Сейсенбі, 02 Қараша 2021 17:28

Орман сақшылары қауіпсіздік сапында

Көк аспанның төрінде,

Алаулаған күн қандай?!

Бұлбұлдары сайраған,

Бұйраланған бақ қандай?!

Теректері жайнаған,

Жасыл бантик таққандай.

Самал желмен таранған,

Қызғалдақты қыр

 қандай?!

Жер бетіне сан алуан,

Жалау өсіп тұғандай.

Иә, көрген жанның көзі тоймас табиғатымызды, сылдырлап аққан мөлдір бұлақ пен өзен-көлдерімізді, түгін тартсаң майы шығатын көк майса жайлауымызды, шыңдары көк аспанмен таласқан, ақ бұлттардан ары асқан тауларымызды бір өлеңнің көлеміне сыйғызу мүмкін емес шығар, сірә. Десек те, осыншама байлық пен сұлулықты көзбен көріп, сезінуге не жетсін?! Ол үшін Шелек өңірінде орналасқан Шелек орман шаруашылығына барсаңыз жеткілікті. Өткен аптада орман шаруашылығының басшысы Бекболат Алтаевпен кездесіп, мекеме жұмысының мән-жайымен, орманды қорғау мен күтіп-баптау шараларымен жақынырақ таныстық.

 

Тұқымбақтағы қызу жұмыс

Алдымен орман шаруашылығының тарихына тоқталды Бекболат Мұхаметжанұлы. Айтуынша, Шелек орман шаруашылығы болып 1948 жылы құрылған. Алғашқы директоры О.Саурықов 1954 жылға дейін басқарған. Түрлі жылдары мекеменің аты бірнеше рет ауысып, бірақ, негізгі бағыты өзгермеген: табиғатты түрлі апаттардан қорғау, күтіп-баптау.

– Қазіргі таңда орман шаруа-шылығының көлемі 104 417 гектарды құрайды. Ұжымда 80 адам еңбек етеді. Шелек, Табанқарағай, Жиделі және Іле болып 4 орманшылыққа бөлінген. Шека-рамыз Талғар, Кеген, Ұйғыр аудандарымен шектеседі. Негізгі міндетіміз – орманды қорғау және қорын молықтыру. Бұл бағытта орман тұқымбағына (питомник) көшеттер отырғызып, жылына орманды алқаптың көлемін 12 гектарға ұлғайтудамыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап жыл сайын 54 гектарға көшеттер отырғызамыз – дейді мекеме директоры.

Қазіргі таңда тұқымбақтың жұмысы қызу. Себебі, осы кезеңде таудан тұқым жинау науқаны басталады. Әр ағаш тұқымының пісіп-жетілу мерзімі әртүрлі болғандықтан бұл процесс қысқа дейін жалғасады. Жиналған тұқым тазаланып, кептіріледі. Сәуір-мамыр айларында тұқымдарды тауға апарып көмеді. 45 күн бейімделген тұқым тұқымбаққа отырғызылады. Бірнеше жыл күтіп-бапталып, орман аумағын ұлғайтуға жөнелтіледі. Тұқым өсірудің қыр-сырымен бөліскен Бекболат Алтаев тұқымбаққа арнайы апарып, жұмыс барысын көрсетті. Шелек ауылынан 4 шақырым қашықтықта ор-наласқан тұқымбақ түрлі өсімдікпен жайқалып тұр. Тұқымбақ меңгерушісі Ақтоты Абдуманапованың айтуынша, мұнда қарағаш, өрік, алма, талшын (каштан), боз арша (туя), сәнағаш (катальпа), қарағай, Қырым қарағайы мен қайың ағаштарының және гүлдің бірнеше түрі өсіріледі. Бірнеше жыл өсіп-жетілген көшеттер орманшылыққа жөнелтіліп, орнына жаңа тұқымдар себіледі.

 

Жануарларға жайлы мекен

Шелек орман шаруашылығының аумағы ауқымды болғандықтан мұндағы аң-құстардың түрі де сан алуан. Бұл жерді марал, таутеке, жайран, сілеусін, қасқыр, қабан, борсық, суыр секілді басқа да аң-құстар мекен етеді. «Қызыл кітапқа» енген аққу, ителгі, бірқазан, лашын құстары ерекше қорғалады. Орманшылық Көлсай көлдері мен Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен шектескендіктен «Қызыл кітапқа» енген қар барысы  да орманшылықты мекендейді және осы алқаппен жүріп өтеді. Сондықтан, оларды браконьерлерден қорғау – әрбір орманшының басты міндеті. Сонымен қатар, белгілі уақыттарда марал мен тауешкілер көрші аудандағы орман шаруашылығанан, Іленің арғы бетіндегі Алтын-Емел қорығынан, Қырғыз республикасынан Шелек орманшылығының аумағына өтеді. Осындай миграция кезінде аңдардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етіледі.

Бекболат Мұхаметжанұлының сөзіне сүйенсек, браконьерлермен күрес қарқынды жүргізілуде. Соның нәтижесінде соңғы бірнеше жылда аталған факті тіркелмеген. Орманшылар арнайы мекеменің қызметкерлерімен бірлесе жануарларды қырағылықпен күзетуде. Оның үстіне, аң аулау комитетінің бұйрығымен 5 жылға аң аулауға мораторий жарияланған, маусым кезінде де рұқсат жоқ. Осыған байланысты, жануарлар саны айтарлықтай артып келеді. Десек те, орман шаруашылығының сыртында жеке меншік аңшылық шаруашылықтары жұмыс істейді. Ауданымызда осы бағытта қызмет ететін 3 жеке шаруашылықта аң аулауға рұқсат етілген. Олар шаруашылық ішінде био-техникалық шараларын, санақ жұмыстарын жүргізіп, мониторинг жасап отырады.

 

Тілсіз жаумен күрес жүйелі жүргізілуде

Табиғаттың басты жауы – өрт. Айтып келмейтін апаттың алдын алу мақсатында орман шаруашылығында кешенді жұмыстар атқарылуда. Жыл сайын шаруашылық жерін жалға алатын кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары арасында өртке қарсы техникалардың жағдайы тексеріліп, қауіпсіздік шаралары пысықталады. Жылына екі рет өртке қарсы оқу-жаттығу ұйымдастырылады. Екі  өрт сөндіру станциясында 14 адам жұмыс істейді. Екі су бүркетін трактор мен екі өрт сөндіру көлігі бар. Осылай деген Бекболат Алтаев өрт сөндіру станцияларының бірін көрсетті. Төтенше жағдайға сақадай сай техника, заман талабына сай құрал-жабдықтар, тіпті, жанар жағармайға дейін артығымен сақталуда. Директордың сөзінше, өрт сөндіруге қолданылатын құралдар жыл сайын жаңартылып, материалдық-техникалық база толықтырылады.

Апат айтып келмейді. Материалдық база қанша мықты болса да тілсіз жаудың қайдан және қашан шығатынын ешкім болжай алмайды. Сондықтан, өртке қауіпті маусым кезінде қызметкерлер күндіз-түні оқыс жағдайға дайын жүреді. Ағымдағы жылдың сәуір айында өрт оқиғасы тіркелді. Қапшағай су қоймасына қарасты кішкентай аралдар жанып, желдің лебімен қызыл жалын Шелек орман шаруашылығына өтіп кеткен. Тұтанған аумақ батпақты, қалың қамысты болғандықтан, өрт сөндірушілер от ошағына жақындай алмай, отты бақылауға алу қиынға соққан. Орман қызметкерлері, өрт сөндіру станциясы, төтенше жағдайлар бөлімі, «Қазавиа» қызметкерлері мен округтерден жиналған еріктілер бригадасы бірлесіп, тілсіз жауды бір тәулікте ауыздықтаған. Оқыс жағдайға 20 бірлік техника мен 60-тан астам адам жұмылдырылған. Өкінішке қарай, қызыл жалын 800 гектарға жуық жерді шарпыған. Негізінен, қамысты алқаптар. Қазіргі таңда істі Қапшағай қалалық полиция басқармасы қолға алып, өрттің шығу себептерін анықтауда.

Шелек орман шаруашылығына жасаған сапарымыз барысында табиғатты қорғау жұмыстарының қыр-сырымен жақынырақ танысып, өңірдің бар сұлулығын бойына жиып, көпшіліктің көңілін жаулаған мекенді көрдік. Жазда төрт түліктің құтты мекені болған, туристердің сүйікті орнына айналған Асы жайлауы да Шелек орман шаруашылығы қызметкерлерінің қорғауында. Ауданымыздың осындай баға жетпес байлықтарын күзеткен ұжымға сәттілік тілеп, кері қайттық.

 

С.НҰРАДИН.

Оқылды 948 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Цитрусты жеміс бағы Қайназарда COVID-19: Аудандағы ахуал »

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет