«Экономикалық саясатымыздың мақсаты – айқын. Бұл заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту». Қ.К.ТОҚАЕВ.
Еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге қоғамымызда болған өзгерістерді, нарық жағдайындағы бетбұрыстар мен ауыртпалықтар, оның адам санасына, жан-дүниесіне, мінез-құлқына тигізген әсер-ықпалы өте орасан болды. Еркіндіктің елінде, теңдіктің төрінде, социалистік қоғамда алаңсыз өмір сүруге қалыптасқан халқымыздың өңінде емес, түсінде де көрмеген капиталистік нарық тағдырыңды шешетін заманға ойламаған жерде тап болып, сансырап қалғаны да шындық. Тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңінен бастап нарық қыспағына түскен ауылдағы қарапайым жандардың жағдайы тіптен қиындап кетті. Шетінен ұжымшарлар таратылып, жұмыс орындары жабылып, екі қолға бір күрек таба алмаған ауыл халқы күнкөріс үшін қалаға қарай жөңкіді. Дорбаларын арқалап, өмірі айналысып көрмеген сауда-саттық тірлікке көшті.
Елде жекешелендіру жаппай әрі қарқынды жүргізіліп, небір алып өндіріс, кен, басқа да табыс көзіне айналған орындар жекенің қолдарына өтті. Алғашында, халықтан қол жинап, сол жекешеленетін нысандардан түсетін табыс көзінен үлес беретін болып, дивидентік купон таратып, кейін оның арты құрдымға кетті. Халық тағы құр шөппен ауыз сүртіп қалды. Халықтың шағын бөлігін байытып, олар халыққа жұмыспен қамтамасыз етіп, қамқорлығына алады деген ертегі болып қалды. Қоғам бай мен кедей болып екіге бөлінді. Қазақ кезінде ондай заманды да басынан өткерген. Ол кезде қазақ байдан кенде емес еді. Әр ру, тайпаның өз байлары бастап, тұтас бір ауыл болып өмір сүрді. Малдарын бағып, оның етін, сүтін азық етсе, жүн, терісін өңдеп тұрмысқа қажетті бұйымдар жасап, күндерін көрді. Жетім-жесіріне, жағдайы нашарларға байлар қарайласып, қамқор бола білді. Ақсақалдары елдегі түйінді мәселелерді шешсе, билері сол рудың намысын қорғап, әділ шешімдер шығаруға атсалысты. Сондай-ақ, байлар қазақ мәдениетінің биігі болды. Олардың өміріндегі орда, киіз үй, ат әбзелдері, той салтанаты, киім-кешек, құны 500 жорғаға татитын сәукеле – бәрі-бәрі қазақ мәдениетінің шоқтығын көтерген еді. Коммунистер байларды құрту арқылы қазақтардың өзегіне балта шапты. Енді бүгінгі уақытта сол алтын буынның ізбінін жекешелендіруден байыған топ, сол ескі сүрлеуді қалыптастырады деп ойлады. Алайда, жан қинамай тапқан дүниеге құнығу дерті асқынып кетіп, халықтың емес, қара бастың қамымен кетті қазіргі байлар. Заманның осылайша құбылуына орай «Бермесе де бай жақсы, жемесең де май жақсы» деген мақал шықса керек.
Нарықтық қатынасқа көшкелі майлы шелпекке аузы тигендер шалқыған байлықтың, құр жаяу қалғандар тақыр кедейліктің күнін кешу қалыптасты Қазақстанда. Қалауын тауып, қар жандырған қымбатшылық халықты әбден қажытты. Күнкөріс қиындаған сайын, халық қарызға белшесінен бата бастады. Ақыры ашынған халық шеруге шығып, арты қасіретті қаңтар қақтығысына душар етті. Елде орын алған әділетсіздік пен жемқорлықты ауыздықтау үшін Мемлекет басшысы қоғамның тұтастығын, тәуелсіздіктің тұрақтылығын сақтау жолында жаңа қадамдарға жол салды.
Әділ бәсекелестік ел экономикасы үшін басты талапқа айналуына мән берген Президент: «Экономиканы әртараптандыру – күрделі міндет. Әртараптандыру болмаса, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрақтылықты жұмыс орынын ашу мүмкін емес. Бұл жұмыстың басты бағыты – өңдеу өнеркәсібін дамыту. Дегенмен, ел экономикасындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі айтарлықтай өсті деп айтуға келмейді», – деп алдағы атқарылар жұмыстарды нақтылап берді. Экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артқанын, халық қазір көп несие алып жатқанын, бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздыққа апарғанын, сол себепті «жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасын әзірлеу қолға алынғанын да айтты ел басшысы.
Осы кезеңге дейінгі елдегі кедейлік деңгейін төмендетіп көрсету қазақстандық тәсілге айналғанын атап айтқан Сенат депутаты Мұрат Бахтиярұлы: «Кедейлік шегін өлшейтін әлемдік стандарттарға шығуға не кедергі болып отыр? Деректерге сүйенсек, бір миллионға жуық бала ең кедей отбасыларында тұрып жатыр. Үкімет бірінші кезекте кедейшілікпен күресудің жаңа жүйесін жасау керек. Келешекте жалған статистикадан толыққанды арылу қажет. Тәтті өтіріктен ащы шындық анағұрлым жақсы. Обалы Үкіметтің қызыл-жасылды өтірік статистикасында. «Қазақстанда кедейшілік жоқ» деген ұранды ту еткен жергілікті органдар мемлекеттің оларға көмек беруіне мүмкіндік жасар емес. Жұмыссыздық пен кедейшілік деңгейін үнемі төмен көрсетіп, ұпай жинауға тырысады деп жоғары палата өкілдері ренжулі. «Ресми ақпаратқа сүйенсек, 2021 жылғы кедейшілік деңгейі төрт жарым пайыздан аспайды. Ал шынтуайтында, қазір екі миллион азаматтың тұрақты жұмысы, не ай сайын алатын айлығы жоқ», – деген сенатор елдің әлеуметтік әлеуетін тек жақсы санмен өрнектейтін Қазақстанның оптимистік тәсіліне аң-таң», – деп КТК арнасы хабарлайды.
Елімізде бай мен кедей айырмашылығы жер мен көктей, яғни халықтың ең бай 10 пайызын ең кедей 10 пайызға бөлгенде арақатынас айырмашылығы 22 есе болады екен. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Қанша бай ел болсақ та, бай мен кедей айырмашылығы үлкен болса, дамыған елдердің қатарына қосыла алмайды екенбіз. Мұндай арақатынастың үлкен болуы себебін қарастырсақ , ең алдымен сапалы білімнің бәріне бірдей қолжетімді болмауынан. Бізде элиталық білім беру үрдісі белең алды. Барлық назар дарынды балаларға арналған мектептерге, гимназияларға, лицейлерге бөліне бастады. Ал, орта білім беретін қарапайым мектептерде білім сапасы күрт төмендеді.
Сонымен қатар, елдегі әлеуметтік-экономикалық жүйе байлардың байи, кедейлердің кедейлене түсуіне ыңғайлы жағдай тудырды. Мысалға жылжымайтын мүлік, ірі қаладағы тұрғын үй құны өте қымбат. Жаңа салынған пәтерлерді көбінесе бақуатты адамдар сатып алады. Өз үйін жалға береді. Тіпті кейбіреулер он, тіпті жүздеген пәтерді сатып алып, оны жалға беру арқылы дүние табуда.
Ауылды жерлерде шаруашылыққа жарамды жердің бәрі санаулы адамдардың қолында болғандықтан, қарапайым халыққа мал жаятын, егін егетін жер қат болып қалды. Ақшасы жоқ, бірақ идеясы бар адамдардың кәсіпкерлікпен айналысатын үлкен компания ашуға мүмкіндігі жоқ. Мәселен. АҚШ-та белгілі бір идеясы бар адам жақсы инвесторлар тауып, акционерлік қоғам құру арқылы (қалтасында ақшасы жоқ болса да) ақыр соңында әлемдегі ең бай адамдар қатарына ене алады. Бізде мұндай бастаманы қолдайтын инвесторлар жоқтың қасы. Оған қоса, кәсіпкерлерді қолдауға арналған банк несиелерінің пайыздары да өте жоғары. Ал өз тиын-тебенін жинап, бір кәсіп бастайын десе, техниканың да, офистің де, ғимараттардың да құны қымбат. Мұндайда сатып алу тұрмақ, жалға алудың өзі қолжетімсіз. Сонымен қатар, бізде бай мен кедейге бірдей салық салынады. Экономикалық теңсіздік айқын байқалады. Ал шетелдерде прогрессивтік табыс салығы енгізілген. Мұндай салық бізде 2011 жылы енгізілгенімен, оның көлемі дамыған елдерге жетпейді. Ақша табудың жолы осы екен деп, бізде алыпсатарлық, саудагерлік, үстеме баға қосып табыс табу кең етек жайған. Күнкөріс қиындаған соң, несие алушылар саны артқан. Халықтың 6 миллионы пайызы жоғары несие алып, қарызын өтей алмауда.
Бай мен кедей арасындағы арақатынастың ұлғаюына әсер етіп отырған тағы бір фактор – ол мемлекетке түскен жүктің автоматты түрде қарапайым адамдардың жүгіне айналуы. Инфляция, девальвация, жанар-жағар май тапшылығы, экономикалық интеграция салдары секілді дүниелер әдетте қарапайым адамдарға қатты әсер етуде.
Бұл тығырықтан шығу үшін не істеу керек? Адамдарды құқықтық, экономикалық және саяси тұрғыдан сауаттан-дырудан бастау керек. Заң білмегендіктен, алдауға түсіп, өз құқығын қорғай алмаушылыққа ұрынады. Білімділіктің аздығы қолбайлау болады. Сонымен бірге идеологиялық саясатты жандандыру, бай болу мәдениетін қалыптас-тыру қажет. Озық идеяларды, тәжірибелерді насихаттап, байлардың қоғамдағы жағдайға оң қабақ танытып, қайырымдылық шараларын, тағы басқа сауапты істермен айналысу, халықпен қашан да бірге болу қағидаларын қалыптастыру керек. Сауаттылық білім мен адами мәдениетті қалыптастыру елге ортақ мәселелерді тиімді шешуге және ұзақ мерзімге пайдалы әрекеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Ел басшысы Қ.Тоқаев бизнеске түскен бюрократтық салмақты айтарлықтай азайтуға, жекешелендірудің жүйелі және ашық жүргізілуіне, басқа да кезек күттірмейтін өзекті мәселелерді Үкіметтің жаңа құрамына экономика саласына терең талдау жұмысын жүргізуді тапсырды. «Ауыл шаруашылығы ерекше назарда болу керек. Соңғы жылдары елімізде қуаңшылық болды. Былтырға қарағанда жиналған астық 4 миллион тоннаға кеміді», – деп бұл саланың министріне қатаң ескерту жасады. Жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмағаны, бөлінген субсидиялар да тістегеннің аузында кеткені анықталуда. Осы уақыт ішінде аталған салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапқа тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батқан.
Елде шексіз мүмкіндікке ие болған олигархтар салық төлемей, бәсекелестікті болдырмауда. Мұндай жеке топтардың шексіз үстемдігін тоқтату шаралары да қолға алына бастады. Шағын, жеке кәсіпкерлер, жеке шаруагерлердің күнін зорға көріп жүргендері 90 пайызды құрайды екен. Ауыл шаруашылық саласындағы жағдайды жақсарту үшін, бармақ басты, көз қыстыны тоқтатып, әр шаруагерге жермен айналысуға мүмкіндік туғызған жөн. Өзін өздері жұмыспен қамтып жүрген ауыл адамдарына мал бағып, егін егетін жерлерді әділ бөліп, олар өсірген жеміс-жидек, бақша өнімдері мен көкөністерін, ет, сүт, жүн, тері қабылдайтын, не өңдейтін жұмыс орындарын ашуды жергілікті атқа мінерлер қолға алса, іс те алға басар еді, жұмыспен де қамтылар еді. Қазір зейнеттік жасқа жетпеген егде жастағыларды жұмысқа қабылдаса, сол мекемелерге субсидия төлеу қолға алыныпты. Мұның өзі жасамыс жандарға жағымды жаңалық болмақшы. Кедейшілікпен күресуде ең бастысы, «Қазақстан халқына» қорының құрылуы, биліктегі лауазым иелері мен депутаттардың жалақысын бес жылға өсірмей қалдырылуы әлеуметтік алшақтықтан арылтып, елдің әл-ауқатын жақсартудағы нақты қадам болды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы 21 қаңтарда ірі бизнес өкілдерімен кездескен жиында: «Қазақстан байлығының жартысынан астамы 162 адамның қолында, ал Қазақстан халқының жартысының ай сайынғы кірісі 50 мың теңгеден аспайды», – деп жағдайды дереу өзгерту керектігін айтып, қоғамды тазалауға, әділетті қоғам құруға шақырды. «Азаматтар мен кәсіпкерлерге пайдасы тиетін нақты өзгеріс жасауға тиіспіз. Сондықтан менің тапсырмам бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы әзірленді. Жалпы тұжырымдамада сыбайлас жемқорлықпен күресуге арналған ауқымды шаралар қарастырылған. Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру», – деді Президент.
Анарбек БЕРДІБАЕВ.