Өткен аптада аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Жиынды мәслихат төрағасы Бекет Ахметов жүргізіп, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бейбіт Искаков баяндама жасап, атқарылған жұмыстар, қалыптасып отырған өзекті мәселелерді шешу бойынша 2023 жылға және алдағы кезеңге жоспарланған міндеттерімен бөлісті.
Бөлім басшысының мәліметіне сүйенсек, бүгінде тұрғын үй кезегінде барлығы 4582 азамат тіркелген. Оның ішінде 985 көп балалы отбасылар, 978 жетім балалар, 1579 халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары, 1038 бюджеттік сала қызметкерлері, 2 отбасы апатты тұрғын үй иелері. Мамыр айында Шелек ауылындағы 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Есік қаласындағы 60 пәтерлі 2 тұрғын үйді шілде айында кезекте тұрған азаматтарға үлестіру жоспарлануда.
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету басты назарда. Бұл бағытта бюджеттен қыруар қаражат бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күнге 71 елді мекеннің 24-інде ғана су құбырлары жаңартылған. Осыған байланысты өткен жылы және биыл 7 ауылдың су құбырларының құрлысына 8,1 млрд теңге бөлініп, Нұра, Бәйдібек би, Қызылжар, Ащыбұлақ, Рахат, Шелек, Қазақстан ауылдарында су құбырларын жаңарту жұмыстары жалғасуда.
Сондай-ақ 6 елді мекен суды скважинадан алады, оның ішінде 3 мекенде шаруа қожалықтарының фермалары мен мал қыстақтары орналасқан, әрқайсысында 20-ға жет-пейтін үй бар, олардың бір-бірінен ара қашықтығы 5-6 шақырымнан асады. Осы мекендерге орталықтандырылған су жүйесін тарту тиімсіз дейді бөлім басшысы.
Сонымен қатар, Өрікті ауылының су құбырларын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, құ-рылыс жұмыстарына өтінім берілген. Одан бөлек 12 ауылға су құбырларын жүргізуге жобалық құжаттар әзірленуде.
Ауызсу құбырлары секілдіауданы-мыздағы кәріз жүйелерінің басым бөлігі тозып, қайта жаңғыртуды қажет етеді. Осы орайда Бәйдібек би, Түрген ауылдарының кәріз жүйелерінің құрылысына қаражат бөліуге сұраныс берілген. Қазақстан ауылының кәріз жүйелерін жаңғыртуға жобалық құжаттарын әзірлеуге 50 млн теңге қаражат бөлінген. Шелек ауылындағы кәріз жүйесінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, жоба құны 2 млрд 403 млн теңге. Жалпы ұзындығы 22 шақырым. Қаракемер ауылындағы кәріз жүйесінің жоба құны 613,7 млн теңге.
Бейбіт Құлжамбайұлының мәліметінше, аудан тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқынды жүзеге асуда. Сөзіне сүйенсек, 79 елді мекенінің 65 газдандыруға жатады. Бүгінде 9 елді мекенде газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Қаракемер, Сатай, Талдыбұлақ, Масақ, Нұрлы ауылдарына газ құбырын тарту үшін жобалық құжаттамалар әзірленуде. 11 ауылға жобалық құжаттамалар әзірлеуге қаражат бөлінген.
Жалпы аудан аумағында жүргізілген газ құбырлары 795 шақырымды құрайды. Яғни, 61 216 ауланың, бүгінгі күнде 12 215-і көгілдір отынның қызығын көруде.
Баяндама барысында Бейбіт Искаков блокты-модултді қазандықтардың құрылысы, көшелерді жарықтандыру, абаттандыру, электр желілерін жаңарту, балалардың ойын алаңдарын жасақтау, жол инфрақұрлымын жақсарту, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолаушыларды тасымалдау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Аталған бөлім ілкімді істерге жетекшілік етіп, ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатқаны мәлім. Десек те, осы салада шешімін таппай келе жатқан түйіткілдердің де бары жасырын емес. Олқылықтарды жинақтап, сараптаған мәлихат депутаттары депутаттық сауал әзірлеп, орайды пайдаланған мәслихат депутаты Мейрамгүл Қонысбаева бөлім басшысына сұрақтарын төтесінен қойды.
– Бірінші, қазіргі таңда жалпы атқарушы органдардың тарапынан жолданған ресми депутаттық сауалдар мен хаттарға қарағанда, әлеуметтік желілерде жарияланған посттарға жедел, әрі нақты жауап беру сәнге айналған сияқты. Бұлай деп отырғаным, Бейбіт Құлжамбайұлы, бүгінгі таңға дейін нақты сіздерге 6 сауал жолданған болатын, бірақ уақытылы, нақты, қанағаттанарлық жауап алмағандығымызды атап өткім келеді.
Екіншіден, осы уақытқа дейін жолданған сауалдар, ұсыныстар, хаттамалық қаулылар мен сын-ескертулер бойынша қабылданған шаралардың нәтижесі жоқ, уақытылы жабылмайды, берілген жауаптарыңыз мардымсыз.
Үшінші, қанша сын айтылса да, үстіртін қарау қалыпты жағдайға айналған сыңайлы. Бөлімнің құзіреті аясында ауданымыздағы күрделі жөндеуден өткен, жаңадан жасалған жолдардың, нысандардың кемшіліктері өте көп, ал айтылатын сын-ескертулерді шешуде айтылар «жырдың» бітер түрі жоқ. Әрбір нысанның сапасы – тұрғындардың қауіпсіздігі екенін ұмытпау керек! – деген депутат Мейрамгүл Қонысбаева бірнеше беттік депутаттық сауалда көрсетілген кемшіліктерге тоқталып өтті. Айтуынша, құрылыс жұмыстарының сапасы сын көтермейді, мердігер мекемелер ісіне жауапкершілікпен қарамайды. Жасыл желектер мен көпжылдық ағаштарды отау тыйылмай тұр. Бүгінде мемлекеттен берілген жалдамалы және қызметтік пәтерлердің басым бөлігін пәтер жалдаушылар паналайтын көрінеді. Осы мәселені майшаммен қарауды тапсырды. Депутат сумен жабдықтау жұмыстарына айрықша тоқталды. Қазатком, Екпінді, Құлжа сияқты ауылдарда тұрғындардың қарсылығына қарамастан су жүйесі жасалды, әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген. Қорам ауылында тоналып кетті, Ащысай ауылында аяқсыз қалды. Тауқаратұрық ауылына 2013 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген еді, тиісті талдау сапасыз жүргізілгендіктен қазір жаңа қиындықтар туындауда, Қаратұрық ауылында тұрғындар артезиан суларынан құбыр тартып, ішіп отыр. Округтердегі су жинақтайтын нысандардың басым көпшілігі қоршалмаған, ескірген, істен шыққан, ашық-шашық жатыр. Осылай деген халық қалаулысы тіршілік нәрінен таршылық көрген азаматтардың жанайқайын жеткізді. Сондай-ақ, бөлім басшысына кәріз жүйлері, қоқыс полигондары, газдандыру, электр желілері, жол инфрақұрылымы, аялдамалар мәселесін айтып, ұсыныстарын жеткізді.
Сондай-ақ, депутаттар өздерінің сауалдарын қойып, бөлім басшысы сұрақтарға жауап берді. Сын-ескертпелер мен ұсыныстар назарға алынып, олқылықтың орны толтырылатынын жеткізді Бейбіт Құлжамбайұлы.
С.НҰРАДИН.