Осыдан екі жыл бұрын жалпыхалықтық
референдум өткені баршамызға мәлім. Ол кезде Конститутциямыздың 33 бабына түзетулер енгізілді. Осылайша, президентіміз алдағы конституциялық өзгерістерді, еліміздегі маңызды мәселелерді қоғамдық талқылауға салудың маңыздылығына тоқталған еді.
Осы бір тұста, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2024 жылдың 2 қыркүйектегі дәстүрлі түрде Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын» дей келе, атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдумды биылғы 6 қазанда өткізу туралы тиісті Жарлыққа қол қойды.
Жалпы менің ойымша еліміздегі Конституциялық нормаға сәйкес рес-публикалық референдум өткізудің бірқатар оң тұстары бар. Біріншіден, бұл мемлекеттік маңызға ие проблемаларды халық болып талқылауға салу. Осы талқылауда қоғамның ойы мен инициативасы ескеріледі. Екіншіден, халықты жалпыхалықтық референдумда дауыс беру үрдісіне тарту. Бұл арада азаматтарымыздың белсенділігі мен саяси қатысуын назарға алу, олардың қызығушылығын арттыруға ықпал ету.
Бұл референдум – елдің стратегия-лық шешімдер қабылдаудағы халықтың пікірін ескеру бағытында жасалған нақты қадам. Таңдаудың бұл түрі еліміз-де дамыған демократиялық қоғамның орныққанын көрсетеді. Алдағы таңдау Қазақстанның энергетикалық бола-шағын айқындайтын маңызды шешім болары анық. Елімізде атом электр стансасын салу қажеттілігі бірнеше негізгі себептерге байланысты. Біріншіден, бас-ты қажеттілік – еліміздегі өзекті электр энергиясына тапшылық мәселесін шешу. Елдің экономикалық өсуі мен халық санының артуы электр энергиясына деген сұранысты арттырып отыр. Екіншіден, елдегі ескірген энергетикалық инфрақұрылымның тозуы. Әсіресе көмірмен жұмыс істейтін станциялар экологиялық және эконо-микалық тұрғыдан тиімсіз болып барады және елдің сыртқы көздерге тәуелділігі күшеюде. Үшіншіден, АЭС-тің құрылысы еліміздің көмір мен газға тәуелділігін төмендетіп, атмосфераға бөлінетін көміртегі шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде халық арасында атом электр стансасын салу жөнінде қызу талқылау жүріп жатыр. Әрине жобаны қолдайтындар да, оны сынап жатқандар да баршылық. Көпті мазалайтын негізгі сұрақтардың бірі – стансалардың қауіпсіздігі. Қазақстанның ядролық энергетикаға қатысты тарихи тәжірибесі ерекше ескерілуі тиіс. Семей ядролық полигонындағы 40 жыл бойы жүргізілген сынақтар елдегі атом энергетикасына деген сенімсіздік пен алаңдаушылық тудырғанын жоққа шығару мүмкін емес. Қазақстан үшін атом энергетикасының экономикалық тиімділігі айқын болғаны-мен, Семей полигонының ауыр мұ-расы ел азаматтарын бұл салаға сақтықпен қарауға итермелейтіндігін түсіну қажет. Себебі, Атом электр стансаларының (АЭС) құрылысына қатысты қорқыныш көбінесе ядролық энергия туралы түсініспеушіліктен немесе тарихи оқиғаларға байланысты теріс көзқарастардан туындауда. Алайда сарапшылардың айтуынша, саладағы қатерлер, бұрын болған бірлі-жарым апаттардың себебі жан-жақты талданып, тексеріліп, ескеріліп, түрлі көлемдегі барынша қауіпсіз реактор модельдері ұсынылып отыр. Бір жағы-нан, қазіргі заманда «бейбіт атом» ұғымы атом энергиясының қауіпсіздігін баса көрсетеді. Барлық қауіпсіздік талаптары сақталған жағдайда, атом электр стансаларының зиянына қарағанда пайдасы көп болары сөзсіз.
АЭС – бұл бірнеше айлар бойы күндіз-түні бірдей деңгейде өндірілетін базалық қуат көзі. Сонымен қатар, ол белгіленген қуатты пайдаланудың жоғары коэффициентіне ие. Осынысымен де энергияның үздіксіз өнді-рілуіне кепілдік бере алмайтын, желдің күшіне, ауа райына және жыл мезгіліне тәуелді өзге жаңартылатын энергия көздерінен ерекшеленеді. Бұл жоба болашақ ұрпақты тұрақты энергиямен қамтамасыз етіп қана қоймай, бірқатар экономикалық және әлеуметтік артықшылықтарға жол ашпақ. Яғни, инфрақұрылымды дамытуға оң ықпал ете отырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және салық түсімдерін арттыруға, инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Қауіпсіздікке қойылатын заманауи талаптар атом энергетикасының болашағына үлкен сенімділікпен қарау-ға мүмкіндік береді. Халықаралық қадағалаудың арқасында жобаның қауіпсіздігі мен ашықтығы жоғары дең-гейде болады. Бұл АЭС құрылысын елдің энергетикалық қауіпсіздік страте-гиясындағы маңызды қадамға айналдырады.
Осыған байланысты әрбір адам саналы таңдау жасай алуы үшін атом энергетикасының маңызды аспектілері туралы азаматтарға ақпараттық-түсін-діру жұмыстарын сапалы ұйымдастыру маңызды.
Азаматтар атом энергетикасы, атом электр стансаларының құрылысы мен жұмысы, олардың қауіпсіздігі мен қоршаған ортаға және денсаулыққа әсері сияқты өздерін толғандыратын өзекті сұрақтарға нақты жауап ала алуы қажет. Бұл шаралар әрбір қазақ-стандықтың атом энергетикасына қатысты барлық аспектілерге объективті баға беріп, референдумға толық және сенімді ақпаратпен қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берері сөзсіз. Өздеріңіз байқағандай, бүгін біз елдің одан әрі дамуына әсер ететін барлық маңызды шешімдер халықпен бірге қабылданып жатқанын көріп отырмыз. Жаңа саяси мәдениеттің мәні осында. Біз барлығымыз бірге жаңартылған Конституция үшін дау-ыс бердік. Қазір халық қабылдаған шешімнің дұрыс болғанын көріп отырмыз. Бұл жолы да халық өз таңдауын жасап, елімізде АЭС салу-салмау туралы шешім қабылдауы керек. Сондықтан да, «Ынтымақ – бұзылмайтын қорған, қосылып еккен ағаш – орман» демекші, әрбір азаматымыз дауыс беріп, осы тарихи бетбұрысты жасауға өз үлесін қоса алады деген сенімім мол.
Бекет АХМЕТОВ,
Еңбекшіқазақ аудандық мәслихаттың VІII шақырылым
депутаты, мәслихат төрағасы.