажет-ақ еді. Ел ағалары жайланған тұста,  төбе би Қойайдар өзінің айтар сөзіне көшті: «Қадірменді менің, асыл бауырларым! Туған жерден айрылып, сетінеген күшімізді жинайтын күн туды, байрағымызды қайта көтеріп, жау қолында  кеткен еншімізді жоны күжірейген жоңғардан кек қайтаратын кез жетті, шешуші ақтық кезең жетті»  деп  тоқтады. – Қалың қазаққа бас болып, жауға атылар  тас болып, қара жерді қайыстырар қол жинайтын Өтеген, Сәмен, Наурызбай, Барақ, Сыпатай, Тәттібай, Мықтыбек, Жоламан, сендер барсыңдар. Бүгіннен бастап сендердің қатарларыңа  ендігі менің көрер көзім, сөйлер сөзім, айтар ақылым болатын сенімді  ізбасарым – Жылқыайдар баласы Жолбарысты  қостым. Қане, шақырындар оны ордаға, ел үлкендеріне, Алаштың игі жақсыларына сәлем берсін, бабаларының батасын алсын, қырсығы қиылсын. Қырықтың бірі қызыр деген, Қызыр бабаның көзіне шалынсын" деді тура би Қойайдар  әрбір сөзін қорғасындай балқыта.

Игі-жақсы, ығай-сығайлармен теңселіп, тербеліп  тұрған сегіз қанат киіз үй Жолбарыс енгенде селт етіп тына қалды. Бойы ұзын, бәйтеректей биік, жартастай  асқақ, тау тұлғалы, жазық маңдай, ойлы көзді, ақыл мен күштің қоржынын  қатар ұстаған  арыс азаматты көргенде Төле би бастаған Алашқа даңқы шыққан  ел ағаларының көзі сүйінді, көптің  көсегесін  көгертетін көсем бар  екен ғой деп, көңілдері  орнына түсті.

«Елім деп  еңірейтін  ерім бар екен», – деп  ел ағалары дуылдап, әңгіме дүкен  қыз-қыз қайнай бергенде үй сыртынан  шапқан аттың дүбірі естіліп, оқыс ащы дауыстар шықты. Ел ағаларына  қызмет етіп жүрген жігіттердің бірі  үйге рұқсат сұрап  кіріп, үй иесіне:

– Жәке, жаушы, кеп тұр, – деді. Игі жақсылар сілтідей тынып, алаңдай есікке қарады. Сөйткенше болған жоқ, үсті-басын шаң басқан,  бет-жүзі айғызданып,  өн бойын қара тер  жауып кеткен орта жастағы адам:

– Ассалаумағалейкүм, ел ағалары. Іле мен Шудан асып, Бетпақдаланы басып, осы жерге жоңғардың қалың қолы  келе жатыр. Ет пісірім уақытта жетіп қалуы ықтимал. Елді көтеріп,  қолға қару  алып қамданыңыздар, – деді.

Аяқ асты  жеткен суық хабардың мысы басты ма, ақ ордада аңқылдап  отырған алқалы топ үнсіз қалды. Ішкі толқыныстан жүзі  күреңіткен Қойайдар би:

– Бауырларым, күрмеуге  келмес  қысқа жіптей  уақыт қапты. Жау қайда деме, жар астында дегендей, тың тындаған  тыңшылар қалмақтың қонтайшысына Жылқыайдар екеуміздің  Алаштың  бетке ұстарларын жинап жатқанымызды лезде жеткізген ғой. Елдің тірегі, жұрттың жүрегі боп тұрған  ұлттың ұлықтарын  уысыма түсірсем, басқарушысыз қалып, үріккен малдай жамыраған қара халықты тұра алмастай таптап тастау қиын болмас, деген қу қонтайшының жымысқы  пиғылы, амал-айласы ғой бұл. Өзекті жанға бір өлім, енді өлсем де арманым жоқ,ізімді басар, жоғымды жоқтар, айбынымды асырар, мұратыма жеткізер мұрагерім бар. Ажал болса да, тажал болса да жоңғардың күшіне жігіттеріммен тосқауыл болайын, ал сіздер мына мұрсатты пайдаланып, елге жетіп, қол жинап, қам жасаңыздар, – деді.

Отызда орда бұзар, қырықта қамал алар, өткір қылыштай қылшылдап тұрған батырлар орындарынан өре  түрегеліп, оттай өрлеп, жалындай шарпып:

– Би аға, сізді қалай желдің өтіне, азынаған ажалдың аранына жалғыз тастап кетеміз. Айқаспай жүрген, шайқаспай жүрген қалмақ па, жұтқыншағын жұлып, жұлынын үзіп, қара қанын судай ағызамыз, – деп олар бір ауыздан толқындай тулап шыға келді.

Бағанадан бері оқыс жағдайды ақылға салып, саралап, отырған Жолбарыс:

– Ата, рұқсат болса, айтарым бар, – деді. Көңілге кірбің,  жанға қаяу түсіп тұрғанда,үміттің отын жарқ еткізген азаматтың  сөзіне Алаштың  арыстары  елең етті.

– Айт! – деді.

Қойайдар би жебедей атылайын деп тұрған  жігіттің  оңтайлы сәтте ойын білгісі кеп.

– Тау  қопарып, тас ағызып, селдей бұрқырап келе жатқан қалың қалмаққа бетпе-бет барсақ, қалың қолдың көбінен айырылып қаламыз. Өз күшіне  өзі сеніп, өзімсініп арындап келе жатқан арланды ақтық сәтте, оңтайлы тұста апанға түсірер  амал-айла іздейік, – деді.

Бағанадан  бері үндемей, қара тастай түйіліп, қасқайып төрде отырған Төле би:

–  Қалай? – деп саңқ  ете қалды.

– Мына қаз-қатар тұрған киіз үйлерге құралайды көзге атқан садақшы жігіттерді отырғызайық. Әкемнің ақ ордасында жалғыз мен қалайын. Қалғандарыңыз кейін шегініп, дарияның бойындағы қалың қамысқа барып, көзге түспей, қару кезеніп, сақадай сай отырыңыздар. Күшіне сеніп, қаһарланып келе жатқан айбыны қатты қара қалмақтың басын мен алып, сіздер тұрған жерге апарып, аттың басын оқыс бұрам, сонда оларды жон арқадан батпан қолмен тұра алмастай ұрыңыздар, – деді Жолбарыс жанарында от ойнап, әрбір сөзін сенімді түрде.

«Талай айқаста шыңдалған, талай сындарлы шақтардан сүрінбей өткен, сымдай тартылып, жұтынып тұрған  хас батырлар тұрғанда, өрімдей жасты өлімнің өтіне, ажалдың қанды тырнағына  қалай көз қиып тастап кетеміз» деп ақсақалдар  абдырағанда, «Баламның сөзін құп алыңыздар» деді жан әке Жылқыайдар.

Қу жаны іште құлындай шырылдап, ботадай боздаса да, ұлтым деп жауға қарсы  ұмтылған ұлының ақылы мен күшіне сеніп, Аллаға жалбарынған үй иесі: «Қамалып қарап отырмайық, іске көшейік» деді.

Қақ ортада  орналасқан  ақ орданың  оңы мен солына  екі қанат боп тігілген отыз шақты киіз үйлерге  Жылқыайдармен  қатар көшіп жүретін Балғалы Барақтың садақшы  жігіттері жайғасты. Абыз билер Қойайдар, Төле, Жылгелді, Асан ата, Деріпсалды, Бәйтерек, Бердібек бабалармен қатар мүйізді Өтеген, Жалайыр Сыпатай, Жоламан, Шапырашты Бөлек, Сатай, Наурызбай, Суан, Елтінді, Ботпай Сәмен, Албан Хангелді, жалайыр Мықтыбек батырлар жігіттерімен дарияның бойына беттеді.

