Бейсенбі, 27 Қаңтар 2022 10:27

Қазақ тілінде қанша дыбыс бар?

азақ тілінде қазір 40 дыбыс, 40 әріп, 42 таңба бар.

Қазақ тіліндегі барлық сөздіктер мен оқулықтарда, әліппеден бастап, академиялық еңбектерге дейін негізінен осылай.

Бізде әліпби жасауда бір дыбысқа бір әріп қағидасы ұстанылған. Сондай-ақ, сырттан келген сөздерді жазуда төл дыбыстарымыз бен әріптеріміз жеткіліксіз болған жағдайда, қажетті дыбыстар мен әріптерді де алу көзделген.

Алайда өз дыбыстарымыз бен өзгенің дыбыстарының табиғатын тануда әртүрлі ағаттықтарға жол беріліп келеді. Мәселен, 2 сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығында:

Дауысты дыбыс әріптері: а, ә, е, ё, и, о, ө, ұ, ү, ы, і, э, ю, я,  /У/ - 15. /14-бетте/.

Даусыссыз дыбыс әріптері: б, в, г, ғ, д, ж, з, й, к, қ, л, м, н, ң, п, р, с, т, ф, х, һ, ц, ч, ш, щ, /У/ - 26. /17-бетте/. «Қазақ тілі» оқулығы. 5-басылымы. Алматы  «Рауан» 1997.

Міне, көріп отырсыздар, дауысты дыбыстар мен әріптер – 15, дауыссыз дыбыстар мен әріптер – 26. Барлығы – 41. Оларға орыс тіліндегі қатайту, жұмсарту белгілерін қоссаңыз – 43 болады.

Демек, мұнда дыбыс саны 40 емес, 41 болып тұр. Неліктен?

Себебі: мұнда И, У дыбыстары екі реттен қайталанған.

Қазақ тілінде созылмалы және қысқа И деген жоқ.

Қазақ тіліндегі И, У дыбыстарын жартылай дауысты, жартылай дауыссыз деп қарау – сонау А.Байтұрсынов заманынан бері келе жатқан қателік. Шынында екеуі де – дауыссыз дыбыстар.

Қай тілде болса да, дауысты дыбыстар жеке-дара және созылып айтыла алады. Ал дауыссыз дыбыстар мүлде созылып айтылмайды. Алды-артынан қандай да бір дауысты дыбыс көмектесуі керек. Мысалы: И дыбысын айтсақ, алдынан і дыбысы келіп тұрады. У дыбысын айтсақ, алдынан ұ дыбысы ап-анық естіліп тұрады. Салыстырып көріңіздер!

 ҚУ – ҚҰУ, КИ – КІИ, ҚИ – ҚЫИ, КҮЛУ – КҮЛҮУ, ҚЫСУ – ҚЫСЫУ.

Міне, енді осылардың қайсысы дұрыс?

Сондай-ақ еміле сөздігінде ҚҰЙ, ҚҰЮ деген сөздер берілген. Егер осындағы ҚҰЮ сөзін буынға бөлсек, ҚҰ – Ю болып шығады. Ал дұрысы ҚҰИ – ҰУ болар еді. Біз Ю деген орыс әрпін аламыз деп, сөздің түбірінен айырылып қалдық.

ҚИ, ҚИЯ сөздерінің жазылуы да дұрыс емес. Олар – ҚЫИ, ҚЫИА болып жазылуы тиіс. Өйткені екі дауыссыз дыбыс бірігіп буын құрай алмайды. Бір буын бір дауысты – бір дауыссыз немесе бір дауысты – бір дауыссыздан болады. Мысалы: АИ, ОЙ, САЙ, СОЙ, АУ, ТАУ, ТҰУ.

Қазақ тілінде біріңғай дауыссыз дыбыстан тұратын буын да, сөз де болмайды.

ҚИЯ сөзін буынға бөлсек ҚИ – Я болады. Я – И+А дыбыстарының қосындысы. Яғни ҚИИА. Бұл жерде екі И дыбысы /әрібі/ пайда болып тұр. Қазақша дұрысы: ҚЫИА болуға тиісті. Я таңбасын алып тастау керек. Шатастырғаннан басқа пайдасы жоқ.

Жалпы Э, Е, Ю, Я, Ъ, Ь, Ш, Ц таңбалары орыс тілінен енген сөздерді дұрыс жазу үшін алынған.

Ал Ф, Х, Һ дыбыстары мен әріптері арап-парсы сөздерімен бірге келіп, әртүрлі нұсқада қалыптасты. Мысалы:

Ф – Фәтимә, Бәтимә, Пәтимә, Фаридә – Пәридә.

Х – Қапез, қалық, қат – Хафез, халық, хат.

Һ – Гаухар, Жаухар, Жәукер. Дұрысы Гауһәр.

Жалпы бір тілден бір тілге дыбыс, сонымен бірге сөз алу өте қиын. Бұрын ол дыбыстар сол тілде болмағандықтан, дыбыстау мүшелері оларды жасауға дағдыланбағандықтан /артикуляция/, төл дыбыстардың ықпалына ұшырайды. Айтып жаттығу қиынға соғады.

Алай да алуға, үйренуге тура келеді. Қиын, қиын болса да қажет. Жалпы қай тілден келсе де олар: кірме дыбыстар мен әріптер адам аттары мен жер аттарын, ұлтаралық ғылыми терминдерді дұрыс жазуда өте үлкен орфографиялық және иероглификалық қызметтер атқарады. Мәселен, мына сөздерді өз тіліміздегі дыбыстарға өзгертіп, бұзып жазу тілімізді тым жұпыны, қарабайыр, тойпаң, доғал және түсініксіз тілге айналдырып жіберер еді.

 

–В–

Ваза – база, ватт – батт

Вакум – бакум, вахмистр – бақмистр

Вакцина – баксина, вахта – бақта

Валентті – бәлентті, венгер – бенгер

Вальс – бәліс, вето – бето

Вольт – болт, виза – биза

Вотум – ботым

–Х–

Химия – қимия, хром – қыром

Хирург – қируерік, храм – қырам

Хлор – қылор, хакас – қақас

–Ф–

Фабрика – пабірика, философия –пәлесапа

Физика – пизика, формалин – пормален

Ферма – перма, фтор – ыптор

–Э–

Экватор – екіуатор, этил – етіл

Эволюция – еболутсиа,              энциклопедия – енсіклопедиа

–Ц–

Цех – тсек, тсеқ, ісек, сеқ

Цирк – тсирк, серік, сирек

Тек өз тіліндегі сөздік қормен өмір сүре алатын ұлт дүниеде жоқ. Дүниедегі № 1 тіл – ағылшын тілі лексикасының да, орыс тілінің де 70-75 пайызы кірме сөздер екен. Тек түбір тілдердің ғана өзге тілдерден сөз алуы өте қиын.

Ал сөз алады екенсің, оларды тек өз дыбыстарымен, әріптерімен алуға тура келеді. Сонда ол оңай алынады және айтылуы анық, жазылуы дұрыс болады.

Жалпы өзгеден дыбыс және әріп алмайтын ұлттар ұтылады. Ол – барынша икемсіз, дөрекі, дүлей, зұлым тілге айналады. Ағылшын, орыс тілдері міне нақ осындай тілдер.

Орыс тілінде 31 дыбыс, 33 әріп /таңба/ бар. Мұнда да «бір дыбысқа бір әріп» принципі ұстанылған. Және тек өз тілінің мүмкіндігімен ғана шектеліп қалған.

Сондықтан бұл тілге өзге тілден енген сөздер, жалқы есімдер: адам, жер, өзен-су аттары асқан әдепсіздікпен, «зұлымдықпен» бұрмаланып, қойыртпаққа айналады. Мысалы:

  1. Қазақ тілінен: Қазақ – казах, Әбдеш – Абдеш, Әбіш – Абиш, Қоңыр – Конр /оқылуы: Канр/, Өмірқан – Умерхан, Үміт – Умит, Оңғар – Унгар, Олжас – оқылғанда Алжас, Омар – оқылғанда Амар...
  2. Қытай тілінен: Күңфузы – Конфуций, Күң зы – Кун цзы, Жаң же ші – Чан кай ши /Цзян цзе–ши/, Мау зей дұң – Мао цзе дун, зұңжінді – цзуньцзиньдэ, ниән чиң рін – нянь цин жэнь. /русско-китайский разговорник/ Санкт-Перербург 2006/.

Мұндай мысалдар мың-миллион.

Міне бұл басқа тілден дыбыс, әріп алмаймыз деген тоңмойындықтың зияны. Міне бұл орыс тілін дүниедегі ең былықтырғыш, зорлықшыл, түсініксіз, қиын тілге айналдырып отыр.

Қажетті және қолайлы дыбыстар мен әріптерді кімнен де болса, ала білу керек. Сонда ғана басқа тілден енген атауларды, сөздерді дұрыс жаза аласың. Ал қазақ тілінде дәл осындай үрдіс саналы-санасыз түрде үнемі жүріп отырған.

Басқа тілден сөз алғанда оларды орыстар, ағылшындар сияқты бұзып, өз тілінің фонетикалық ерекшеліктеріне бағындырып алу керек деген қағида жүз пайыз дұрыс деуге болмайды.

Ал дүние жүзінде ғалымдардың анықтауынша 8 мың төңірегінде тіл бар көрінеді. Ондағы тіл дыбыстарының жал-пы саны 105 екен.

– Дыбыс деген не?

– Дыбыс дегеніміз құлаққа естілетін үндер ғой?! Міне осы дыбыстар былай бөлінеді екен: 1. физикалық, 2. биологиялық, 3. музыкалық, 4. тіл дыбыстары.

– Тіл дыбыстары дегеніміз не?

– Ол бір тілдегі мағына және сөз ажыратуға қатыса алатын дыбыстар.

Оның халықаралық ортақ ғылыми атауы – фонема. Мысалы:

АР – ӘР, АЗ – ӘЗ, ОР – ӨР, ҰМЫТ – ҮМІТ, ЫС – ІС

А – Ә, О – Ө, Ұ – Ү, Ы – І дыбыстары ауысқан сайын мағына өзгеріп, жаңа сөз жасалып тұр. Бір дыбыс өзгерсе, бір жаңа сөз жасалады.

Ал ШАР – ЧАР, ШАЛ – ЧАЛ, МАЛШЫ – МАЛЧЫ, ШЫН – ЧЫН десек, ешқандай мағына өзгермейді, жаңа сөз жасалмайды. Сондай-ақ Ж дыбысын қатаң-ұяң етіп оқудан да ешқандай мағына өзгермейді. Асылы Ш, Ж дыбыстары ертеде қазақ тілінде көбінесе қатаң болып айтылған. Сондықтан да орыс лингвистері Ж дыбысын қатаң етіп оқу үшін, оның алдына Д таңбасын қосып Джамбул деп жазған. Ал орыс тілінде ұяң Ж дыбысы ғана бар. Қатаң түрі жоқ. А.Байтұрсыновтың арапша төте жазуын оқи алмайтындар мұны түсінбйді. Ч дыбысы қазақта жоқ, орыстан келген деп шатасады. Көп жерде ауыл адамдары әлі күнге дейін ЧАРУА, ЧАТАҚ деп сөйлейді. Мысалы, «Сенің менде не чаруаң бар?» – десеміз.

Ахмет Байтұрсынов дау жоқ «қазақ тілі білімінің» атасы, жолбастары. Алғашқы талпыныстар ғана. Тек арап аліпбиі, «төте» жазу тұрғысынан ғана. Ал «Ахаң бәрін жасап беріп кеткен» деген сөз – жаңсақтық. Ешқандай ғылымда ондай болған емес және болмайды да.

Ахаң өз еңбегінде: «Қазақ тілінде 24 түрлі дыбыс бар. Оның бесеуі дауысты, он жетісі дауыссыз, екеуі жарты дауысты...» – дейді.

Сондай-ақ Ахаң 19 дауыссыз дыбыстың 19 жіңішке сыңары бар. Егер оларды дара дауыссыздар деп есептесек, және оларға жеке-жеке «харф»  белгілесек, «онда 19 дыбысқа 33 белгі керек болар еді». – дейді. Яғни ол кісі қазіргіше айтқанда қатаң және ұяң дауыссыздарды бір дыбыс деп қарайды. Олардың бәрін бір таңбамен беріп, «дәйекші» арқылы жіңішкертіп оқуға болады деп отыр. Әне сол жуан-жіңішкелі 19 қос дауыссызға бес дауысты дыбысты қоссақ, 24 болады деп отыр.

Ол кісі қазақ тілінде 43 дыбыс бар деп ешқашан да айтқан емес. 24 дыбысқа 24 белгі, «дәйекші» – жіңішкерту белгісімен 25 деп отыр.

Бұл тұста ол кісі арап тілі мен жазуының ықпалынан шыға алмаған.

Арап тілі консонанттық тіл және жазу. Мұнда тек дауыссыз дыбыстар және олардың әріптері ғана санатқа алынады. Дауысты дыбыстар тек асты-үсті белгілері – харакалар арқылы қосымша түрде жасалады. Өздері дыбыс, белгілері әріп деп саналмайды. Аліпбиге енгізілмейді. Мысалы: І таңбасы арапша әліф деп аталады. Қазақша ӘЛІП. Қазақтың надан адамды «әліпті таяқ деп білмейді» дейтін мақалы осыдан шыққан.

Міне осы таяқшаның асты-үстіне сызықша қойсаң екі түрлі оқылады.

Т – А, І – И. Міне осы таяқшаның үстіне үтір қойсаң і – ө болып оқылады. Ал осы таяқша бір шекесіне жіңішкерту белгісін қою арқылы Ә болып оқылады. Егер ешқандай белгі қойылмаса, орнында тұрады, бірақ оқылмайды.

Ал әлгі арапшадан алынған «төте жазуда» міне дәл осы үлгімен бір ғана  таңбасынан үтір және дәйекше қою арқылы тағы да 5 әріп жасаған. Олар: қазыргі У, Ұ, Ү, Ө, В әріптерінің баламасы.

Мысалы:

О = У, Ұ, Ү, Ө, В.

Ал латынша жазуға көшкен тілдердің бәрінде дауысты-дауыссыз, жуан-жіңішке дыбыстардың бәрі де өз алдарына тәуелсіз дыбыс және әріптер болып жасалған.

Латынша дейтін себебіміз: кирилл әріптері де, орыс әріптері де, Алтынсарин бастаған қазыргі қазақ әріптері де түгел әр кезде Латын, Грек алфавиттерінен алынған. 

Арап тілі консонанттық, қазақ тілі вокальдық тіл. Табиғаты сиыспайды. Дыбыс танудағы қағидалары қабыспайды. Арабист А.Байтұрсынов арап тілінің ықпалынан шыға алмаған.

Ал бұл сырды білетін адамдар Ахаңның аруағын сыйлап, тірілердің көңіліне қарап айта алмай келді. Жауырды қашанғы жаба тоқып жүре береміз? Кейбір жорналшылар мен шала лингвистер мәселені барынша былықтырып, дауды көбейтіп барады. Олар қисыны келсін-келмесін, барлық «жақсылықты» Ахаңның үстіне апарып жапсыра береді.

Олардың кейбіреулері: «Ахаң қазақ тілінде 43  дыбыс, 25 белгі бар» – деген десе, енді біреулері: «28 дыбыс, 28 қарып бар» – деген. Біз енді осыны жүзеге асырсақ, бәрі дұп-дұрыс бола қалады деседі.

  1. А.Байтұрсынов ғылыми зерттеу жұмыстарымен біріңғай алаңсыз айналыса алмады. Патшалық Ресей де, қызыл Ресей де мүмкіндік бермеді. Тіпті дұрыс өмір сүрудің өзі мұң болған. Ылғи айдау, аңду, тергеу, түрме, ашаршылық...
  2. 1918 жылы қаңтар айында Әліби Жангелдин Ахаңды В.И.Ленинге алып барады. 1919 жылы 24 маусымда Қазақ өлкесін басқаратын әскери-революциялық комитеттің мүшесі болады. Қазақ автономиялы республикасын құру жөніндегі қыруар ұйымдастыру жұмыстарына, оны құруға, жариялауға белсене қатысады. Тұңғыш Халық Ағарту комиссары болады. Саяси-әкімшілік жұмыстарынан қолы босамайды.
  3. 1924 жылы Ленин өлген соң жағдай қайтадан қыса бастайды. 1929 жылы 2 маусымда қайтадан қамалып, қинауға түседі... 1937 жылы 8 желтоқсан күні, Алматыда, Дзержинский көшесіндегі түрмеде атылған. Латын және «кириллица» жазуына көшу кезіндегі ғылыми зерттеу жұмыстарына қатыса алмаған.

Соның өзінде де қазақ мәдениеті мен ғылымына бұл кісінің сіңірген еңбегі орасан зор. 1913 жылдан 1929 жылға дейін бүкіл қазақ халқы сол Ахаң реформалаған «төте» жазумен сауаттанды. Бүкіл мектептер, жоғары оқу орындары осы жазумен білім берді. Бүкіл баспалар осы жазумен газет, жорнал, кітәп шығарды. Әрине мұнда өзгелердің де үлесі аз емес...

Бұл жазу бүкіл шығыс Түркістандағы бір жарым миллион қазақтың күні бүгінге дейін ұлттық, «мемлекеттік» жазуы болып келеді.

Алайда мынау ХХІ ғасырға дейін ғылым мен техниканы, бүкіл мәдениетті әлемдік деңгейге көтеруде қазыргі қазақ «латыншасының» 60 жыл ішінде атқарған қызметі баға жеткісіз. Бұған енді ешқандай жазу тең келе алмайды.

Бұл жазуды жасауда және қазақ тілі білімін қалыптастырып, кемелдендіруде Ахмет Байтұрсыновтың жолын қуушы ізбасарлары Құдайберген Жұбановтың, Сәрсен Аманжоловтың, Н.Сауранбаевтің, Г.Мұсабаевтың, І.Кеңесбаевтың, Т.Қордабаевтың, А.Ысқақовтың, М.Балақаевтың, тағы басқа да жүздеген, мыңдаған ғалымдардың сіңірген ұшан-теңіз еңбегі жатыр.

Қазыргі мынау электроника заманында «28 дыбыс, 28 қарып» немесе «43 дыбыс, 25 қарып» /екі дыбысқа бір әріп/ ешқандай жыртығыңды жамай алмайды.

Қазыргі қазақ тіліндегі 40 дыбыс, 42 таңба қазақ тілінің табиғатынан, өмірлік қажеттіліктен келіп орныққан. Жоғарыда аталған 2 сынып оқулығында ол дыбыстар былай жіктеледі:

Жуан дауыстылар: а, о, ы, ұ.   /25-бет/

Жіңішке дауыстылар: ә, е, ө, і, ү.  /29-бет/

Авторлары: Р.Әміров, Ш.Әуелбаев, А.Бәкірова.

А.Байтұрсыновта дауысты дыбыстар саны – 5, ал бұларда – 9. Кімдікі дұрыс? Әрине соңғысы. Қазақтың төл дауыстылары – 9. Бұл әбден анықталған ақиқат. Бұлар – қазақ тілінің төл дауыстылары.

Ал осы кітаптың 14-бетінде дауыстылардың саны 15 еді ғой?

Ондағы Е, Э, Ю, Я – орыс тіліндегі қос дауыстылар. Ал қазақ тілінде И, У дыбыстары дауысты емес. Бұл – сонау А.Байтұрсыновтан бері келе жатқан қателік. Бұл – буын талдау тұрғысынан зиянды, жазуды оңайлату тұрғысынан «пайдалы».

Сондай-ақ қазақ аліпбиінде Щ таңбасы бар. Бұл Ш дыбысы қайталанғанда, біреуін қысқарту үшін ғана қабылданған. Оның өзі де екі-үш сөз ғана. Мысалы: ашшы – ащы. Мұның да соңғысы буынға бөлінбейді.

Мәулен Балақаев жазған 3 сыныптың «Қазақ тілі» оқулығында» төл дауыссыздар жақсы жіктелген.

Қатаң дыбыстар: П, К, Қ, Т, Ш, С.

Ұяң дыбыстар: Б, В, Г, Ғ, Д, Ж, З.

Үнді дыбыстар: Р, М, Л, Н, Ң. /44-бет/.

Мұнда ұяң дыбыстардың арасына тек орыстың В дыбысы ғана кіріп кеткен. Ал одан кемінде мың жыл бұрын енген, арап тілінен енген Ф, Х, Һ дыбыстары енгізілмеген.

Ал И, У дыбыстары да қазақ тілінің төл дауыссыздары. Оларды жартылай дауысты, жартылай дауыссыз деп бұлға-лақтаудың қажеті жоқ. Бұл әлгі жартылай еркек, жартылай әйел деген сияқты бірдеңе ғой?!

Ғалым орыстың Я, Ю әріптері жөнінде де өзін өзі қинап, 3 сынып оқушыларының санасына ауыр, күрделі, миқата ережелер жасаған. Жаттығулар берген.

Ахмет Байтұрсыновтан бері қарай қаншама заман болды. Атандай 60 жыл өтті. Қазақ тіліндегі дыбыстар мен әріптердің дауы әлі аяқталмай келеді. Менің білгенімді бәрі де білген. Алай да баяғыда оп-оңай шешіп тастайтын нәрселерді шеше алмаған. Неге?

Себебі Шовинистік саясат жол бер-меген. Қандай тілді болса да орыс тілі мен жазуына жақындату саясаты үстемдік құрды. Профессор Қ.Жұбанов бастан кешкен ащы сабақ оның шәкірті Мәулен Балақаевтың да басын көтертпеді.

Енді міне 16 жылдан бері «Түрік – ағылшын латыншасына жақындаймыз» деген жағымпаздық тағы да жанымызды жағадан алып келеді.

Ағылшын тілі мен жазуы – еуропадағы ең жаман, ең қиын тіл мен жазу. Онда 44 дыбысқа 26 әріп. Әріп жетіспейтіндіктен, қоңызша қосақтасып жүреді. О баста жасалмағандықтан енді түзеу мүмкін емес.

Міне енді осы «үйіккен» таңбалардың ұсқынына қарап жасалған, жаңа қазақ латыншасының мына сыйқына қараңыз:

Ә – AE ae

Ғ – GH gh

Ң – NH nh

Ө – OE oe

У – UE ue

Х – КХ кх

Ц – TS ts

Ч – СН ch

Ш – SH sh

Щ – SHSH shsh

Ю – YW yw

Я – YA ya

12 дара таңбаның орнына 12 қабаттасқан қарашұбар бірдеңе. Кейбіреуі тіпті төрттен. «Төсектен шығып жатыр жиырма башпайдың» кері.

Бүкіл зиялы қауымға белгілі, тілдер туыстық топтарға бөлінеді. Әр топтағы тілдер дамып, дараланып, жеке-жеке ұлттық тілдерге айналған. Енді оларды қайта жақындату мүлде мүмкін емес. Тіл түгіл енді олардың дыбыстарын да жақындастыра алмайсың. Туыс емес тілдерді тіпті де.

Өйткені әр тілдің өзінің тек өзіне ғана тән ұлттық төл дыбыстары бар. «Мысалы, қазақ тілінде тоғыз жалаң дауысты дыбыс /монофтонг/ болса /а, ә, е, ы, і, о, ө, ұ, ү/, орыс тілінде алты дауысты дыбыс /а, э, и, ы, о, у/ бар. Ағылшын тілінде дауыстылардың саны – жиырма бір /оның ішінде он екісі жалаң дауысты/, қырғыз тілінде – он төрт /оның ішінде де сегізі жалаң дауысты/, ойрот тілінде – он алты /оның ішінде тең жартысы жалаң дауысты/.» /Қ.Аханов «Тіл білімінің негіздері» «Мектеп» баспасы – 1973 жыл. Жоғары оқу орындарына арналған оқулық. 284-бет/.

Оның үстіне әр дыбыстың өзінің генетикалық, акустикалық қасиеттері тағы бар. Тілдердің осындай фонетикалық және грамматикалық қасиеттері мен заңдылықтарды – олардың ұлттық ерекшеліктерін сақтап тұратын имунитеттері.

Жалпы тілдерді жақындастыру мүмкін де, қажет те емес. Ол – бос сөз. Ғылыми сауатсыздық, надандық. Зорлап жақындастыру – зұлымдық, опасыздық. Тілді бұзудың, жоюдың бір әдісі.

Миға қонбайтын, тіпті мүмкін болмайтын нәрсені біреулер біліп әдейі айтса, біреулер білмей айтады. Орыс пен қазақ тілі 70 жыл бойы қанша телісек те қабыспай қойды. Ал ағылшын тілімен тіпті де.

Қазыр ағылшын тілі түгіл қазақ пен қырғыз тілін де қабыстыра алмайсын. Қажеті де жоқ. Өйткені әрқайссы өз алдына қызықты да әдемі, жетілген тіл. Жалпы ұлттық қасиет адамның қанында, жанында, тілінде, түрінде, өнерінде, мінезінде. Осы қасиеттері бар адам ұлты үшін жанын береді. Бұл – патриотизмның шыңы.

Ағылшын жазуы б.з. 8-ғасырында латын альфавитінен алынған ескі жазулардың бірі. Сондықтан онда олқылықтар көп болды.

Ал орыс жазуы одан мың жыл кейін, 18-ғасырда, 1708 жылы Петр І-дің тапсырмасымен жасалды. Сондықтан ол ағылшын жазуынан әлде қайда ықшам, ыңғайлы, әдемі, толық болды. Мысалы бір кездегі ат арба мен қазыргі автомашина сияқты. Алқам-салқам бірдеңе.

Ал қазыргі қазақ жазуы олардан да кемел. Оның бойында басқа жазулардағы барлық жақсы қасиеттер, жақсы таңбалар бар. Мәселен, Ө, І таңбалары /әріптері/ біздің жыл санауымыздан 9 ғасыр бұрын жасалған грек алфавитінде, одан 2 мың 6 жүз жылдай кейін жасалған, Петр І жасатқан орыс алфавитінде де бадырайып тұр.

Ал І, Ү таңбалары Латын алфавитінде де бар. Қазыргі жазуымыз бәріне де жат емес және кемел әліпби, кемел тіл.

Әбдеш ДАЙЫРБАЕВ.

 

 

Мақала авторы хақында

Қазақ ақыны, түркітанушы, публицист, ұстаз, қоғам қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының тіл білімінің құрамдас бөлігі қазақ әліпбиіне қатысты «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген сөздері айтылғандай екен. Көзі тірісінде газетіміздің қазақ тілді өте сауатты қызметкері болған Әбдеш Дайырбаевтың мақаласын сол ұлт ұстазының меңзеген бүгіншіл елдің «ұзап» кеткен ертеңі үшін жариялап отырмыз.

Автордың жазу емлесі сақталған.

Оқылды 42225 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет