Сәрсенбі, 20 Сәуір 2022 23:51

Алты алаштың Абызы

Қаз дауысты Қазыбек бидің туғанына 355 жыл

ҚАЗ ДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК БИ, ҚАЗЫБЕК КЕЛДІБЕКҰЛЫ – ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ XVII-XVIII ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҰЛЫ ҮШ БИІНІҢ БІРІ, КӨРНЕКТІ ҚОҒАМ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ. ОРТА ЖҮЗ АРҒЫН ТАЙПАСЫНЫҢ ҚАРАКЕСЕК РУЫНА КІРЕТІН БОЛАТҚОЖА АТАСЫНАН ШЫҚҚАН ОЛ 1667 ЖЫЛЫ СЫР БОЙЫНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН. АРҒЫ АТАЛАРЫ ШАНШАР АБЫЗ, БҰЛБҰЛ, ӨЗ ӘКЕСІ КЕЛДІБЕК – ЕСІМДЕРІ ЕЛГЕ БЕЛГІЛІ ӘДІЛ БИЛЕР БОЛҒАН.

Қаз дауысты Қазыбектің оқыған жерлері, алған білімі туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен, ел аузындағы әңгіме, аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Әділдігі мен алғырлығы үшін Тәуке хан Қазыбекті орта жүздің бас биі еткен. Би Әз Тәукенің тұсында хан кеңесінің белді мүшелерінің бірі болса, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай ел билеген кезеңдерде де мемлекет басқару ісіне жиі араласып, ішкі-сыртқы саясатта ақыл-кеңестер беріп отырған.

Қазыбек би 1764 жылы Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында 97 жасында дүниеден өткен. Денесін баласы Бекболат Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне апарып жерлеп, басына құлпытас орнатқан. Қазыбек бидің қайраткерлік қызметі мен шешендік өнері туралы Алексей Левшин, Шоқан Уәлиханов, Шаһабуддин Маржани, Балтабай Адамбаев, Нысанбек Төреқұловтың зерттеулерінде сақталған. Жазушы Софы Сматаевтың «Елім-ай» романында кемеңгер бидің келісімді тұлғасы жасалған. Қарағанды облысында бір ауданға, Алматы, Шымкент қалаларында көшелерге би есімі берілген, Елордада ескерткіш орнатылған. Қазыбек бидің әдеби мұрасы әр жылдарда баспадан жарық көрген шешендік сөздер жинақтарына енгізілген.

Қазыбек би қазақ халқының тағдырырында шешуші рөл атқарған: қазақ хал-қын біріктірген, орталықтандырылған мемлекетті құрғандардың бірі болған еді. Тәуке хан Төле, Әйтеке, Қазыбек билерге жаңа заң жобасын – «Жеті жарғыны» жасатып, бүкіл халық алдында қабылдатты.

Қазыбек би қалыптасқан тарихи жағдайға өз бағасын дұрыс бере отырып, қазақ халқын ынтымақ пен бірлікке, руаралық дауларды тоқтатуға, жоңғар, орыс, өзбек халықтарымен достық қарым-қатынастарды орнатуға шақырып жүрген. Әділдік пен алғырлық – оның би қызметіне тән болған белгілер. Ол өмір бойы өз халқының қамын ойлап, әркез әділ билігін айтып отырған. Халық ауыз әдебиетінде Қазыбек бидің нақыл сөздері өте көп сақталған. Соларды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Қаз дауысты Қазыбек би

Қазыбек бидің «қаз дауысты» деп аталуы жайлы бірнеше аңыз-әңгіме бар. Жаугершілік заманда Абылай хан бірнеше батырларды ертіп Сырдария жақтағы халқын аралап кеткенде, Шынбай деген дұшпан астыртын келіп, Абылайдың елін шабуға қолайлы екенін, қалмақтың белгілі көсемі, шешен Қонташы ханға келіп айтқан. Сонан кейін Қонташы хан екі жүз жортушы жіберіп, Абылайдың елін шапқан. Абылай хан еліне қайтып келіп, қол астындағы халқын жинап, кеңес қылады.

Кеңесте Абылай көпке қарап:

– Қалмақтың атышулы көсемі, шешені Қонташы ханмен арбасуға, қайымдасу, қарсыласуға кімде кім «мен» деп көп ішінде батыршылық етіп, қол көтерсе, сол барсын, – дейді.

Бірақ та бұл сөзге ешкім белсене шыға қоймайды. «Мен барамын» деп ешкім шықпаған соң, хан Абылай ашуланып:

– Қалмақ қазақтың басын кесе ме, неге үндемейсіздер? – дейді.

Сол уақытта Айдабол бидің баласы Тайкелтір мен Малайсары батыр:

– Біз барамыз, – дейді.

Хан Абылай:

– Алдарыңнан ай, арттарыңнан күн туып, жолдарың болсын! – дейді.

Ат-тұрман, қару-жарақтарын даярлап, жақсы-жақсы батырларын, жүз елу кісі қосып, жөнелткелі жатқанын жетпіс бестегі қаракесек Келдібек би естіп, он алты жастағы асық ойнап жүрген баласы жас Қазыбекті шақыртып алып:

– Балам, кімнің ұлысың? – дейді.

Қазыбек жұлып алғандай:

– Атым – Қазыбек, әкем – Келдібек, руым – қаракесек, – дейді.

Келдібек би баласына сүйсініп:

– Олай болса, балам, атақ алғың келе ме?

Қазыбек:

– Ата, жақсының атын ерттеп, жатқа жақын болайын деп едім, – дейді.

Келдібек би баласына көңілі толып, азық-түлік, ат-тұрманын даярлатып, елу ақбоз атқа мінгізіп, елу жортуылшымен баласына:

– Жолың болсын, балам! Абылайдың алдына атыңның басын бұрмастан бар, – дейді.

Қазыбек атының басын бұрмастан Абылайға барады. Хан Абылай танымай:

– Қай ұлсың? – дейді.

Қазыбек:

– Тай бәйгесін қанағат қылмай, ірі ат бәйгесін іздеп жүрген Келдібек бидің ұлымын, – дейді.

Хан Абылай баланың жауабына сүйсініп:

– Балам, жолың болып, жолдасың Қыдыр болсын! – деп бетін сипайды.

Бастығы Тайкелтір, осының ішінде бұғанасы қатпаған он алты жастағы жас Қазыбек болып үш жүз жортуылшы Қонташы ханның ордасына келіп, сыртынан сөз алады. Қонташы хан екі-үш күннен соң өзінің ордасына алғызып:

– Айтатын датың, шағатын мұңың не? – деп сұрайды.

Сол уақытта Тайкелтір батыр орнынан түрегеп:

– Өгізді өлеңге байладық,

Өзімізді төменге байладық.

Ақ қылсаң да, қара қылсаң да, ерік өзіңде,

Өзіңізге қарадық, ұнамаса тарадық, – дейді.

Бұл сөзге қарсылық болмаған соң Қонташы хан:

– Бүрсүгіні шалшы түске дейін хабар жауап болар, егер хабар жауап болмаса, бастарың аманында елдеріңді тап! – дейді.

Сол уақытта аяқ жақта отырған жас Қазыбек:

– Дат, тақсыр, – дейді.

Қонташы хан:

– Сөйле, – дейді.

Қазыбек:

Мен – көмір,

Сен – темір,

Еріткелі келгенмін.

Екі елдің арасын

Теліткелі келгенмін.

Сөз бермейтін шешенді

Кеміткелі келгенмін.

Қуатты сары жалынмын

Жабысқалы келгенмін.

Жаңа үйреткен жас тұлпар,

Шабысқалы келгенмін.

Танымайтын жаттарға

Танысқалы келгенмін.

Танысуға келмесең,

Сен тұратын жеріңді айт.

Сен – қабылан, мен – арыстан,

Алысуға келгенмін, – дейді.

Сол уақытта Қонташы хан отырған орнынан түрегеліп, қол қусырып:

– Сен кімсің? – дейді.

Қазыбек:

– Танымасаң, қаракесек Келдібек бидің баласымын, – дейді.

– Ендеше, балам, сенің дауысың қаз даусындай екен. Атың қаз дауысты Қазыбек болсын, – дейді.

Сөйтіп, Қазыбек жауға түскен малдары мен адамдарын алып қайтып, осы сапардан қаз дауысты Қазыбек атанып қайтқан екен.

 

Қазыбектің бала дауын шешуі

Қазыбек ел биі болған кезде бір балаға дауласып екі әйел Қазыбекке жүгінеді.

Әйелдердің бірі:

– Мынау баламды мен есін білмейтін жас күнінде жоғалттым. Соны мынау әйел тауып алды ма, әлде ұрлап алды ма оны білмеймін. Әйтеуір асырап алыпты.Бүгін танып сұрасам,«жоқ өз балам» деп бермейді, – дейді.

Екінші әйел:

– Бала өзімдікі. Өзім таптым, мынау бос жармасып тұр, – дейді.

Қазыбек екі әйелдің сөздерін тыңдап болып, біраз ойланып отырып қалады. Содан кейін:

– Біріңнің балаңды жоғалтқаныңды, енді бірің тапқаныңды растап шығарлық мұнда басқа куә жоқ. Сондықтан мынадай билік еткім келеді, – дейді де, баланың екі қолынан екі әйелге ұстатып қойып, қара балтаны көтеріп тұрып:

– Екеуіңе қара құладан қақ жарып бөліп беремін. Осыған ризасыңдар ма? – дегенде, балаға ие болып жүрген әйел:

– Біреуге кеткенінен жартысы болса да өзімде қалсын, бөлсең, бөл, – деп безерленді. Баланы таныған әйел:

– Ойбай, биеке-ай, қайда жүрсе де тірі болсын. Бөле көрмеңіздер! – деп безек қағады.

Содан барып Қазыбек:

 Бала мына жоғалтқан әйелдікі. Өйткені ол баланың тірі жүруін тілеп тұр, баласын өзіне бер, – деп билік айтады.

Көпшілік мұндай данышпандық билікке өте разы болады.

 

Қаз дауысты Қазыбектің тоғыз жастағы билігі

Қоңыр күздің жаймашуақ күндерінің бірінде ауыл ақсақалдары Келдібек биді ортаға алып, төбе басында отырады. Алыстан арнайы келген бес-алты жолаушы ат басын бидің алты қанат ақ үйіне тіреді де, көп кідірмей мәжіліс төбеге қарай қайта бұрылды. Жапырласа аттан түсіп Келдібек биге, алқақотан отырған ақсақалдарға сәлем беріп, амандық-саулық сұрасып болған соң, жолаушылардың ішіндегі жасы алпыстар шамасындағы ажарлы адам сөз бастады.

– Арғы атамыз – найман, оның ішінде сыбан боламыз. Ныспым – Қадырбай, – деп өздерін қысқаша таныстырып өтті де, алыстан ат арытып, әдейілеп келген шаруаларына ойысты.

– Малым көп емес, екі айғыр үйір жылқым бар. Оны жазы-қысы атан жілікті екі жігіт бағады. Бір күні жаяу боранда-тып, жайлауда жатқан жылқыма келдім. Жаураған жылқышыларды қос басына жіберіп, өзім сонда қалдым. Сол күні керіала байтал тұмса құлындады. Менің қатты таңғалғаным: жаңа туған жас құлын атып тұрып, шаранасын сілкініп-сілкініп жіберді де, жылқыны айнала шаба жөнелді. Қайта айналып келіп, енесін емген соң әлгі әрекетін қайталады. «Мына құлын бәйгенің алдын бермейтін тұлпар болғалы тұр екен» деген қуанышпен үйге қайттым. Жылқышылар да тамақтанып болып, атқа қонғалы жатыр екен. Оларға көргенімді айтып, жас құлынға сақ болуларын қатты тапсырдым. Амал не, қызыл іңірде жылқышыларымның бірі келіп, құлынның ұшты-күйлі жоғалғанын хабарлады. Қасқыр жеді, қолды болды дейін десек, ешбір белгі жоқ.

Туған күні жоғалған сол құлынды бесті ат болғанда танып отырмын. Уақ Өгізбай деген кісінің асында кербесті бірінші, менің атым екінші болып келді. «Кері ат менікі, қайтар» десем, мына кісі: «Өзімнің көк биемнен туған құлын. Сенбесең, жанымдағы куәгерлерден сұра», – деп маңайлатпайды. Куә түгіл жанын берсе де сенбеймін, ат менікі. Сізді әділ би деп естуші едім, төрелігін өзіңіз айтыңыз.

Келдібек би ұзақ ойланып, отырып-отырып:

– Мұны мен шеше алмаймын, қиын билік екен, – депті. Сонда тас атып ойнап жүрген тоғыз жасар Қазыбек:

– Әке, осы билікті маған беріңізші, мен шешейін, – дейді.

– Мен шеше алмаған даудың түйінін сен қайдан шешесің, – деп баласына зекіп тастап, үнсіз отырған жолаушыларға қарады, – мұның билігін шеше алмаймын дедім ғой. Босқа уақыт өткізбеңдер. Қонамын десеңдер, үй – мінеки!

– Әке, маған беріңіз, мен шешемін, – бала тағы да сұрады.

Келдібектің билік айтпайтынына көздері жеткен соң:

– Айтсын. Осы баланың билігіне ризамыз, – деп дауға түскен екі жақ та келісімін береді. Билік өзіне тиген бала даугерлердің алдына түсіп, өрістегі саулық қойларға алып келеді.

– Мына малдың ішінен екеуіңіз екі қой ұстап, мойындарына белбеулеріңізді байлап жіберіңіздер. Сонан соң ауылдағы көгеннен осылардың қозысын танып әкеліңіздер!

Қадырбай ақсақал көгеннен бір қозыны ағытып алып, алдына өңгеріп, ауылдан шыға бере: «мен белбеу байлаған қойдың егіз қозысы болуы керек» деген ойға келіп, кері бұрылады да, тағы да бір төлді алады.Ол екеуін бағанағы қойға апарғанда енесі мен қозылары маңырасып табысады. Ал қарсы жақ апарған қозы белбеу тағылған қойға жоламай, өз бетімен кетеді. Сонда Қазыбек тұрып:

– Ат мына кісінікі, өзіне қайтарыңыз, –дейді оған. Екі жақ әділ билікке бітіскеннен кейін, жиналған халық мәнісін айтып беруін сұрайды.

Сонда кербестіні құлын кезінде ұрлаған жігіт:

– Ат шынында Қадырбай ақсақалдікі. Мен оны құлын күнінде алып кетіп едім. Аякөз маңында тұратын нағашыма барып, қайтып келе жатсам, үстіндегі шаранасы әлі түгел кеуіп үлгермеген құла құлын жылқыны айнала шауып жүр екен. Менің бәйге көк биемнің барлық кемшілігі – туа салысымен құлынын тарпып өлтіріп тастайтын. Өлген құлынын іздеп арқырап тұрған биеге құла құлынды жібергенімде мекіреніп, емізе бастады. Сөйтіп, құлынды иемденіп кеттім.

– Менің ұлым жоқ болғанмен, барлық дәулетім – екі айғыр үйір жылқымның ішінен бір бәйге ат кеткен емес, –  деді Қадырбай ақсақал сөз кезегі келгенде.

– Менің кер атым ылғи бәйгенің алдын бермейтін, бұл жолы бірінші болып кербесті келді. Анық зер салып қарасаңыздар, кер ат пен кербестінің бір биеден туғанын білесіздер, өйткені екеуінің түр-түсінде еш айырмашылық жоқ.

Жиналған халық Қазыбектің қазылы-ғына риза болып тарасады.

 

Әнет бабаның өсиеті

Ертеде Қазыбек би нөкерлерін ертіп Әнет бабаның үйіне келіп түседі. Қарт бұрынғыдан әжептәуір қартайып қалса да, сыр білдірмейді. Қазыбектің жора-жолдастарын, өзін жақсы қарсы алып, мал сойғызып, қазан көтереді. Сол ауыл маңындағы қариялар, жайсаңдар жиналып әңгіме-дүкен құрады.

Қазыбек Әнет бабаға бір ауыз өсиет айтып беруін өтініпті. Бірақ Әнет баба:

– Қазыбекжан-ай, жасы келіп қартайған, қасынан жар тайған, басынан мал тайған адамнан не кеңес, не өсиет сұрай-сың? – деп ештеңе айтқысы келмепті. Бірақ бірбеткей Қазыбек шешен Әнет бабаның бір ауыз ақылын тыңдамай ешқайда кетпейтінін білдіріпті. Сонда Әнет баба Қазыбек шешеннің бұл қылығына күле қарап:

– Болмадың ғой, айтайын, – деп сәл ойланып, – «әкім» деген сөзді жадыңда сақта, – дейді. Қазыбек Әнет бабаға риза-шылығын білдіріп, жора-жолдасымен еліне қайтыпты.

Ол жол-жөнекей өзімен бірге келе жатқан нөкерлерінен:

– Әнет бабаның қандай өсиет айтқа-нын ұқтыңыздар ма? – дейді. Бірақ бұл сұрағына ешкім үндемейді. Сонда қаз дауысты Қазыбек Әнет бабаның айтқан өсиетін былай деп шешіпті:

– «Ә» дегені – әділ бол, «к» дегені – күншіл болма, көпшіл бол, «і» дегені – ілтипатты бол, «м» дегені – менмен болма, мейірман бол дегені, – депті.

Әнет бабаның сол өсиеті ел арасына кең тарап, ұрпаққа үлгі болып қалған екен.

 

 Дайындаған С.НҰРАДИН.

Оқылды 3864 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Ахмет бабама Часовые »

Соңғы жаңалықтар

Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…
Сәу 19, 2024

Тазалық – ұлы істердің бастамасы

Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Қасымшалов Дулат Сарсенбекұлы, 1990 жылы 12 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Шелек…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Әлімжан Жасұлан Сәбитұлы, 1992 жылы 8 шілдеде Райымбек ауданында дүниеге келдім. 2014…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Малыбай ауылдық округінің сайлаушылары! Мен, Бектасов Мәди Мәдиярұлы 1982 жылдың…
Сәу 17, 2024

Горнодобывающий сектор – стимул для…

Вольфрам входит в первую десятку редких металлов, незаменимых в современном промышленном…
Сәу 15, 2024

Зоя МАГАМАДОВА, заместитель…

Акцию «Таза Қазақстан» школа имени Толе би проводит с начала апреля. Учащиеся 5-11…
Сәу 15, 2024

Жанаргуль НИЕТАЛИЕВА,…

Тургенский филиал Иле-Алатауского ГНПП такие акции с участием школ Тургенского сельского…
Сәу 15, 2024

Алматы облыс әкімі Марат…

Облыстағы аталған бағыт аясында Жамбыл ауданындағы «Жамбыл Жабаев» мұражайы, «Таңбалы»…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет