Өткен аптада Бәйдібек би ауылының мәдениет үйінде Еңбекшіқазақ аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясының біріккен көшпелі отырысы өтті. Жиынға мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, тұрақты комиссия төрағалары, аудандық мәслихат депутаттары қатысып, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы, кәсіпкерлік бөлімдерінің есептері тыңдалды.
Күн тәртібіне сәйкес алғашқы болып баяндама жасаған аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Миржан Азербаев санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бас-қармасының қызметінің негізгі бағыттары, 2021 жылдың есепті кезеңінде атқарған жұмыстары мен аудан аумағындағы эпидемиологиялық ахуалға тоқталып өтті. Басқарма басшысының сөзіне сәйкес 2021 жыл басынан бүгінгі күнге дейін тіркелгені 4789 науқас, оның ішінде 3680 науқаста КВИ белгілері анықталса, 1109 симптомсыз науқастар.
Миржан Амангелдіұлы өз сөзінде талапқа сай келмейтін тіршілік нәрі жайлы да сөз қозғады. Орталықтандырылған су құбырларынан 25 сынама алынып, оның ішінде 4 сынамадан санитарлық-химиялық көрсеткіштері бойынша (түсі, лайлылығы) сәйкессіздік анықталып, тиісті округ әкімдеріне хат жолданған. Басқарма басшысына мәслихат хатшысы мен депутаттар сұрақтарын қойып, нақты ұсыныстар мен ескертулер жасады. COVID-19 вирусына қарсы жасөспірім, жүкті әйелдер мен емізулі аналарға Pfizer екпесін салу бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын назарға алуды тапсырды. Сонымен қатар мәслихат жанындағы жұмыс тобы елді мекендерді аралаған кезде мектептеріміздегі санитарлық нормалардың толықтай сақталмай отырғандығын байқағандығын жеткізе отырып, балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды бақылауда ұстау қажеттігін ескертті. Өз кезегінде басқарма басшысы аталған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жасалып жатқандығына тоқталып, алдағы уақытта ескертулер мен ұсыныстар бойынша барынша бағытты жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Аудан аумағындағы «Өңірлерді дамыту», «Ауыл – ел бесігі» сынды салалық бағдарламаларды іске асыру бойынша 2021 жылдың есепті кезеңінде атқарылған жұмыстарының барысы мен өзекті мәселелерді шешу бойынша алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жетекші маманы Данияр Нүсіпжанұлы баяндама жасады. Бұл сала бойынша Бекет Төлегенұлы мен тұрақты комиссия төрағаларының, жалпы депутаттық корпустың сын-ескертпелері мен сұрақтары көп болды. Соның ішінде жеке үйлердің көгілдір отынға қосылуы жағынан туындаған мәселелер. Газға қосылу бағасы есеп бойынша 300-350 мың теңге болғанымен, тұрғындардан түскен арыз-шағымдарда қосылу бағасы 800 мың теңгеге дейін барады екен. Осы бойынша депутаттық сауал да жолданған. Қазіргі таңда облысымыздың басқа өңірлерінде газға қосылу бағасы әлдеқайда төмен. Сондай-ақ ауылдарды газдандыру жоспар бойынша жүзеге аспай отыр.
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету де өзекті болып отыр. Тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жүйелерін жөндеуді, жаңартуды қажет ететін ауылдар аз емес. Әсіре-се, шалғайдағы халық тығыз қоныстанған елді мекендерде бұл мәселе әлі күнге оң шешімін таппай келеді. Осындай түйіткілді мәселенің кейпін Нұра, Қайрат, Малыбай, Қаратұрық, Тауқаратұрық, Қазақстан, Ашыбұлақ, Бірлік, Алмалы, Төле би, Ақбастау, Жаңашар, Қорам, Толқын ауылдарының тұрғындары және осы күнге дейін ауыз сулары белгіленген уақытта 1-2 сағатқа ғана беріліп отыратын Көкпек, Ақбастау, сонымен қатар Есік қаласы мен Ақши, Бәйдібек би, Бәйтерек сияқты ауылдардың жанынан жаңадан қосылған шағын ықшам аудандар кешіп отырғандығы жасырын емес. Кезінде «Ақ бұлақ», «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары аясында құбырлар жүргізіліп, жаңадан станциялар салынған болатын, құжат бойынша пайдаланылуға берілгені көрсетілген ауыз су жүйесіне қатысты нысандардың игілігін тұрғындар көрмей отыр.
Тіпті кейбір құрылғылар әлі күнге дейін іске қосылмаған. Соның бір көрінісі Екпінді, Қазатком, Құлжа ауылдарындағы су жүйелері. Ауыл тұрғындары орталықтандырылған су жүйесіне қосылудан бас тартқандық-тан жұмыс істемей тұр. Тағы 1-2 жылда еш пайдаға жарамаса істен шығып, тоналып кетуі әбден мүмкін. Депутаттар қазан айындағы елді мекендерге сапары барысында осындай олқылықтарды анықтап, бөлім қызметкерлеріне сын-ескертпелерін жаудырды. Сондай-ақ мәслихат депутаттары жұмыс сапары барысында бюджеттік нысандардың, соның ішінде білім беру мекемелерінің жылыту маусымына дайындығына талдау жасалынбағандығын анықтаған болатын. Жеткізілген сұйық отын мен қатты отынның сапасы бойынша да ескертулер жеткілікті.
Жылыту маусымы басталысымен көмірге деген сұраныс артқандығы белгілі. Ал аудан тұрғындарын қөмірмен қамтамасыз ету түйінді мәселенің бірі болып отыр. Бүгінгі таңда қатты отынның тапшылығы сезілуде. Әлеуметтік желілерде көмір тапшылығы, құнының қымбаттауы және көмір қоймаларында тұрғындарға көмір жеткізу жұмыстарына тиісті бақылауды арттыру қажеттігін айтты халық қалаулылары.
Баяндама соңында бөлімге бағытталған сын-ескертпелер бойынша тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді Данияр Нүсіпжанұлы.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасын орындау, шағын және орта бизнесті қолдау, туризм индустриясын дамыту, инвестиция тарту мәселелері бойынша жыл басынан бері атқарған жұмыстарының барысы туралы баяндама жасаған кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Серғали Нұрболатқа да айтылған сын-ескертпелер көп болды.
Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарлары белгіленген. Дегенмен аудан аумағында осы аталған азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға талдау жасау жағы ақсап тұр. Салдарынан тұрғындардың күнделікті тұтынатын азық-түліктері қымбаттап кеткендігін тілге тиек етті депутаттар.
Бұдан бөлек республикалық маңызды жолдардың бойында орналасқан Бәйтерек, Бәйдібек би, Байсейіт сияқты елді мекендер мен Есік қаласындағы кәсіпкерлік нысандары күн санап «қызыл жолақтан» асып, құрылыс жүргізуде. Жабайы сауда өршіп тұр. Сол аумақтарда жол ережелері өрескел бұзылып, көлік кептелісі туындап, жаяу жүргіншілердің өміріне қауіп төндіруде. Бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін сапалы, сұранысқа сай заманауи сауда орындарын дамытуды қолға алу керектігін айтты депутаттар.
Жиын барысында мәслихат жанындағы жұмыс тобының ауылдық округтерге жасаған іс-сапарлары барысында көтерілген өзекті мәселелер мен кемшіліктер бойынша аудандық бөлімдердің өкілдері арнайы шақыртылып, сауалдар қойылды. Шара соңында Еңбекшіқазақ аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясының біріккен көшпелі отырысы күн тәртібі бойынша есеп берген бөлім-дердің хабарламаларын назарға алғанымен, депутаттар тарапынан көтерілген мәселелер мен кемшіліктердің, ұсыныстар мен ескертулер аясында жауапты мекемелердің атқарылған жұмыстары бойынша есептерін комиссия отырысында қайта қарау туралы ұйғарым қабылданды.
– «Уақыт пен кеңістіктің көк-жиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» демекші, ғасырлар тоғысында ата-бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің бақ жұлдызының жарқырай жанғанына міне, биыл 30 жыл толып отыр. Бұл – біз үшін тек мерейтойлық оқиға ғана емес, жетістігімізді де, кемшілігімізді де саралайтын, болашақты бағдарлайтын кез. Сондықтан біз ауқымды іс-шараларды нәтижелі орындап, айқын көзқарас, нақты ұстанымның арқасында барлық жоспарланған мақсат-міндеттерімізге қол жеткізуіміз қажет – деген Бекет Төлегенұлы жиынды қорытындылады.
С.НҰРАДИН.