Дүйсенбі, 22 Қараша 2021 10:40

Ұстаздар ұстаханасының ұлағатты жолы

Биыл Республикамыздағы іргелі орта оқу орындарының бірі – Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің ірге көтергеніне 55 жыл толды. Колледж ұжымы бұл айтулы күнді қараша айында атап өтуді жоспарлап отыр. Осы орайда аталған білім ордасында қырық жыл еңбек еткен ардагер ұстаз ретінде ұжым мүшелерін мерейлі мерекелерімен құттықтай отырып, өткен күндерге жылдар белесінен көз жүгіртіп, көкейіме түйген ойларымды ортаға салғым келеді. Ойлап отырсам, Кеңес дәуірінде және одан бергі егемендік жылдарында бүкіл еліміз бастан өткізген саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді, білім саласындағы реформаларды және олардың нәтижесі мен салдарын  қоғамның ең кішкене құрамдас бөлігі ретінде бұл оқу орны да бастан өткізіпті. Шарықтаған жұлдызды сәттері де, құлдыраған, жабылып қалуға, сатылып кетуге шақ қалған тар жол, тайғақ кешу – қатерлі кезеңдері де болыпты.

Мен Есік педагогикалық училищесіне қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы болып 1975 жылы орналастым. Училищенің сол кездегі директоры Владимир Дмитриевич Помогалов, оқу ісінің меңгерушісі Жұмахан Нүсіпұлы Букаев бастаған шағын, көпұлтты, бірақ өте білікті коллектив оқу орнының он жылдық мерейтойын  атап өту бойынша ауқымды жұмыс жоспарын жасап, дайындық жұмыстарына кірісіп кеткен екен. Марат Нұрғалиев, Қуат Ризуанов, Нұрлытай Есжанов, Тұғылық Илиев, Тілеулес Катенова, Баршагүл Мамырбекова, Лиза Нурбекова, Дәметкен Ербаева, Қарлығаш Қашағанова, Гүлжамал Мұстафаева сияқты жұмысқа соңғы жылдарда қабылданған бір топ жас маман – бізге әкімшілік тарапынан ерекше тапсырмалар жүктелді. Келесі 1976 жылдың көктемінде айтулы шара аудан көлемінде кеңінен атап өтілді. Бүкіл аудан мектептерінен іріктеліп алынған сайдың тасындай білікті методист-мұғалімдер  жұдырықтай жұмылып, уақытпен санаспай жұмыс істедік. Оқу ғимараты – аудандық партия комитетінің ескі үйіне орналасқан. Оқу кабинеттері тар, жетіспейді. Оқу екі ауысымды. Сабақтан кейін оқу-тәрбие жұмысының жоспарына сай тәрбие сағаттары, бастауыш партия ұйымының, оқу бөлімдерінің жиналыстары, ПЦК отырыстары, педагогикалық кеңестер, саяси сабақтар (политзанятия), хор, оркестр, азаматтық қорғаныс жаттығулары – әйтеуір, осы алуандас іс-шаралар бір біткен емес. Тексеретін дәптерлерімізді, көрнекіліктерімізді, папкаларымызды қолтықтап, қас қарая кешкі астың кезінде үйге сүйретіліп жететінбіз. Ұжым ішіндегі шын мәнісіндегі ауызбірлік, мәдениеттілік, ұстаз деген қастерлі атқа адалдық, жоғарғы кәсіптік шеберлік, ең-бекқорлық, педагог еңбегін сараптау мен бағалаудағы объективтік өз жемісін бермей қалған жоқ. Шығармашыл жас коллектив 1984-1985 оқу жылының қорытындысы бойынша Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай орта арнаулы оқу орындарының арасында ұйымдастырылған социалистік жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаз атанып, КСРО Халық ағарту министрлігі мен Білім беру, жоғарғы мектеп және ғылым қызметкерлері кәсіподақтары Орталық Комитетінің Ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. Облыстық, республикалық деңгейден ары асып, Бүкілодақтық деңгейге көтерілді. Кеңестер Одағы жеріндегі 138 арнаулы орта оқу орындарының арасынан қара үзіп, ерекшеленіп шықты. Үлкен жеңіс үлкен ұжымның ғана қолынан келеді. Нәтижесінде екі оқу тобы Кеңестер Одағының астанасы Мәскеу қаласы мен Прибалтика республикаларын тегін жолдамамен аралап, осы жолдардың авторы және тағы бірнеше оқытушы «КСРО орта және жоғары оқу орындарындағы жемісті еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Мұндай жоғары марапатқа сол кездегі оқу ұжымының қай мүшесі де лайық еді. Дей тұрсақ та, өз басым осы үлкен коллективтің ішінен екі көрнекті адамның еңбегін айырықша атап өткім келеді. Олар: сол кездегі училище директоры Жұмахан Нүсіпұлы Букаев пен оның оқу ісі жөніндегі бірінші орынбасары Фатима Гусеинқызы Авчиханова. Өз ісіне шын берілген білікті маман, тәлімді методист, алғашқы оқу жоспарларының авторы Фатима Гусейінқызы колледждегі оқу-тәрбие процессін ғылыми-әдістемелік тұрғыдан жоғары деңгейде жолға қойса, Жұмақан Нүсіпұлы ұжымды ортақ іске жігерлендіре, жұмылдыра білді. Мінезімен, биік адамгершілік қасиеттерімен, іскерлігімен бұл екі басшының екеуі де айналасына үлгі-өнеге болды. Арада аз уақыт өткенде Фатима Гусейнқызының тәлімгерлік мектебінен өткен шәкірті, бағдарламалар жасап, педкеңестер, тарификациялар өткізу, хаттамар толтыру сияқты басқару ісінің ішкі қыр-сырына өзі баулыған әріптесі Нұр Бәтжанұлы Есімбеков республикамыздағы орта кәсіптік оқу орындарының орыс бөлімдерінің білімгерлері мен оқытушыларына арналған алғашқы қазақ тілі бағдарламала-рын, практикалық қазақ тілі, кәсіптік қазақ тілі, қазіргі қазақ тілі, ұлт мектептерінде қазақ тілін оқыту әдістемесі сияқты оқулықтар мен оқу құралдарын, оннан астам ғылыми, ғылыми-әдістемелік мақалаларын жазды. Өзге ұлт жастарының мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынтасын оятып, тілдің қолданылу аясының кеңеюі жолында елеулі еңбек етті. Қазақстанның барлық ірі қалаларында мемлекеттік тілді оқытудың тиімді жолдары мен проблемалары туралы баяндамалар жасады. Сөйтіп, өзінің сүйікті ұжымы – Есік педагогикалық колледжінің атағы мен даңқын бүкіл республикаға танытты. Осы еңбегі үшін 1992 жылы колледж тарихында тұңғыш рет «Алтынсарин медалімен» марапатталды. Ізденімпаз ұстаз оқытушылық, ғылыми-ізденушілік жұмыстармен ғана шектеліп қалмай, зейнеткерлікке шыққанға дейінгі соңғы он – он бес жылда директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары сияқты аса жауапты лауазымдық міндетті мінсіз атқарып, жаңа білім стандарттары мен оқу жоспарларының модульдік нұсқаларын жасауға қатысты. Көп жағдайда атақ-абырой, шынайы марапаттар өз иелерін кешеуілдеп барып тауып жататыны  құпия емес. Нұр Бәтжанұлының еңбегінің де лайықты бағасын алатыны алдағы уақыттың еншісінде деп сенеміз.

Колледж тарихының бұдан кейінгі жарқын беттерінің бірі колледж басшылығына 2009 жылы келген  Тоққожа Естенұлы Естеновтің есімімен байланысты. Білім жүйесінің барлық баспалдақтарынан өткен, соның ішінде сегіз жылдай Алматы облысы сияқты үлкен өңірдің білім беру ісін басқараған білікті басшы, тәжірибелі ұйымдастырушы Тоққожа Естенұлы аз уақытта оқу орнын жаңа тұрпатты білім ордасына айналдырды. Колледждің материалдық-техникалық базасы адам танымастай өзгерді. Ұжымда шығармашылықпен жұмыс істеп, білім алуға қолайлы психологиялық орта қалыптасты. Оқу орнының қазіргі басшысы Алмас Әуезханұлы Жылқыбаев басқараған бүгінгі педагогтар ұжымы аға буынның сол жеңісті жолы мен озық дәстүрін шығармашылықпен жалғастырып келеді. Оның дәлелі – оқу ұжымының соңғы уақыттарда қол жеткізген қомақты жетістіктері. Колледж 2020-2021 оқу жылының қорытындысы бойынша «Алматы облысының үлдік колледжі» атағын жеңіп алды. Бұл жоғарғы нәтиже – ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен үзілмей келе жатқан рухани байланыстың дәлелі. Осы мақаланы жазып отырғанда менің ойыма біздің қатарларымыздың аузымен әр-әр жерде айтылып жүрген мынандай ұсыныстар келді. Ол: бүгінде зейнет демалысына шығып, әрқайсысы өзінің сүйікті ісімен айналысып жүрген өмірі өнегелі, атқарған ісі «мен мұндалап» сайрап жатқан жоғарыда аттары аталған ардагер ұстаздарға колледж мұражайынан жеке-жеке танымдық-тәрбиелік бұрыштар жабдықталса. Әр оқу жылының басында оқуға жаңа қабылданған білімгерлер колледждегі алғашқы қадамын мұражайға қойылған осындай экспонаттармен танысудан бастаса. Мұндай шара, сөз жоқ, бір жағынан, мұғалім мәртебесін әспеттейтін тағылымдық мәнге ие болса, екінші жағынан, колледждің бүгінгі ұжымының оқу орнының өткен тарихына, оның алтын тамыры – аға буын өкілдеріне деген құрметі мен тағзымын білдірер еді. 

 

Тоққожа ОРАЗБЕКҰЛЫ, ардагер ұстаз.

«КСРО орта және жоғарғы оқу орындарындағы жемісті еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері.

Оқылды 963 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 15, 2024

Зоя МАГАМАДОВА, заместитель…

Акцию «Таза Қазақстан» школа имени Толе би проводит с начала апреля. Учащиеся 5-11…
Сәу 15, 2024

Жанаргуль НИЕТАЛИЕВА,…

Тургенский филиал Иле-Алатауского ГНПП такие акции с участием школ Тургенского сельского…
Сәу 15, 2024

Алматы облыс әкімі Марат…

Облыстағы аталған бағыт аясында Жамбыл ауданындағы «Жамбыл Жабаев» мұражайы, «Таңбалы»…
Сәу 11, 2024

Аманаттықтар көмек қолын созуда

Алматы облысында су тасқыны болған өңірлерге көмек жинау қызу жүріп жатыр. Игі бастамаға…
Сәу 04, 2024

Ұлт саулығына төнген қатер

Денсаулық – бірінші байлық. Сондықтан саламатты өмір салтын ұстанып, деннің сау болуына…
Сәу 04, 2024

Әлеуетті мекеннің өрісі кең

Ауданымыз жер көлемі мен ел көлемі бойынша алдыңғы қатарда екені белгілі. Соған сай…
Сәу 04, 2024

Сатираның сардары

«Адамгершілігі жоқ қоғамның сатиригі хайуандар туралы мысал жазады. Уот тәк!» – деп…
Нау 29, 2024

Көктерек қашан «ауыл» болады?

Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт…
Нау 29, 2024

Аудан әкімі тағайындалды

Кеше аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХІХ сессиясында аудан әкімі лауазымынаТалғат…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет