«Жаңа Қазақстанның басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, табыс алшақтығын жою, жұмыс орындарын ашу және инфляцияны тежеу. Біздің барлық күш-жігеріміз миллиондаған қазақстандықтардың қауіпсіздігі мен тұрмыс жағдайының сапасын жақсартуды қамтамасыз етуге бағытталған».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ НАРЫҚ «ЗАҢЫ» ХАЛЫҚТЫ ҚАНСЫРАТҚАН ЗАРЫНА АЙНАЛДЫ. НЕГЕ? ӨЙТКЕНІ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ НАРЫҚ ҚАРАБАЙЫРЛЫҚТЫҢ, ҚОЛЫНАН КЕЛСЕ, ҚОНЫШЫНАН БАСАТЫН, ОҢАЙ ЖОЛМЕН АҚША ТАБАТЫН АЛЫП-САТАРЛЫҚ, КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ, АЛДАУ, ЖЕМҚОРЛЫҚ АСҚЫНЫП, ШАҒЫН, ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛЕР МЕН ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТАРҒА НАРЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСҚА САЙ ЖҰЫМЫС ІСТЕТУГЕ ҚОЛБАЙЛАУДЫҢ САЛДАРЫНАН ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚТЫҢ КҮНКӨРІСІ ҚИЫНДАП КЕТТІ. ӘСІРЕСЕ, СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ЕЛДЕ ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ҚАТТЫ БАЙҚАЛДЫ. БАҒАНЫҢ ӨСУІ ЖЫЛЫНА ЕМЕС, ТОҚСАН, АЙ САЙЫН ШАРЫҚТАЙ ТҮСТІ. ЖАНАР-ЖАҒАР МАЙДЫ АЙТПАҒАНДА, СҰЙЫТЫЛҒАН ГАЗДЫҢ БАҒАСЫ 60 ТЕҢГЕДЕН 120 ТЕҢГЕГЕ БІРАҚ ӨСУІ – ШЕКТЕН ШЫҚҚАНДЫҚ БОЛДЫ. СОНЫМЕН ҚАТАР БАСҚА ТҰТЫНУ ТАУАРЛАРЫНЫҢ БӘРІ ҚЫМБАТТАДЫ. ШЫДАМНЫҢ ДА ШЕГІ БАР, ҚЫМБАТШЫЛЫҚТАН ҚАЖЫҒАН ХАЛЫҚ БЕЙБІТ МИТИНГІГЕ ШЫҚТЫ, АРТЫ АРАНДАТУШЫЛАРДЫҢ ОЙРАНЫ, ҚАНТӨГІСКЕ ҰЛАСТЫ.
Ел Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің отырысында «Қасіретті қаңтар»: Қоғам тұтастығы – Тәуелсіздік кепілі» атты тақырыпта сөз сөйлеп, болған оқиғаны зерттей келе шұғыл және тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Үндеуінде Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталатынын, жаңа Қазақстанда шынайы жаңару кезеңі болатынын баяндады. Газдың бағасын 6 ай мемлекеттік реттеуде ұстайтынын, басқа да азық-түлік, тұтыну тауарларының бағаларының шарықтап жөнсіз өсуіне жол берілмеуін де қолға алынатынын айтты. Бұл жөнінде GSBUID бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық: «Дәл қазір бағаны 180 күнге болса да мемлекеттік реттеуді қажет етіп тұр. Нарық заңына бағынатын болсақ, мемлекет бағаны реттемеуі керек. Бізде соңғы уақытта шенеуніктер қымбатшылыққа қатысты пікір білдіргенде: «Нарыққа араласпаймыз, барлығын сұраныс пен ұсыныс реттейді», – деген уәж айтатын. Бірақ бұл жерде бір мәселе бар. Қазақстан нарық заңы толық орындалатын экономикалық мемлекетке айналып үлгермеген ел. Дамыған мем-лекеттердің нарығындағы баға сұраныс пен ұсыныстың нәтижесінде реттеледі. Бізде мұндай жағдай орын алмады. Нарықтағы монополист және олигополит компаниялар мәселені баға келісімі арқылы шешеді. Олар өздеріне тиімді баға белгілейді. Осының кесірінен халықтың төлем қабілеті нашарлап, мүмкіндігі шектеледі. Дегенмен, мәселенің екінші жағы бар. Мемлекет бағаны ұзақ уақыт реттеп тұра алмайды. Сондықтан 180 күн деген мерзім белгілеп отыр. Осы уақыт аралығында үкімет нарықтағы әрбір тауардың өзіндік құнын нақты есептеп, бекітуі керек. Мәселе шешілсе, халық қымбатшылықтан қысым көрмейтін болады», – дейді экономист.
Президент азаматтар мен кәсіпкерлер жанар-жағар май өндіру және оны бөліп тарату жүйесінің ашық болмауынан зардап шегіп жүргенін де атап өтті. Оның үстіне жанар-жағар май тиісті жерге келгенше 18-19 қолдан өтеді екен. Олардың әрқайсысы 3-5 теңгеден қосып, баға қымбаттап кетеді. Сондық-тан жанар-жағар майды діттеген жерге жеткізіп беру қызметін қос-қан жөн болады.
Президент «Жеке тұлғалар-дың банкроттығы туралы» заң қабылдау керектігін айтты. Бұл – қоғамға өте қажетті заң. Бұл заң әуел бастан қабылданғанда елімізде кісі өліміне әкелетін қанды оқиға болмас па еді? Қымбатшылықтан азаматтардың несие алуы тым көбейіп, қарызға белшесінен батты. Несие пайызы тым жоғары. Бүгінгі таңда қарапайым халықтың жалақысы мардымсыз. Сатып алу қабілеті төмен. Мемлекеттің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттегені дұрыс. Халыққа ұсынылатын тауар арасында жүрген қаптаған делдалдардың салдарынан қымбатшылыққа кеңінен жол ашылған. Міне осындай алып-сатарлық жойылмай қолжетімді баға болмайды. Сондықтан да бұл заң қабылданса жағдайы төмен халықтың қабілетінің сақталуына жағдай жасайды. Мәселені түбегейлі шешу үшін нарық бағасының деңгейіне қа-рай халықтың да жалақысын соған сай өсіру қажет. Бұл жөнінде экономист Мақсат Халық: «Қоғамға өте қажетті заң бұл. Азаматтардың басым бөлігі қарызын қасақана қайырмай отырған жоқ. Ел арасында алаяқтарға алаңдаған, борыш жүктемесі балаларына мұрагерлікке берілген адамдар көп. Осындай санаттағы азаматтарға мемлекет белгілі бір дәрежеде қарайласуы керек. Екінші деңгейлі банктер мұндай жағдайды назарға алмайды. Бірден коллекторларға жүгінеді. Іске сот орындаушылары араласады. Жан-жақтан қысым көрген азамат шарасыздықтан заңға қайшы әрекетке барады. Ол кімнен көмек сұрарын білмейді. «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң болса, борышкерлер соған жүгінер еді. Бұл заң қарыз иесіне өз құқығын қорғауға, ең болмағанда жалғыз баспанасын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Мұндай заң дамыған мемлекеттерде бұрыннан бар. Ал, Ресей екі жылдан бері осы заңға сүйеніп, әрекет етіп жатыр».
Ия, шынында да, бізде сот орындаушылары борышкерлердің барлық шотын бұғаттап тастайды. Мұндай жағдайлар көптеп саналады. Банкте несиесі бар немесе жер, басқа да салық өсімі өсіп кеткендердің сол қарызын өтемейінше, күнкөріс көзінің шотын бұғаттап тастауы ақылға сыймайды. Бүйтіп қарыз иесін және оның отбасын табыс табу, әлеуметтік төлем, тіпті зейнетақы алу құқығынан айыру – өзі борышқа белшесінен батқан азаматты тағы бір қарыз алуға, не өмірден түңілтіп, өз-өзіне қол жұмсауға ұрындыратыны белгілі. Бұл заң болса, әлеуметтік мәселе қатты ушықпас еді. Себебі заң борышкердің табысын өмір сүруі мен қарызын қайтаруға тең бөліп отыруға ықпал етеді.
Ел басшысы ауыл шаруашышығына ерекше назар аударуды, былтырғы жылдан астық жинау көлемі 4 миллион тоннаға кемігенін, қуаңшылықтың салдарынан мал азығының қоры да мәз болмағанын, егер нарықта азық-түлік тауарлары жетіспесе, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейтінін айтып, жеке тұлғаларға субсидия алуды жеңілдетуге, әрі қолжетімді және оның ашықтығын қамтамасыз етуге де баса көңіл бөлді. Алайда әрбір жеке қожалық иелеріне бұл қолжетімді бола бермеуі ықтимал. Сондықтан әр ауылдағы жекеліктерді кооперативке не ірі ұжымдық құрылымға біріктіру қажет. Біріккен ұжымдағы жеке иелік жерімнен айырылып, не алданып қалам ба деген ойдан арылтатын келісім жасалуына, заңдастырылуына да баса көңіл бөлгені жөн. «Статистика деректері бойынша ауылдағы жұмыссыздар саны 181 мың адам немесе 4,7 пайыз. Бірақ іс жүзінде жұмыссыздық халықтың бағын ашпас соры болды. Біз еліміздің барлық аудандарында ауыл тұрғындары арасында әлеуметтік сараптама жүргіздік. Олардың басым көпшілігі жұмыстың жоқтығы «басты мәселе» деп айтады. Осы сауалнама көрсеткендей ауыл тұрғындарының нақты табысы айына 35 мың теңгені құрайды. Мұндай ақшаға қалай күн көруге болады», – деп, ауыл мәселесіне назар аударуға шақырды Ақылбек Күрішбаев Сенаттың жалпы отырысында. Халықты ауылға тұрақтандырудың жолы – түрлі өнім өндіретін, бақша, көкөніс, басқа да дақылдар өсіретін өңірлерде өнімді қабылдап алатын не сол маңайға өндіріс орындарын салып, жұмыспен қамту жұмыстарын қолға алу керек. Оған жергілікті әкімдер жағдай жасаған жөн.
Техниканың дамыған заманында халықтың автокөліксіз жүруі де өмір талабына сай келмейді. Президент: «Кәсіпкерлер мен жалпы қоғамда «Оператор РОП» компаниясының қызметі көптеген сұрақ тудырып отыр. Тіпті осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс та ұйымдастырылды. Мен үкіметке «Оператор РОП» утильдік алым жинауына тыйым салуын тапсырамын. Мұнымен шет мемлекеттеріндей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымшылардың өзіне келсек, олардың ставкасы қайта қаралуы тиіс», – деп нақтылап айтты.
2016 жылдан бастап Қазақ-стан көлікті импорттау үшін утилизация алымы алынып келеді. Ол айлық есептік көрсеткішке байланысты болғанымен, жыл сайын бағасы өсіп келеді. Көліктің түрлеріне, қозғалтқыш көлеміне байланысты утилизация көлемі де 450 мыңнан 14 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұл төлем түрлерін төлеуге автокөлік өндіретіндер, ресми импорттаушылар және елімізге көлік әкелуші жеке тұлғаларға міндетті төлем. Көлікті бастапқы тіркеуге дейінгі жүзеге асырылатын бұл бағаны айтарлықтай арттыратыны анық. Біздің азаматтар утилизация алымына қарсылықтарын білді-ріп, «Утилизация алымына жол жоқ!» деген ұранмен қарсылыққа шыққан. Ал, утильалым бағасы осы уақытқа дейін 10 есе қымбат болған.
«Егер автомобильдерге кәдеге жарату алымы 100 000 теңгеге дейін төмендесе, онда автомобильдер 1 млннан 3,5 млн теңгеге арзандайды. Бұл ретте осы алым бойынша мөлшерлеме төмендегеннен кейін бізге мүлдем ескі автомобильдер түспейтінін атап өткім келеді. Өйткені, бекітілген техрегламент бар», – деп түсіндіреді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын және орта бизнес комитетінің, Қазақстанның тәуелсіз автобиз-нес одағы басқармасының төр-ағасы Берік Закиров.
Мемлекет басшысы «Самұрық қазына» ұлттық қорын да сөзіне арқау етті. Ірі компаниялар тендерді ұтып алып, бөлінген ақша толық жұмсалмай, жол сапасыз, ауыз су жұмысы толық атқарылмай, қаражат талан-таражға түседі. ШҚО-да 4 компания барын, ондағы бағаны өзгерту әкімдердің қолында екенін, тағы басқа да кемшін тұстарды депутат Сабилянов тілге тиек етті. Қ.Тоқаев «Қорғас» кеденіндегі жұмыстарды ретке келтіруді тапсырды. «Жаңа Қазақстан: іс-қимылдың кезеңі... Біз ұлттық экономикамыздың ал-шақтығына, келісім-шарттарға қол сұғылатындығына, зияткер-лік меншік құқығы және жемқорлықпен аяусыз күрес жалғаса беретініне кепілдік береміз, – деген Қ.Тоқаев елімізді одан әрі дамыту стратегиясымен жан-жақты таныстырып, оны ойдағыдай іске асыруды тапсырды.
Анарбек БЕРДІБАЕВ.