Жердің жағдайын жақсы білетін жансызды алдыға салып, Жылқыайдар  байдың жайлаған қонысына  қанды  қалмақтың қарулы қолы құмырсқадай құжынап, жөңкіле  аққан  асау өзендей жетіп келді. Аппақ қаздай тізілген, дөңгелене тігілген  ақшаңқан үйлердің алдында жайбарақат жүрген  адамдар. Ошақтың оты лапылдап, шуда түтіні будақтап, балқып тұрған қазандардың  буы бұрқырап, мама ағаштарда қадірменді қонақтардың жер тарпыған сәйгүліктері байлаулы тұр. Дегбірі қалмай қызмет етіп жүрген қызметші жігіттер ет толы табақтарды үйді-үйге тасып, әбігер. Мұның  бәрін бақылап, көзбен көріп, қол бастап  келе жатқан қалмақтың батыры  «Құдай берді, енді бейқам жатқан ауылды шауып, ақ ордада отырған керегелі қазақтың  бетке  ұстар ұлықтарын уысыма ұстап, топтап торға түсірем, жіпке тізіп,  қозыдай көгенге  байлаймын» деп айбарына мініп, ұран сап ышқына айқайлап, Жылқыайдардың  жұртына  тура ұмтылды. Қасында қатарласып, екі қапталда келе жатқан  оның  оққағарлары  аттарын орағыта, арындата шапты. Даланың төсін дүбірлетіп келе жатқан қанды қалмақтың  жасындай жарқыраған  жасағын көріп қызметші жігіттер киіз үйлерді паналап кетті. Сол мезет қазақ үйлердің  кереге киіздері түріліп, онда отырған садақшы  жігіттердің  жүздеген, мыңдаған  өткір жебелері  қарша борады. Бас бұрғызбай, асау аттай арындап келе жатқан  дұшпанның  екі қанаты сөгіліп, жоңғардың жанкешті жауынгерлері ышқына айқайлап аттан құлап, қара жерді құшып жатты. Бар ойы  ақ ордада отырған ел ағаларын жапырып жайпасам, тұлпардың тұяғына  таптасам деп, өгіздей өкіріп келе жатқан қалмақтың Қара батыры толассыз  нөсердей жебені  бойына дарытпай, оқтай зымырап жетті де, алмастай алдаспанын жарқ еткізіп, керегені күтірлете  бір салды. Құйындай бұрқырап, жүйткіп  келген тұлпарын тоқтата алмай, үй айнала бергенде, сегіз қанатты  ақ ордадан тайыншадай  алып қызыл Жолбарыс арқырай  атып шығып, қорыққанынан  ышқына  шыңғырған  сәйгүліктің үстіне  қона кетті. Аңның  терісін жамылып алған жас батыр ат үстінде  таудай боп отырған қанды балақ қалмақ батырын тулақтай жұмарлап, бет терісін  басына қаптап,толқындай тулап шапқан тұлпардың  басын Сырдарияның ит тұмсығы өтпес шудалы  қалың қамысына бұра шапты. Бұл, шын мәнінде, қызыл жолбарыстың  терісін үстіне жамыла  арқасына таңып алып, жалғыз жауға  шапқан жүрек жұтқан Жолбарыс жігіт еді. Біразы қырылып, біразы есін жиып, серпіліп, Балғалы Барақ батырдың садақшы жігіттерімен қолма қол айқаса түскен жоңғардың  жауынгерлері Қызыл Жолбарыстың өткір тырнағына түсіп, қолды болып бара жатқан  өздерінің батырын байқап қап, Жолбарыстың  артынан отша лап берді. Қандыбалақ қалмақтың өгіздей  өкіріп келген  өктем батырын енді лақша бақыртып, көкпар тартқандай  салақтата  шапқан қазақтың  арынды  оғланы жоңғардың қалың қолын артына салып, желмен жарысқан тұлпарымен  өзі діттеген  қалың қамыстың  бойына жеткенде барып, атының басын кілт бұрды. Оның артынан  дуылдап, бастырмалата қуып келе жатқан қалмақтың  қолы дүбірлеп шауып, Жолбарысқа енді жетіп қалғанда, үйдей тұтасқан қалың қамыстың арасынан садақтың оғы қарша борады. Болат сауытты бұзып, жезден өтер өткір жебелер қара құйындай  көтеріліп келе жатқан жоңғар әскерінің  алдын бірден сиретіп, қамыстай баулап жапырды. Құлындағы дауысы шығып, ыңырсып ышқынған жауынгерлер мен омақаса құлап, тұяқтарын көкке  көтеріп, дәрменсіз, орнынан тұра  алмай жұлқынған жылқыларды арындап келе жатқан артқы топтың адамдары аттардың басын бұра алмай, таптап өтіп барып, бұрқ етіп алдан ұрған толассыз дүлей күшке шыдай алмай кері қашты. Атты адам ішіне кірсе  көрінбейтін үйдей қалың қамысты патырлата жапырып, жаныс Өтеген, ботпай Сәмен, шапырашты Бөлек, Сатай, Наурызбай, жалайыр Сыпатай, Тәттібай, Мықтыбек, Балғалы Барақ батырлар жасындай жігіттерімен кері қашқан жауды баудай түсірді.Қардың басын қар алады, ханның басын хан алады демекші,бір жерге жиналып, бас қосып жатқан қазақтың  игі жақсыларын  жусандай жайпап, темір торға тоқтыдай тоғытам деп келген қанды қалмақтың  қалың қолы ақыл мен амалдың  ауына түсіп, жермен жексен болды.

