Сәрсенбі, 01 Шілде 2020 15:01

Елдігіміздің айшықты бір белгісі – Алтын адам

Тәуелсіздігіміздің символына айналған Алтын адам бейнесі еңсесі биік елдігіміз бен дұшпанына дес бермес ерлігіміздің ескірмес естелігі, һәм ескерткіші іспеттес. Ал алтынмен апталған сауытқа көз жүгірткен кез келген жан мәдениетіміз бен өркениетіміздің өзегі тереңнен тарайтынын түсінері хақ. Ханзада киіміндегі алтынның әр бөлшегіндегі бедер философиялық мазмұнға ие. Дүниетанымымыздан сыр шертіп, тарихымызды таңбалап тұр. Обадан табылған төрт мыңнан астам алтын бұйым, күмістен жасалған ыдыстар, болаттан соғылған қанжар, әшекейлерге қондырылған қымбат тастар қазақ жерінің қашаннан бай, ал темірден түйін түйген бабаларымыздың он саусағы шебер, өрісі кең, таным-түйсігі биік болғанын байқатады.

Қазақты малдың соңында көшіп-қонып қана жүрген надан етіп көрсетуге күш салған кеңестік идеология 1970 жылы жарқ еткен жаңалыққа таңдай қағып, таңырқай қарады. Ол – Есік қаласынан табылған алтын киімді адам еді. «Алтын адам» аталып кеткен осынау «олжаны» әлем жұртшылығы бір көру үшін қазақ жеріне ағылды. Дүниежүзінің маңдайалды ғалымдары келіп, қазақтың жерінде бастау алып, жалғасып жатқан мәдениетті мойындады. Аңдық стильдің айшықты белгілеріне бас шайқай қарап, ұсталардың шеберлігіне таңырқасты. Ханзада киімі мен бұйымдарының 2500 жыл жер қойнауында жатып, еш бүлінбей сақталуы да – сақ дәуіріндегі өнердің дамуының дәйегі дейді көзі қарақты жұрт.

Археология ғана емес, адамзат тарихында үлкен сенсация болған осынау Алтын адамның табылғанына биыл 50 жыл толды. Ал оны алғаш тапқан, әрі өмірінің соңына дейін сақ ханзадасының танылуына тынбай еңбек еткен Бекен ата аман болса, осы жылы 85 жас меретойын атап өтер еді. Аңқылдаған ақ жүрек Бек­мұ­ханбет Нұрмұханбетовті көпшілік «Бекен ата» атап кеткен. Осында оқырманға түсіндіре кетер бір жайт, мектеп оқулықтарында Алтын адам 1969 жылы табылды деп оқыдық. Ал өткенге  зер салсақ, Алтын адамның табылу тарихы 1963 жылы Есік қаласында болған селге тікелей қатысты екенін де түсінеміз. Сел автобазаны шайып кеткендіктен оған жаңа жер бөлінеді. Ғимаратты салудан бұрын ол ежелгі оба бар орынға «Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау және пайдалану туралы» заңға сәйкес археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілу керек. Сондықтан  ҚазақКСР  ҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнология институтынан Кемел Ақышевтің басшылығымен экспедиция тобы құрылады. Оның Есік археологиялық отрядына институттың кіші ғылыми қызметкері Бекмұханбет Нұрмұханбетов жетекші болып тағайындалды.

Бекен ата

Осылай зерттеу жұмыстары да күз айында басталып, тоналған қабір ашылғаннан кейін археологтар ол маусымды тоқтатады. Келесі жылы, яғни 1970 жылы қазба жұмыстарының екінші маусымы сәуір айында басталады. Ол кезде отрядта екі адам: отряд жетекшісі – Б.Нұрмұханбетов пен аға лаборант – А.Амандықов жұмыс істеген. Сонымен көпке созылмай, сол сәуір айында-ақ Алтын адамның мүрдесі табылған.

Реставратор В.Садомсков алтын киімнің детальдарының көшірмесін құйып, Алтын адамның алғашқы тұлғасын ұсынды. Алтын адамның сол тұлғасы Алматыда көрсетілді. Одан кейін шекара асып, үлкен көрмелерде көрсетілді. 1973 жылы Мәскеуде, 1974 жылы Лейпцигте, 1975 жылы Каирде, 1976 жылы Дамаск қаласында өткен халықаралық көрмелерге қойылды. Бірақ бір өкініштісі, сол заманда бүкіл әлем жарыса жазып жатқан Алтын адам «өз отандастары» – Есік тұрғындарына 22 жылдан соң ғана жетіпті. Мұнда да мұрындық болған – Бекен ата. Сонымен қатар ол кезде «Еңбек жалыны» аталған қазіргі «Еңбекшіқазақ» аудандық газетінің ұйымшыл ұжымының еңбегін атап өткеніміз жөн.

"Еңбек жалыны" (қазіргі "Еңбекшіқазақ") газеті, 1991 жыл

Есік қаласындағы сақ обасынан Алтын адамның табылғанына 50 жыл, мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ашылғанына 10 жыл, ал осы екі істің де басы-қасында жүріп, тікелей еңбегі сіңген белгілі археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетұлының – Бекен атаның туғанына 85 жыл толып отыр. Осыған орай төмендегі сұқбаттарды назарларыңызға ұсынамыз.

 

 Бекбол Нұрмұханбетов: Әке жолымен жүріп келемін

 

«Атадан ұл туса – игі, ата жолын қуса – игі» дейді қазақ. Бекен атаның кенже ұлы Бекбол Нұрмұханбетов – осынау аталы сөздің тереңін түсінген ұрпақ. Бүгінде қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған ол әке жолын жалғап келеді.

– Бекбол, өзіңді көп жылдан бері танимын, бірақ археологияға, әсіресе, ғылымға қызығушылығыңды ешқашан байқамап едік.

– Иә, бұл қызығушылықтың бұрын болмағаны рас. Кішкентай кезімде балаларға арналған археологиялық лагерьге баратынмын. Бірақ онда да осы салаға қызыққаннан емес, тек уақыт өткізу үшін ғана. Ал әкем өмірінің соңына дейін экспедицияға барумен өтті. Тарихты, қазба жұмыстарын жан-тәнімен жақсы көретін. Оларсыз бір орында тыным таппайтын. «Таңертең кезекті экспедицияға шығамын» деп қамданып отырған, бірақ түнде аяқасты көз жұмды. Сонда айтқаны: «Бұл менің соңғы экспедициям болғаны ма?» Әкем үшін экспедиция қаншалықты маңызды болды, жалпы, экспедицияның не екені мені тек сол сәтте ойландырды. Осылай, әкемнің археологиялық қызметі, Есік сақ қорғандарының, Есік музейінің ашылуында сіңірген үлкен еңбегі, жалпы, ғылымда басқан әр қадамын, кешкен күйін – бәрін-бәрін тереңнен тануға, бойымнан өткізуге тырыстым. Қуанышыма орай, музей директоры Гүлмира Райылқызы дипломыма қарай мені суретші-экспозиционер ретінде жұмысқа шақырды. Бұл музейдің әкем үшін қаншалық ыстық екенін елдің бәрі жақсы білетін шығар. Оның ашылуы әкемнің қажырлы еңбегінің арқасында деп білемін. Күндердің бір күні үлкен музейдің болатына сеніп, жыл сайын Есік қорғандарында көктем шыға киіз үйін тігіп, қар түскенше туристерді қабылдап, тарихтан сыр шертіп, қорғандарды «күзетіп» сонда отыратын. Музейге орналасуым да әкемнің әр ісін терең тануға мол мүмкіндік болды. Әкем араласқан көптеген ғалым, археологтармен мен де танысып-білісе бастадым. Осылайша археологияға деген қызығушылығым өздігінен арта берді.

Есік мемлекеттік мәдени-тарихи қорық-музейіндегі Бекен атаның кабинеті

– Алғашқы экспедицияң туралы айтсаң, саған оның қандай әсері болды?

– Әкеміздіңжылын өткізгеннен кейіноның құрметінешәкірттері, қызметтестері мен жақындары бірігіп, «Нұрмұханбетов ЭКСКАВЭЙШНС» атты халықтық археологиялық экспедиция ұйымдастырдық. «Экскавэйшнс» – әкемнің сүйікті сөзі, ұраны болатын. Кезекті «жорығына» шығарда гүрілдеген зор дауысымен осы сөзді дауыстап тұрып айтатын. Біздің қазба жұмыстарымыз Рахат пен Өрікті ауылдарының арасындағы қорғандардың біріне жүргізіліп, алтыннан, темірден жасалған бұйымдар табылды. Әкем әр қазба жұмысында музей экспонаттарымен көрме ұйымдастырып, ондағы көрермендерге лекция өткізетін. Біз де осыны негізге алып, тек қазба жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, әкем сияқты мейлінше жан-жақты болуға тырыстық. Лекциялармен қатар, ата-бабамыздың байырғы өмірінің көрінісі – садақ атудан, тазымен аң аулаудан, тоқыма тоқудан өз мамандарын шақырып, мастер класс өткіздік. Біз құрған лагерьге келушілер де көп болды. Жалпы айтсам, бұл экспедиция менің жаңа өмірімнің алғашқы іргетасын қалап бергендей. Қызығушылықтарым, көзқарасым өзгерді. Әкемнің ісіне бір табан жақындай түстім. Көптеген адамдармен танысып, жаңа достар таптым. 2018 жылы Есік мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ғылыми қызметкерлерінің жетекшілігімен Есік көлінен оңтүстік-батыста 6 шақырым жерде орналасқан «Қыземшек» тауына волонтерлерді экспедицияға апардық. Теңіз деңгейінен 3100 метр биіктікте жатқан бұл орынның жұмбағымен танысу мүмкіндігіне ие болдым. Әрі өзім танысып қана қоймай, бұл туралы 2019 жылы Әзірбайжанның астанасы Бакуде петроглифтерге қатысты өткен халықаралық ғылыми семинарда баяндама жасадым. Қазіргі уақытта бірқатар елдің ғалымдарымен байланыстамын, түрлі конференцияларға шақырып тұрады.

– Қандай жоспарларың бар?

– Жоспар, әрине, көп. Бірақ биылғы көктем көпшілікке нақты жасалған жоспардың да жүзеге асу-аспауы екіталай екенін көрсеткен сияқты. Дегенмен, нақты жоспардың жайын айтпасақ та, әкеміздің үлкен аманаты бар.

– Ол қандай аманат еді?

– Ол – Алтын адамның сүйегін жер қойнына тапсыру. Жай ғана жер қазып, көме салу емес, ханзадаға сай сый-құрметпен жерлеу рәсімін өткізу. Қарапайым, әрі айтарлықтай маңызға ие үлкен жұмыс. Қазақстанның елтаңбасында қанатты тұлпар бейнеленген. Ол – Алтын адам тәжіндегі (бас киіміндегі) элемент. Біз көшпенді халық мәдениетінің мұрагері ретінде осынау кодтан бастау аламыз. Өткенге, ата-баба аруағына құрмет осыдан басталады. «Аруақ қолдасын», «Тәңір жарылқасын» дегенді бекер айтпаймыз. Аруақ, Тәңір, Жер мен ғарыш – мұның бәрі бір-бірімен өзара байланысып жатыр. Бұл байланысты үзуге болмайды. Қашаннан бабалар аруағын қастерлеген халықпыз. Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. «Алтын адамның сүйегін топыраққа табыстағанда елімізде тек жақсылық болады» деп отыратын әкем. Ендігі жоспарымыз да, мақсатымыз да – әкемнің осынау аманатын орындау.

*****

Гүлмира Мұхтарова: Аманатқа қиянат болмайды

 

Есік мемлекеттік мәдени-тарихи қорық-музейінің қабырғасы қаланғаннан бері басқарып отырған белгілі ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлмира Мұхтарова музейдің жұмысымен таныстырып, жоспарларымен бөлісті.

– Есік мемлекеттік мәдени-тарихи қорық-музейінің ашылғанына биыл 10 жыл болды. Қандай жұмыстар атқарылды?

– Жаңа ашылған мәдени мекеме, соның ішінде қорық-музей үшін 10 жыл айтарлықтай көп уақыт емес. Дегенмен, біраз жұмыстардың атқарылғанын айту керек. Музейдің қабырғасы алғаш қаланғаннан бастап осында қызмет атқарып келемін. Музей директоры ретіндегі қызметім экспозиция құрудан басталды. Біздің негізгі зерттеу нысананымыз – сақ қорғандары болғандықтан, бастапқыда экспозиция құру жоспарланбаған еді. Бірақ көрерменді тарту, оларға сақ мәдениетін,тарихын қызықты, тартымды етіп жеткізу үшін әкімшілік ғимараттың екі залына экспозиция құруды ұйғардық. Бастапқыда Астанадағы Алтын және құнды металдар музейінен алынған Алтын адаммен бірге табылған 19 заттардан тұратын экспозициямыз қазір 435 жәдігерден тұратын 4 залға толықты. Экспозициямыздан сақтар мәдениетін, тарихын, Алтын адамның табылу, зерттелу тарихын, сонымен қатар жалпы Қазақстан археологиясы тарихы туралы мәлімет алуға болады.

Қорық-музейге бастапқыда 5 қорған ғана қамтылған 6 га жер бөлінген болатын. Ал Есік қорымындағы сақталып қалған 80-нен астам қорған қорық-музейдің қарамағына берілмеді. Қорық-музейдің негізгі қызметі осы қорғандарды тарихи ескерткіш ретінде сақтау, содан кейін барып зерттеу, дәріптеу. Сондықтан да біз ендігі кезекте – қорық-музейдің қорғау аймағын анықтау және бекіту жұмысына кірістік. Бұл өте күрделі және қиын мәселелердің бірі болды. Нәтижесінде 2014 жылы қорғау аймағы бекітілді. Қорғау аймағына Есік қорымы мен бірге Рахат қалашығы және Өрікті қала жұрты кіргізілді. Кейіннен қорық-музей балансына ЮНЕСКО тізіміне кірген ортағасырлық Талхар (Талхиз) қалашығы берілді. Қазір қорғау аймағы 447 га жерді құрайды.

Халықаралық қатынастар да бір жолға қойылды. «Бір жол, бір белдеу» халықаралық жобасы аясында ҚХР-сы, Сиән қаласындағы Шәнши археологиялық институтымен, Оңтүстік Кореядағы 5 ғылыми институтпен, Ресейлік археологиялық институттармен келісім шарт негізінде археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеміз.

 

Есік обалары

– Қорғандар 80-нен астам дедіңіз, оның нақты саны белгісіз бе?

– Қорық-музей ашылмай тұрғандағы құжаттарда Есік қорымында сақталған қорғандардың саны 40-тан астам деп көрсетіліп келген. Қорғандардың төлқұжатын жасау және басқа зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында тек қазіргі қорық-музейдің қорғау аймағының өзінде 80-нен астам қорған қалғаны анықталып отыр. Әлі де қорғандардың санын нақты айта алмауымыздың себебі – бұл жерде сақ дәуіріне дейінгі және одан кейінгі кезеңдердегі жерлеу орындары бар. Есік қаласының аумағы кезінде түгел қорғандардан құрылған үлкен қорым болған. Шамамен алғанда, бұл өңірде 600-ден астам қорған болған деп есептейміз. Сақ бабаларымыз, негізінен, таулы аймақтарда өмір сүріп, жазық далаға қорған салған. Олар қорғандарға үлкен мән берген. Бұл туралы тарих атасы Геродот өзінің «Тарих» атты еңбегінде нақты көрсетіп кетеді. Қорған тұрғызуда сақтардың белгілі бір жүйесі де болуы мүмкін. Өкінішке қарай, біз әзірге қорғандардың орналасу тәртібін, жүйесін білмейміз. Егер ондай мүмкіндік болса, біраз жұмбақтың сыры ашылар ма еді? Демек, Біздің басты мақсатымыз – осы күнге дейін жеткен қорғандар ландшафын ары қарай сақтап, оны болашақ ұрпаққа аманат ету. Бір сөзбен айтқанда, қорғандардың нақты санын анықтау, олардың құжаттамасын жасау әлі де зерттеуді қажет етеді. Осыған байланысты Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына жоба ретінде ұсыныс беріп те отырмыз.

– Тек сақтап қалу ма? Оларды біртіндеп зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізуді мақсат етпейсіздер ме?

– Қазіргі инфрақұрылым қарқында дамып келе жатқан уақытта негізгі мақсатымыздың қорғандарды ең алдымен сақтап қалу мәселесінің бірінші кезекте тұрғаны түсінікті деп ойлаймын. Қорғандар – біз үшін ең алдымен, сақ бабаларымыз туралы мәлімет беретін дереккөзі. Яғни тарихымыздың діңгегі. Сақталып қалған қорғанды белгілі бір жүйемен, тәртіппен зерттеу уақыттың үлесінде. Ал қазір ең алдымен жойылып кету алдында тұрған қорғандарға зерттеу жұмыстарын жүргізуді қолға алғанбыз. Дегенмен, ғылыми зерттеулер, халықаралық байланыстар аясында да қазба жұмыстары жүргізілуде. Оңтүстік Корея Республикасының Кенжу тарихи қаласында ұлттық музейге қарайтын біздің қорғандарға ұқсас қорғандардың шоғырланған паркі бар. Сол парктегі қорғандарға түгел зерттеулер жүргізілген. Зерттеу жүргізілгеннен кейін қорғандар қалпына келтіріліп қойған, кейбіреулері музейлендірілген. Біз де сол тәжірибені пайдалануымыз керек.

– Жойылу алдында тұрған қорғандар көп пе?

– Біздің қорғау аймағымызға кірмейтін Есік қала ішінде, қала сыртында сақталып қалған қорғандар көп. Оларды қадағалау жергілікті атқару органдарының құзырында. Олардың барлығы дерлік есепке алынып, құжаттамасы жасалынуы керек. Дегенмен, құрылыс жұмысын немесе басқа шаруашылық жұмысын жасау барысында қорғандардың орны табылып жатады. Кейде тіпті есепке алынған қорғандардың өзі жартылай немесе түгел қазылып кететін жағдайлар да болады. 2019 жылы желтоқсанда ескерткіштерді қорғау және пайдалану заңы қайта бекітілді, заңға көп өзгерістер енгізілді. Жеке азаматтардың, заңды тұлғалардың жауапкершілігі күшейтілді. Бұл заң қорғандардың жойылуына тосқауыл болады деген үміттеміз.

– Тек музейге жауапты емес, сонымен қатар қазба жұмыстарын да жүргізіп, ғылыми-зерттеу орталығы ретінде де қызмет етесіздер ғой?

– Біздің атауымыз айтып тұрғандай біз біріншіден қорық, содан кейін музейміз. Қорық-музей 2011 жылдан бастап аккредиттелген, лицензиясы бар ғылыми мекеме ретінде Мәдениет және спорт министрлігінің қаржыландыруымен Жетісу сақтарының мәдениеті, тарихы, мифологиясы, идеологиясы бойынша бірнеше ғылыми-қолданбалы зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. 2019 жылдан бастап Рахат қалашығы бойынша ғылыми-қолданбалы жобаны қаржыландыру басталды.

Рахат ауылы маңындағы қазба жұмыстары

– Ғылыми-қызметкерлеріңіз жеткілікті ме?

– Иә, бүгінде 30 қызметкеріміз бар, соның жартысына жуығы ғылыми қызметкер. Себебі, қорық-музейдің барлық жұмысы ғылыммен байланысты. Жалпы, менің талабым – экскурсоводтың да ғалым болуы. Әрине, жаттап алған мәтінді судыратып айтып бергеннен ғөрі, өзі қазба жұмысына қатысып, қорғандарды жан-жақты зерттеп, артефактілерді қолымен ұстап, оларға сараптама, салыстарма жұмысын жасаған, сақтардың тарихы бойынша мақалалар жазып жүрген қызметкер экскурсияны әлдеқайда жақсы жүргізеді ғой.

– Шетелдік ғалымдармен жұмыс істеу сіздерге не береді?

– Жасыратыны жоқ, біріншіден, шетелдік ғалымдарға инвестор ретінде қараймыз. Солардың көмегімен қазба жұмысын жүргіземіз. Екіншіден, адамның пайда болуы, дамуы – баршаға ортақ. Бірлесе жұмыс істей отырып, бір-біріміздегі материалдарды салыстыра талдап, ақиқатқа жете аламыз. Оған қоса, шетелдік әріптестеріміздің қолында әзірге біздің қолымыз жете қоймаған соңғы технологиялар бар және олармен жұмыс істеуді жақсы меңгерген. Біз үшін оның да пайдасы да, үйренер тұсымыз да өте көп. Тағы бір айта кетерлігі, корей халқы арғы ата-тегін бізбен, ғұн, үйсіндермен байланыстырады. Шығу тегіміз, түбіміз бір дейді. Сондай-ақ қытайлармен де тарихи көрші мемлекет ретінде ортақ зерттейтін дүниеміз көп.

– Жоғарыда Талғар қалашығы жайында айттыңыз. Онда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Ортағасырлық Талғар (Талхиз) қалашығы (VIII-XIV ғғ) – Ұлы Жібек жолындағы ірі мәдени, сауда, діни орталықтардың бірі. Алматы қаласының шығыс жағында 25 шақырым қашықтықта, қазіргі Талғар қаласының оңтүстік жағында орналасқан. Қазіргі уақытта көлемі – 298х302 м (9 га) қалашықтың орталық бөлігі ғана сақталып қалған. Ортағасырлық Талғар қалашығы тарихи ескерткіш ретінде 1921 жылдан бастап зерттеле бастаған. 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. 2018 жылдан бастап Ортағасырлық Талғар (Талхиз) қалашығы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне тұрақты пайдалануға берілді.

Оның территориясы мен бас қақпасы астынан өтетін су құбырын қала аумағынан шығару бойынша 2020 жылға облыстық бюджет есебінен, жобалық-сметалық құжаттар дайындауда. Ортағасырлық Талғар қалашығының буферлық аймағына жақын орналасқан үйлерді көшіру мәселесі өзекті болып тұр. Әртүрлі себептерге байланысты (адамдардың, малдың) қалашық қоршауының кей тұстары дәнекерленген жерінен ажырап жатыр. Оларды қайта қалпына келтіру жұмыстары да жүргізіліп тұрады. «Есік» қорық-музейінің қызметкерлері Талғар қалашығын алғаш зерттеуші, археолог И.И. Копыловтың жеке архивін цифрландыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Талғар қалашығы бойынша шағын флаерлер, видеороликтер, арнайы слайдтар жасалды. Карантин уақыты аяқталған соң Талғар аудандық білім беру орындарында осы тақырыпта арнайы 1 айлық дәрістер өткізіледі.

Былтырдан бастап Талғар жаққа арнайы штат бөлініп, қызметкерлерді қабылдадық. Ендігі біздің басты мәселеміз – жергілікті тұрғындардың Талғар қалашығына деген көзқарасын өзгерту. Себебі, ол жер бұрын демалатын, кейін мал бағатын орын болған. Соны әлі күнге дейін тоқтата алмай отырмыз. Күзет қойып жатсақ та, қоршау темірлерін ұрлау, қирату жағдайлары әлі күнге тіркеледі. Яғни ескі қалашықты халық әлі ескерткіш ретінде қабылдамайды. Сондықтан үйді-үйді аралап, ескертпелер таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай мәселелер кезінде Есік қорық-музейі ашылғанда да болып тұратын. Қазір жағдай біраз өзгерді.

– Қазірде Рахат ауылының маңында қазба жұмыстарын жүргізіп жатсыздар. Мұнда қандай жаңалық бар?

– Рахат қалашығы Есік қорымынан оңтүстікке қарай 3 км қашықтықтағы тау бөктерінде орналасқан, жалпы территориясының көлемі 50.2 га. 2013 жылы Рахат қалашығы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қорғау аймағына берілді. 1999 жылғы «Алтын адам» ассоциясының мүшесі Бекен Нұрмұханбетов үш қамал, цитадель және басқа құрлымнан тұратын қалашықты сақ резиденциясы болуы және «Алтын адамның» сүйегі осы жерден шығарғарулы мүмкін деген болжам жасаған.

2004 жылы Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институты мамандары қалашыққа стратиграфиялық бақылау (шурф) салу арқылы Есік қорымының уақытына сәйкес, яғни сақ дәуіріне келетін мәдени қабатты анықтады. 2015 жылдың қазан айынан бастап «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі (Қазақстан) мен Шәнси облыстық археологиялық мәдениет басқармасы (Қытай) арасында мәдени мұраларды қорғау мақсатында ынтымақтастық туралы алғашқы уағдаластыққа қол жеткізді. Халықаралық «Бір жол – бір белдеу» бағдарламасы аясында 2016 жылдың маусым айынан бастап «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Шәнси облыстық археологиялық институтымен келісім шартқа қол қойды. Осы келісім шарт негізінде 2017-2019 жылдар аралығында Рахат қалашығында халықаралық бірлескен барлау және қазба жұмыстары жүргізілді. 2019 жылдың 29 мамырынан бастап «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі «Сақ дәуірінен XIII ғасырға дейінгі Рахат археологиялық кешенінің материалдары негізіндегі Жетісу материалдық мәдениетінің семиозисі» атты ғылыми қолданбалы жоба аясында Рахат қалашығына және қалашық маңындағы 2 қорғанға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуде. Жалпы, Рахатты толық қазып, нақты қорытынды жасау үшін 50-70 жыл қажет. Дегенмен, қазіргі қазба жұмыстарының нәтижесінде 9 мәдени қабат табылды. Осылайша қалашық жасына қатысты ерте темір дәуірінен орта ғасырға дейінгі аралық деген уақытша болжам жасалды. Әзірге қол жеткен мәліметтер бойынша бұл жер палеолит дәуірінен бастап ерте темір ғасырын қамти келе орта ғасырға дейінгі мерзімде адамдардың түрлі тіршілік әрекеттерін (рухани, ғұрыптық және т.б.) атқарған орны болған деген болжам жасауға болатын сияқты.

Есік мемлекеттік мәдени-тарихи қорық-музейі

– Бекен ата Алтын адамның сүйегін жер қойнына тапсыруды аманаттап кеткен екен. Сол туралы айтсаңыз...

– Осы қорық-музей ашылып, алғашқы қонақтарымыз келе бастаған күннен бастап бізге ең көп қойылатын сұрақтардың бірі – «Алтын адамның сүйегі қайда?». 2013 жылы Алтын адамның қаңқа сүйегін тауып, зерттеулер жүргізіп, шынымен сол екенін дәлелдеп те шықтық. 2015 жылы Алтын адамның қаңқа сүйегінің үлгісін алып, DNAгеномасын зерттеуге екі рет әрекет жасадық. Бірақ сүйектің сонау 70 жылдардан бастап бүгінге дейін белгілі бір талаптарға сай сақталмауына, сүйектегі мәліметтер жойылып кетуіне байланысты зерттеулер нәтижесіз болды. Дегенмен, ғылым, технология күннен-күнге дамып жатыр. Әлі де болса, ақпарат аламыз деген үміттеміз. Бүгінде бұл мәселе бойынша отандық ғалымдарымыз да зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ғалымдардың өтініші бойынша қорытынды шықпай ешқандай мәлімет бере алмаймыз.

Ал енді Бекен ағаның аманатына келер болсақ, әлі де болса, Алтын адамның қаңқа сүйегін зерттеу мүмкіншілігі бар деген үмітпен сүйекті жерлеп тастауға асықпағанымыз дұрыс деп отырмыз. Себебі ғалымдардың айтуынша, сүйекті жерлеген күнде жер беті температурасының  жер асты температурасымен алмасуы сүйектің зақымдануын тездетіп, сүйек тіпті зерттеуге келмей қалады. Бұл – бір жағынан, ғылымға жасалған қиянат. Ал екінші мәселеге келсек, Бекен ағамыз Алтын адамның сүйегін сақ кезеңіндегі жерлеу рәсімін сақтап,  көсемді жерлегендей құрметпен, жоғары деңгейде, өкімет басшыларының қатысуымен жүзеге асқанын армандаған. Геродот жазбаларына сүйенсек, сақтардың кезінде патша өмірден өтсе, арбаға салып (колесница) қырық күн елді аралатып, қоштасады екен. Бұл – бір ғана көрінісі. Сақтардың бар әдет-ғұрпын сақтай отырып жерлеу – қиын шаруа.

Ендігі кезекте Алтын адамның сүйегін жерлеп тастау емес, арнайы камераға салып, музейлендіру мәселесін көтеріп отырмыз. Алдағы уақытта жоспарымызда сапар орталығын ашу бар. Оның бір залы Алтын адамның «қорғаны», яғни сүйегі  музейлендірілген зал болуы мүмкін.

– Бұл істі қашан қолға алмақсыздар? Министрлікті бұл ойларыңыздан хабардар еттіңіздер ме?

– Әрине, бұл мәселені Мәдениет және спорт министрлігі әрдайым назарда ұстап отыр. Тіпті сапар орталығын салудың өзі – министрлік тарапынан түскен ұсыныс. Бұл 2021 жылға жоспарланып отыр. Жоспар іске асқан күнде экспозиция құру жұмыстары 2022 жылы ұйымдастырылады деп ойлаймын. Алтын адамның сүйегін музейлендіру, жерлеу мәселесін жергілікті мәслихат деңгейінде де көтергенбіз. Әкімшілік қолдап, күн тәртібіне қойылған болатын. Өкінішке қарай, белгілі бір жағдайларға байланысты бұл іс аяқсыз қалды. Енді оған қайта кірістік. Әрине, бұл шаруа қорық-музей, әкімшілік, халық болып іске асырылуы керек. Себебі Алтын адам – ең алдымен табылған жерінің мұрасы, мақтанышы, яғни аманаты.

 

Сұхбаттарды жүргізген Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

 

 

Оқылды 1727 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…
Сәу 22, 2024

Қоғамды түзеуді өзімізден бастайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 22, 2024

Экологиялық мәдениетті артыруымыз…

Қоғамды жаппай тазалыққа шақыру өте өзекті мәселе деп есептеймін. Біз ұстаздар…
Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…
Сәу 19, 2024

Тазалық – ұлы істердің бастамасы

Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Қасымшалов Дулат Сарсенбекұлы, 1990 жылы 12 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Шелек…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Әлімжан Жасұлан Сәбитұлы, 1992 жылы 8 шілдеде Райымбек ауданында дүниеге келдім. 2014…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет