3 сәуірде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов телефон арқылы сөйлесті.
Әңгімелесу барысында Елбасы өңірде болып жатқан оң өзгерістерден хабардар екенін айтты. Ең алдымен Нұрсұлтан Назарбаев коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бағытындағы жүргізіліп жатқан жұмыстарды сұрап білді. Облыс басшысы дер кезінде қабылданған шаралар вирустың таралуын тоқтатуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Мұнда жұмыстар «Nur Otan» партиясымен бірлесіп атқарылуда. Волонтерлар «Біз біргеміз» акциясының аясында аурудың алдын алуға елеулі үлес қосып келеді.
Елбасы көктемгі дала жұмыстарының дайындығына ерекше тоқталды. Бұл ретте Жетісу өңірінің ауыл шаруашылығы саласында көшбасшы аймақ екенін де еске салды.
«Биылғы жылы 1 миллион гектарға жуық егіс алқабы игеріледі. Яғни өткен жылмен салыстырғанда алқап көлемі 5 мың гектарға ұлғайтылды. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес біз қант қызылшасының бұрынғы даңқын қайта көтердік. Осы дақылдың егістік алқабы биылғы жылы 16 мың гектарға жеткізіледі, бұл облыстың екі қант зауытының шикізатқа деген сұранысын толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі.
Әңгімелесу барысында елдегі төтенше жағдай кезінде халықты жұмыспен қамту шараларына ерекше көңіл бөлінді. Бұл орайда Амандық Баталов Алматы қаласында карантин енгізілуіне байланысты қазіргі кезде облыс аумағында қалған шағын және орта бизнес саласынан жұмыстан шығып қалған азаматтардың мәселесін шешу ісіне жіті тоқталды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты қолдауға бағытталған игі шешімдер қабылдады. Алматы облысының басқару органдарының жүйелі жұмысының арқасында және мемлекеттік сараптама қорытындылары бар жобалық-сметалық құжаттардың дер кезінде дайын болуының нәтижесінде біз республикалық бюджеттен 109,2 миллиард теңге алдық. Бұл 22,8 мың жұмыс орнының құрылуымен 977 жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осы соманың 58,9 млрд. теңгесі немесе 54%-і әлеуметтік-мәдени саланың 429 жобасын жүзеге асыруға бағытталады.
Мұның бәрі сіздің Ұлттық әл-ауқат қорын құру туралы дер кезінде қабылдаған салиқалы шешіміңіздің арқасында мүмкін болып отыр», - деді Амандық Баталов.
Бұл ретте Елбасы Қор құру туралы шешім қабылданған жылдарда бұл бастамаға қарсы болғандар да болғанын еске түсірді. «Мен алдағы күндерде бізге ауқымды қаражат қажет болатын қиындықтар туып қалуы мүмкін екендігін білдім. Осымен бірнеше рет біз Ұлттық әл-ауқат қорын қолдану арқылы ауыр сынақтардан шығудың жолын таптық», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Амандық Баталов та тоқсаныншы жылдардағы жағдайларды еске алды. Ол кезде А. Баталов Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі болатын. Осы ауданның тұрғындарымен кездесуге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келген еді.
«Халықпен кездесуде айтқан сөздеріңіз әлі күнге есімде. Сонда сіз сәл шыдай тұру керектігін, экономиканы аяғынан тұрғызуға барлық жағдайды жасап жатқанымызды айттыңыз. Сол айтылғандардың барлығы да орындалды. Сіздің басшылығыңызбен еліміз экономикада елеулі табыстарға қол жеткізді, әлемдік қауымдастықта беделге ие болды. Бүгінгі орын алған жағдайларды ескерсек, бұл қиындықты да лайықты еңсеретінімізге сенемін», - деді Амандық Баталов.
Облыс әкімімен әңгімелесуі барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбев Талдықорғаннан Үшаралға баратын жолдың құрылысы жайлы сұрады. Амандық Баталовтың айтуынша, мердігерлер биылғы жылы жаңа автомагистраль жолын ашуды жоспарлап отыр, ал қалған жұмыстар келесі жылы аяқталады. Сол сияқты Үшарал – Достық жолының жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын, бұл жұмыстардың биылғы жылы аяқталатынын да айтты. Ақши ауылына апаратын 70 шақырымдық жолды қамтитын бірінші кезең аяқталуда, ал екінші бөлігі биыл басталады. Бұл Жетісудың жақұты саналатын Алакөл көліне қазақстандықтардың және шетелдік туристердің қиындықсыз жетуіне жағдай туғызады.
Сонымен бірге облыс әкімі Елбасыға өңірдегі алма бақтарын дамыту жайлы да баяндады. Қазіргі кезде өңірде 24 мыңнан астам алма бағы бар, олардың басым бөлігінде тамшылатып суару әдісі қолданылады. Елбасы апортқа қатысты сауал қойды. Амандық Баталовтың айтуынша, өңірде алманың бұл сорты 2 мың гектарға егілген.
«Біздің алмаларда Іле Алатауының иісі бар, ол әсіресе Араб елдерінде ерекше сұранысқа ие. Бізге Премьер-Министр Асқар Мамин келгенде өнімдерімізді және оларда қолданылатын технологияны көріп, таңданды», - деді облыс әкімі.
Облыс орталығы Талдықорған қаласының қазіргі даму жағдайы да әңгімеге арқау болды. Елбасы қалаға келіп, халықпен кездескісі келетінін айтты.
«Екі мыңыншы жылдардың басында қала халқының саны 97 мыңдай болғанын және олардың көпшілігі басқа жаққа көшкісі келгенін сізге баяндаған едім. Қазіргі кезде мұндағы халықтың саны екі есеге өсіп, 180 мыңнан асты. Сіздің қолдауыңыздың арқасында біз көптеген әлеуметтік маңызды жобаларды іске асырдық. Биылғы жылы 280 орындық студенттер жатақханасының құрылысын аяқтаймыз, Олимпиадалық бассейн салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Сіздің «Нұрлы жол» бағдарламаңызбен көп балалы отбасыларға коттедж үйлерді пайдалануға бергенімізде азаматтардың көпшілігі сіздің атыңызға, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына алғыстарын білдірді», - деді облыс әкімі.
Телефон арқылы әңгімелесу соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жемісті еңбектері үшін өңір халқына ризашылығын білдірді. Ол біздің барлық күшіміз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындаудың маңайына шоғырландырылуы тиістігін атап өтті. «Тек біздің ынтымағымыз бен бірлігіміз ғана қазіргі қиындықтарды еңсеруге көмектеді», - деді сөзінің қорытындысында Нұрсұлтан Назарбаев.

Анар Сабырова

Қазақстандық ғалымдар COVID-19 коронавирус инфекциясын анықтайтын екі тест жасап шығарды, деп хабарлайды Хабар 24.

Отандық өнім шетелдік тестпен салыстырғанда дәлдігі жағынан жоғары және адам ағзасындағы қауіпті инфекция туралы мәліметті небәрі 5 сағатта анықтап береді. Қазіргі кезде адамзат үшін өте маңызды тест аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының Орталық референц-зертханасында жасалған.

Мына пакеттердің ішінде реагенті бар кішкентай құтылар жатыр. Ғылыми аты қарапайым көрерменге аса таныс болмағанымен, пайдасы мол. Бұл тест дәріханаларда сатылатын өзге тестерге де ұқсамайды. Тынымсыз еңбектің арқасында отандық биотехнологтар үлкен табысқа қол жеткізіп отыр.

«Бұл тест бүгінде регистрацияға берілді. Оны да болашақта қолданысқа береміз деп отырмыз. Бізде ресейлік бар, европалық тест бар, Қытай Республикасынан келген тестер бар. Біздің тест олардан, өзінің сезімталдылығы жағынан бірдей. Бізге жаңағы материал түскен кезде біз осыны 5-6 сағаттың ішінде дәлелдеп оның жаңағы оң нәтиже, теріс нәтиже екені туралы қорытындымызды бере аламыз», - дейді М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ҰҒО бас директоры Тоқтасын Ерубаев.

Шын мәнінде елімізде қазір екі тест жүйесі бар. Қазақстандық ғалымдардың екі тобы бір мезгілде тест жасауды қолға алған болатын. Олар зерттеу жұмыстарына қаңтар айында, елімізде коронавирус инфекциясы тіркелмей тұрып-ақ кіріскен. Денсаулық сақтау, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің биотехнологтары екі зертханада, бірақ бір ғимараттың ішінде жұмыс істейді.

Айта кетерлігі, Орталық референц-зертхананы американың құпия зертханасы деп шатасып жүргендер бар екен.

«Ол сөздер еш жерде дәлелденбеген. Бұл Орталық референттік лаборатория. Тек қана Қазақстанның мамандары жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін 20 жылдың бірінші қаңтарынан бастап мынау финанстың барлығы Қазақстан үкіметі толық бөлген. Басында америкалық мамандар инженер дайындауға, маман дайындауға өздерінің көмегінің көрсетті. Бүгінде біздің өзіміздің инженер мамандарымыз жаңағы ғалымдарымыз, вирусолог мамандарымыз, бактериолог мамандарымыздың бәрі дайын», дейді Тоқтасын Ерубаев.

Орталықтың негізгі міндеті Қазақстанның биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазіргі таңда Ұлттық ғылыми орталық обаға қарсы вакцина шығарады. Бұдан өзге 41 диаогностикалық препарат жасайды. Олардың көмегімен адамзат үшін өте қаупті түйнеме, тырысқақ секілді ауруларды анықтауға болады.

«Қазақстандағы аса қауіпті аурулардың зеттеулері осында жүргізіледі. Бұл – үлкен ғылыми орталық. Мұндай лаборатория Орталық Азияда жоқ. Бұның өзінің үшінші реттіктегі биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз. Бұл лабораторияның Қазақстан үшін үлесі үлкен. Себебі біз негізінен ҚР территориясының 40 пайызы мына аса қауіпті аурулардың таралуы табиғатта бар. Сондықтан оның бәрін зерттеуді осы жерде жүргіземіз», - деп атап өтті аса қауіпті инфекциялар ҰҒО бас директоры.

Коронавирус инфекциясы тараған сәттен бастап әлемдік ғалымдар вакцина жасаудың жолын іздестіруде. Вакцина мәселесі қазақстандық ғалымдарды да алаңдатып отыр.

«COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина жасауға тек қана бір мемлекет емес, әлемдік қауымдастық көңіл бөліп отыр. Сол себепті тұтас консорциумдар құрылып, әр сала бойынша зерттеу жүргізіп жатыр. Біраз уақыт бұрын Ұлттық биотехнологиялар және аса қауіпті инфекциялардың Ұлттық ғылыми орталығы үкіметке отандық вакцинаны жасап, өндіріске беру туралы ұсыныс жасадық», - дейді «Ұлттық биотехнологиялар орталығы» АФ директорының орынбасары Юрий Скиба.

Әрине, коронавирусқа қарсы дәрі немесе вакцина шығару тест жасаумен салыстырғанда қиын. Оған бірнеше жыл кетуі мүмкін. Кісідегінің кілті аспанда дейді. Эпидемия қайталанатын болса, вакцинаны елге жеткізгенше де біраз уақыт кетеді. Сондықтан отандық вакцинаның болуы өте маңызды. Ал біздің ғалымдар жасаған тест екі айдан кейін диагностикалық зертханаларға жеткізіледі деген болжам бар.

Мінеки, Орталық референц-зертхана қазақстандықтардың биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды зерттеулермен айналысуда. Әрине стратегиялық нысан болғандықтан екінің бірі кіре алмайды. Биік қоршаумен қоршалған.

Бірақ америкалық сарбаздар мен шетелдік биотехнологтарды көргеніміз жоқ. АҚШ-тың құпия зертханасы бар екен деген қауесет қана. Жабық нысандардың төңірегінде түрлі әңгімелер болатыны бұрыннан белгілі жайт.

Сенбі, 04 Сәуір 2020 08:37

ІНДЕТ пен МІНДЕТ

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында еліміздегі төтенше жағдай кезіндегі ахуал мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың 31 наурыз күні мәлімдемесіндегі міндеттер және осы кездегі әрбір азаматтың міндеті хақында өз пікірін білдірді.

Алдымен індет туралы

Коронавирус пандемиясы жер жүзіндегі пенде біткеннің барлығы бірдей екенін, ешкімнің ешкімнен айырмашылығы жоқтығын көзімізге шұқып көрсетті. Бай мен кедей де, патша мен пақыр да, ақ пен қара да індеттің алдында бірдей. Бөлмейді, жармайды. Кім екеніңе қарамайды. Емі табылмағанымен қоймай, шекара деген түсінікке бағынбайды. Елден елге, жерден жерге еркін көшіп жүре береді. Жолындағысының бәрін жалмап бара жатыр. Індетті жұқтырмаудың, жақындарыңды аман сақтаудың төте жолы тыныш қана үйіңде отыру екенін түсінуіміз керек. Түсініп те келе жатырмыз. Жәй жүрмей ауру тасып, өзіңнің де, өзгенің де басын қатерге тікпейік десек, шаңырағымыздан шықпауымыз қажет. Келін түсіріп, қыз ұзатып, ас беріп жинала берсек, онда мұның алдын алу, жолын бөгеу мүмкін емес. Елімізде Төтенше жағдай бекерден-бекер енгізілген жоқ. Тәртіпке бағыну, сақтау шарт. Сондықтан өзімізге өзіміз жау болмасақ, үйден шықпайық, отбасымызды, халқымызды сақтайық.

Енді міндет жайында

Төтенше жағдай дедік. Қазақстан ТМД елдерінің арасында қатаң тәртіпті бірінші боп қолға алды. Төтенше жағдай жарияланды. Қалалар карантинге жабылды. Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантиннің талаптары күшейтілді. Ел бәрінен хабардар.

Бұл шаралардың салдарсыз емес екені де анық. Қаншама адам жұмыстан шығып қалып, кәсіпорындар жұмыстарын тоқтатып жатыр. Жұмыссыз қалмағаны ақысыз демалысқа жіберілді. Экономикалық тұрғыдан өте ауыр кезеңді бастан өткеріп отырмыз. Дағдарыстың салқыны ешкімді айналып өтіп жатқан жоқ. Мұндай сын сағатында мемлекет өз азаматтарына қамқорлық жасауға міндетті. Тарықпауын қамтамасыз етуі керек. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурыз күні мәлімдеме жасады. Мәлімдемемен жұрт танысты, қандай мәселелердің айтылғанынан хабардар деп ойлаймын. Сонда да болса кейбір тұстарына тоқтала кетейін.

• Төтенше жағдайға байланысты төленетін 42500 теңге көлеміндегі қаражат бұрын тұрақты жұмыс істеп, жалақы алғандарға ғана емес, сондай-ақ өзін өзі жұмыспен қамтыған және ресми тіркелмей еңбек ететін азаматтарымызға да берілетін болды.

• Тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың санаты кеңейеді. Осының арқасында 800 мыңнан астам адамға көмек көрсетіледі.

• Шағын және орта бизнес өкілдері 6 айға (биылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін) еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан және басқа да төлемдерден босатылады.

Мемлекет басшысы қол қусырып қарап отыратын кез емес екенін біледі. Сондықтан осындай нақты шаралар қабылданып жатыр. Мұның барлығы әлеуметтің әлеуметтік жағдайының әлсіреп кетпеуіне, дағдарыстың салдарын жеңілдетуге, елдегі экономикалық тұрақтылықты сақтауға көмек болады, септігін тигізеді. Яғни, мемлекет өзіне жүктелген міндетті орындап жатыр деуге толық негіз бар.

Әрбір азаматтың міндеті хақында

Төтенше жағдайдың қай кезде енгізілетінен қалың жұрт хабардар ғой деп ойлаймын. Көбіне соғыс жағдайында. Айтқан жерден аулақ, еліміздің шеті бүтін, іші бейбіт. Дегенмен мына індеттің шығыны соғыспен пара-пар болуы мүмкін. Қазір көзіміз көріп, қолымыз ұстамаса да майдандағыдай әрекет жүріп жатыр. Әсіресе, дәрігерлер күнмен, түнмен санаспай әрбір ауру жұқтырған адамның жанын аман алып қалу үшін айқасуда. Бір адам коронавирус жұқтырса, айналасындағы жүздеген кісіге қатер төндіреді. Мылтық кезенбей-ақ, оқ атпай-ақ адамдар өзінің салғырттығынан, жауапсыздығынан қаншама азаматтың басына нәубет әкеледі. Майдан деген де біз осыны да меңзеп отырмыз. Сол себепті әрбір кісі майданда жүргендей жауапкершілікті сезінуі керек. Әйтпесе, немқұрайлылық өкіндіріп тындыруы мүмкін.

Күні кеше бізге көп нәрсе керек еді, көп дүниеге көңіліміз толмайтын. Президенттің Баспасөз хатшысы ретінде емес, штатив арқалап, сюжет жасап елдің арасында жүріп жетілген журналист ретінде қоғамдағы пікірлердің бәрінен хабардар екенімді айтқым келеді. Тіршілікте барлығы қажет, көңіл толмастық болады. Ол қалыпты дүние. Ал қазір ше? Қазір бізге бір ғана нәрсе керек. Ол - амандық. Әрбір қазақстандық пен тұтас халқымыздың, жалғыз Отанымыздың амандығы қажет. Президентіміз де халыққа жасаған әр мәлімдемесінде осыны қайталап айтуда. Амандық болмаса, ауру шалса, ештеңенің керек болмай қалатынын анық түсіндік. Әсіресе, мынадай алмағайып, қысылтаяң, сындарлы шақта бір-бірімізден кемшілік іздемей, мін термей, сүрініп кетсе, табаламай, аяқтан шалмай, арам ойламай, қайта бірімізді біріміз қолдап, қамқорлық танытып, жәрдем жасап, қолтығымыздан демеп, бірлік көрсетейік.

Әдетте біз өзімізге өзгені мысал ретінде келтіруге құмармыз ғой. Америкада торнадо, Жапонияда цунами болып, соның салдарымен бүкіл ел жұмылып күресіп, бір-біріне жәрдемдесіп жатқанда өзімізге үлгі етеміз. "Міне, ел деген осындай болу керек" деп жатамыз. Біз қашанғы өзгені зор санай береміз? Неге қайта басқаға біз үлгі болмаймыз?!

Елдігімізді, тұтастығымызды танытайық. Алақандай жердегі ат төбеліндей ғана халықпыз ғой. Алатайдай бүлінбей, "сен-мен" деп бөлінбей, мына сынақтан барлығымыз бір үйдің баласындай, бес саусақтың саласындай бірігіп өтейік. Біздің алдымызда тұрған басты міндет осы. Елдің де, ердің де сыналатыны осы шақ. Сыналған сәтте сыр беріп қалмайық, ағайын!
#БізБіргеміз

«Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілер арнаулы жиындарға шақырылсын.

2. Астананың, республикалық маңызы бар қалалардың және облыстардың жергілікті атқарушы органдары:

1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабымен келісу бойынша шақырылатын әскери міндеттілердің санын және арнаулы жиындарды өткізу мерзімдерін айқындай отырып, тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыруды жүргізуді ұйымдастырсын және қамтамасыз етсін;

2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

3. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

                 Президенті                                                                                                                       Қ.Тоқаев

 

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жылғы 2 сәуір

                         № 296

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысы өтті.

Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, өңірлердегі ахуал туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов, Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаев, Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов, сондай-ақ Қызылорда облысының әкімі Г. Әбдіқалықова, Жұмыспен қамтудың жол картасын іс жүзіне асыру шаралары туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов, Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев пен Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек, аумақтық әскерлерді арнаулы жинақтау туралы қорғаныс министрі Н. Ермекбаев баяндады. 

Мемлекеттік комиссия коронавирус инфекциясының таралуын шектеу мақсатында қызметі екі мегаполистің тіршілік әрекетін қамтамасыз етумен және тұрғындардың денсаулығымен байланысты ұйымдарды қоспағанда, барлық кәсіпорындар мен ұйымдар үшін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында күшіне енген жұмыссыз режимді осы жылдың 13 сәуіріне дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Мемлекеттік комиссия Шымкент қаласы әкімінің биылғы 4 сәуір күнгі сағат 21:00-ден бастап қалада карантин енгізу туралы ұсынысымен келісті.

Ауруханаішілік жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында Үкімет басшысы әкімдерге инфекциялық, провизорлық және карантиндік нысандардағы санитарлық талаптардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тез тұрғызылатын құрылымдардан үш жұқпалы аурулар ауруханаларын салу туралы шешім қабылданды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ТЖ кезеңінде жеке қорғаныш құралдарын шығаруға бақылауды қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдау, Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде қауіпсіздік пен жұмыс істеудің жекелеген алгоритмін әзірлеу тапсырылды.