Кеше ғана мал бағып, елдің ішінде  көптің біріндей көзге көрінбей  жүрген  Жолбарыс  сын сағатта  жол тауып, аласармас асқақ ақылымен  қазақтың қаһарман ұлына, ел-жұртының арқа сүйер тірегіне айналды. Дүйім елді дүр сілкіндірген арыс азамат Алты Алаштың бар баласын аузына қаратқан даңқты дана, көреген көсем, атақты абыз, билер тобының арасынан өзіндік биік орнын ойып алды. Сыр бойындағы бұл тарихи жеңіс тарпаң жаудың мойнына құрық түсіріп, еңіреген елдің еңсесін көтерді, қалың  жұртты жұдырықтай жұмылдырды, жас жігіттердің жігерін шыңдады.

Осы кезде Сарыарқаның қақ төрінде  ақ ордада отырған жас тарлан,орта жүздің бетке ұстар билері Төле биге сый беріп, таңдап алған Абылай сұлтан қазақтың болашағын болжап, елдің ертеңіне алаңдаулы еді. Қанды тырнақты қара қалмақпен  жаралы жолбарыстай  жұлқысып жатқан қазақтың  солтүстігінде Сібір жерінің  қазына байлығын бауырына басып, аюдай ақырып Ресей отыр. Шығысында  айдаһардай алып қытай тұр. «Екі нар сүйкенсе, арасында шыбын өледінің»  кері келмей тұрғанда  осы алып мемлекеттермен  мәмілеге келіп, келісімшарт жасасып алғанымыз жөн. Орта жүздің игі жақсыларының  арасынан іріктеп, беделі зор адамдарды ертіп, қытайға елшілікке барсам, ертеден  көршілес, қатар жатқан Ұлы жүздің  үйсін, дулат, жалайыр және найманның билікті билерінсіз биігім аласарып қалмай ма? – деп Абылай сұлтан тағы бір тосылды. Жөн айтып, бағыт сілтейтін білікті  билерін бірден шақыртты.

– Кезінде  мен Төле бидің қолымен жоңғарға  шапқанымда, Ұлы жүздің бетке ұстар батыр, билері Хангелді, Қойайдар, Бөлек, Сатай, Жылгелді, Деріпсалдылар еді, енді олардың орнын басып, көш бастаған ерен ерлердің есімін атаңдаршы? – деді. Тосыннан қойылған жүгі ауыр сұраққа бірден жауап бере алмай, билер жағы қысылып қалды.

– Алдияр тақсыр, өзіңіз атын атап кеткен Ұлы жүздің ұлы билері, абыз ақсақалдары, көреген көсемдері әлі тұғырларынан түскен жоқ, көштің басында, ел-жұрттың қасында. Алдын анықтап, болашағын болжап, төңірегін түгендеп, үлкендердің үмітін үкілеп, сенімін семсер еткен, олардың батасын алған батыр мен билері, халықты мұратына жеткізер мұрагерлері, ізін басқан ізбасарлары   бар, – деп үрпиіп үнсіз қалған  билердің арасынан  алқалы топты қақ жарып шыққан Қараменді би ағынан жарылды.

– Арыдан бостап алыстатып жібердің ғой, жүйесін тауып  жақындатсаңшы, – деп Абылай сұлтан  ақиқатты білмекші  боп асықты.

- Арыдан бастағаным асқар таудай  ақсақалдарға арқа сүйеген, алып та асқақ,  биік те беделді  алқалы топ бар. Атын атап, түсін түстесек, Төле биден Өтеген батыр, Қойайдар бидің ізбасары Жолбарыс, Шапырашты Бөлек, Сатайлардан  Наурызбай, Албан  Хангелдіден  Райымбек, Жалайырдың беделді ел ағалары Жылгелдіден Ескелді, Деріпсалдыдан Балпық, Тәттібайдан Қарымбай, Асан атадан Қаблиса сынды жүзден озған жүйріктері, мыңнан асқан тұлпарлары бар, – деп мүдірмей жауап берді Қараменді би.

Алты Алашқа аты кеткен алыптардың артынан арындап шыққан ерлердің есімін естіп, біраз  жайға қаныққан Абылай  сұлтан бір мезет ойланып барып:

– Таудан  қыран асады, толқынды  толқын басады,  көзі тірі, сөзі асыл, тұлғасы таудай, шындықты бетке айтар Алаштың айтулы айтулы билерінің  алдынан өтіп, жүздесіп, батасын алайық. Ұлы жүздің ел ағаларына ат шаптырып хабаршы жіберіңдер. Құдай қаласа, бір айдан соң киелі Түркістанда жолығайық, –  деп маңызды мәселенің басын көтерді.

Арада тізбектеліп күн өтіп, алдын ала анықталған ай туып, кездесетін мезгіл жеткенде, Ұлы жүздің абыз ақсақалдарымен, бетке ұстар билерімен еңселі ерлерімен жүздесуге Абылай сұлтан Орта жүздің  белді адамдарын қасына ертіп, қасиетті Алланың  нұры түскен, алмас қылышты  Ақсақ Темірдің  өзі бас иген Қожа Ахмет жерленген киелі Түркістанға келіп жетті.Кезінде Төле бидің ақ батасын алып, жойқын жоңғарға қарсы шапқан, барша қалмақ тәңірге балаған Қалдан Сереннің баласы Шарышты жекпе жекте аттан сұлатып, жер қаптырған, бүгінде Орта жүздің беделді сұлтаны Абылайдың қасиетті шаһарға арнайы ат басын тірегені, Ұлы жүздің игі жақсыларын құрметтеп, ақылдасуға  келуі көптің көңілінен шықты. Жалайыр, үйсін, дулаттың  дуалы ауыз билері мен батырлары жас сұлтанды «Асыл тастан, ақыл жастан» деп құрметтеп, төрге шығарып, асыл арыстан аталы сөз күтті. Дуалы ауыз, билердің батасын алып, үлкендердің үмітін арқалаған Абылай өзі арнайы  іріктеп алған Орта жүздің білікті билерімен  қатар, Ұлы жүздің  бетке ұстар арыстары  Жалайыр Жолбарыс, Мүйізді Өтеген, Шапырашты Наурызбайды қасына алып, Қытайға елшілікке аттанатын болды. Арғыны алдын ала  ойлайтын ақылды сұлтан аттанбастан бұрын елдің, жердің жағдайын жақсы білетін  бірнеше  адамды хабаршы ретінде, кездесудің  уақытын бекітіп, мезгілін анықтап келу үшін  шұғыл түрде аспан асты мемлекетіне аттандырды.

Алып империяны  болат белбеумен  бекітіп қойса  да, хандардың ханы  Шыңғыс хан айдаһардың мойнына құрық салып, тізе бүктіргені тарихтан мәлім. Арада ғасырлар өте әлем әміршісінің ұрпағы, қазақ елінің сұлтаны  Абылай даңқты  бабасының ізін басып, діттеген мақатына жетіп қайтты. Оның қасында Мұқылай Жалайырдың ұрпағы Жолбарыс би де болған еді.

Абылай сұлтан елге оралған соң, Алаш арыстары, елдің беделді билері жұртына аттанар алдында қалмақты қайтіп жеңеміз, қайткенде қуатты мемлекет құрамыз деген сауалын ортаға тастады.

- Жолбарыс би, сіздің қандай ойыңыз бар. Жалайырлар кезінде Шыңғыс хан құрған еңселі ұлыстың  алып тірегі болған еді. Алаш алаш болғалы, қазаққа бақыт қонғалы, арқа сүйер ноқта ағамыз Жалайыр еді. Аталы сөзіңізді айтыңыз, – деп Абылай бірден салмақты Жолбарысқа салды.

Алып жартастай  қасқайып, дәу басын биік ұстап, үлкен көздерінен мейір төгіле, кірпігін бір қақпай, баптап сөйлейтін Жалайырдың  белді биі:

 – Сан ғасырлық шілтерлі шежіреміздің тағылымы қытайлықтардан кем емес. Зарлы заман тұсында бірлігімізден ажырап, тарыдай шашылып кеттік. Әліптің артын күтіп жүрген әккі жау біздің әлсірегенімізді ұтымды пайдаланып, ту сыртымыздан ұрып, тамырымызға балта шапқаны да рас. Ел бастайтын арыс, жанды қамшылайтын намыс, теңіздей толқыған өрлік бар бізде. Шыңғыс ханның ұрпағы – бүгінгі елдің тұтқасы Абылай сұлтанды қабырғалы қазаққа хан етіп сайлайық, түбі бір үш жүздің басын бір тудың астында біріктірейік, бабалар салып кеткен сара жолды жандандырайық, Алаш боп біріге атқа қонайық. Жалайыр елі бұған дайын. Бізбен еншілес, туыс-бауыр үйсін, дулат, арғын, найман, уақ, керей, адай, алшын аталары да қырын қарап, қиыс кетпей, толқынды дариядай жайылып келіп бір арнаға түсер, – деп түйінді сөзін айтты.

Елшілік сапардан ордалы ой түйіп қайтқан қазақтың  марқасқалары ақылдаса келе бір мәмілеге келіп, артымыздан ерген еліміздің  басын жинап, елдігімізді танытайық, киелі Түркістанға Алаштың ақ туын тігейік, халықтың басын біріктірейік деп бірден аттанып кетті.

Сырдың бойында отырған жалайырдың қалың жұрты сонау ит арқасы алыстағы Қытайға бірнеше айдың басын асырып жол жүріп, елдің аманатын арқалап кеткен  Жолбарыс биді күн санап асыға күтіп отырған болатын. «Би Аға аман-есен келе жатыр екен» деген қуанышты хабарды естіп елеңдеген қабырғалы қалың елмен қатар, қиын кезеңде  тек қана Сырдың бойында ғана емес, кәрі Қаратаудың, құт қонған Түркістан, дуға толы Ташкент маңында тамыр жайып тұрақтап қалған Жалайырдан тарайтын негізгі екі ата Сырманақ пен Шуманақтың  бас көтерер азаматтары жаңалық күтіп, әсерлі әңгіме тыңдағалы Жолбарыс бимен  кездесуге  алыстан асыға жетті.

Бағзы заманның абыздары ел алдында сөз сөйлегенде, түйенің өркешіндей биік төбеге шығып тұрса, артынан ерген жер қайыстырар қалың жұрты етекте тапжылмастан отырып, бабасының айтқанын зердесіне түйіп, түн ауғанға дейін құмарта тыңдайды екен. Жартастай биік, арыстандай  алып нар тұлғалы Жолбарыс биге таудың да, төбенің де керегі жоқ еді. Қалың топтың, ел-жұртының ортасында  жылжып аққан дарияның суындай асықпай, байыпты сөйлейтін би, өзі барып келген көршілес қытайдың әңгімесін тәптіштеп, астарын ашып, көрген-білгенін, зердесіне тоқығанын  түгелдей түгендеп айтып берді.

– Аспан таудай көкпен тіресіп тұрған Қытайдың алтын тағында Мұқылай Жалайырдың отырып, билегенін ежелден білесіздер. Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген Шыңғыс ханнан бастап, талай құзырлы хандардың басты тірегі болған біздер енді сол ұлы ханның  мұрагері Абылайды  бүкіл қазақ халқының басты ханы етіп сайлайық, бөліне бөлшектенгеніміз, шашырай шашылғанымыз жетер енді. Алты Алаштың  ноқта ағасы Жалайыр жұртының арқасына ұлы да үлкен жауапкершіліктің  ауыр жүгі түгелдей түсіп тұр. Сонау Шыңғыс хан заманынан бастап ата жолды біз бастаушы едік, ұлы көштің басында біз тұратынбыз, сондықтан да сол міндетті үлкен, кіші болып бірігіп, ел болып атқарайық, жұрт болып жұмылайық. Тарыдай шашылған түбі бір туыстың, адасып ада қалған Алаш баласының, азап тартқан қазақтың басын түркі елінің  туы тігілген киелі Түркістанда біріктіріп, еліміз бен жерімізді жаулап алған жаудан, төріңді ойып, омыртқанды үзіп отырған дүлей дұшпаннан, қансыз қара қалмақтан түбегейлі азат етейік! – деді, Жолбарыс.

Ойының өресін қалың жұрттың жүрек төріне,  жетесіне жеткізе айтты. Қартайдым деп қарап жатпай, халықтың қанатын қатайтып, керегесін бекітіп, атақ-абыройын асырып отырған жалпақ Жалайырдың  үміт отын жаққан асыл абыздары Қойайдар, Жылгелді билер, Сыпатай, Тәттібай, Балғалы Барақ батырлар, Асан ата, Деріпсалы бабалар кезінде өздері таңдап жүріп бәйгеге қосқан,тұяғы шапқанда  жерге тимейтін тұлпарға балаған Жолбарыстың айтқанына разы,сөзіне тәнті болып отырды.

 – Жүз ойланып, мың толғанып сөйлейтін, төбесі биік  көкті меңзейтін қанаты талмас  қыран, халықтың  қамын ойлайтын  арыс азамат  екеніңді бір көргеннен  байқап ем, Жолбарыс! Артыңнан ерген  қалың елдің, дүйім жұрттың, қабырғалы қазақтың бары мен жоғын түгендеп, төртеуің  ие болыңдар, барын арттырыңдар, жоғын жоқтаңдар, батысы мен шығысын, түстігі мен теріскейін бақылап, барлап отырыңдар, Алла қолдасын! – деп қорғасындай балқыған Қойайдар би абыз ақсақалдардың атынан Жолбарыс, Ескелді, Қабан, Балпыққа бата берді:

– Алты Алаштың ауыр жүгін арқалаңдар, Абылайдың абыройын арттырыңдар, қазақ хандығын қалпына келтіріңдер, елдің елдігін асырып,жұртты жұмылдырып, халықтың ара жігін  ажыратпаңдар, Алаш қолдап, Жаратқанның шапағаты тисін!

Бар қазақтың басын қосуға, Абылайды үш жүздің ханы етіп сайлауға, халық болып қалыс қалмай, қанды қалмақпен күресуге, ұлттың басына үйірілген қауіп пен қатердің бұлтын турап, ел- жұрттың көңіліне күн түсіріп, азаттықтың ақ таңын аттыруға қазақтың айтулы би-батырлары сынды  тарихи тұлғалар Түркістан жеріне түгелдей жиналды. Ел басына күн туған,ат ауыздығымен  су ішкен сындарлы шақта барша қазақтың  күндей күркіреген, жасындай жарқыраған  қаһарман ерлерінің бастары бірігіп, Абылайды хан сайлап, қымызға  шомылдырып, ақ киізге  орап, ақ боз атқа отырғызды да, Алаштың туын желбіретіп, халық болып қалың ормандай тұтасып жоңғарға қарсы жойқын күресті  бастап кетті.

Алыстан  азып-тозып, аштық пен жоқтықтан қажып келген он екі ата Жалайырдың  орташа есеппен алғанда елу мыңға жуық қалың жұрты нулы да сулы Іленің бойында бір-екі жыл тұрақтап, егін егіп, етек-жеңін жинап  алған соң, Жолбарыс, Ескелді, Балпық, Балғалы Барақ, Қабан жырау, Мықтыбек, Қарымбай, Бердібек, Бәйтерек сынды арыстардың басшылығымен Жетісу жерінен өздеріне тиесілі еншілерін алып, үлкен үлеске қол жеткізіп, Іле, Быжы, Көксу, Қаратал, Балқаш бойындағы, Арқарлы, Малайсары, Шолақ, Матай, Шаған, Алтынемел, Аралтөбе, Текелі, Алтыуайт тауларының етегіндегі атам заманғы қоныстарына қазық қағып, малын жайып, үйін тігіп, ағайын-жұрт, қабырғалы қазақ тұтасып, туған аймаққа түпкілікті орнығып алды. Ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аймаққа орналасқан Жалайыр жұртының Балқаш жағын Жолбарыс, Қаратал жағасын жоғары өрлеп, Текелі тауына дейінгі құйқалы аймаққа Ескелді, Іле бойына  Қабан жырау, Аралтөбе, Алтынемел, Басшиге дейінгі жерді Балпық басқарып, қалың елдің  төрт құбыласын түгендеп берді. "Төртеу түгел болса төбедегі келеді" дегендей, қазақтың құтты жеріне  көзін қадап, аңсары ауып тұрған Қытайдың жолына көлденеңдеп жатып алып, Жетісуға  түпкілікті  ие болып отырған Жолбарыс, Ескелді, Қабан, Балпықтың игілікті ісін Алты Алаштың үлкендері  құп көрді. Сөйтіп, айдаһардай  арқырап, төбеден қоқилана қараған қазақ жеріне  ертеден қызығып тұрған Қытай империясының алдында тұлғасы асқақ төрт биге арқа сүйеген, құрыштай берік Жалайыр елі тұрды. "Елдестірер елшіден, жауластырар жаушыдан" дегендей, Аспан асты мемлекетімен әр уақытта татулықты көксейтін ертеңін ерте ойлап, тереңге бойлап отыратын ақылды Абылай хан Жетісу жері жоңғардан түгелдей азат етіліп, оған Жалайыр, Шапырашты елі түпкілікті қоныстанып алған соң, Қытай мемлекетіне қазақ халқының  атынан тағы да елшілікке алты Алаштың таңдаулы азаматтарын, белді де   беделді билерді жіберді. Оны Жалайыр Қара би  басқарып барды.

Кезінде Ұлы жүз қазақтарының атынан орыс патшасына хат жазған, тарихтың төрінен орын алған Қойайдар бидің асқарлы арманын іске асырған, серт етіп берген сенімін абыроймен ақтаған Жолбарыс би, бір тайпаның аумағынан асып, бүкіл халықтың мүддесін көздеп, үмітін ақтады! Ұрпақтар жүрегінде  қастерлі есімі  мәңгілікке ұялап қалды.

Жұмахан ҚОЖАМҚҰЛ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, өлкетанушы

Оқылды 1681 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…
Сәу 19, 2024

Тазалық – ұлы істердің бастамасы

Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Қасымшалов Дулат Сарсенбекұлы, 1990 жылы 12 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Шелек…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Әлімжан Жасұлан Сәбитұлы, 1992 жылы 8 шілдеде Райымбек ауданында дүниеге келдім. 2014…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Малыбай ауылдық округінің сайлаушылары! Мен, Бектасов Мәди Мәдиярұлы 1982 жылдың…
Сәу 17, 2024

Горнодобывающий сектор – стимул для…

Вольфрам входит в первую десятку редких металлов, незаменимых в современном промышленном…
Сәу 15, 2024

Зоя МАГАМАДОВА, заместитель…

Акцию «Таза Қазақстан» школа имени Толе би проводит с начала апреля. Учащиеся 5-11…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет