Бәйтерек
Өткен күнге есеп беріп, келер күнге нақты жоспар құру және ол мақсаттардың орындалуына қадам басу ғана дамуға жол ашады. Осы орайда әкімдердің жыл сайын халық алдында өткен жылды қорытындылап есеп беруінің маңызы мол. Жылдағы дәстүрмен аудан әкімі Бәйтерек ауылдық округі тұрғындарын да былтыр жасалған жұмыс пен биыл қолға алынатын жобалар жайымен таныстырды.
Тышқан жылы жер жүзін жайлаған коронавирус індеті әр салаға өз ережелерін енгізіп берді. Биыл осынау жиналыстың онлайн форматта өтуі де – соның салдары. Пандемияның көп іске тұсау болғанына қарамастан, былтыр ауданда бар сала бойынша жоспарланған шаруа өз ретімен орындалып, 2019 жылмен салыстырғанда табыс пен түсімнің артқанын көріп отырмыз. Мысалы, өткен жылы ауданның кәсіпорындары 47 млрд 300 млн теңгенің өнімін өндірді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,5 миллиард теңгеге артық. «Өнеркәсіп өндірісі дамуының оң динамикасын сақтай отырып, біз өткен жылы жаңа ірі өнеркәсіп объектілерінің құрылысын бастадық. Шағын және орта бизнес субъектілерімен 113 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, қызметі көрсетілді. Ол 2019 жылмен салыстырғанда 9 млрд теңгеге артық.Мемлекеттік несиелеу де белсенді түрде қолданылды. 2020 жылда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 1 млрд 63 млн теңгеге 31 жоба қаржыландырылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 4 млрд 235 млн теңгеге 12 жоба қаржыландырылды», – деген аудан әкімі әр сала бойынша жеткен жетістіктерді атап өтті.
Тікелей эфирді ары қарай жалғаған Бәйтерек ауылдық округінің әкімі Айбек Нұрланов округтегі жағдайға тоқталды. Жиын соңында тұрғындар сұрақ қойып, Қуанышбек Қалиұлы жауап берді.
Ават
Өткен жылды қорытындылап, биыл жасалатын жұмыстың жайын аудан әкімі Қуанышбек Қашқымбаев Ават ауылдық округі тұрғындарына да түсіндіріп берді.
Қай кезде де күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі – сапалы ауызсу. Тұрғындарды таза сумен қамтамасыз ету үшін ауданда атқарылып жатқан шаруалардың мән-жайына кеңінен тоқталған аудан басшысы: «2020 жылы Ават және Қазатком ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысы бойынша жұмыстар аяқталды, ал 2021 жылы Ащысай ауылында су құбыры құрылысы бойынша жұмыстарды аяқтаймыз. Биыл Қазтай Ұлтарақов ауылындағы су құбырын және Шелек ауылындағы кәріз желілерін қайта жаңарту және салу жұмыстары басталады», – деп, Есік топтық су құбырының екінші кезеңінің құрылысы жүргізіліп жатқанын, оны пайдалануға беру қала және оған іргелес ауылдардың сумен жабдықтау мәселесін шешетінін айтты. Нысанды аяқтау 2022 жылға жоспарланған. Көгілдір отын да тұрғындар үшін бүгінде негізгі мәселенің бірі болып отыр. Ақырындап жүргізіліп жатқан газдандыру жұмыстары биыл Ават ауылында, сондай-ақ Жаңашар, Рахат, Саймасай, Амангелді, Қайнар ауылдарында басталмақ. Осы және өзге де мәселені қозғап, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып өткен аудан әкімінің сөзін Ават ауылдық округінің әкімі Тимур Мадияров жалғастырды. Тікелей эфир соңында Қуанышбек Қалиұлы тұрғындардың сұрағына жауап берді.
Рахат
Рахат ауылдық округі тұрғындарының алдында есеп берген аудан әкімі Қуанышбек Қашқымбаев бір жылда жасалған жұмысқа кеңінен тоқталып, әр саладағы жеткен жетістіктер мен туындаған мәселелерді тізіп шықты.
Аудан экономикасы үшін негізгі табыс көзі – аграрлық салаға салынған инвестиция мен заманауи технологиялардың өндірістегі өнімнің артуына себепші екенін атап өтті. Осындай оңды шешімнің арқасында былтырғы табыс алдыңғы жылдағыдан 18 млрд теңгеге артық болған екен. Сондықтан, әрине, бұл үрдіс жалғасын таппақ. Биыл жалпы сомасы 18 млрд теңгеден асатын 19 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде өсімдік өсіруде барлығы 8,2 млрд теңгеге 400 гектар алма бағын отырғызу және жеміс-жидек сақтау қоймаларын салу бойынша 6 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалардың бірі осы Рахат ауылдық округінде болса, қалғаны: Қорам, Бөлек, Тескенсу, Асы ауылдық округтерінде орындалмақ. Рахаттықтар үшін жағымды жаңалықтың бірі – биыл мұнда газдандыру жұмыстары басталмақ. Биыл жобалық-сметалық құжаттама әзір-леніп, Қайназар және Қызылжар ауылдарында дәрігерлік амбулаторияларды күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Жол мәселесіне келсек, былтыр Рахат №1 орта мектебінің оқушылары мен саяжай тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынды. Биыл округтегі Өрікті, Қайназар ауылдарының жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ауызсудың мәселесін шешу үшін биыл 13 ауылдағы кәріз жүйесін салу және қайта жаңарту бойынша жобаларды әзірлеуге қаражат бөлінді. Бұның ішінде Рахат, Қайназар, Өрікті ауылдары да бар. Аталған ауылдарда қалыпты сумен қамтамасыз ету жұмыстарын 2021-2022 жылдары бас-тау жоспарлануда. Қайназар ауылында 24 гектар және Өрікті ауылында 15 гектар жерге инженерлік-коммуникациялық желілерді салу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Биыл бюджет қаражатының бөлінуіне қарай осы ауылдарда инфрақұрылым құрылысын бастау жоспарланып отыр. Баяндамасын ауылшаруашылығынан бастаған Қуанышбек Қалиұлы барлық саланы түгел қамтып, жиын соңында тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Онлайн өткен кездесуді Рахат ауылдық округінің әкімі Қуат Ақшабаев жалғастырып, округте атқарылған істердің мән-жайына тоқталды.
Ташкенсаз
Ташкенсаздықтарға онлайн есеп берген Қуанышбек Қалиұлы ауданымыздың негізі саналатын ауыл шаруашылық саласын-дағы жетістіктерге ерекше тоқталып өтті.
– Мал шаруашылығында келесі жылы біз жалпы құны 10 миллиард теңгеден асатын 13 жобаны жүзеге асырып жатырмыз, 5 мың бас ірі қара мал сатып алуды, 7 бордақылау алаңын, 3 сүт фермасын, сондай-ақ 2 мал сою пунктін салуды жос-парлап отырмыз. Оның ішінде, Ташкенсаз ауылдық округінде «AsparaEsoFood» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал сою алаңы бар 500 басқа арналған бордақылау алаңының құрылысын бас-тады. Жоба құны 150 миллион теңгені құрайды, 12 жаңа жұмыс орны ашылады – деген аудан әкімі басқа бағыттағы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Демографиялық өсімнің оң динамикасына байланысты ауданымыздағы үш ауысымда оқытатын мектептердің мәселесін түбегейлі шешілетіндігі айтылды.
Ағымдағы жылы Есік қаласында 1500 орындық, Төле би ауылында 450 орындық мектептің, сондай-ақ Ташкенсаз ауылында Абдуллин атындағы мектебіне 400 орындық қосымша ғимарат салу басталады. Қазақстан ауылында Ж.Қайыпов атындағы орта мектебіне 300 орындық қосымша ғимарат құрылыстарына қаражат бөлуге өтінім берілген.
Есептік кездесу кезінде биылғы жылы қолға алынатын ауқымды жобалар да таныстырылды.
Округ әкімі Элмира Масутова есептік кезеңде жүзеге асқан жұмыстар мен келешектің жоспарлары бойынша ауыл тұрғындарына баяндама жасады.
Шара соңында ауыл тұрғынынан Ташкенсаз ауылындағы мектеп жанынан салынатын қосымша ғимараттың құрылыс жұмыстары нақты қашан басталатыны жөнінде сауал қойылды.
Қуанышбек Қашқымбаевтың сөзінше, нысанның жобалық-сметалық құжаттары бекітілген. 1,4 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта мердігер мекемені анықтау жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада құрылыс жұмыстары басталып, жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Саймасай
Былтыр аудан аумағында бірқатар ірі жобалар қолға алынып, жүзеге асырылды. Бұл туралы аудан әкімі Қуанышбек Қашқымбаев Саймасай ауылдық округі тұрғындарының алдындағы онлайн есеп беру кездесуінде айтты. Аталған округ бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілген. Аудан басшысының баяндамасына сәйкес, өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Саймасай ауылында көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалған. Бұдан бөлек, білім беру саласының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында Саймасай ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтті.
Есеп беру кездесуінде биылғы жылы жүзеге асатын жұмыстар да ұсынылды тұрғындар назарына. Округ тұрғындары үшін ең маңызды жоба – елді мекенге газ құбырын тарту басталады.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылы-ғы саласы бойынша да ауқымды жоспарлар қолға алынады. Айталық, округке қарасты «Айдарбаев» шаруа қожалығының сүт фермасын 250 ірі қараға кеңейту көзделуде. Жоба құны 350 млн теңге.
Есептік кездесу барысында бұдан бөлек басқа да салалар бойынша бір жылдық жетістіктер мен келешектің жоспарлары бойынша баяндама жасады Қуанышбек Қалиұлы.
Округ әкімі Рустам Алиевтің есебінен кейін тұрғындар сұрақ-тарын қойды аудан әкіміне. Саймасай ауылын жарықтандыру бойынша жұмыстар биыл жүргізіледі және тамыз айына дейін аяқталуға тиіс. Сондай-ақ, Амангелді ауылындағы көпір мәселесін көтерген тұрғынның сауалы жауапсыз қалмады. Қуанышбек Қалиұлының айтуынша, көпір салуға 21 млн теңге қарастырылған. Құрылыс жұмыстары көктемде басталып, 1 ай мерзім ішінде аяқтау жоспарлануда.
Жаңашар
Елді мекенге табиғи газ құбырын тарту – тұрғындардың тұрмысын жеңілдетумен қатар, мекеннің әлеуетін арттырады. Өнідіс саласына серпін, инвес-торларға мол мүмкіндік береді. Бүгінде ауданымызды газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ағымдағы жылы Жаңашар ауылына көгілдір отын тарту қолға алынады. Аудан әкімі Қуанышбек Қашқымбаевтың есептік кездесуі осындай жағымды жаңалықпен басталды. Басқа да салалар бойынша жоспарлармен бөліскен Қуанышбек Қалиұлы есептік кезеңде жүзеге асқан жобалар аясында баяндама жасады.
Сонымен қатар, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту күн тәртібінде тұрғанын айтқан аудан басшысы бұл бағытта ауқымды жұмыстар қолға алынатынын жеткізді. Сөзіне сүйенсек, 5 мектепке күрделі жөндеудің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 300 млн теңге бөлуге өтінім берілген. Оның ішінде, Жаңашар ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп те бар.
Онлайн кездесу барысында Жаңашар ауылдық округінің әкімі Жан Құраметов есеп беріп, тұрғындар тарапынан өзекті мәселелер көтерілді. Шараға тікелей эфирде қатысқан тұрғын-дар Жаңашар ауылындағы ауызсу мен Космостағы мәдениет үйін жөндеу бойынша сұрақ қойды.
– Ауылдағы су құбырын жаңарту бойынша облысқа жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлу үшін өтінім жіберілді. Космостағы мәдениет ошағының ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша қаржы бөлінді. Биыл қолға алынады – деді Қуанышбек Қалиұлы.
Қаракемер
Қаракемер тұрғындары ал-дындағы есебінде өткен жылы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттыру мақсатында атқарылған жұмыстарға тоқталған Қуанышбек Қалиұлы биылғы жылдың жоспарларын да ортаға салды.
Аудан әкімінің баяндамасына сәйкес, жолдарды жөнге келтіру қарқынды жүргізілген. Бұл бағытта, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Талдыбұлақ ауылындағы көшелер жөндеуден өткен.
Бұдан бөлек, аудан аумағында жол қозғалысы және «Есік-Саймасай» автомобиль жолындағы жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында (Алтын Адам аллеясы көшесі) ұзындығы 1,8 шақырым саяжай маңындағы көлік жүретін жолын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілген. 23 аялдама алаңдары жасақталып, 8 жаңа аялдама кешендері орнатылған. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін тротуарлар бойында 19 орындықтар мен қоқыс жәшігі орнатылған. Рахат № 1 орта мектебінің оқушылары мен саяжай тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі қолданысқа берілген. Сондай-ақ, көлік ағынын азайту үшін Уәлиханов пен Алтын Адам аллеясы көшелерінің қиылысында тротуарларды жайластыра отырып, оң жақты құламалар салынған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табады. Ағымдағы жылы Таутүрген, Шелек, Өрікті, Түрген, Достық, Ақжал, Қайназар, Қаражота ауылдарының жолдарына және Есік қаласындағы бірқатар көше-лері мен тротуардың жөндеу жұмыстарын жүргізіледі.
Округ әкімі Дархан Ахметовтың есебінен кейін қаракемерліктер көгілдір отын ауылға қашан жүргізілетінін сұрады. Сауалға Қуанышбек Қалиұлы жауап берді:
– Қаракемерге газ құбырын тарту бойынша бізге инвестор ұсыныс жасаған. Бірақ, бағасы тым қымбат болғандықтан бас тарттық. Қазіргі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен кәсіпкерлік бөлімі сапалы жұмыс атқаратын әрі тұрғындарға қолжетімді баға ұсынатын инвесторлармен жұмыс істеп жатыр – деді аудан әкімі.
«Ауылға сапалы интернет жүргізілсе екен» – деген Сатай мен Талдыбұлақ тұрғындарының ұсынысы да жауапсыз қалмады. Қуанышбек Қалиұлының сөзінше, ауданымыздағы елді мекендердің 30 пайызында интернет жылдамдығы нашар. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Қазақтелеком», «Транстелеком» мекемелерімен және ұялы байланыс операторларымен келіссөздер жүргізілуде.
Түрген
Ауданымыздың жетекші са-лаларындағы түйінді мәселелер оң шешімін тауып жатқандығын айтқан аудан әкімі білім саласы кезек күттірмейтінін алға тартты.
– Алмалы, Қазатком, Екпінді, Ақтоғай, Қайрат, Сарыбұлақ, Өрнек, Баяндай, Таутүрген, Шалқар, Қойшыбек, Азат ауылдарында 12 жаңа мектеп салу қажет, аталған ауылдың оқушылары казір бейімделген ғимараттарда білім алып жатыр. Осы проблемаларды шешу үшін бейімделген ғимараттарда орналасқан мектептер үшін 10 модульдік нысан салу мүмкіндігі қарастырылуда – деді Қуанышбек Қалиұлы. Сонымен қатар, оқу орындарын күрделі жөндеуден өткізу, үшауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында мектеп салу және қосымша ғимараттар тұрғызу жұмыстары қолға алынатынын айтты.
Ағымдағы жылы бірқатар ауылдарда тозығы жеткен жолдар жөнге келтірілетін болады. Оның ішінде Талдыбұлақ ауылының көшелерін асфальттау да қарастырылған.
Округ әкімі Ержан Карибаев бір жылғы атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, алдағы жоспарларын көпшілік назарына ұсынды. Шара соңында тұрғындар сауалдарын жолдап, аудан әкімінен тұщымды жауап алды.
Көктөбе
Көктөбеліктер алдындағы есебінде аудан басшысы округтегі денсаулық сақтау саласында биыл тағы жағымды жаңалықтың болатынын жеткізді.
– Өткен жылы Қорам және Көктөбе ауылдарында екі жаңа ауылдық дәрігерлік амбулатория салынды, сондай-ақ Шелек ауылдық ауруханасын жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Биыл жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, Қайназар және Қызылжар ауылдарында дәрігерлік амбулаторияларды күрделі жөндеу жұмыстары, сонымен қатар Қызылшарық ауылында жаңа амбулатория салу басталады – деді.
Сондай-ақ, тіршілік нәрінің мәселесі де дұрыс жолға қойылады. Ағымдағы жылы 13 ауылдың: Ащыбұлақ, Қазақстан, Нұра, Қызылжар, Шелек, Бәйдібек би, Рахат, Әймен, Қарасай, Көктөбе, Қайназар, Бөлек, Өрікті елді мекендерінің сумен жабдықтау жүйелерін және Бәйдібек би ауылының кәріз жүйесін салу және қайта жаңарту бойынша жобаларды әзірлеуге қаражат бөлінген. Бұл ауылдарда қалып-ты сумен қамтамасыз ету жұмыс-тарын 2021-2022 жылдары бастау жоспарлануда.
Есептік кездесу кезінде аудан басшысы басқа да салада қол жеткізген жетістіктерді тізіп, жоспарларға жіті тоқталып өтті.
Округ әкімі Жақсылық Жылқыбековтың есептік баяндамасынан кейін кездесуге онлайн қатысушылар сауалдарын қойды.
Тұрғындар Төле би ауылын-дағы ескі мектептің жайын жеткізді. Қуанышбек Қалиұлы 450 балаға арналған мектептің құрылысына тиісті қаржы бөлінгенін айтып, қазіргі таңда конкурстық жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Мектеп құрылысы мамыр айында бас-талады деп көзделуде. Сонымен қатар, Қызылжар, Алмалы ауылындағы ауыз су және интернет мәселесі оң шешімін табады.
Бөлек
– 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісі 138 миллиард 800 миллион теңгені құрады. Бұл 2019 жылға қарағанда 18 миллиард теңгеге артық.Мұндай жоғары көрсетіштерге қол жеткізу ең алдымен инвестициялар тарту, озық технологиялар енгізудің арқасында мүмкін болып отыр. Өткен жылы ауыл шаруашылығында бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Соның бірі, Бөлек ауылдық округіндегі «Алматы алма» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 130 гектарға интенсивті жеміс бақтарын отырғызу. Жоба құны 2 миллиард теңгені құрайды – деп, Бөлек округі тұрғындары алдында ауыл шаруашылығында жеткен жетістіктерге тоқталған Қуанышбек Қалиұлы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 4 миллиард 235 миллион теңгеге 12 жоба қаржыландырылғанын айтты. Оның ішінде, Бөлек ауылдық округінде «Газойл сити Иссык» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне балабақшаны қайта жаңарту үшін 70 миллион теңгеге жеңілдетілген несие берілген.
Сонымен қатар, әлеуметтік салада да жағымды жаңалықтар бар. Әймен ауылындағы тозығы жеткен орта мектептің ғимараты «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.
Аудан әкімінің есептік баяндамасында атап көрсетілгендей, округке қатысты жоспарлар да ауқымды. Ең бастысы Бөлек, Қарасай, Әймен ауылдарының ауызсу мәселесі оң шешімін таппақ. Үш ауылдың сумен жабдықтау жүйелерін салу және қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжат әзірлеуге қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстары 2021-2022 жылдары басталады деп жоспарлануда.
Округ әкімі Асыл Изиевтің баяндамасынан кейін тұрғындар-дың жол жөндеу мен көгілдір отын тарту бойынша сұрағына Қуанышбек Қалиұлы жауап берді. Айтуынша, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 10 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бұл қаржы көктем-жаз айларында жол жөндеуге жұмсалады. Газ тарату бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.
Сұрақ-жауап кезінде азаматтар Бөлек ауылының тұсынан Есік өзеніне көпір салу мәселесін көтерді.
– Бұл сұрақ бойынша біз тиісті мекемеге сұраныс жіберген болатынбыз. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттарына қаражат бөлініп, құжат дайындалуда. Сараптамадан өтіп, жоба қабылданғаннан кейін көпір құрылысы басталады – деді аудан әкімі.
Есік
Есік қаласы тұрғындарына тікелей эфирде есеп берген Қуанышбек Қашқымбаев барлық жетекші сала бойынша аудан орталығы көш басында келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, 1 жыл бойы атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасап, жоспарлармен бөлісті.
– Қазіргі уақытта жайлы өмір сүру ортасын құру – аудан тұрғындарының жиі айтылатын тілектерінің бірі болып табылады. Осыған орай, биыл ауданда 8 жоба іске асырылды. Оның ішінде, Есік қаласының 1-ші және 2-ші шағын аудандарында аула алаңдары салынды. Биыл елді мекендерді абаттандыру бойынша да бірқатар жобаларды жү-зеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл бағыттағы ауқымды жұмыстар Шелек ауылы мен Есік қаласында жүргізіледі. Шелек ауылындағы орталық саябақты абаттандыруға 200 миллион теңге бөлінді. Есік қаласындағы өзен арнасы бойындағы балалар және спорт алаңдары, демалыс орындары бар бульварды жасақтауға 200 миллион теңге және қаладағы шағын аудандарында аула алаңдарының құры-лысын жалғастыруға 108 миллион теңге бөлінді – деді Қуанышбек Қалиұлы.
Бұдан бөлек, аудан орталы-ғында ауыз су жүйесін жаңарту бойынша ауқымды жоба қолға алынуда. Есік топтық су құбы-рының екінші кезеңінің құрылысы жүргізілуде. Оны іске қосу – қала және оған іргелес ауылдардың сумен жабдықтау мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Нысанды аяқтау 2022 жылға жоспарланған. Жобаның жалпы құны 3,8 миллиард теңге.
Өткен жылы жолдар мен тротуарларды ретке келтіру қарқынды жүзеге асырылып, орталық көшелер жөнделді. Оған қоса, Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Бірнеше балалар-дың ойын алаңдары бой көтерді.
Қаланы газдандыру жұмыс-тары да жүйелі жүргізілуде. Қосымша көппәтерлі үйлерді қалыпты жылытуды қамтамасыз ету үшін блокты-модульді қазан-дықтарды (БМҚ) салу жобалары әзірленуде: Есік қаласында 17 БМҚ және Шелек ауылында 4 БМҚ. Жобалау құны 210 миллион теңгені құрайды.
Екінші кезекте қала әкімі Айдар Бошкулов өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады.
Тікелей эфир соңындағы сұрақ-жауап кезінде Қуанышбек Қашқымбаев биыл қаладағы жолдарды қалпына келтіру жалға-сатынын айтты. Сонымен қатар, орталық көшелердің тротуарларын жасау жұмыстары жазға дейін аяқталады. Негізігі көшелер толықтай жарықтандырылады. Және де аудан орталығын газдандыру биыл толықтай жүзеге асырылады деп жоспарлануда.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ.
Сардарбек НҰРАДИН.