Отырыс барысында Жұмыспен қамтудың жол картасын (ЖҚЖК) сапалы жүзеге асыру, оның ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен басқа да өңірлерде нақты жобаларды тез арада бастау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Оған қоса Үкімет басшысы әкімдерге кем дегенде 240 мың жұмыс орнын құруды, отандық өндірушілердің тауарлары мен қызметтерінің  кемінде 90%-ын пайдалануды қамтамасыз етуді, ЖҚЖК аясында жұмысқа орналастыру үшін мобильді рекрут пункттерін құруды, жұмыссыздарды жобаларға Электрондық еңбек биржасы арқылы тартуды тапсырды.

Премьер-Министр төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандардың төлем алуы (42 500 теңге) үшін азаматтарға есепшот ашу жұмыстарын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.   

Мемлекеттік комиссия мектеп оқушыларының төртінші тоқсанда қашықтан оқу мәселесін қарастырды. 

«Білім және цифрлық даму министрліктеріне қашықтан оқыту процесіне мониторинг жүргізіп, әдістемелік қолдау көрсетуді тапсырамын», — деді А. Мамин.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әскери міндеттілерді Қарулы күштердің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін арнаулы жиындарға шақыру мәселелері, сондай-ақ экономиканың секторларында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты аса зардап шеккендерді Қызмет түрлерінің тізіміне енгізу үшін қажетті ұсыныстар қаралды, олар 1 сәуірден 1 қазан аралығында еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді төлеуден босатылады.

 Дереккөз: primeminister.kz

Эпидемиологиялық жағдайда сауда және қызмет көрсету нысандарында уәкілетті тұлғалармен бағаны алыпсатарлық арттыру, жұмыс кестесі, сондай-ақ санитарлық талаптардың сақталуына тексерулер жүргізілуде.

Бұл жағдайда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің көріністері орын алуы мүмкін, осыған байланысты пара беру, алу қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатындығын ескертеміз.

Жемқорлық көріністеріне қатаң түрде тосқауыл қойылады, ал кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жазаланады.

Осыған орай, егер Сізге сыбайлас жемқорлық фактілері туралы белгілі болса 1424 Call-орталығына хабарласуды сұраймыз.

Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы таратқан ақпараттарға қарағанда, 3 сәуір, сағат 09:40-тағы жағдай бойынша, Атырау облысында – 1, Солтүстік Қазақстан облысында – 3, Түркістан облысында -3, Ақтөбе облысында 2 адам коронавирус жұқтырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осылайша елімізде жаңа вирусты жұқтырғандар саны 444-ке жетті.

Нұр-Сұлтан қаласы – 199

Алматы қаласы – 91

Шымкент қаласы – 11

Ақмола облысы – 19

Ақтөбе облысы – 7

Алматы облысы – 9

Атырау облысы – 20

Шығыс Қазақстан облысы – 3

Жамбыл облысы – 6

Батыс Қазақстан облысы – 2

Қарағанды облысы – 21

Қызылорда облысы – 26

Маңғыстау облысы – 1

Павлодар облысы – 1

Солтүстік Қазақстан облысы – 14

Түркістан облысы – 14

 

Шұғыл штаб таратқан мәліметтерге қарағанда, COVID-19 індетін әлемде 1 016 910 адам жұқтырған. Қайтыс болғандар саны – 53 211, емделіп шыққандар – 212 991.

Тараптар әлемдегі коронавирус індетінің таралуына қатысты қазіргі ахуалды және оның салдарын жою жөніндегі бірлескен шараларды талқылады.

Шарль Мишель елімізде COVID-19 вирусының одан әрі таралуына жол бермеу үшін Қазақстан Президентінің нақты іс-қимылдары мен шешімдеріне жоғары баға берді. Оның айтуынша Қазақстан Орталық Азия аймағындағы Еуропалық одақтың аса маңызды серіктесі саналады. Осы ретте еліміздің індетке қарсы күрес жөніндегі халықаралық және өңірлік іс-шараларға атсалысуының маңызы зор екенін, оның Брюссельде жоғары бағалайтынын жеткізді.

Еуропалық Кеңестің басшысы Қазақстан Президентінің шағын және орта бизнесті қолдау, азаматтарды жұмыспен қамту, мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындау мақсатында дағдарысқа қарсы қабылдаған іс-шараларын ерекше атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Қазақстанның нақты шешімдер қабылдайтынын айтты.

Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы Еуроодақ өкіліне пандемияға қарсы күрес бойынша Ресейдің, Қытайдың және Орталық Азиядағы бірқатар елдердің басшыларымен телефон арқылы жүргізген келіссөздердің қорытындылары туралы ақпарат берді.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің коронавирусқа қарсы күреске бағытталған, оның ішінде, халықаралық қаржыландыру (5 трлн. доллар) арқылы әлемдегі әлсіз мемлекеттерге көмек көрсету жөніндегі гуманитарлық жоспарын ілгерілету жайындағы бастамасын қолдайтынын айтты.

Тараптар Қазақстан мен Еуропалық одаққа мүше елдер арасындағы қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, атап айтқанда, Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы Серіктестік пен ынтымақтастықты кеңейту туралы жаңа келісімді жүзеге асыру туралы пікір алмасты.

Мемлекет басшысы аталған құжаттың саяси диалогты одан әрі нығайтудың, Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыруға берік негіз болатынын мәлім етті.

Cөз соңында тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселеге назар аударды. Атап айтқанда, Шарль Мишель Астана форматы аясында өткен Сирия келіссөздерінің преспективасына қызығушылық танытты. Қасым-Жомарт Тоқаев Сириядағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу жөніндегі Женева процесін жалғастыратын келіссөздердің кезекті кезеңін өткізу үшін Қазақстанның өз алаңын ұсынуға дайын екенін нақтылады.

Телефон арқылы сөйлесуге еуропалық тарап бастамашы болды.

Дереккөз: akorda.kz

Талдықорған қаласында 2020 жылдың 01 сәуірінде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) жанындағы Open Space форматында жұмыс істейтін "ANTIKOR ORTALYǴY" атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы сервистік орталығы ашылды.

"ANTIKOR ORTALYǴY"-ның ашылуы Алматы облысының әкімі А. Баталовтың және Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент басшысы Е. Мақажановтың қатысуымен өткізілді.

Антикор орталығы – Қазақстан Республикасы Президентінің жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау мақсатында салынған жаңа форматтағы және де барлық талаптарға сәйкес келетін фронт офис.

Ескерту: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сервистік орталықтарды ашу Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы А. Ж. Шпекбаевтың бастамасы болып табылады. Өз кезегінде, Алматы облысының әкімі А.Баталов Алматы облысында да осындай сервис орталығын ашу бастамасын қолдады. Айта кету керек, республика көлемінде Алматы облысы "ANTIKOR ORTALYǴY" атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет көрсету орталығы ашылатын 14-ші өңір болып табылады.

"ANTIKOR ORTALYǴY"-ның ерекшелігі Open Space форматында салынғаны болып табылады.

Бүгінгі күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстанда осындай ашық форматта жұмыс істейтін бір ғана құқық қорғау мекемесі болып табылады.

Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Е. Мақажановтың айтуынша: «"ANTIKOR" сервистік орталығында іс жүргізу офицері, Департаменттің превенция басқармасының, сондай-ақ "Жетісу-адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің қызметкерлері жұмыс істейтін болады. Бұл мамандардың барлығы азаматтардың өтініштерін тыңдайды, кеңес береді және заң шеберінде мәселелерді шешуге жәрдемдесетін болады.

Сонымен қатар, "ANTIKOR" сервис орталығының алаңында арнайы мониторингтік топ пен ақпараттық-насихаттау штабының өкілдері негізгі жобалық бағыттар бойынша диалогтық кездесулер жүргізе алады».

"ANTIKOR ORTALYǴY"-ның конференц-залында апта сайын тілшілер үшін брифингтер, онлайн-конференциялар, мемлекеттік органдардың өкілдерінің қатысуымен әлеуеметтік желіде тікелей эфирлер өткізілетін болады.

Айта кету керек, "ANTIKOR ORTALYǴY" - ның келушілері де үшін қолайлы жағдай жасалған, күту залы және балаларға арналған ойын бұрыштары жасақталған.

А.Сабырова

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет