2017 жыл еліміз үшін өз болмысымызға қайта оралуға бағыт-бағдар сілтеп, сара жол салып берген сауғасы мол салиқалы жыл ретінде әрбір қазақстандықтың есінде қалар сүбелі жыл болды. Өйткені бұл жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын жариялады. Содан бері еліміз ішкі және сыртқы саяси, экономикалық мәселелерде ауқымды жетістіктерге қол жеткізді. Бұл жетістіктердің атын атап, түсін түстемесек те баршамызға белгілі.
Қазақстан өз тізгінін өз қолына алғаннан бері сан ғасырлық тарихы бар ұлтымыздың болмысына қайта оралу мәселесін оншалықты ескеріп кете алмады. Оған кедергілер де көп болды. Сыртқы күш, ішімізде әлі күнге ғасырлық бодандықтың бұғауынан идеологияда бұрылыс болмады. 1991 жылы аяғын апыл-тапыл басқан, санасы уланбаған бір буын бүгінде өсіп, өркендеп, елдің әртүрлі мәселелеріне дендеп араласа бастады. Сондықтан да Қазақстанның бүгіні кештеу болса да «Рухани жаңғыру» сынды жаңа бастаманы керек етті. Қоғамның сұранысын түсіне білген Елбасы халықтың көңіліндегі түйткілді тамыршыдай дөп басты. Мақалада: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» деп бір ұлтты өзге ұлттан парықтандырып тұратын тіл мәселесін де тілге тиек етті.
Елбасының бұл бағдарламасы тек үкімет қызметкерлерінің мойнындағы мәселе деп қарауға болмайды. Мұны бойында қазақтың қаны бар әрбір қазақ азаматы кейінгі ұрпақ үшін арқалаған ауыр жүгім деп білуі тиіс. Осы орайда ерекше ескерілетін бір жайт – ауызымыздан шыққан әрбір сөзден ұлттық рух білініп тұруы шарт. «Рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғаннан бастап Қазақстандағы ақпарат көздерінің барлығы қиқуға қиқу қосып, әлдерінің жетісінше ұлттық түлеуге тілекші бола білді. Телеарналар еліміздегі сөзі өтімді адамдарды түрлі бағдарламаларға шақырып, «Қайткенде ұлттық тұрғыдан жаңғырамыз, оның кілтін қалай табамыз?» деп маңдай терлерін ағыза отырып талқыға салды. Пікір талқысына келген адамдардың бәрі де – сауатты кісілер. Олардың көтерген мәселелері толығымен болмаса да жартылай жөнге келсе, біз нағыз жаңғыруға дайын екеніміз айдан анық. Бірақ сол бағдарламалардағы кісілердің ауызынан шығатын «Код» сөзі естір құлаққа анайы тиеді. Біз ұлттық жаңғыруды дәл осы код сөзін қазақшалаудан бастауымыз керек. Қазақ тіліндегі бірі қатаң, бірі ұяң болса да, бір-бірінің сыңары болып келетін «Т» әрпі мен «Д» әрпі бар. Кейде «код» сөзі құлаққа «кот» болып естіліп кетеді. Қазақ қоғамдық ортада барынша сөз сөйлеуге сауысқандай сақ қараған, қауым жиналған жерде жаман сөз емес, сол жаман сөзге үндесіңкіреп кететін сөзді де тісінен шығармаған. Сондықтан да біз код сөзінің қазақша баламасын табуымыз керек. Эфирлерден естілетін код сөзінің «көзін құртуымыз» керек.ХХ ғасырдағы қазақтың сөз зергері Ғабит Мүсірепов «Авгейдің ат қорасынан бастайық» деген мақаласында: «Термин комитетіне де айтатын өтінішім бар. Бізде толып жатқан сөздердің орыс тіліндегі түсінігі бар да, қазақ тілінде аталуы жоқ. Мысалы: тактичность, вежливость, учтивость, деликатность, обходительность, укоризна, укор, упрек, гордость, благородство, достоинство деген сөздерге атаулар табу өте қажет» – деп өтіне отырып жазған. Жазушының өтінішін біз де код сөзіне келгенде еске алуға тиістіміз. Тарихтан бері қазақ топтық ортада өзгеден ұтылса да сөзден ұтылмаған. Тіпті өзі күнделікті тұрмыста қолданатын заттардың да атын ұқсата отырып дәл тауып қоя білген. Құстың он екі жасына дейін он екі түрлі атаумен, малдың жасы түгілі денесіндегі иненің жасуындай белгілеріне қарап, түрліше атаған. Табиғаттың әр мезгіліне дейін қадағалап, өзге ұлттың ауызындағы сілекейге шөл қандырмай, өзіне атау таба білген. Аспан денелерінің де атаулары естір құлаққа жағып, жан сүйіндіреді. Егер бүгінгі қазақ сол қазақтарша жаңғырамыз десе, код сөзінің қазақша атауын тауып, эфирге келетін әрбір жанға сол баламаны ескерте отырып, рухани жаңғыруды жүзеге асырулары тиіс.
Екінші бір мәселе, қазақта «Алла асыраған тоқты аш қалмайды» деген әдемі мақал бар. Осы сөз кейде қазақтың өз тағдырымен тіке тамырлас сияқты болып сезіледі. Бір кездері аяғы жеткен жерді аяғымен, аяғы жетпеген жерді атағымен тітіреткен көшпелілердің ұрпағы қазақ ХІХ-ХХ ғасырда орыстың шеңберіне сыйып, бодандалды. Тілі, діні, ділі жағынан күзелді. Бұны ешкімде тарих бетінен сызып тастай алмайды. Бірақ ХХ ғасырдың соңы бізге өз еркіндігімізді қайта ұстатты. Сол үшін де құдайға күніне тәубе деуге міндеттіміз. Көк төсіне құлашын жая көтерілген көк Тудың жолында өліп кетуге әрбір қазақ дайын. Ширек ғасыр тәуелсіздік деп тойладық. Сондықтан да мен жоғарыдағы мәтелді қазақтың тағдырымен байланысты деп айтып отырмын. Бізді рухани жаңғыртып отырған да осы – тәуелсіздігіміз. Бір жағынан алып қарасаң, рухани жаңғыру деген сөз жаңа ұрпақты тәрбиелеу дегенді білдіреді. Сол үшін біз енді екі сөздің бірінде айтылатын тәуелсіздік деген сөзді айтпауымыз керек. Керісінше Қазақстан мемлекеті, Қазақстан Республикасы деп айтуымыз тиіс. Бір кездері тәуелді болғанымызды қайта-қайта жас буынның есіне сала беру қажетсіз. Олардың санасы да, құлағы да, ойлау жүйесі де шыт жаңа қалпында ержетулері тиіс. Олар бодан болғанымызды білмей өсуі керек. Сонда біз нағыз рухы жаңғырған ел боламыз. Елінің біреуге тәуелді болғанын біліп өскен ұрпақ, ертеңгі күні де сол тәуелділікке оңай мойынсұнады. Ендігі жерде тәуелсіз Қазақстан, тәуелсіздікке тағзым деген сөздерді әр қазақ айтпауға құқылы.
Көрші ел Қытайдың жаңа ұрпақты тәрбиелеудегі мына бір жағдайы бізді де күтіп тұрғандай. Осыдан он-он бес жыл бұрын қытайдың телеарналары Жапон мен Қытай арасындағы соғысты бейнелейтін киноларында, нағыз шындықты артқы көрініс ете отырып түсірілген киноларды эфирден көрсететін. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Жапония Қытайды бір мезет шеңгелінде ұстады. Хилұңжияң өлкесі дерлігімен Жапонияның еркіне бағынды. Бүгінде қытай төбесіне тік көтеретін ұлы жазушысы Лу Шүн әуелде дәрігер болған. Жапон-Қытай соғысы кезінде қытайлардың мешеулігін көріп, ұлтымның тәнін емес, жанын емдеуім керек екен деп әдебиет майданына келген. Лу Шүн шерленсе шерленетіндей жағдайы бар еді. Осы соғысты көрініс еткен киноларда қытайлар осал, оңай жеңіліп қалатын. Тіпті қолдарында озық қару да жоқ еді. Жеке басының қамы үшін ұлтын, тіпті мемлекетін де сатып кете беретіндей аярлыққа толы болатын. Қыз-келіншектері мейілінше аяқасты етілген. Тарих қалай болса, кинода дәл солай болатын. Соңғы жылдары ұрпағын жаңа санамен тәрбиелеуді көздеген қытай телеарналарын сол кинолардан тазалап, оның орнына Жапон-Қытай соғысының басқа көрінісін көрсете бастады. Ендігі жерде Қытай ырықты орынға шықты. Жапондар аңқау, қорқақ, тоғышар ретінде, ал қытайлар баһадүр болып шыға келді. Тіпті еркектерін қойып, әйелдеріне дейін жапондардың бас сүйегіне сусын құйып ішетін батыр ретінде көзге көрінді. Әрбір қытай азаматы жапонды жеңе біледі. Ұлтты тәрбиелеу үшін түсірілген киноларды көрген бір бауырым еріксіз күлкіңді келтіретін және күле отырып ойға қалдыратын сөз айтып еді. Бірде Жапон мен Қытай соғысын көріп отырып: «Осы жапондар не деген ақымақ деп ойлаймын», – дейді. Осыдан-ақ Қытай елі жаңа буынды қалай тәрбиелеп ержеткізгенін бағамдай беріңіз. Жаңа киноларын көріп өскен әрбір қытай азаматы ендігі жерде жапондардың табанында қалай езілгендерін ешқашан да мойындамайды. Қайта жапондардың өздеріне кеуде керіп, біз мынадай болатынбыз деп айта алады. Адам идеологиясын бұруға ерекше тәжірибелі Қытай Жапонмен болған соғысын жаңалап қана қойған жоқ, тарихи киноларын да қайталай өңдеп шықты. Өкіметтің езгісінен бас көтерген қарапайым бұқараның тағдырын көрініс еткен, батырлықтың шырқау шыңы ретінде көрінетін «Су бойында» деген тарихи фильміне кеткен қаржыны елемей отырып қайта түсірді. Бүгіндері сол «Су бойынданың» ескі түсірілімін армандайтын адамдары көп. Бірақ керісінше жас буын ол ескісін білмей өседі. Телеарнаны жаңалаудың пайдасын көріп отыр деген сөз. Ал қазанның 1-күні Қытайдың мемлекеттік мерекесі жоғары дәрежеде аталып өтіледі. Басында еліміздің азат болған күні деп түсіндіретін. Азат болдық деп Жапонның Қытайдан түгелімен шығып кетуіне байланысты айтқаны. Соңғы кездері «азат болдық» деген сөзді айтатын адам жоқ. Керісінше мемлекетіміздің мерекесі деп тойлайды. Бізде 16 желтоқсанды Тәуелсіздік күніміз деп емес, мемлекеттік мерекеміз деп тойлауымыз керек. Тәуелсіз деген сөзді енді айтуымыздың түк керегі жоқ.
Кеңес одағының құрамынан шыққан тек қана Қазақстан емес. Бүгінгі күні өз алдына тірлік кешіп жатқан бірнеше мемлекет бар. Неге біз Тәуелсіз Өзбекстан, Тәуелсіз Қырғызстан, Тәуелсіз Тәжікстен, Тәуелсіз Белоруссия дегенді ести бермейміз. Осы жерде «Егер біз тәуелсіз деген сөзді ұрпақтар есіне салып тұрмасақ, тәуелсіздіктің қадірін кейінгі ұрпақ білмейді» деген қоғамдық пікір де тууы мүмкін. Меніңше, бұл жағдайға алаңдаудың қажеті жоқ. Тәуелдіктің не екенін білмеген ұрпақ тәуелділікті біліп өскен ұрпақтан саналы келеді. Асыранды қаз алысқа ұшпайды, қазақтың құсбегілері құстың төресі – бүркітті балапанынан асырамаса, қанаты қатайып алғанда қолға көнбейді деп жатады. Қазақтың осы тәжірибесін жадымызда ұстай отырып, нағыз қыранша көк жүзінде самғайтын рухы жаңғырған ұрпақ жетілдіруіміз шарт. Сонда ғана Ту бетіндегі қыран еркін самғай алады. Елбасы айтқан рухани жаңғырудың да алғы шарты осы.
Қуанәлі АЛМАСБЕКҰЛЫ,
Шелек тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы.