Түсінгенге татулық – таудай қазына, орала бермейтін бақыт құсы. Тұла бойы кішіпейілділік пен адамгершіліктен тұратын осынау бағымызды басымыздан тайдырып алмас үшін сыйластығымызға сызат түспеуі тиіс. Бұл ретте әр аймақтарда орын алған қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын күшейту маңызды. Осыны межелеген ауқымды шара ауданымызда абыройлы өтті. аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Елім-ай» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен түндігі түрілген форумға аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай, Алматы облыстық ҚХА жанындағы қоғамдық Келісім кеңесінің төрағасы Оралбек Жақиянов қатысты. «Ауылым – алтын қазынам» деп айдар таққан шараны аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әділбай Талқамбаев жүргізіп отырды.
Алдымен құрметті қонақтар әр ауылдық округ аумағында қоғамдық келісім кеңестерінің атқарылған жұмыстарын көрсеткен көрмені аралады. Сөйтіп, аудан басшысы өзінің құттықтау сөзімен шара шымылдығын түрді. – Бүгінгі күніміз ертең тарих. Ал сол тарихты жасайтын Сіз бен біз. Тәуелсіздік алған жылдардан бері еліміз қалай гүлденді. Оны көріп, біліп жүрміз. Тіпті, ауданымыздың өзі жыл санап танымастай өзгеріп келеді. Әлеуметтік мәселелер шешімін тауып, экономикамыз еселеп өсуде. Мұның бәрі ауданымыздағы 54 ұлт пен ұлыстың өзара сыйластығының жемісі. Осынау тарихи сәттерді қоғамдық келісім кеңестерімен бірігіп істеудеміз. Сондықтан бүгінгі мереке – татулық пен келісімнің бір арнада тоғысқан күні – дей келе,ұлтаралық татулық шеңберінде атқарылған ауқымды істерді баяндады. Өз кезегінде Ғабит Тұрсынбай: – Қоғамдық келісім кеңестерінің өкілдері әр деңгейлі әкімдердің кеңесшісіне айналған сәтте ұлтаралық татулық өз тұғырына толықтай қонады. Себебі, қазір бұл келісім кеңесінің құрамына, жастар, аналар кеңесі, ұлыстар өкілдері, тіпті тәртіп сақшылары да еніп отыр. Үстіміздегі жылы облыс бойынша әр деңгейдегі қоғамдық келісім кеңестерінің ұйытқы болуымен 3000-нан астам іс-шаралар өткізілді. Оның ішінде 400-ден астам түрлі түйткілді мәселелер түйіні тарқатылды. Бұл өз кезегінде қоғамдық келісім кеңестерінің қоғамымызға қажеттілігін көрсетеді», – деді.
Ал «Елім-ай» қоғамдық қо-рының төрағасы Жаңаберген Мұхамедов үкіметтік емес ұйымдарға көрсетіліп жатқан қамқорлықты жан-жақты сөз етті. Қор төрағасының айтуынша, 2014 жылдан күні бүгінге дейін 13 лоттың жеңімпазы атанып, 150-ге тарта түрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылған. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс аясында 250-ден астам әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, жетім, жартылай жетім балаларға қолдау көрсетілген. Кейіннен қоғамдық келісім кеңестерімен бірігіп жеті мәселені жүйелендіруде жұмыла жұмыс істеуге шақырды. – Осынау сәтті ұтымды пайдалана отырып, мен Сіздерді 7 мәселе бойынша бірігіп жұмыс істеуге шақырамын! Бірінші, ауданымыздағы ұлтаралық татулықтың мән-маңызын арттыруда еңбектену. Яғни, ішкі тұрақтылықты қам-тамасыз етуде насихат жұмыстарын жетілдіру. Себебі Көшбасшымыз «Этносаралық келісім – өміршеңдік оттегі» деді Жолдауында. Шындығында, ауызбірлік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан мақсат-мүдделер орындалмасы ақиқат.Екінші, конфессияаралық келісімді нығайтып, терроризм мен экстремизмге қарсы түсінік шараларына барынша атсалысу. Үшінші, Елбасымыздың дәстүрлі Жолдауларынан түспей жүрген әлеуметтік аз қамтылған топтардың жағдайын жіті бақылап, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жан-жақты қол ұшын беру тұрғысында жұмысты жетілдіру. Төртінші, Тәуелсіздіктің маңызын бүгінгі ұрпаққа ұлағат ету, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру.Бесінші, әлеумет арасында араздық, алауыздық тудыратын мәселелерді шешу. Тұрғындарға оң бағыт сілтеу. Алтыншы, елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатты тұрғындарға жан-жақты түсіндіру, саяси сауаттылығын арттыру. Жетінші және ең бастысы – жоғарыда атап өткенімдей, патриотизмді арттыру. Себебі, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа Қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік ел!» деп тайға таңба басқандай айғақтап берді, – деді.
Сөз алған аудандық аналар кеңесінің төрайымы Гүлнәр Жошыбаева отбасылық құнды-лықтарға айрықша тоқталды.
– Ежелгі замандардан бері отбасын Отан тәрізді ұлы құндылықпен қатар қойып, әлеуметтік ұйысу мен ұрпақ жалғастырудың ұлағатты ұясына балаған халқымыз үшін шаңырақ қай кезде де киелі ұғым болған.
Бұл ретте Төрелігін топтан озып айта білген Төлеби:
«Балаң жақсы болса,
Жан мен тәннің шырағы.
Қызың жақсы болса
Жайқалып өскен құрағы» – деген екен өз заманында.
Осы шағын ғана өсиет сөзден тұла бойы тұнған тәрбиелілік пен тектілік лебі сезіледі. Қыз бен ұлға өз ерекшеліктеріне қарай даралап тәрбие беру – қазақтың қанында ежелден бар қасиет. Сонау дәуірлерден дәуірлерге, ғасырлардан ғасырларға жалға-сып келе жатқан осынау тәр-бие жүйесінде ұл балаларды тәрбиелеуде шаңырағымның иесі ізімді жалғастырушы деп ерекше көңіл бөлетін болса, қыз баланы болашақ ана, ұлттың ұйытқысы ретінде тәрбиелеуде де осалдық танытқан емес.
Отбасы құндылықтарын дәріптеу, жас отбасыларына психологиялық көмек көрсету, бала бақытын еселеу, ене мен келін қарым-қатынасын нығайту – Аналар кеңесінің басты мақсаты.
Бұл үшін «Абайдың жолын» қазағының қолына ұстатқан Омарханның Мұхтары айтқан-дай, «Ел боламыз десек, бесігі-мізді түзейік».
Мінберге көтерілген аудандық қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Оксана Бондаренко да өрелі ойларын мемлекеттік тілде өрді. – Алқалы әлеумет! – деп бастады әңгімесін:«Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» – демекші, халқымыздың босағасын бе-рік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру елдік міндет, бағымыздың жанбағы Мәңгілік еліміз, ортақ Отаныз – Қазақстанды бейбітшіліктің бесігі етіп, барымызды бағалай білуімізге байланысты, – деді.
Оралбек Жақияновтың сөзі-нен кейін әр ауылдық округтердің бір жылғы қоғамдық келісім кеңестерінің қорытындысы жария болды. Нәтижесінде, үшінші орынды Бәйтерек ауылдық округі қоғамдық келісім кеңесі, екінші орынды, Рахат ауылдық округі қоғамдық келісім кеңесі, бірінші орынды Ават ауылдық округінің қоғамдық келісім кеңесі иеленді. Жүлдегерлерге диплом мен естелік картиналар ұсынылды. Ал үздік деп танылып, бас жүлдені қанжығалаған – Есік қаласы қоғамдық келісім кеңесіне арнайы диплом мен түрлі-түсті теледидар табысталды. Қатысушылардың бәріне аудан әкімінің атынан Алғыс хаттар берілді.
Иә, адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетек-шісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық екенін ұмытпайық!
Қайнар ЖҰМАҒОЖА.
Суретте: Еңбекшіқазақ Аудан әкімі Б.Ысқақ және Есік қаласының әкімі Б.Бименов.