Жұма, 26 Тамыз 2022 09:50

Қыз тағдыры — ұлт тағдыры

АТА-БАБАЛАРЫМЫЗ ҚЫЗ БАЛАНЫҢ ТӘРБИЕСІНЕ БАСА МӘН БЕРГЕН, БҮКІЛ БІР ҚАУЫМ МЕН БҮТІН БІР ҰЛЫСТЫҢ АР-НАМЫСЫ ҚЫЗДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІНДЕ ДЕП БІЛГЕН. СЕБЕБІ ҚЫЗ БАЛА ЕРТЕҢ ЖАТ ЕЛДІҢ ИНАБАТТЫ КЕЛІНІ, БОЛАШАҚТА СОЛ ЖЕРДІҢ АБЫРОЙЛЫ АНАСЫ БОЛУҒА ТИІС. ОСЫ ОРАЙДА БҰРЫНҒЫ МЕН БҮГІНГІГЕ ҮҢІЛЕ ОТЫРЫП, АУҚЫМЫ КЕҢ ТАҚЫРЫП – НӘЗІК ЖАНДЫЛАРЫМЫЗ ЖАЙЛЫ АЗДЫ-КЕМ ОЙЫМЫЗДЫ ӨРБІТКІМІЗ КЕЛДІ.

Уақыт өткен сайын мағынасы тереңдеп келе жатқан қазақтың «Қызды қырық үйден тыю, қала берді қара күңнен тыю» деген жақсы сөзі бар. Осы мәндегі байырғы бабаларымыздың қанатты мәтелдері өте көп. Себебі, қыздың инабатты болып жетілуі бүтін бір ұлттың абыройы, мәртебесі. Қыз бала – ар-ұятымыздың өлшемі.

Біздің қазақ қонақ дейді қыз бала,

Бірақ оны қорғаштайды қызғана.

Ел қорғайтын ердің құны жүз қара,

Шаңырақтың шаттығы тек қыз ғана – демекші, қазақ қызына ешнәрсе көрсетпей, барлық дүниелерден тыйып тастады деген ойдан әсте аулақ болу керек. Бабаларымыз қыздың қадірін қашан да биік қойған. Дастархан басында қыз баланы төрге отырғызып, бар тәтті мен дәмдіні алдына тосқан. Алайда мәпелеп, еркелетіп отырса да, жат жұрттық екенін жастайынан түсіндіріп, әдепсіз әдеттерден ғана тыйған. Қыз тәрбиесінде еркелікпен қатар қаталдықтың да қажет екенін ескерген. Себебі отбасының ғана емес елдің ел, ұлттың ұлт болып қалыптасуына әсер ететін тұлға – ана екені даусыз. Ана – қай қоғамның болмасын күре тамыры. Бүгінгі бойжеткен болашақ ана дейтін болсақ, ұлтымыздың тағдыры солардың қолында. Өмірге келетін ұрпақты ана қалай тәрбиелесе, солай қалыптасары белгілі.

Қазақтың тұрмыс-салты, табиғаты ислам дінімен біте қайнасып жатқаны айқын. Алланың адам баласына беретін ең үлкен нығметінің бірі қыз бала екенін діни уағыздардан жиі естиміз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Балаларыңа сыйлық немесе тәттілер алып келсеңдер, ең бірінші қыздарыңа беріңдер» деген хадисі бар. Осыдан-ақ қыз баласына деген мейірім мен құрметтің қаншалықты дәрежеде болу керектігін аңғарамыз. Сұқ көздер мен сұрқия ойлардан аулақ болу үшін, нәзік жандылар қауымы жабық киінгені жөн екенін дініміз бекер насихаттамаса керек. Ер адамның нәпсісін оятатындай киім кию – ауыр күнә екендігін естен шығармаған абзал. Зорлық-зомбылық, денсаулыққа келетін сырқаттар мен мойнымызға артылар күнәлардың көпшілігі қысқа киімдердің кесірі екені жасырын емес. Бұрымдылардан келіп жатқан зауалдардың сан түрлі себебі бар. Негізгісі – бабаларымыз қалыптастырып кеткен мінсіз ата-дәстүріміз бен дінімізден алшақтауы болып отыр.

Бұрынғы өткен аналарымыз ұлт алдындағы өздеріне артылған міндетті артығымен орындай білді деп сеніммен айта аламыз. Таршылықтың төтесін, жоқшылықтың көкесін көрсе де ажырасу деген ұғымнан аулақ болды, бәріне төзді. Бертін келе қазақтың қайсар қыздары 90-шы жылдардағы тоқырауда, екінің бірі ішімдікке бой алдырған кезеңде шаңырақтарын шайқаған жоқ. Бала болсақ та аналарымыз үшін ауыр заман болғанын көріп, түсініп өстік. Айналадан айырылысып жатқан жанұяларды кездестірмейтінбіз. Бұл дегеніміз адам төзгісіз азап пен бейнетті жеңе білген аналарымыздың тәуелсіз еліміздің қанатының қатайып, іргесінің нығаюына қосқан ерен еңбектері деп бағалаған жөн. 

Қазіргі таңдағы жағдай мүлде басқа кейіпте өрбіп кеткенін көреміз. Жастардың жегені алдында, жемегені артында, жеті атамыз көрмеген жаңа тұрмыстық технологиялармен қамтамасыз етілсе де некесі ұзаққа бара алмай жатқандарды құлақ естіп, көз көріп, таңқалмайтын күнге жеттік. Бәлкім бұрынғылар «аштықтан тоқтық жаман» деп осы күнімізді меңзеген болар. ХХІ ғасырға қадам басқанда қазақ аналарына тән қасиет пен үлгілері жас буынның бойынан жойыла бастады. Қазақ бұрымдыларының барлығына топырақ шашудан аулақпыз, бірақ «бір құмалақ бір қарын майды шірітетінін» естен шығармауымыз керек. Алайда, аналардың сара жолына қайта оралу әлі де кеш емес.

«Ұлың адал болса бір бақыт, келінің адал болса мың бақыт» деуші еді. Қазіргі бойжеткендеріміз әп-сәтте жат жұрттың келіні атанарын ескеретін болсақ, елге қараған бетімізді жерге қаратпастай жетілгенін қаларымыз анық. Қазақ келіндерінің көрегендігінің арқасында кейбір руларға аналардың аты берілгенін білеміз. Би-шешендерден қалған мынадай нақыл бар:

Қанша батыр болса да,

Жауға салма жалғызды.

Қанша шешен болса да,

Дауға салма малсызды.

Қанша жүйрік болса да,

Топқа мінбе жалсызды.

Қанша сұлу болса да,

Қатын қылма арсызды. Демек, ұрпағың текті болсын десең, көргенді жердің қызына ұмтылған қазақ едік. Кезіндегі Зере, Ұлжан, Данагүлдей келіндерден қалған небір өсиетті әңгімелер бүгінге дейін жетіп отыр. Сол аналардың ешбірінде жоғары оқу орнының дипломы болмаса да, қазақы ар-ұятпен қалыптасқан тәрбиенің нәтижесінде елге бас-көз болды, ел билейтін ұлдарды өсірді.

Екі ел арасындағы дауды бір ауыз сөзбен шешкен Қаз дауысты Қазыбек би кезінде:

«Ұл мен қыз жақсы болса,

Жан мен тәннің шырағы.

Астыңдағы атың жақсы болса,

Бұл дүниенің пырағы.

Алған жарың жақсы болса

Бірінші – иманың,

Екінші – жиғаның,

Үшіншіден, ырысыңның тұрағы» деген тағылымды сөзі әлі күнге өзектілігін жойған жоқ.

Қазақ қазақ болғалы, қазақ атқа қонғалы қыздың абыройын көзінің қарашығындай қорғаған халық. Бойжеткендеріміздің ар-намысына нұқсан келтірмеу азаматтарымызға да артылған ауыр жүк екенін ұғынатын уақыт келді. Жігіттер жағы жеңілтек қыздарға жоламаса, қысқа киінген қарындастарға тыйымын айта жүрсе, қозғалып отырған мәселе мұншалықты асқынбас еді. Ауданымыздың дауылпаз ақыны Даубай Әбдісайдың ұлтымыз туралы жырында:

«Мен қазақпын таяқ жеген тасадан,

Балыңды да, уыңды да асаған.

Құрбан болған бір қызының ары үшін,

Бір қаланы жермен жексен жасаған» деген шумағы бар. Бұл өлеңнен қазіргі ерлерімізге қарап «өз қарындастарын лайықты деңгейде қорғай алып жүр ме?» деген сауал маза бермесі анық. Шын мәнінде әрбір ер азамат Отаннан бұрын өзінің отбасындағы нәзік жандыларын қорғай білуі міндетті. Өз қыздарымызға өзіміз құрметсіздік көрсетсек, абыройын төксек, басқалардан не қайыр?

Әлеуметтік желілерде қыздардың тәнін жарқыратқан тексіз қылықтарынан, тойларда бейәдеп билеген видеоларынан көз ашпаймыз. Сол қыздардың әке-шешесі, ағалары қалайша мұндайға жол беретінін түсініп көр. Кешегі «ұрпағым бақытты болса екен» деп жанын қиып кеткен Абылай, Қабанбай, Райымбек, Бөгенбай сынды талай баһадүр, текті бабаларымыз бүгінгі көпшілік алдында тәнін жалаңаштап, ерсі қылығымен танымал болып жүрген ұрпақ үшін жаумен алысып, басын бәйгеге тікті ме? Әрине, жоқ. Жүгенсіз аруларымыздың бетімен кеткендігіне бүгінгі қоғам кінәлі. Ал қоғам – сіз бен біз.

«Ұлың ұялтпасын, қызың қызартпасын» деген тілектің ұлысы бар дана халқымызда. Сан қилы замандарды бастан өткеріп, тәуелсіздігімізге қол жеткізу жолында қазақ аналарының еңбегі өлшеусіз. Бабаларымыздың төккен қаны мен аналарымыздың еткен еңбегіне балалары лайық болмай жатса, қабырғаңды қалай қайыстырмасын?

Өз заманында Әйтеке би ұзатылып бара жатқан қызынан сұраған екен: «Қызым айтып қал, келін болып баратын жеріңе менен не алып кетесің? Ал барған жеріңнен маған не әкеліп тұрасың?». Сол сәтте ұзатылғалы тұрған Әйтекенің қызы: «Әке, мен барған жеріме сіздің берген тәрбиеңізді алып бара жатырмын, ол жақтан төркініме тек қана «рахмет» деген сөз әкеліп тұратын боламын,» – деп жауабын беріпті. Міне, осындай батыр қыздарымыздың сарқыттарын көрсең көңіліңе қуаныш ұялары сөзсіз.

Тектілігін сақтап, ата-ананың ақ үмітіне нұқсан келтірмей, бойжетіп келе жатқан қарындастарымыз да, ұясынан қиясына қонып, бір шаңырақтың ұйытқысы болып жүрген, мақтанышпен айта алатындай келіндеріміз де аз емес. «Ауыруды ащы дәрі емдейді» дегендей, көзбен көріп жүргенімізді ауыр сөзбен жеткізу – біздің міндетіміз.

Қазақта «жүзім жүзімге қарап қараяды» деген сөз бар. Демек арсыздыққа бой алдырған қыз баласы көбейсе, түзу жолда жүрген құрбылары да соған еліктеп, әп-сәтте адам айтса сенгісіз бейнеде құбылуы мүмкін. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, қысқа етекті киім киіп, шылым шегіп жүрген қаракөздердің болашағынан қандай үміт күтуге болады? Ұлы сөзде ұят жоқ, жастайынан қағынған, отбасы құрмай жатып ортақ көрпе жамылған жеткіншектердің саны артып келеді. Қазақы болмысымызға жат қылықтарды әдет қылудан ұялу былай тұрсын, мақтан көретін қорқынышты кезеңде күн кешудеміз. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ жүкті болатын қыздардың саны күрт көбейуде деп мамандар дабыл қағуда. Көруге көз, естуге құлақ ұялатын келеңсіз оқиғаларға етіміз де үйреніп кеткендей. Сананы тұрмыс билеген заманда, ата-аналар ұл-қыздарына Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабын оқытып қана қоймай, санасына тоқытса екен дейсің. Біздің алаңдаушылықпен көтеріп отырған тақырыбымызбен санаулы адамның болсын санасына ой салсақ, мақсатымыздың орындалғаны.

Осы орайда, елімізге белгілі айтыскер ақын, жыр жүйрігі Бауыржан Ширмединұлының «Қарындасқа» атты өлеңі бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселені айқындап тұрғандай.

Қарындас, кеудеңді жап, кеудеңді жап,

Қарағым, көрме ақыл бергенді жат.

Шет елде шаруам жоқ аша берсін,

Қазақтың қызысыңдар сендер бірақ.

 

Қарындас саныңды жап, жап саныңды,

Саныңды ашу асырмас тап сәніңді.

Сұрқия сәнге тіпті қимаймын мен,

Өзіңдей тәрбиелі, жақсы аруды!

 

Қарындас, сосын жапшы етегіңді,

Етек ашып көрсетпе бекер үлгі.

Етегің төмен болса дәлелдейсің,

Намысы жоғары қыз екеніңді.

 

Қарындас, кіндігіңді, беліңді жап,

Ұрпаққа ұя болар жеріңді жап.

Ұрпақ қамын ойласаң осы күннен

Жағаңды жыртып жұлмас жеңіңді жат.

 

Қарындас шашыңды да жасыр жауып,

Жасыр, саябырсиды сосын қауіп.

Ұятын, сыйын сақтап қалам десе,

Орамал сауғаласын басың барып.

 

Қарындас, ауызды да жабу керек,

Айдаһар емес ерге, ару керек.

Еркектер қалу үшін еркек болып,

Әйел де әйел болып қалу керек.

 

Ағаңмын – менмін сенің жанашырың,

Жаңағы ақылымды ал, асылым.

Бәрін де жап, ал егер ашқың келсе,

Бағын аш бір қазақтың баласының!

 

Демек, қыз тағдыры – ұлт тағдыры. Қыз баланың жүріс-тұрысы мен киім киісі, қылығы – тәрбиенің негізі саналады. Сондықтан, бабалар салған сара жолды жалғап, ұрпақ тәрбиесіне, әсіресе, қыз тәрбиесіне бейжай қарамаған жөн. Өзгенің қаңсығын таңсық қылуды әдет қылғандықтан, келеңсіз оқиғалардың куәсі болып жүрміз. Қылдай қиянатқа қимайтын қаншама қаракөздеріміздің тағдырына балта шабылғанын көру ешбір жанға оңай емес. Осындайда Хантәңірінің мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың бір шумақ өлеңі ойға оралады.

Қиын-ау, қыздың ар-мұңы,

Қиын-ау, қиын, тым қиын.

Не болар екен тағдыры?!

Үйіріліп соқса бір құйын.

 

Қазіргі таңдағы қазақтың шоқтығы биік ақыны Қалқаман Сариннің «Қызым менің» өлеңімен ойымызды түйіндейік.

Қызым менің,

Сәуле шашып ойнасын жүзіңде күн.

Өз қолыммен өсірген қызғалдағым,

Қаламаймын гүлімнің үзілгенін.

 

Қызым менің,

Болашағыңды ойлаумен бұзылды өңім.

Қысқа-қысқа тағдырлар құрайды екен,

Тарам-тарам тірліктің ұзын жолын.

 

Қызым менің,

Бой жетерсің боялып қызылға ерін.

Бұл әкеңнің тілегі: анаңдай бол,

Анаң сенің атанған түзу келін.

Ринат НАРХАНОВ.

Оқылды 9182 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет