Сәрсенбі, 08 Желтоқсан 2021 10:31

Бақытын тапқан еңбектен

 

ҰСТАЗДАР КҮНІ ЖАҚЫНДАҒАН САЙЫН ТҰЛА БОЙЫН ШАТТЫҚ КЕРНЕП, ҚУАНЫШТЫ СЕЗІМГЕ БӨЛЕНІП, НЕГЕ ЕКЕНІН ЕРЕКШЕ ТОЛҚИТЫН. ОЙЫ ОН ТАРАМ БОЛЫП, ӨТКЕН ӨМІР ЖОЛДАРЫНЫҢ КЕЙБІР СУРЕТТЕРІ КӨЗ АЛДЫНАН ТІЗБЕКТЕЛІП ӨТКЕНДЕЙ БОЛАДЫ. ӘКЕСІ МҰХАМЕТЖАН МЕН АНАСЫ ДАМИРА ЕГДЕ ТАРТА БАСТАҒАН ШАҚТАРЫ ДА, ӘЛІ ЕСІНДЕ, ҚАТАР ЖАЙҒАСА ҚАЛЫП ӨЗДЕРІНІҢ ЖАСТЫҚ ШАҚТАРЫН НЕМЕСЕ ҰЛ-ҚЫЗДАРЫНЫҢ БАЛА КЕЗІНДЕГІ КЕЙБІР ҚЫЛЫҚТАРЫН ЕСКЕ АЛЫП МӘЗ-МЕЙРАМ БОЛЫП РАХАТТАНАТЫН. ОСЫНДАЙ ЖАҒДАЙ ӨЗ БАСЫНА КЕЛЕ БАСТАҒАНДАЙ. СОНАУ ШЫРАЙЛЫ ШЫҒЫСТЫҢ ҮРЖАРЫ, МЕКТЕПТЕ, ОДАН СОҢ ИНСТИТУТ ҚАБЫРҒАСЫНДА ӨТКІЗГЕН ҚЫЗЫҚТЫ ДА ҚАЙТАЛАНБАС ЫСТЫҚ КҮНДЕРІ БӘРІ-БӘРІ ЕСІНЕ ТҮСЕДІ. ТОЛҒАНАДЫ.

«ӨЗГЕ ТІЛДІҢ БӘРІН БІЛ, ӨЗ ТІЛІҢДІ ҚҰРМЕТТЕ» ДЕМЕКШІ, ОРЫС ТІЛІНЕ ДЕ АНА ТІЛІМЕН ҚАТАР ЖҮЙРІК БОЛДЫ. СӨЗ САЙЫСЫНДА ЕШКІМГЕ ЕСЕСІН ЖІБЕРЕ ҚОЙМАЙТЫН. МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ АЙТҚАНЫН ТЕЗ ҚАҒЫП АЛАТЫН. ЕЛГЕЗЕК. БАЛАЛАРҒА ЖАҚЫН. КІШІ СЫНЫПТЫҢ ОҚУШЫЛАРЫНА ҮНЕМІ ҚАМҚОР БОЛЫП ЖҮРЕТІН. ОҚУДА ҮЗДІК, ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСТАРДА БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТА ЖҮРІП, МЕКТЕПТІ «АЛТЫН БЕЛГІМЕН» БІТІРДІ. ОҚИТЫН ИНСТИТУТЫН ДА ТАҢДАП ҚОЙҒАН-ДЫ. ОСЫ ШЕШІМІН ҮЙ ІШІНЕ АЙТА БЕРГЕНІНДЕ ОНЫҢ ОЙЫН, НЕ АЙТҚАЛЫ ЖАТҚАНЫН АҢҒАРҒАН ОҚЫҒАН-ТОҚЫҒАНЫ КӨП ӘКЕСІ «БӘРІМІЗ МҰҒАЛІМНІҢ АЛДЫНАН ӨТТІК. ТҮСІНСЕҢ, ҚЫЗЫМ, БҰЛ МАМАНДЫҚ ӨМІРЛІК КӘСІБІҢ ДЕ, НӘСІБІҢ ДЕ БОЛАДЫ. БАЙҚАЙМЫН, ҰСТАЗ БОЛУҒА СЕНІҢ ЫҢҒАЙЫҢ, БЕЙІМІҢ БАР СЕКІЛДІ» ДЕП АТАЛЫ СӨЗІН АЙТТЫ. БЕСІКТЕН АЛҒАН ТӘРБИЕСІ СОЛАЙ, ҮЛКЕННІҢ АЙТҚАНЫ – ЗАҢ, ӘРІ АҚЫЛ. АТА-АНАСЫНЫҢ АҚ БАТАСЫН АЛЫП, ҚАЗАҚТЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗДАР ПЕДАГОГТІК ИНСТИТУТЫНЫҢ ТАРИХ ЖӘНЕ ПЕДАГОГИКА ФАКУЛЬТЕТІНЕ ОҚУҒА ОСЫЛАЙ ТҮСТІ.

Ойын хатшы қыздың сөзі бөліп кетті:

– Апай, сізге құттықтау хат келді, міне, – деп ол сырты әдемі өрнектелген конвертті үстелге қойып кетті. Шәкірттерінің бірінен екен. Жылма жыл осындай құттықтаулар келіп жатады «Ұмытпайды. Бұған да шүкір», – деп іштей риза болып қалады. Мұғалім болғалы бері алдынан қаншама шәкірт түлеп ұшып, жолдама алды десеңізші! Көпшілігі бүгінгі күндері еліміздің экономикасын нығайтып, мәдениетін гүлдендіру үшін жемісті қызметтер атқарып жүр. Білім күнінде, тағы басқа мерекелерде сынып-сынып болып жиналып келіп мұғалімдеріне гүл шоқтарын сыйлап құрмет көрсетіп жатқаны. Осындай қуанышты сәттер жан-тәніңді елжіретеді, мұндай тәтті, ләззатты сезімге бөлену өзге мамандық иелерінің пешенесіне жазылмаған-ау, сірә. Мұғалімнің инемен құдық қазғандай еңбегіне, болаттай мықты шыдамына, қайтпас жігеріне тәнті боласың. Мектепке тарыдай болып келіп, таудай болып өсіп, азамат деген биік атаққа ие болып шыққан кешегі «тентектерін» көргенде көп жылдар бойы қиналғанын да, шаршағанын да, сабаққа дайындалып өткізген ұйқысыз түндерін де, балалардың у-шуымен өткен мазасыз күндерін де ұмытқандай болады.

Есік қайта ашылды.

– Апай, шараны бастайтын уақыт болып қалды, – деген оқу тәрбие орынбасары Ботаның сөзі ойын тағы бөліп кетті. Гимназияның әр тоқсанға, әр аптаға арналған тақырыптық жоспары бар. Бүгінгі шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағына арналған. №1 мектептің ашылғанына 4 жыл,ал гимназия мәртебесін алғанына 1 жылдан сәл асса да көп жұмыстар атқарылған. Мұнда рухы мықты, өз жерінің тұлғалы ұлтшыл азамат болып өсуі үшін ата-баба дәстүрімен, ұлттық рухани қазына байлығымен тәрбиелеуге баса көңіл бөлінген. Басшы да, ұжым мүшелері де қазақ үнін, әуенін, сөзін ұрпақтың жүрегіне оқу орнының табалдырығын  аттаған күннен бастап сіңіру өміріне өзек болар өзгешеліктің бір белгісі екенін жақсы түсінеді. Ұлтшыл дегеніміз ешкімді, тіліне, дініне, түсіне, ұлтына қарап бөлмейтін, өз ана тілін сүйетін туған жердің табиғатын, оның сүйем жерін анасындай қадірлейтін, көзінің қарашығындай сақтайтын шынайы патриотизм. Ал патриоттық сана – қандай ұлт болмасын оның рухани құдіреті болып табылады. Халқымыздың мәдени байлығы атадан балаға мұра болып келе жатқан тамылжыған әні, құйқылжыған күйі,көркем әдебиеті, саф алтындай поэзиясы, бай фольклоры басқада құндылықтарын бала бойына дарыту, оны үйретуді мақсат етіп қойған. Міне, осыны жақсы түсінген гимназия ұжымы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қабілетті балаларды, іріктеп олардың қатарынан 113 домбырашы, 10 қобызшы, сырнайшысы бар оркестр, би және 15 вокалдық топ, ұлдардың хорын ұйымдастырып берісі аудан, арысы республикалық көлемде болып жатқан байқауларға қатысып, танымал болып келеді. Бұл да оқу орны үшін зор жетістік емес пе?!

– Құрметті ұстаздар, оқушылар! Жақында Елордамызда халықаралық «Алаш» байқауы өткенін оған біздің 7 сынып оқушымыз Ақжан Тұрлықожа қатынасқанын білесіздер. Ол «Көркем сөз» номинациясында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың бірнеше шығармасын нақышына келтіріп оқып, жеңімпаз атанды, 1-орынды иеленді. Ұстазы, әрі ақылшысы Аида Ағыбаева екеуі байқау алқасының шешімімен Құрмет грамотасымен марапатталды. Құтты болсын! Жеңімпаз өнерпаздарымыздың қатары көбейе берсін – деп грамоталарын табыстады.

– Сәл тыныштық!  Гимназиямыздың  өнер ордасына айналуына балаларымыздың талабын ұштап, талантын ашуға ықпал жасаған басшымыз Ардақ Мұхаметжанқызы да байқау алқасының марапатына ие болғанын хабарлаймын, – деді кешті жүргізуші. Бұдан соң сахна төрі өнерпаздардың иелігіне берілді. Шара әнімен, күйімен, сәнімен жалғасын тауып жатты.

Ардақ жас кезінен-ақ өз уақытын бағалап өсті. Мән-маңызы жоқ шаралардан, ырду-дырдуы көп сауық-сайран кештерінен қашқақтайтын. Сабақтан соң не бөлмесінде, не кітапханаға барып кітапқа шұқшиып білімін толықтыратын. Комсомол ұйымының хатшысы болғандықтан институт пен Совет ауданындағы шараларды ұйымдастыруға атсалысып, бір тыным таппайтын. Үнемі еңбектеніп іздену үстінде жүретін. Тәрбиенің анасы – еңбек, оқу, іздену, үйрену екенін ол жақсы ұғынды. Сондықтан болар осы бір қасиеттер бойынан табылып, талмас талабының арқасында Лениндік степендиаттар қатарынан көрінді. Мұндай дәрежеге жету әр студент үшін мәртебе еді.

Институт Алматы қаласының №15 орыс мектебімен тығыз байланыста болып, оған шефтік көмек көрсететін. Ал студенттер осы мектепте тәжірибеден өтетін. Жаңа жылдан соң факультет деканы  Ардақты кабинетіне шақырып:

– Қызым, оқуың жақсы. Қоғамдық жүктемең де бар екенін білемін. Сонда да таңдауым саған түсіп отыр. №15 мектепте тарих пәнінен мұғалім жетіспей жатыр. Сен барып сабақ беріп көр. Үйренесің. Болашағың үшін керек одан өкінбейсің, – деп айтқан қадірлі ұстазының пікіріне құлақ асты. Екінші курстан бастап институтта оқуын жалғастыра жүріп сол мектепте тарих пәнінен дәріс берді. Үлкен сынақтан өтті. Бой түзеді. Есейді. «Қазір ойласам, деканғалым ұстазымның жасаған әкелік қамқорлығы екен-ау», – деп түйіндеді іштей. Бұл оқиға оқушылармен, әріптестерімен қандай қарым-қатынаста болу қажет екендігіне жол көрсеткен бағдаршамдай болды.

Институт бітіргенде деканы да, тарих кафедрасының жетекшілері де «Институтта қал. Сабақ бер. Аспирантураға түсіп, оқы. Оған қабілетің жетеді» – деген-ді. Ол ұсынысқа қарамай жолдама алып, бір топ құрбыларымен бірге Алматы облысының Шелек ауылында жаңадан ашылған қазіргі Ә.Молдағұлова атындағы мектепке жол тартты. Топырағы құнарлы, суы мөлдір, ауасы таза, табиғаты көркем  жер жәннаты – Жетісудың шырайлы бай аймағы Шелекке келгеніне, осында қоныстанғанына өзі дән риза. Қасиетті өлкенің ең басты байлығы адамдарын айтсаңызшы, ешкімді бөтенсіп жатсынбайды, кең пейілімен құшағын жаяды бауырмал ел. Шырайлы өлкеден өзінің махаббатын, өмірлік қосағын, шынайы бақытын Бақыт деген қазақтың қарапайым азаматына кездесіп, жүрегін сеніп тапсырды. Ол жігіт те кең пейілді, пайым-парасаты мол, құқық қорғау саласының қызметкері болып шықты. Бүгін олар Шелек ауылындағы елге қадірлі, жұртқа сыйлы өнегелі отбасының бірі. Өсіп,өніп келеді «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», дегендей ұл-қыздары Жанат, Сара, Әмірландары да мектепті үздік бітіріп, тиісті қызметін атқарып жүр. Отбасылы болып, немере сыйлады. Немерелерінің тәй-тәй басқан әр қадамы, «ата-апа» деген сыбызғы үніндей шыққан сөздері бойларына қуат беріп, қуанышқа бөлейді.

1981 жылы сол кездегі жаңадан ашылған Киров атындағы орыс орта мектебі де жас педагогтарды құшақ жая қарсы алған-ды. Мұғалім жетіспейді. Әрбірі өз мамандықтарына сәйкес сағатын алып құлшына іске кірісті. Ардаққа қаладағы мектепте жұмыс істеп одан жинақтаған тәжірибесі көп септігін тигізді. Оқу процесіне батыл араласты. Сапа көрсеткіші де жақсы болды. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Мұның барлығын байқап жүрген мектеп директоры тәжірибесі мол ұстаз Д.П.Кабанов Ардақтың іскерлігімен талабын ескеріп, жарты жыл өтпей оны директордың оқу-тәрбие орынбасары етіп тағайындады. Мектепті тексеруге келген аудандық оқу бөлімінің инспекторлары да жас маманның алғашқы қадамдарына риза көңіл таныта бастады. Көп өтпей-ақ Ардақ аудандық оқу бөлімінің ұйғарымымен Абай атындағы орта мектепке директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне, ал 1995 жылдан бастап Ы.Алтынсарин атындағы, 2004 жылдан Т.Кенжебаев атындағы, 2017 жылдан №1 орта мектеп директоры қызметтерін жемісті атқарып келеді.

№1 орта мектеп салынып біткенде оның болашақ бағыт-бағдары және тағайындалатын болашақ басшылары турасында талай кандидаттардың аты аталып, ұсыныстар айтылған еді. Біршама талқылаудан кейін таңдау тағы да Ардақ Мұхаметжанқызына түсті. Көрсетілген сенімге селкеу түсірмеу Ардақтың өң бойына қалыптасқан қасиет. Басшылық тізгінін ұстаған алғашқы күннен-ақ оқу процесін жетілдірудің жаңа үлгідегі жоспар бағдарын жасап, білімді, тәжірибелі әрі жас мамандарды жұмысқа іріктеп қабылдауға көңіл бөлді. Бүгінгі күні осы гимназияда қызмет атқарып жатқан 25 тей ұстаз өзінің кешегі шәкірттері. Шелек мектептерінің түлектері Ардақтың жас мұғалімдерді қабылдағанына күмәнмен қарайтындарына айтары: «Барлығымыз осындай жастардан өстік. Жастар – жаңашылдық иесі. Оларға көмектессек, талай биіктерді бағындырамыз», – деп қысқа қайыратын. Сол үміті, сенімі ақталып келеді. Мәселен, химия пәнінен дәріс беретін жас ұстаз Бота Үмбетова «Жыл мұғалімі» атағына ие болса, Ғалым Ерланұлы және басқаларының қол жеткізген жетістіктері бір төбе. Ал Салтанат Әбілдақызы музыка пәнінен дәріс беріп, шәкірттерін өнерге баулып жүрген білікті маман.

Қазір бүкіл әлемде технологиядамып жатқан заманда білім беру саласында да көштен қалуға болмайды. Оны Президентіміз Қ.Тоқаев та сан мәрте айтып келеді. Мұғалім мәртебесі жайлы заң қабылданды. Оқу орындары жаңа құрал-жабдықпен жабдықталуда. Ардақ бастаған ұжым да жаңашылдыққа ұмтылып, көшті бастады. Олар облысымызда алғашқылардың бірі болып цифрлы кітапхана ашты. Мектеп бағдарламасындағы 100 әдеби кітапты цифрландырды. Бұл жұмысқа да Ернұр Ғарыш сияқты шәкіртінің көмегі мен және Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетпен тығыз байланыс жасау нәтижесінде қол жеткізілді.

Ардақ 15 жылдан бері «Қазығұрт» үкіметтік емес ұйымына жетекшілік жасап келеді. Италияға Милан институтының шақыруымен барғанда цифрландыру тәжрибесін осындағы гимназия-институт бірлестігінен көріп оны өз гимназиясында іске асыруға байлам жасаған еді. Ол мақсаты да орындалды. Айтпақшы, «Қазы-ғұрт» қоғамдық ұйымы осы жылдар ішінде 30 ға жуық жобаны жүзеге асырды. Масақ, Қаражота, Шелек ауылдарынан 70-тей аз қамтылған отбасына қайырымдылық көмегін көрсетті. 10 отбасына шағын бизнеспен айналысуына қол ұшын берді. Шелекте жаңа мешіт ашылғанда соны басқару алқасының құрамына сайланды. Ғимараттың айналасын көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына қатынасты.

Ардақтың студенттік шақта жүрегінде лапылдаған жастық отының қызуы әлі басыла қоймаған. Қайратын қайрап, жігерін жанып, тың идеялар ұсынып, ұжымды оны орындауға жұмылдырып жатқаны. Жаңашылдық қашан да табыс кепілі ғой. Гимназия өткен оқу жылында оқу үлгерім сапасы бойынша ауданда бірінші орынға шықса, 8 түлегі «Алтын белгі» иегері болды, 11-сыныптың 43 оқушысы үздік аттестат алды. Бұл жетістік – тынымсыз ізденудің, ерінбей еңбек етудің жемісі.

Бірге жүрген әріптестері, құрбылары, таныстары – барлығы Ардақ осыншама жұмыстың барлығына қалай үлгереді деп таң қалады. Ұжымды, қоғамдық ұйымды басқару, мектептегі оқу процесін жетілдіру, сол сияқты «Аз санды ұлт әйелдері және кәсіпкерлік» кітабын, республикалық ғылыми-әдістемелік журналына мақала жазуға және көптеген авторлық бағдарламаларды жазып оны насихаттау, іске асыру сияқты жұмыстары тағы бар. Бұған қоса бітпейтін, таусылмайтын үйішілік тіршілікті айтсаңызшы. Қазақтың «Әйелдің қырық жаны бар» деуі бекер емес-ау. Жұмыс шаш етектен. Сүйікті жары Бақыт қашан болмасын оған сүйеу, демеу, түсінігі кең көргені мол азамат. Құдай қосқан жарына, отбасының ұйытқысы балаларының ардақты анасына қашан болсын қолдау көрсетіп жүргені. Азаматтық қалпын үнемі биік ұстап бөтен мінез танытпайды. Отбасында тату-тәтті ахуал орнықса, ынтымақтастықпен бірлік орнаса, осындай үлгі-өнеге көріп тәрбиеленген бала иманды, әдепті болып өспей ме?! Барын бағаласа, қанағатшыл болса бақ құсы да сол шаңыраққа қонақтайды.

Білгір де басшы еңбегі лайықты бағаланып келеді. Білім саласының қызметкері үшін ең жоғары марапат болып саналатын Ы.Алтынсарин төсбелгісін иеленді. «Халық мұғалімі», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» сияқты атақтарға ие болды. Е.Бекмұханов атындағы екінші республикалық тарих олимпиадасында №1 мектеп «Үздік ұжымы» номинациясымен марапатталды. 2020 жылы Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығына орай Қазақстан тарихынан «Зейін» республикалық олимпиадасына Ардақтың өзі 1 орынды жеңіп алды. Оның сыртында қоғамдық салада атқарған қызметі үшін төрт мәрте ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Еңбектің еленгені деген осы ғой, басқа да марапаттары баршылық.

Ардақ басшы да, ұстаз да болғандықтан жұмысқа  әр күн сайын ерте келіп, үйіне кеш қайтады. Бүгінгі атқарған ісі бір басына жетерлік болса да, өзі іздеп келген ата-анамен сөйлесіп баласының домбыра тартуға және басқа да өнер түрімен айналысуға қабілеті, талабы бар екенін айтты. Бос уақытында мектепте ашылған ән-күй үйірмелеріне қатынасуға мүмкіндік жасауды өтінді. Бұдан соң пән жетекшілерімен жоспарланған семинарды өткізіп, оларға тапсырмалар берді.

Сағатына қараса уақыт та зымырап біраз жерге барып қалыпты. Қыстың кеші тез түседі. Көше шамдарының жарығы түн қараңғылығын білдірер емес. Күндізгі қарбаластан соң бойын жинақтап,әр қадамын ширақ басып, жадыраған өңмен, шат көңілмен үйіне қайтып бара жатыр.Аспанда жымыңдаған жұлдыздар бақытын еңбектен тапқан, Шелектің ардақты қызы атанған Ардақты қол бұлғап шығарып салып тұрғандай.

 

Әбілбек АЙТАҚЫНОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Оқылды 928 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет