Сейсенбі, 21 Қыркүйек 2021 17:14

Тәуелсіздікті қорғау – әр азаматтың міндеті

 

Алтайдан Каспийге, Батыс Сібірден Алатауға дейінгі кең байтақ жерін көзінің қарашығындай қорғап, ұрпақ өсіріп, тілін, ділін, дәстүрін дамытып,  туған жерінде қиыншылықтарды бастан кешірген  қазаққа ел бірлігін, жер тұтастығын сақтап өмір сүру оңай болмағанын тарихтан білеміз. 1808-21 жылдары Пекинде діни қызмет атқарған, Қытай тарихын жасырын көшіріп алған ұлты чуваш Н.Бичурин «Ежелден Орталық Азияда тұрып жатқан халықтар туралы мәліметтер жинағы»  атты еңбегінде «2,5 мың жыл бойы Алтайдан Каспийге дейін өмір сүріп, бүгінгі күнге дейін салт-дәстүрін сақтаған халық тұрады» деген. Сонымен қатар,  ғалым: «635 жылы түркі тілдес көшпелі сақтар өздеріне шабуыл жасап, тыныштық бермеген қытайларға қарсы Үлкен орда, Солтүстік орда, Кіші орда болып топтасқан» – деп көрсетеді. Сонымен қатар, Хундардан қорғануға Ұлы Қытай қабырғасының салына бастауы  тарихтан белгілі.

Ежелден  тарихы бар қазақ жеріне  өткен ғасырдың 60 жылдары (тың өлкесін құру)  КСРО басшысы Н.Хрущев, 80 жылдары М.Горбачев те көз алартушылық танытып, одан кейін орыс шовинистері Солженицин  (как обустроить Россию), Дугин жалғастырған.  2001 жылы Көкшетауда Э.Лимонов казактардың қолдауымен сепаратистік  ереуіл  ұйымдастырмақ ниетте болғаны белгілі. «Қазақстан Сталиннің таза ойлап шығарғаны.  Ондай мемлекет жоқ, қазақ тілі де жоқ, онда бәрі орысша сөйлейді. Ол жердегілердің бәрі Сібірдің оңтүстігі, Оралдың оңтүстік бөлігі – ежелгі Ресей». Мұны айтқан Жириновский (Эйдельштейн). Абай хакім «Күшік асырадым, өскенде өзімді қапты» дегені келіп тұр. 21 қараша 2013 жылы орыстар ұйымынан Е.Просвирин Қазақстанның солтүстігінде қанша славяндар тұратынын көрсетіп, 5 облыстың картасын беріп, «Бұл Сібірдің демографиялық және географиялық жалғасы. Қазақстан сөз жүзіндегі мемлекет, қарулы күштері жоқ. Халықтық талқыға салып немесе күшпен алу керек. Әйтпесе, Қытай әсері мықты. Қазақстан, қазақ тілінен, ділінен, ұлттық келбетінен, мемлекеттігін жоғалтып алады» – деп  «қамқорлық танытқан». «Жайық, Ақтөбе, Петропавл, Семей, Павлодар, Өскемен – орыс қалалары. Қазақта қала мүлдем болмаған, олардың мәдениеті, дәстүрі – көшпенділік. Қазақ демагогиямен шұғыл-данбай, Ресей қалаларын бейбіт жолмен қайтарғаны жөн. Болмаса күшпен алу керек» – деді  Лимонов.   

Қазақ «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» деп бекер айтпаған. Аттестатты тапсыруға келген генерал-губернатор мектепті беске бітірген Мұстафа Шоқайға алтын медальді тапсыруы керек еді. Алайда «Бұл болмайды, жабайы халықтың өкілі қалай алтын медаль алады, алтын медальді орысқа беруіміз керек», – деп алтын медальді күміске іліккен орыс баласына ұсынады. Алматыда парктің (Панфилов атындағы) қақпасына «Қазақтар мен иттерге кіруге болмайды» деп генерал Колпаковский жазғызғаны есте болар.

