Бірінші сыныпты Нарынқолдың Қақпақ деген кішкентай ауылында оқыдым. Мектепте бар орысшамыз «это окно», «эта школа» дегеннен ары аспайтын. Онда да ол сөздерді тек орыс тілі сабағында ғана айтамыз, естиміз. Қазақы ауыл болғандықтан орыс тілі – біз үшін шын мәнінде шет тілі еді. Ал екінші сыныпта, 1996 жылы Есік қаласына көшіп келдік. Менің жаңа қала, жаңа ортаға үйренуімнен бұрын ондағылардың тілін түсінуім әлдеқайда қиынға соқты.
Сөз басында айтқанымдай, орыс тілі – шет тілі болса, кішкентай қалашық – Есік те, мен үшін, шет ел сынды көрінді. Бәрі орысша сөйлейді. Қожанасырдың ұн алуға «Ұн, ұн» деп баратыны секілді, көшенің басындағы дүкенге жеткенше «Хлеб. Адна булка» деп қайталаумен баратынмын. Одан кейінгі жақсылап жаттаған сөзім «Остановите» еді. Өйткені отырған таксиді қазақтың тілімен тоқтата алмай, талай рет үйдің жанынан өтіп кетіп жүрдік. Содан көлікке отырғаннан дайындалып, үй жаққа жете бере бар дауыспен «Астанавите!» дейтінмін. Ол сөздің ерекше дайындық, ерекше күшпен айтылатыны сонша, көлік жүргізушілері естіген сайын әркез кішігірім шок алушы еді. Мұны қазір күліп еске түсіргеніммен, ол кезде осы бір жалғыз сөзді мейлінше түсінікті, әрі дәл уақытында айту – мен үшін өмір мен өлім сұрағымен тең дәрежедегі дүние болатын. Өйткені өзіміз жаңа көшіп барғанда адасып кетсем, арты не боларын ойлаудың өзі қорқынышты.
Қорқыныштың тағы бірі – базарға барғанда тауарлардың сыртында бағасының болмауы, жазылмауы. Алар азықтың бағасын білу үшін сатушыдан сұрау да, оны естігенмен қазақшаға аудару да мен тұрмақ, әке-шешеме де оңай шаруа емес-тін. Дүкенге бару, көлік тоқтатудан бөлек, өзім қатарлы балалармен есік алдында ойнау үшін де орыс тілі керек болды. Онсыз ойлай да, ойнай да алмайтынымды түсіндім, әрі сол үшін де бұл тілді іштей жек көрдім. Балалық қой. Бірақ менің ішкі сезімдерім кімге қызық? Бәрі орысша «ойнайды». Демек, көпшілік сөйлейтін тілді меңгеру маңызды. Осылайша, амалдың жоғынан, сегіз жасымда орыс тілін үйренуге шындап кірістім. Балаларға арналған «Доктор Айболит», «Тимур и его команда» сынды орысша кітапшаларды кітапханадан құшақ-құшағымен әкеліп оқуды әдетке айналдырдым. Бұл әрекетім – әдебиетке, не оқуға деген ерекше қызығушылықтан емес, әрине. Тілді меңгеруге бір пайдасы болар деген ой менікі. Нанды уайымсыз сатып алып, көлікке де қорқынышсыз отырғым келсе, орыс тілін үйренуге тиіс едім. Ешкім басымды иіп қинамай-ақ, мәжбүр болдым. Қазақтың азат елі, азат жерінде тұрып, қазақ бола тұрып, орыс тілін осылай қажеттіліктен үйреніп алдым.
«Бұл – менің ғана мысалым, менің ғана басымнан өткен дүние емес. Сол кездегі ауылдан келген көп қазаққа таныс жағдай» десем, артық айтпайтынымды жақсы білемін. Көп қазақ орыс тілімен осындай қажеттіліктен кейін «таныс-біліс» болғаны – шындық. Бұл тәуелсіздікті енді алып, егемен ел ретінде енді ғана таныла бастаған 90-жылдар болса, қазір азаттықтың 32 қыс, 32 көктемі өтсе де, өкінішке қарай, жағдай айтарлықтай өзгере қойған жоқ. 90-жылдары дүниеге келген сәби – бүгінде өзі де – ұрпақ тәрбиелеп отырған әке, не ана. Ал олардың балаларының тілі қай тілде шықты? «Ертеңгі күні далада қалмасын» деген баяғы қорқынышпен көп қазақ баласын орыс сыныптарына бергені – тағы шындық.
Әрине, барды жоқ деуге болмайды. Бір кездегімен салыстырғанда қазақ тілінде сөйлеушілердің саны әлдеқайда артқан. Дегенмен, қазақтың елі, қазақтың жерінде тұрып, мұндағы қазақ тілінің қолдану деңгейімен мақтана алатын жағдайда емеспіз әлі. Әлі күнге дейін өзіміздің ана тіліміз емес, көршіміздің тілі үстемдік құрып тұрғандай. Ішкі-сыртқы саясатты ескеріп, ұлтаралық тыныштықты ойлап, мұны қанша жасырғанымызбен, айдан анық жағдай. Қоғамдық орындарда, әлеуметтік нысандарда орыс тілінде қызмет көрсететін ағайын көп. Жақында ғана сұрағына сатушының қазақ тілінде жауап беруін талап еткен қазақ азаматының видеосы әлеуметтік желіде ғана емес, қоғамда да қызу талқыланды. Осыдан бірнеше жыл бұрын қазаққа «Қазақша сөйле» дегені үшін түрік азаматы, филология ғылымдарының докторы, өзін қазақ тілінің сақшысы ретінде таныстырған Оғыз Доғанның да талай дауға қалғаны есімізде. Ал «Til Maydani онлайн партиясы» Youtube арнасының авторы, белсенді тіл жанашыры Қуат Ахметовтің сауда орындарын аралап, мемлекеттік тілде қызмет көрсетуін талап еткен видеоларын Ресейдің кейбір саяси тұлғалары мен бұқаралық ақпарат құралдары «орыстар мен орыстілділерді жек көру» деп бағалады. Ресми Мәскеу Қуат Ахметовтің Ресей аумағына кіруіне 50 жылға тыйым салды. Саяси тұрғыдан бұл қаншалықты сауатты қадам екенін бағалау менің құзырымда емес. Дегенмен, өз еліңде өз тіліңде сөйлеу үшін сыртқа жалтақтау, меніңше, азат күні қол-аяғыңды тұсап, матап қойғанмен тең.
Иә, жанымызға батса да, шындық жалғыз. Ол – жоғарыда келтірген мысалдағыдай қажеттіліктің, қазақ тіліне деген қажеттіліктің жоқтығы. Болса да, тым төмен екендігі. Ал ол қажеттілікті тудыратын жалғыз жан болса, ол – қазақ, яғни өзіміз. Қазақ пен қазақ бір-бірімен шүлдірлеп, орыс тілінде шүйіркелесіп тұрғанда қазақ тілі кейін қала бермек. Қазақ екі сөзінің біріне орысша қосып, орыстың паразит сөздерін білетініне мақтанып жүргенде Абай айтқан, Мұхтар мен Сәкендер сөйлеген бай тіліміз қапасқа қамала бермек. Қазақ баласының «болашағы» үшін орыс сыныбына бергенде ұлттың болашағы, тілдің болашағы бұлыңғырлана түспек. Қазақтың тілін тұғырына көтеретін де, аяққа таптап, жоқ қылатын да – өзге ешкім де емес, жалғыз қазақ. Ендеше, тілдің тағдыры – ұлттың тағдыры екенін ескеріп, өзгеге жалтақтауды қоятын кез келді. Тіл майданында әрқайсымыздың саптағы сарбаз екенімізді естен шығармайық! Бұл айтпағым, қазақ тілін білмейтіндерге бас салып, күш қолдану емес, әрекетті өзімізден бастау. Қазақша ойлау, қазақша сөйлеу. Қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілікті тудыру. Қазақша ақпараттың, әсіресе, кейінгі кезде көп қолданыстағы әлеуметтік желілерде, яғни интернет айдынында сауатты қазақ тілді ақпараттың көбірек таралуына үлес қосу. «Сауатты» дегеннің белін сызып көрсетуімнің себебі, соңғы кездері жастар арасында «сленг» сөздер сәнге айналып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде кеңінен тарап отыр. Нәтижесінде, тіл тазалығы, сөйлеу мен жазу мәдениеті, грамматикалық заңдылықтар бұзылып, тіл шұбарланып жатыр. Мұның барлығы да біздің қоғамда қазақ тіліне деген қажеттіліктің төмендеуіне әсерін тигізе бермек. Өкінішке қарай, басқа емес, түрі де, тілі де өзімізге жақын түркітілдес бауырларымыздың бәрі дерлік қанша акцентпен сөйлесе де, орыс тілін оңай меңгеріп, қазақ тілін түсінбей жатады. Ал мұның себебін сұрасаң, ҚР Тіл туралы заңындағы «орыс тілі – ресми тіл» дегенді алға тартады. Заң демекші, көпшілік аталған заңның 5-бабындағы «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» дегенді жалау етіп, оған «мемлекеттік тіл дәрежесін» таңып қойған. «Қит» етсе, «Менің Конституциялық құқымды шектедің» дейтіндер де осыдан шығады. Ал егер ҚР Тіл туралы заңын мұқият оқысаңыздар, оның 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» делінген. Өкінішке қарай, осынау парыз әлі күнге орындалмай қалып жатыр. Ал оның орындалуы, қазақ тілін – ұлтаралық тілге айналдыру ана тіліміздің мәртебесін асқақтатар қадам болар еді.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