ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ ҮШІН ТЕХНИКАЛЫҚ КАДР, ОРТА КӘСІПТІК МАМАН ДАЙЫНДАУ СТРАТЕГИЯСЫ МАҢЫЗДЫ. ДЕГЕНМЕН, ЕЛІМІЗДЕ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ ОРТА КӘСІПТІК БІЛІМДІ ЖҰМЫС КҮШІНЕ ЗӘРУ, ТЕХНИКАЛЫҚ КАДРЛАРҒА МҰҚТАЖ. СОНДЫҚТАН КАДР ДАЙЫНДАУ ЖҮЙЕСІН РЕФОРМАЛАУ АРҚЫЛЫ ЕЛІМІЗДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚУАТЫНАРТТЫРУҒА БОЛАДЫ. БҰЛ БАҒЫТТА ШЕЛЕК ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ КӘСІБИ МАМАНДАР ДАЯРЛАУДА АЯНБАЙ ЕҢБЕК ЕТІП КЕЛЕДІ. БИЫЛ ОҚУ ОРДАСЫНЫҢ ШАҢЫРАҚ КӨТЕРГЕНІНЕ 65 ЖЫЛ ТОЛДЫ. ОСЫ ОРАЙДА КОЛЛЕДЖДІҢ ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚТАР ДАЯРЛАУ БАРЫСЫ, САПАЛЫ БІЛІМ МЕН САНАЛЫ ТӘРБИЕ БЕРУ, КӘСІПТІК БІЛІМ ОШАҒЫНЫҢ БҮГІНГІ БЕТ-БЕЙНЕСІ МЕН БОЛАШАҚ СТРАТЕГИЯСЫ ЖАЙЫНДА АТАЛҒАН ОҚУ ОРНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ ҚУАТ ДҮЙСЕБАЕВПЕН СҰХБАТТАСЫП ҚАЙТҚАН ЕДІК.
– Сан мыңдаған техникалық мамандарды тұғырынан түлеткен қасиетті қара шаңырақтың 65 жылдық торқалы тойы құтты болсын! Әңгімемізді оқу ордасының тарихынан бастасақ.
– Бұл оқу ордасының іргетасы 1956 жылы Малыбай ауылы механизация мектебі аясында құрылып, 1974 жылы №96 орта кәсіптік-техникалық училище болып қайта жасақталып, Шелекке көшіріледі. 1986 жылы №7 орта кәсіптік-техникалық училище, 1996 жылы №7 кәсіптік-техникалық учлиище, 2003 жылы №7 орта кәсіптік мектеп, ал 2013 жылы облыс әкімінің шешімімен Шелек политехникалық колледжі болып құрылды. 2019 жылдың желтоқсан айында колледжіміз мемлекеттік аккредиттеуден өтті. Міне, солай уақыттың ағысымен алға жүзіп келеміз.
– Колледжде нақты қандай мамандықтар оқытылады?
–Дамушы қоғамға білімді де білікті, нарықтық экономикаға бейімді, өз кәсібін қадірлей алатын, бәсекеге қабілетті жан-жақты кәсіби мамандарды дайындап шығару – бүгінгі күннің басты мақсаты. Біз – ауылшаруашылығын негіз еткен өңірміз, сонымен қоса «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің бойында орыналасқанбыз. Осы негізде «Дәнекерлеу ісі», «Автокөлікті пайдалану, жөндеу және қызмет көрсету», «Электромонтер», «Фермер шаруашылығы», «Тамақтануды ұйымдастыру» мамандықтарын оқытамыз. Сонымен қатар қысқа мерзімді «В», «ВС» категориялы жүргізуші», «Тракторист-машинист», «Аспаз», «Электромонтер», «Газэлектрмен дәнекерлеуші», «Автокөлік жөндеуші» мамандықтары бойынша курстар оқытылады. Бүгінде колледж қабырғасында еліміздің экономикасын көтеруде әр түрлі салаларға қажетті бес мамандық бойынша 354 жас жеткіншек білім алып жатыр.
– Кәсіптік білім ошағының кадрлар қосыны мен материалдық-техникалық базасы қалай жасақталған?
– Колледждің материалдық-техникалық базасы өндірістік оқыту сабақтарын жүргізуге арналған жабдықтармен жасақталған. Қазіргі уақытта жергілікті шағын кәсіпорындармен өзара келісімге отырып, білімгерлердің өндірістік тәжірибеден өтуі қолға алынған. Оқу қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Оқыту форматы – күндізгі. Жалпы саны 49 жоғарғы, бірінші және екінші санатты оқытушылар қызмет етеді. Колледж білімгерлеріне мемлекеттік бюджетте қарастырылған 2016 жылдың қаңтар айынан бастап 19 273 теңге көлемінде жоғары, 16 759 теңге көлемінде орташа шәкіртақы және 4 242 теңге көлемінде жолақысы жылына екі рет төленеді. 4 оқу-өндірістік шеберхана, 2 оқу ғимараты,140 орынға арналған асхана жұмыс істейді және әлеуметтік-материалдық жағдайы төмен білімгерлер бір мезгілдік ыстық тағаммен қамтылады. Сонымен қатар 240 орындық жатақхана, онда дәрігерлік бөлме, асхана, санитарлық, спорттық, демалыс бөлмелері бар. Олар тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтармен толық жасақталған. Жатақханада колледж психологтары мен тәрбиешілері білімгерлермен жұмыс жасайды. Сонымен бірге 30 орындық кітапхана залы жасақталған және онда студенттердің сабақтан тыс уақытында жұмыс істеуіне арналған интернет желісіне қосылған 6 компьютер жұмыс істеп тұр. Колледж WiFi желісіне қосылған, 2 компьютерлік сынып, 150 орынға арналған акт залы бар. Осы материалдық-техникалық мүмкіндерімізді тіптен арттыруға жол ашатын жаңа жобаларды қолға алдық.
– Ол жобалар жаңа сападағы мамандарды жетілдіруге қандай мүмкіндіктер береді?
– 2019 жылы 23 қаңтарда «Жастар жылының» салтанатты ашылу рәсімінде берілген, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген «Жас маман» жобасына қатысушылар қатарына Шелек политехникалық колледжі кірді. Жобаның операторы болып «Talap» КЕАҚ («Кәсіпқор» Холдингі») анықталды. «Жас маман» жобасының мақсаты – сұранысқа ие 100 мамандық бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу. «Жас маман» жобасын іске асыру қорытындылары бойынша колледж республикалық және халықаралық деңгейде талап етілетін мамандарды даярлау үшін қажетті заманауи жабдықтармен жарақтандырылатын болады, аймақтағы құзіреттілік орталығына айналады, сондай-ақ WorldSkills чемпионаттарына қатысушыларды даярлауды жүргізетін болады. Қазіргі білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі – дамыған цифрлық инфрақұрылым. «Жас маман» жобасы аясында «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша материалдық-техникалық базаны нығайту, осы негізде көрсетілген мамандық бойынша колледжде құзіреттілік орталығын ұйымдастыру, кадрларды даярлау бағдарламаларын жаңарту, ИПР оқыту, жабдықтарды орнату үшін колледждің инфрақұрылымдарын дайындау, кәсіби бағдар беру және мансап орталығы, оқу үдерісін автоматтандыру жұмыстарын жүргізудеміз. Политехникалық колледж студенттерінің артықшылықтарының бірі – колледждің заманауи жабдықтарымен қамтамасыз етілген шеберханаларды жұмыстың практикалық дағдылары арқылы әрі қарай өндірісте жұмыс істеуге дайын болуы үшін шынайы өндіріс процесінің жасақталуы. Қорытындылай келе, сәтті тәжірибенің нәтижесінде Шелек политехникалық колледжі «Жас маман» жобасы аясында колледждер арасында жаңғырту үшін үлгілі болады. Биыл ел Тәуелсіздігің 30 жылдығына орай 1 млрд 200 млн теңгеге №1 оқу ғимараты мен өндірістік-оқу шеберханалар күрделі жөндеуден өтті.Біз кәсіптік білім берумен бірге тәрбие жұмыстарына да баса мән береміз.
– Кәсіптік білім ордасындағы тәрбие жұмысы қандай бағыттарда жүргізіледі?
– Біздегі тәрбие жұмыстары тұлғаның жан-жақты дамуына және өзін-өзі танытуына жағдай жасау, болашақ маманның кәсіби маңызды қасиеттерін қалыптастыру бағытында.Осыған сай, оқыту сабақтары, сынып сағаттары, кәсіпорындарға саяхат, мамандармен әңгімелесу, дөңгелек үстелдер жиі ұйымдастырылады. Сонымен қоса патриоттық тәрбиелеу мен азаматтық ұстанымды қалыптастыру негізінде оқыту сабақтары, кураторлық сағаттар, мерекелер және кездесулер, музейге экскурсиялары да назардан тыс қалмайды. Оқу орнымызға Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Тілектес Есполов пен өзге де танымал тұлғалар келіп, жас шәкірттермен салиқалы сұхбат өткізген болатын.Тіршіліктің тынысын, уақыттың жүрісін сезіндіретін білім әлемінің сырын білетін, өзінің алдынан өтіп жатқан шәкірттерінің жырын жүрекке түйген тағылым иелері ардагер ұстаздарымыздың еңбек жолы – көпке үлгі-өнеге. Марат Өтегенов, Абдрасул Надыров, Сәуле Хайрулина, Сәуле Кубашевна, Мереке Каткенова сынды ардагер ұстаздарды да ардақтап, сол бір аяулы жандардың тәуелсіздік жылдарындағы ерен еңбегін жас ұрпақ зердесіне тоқу мақсатында ардақты ұстаздарымызды да кездесуге жиі шақы-рып тұрамыз. «Қазақстан Республикасы 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы» стратегиясын жүзеге асыру мақсатында «Академиялық адалдық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі» тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрылып, академиялық адалдық кодексі әзірленді. «Білім – ырыс қазығы» дейді дана халқымыз. Білімді ұрпақ – ел болашағы, халқымыздың қазынасы. Рухани мықты ұрпақ қана тәуелсіз еліміздің туын биік ұстары анық. Жеңіс пен жетістік – жасқанбай алға ұмтылғанның еншісінде. Келешек тек жасампаз жастардың қолында болмақ. «Туы бірдің түбі бір, жолы бірдің жүгі бір» демекші, ұрпақ тәрбиесі, білімді ұрпақ тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет. Осы бір қара шаңырағымыздың 65 жылдық торқалы тойында, оқу орнының заманға сай түлеуіне еңбек өтіп, төр төгіп келе жатқан колледж ұжымына және С.Байсубанов, Н.Бокаева, И.Турганов, Ж.Алимбеков сынды әріптестеріме шексіз алғыс айтқым келеді. 65 жылдық тарихы бар біздің колледжімізден тек қана бітіруші түлектер ғана емес, нағыз маман иелері шығатынына кәміл сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Е.АСЫЛ.