Шекспир қоғамдағы ұлы қасiреттiң адамның екiжүздiлiгiнен басталатынын айтқан еді. 2014 жылы ақпанда Жириновский (Эйдельштейн) «Орта Азия мемлекеттерiн Ресейдiң федералдық округі жасап, астанасын менiң туған қалам – Верный деп атау керек» деген. Оңшыл ұлтшылдардың сандырақтары аз болғандай, 9 сәуірде Хакасия Жоғары кеңесі төрағасы В.Штыгашев президиум мәжілісінде: «Қазақстанның шығысы кенді Алтай Ресей құрамында әрқашанда болған, 5 облыс айырбастау тиыны ретінде берілген», – деп сәуегейлік танытқан. Ол екі мемлекет арасында келісімшарт қағидасымен 12 қаңтар 2006 жылы Ресей мен Қазақстан  шекарасы заңды бекітілгенін білмеуі мүмкін емес. Ал режиссер О.Степченко Қарағандыны Ресей қаласы деді.

Кезінде Монтенье: «Тұрмыстағы қайыршылыққа қарайласуға болады, жан дүниедегі жоқшылыққа жәрдемдесу мүмкін емес», – деген  екен. Ет комбинатында мал соятын жерге қойларды бастап әкеліп, жасырын есіктен лып етіп шығып кететін «арандатушы текелер» ретсіз сөйлеуді доғаратын кез келгенін неге аңғармайды деп едік. Өз елінде – Ресейде экономика дамуын көтеріп, халқының әлеуметтік жағдайын түзей алмай отырып, державалық амбициядан құтыла алмай, Ресей Федерациясы Дума депутаттары Никонов, Федоров және ЛДПР басшысы Эйдельштейндей 2020 жылы да дөкір мәлімдеме жасап отырғандар туралы өз сөздігінде «психикалық ауытқуы бар, өз ақылынан ауысқандар, қалыптан шыққандар» деген қорытынды жасаған тегі Дания мемлекетінен шыққан В.Дальмен келісуге болады. Қазақ елі Кеңес Одағы құрамына өз жерімен кірді, Одақ құрамынан өз жерімен шықты. «Шықсаң, жеріңді қалдырып кетуің керек» деген сандырақты қалай түсінуге болады? Түсінгің келмесе, жиналыс жаса деген қоқан-лоқыны есі дұрыс адам айтпауы керек. Бұл жерде маргиналға орын жоқ. Адамзат тарихы даму сатысында бір қоғам орнына жаңа қоғамдық формация келіп, әрдайым даму үстінде. Өткен уақыт қайтып оралмайды. Ол – табиғат заңы. Қоғамға пайдалы нәр-сені ойлап, оның дамуына кедергі жасамау – есті адамның ісі.

Оңшыл ұлтшылдардың айтқаны ресми мемлекеттің позициясымен сай емес деп үндемей отыруға да болады. Бірақ, бүгінде ғаламторда миллиондаған жастар Ресей ұлтшылдары сандырақтарын тарихи шындыққа теңеуі әбден мүмкін. Бұл жерде қатпаған буын, жетілмеген санаға ол бір жаңалық іспеттес, жақсы мен жаманның, оң мен солын танып үлгермеген  жеткіншектің миын улау – сасық саясаттың  ізі .   

Халықта «Жаман лас аяғымен  төрді былғайды, жаман бейпіл сөзімен елді былғайды» деген бар. Әсіре ұлтшылдар қазақ халқының тарихын бұрмалап, бүгінгі күнмен санасқысы да келмей тұр. Жіп түйінсіз, сөз шындықсыз байланбас. Бұл жерде қазақтың «ит үреді, керуен көшеді» мақалы жүрмейді, себебі тәуелсіз елдің көшіне елеулі нұқсан тигізетіні, ынтымақты елдердің ырысын ұрысқа айналдырғысы келетіні анық болып тұр.

Тарихқа  қысқаша тоқталсақ,  моңғолдардың басып алуы нәтижесінде  қазақ жері Алтын Орда Қыпшақ ұлысы құрамына кірді. 1465 жылы Керей  мен Жәнібек Қазақ хандығын құрды. Міне, осы кезден бастап Қазақ мемлекетінің негізі қаланған. Қазақ хандығында мемлекеттіктің барлық негізгі белгілері болды. Хан – мемлекет басы, оның жанында тұрақты кеңес – билер институтының белсенділігі өсіп, күнделікті құқық, шаруашылық, әскери және идеологиялық істерді жүргізуде маңызды орынды иемденді. Тарихшы,  ұлты неміс А.Левшин (А.Левенштейн) қазақ мемлекеттігінің осы кезеңі туралы: «Ол (яғни, Тәуке хан) өз ақыл-парасатымен және әділдігімен бәрін де өзіне бағынуға мәжбүр етті және жалпыға ортақ заң беріп, сол бойынша төрелік жасады, сөйтіп күшке емес, ақылға, тәжірибеге және айлаға сүйенді» – деді. А.Левшин «Қырғыз-қайсақ  ордасы мен даласының сипаттамасы»  кітабында (1832 ж. Петербург) бірінші  тарауында қазақ жерінің шекарасын нақты атап жазған: «Самая северная точка оной находится под 55 градусом сев щироты, на левом берегу Иртыша, недалеко от Омской крепости. На юге кочующие жители сей страны не доходят далее 42 градусов. С запада на восток она простирается от 68градусов 35 минут до 102 градус долготы (от первого меридиана).

Северную ее границу (идя от востока к западу) составляют: во-первых, часть Алтайских гор, потом река Иртыш, от Иртыша до Тобола, или до Звериноголовской крепости, так называемой Горькая Сибирская линия, от Звериноголовской крепости до устья Уя-река Тобол; далее река Уй и потом Урал, начиная от Спасского форпоста (близ Верхоуральска) почти до Оренбурга, или, точнее говоря, до Нежинского форпоста, от которого линия идет вверх по речке Бердянке; далее по речке Бурале и по Илеку до самого устья его, и наконец, опять по Уралу. Западным пределом служит тот же Урал и часть Каспийского моря. На юге киргиз казаки примыкают туркменцам, кочующим на восточной стороне Каспийскому морю, к морю Аральскому, к владениям хивинцев, ташкентцев, туркестанцев и диких киргизов или бурутов. Восточную границу составляет Китайская укрепленная линия, идущая от Малой Бухарии на север до пределов России».

Бүгінгі көз алартушылыққа солтүстік облыстар түсіп, Казақстанда шекара болған жоқ деген сандырақтың негізсіз екенін тарихтан байқауға болады. Ресей патшайымы Екатерина ІІ Е.Пугачев көтерілісіне белсене қатысқаны үшін қазақ халқын «киргизы» атап, Жайық қаласы атауын Орал деп өзгерткені белгілі. Ресей патшасы І Петр: «Қазақ Ордасы бүкiл Азия елдерi жерлерiне кiлт және қақпа – миллионнан ассын, орасан зор шығынға қарамай отарлап алу керек» – деген («Вестник Европы», V-том. 1870 жыл. 530 бет). І Петр 1708 жылы Ресейдi тұңғыш рет губернияларға бөлдi. Солардың бірi – қазiргi Солтүстiк Қазақстан облысының жерi қараған Сiбiр губерниясы, орталығы Тобыл қаласы болды. Қазақ жеріне И.Бухгольц бастаған мыңға жуық адамы бар экспедиция жіберіледі. 18 ғасыр ортасында  әскердi басқаруға жіберген генерал Киндерман бұрынғы Ишим шебiн кей тұстарында 200, кей тұстарда 50 шақырым оңтүстiкке қарай жылжыта түсiп, оны Орынбор, Ертiс шептерiмен жалғастырып, қазақ даласының шұрайлы бөлiгiн басып алып, «Жаңа Ишим», «Ащы белдеу» шекара Звериноголовск (Бағлан) бекiнiсiнен Омбы қаласына дейiн ұзындығы 558 шақырымнан асты.  Бұрынғы шекара, «Есiл шебi» қазiргi Лебяжье станциясы, Макушина және Петухов, Мамлют станциялары терiстiгiмен, яғни Сiбiр трактасы бойымен өтсе, Киндерман  басшылығымен шекара Петропавл-Преснов, Пресноредуть-Звериноголовск  селоларымен өттi. Қазақ жерi болып келген Мамлют ауданының бiраз жерi, Түмен облысының Ишим ауданы, орталығы Елсау, Қорған облысының Петухов, Макушино, Лебяжье, Половинка (Ақсиыр) тағы басқа жерлерi, Петропавл-Қостанай тас жолының солтүстiк жағындағы жерлер түгелiмен Ресейге қарап қалды. Бұл мәліметтер Омбы архивінде сақталған.

Қазiргi теріскей жерiндегi қазақтар 15 ғасырда Сiбiр хандығы – Жошы хандығы – Қазақ Хандығы құрамында өмiр сүрген қазақтардың ұрпағы. Академик М.Қозыбаев: «Бiздiң 17-атамыз Бағылан би – Алтын Орда биi.  Бидiң қонысы осы күнгi «Горькая линия» бойындағы Бағылан-Звериноголовск бекiнiсi, ата-бабамыз бұл қоныста отырғанына 450 жыл шамасы» – деп жазды. («Жұлдызым менiң» 88 бет). Тобыл өзенi бойында Бағылан тоғайы, қыстауы, өзегi, шоғы, көлi, Бағылан жолы деген жер-сулар бар. Оның сүйегiн Тобыл өзенi жарқабағына жерлеген. Бұл жерде «Бағылан базары» деген жәрмеңке болған. Бұл қазiргi Ресейдің Қорған облысы Половинка (Ақсиыр) ауданына қарасты жер. Макушино, Петухов аудандары тұтасымен қазақ жерiне қарасты болған. Қазiргi Лебяжье станциясынан 7 шақырым жерде Бақсары деп аталатын село бар.  Мокроусов ауданының шығыс бөлiгi керейдiң балта нәсiлiне тиiстi жер болған. Макушино ауданының Мәртiн, Күмiскөл (Серебрянка), Сетевной ауылдары Бақса-ры батырдың  ата қонысы. Немере-бай орманы «Немеровка» селосы, «Рай» атты көл, «Есентай» атты жер де бар.

Мақала авторы,теріскей тумасының аталары 6 ғасыр бойы Түмен, Омбы, Қорған облыстарындағы саны 30 мыңнан 100 мыңға дейін тұрған  қазақтың Арғын, Керей, Қыпшақ, Уақ, Қарауыл  аталары – түпкілікті этнос, 100-дей жер атаулары, аудандар аттары қазақша болған. Омбы  уезінде 1897 жылы қазақтар саны 38 мың, 1918 жылы Ақмола облысы құрамында Тобыл (Түмен)  және Томск губерниясы болған. Облыс орталығы Петропавл қаласында 1886 жылғы деректе қазақ пен татар – 6517, орыстар – 7258  адам  болған.

Тарихқа жүгінсек,  бұл жерде б.з.д. 8-4 ғасырларда сақ  скиф, сарматтар, 5-7 ғасырда қыпшақтар, қимақтар мекендеген. 18 ғасыр басынан бастап орыстар көшіп келе бастайды. Жергілікті қазақтар қара-пайым орыс халқы өкілдерінің Қазақ жеріне қоныс аударғандарын жақсы қарсы алды. Мысалы, 1752 жылы староста орыс  Окороковтың қызы мен қазақ Медеубайдың немересінің арасындағы махаббат, екі құданың татулығы, екі халықтың арасындағы сыйластықты тебірене айтуға болады. Медеубай немересінің орыс қызына үйленуіне қарсы болып, оны өліге теңегеніне қарамай, Окороков Жеті Жарғы талабына сай күйеу баласының құнына 2 адамның  «құнын» төлеп, екі жасты қосып, отау қылып бөлек шығарған. Үй салынған жерде соңынан пайда болған  елді мекенді «мир» да «любовь» – «Миролюбово» атаған  ауыл қазір де бар. Медеу – бай батыр болса,  балаларының аманшылығын тілеп, дұға жасатып, ас беріп, «құнға» келген көп малды бес болыстың кедей-кепшігіне таратып жіберген.

19 ғасырдың 60 жылдарынан бастап қазақ жеріне 1 миллион 500 мың орыс қоныс аударып, басқа да ұлт өкілдері көшіп келіп, демографиялық карта өзгерді. Келімсектердің ешқайсысы жерді, көл, өзен, орманды өзімен бірге әкелген жоқ. Қазақ халқы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде, Қазақ хандығы  тұсында да осы жерде өмір сүрген, тарихымыздың терең тамыры сол көне заманның өзегінде.

Орыс тарихшысы Щербина  «Киргизская народность в местах крестьянских переселений» кітабында: «Қазақтар бізге қонаққа келуде. Өз кезегінде ...орыс қыз-жігіттерін қазақтар да қарсы алып, дастархан жайып, қонақ қылуда» – деп екі халық арасында орнаған достықты жазған.

Солтүстік Қазақстан облысы  аумағы 98 мың шаршы шақырым. Халқының саны 555 мың, оның ішінде қазақтар 34 пайызды құрайды. Ұлы Отан соғыс жалдарында 702-құрылыс батальоны, 314-атқыштар дивизиясы құрылып  92 мың теріскейлік жауынгер Москва қаласын жаудан қорғаған. 34 мың адам еңбек армиясында  қызмет жасап, 56 адам Кеңес Одағының батыры, 11 адам «Даңқ орденінің» толық үш дәрежесінің иегері атанған, 46 мың сарбаз майданда  қаза болған.

Бүгінде Жириновский, Никонов, Федо-ров, оларды жебеп отырған  ұлтшылдар теріскейде, тарихи өз атамекенінде тұрған қазақ пен қоныс аударып келген орыс этносы арасында тереңдеп тамыр жайып қалыптасқан тарихи және рухани достығын, туыстығын, айырылмас тату көрші болғанын жоққа санайды. Жеке басынан қауқары аспаған ұлтшылдардың үлкенін құрметтеп, кішісін ізеттеген, ананы аялаған, қариясының ақ батасын алуға тырысқан, білектің күшімен, найзаның ұшымен ата қонысын қорғап қалған халықты кемсітуі – парықсыздық, мүсәпірлік. Қай заманда да мемлекетті бөлу, сепаратистік көңіл-күйді көпіртіп жіберу – қылмыстық іс-әрекет болып  есептеледі. 

Жалпы мемлекет, халықтар арасына арандатушылық ниетпен іс-әрекет жасаған адам саяси қызметте болуға моральдық құқығы жоқ. Осындайда, Ресей құрамында қалып қойған Орынбор, Омбы, Томбы, Астрахан, Саратов, Челябі, Қорған облыстары туралы, ел тұтастығына  іріткі салып, ұлтаралық алакөздікке итермелеген жалған саясаткерлерге қазақтың нанын жеп, суын ішіп, ауасын жұтып, жерін басып, үлкен лауазым иелері болып отырған, жайшылықта ұсақ тұрмыстық келеңсіздіктерде біздің құқығымыз бұзылайын деп жатыр деп түймедейді түйедей қылып, даусы жер жарғыштар неге үнсіз? Әлде үндемегендері – келіскені дегенді білдіре ме?

Бүгінде Қазақстан Республикасы – дүниежүзілік қоғамдастықтың унитарлы бұлжымас бөлшегі. Қазақ елінде қазақ ұлтымен тең құқықты көптеген этнос өкілі өмір сүруде. Ұлттың уызына, қасиетті негізіне – жеріміз бен тілімізге, бар байлықтың садағасы есептелінетін намысымызға тіл тигізеді. Төрімізге шығарар қонақжай, кеңпейіл ел болсақ та, төбемізге шығарар намыссыз ел емеспіз, айтқандарынан қорытынды жасауымыз керек. «Жалынғанның емес, жағаласқанның жаны қалатын заман бұл» дегендерге қосылуға болады.

Елімізде қоғамның барлық саласында міндетті түрде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге қатты мән беру керек. Мемлекеттік атқару органдары, ішкі саясат бөлімдері, бұқаралық ақпарат құралдары  қазақ елінің тарихын жастарымыздың арасында нақты насихаттауға  көңіл бөлгені дұрыс.

Патшалық Ресей, одан кейінгі кездерде күштеп таңылған Орал, Павлодар, Петропавл, Усть-Каменогорск, Семей атаулары, тарихи жер-су аттарына  қатысы жоқ, сондай-ақ СҚО Жамбыл ауданы орталығы 19 ғасырдың басында патша үкіметі отарлау саясатын қолдаушы, жазалаушы отряд басшысы староста Пресновскийдің атындағы Пресновка селосы сияқты елді мекендерге өздерінің тарихи аттарын қайтарып беру  керек. Ономастика саласындағы бұл ұсыныстарды бір мезгілде орындау әр азаматтың, халықтың ел тәуелсіздігін қорғауда өз қатысын білдіргенін көрсетеді. Тамыршыдай тап басып, текті сезім, терең ойға жол берейік. Ресей әсіре ұлтшылдары қанша сайраса да, халықтан қолдау таппайды.

 

Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ,

зейнеткер.

Оқылды 2672 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « ОСНОВА НАШИХ УСПЕХОВ Көкбөрі Керней батыры Елеген »

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет