Біздін еліміздің əлем алдында мақтанышпен атайтын қол жеткен табыстарының бірі – халықтардың мызғымас достығы. Бұл ұлы достықтың тарихи тамырлары тіпті тереңде жатыр. Қазақ халқы мен орыс халқының достығы екі халықтың тарихи тағдырларының тоғысуынан, азаттық аңсаған мүдде-мақсаттарының бірлігінен туып, қалыптасты.
Тарих бетіне үңілсек, 1722 жылы Бірiншi Петр: «Қазақ Ордасы бүкiл Азия елдерi жерлерiне кiлт және қақпа – миллионнан ассын, орасан зор шығынға қарамай отарлап алу керек» – деген. Бұл сөз және қазақ жерiне қалмақтардың тұтқиылдан шабуыл жасауы патшалық Ресейдiң қазақ жерiн отарлауын тездеттi. Жайық бойында 14 бекініс, Ертіс өзені бойында Омбы, Железинск, Петропавл, Семей, Өскемен, Ямышев қамалдары маңайында қазақтардың көшіп-қонуына тыйым салынды, олар өзен бойындағы құнарлы жерлерден айырылды. Қазекем Еділ, Жайық, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл, Орынбор, Қорған, Омбы, Жаңа Сібір, Алтайдан шарасыздықтан ығысып, ішкі өлкеге ауысуға тура келді.
Бір мысал, Преснов бекінісі казактары 11 шақырым жер бізге тиесілі деген желеумен Преснов станицасы әскері мен Тобыл қаласының арнайы қарулы отряды күшімен бір түнде, 1821 жылы тамыз айының ортасында ата қонысын босатуға қарсы болған Сартай батырдың 17 баласы мен 150 сарбазын атып өлтіріп, ауылды өртеп жібереді. «Шөпті көлдің» аты осы оқиғадан кейін «Молалы көл» деп аталады. Переселенецтер қоныстанып, оларды қорғау үшін қарулы әскерлер әкелінді. Қоныс аударғандар жермен жұмыс істеуді қолға алды. Жерді жыртып, өңдеу үшін ат көлікті жергілікті қазақтардан алды. Сөйтіп, орыс пен қазақ өзара біріне-бірі көмектесіп араласа бастады. Қазақ таныс орысын «тамыр» деп атады. Заман өзгеріп бара жатты. Жоңғар, Еділ қалмақтары бір жағынан, Ресейдің патшасы екінші жағынан қазақтың кең даласына көздерін тігіп, әлсін-әлсін шабуылдап мазаны қатты алды. Діні қатты қалмақпен соғыстарда да қанша боздақтар ел үшін, ата қоныс жер үшін көз жұмды. Енді орыстардың отарлау саясаты басталып, қарулы солдаттар мен казактарды үйіп-төге бастады.
Майқы бидің: «Көзі шегір, өзі жемір, жүн бас, талтаяқ, жегені жалқаяқ жұрт елдің батысынан келіп, ұрпағым оның айтқанына көніп, айдауына жүріп, зорлы-ғына, қорлығына мөңді деп, ұзақ уақыт табанында таусылады» – дегені басталды ма? Сол кездегi қазақ жерiне көшiп келген орыстар мен қазақтардың қарым-қатынасы туралы Ақмола облысының губернаторы былай деп жазады: «...В крае киргизы охотно сближаются с русскими, перенимают и усваивают от них все, что находят для себя полезным, в своих кочеваниях тяготеют к населенным местностям... Киргизы одобряют и принимают пользу в хлебо пашестве». Екi халықтың достығы туралы тарихшы Ф.Щербина былай деп жазды: «Киргизы ездят к нам в гости, на просьбы «Курсак пропал» не встречает отказа в куске хлеба. В свою очередь «девчата и хлопцы» по праздникам гурьбой обходят соседние аулы. Киргизы ставят самовары и угощяют их орешками в масле».
1752 жылы Тауағаш ауылында староста Алексеев деген орыс болған. Қазақ тілін де тез үйреніп алған. Қазақ байларымен тамыр болып, сауда жасап, бай саудагер болады. Қасымбек батырмен өте жақын дос болады. Ер баласы жоқ Алексеев Қасымбекке келіп: «Сен балаңның біреуін маған қызмет істеуге бер. Мен қартайып келемін, саудамды жүргізсін, сауда жасауды да үйренеді», – дейді. Қасымбек Қарабек деген баласын береді. Бала өте алғыр, пысық екен, тез арада купецтің шаруасын дөңгелетіп әкетіп, орыс тілін үйреніп, сауда ісін де меңгеріп кетеді. Сонымен, екі отбасы араласып тұрады. Алексеев тамырының үйіне отағасымен қонаққа барғанда Айсараның көзі байдың қызына түскен еді. Вера өте ақылды, зерек, хат танитын. «Қыз өссе елдің көркі, гүл өссе жердің көркі» – деп халықта жай айтылмаған. Табиғатынан сұлу жаратылған Вера ауыл жастарының арасында басқа құстардың жанында жүзіп, көлде сылаңдаған аққудай еді. Ақ маңдайы жарқылдап, нұр қызының шырағындай, бет ажары жазғы түскен сағымдай. Білегінің шырайы айбалтаның сағындай, еріндері қызыл шие, қыпша белі самал желде иілген шыбықтай кәдімгі әнге қосқан бұраң бел, оймақ ауыз, қызыл ерін, қырдың қызыл қызғалдағындай алма мойын, мөлдіреген қарақаттай көздері құралайдай құлпырған, құндыз қасы қос қияқтай, ақ дидары толған айдай. Сырт келбеті, бет әлпеті, дене құрылысы адам қызығатындай, кеуде сүйегі кең, қайыңдай сұлу иығы тік, қыр мұрынды, күлген сайын көркіне нәр беретін, қазақ қыздарындай белден түскен бұрым, егіз анар кеудеде тостағандай, жалпы келбеті хор қызындай инабаттылық, тазалық тайға таңба басқан-дай көрініп тұр. Айсара баласының шын жүректен ғашық болған қызына сүйсінген еді.
Вера мінезі ашық, өзі қарапайым, қазақ қыздарымен етене араласып, тілді тез үйреніп алды. Қазақтың кеңпейілділігі, қонақжайлығы, үлкенді, әйелдердің азаматтарын қатты сыйлауы – зерек орыс қызын таңқалдырған еді. Ел мақтаған жігітті, қыз жақтаған емес пе? Қыздың арманы өзін құлай сүйген, махаббатқа адал, жаны таза Қарабектей жан еді. Вера Қарабекпен өмірде бірге болуға бел буып, сүйген жарының тілін, салт-дәстүрін үйренуге, діни сенімін ауыстыруға даяр еді. Ісі алға басып жүрген жігіт те орыстың сұлу қызына ғашық болып қалады.
«Қасымбектің немересі орыстың қызын алайын деп жатыр» деген хабар елге тарады. Діннің қаймағы бұзылмаған, көпшілік қазақтардың орыстардың түрін де көрмеген кездегі бұл оқиға оқыс іс болады. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды деген емес пе?! Бұл хабарды естіген дініне берік Қасымбек қанша дос болғанмен, баласын үйіне алып келеді. Қызды көрмесе тұра алмайтын халге жеткен Қарабек қашып кете береді. Қарт батыр немересін орыстардың қолынан тартып алып келуге отыз жігітке басшы қылып жіберген немере інісі Қабдолға орыстармен қақтығыс болып қалған жағдайдың өзінде немеренің аман қалуына көңіл бөлу керектігін қатты тапсырады. Олай айтуға себеп болған. Біріншісі, ширек ғасыр ат үстінде бірге жүрген, үзеңгілес досы, Баян батыр кеудені намыс пен ыза кернеп, өз қолымен інісі Ноян мен болашақ келіні – қалмақ қызын байқамай өлтіріп қойып, өмірі өкініште өткені есіне түскен еді.
Халықта: «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген нақыл айтылған. Тарихта, ажалдан намысты жоғары қойған Тұмар-ханум ұлы Спаргапис өз қанжарын өз жүрегіне салды емес пе? Тоқтамыстың мені ханым деп мойындап, адал қызмет қыл, өз ұлысыңа билігіңді қалдырайын деген ұсынысына Едіге би әкесі Балтышақ: «Әкемнің қасиетті тағында қарақұстай қалқиып отырған сені көргенше, екі көзім ағып, суқараңғы болсамшы» – деп өлімге өзі бас тіккен еді.
