Аударманың түпнұсқаға таянуы шығарманың әрпін
түгендеуде емес, оның рухын жеткізе білуде.
В.Г.Белинский
Аударма ісі – ұлт пен тілдің өзара байланысына, қоғамның, ғылымның әлеуметтік-саяси тыныс-тіршілігіне әсер ететін күрделі сала. Бұл саланың дамуы арқасында әлемдік классикаға айналған кітаптар және заманауи тақырыптарға негізделген іргелі еңбектер қазақтілді оқырманға жол тартады.
Тәуелсіздікке қол жеткізгелі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі – қазақ тілін қолдану мен дамытуға бағытталған іс-шаралар легі артып келеді. Қазіргі таңда бұл жұмыстарда негізгі екі бағытқа басымдық берілген. Оның бірі мемлекеттік тілді оқыту болса, екіншісі – іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу. Ал мемлекеттік тілді қоғамға сіңірудегі, ғылыми айналымға енгізудегі маңызды дүние – сауатты тәржіма. Өйткені мемлекеттік тілді дамыту мен қолданудың жоғарыда аталған екі бағытын да жүзеге асыруда аударма процесі алдан шығады.
Аударма ісіне қатысты мәселелердің бірнеше талқылауды талап ететін тұстары бар. Сөз мәдениеті адамның ғылыми және көркемдік ойларын жетілдіруде маңызды рөл атқаратынын басты назарда ұстасақ, әдеби тілдің нормаларына сәйкес тілдік бейнелеу құралдарын шебер, орынды пайдалану арқылы шетел әдебиетін қазақ тіліне аудару қиын екеніне көз жеткіземіз. Бірақ одан да қиыны: қазақша мәтінді басқа тілге аудару. Бұған байланысты Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Темірғали Есембеков "Ана тілі" газетіне берген сұқбатында:
"Бізге шетелде оқып келген аудармашылар ағылшын тілін тұрмыстық деңгейде ғана біледі. Яғни жеке сөздерді білгенмен, сөйлем құрай алмайды. Тексеріп көрсек, олардың бірде біреуі Шекспирді, тіпті, Драйзерді т.б. ағылшын-американ тіліндегі әртүрлі шығармаларды оқымаған, әдеби стильден мүлдем бейхабар. Көркем мәтіннің табиғатына тән қасиеттерді білмейді. Міне, біздегі тілді білудің деңгейі осындай. Сондай-ақ, көптеген тіл білетін мамандар шет тілінен қазақ тіліне аударуға жүйрік те, өз тілін сол тілдерге аударуға шорқақ. Мәселенің ең қиын тұсы осында. Қазір біз қазақ тілінен қай тілге болса да тікелей аударатын мамандарға зәруміз. Оларсыз бізде аударма ісі, аударма үдерісі алға баспайды", – деді. Демек түрлі академиялық мобильділік бағдарламаларымен шетелге барып оқитын жастардың тіл білу деңгейі төмен болғаны. Нақты осы аударма саласын меңгеріп келген сауатты кадрлар аз.
Соған қарамастан тәржімалау жұмыстарының ілгері басуына 2020 жылы аяқталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы едәуір үлес қосты деп айтуға толық негіз бар. Аударылған оқулықтар гуманитарлық саланың түрлі бағыттарын қамтыды. Жоба үйлестірушісі – «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры.
Қордың атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлының айтуынша, бір кітапқа 3860 теңге жұмсалған. Жоба аясында 100 жаңа оқулық шықты. Әрбіреуінің таралымы – 10 000 дана. Сонда жалпы таралымы 1 миллион дана болды. Яғни, «Қазақша 100 жаңа оқулық» жобасына 3,8 миллиард теңге жұмсалған. Кітаптың бәрі Қазақстанда басылған. Авторлардың еңбегін аударып басқаны үшін оларға ақы төлеген.
Аудармаға үлкен сома жұмсалатын мұндай жобалардың сапасы мінсіз болуға тиіс деп аудармашылардың жұмысын сынайтындар да табылады. Мәселен, 2020 жылы әлем әдебиетіндегі балаларға арналған әйгілі шығармалардың бірі Британ жазушысы Жоан Роулиң жазған «Хәрри Поттер» романы ресми түрде қазақ тіліне аударылып, сатылымға шықты. Бұл жұмысты қолға алған «Steppe & WORLD Publishing» баспасы.
"Біз Хәрри Поттердің атын өзгерткен жоқпыз. Ағылшын тілінде қалай естіледі, солай жаздық. Ағылшынның "Н" әрпін "Г" деп аудару орыс тілінің фонетикалық заңдылығы. Сол заңдылықпен Гарри деп айтылған болатын. Ағылшын тілінде Гарри деген бөлек ат бар, ол Garry деп жазылады. Ағылшындар Harry-ді "Хәрри" деп айтады, қазақ тілінің фонетикалық заңдылығы бізге солай жазуға мүмкіндік береді. Мұны біз өз қалауымызша жаза салған жоқпыз, мамандармен ақылдастық. Иә, тосын естіледі. Ағылшын мен қазақ тілінде фонетикалық тосқауыл жоқ. Сондықтан біз ағылшындар айтатын секілді "Хәри" және "Роулиң" деп жазуға мүмкіндігіміз бар", – деді жобаның жауапты редакторы Назгүл Қожабек.
Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен мәселеге тіл білімінен хабары бар белсенділер, тіл мамандары, ғалымдар мен жазушылар араласып, аудармашылар мен редакторлардың бұл шешіміне оң көзқарас танытқан. Қазақтілді оқырманның қабылдауына қиын болғанының себебін олар бұған дейін орыс тілінде естіп келген есімдер мен атаулардың құлаққа сіңіп, санаға жатталып қалғаны деп түсіндіреді.
Дегенмен "біткен іске сыншы көп, піскен асқа жеуші көп" дейді халық даналығы. Аудармашы мамандар белгілі бір деңгейде қоғамдық пікір тудыра алса, оқырман бұл саланың дамуына аударылған кітаптарды оқып, атқарылған жұмысты сараптап, саралау арқылы өз үлесін қосып отырады. Не де болса, қазірде әлем мойындаған үздік әдеби туындылар, ғылыми еңбектер біртіндеп қазақшаланып жатқаны көңіл қуантады.
Анель АЯНҚЫЗЫ.