Дегенмен, қол ұстасқан, жүректері бірге соққан, шынайы ғашықтықтың сезіміне көзсіз берілген екі жасты ақ жол тілеп, неге шығарып салмады екен? Бір күні азамат балапандарын ертіп еліне оралатын еді ғой деген ой ұйықтатпаушы еді. Басыңнан өтпей, кейде мән бермейді екенсің-ау. Екіншіден, «баланы күшпен қайтарыңдар, не өлігін әкеліңдер» дегенді естіген жолдасы Айсара кішкентай кезінен өзіне теліп, баққан немересін жақтап, өмірінде бірінші рет күйеуіне, қатты наразылық білдіріп, баланың сүйген қызына қосылуына кедергі жасамауды отағасынан сұрады. «Әттеген-ай» деген ой мен жар тілегі қатты мазалаған, жігіттерін қалайда баланы алып келуге жіберіп, енді бір орнында отыра алмай мазасызданып, Алла Тағаладан немересінің аманшылығын тілеген Қасымбек үлкен толғаныс үстінде отыр. Қазақтың діні бұзылмай, салт-дәстүрі шайқалмай отырған кезде немересі орыс қызына көңілі кетіп, ғашықтықтың өртіне шалынып отыр. Өзінің қалай Айсара сұлуға ғашық болғанын, көре алмаса тұра алмайтын жағдайға жеткенде, марқұм әкесі қолдап, құда түсіп, екі жастың қосылуына мүмкіндік жасағанын, жастық шағын есіне түсіріп қатты ойланды. Немере баласының басқа ұлтқа үйленуін іштей құптады да, тек басқа ұлт қыздары қазаққа сіңгенін ғана қалайды, қанды тазартады, білім де соларда, шөбере көру арманы да орындалмақ.
Барлық ізгілік, мейірім, шапағат адам баласының бойына анасының ақ сүтімен дариды. Ұлтты сақтау – қазақтың отбасын сақтау. Ұлттың ертеңін өмірге әкеліп, алақанында мәпелеп, бесігінде тербетіп, тәрбиелейтін ұрпақ өкілдері қателеспеуі керек. Қазақ жеті атадан аспай қыз алыспаған. Қазақ, жапон, шешен өз қыздары басқа ұлтқа шығуын тыйып отырған. Төртаяқтының ішінде Лайка иті өз тұқымдасы болмаса, шағылысуға басқа иттерді жолатпайды екен. Өз қолына алып тәрбиелеп, баққан үлкен немересін бес жасынан бастап жанына ертіп жүріп, ата-баба тарихын, туған халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, шаршы топта жасқанбай, жалтақтамай еркін сөйлеуге, ақыл-ой еркіндігіне, сөз бостандығына баулып еді. Ұрпақ – баба аманаты. Әрбір ұрпақ үшін келер ұрпақ алдында азаматтық борыш, ұлттық парыз сынды мақсат-міндеттер тұрады. Яғни болашақ ұрпақтың өсіп-өркендеуі, заңды тарихи орнының сақталуы – алдыңғы буынның аталған міндеттерді қаншалықты адал жүзеге асыратындығына тікелей байланысты. Қазақ халқы даналығы, кеңдігі мен сыйластығы, қонақжайлығы әлеуметтік шығу тегіне қарамай, барша азаматының ұйысуына негіз болды. Сол арқылы жауды жеңдік емес пе? Немересі көз алдында тұр. «Жау жеңетін жігіт жарағынан танылады, дау жеңетін жігіт талабынан танылады». «Жібек мінезді жігіт жұртқа жағады, жылан мінезді жігіт жұртта қалады». «Жігіт – арының құлы, жаман – малының құлы». Салмақтап байқап, баласын ез, босаң, жамандар қатарына қоса алмады. Туған жерге деген сүйіспеншілік, өз ұлтын сүю – ұлт рухының ең маңызды бөлігі. Бұл – ұлттың алға қарыштап қадам басуының, серпіліп жаңа көкжиектерге ұмтылуының негізі мен кепілі. Қазақтың әрбір баласы мұны жақсылыққа, байлыққа, ақылдылыққа ұмтылыс деп танып, туған жерінің гүлденуіне қолдан келгеннің бәрін істеу қажет деп сезінуі керек. Адам өз бойындағы осы қасиеттерді дамытуы шарт, олар жеңіс рухының өз өмірінің бір бөлшегіне айналуына бар күш-жігерін сарп етуі тиіс қой. Ұлты басқа демесең, қарапайым орыс халқының да арман-тілегі бір. «Елу жылда ел жаңа» – деп бекер айтылмаған. Ата-баба аруақтары қалай қабылдар екен? Алла Тағала орыспен құда болуға жазып қойған ба? Кешегі қалмақпен қан төгісіп, қабырғамыз қайысып қорғаған жерді бүгін орыс басып алуда. Заманымызды байқап танымасақ, біздердің бойымыздағы қасиет қайда қалады, ұрпаққа қандай жол сілтейміз? Ұрпақ жолын кеспей, алдын ойламасақ, дұрыс болмас деп, қарт іштей бір шешімге келеді. Жылда жаз болғанда қанды көйлек жолдасы, алтындай қадірлейтін Шөгіл досына қонақтап барып, ой бөлісіп, ақылдасып қайтушы еді. Шапқыншылықсыз күні жоқ, жаугершілік заманда көшпелі елдің басы бірігіп бақытқа кенелген кезде де, бұған керісінше, қырық пышақ болып қырқысып, тоз-тоз болып бөлінген кезі де аз болмаған. Ел бүлініп, екі айырылғанын көріп, қайғыдан қан жұтып, қапаланған ерлердің мұң-зары жыр болып төгілген, күй болып күмбірлеген. Қыпшақ Қобыланды Ақжол биді өлтіруі елді екіге бөлді емес пе? Қобыланды Дайырқожаны өлтіргенде, Әз Жәнібек шариғат бойынша Қобыландыны қысас қылып өлтіруге сұрағанда, Әбілқайыр көп қыпшақ бұзылатын болған соң бере алмай, үш кісінің құнын алып, бітім шығарған. Бұл Әз Жәнібек пен Әбілқайыр ханның бөлінуіне әкеліп соқты. Тоқсандағы Құтан баласын өлтірген Қобыландыны қарғамайды. «Өлер бала өлді, Алла Тағала алды» деген де ой бар шығар. Ноғай Орақ батыр қыпшақтың атақты батыры Қобыландыны өлтірген кезде ішкі билік өз мүдделеріне пайдаланып қалуды ойлады. Поляк Янушкевич: «Егер ежелгі Грекияда немесе Римде өмір сүрсе, Тоқымбай шешен мен Бейсеке би өздері-ақ лаврдан белдері бүгілген болар еді» – деп артына аталы сөз қалдырғандарды бағалаған. Кешегі бабалар ұшқыр ойлы, «өткірдің жүзі, кестенің бізі өрнегін олай жасай алмаған» шешен Бағлан, Танаш билер ел тыныштығын, ынтымақта болуды шегелеп тұрып, аманаттап кетпеп пе еді? Ел жақсысын бір-біріне айдап салуда атыстырып-шатыстырып отырған саясатты да естен шығармаған болу керек.
Өткенде қарулас досы, қалмақтармен болған шайқастарда бірге жауды жапырған туысқаны Шөгіл қайтыс болып, жерлеу рәсіміне қатынасып келді. Қартайған шағында үш жыл қызыл қайыңнан жасалған сойылды өзімен бірге алып жүрді деп естіген еді. Жарықтық, табақ тартқан жерде еттің қолына жұққан майын қызыл қайыңды сойылға жағып отыратын. Үлкен ұлдары намыс көріп, әкелеріне ренжіген де уақыттары болған. Бірақ Шөгіл сойылын жүрген жерінде бір де тастамаған. Өлер алдында үлкен ұлын, бауырларын шақырып алып: «Мен өлгенде сүйегімді анау орыспен шекаралас жерге апарып жерлеңдер, мына сойылды менімен бірге жерге көміп, ұшар басын ғана жер үстіне шығарып қойыңдар. Қызыл қайың майысса да сынбайды, талай жыл жылқы майын да бойына сіңірді, оңайлықпен шірімес. Ертең көршілермен жерге талас бола қалған жағдайда менің моламды көрсетерсіңдер, аталарың ең болмаса қазақтың жерінің бір шетін күзетіп жатсын» – деген екен.
Көп жылдар жауға қарсы күресте ат үстінде болған батыр айырылу, жоғалту, жеңістің не екенін, ерліктің нәтижесі бейбіт күн екенін, өмірдің сәнін, алауыздықтың мәнін жақсы біледі. Шөгіл мұның алдында ғана Қасымбек досының немересі мен орыс байы қызының арасындағы әңгімені естіген еді. Қас батырға қарсы келетін бұл маңайда ешкім жоқ екенін білетін Шөгіл түбінде бір қақтығыстың шығатынын ескеріп, ауырып жүрсе де, атына мініп, қасына екі үлкен кісіні ертіп, староста ауылына барып, жағдайды ушықтырмай ақылға сыйымды келісімнің жолдарын айтып кеткен еді.
Тәуке хан заманында қылмыскерге жаза қолданудың бірнеше жолы болғаны белгілі. Көшпелі қазақ халқының ел билеу заңы «Жеті жарғы» – «Қанға-қан», «Жанға жан алу» бабымен басталса да, шариғат жолдары да қарастырылған. Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді. Жамандыққа жақсылық жаса деген мақсатта айтылған аяттар көп. Кісі өлімін құнмен алмастыруға, кешірімді болуға үндейді. Қазақ билері өлім себептерінің әртүрлілігіне (қасақана, абайсызда, күйзеліс үстінде) қарай жазалап, құн төлеттірген. Жәбірленуші жақ келісім берсе, қылмыскер әрбір өлтірген ер адам үшін 1000 қой төлеп құтылатын болған.
Алексеев Қасымбек адамдарын күтіп алу үшін бір сиырдың етін астырып, ауладағы көк шөп үстіне төсеніштерді төсетіп, дастархан даярлатты. Көрші болыстан қазақтың ел сыйлайтын екі адамын алдыртты. Екі ақсақалды жанына отырғызып, Қасымбек жігіттерін бастап келген Қабдолға: «Біздің селоны шауып, мені қумақ болып жатыр дегенді естігенмін. Жан бермек оңай емес, біздің село да мылтықтарын әзірлеп қойды. Төрт бекіністен де бізге көмек келмек. Жарайды, соғысайық, соғыс болғасын екі жақтан да кісі өлімі болады. Одан да бір-ақ адам «өлсін», – дейді. Қазақтың Дала заңының өте қатты сақталатынын жақсы біліп алған Алексеев: «Мен баланы бермеймін. Сенің балаң – Қарабек, менің күйеу балам. Сен балаңды өлді деп есепте, өлтірген біз болып Қазақтың Заңы бойынша 100 жылқыны төлейік, батасына кететін шығынын да төлейміз», – дейді. Бұл ұсынысты өңірге танымал, беделді екі қазақ ақсақалы қолдайды. Қасымбектің жігіттерін Алексеев ең сыйлы қонақтарындай дастархан үстінде қарсы алып, ертеңіне бір адам құнын және батасын көтеріп алатын малдарды апарып беретініне сөз береді.
Келесі күні купец он шақты жігітке 100 жылқы, 100 сиыр, 200 қой айдатып жібереді. Қасымбектің бір өзіне жететін байлығы баршылық. Баласының орнына айыппұлға келген көп мал оны еш қызықтырмады. Грек аңызында шарап құдайы Дионис Мидас патшаның қалауын орындайды. Мидас қолы тиген нәрсені алтынға айналту қасиетіне ие болады. Тамақ та іше алмай қалған патша алтынның металл ғана екенін, адамға көңілі толатын жақсылықты әкелмейтінін түсінген. Қасымбек Шөгілдің жағдайды ушықтырмай, осы шешімге келгізгенін үйінде жатып-ақ түсінді. Келесі күні бауырларын шақырып алып, Омбы аймағындағы бес болысқа хабаршы жібертіп, жылқы, қойларды сойғызып, келген қонақтарына «өлген» Қарабек үшін, жетісін, қырқын, жылын атап өтуге ас беріп, қалған малды бірнеше көрші ауылдардағы кедей-кепшікке таратқызып жібереді.
Бұл күні Қасымбек ауылында бата беріліп жатса, Алексеев Омбы, Қорған, Петухово, Петропавл төңірегіндегі қамал бекіністерден, орыс қоныстарынан адамдарды шақырып, үйлену тойын үлкен салтанатпен атап өткен еді. Өзі кенже қызымен қалып, күйеу баласы Қарабек пен Вераға ауылдан оқшау көлдің жағасы, жан-жағы қайың орманның ортасындағы алаңға ағаш үй салғызып, екі жасты жеке отау қылып шығарады. Кейін бұл бір үй үлкен селоға айналып, осы оқиғаға орай селоның аты «мир» және «любовь» деген сөздердің бірігуінен «Миролюбово» деп аталған екен. Бірлік пен келісім ат ауыздығымен су ішкен, ер жігіт етігімен су кешкен қиын-қыстау замандардан бастау алса да, «Төсекте басы, төскейде малы» қосылып, екі ұлттың баласы тату отырған, жақын ағайын мен құда жұрттың тыныштығы да адам сүйсінерлік болған екен.
«Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын» деген қанатты сөзді қағидаға айналдырған ата-бабамыз ұрпағын шашау шығармай, бағып-қаққан. «Қыз – өріс, ұл – қоныс. Екі ауылдың арасын жол қосады. Екі елдің арасын қыз қосады» – деп атамыз қазақ бекер айтпаған екен. Осы селоның жанынан өткен сайын Қарабек пен орыс қызы Вераның махаббаты, Қасымбек пен құдасы Алексеевтің достығы оралып, ғасыр қойнауына жетелейді.
Арада бірнеше жыл уақыт өтеді. Патша үкіметінің отарлау саясатын жүргізіп отырған қызметкерлеріне Алексеев старостаның қазақтармен туыстасып, кейде жақтағаны мүлде ұнамайды. Бұл жағдайды аңғарған Алексеев балаларының қауіпсіздігін ойлап, екіншіден Қарабектің білім алуына жол ашу мақсатымен қызы мен күйеу баласын, немересін таныстарына қосып Петерборға жібереді. Бұдан екі жарым ғасыр уақыт болған оқиғаның талай жүректерде жатталып, бізге жеткені осындай.
1962 жылы Тауағаш ауылына Мәскеуден Орталық Партия Комитетінің іссапармен келген бір уәкілі бар, облыстық партия комитетінің адамдары келеді. Мәскеуден келген уәкіл өзін ертіп жүрген адамдармен «Миролюбово» ауылына келіп, Қасымбек пен Алексеев ұрпақтары жайлы сұрайды. Ондай адамдар селолық Кеңесте тізімде жоқ, жергілікті адамдар хабарсыз болып шығады. Ауылдың бір үлкен адамы көрші ауылда 90-нан асқан бір орыс кемпірі тұратынын, содан сұрауын өтінеді. Шекаралас ауыл тұрғынына осы шағын шығармаға арқау болған оқиға жайлы кейуана айтып берген екен. Ал Мәскеуден келген уәкіл Қасымбектің 9-ұрпағы Аман еді. Аманның айтуына қарағанда, Петербор қаласында білім алып, қызмет жасаған Қарабек балаларына, немерелеріне айтқан өсиеті: «Атамекеніңді, тіліңді, дініңді, салт-дәстүрді, жақсылардың атын есте сақта» – болған екен. Атасы Қасымбек әңгімелерінен есте қалған Абылай, Балта, Баян, Жәнібек, Қараби, Қожаберген, Құлеке, Құлсары аттары Қарабек әулетінде өмірге келген жас ұрпақтар есімдерімен үндесіп отырған. Ауыл адамдарынан сұрастыра келе туыстарымен қауышып, бүгінде Мәскеу, Петербор қалаларында тұратын бір ауыл Қасымбековтер үмбетінен бір отбасы ана тілін, ата тегін білетін 5 адам атамекеніне – «Миролюбоваға» оралған еді. Туысқандары жиналып, асар жасап, бір жазда Қарабек аталарының үйінің жанынан ағаштан үлкен үй салып, жаңа қонысты тойлап, 250 жыл бұрын болған оқиғаны естеріне түсіріп, ата-баба рухына құран бағыштады. Бүгінгі күні орыс-қазақ туыстар, құдалар тағы да ақ дастархан үстінде кездесті, екі ұлттың туыстығы, достығы тамырланып, мәуелі бәйтерек болғанына куәгер болды. Туған жерін жау шапқыншылығынан қорғаған батыр қазақ елінің тәуелсіздігін, балаларының амандығын, білімді болғанын ойлаған, ұрпағы елге оралғанына Қасымбек аруағы риза болып, жаны тынышталып, бір аунаған да шығар. «Бірлік бар жерде тірлік бар» – деп атамыз қазақ бекер айтпаған. Тоғысқан тағдырлар туған жерге тамырын терең жая берсін!
Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ,
Журналистер Одағының мүшесі.