Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 6-ға жетті. 2020 жылы 15 сәуірде «COVID-19» жұқпасының 1 жағдайы тіркелді. Эпидемиологиялық тексеру кезінде науқаспен тығыз қарым қатынаста болған 53 адам анықталды. Барлық 53 адам карантиндік госпитальға жатқызылды. Барлығынан мұрын және жұтқыншағынан биоматериалдары алынып, облыстық зертханаға жолданды. 2020 жылы 17 сәуірде зертханалық қорытындылары шығып, нәтижесі бойынша 5 адамнан «COVID-19» жұқпасы анықталды.
Қазіргі таңда аудан бойынша барлығы 6 науқас тіркелді.
Бұл науқастар Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласының инфекциялық госпиталіне жатқызылды.
2020 жылы 17 сәуірде анықталға 5 науқаспен тығыз қарым-қатынаста болған 26 адам және потенциалды байланыста болған 13 адам анықталды. Барлығы 39 адамнан мұрын және жұтқыншағынан биоматериалдары алынып, облыстық зертханаға жолданды. Нәтижелері күтілуде. Байланыста болған адамдар карантиндік госпитальға жатқызылды.
6 науқаспен қатынаста болған 92 адам, оның ішінде 69 тығыз қарым қатынаста, 23 потенциалды карым қатынаста болған.
Коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың ең үлкені – 35 жаста, ал ең кішісі – 3 жаста.
Еске салсақ, бүгінгі күнге Алматы облысы бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 37-ге жетті, ал жазылып шыққандар – 8 адам.
Барлық тіркелген ошақтарда залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.

Кербұлақ ауданында коронавирус инфекциясының одан әрі таралуының алдын алу мақсатында аудандық штабтың келісімімен Сарыөзек кенті карантинге жабылды. Бұл туралы ауданның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Е.Ешкеновтың қаулысы қабылданды. Қазіргі уақытта карантин режимін қатаң сақтауды қамтамасыз ететін қызметтер жұмылдырылды.
Қаулы талаптарына сәйкес Сарыөзек тұрғындарының үйден шығуына тыйым салынады. Бір отбасыдан тек бір адамның ғана күніне бір рет азық-түлікке, дәріханаға баруына рұқсат етіледі. Карантин режимін бұзған азаматтар Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес әкімшілік жауапқа тартылады.
Ал медициналық ұйымдардың, мемлекеттік, құқық қорғау органдарының және шектеу шараларын жүргізуге тартылған басқа да ұйымдардың қызметкерлерінің жүріп-тұруы жұмыс орнынан анықтама немесе қызметтік куәлігі болған кезде ғана рұқсат етіледі.
Сарыөзек ауылы аумағының периметрі бойынша полиция қызметкерлері (әскери, әскери міндеттілер және басқалар), медицина қызметкерлері қатарынан, байланыссыз термометрия және посттарға келетін адамдарға сауалнама жүргізе отырып, 3 блок бекеттер орнатылды. Олар:
1. Сарыөзек – Талдықорған бағыты;
2. Сарыөзек – Алматы бағыты;
3. Сарыөзек – Жаркент бағыты.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің автокөлікте орнатылған дауыс ұлғайтқыш құралдарымен Сарыөзек ауылы көшелерінде және халық көп шоғырланатын жерлерде хабарландыру, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Қаулыға сәйкес Сарыөзек ауылының жолдардың жүру бөлігіне, тротуарларға және басқа да қоғамдық жиналатын орындарға жаппай дезинфекциялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімдігі тарапынан азық-түлік және тегін бетперделер таратылып барынша көмек-көрсетілуде. Ал 65 жастан асқан қариялар мен мүгедек жандарға азық-түлікті жеткізіп беру қызметі іске қосылды.
Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында карантин мерзімі 2020 жылдың 18 сәуір күні 00 сағ. 00 мин. бастап 01 мамырға дейін созылады. Шектеу іс-шараларының режимі мен мерзімдері коронавирустық инфекцияның (COVID-19) таралуы бойынша жағдайдың өзгеруіне сәйкес өзгертілуі мүмкін.

Кербұлақ ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесіп, Президентке өңірдің хал-ахуалы туралы кеңінен баяндады.

Алдымен Президент облыс әкімінен өңірдің қоғамдық саяси жағдайы туралы сұрады. Әкім өз кезегінде өңірдегі жағдай тұрақты екенін, халықтан келіп түскен сұрақтарға жедел жауап беріліп, өтініштердің шешімі жедел қарастырылатынын айтты. Бұл ретте жеке блог, БАҚ-тар мен әлеуметтік желілердің мүмкіндігі кеңінен қолданылуда. Сол сияқты бұл бағытта облыстағы жедел штаб бен call-орталығының жұмысы да белсенді жүргізілуде.

Президенттің коронавирустың таралуына жол бермеу шаралары жайлы сұрағына Амандық Баталов өңірде ең алдымен «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын жабу қолға алынғанын, облыс бойынша бастапқыда шектеудің күшейтілген шаралары қабылданғанын, қазір карантиндік режимге көшірілгенін айтты. Алғашқы кездің өзінен-ақ шекаралық аймақтар берік блокпосттармен нығайтылғаны, әсіресе Алматы қаласында карантин жарияланған бастапқы уақытта Алматы қаласының әкімімен бірлесіп, қосымша блокпосттар қою, блокпосттарды нығайту, қауіпсіздік шараларын күшейту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылғаны баяндалды. Бұл посттардың барлығын облыстық жедел штаб мүшелері аралап, жұмыс жағдайларын көріп шыққан.

Мұнан соң Президент халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын қолдау шаралары туралы сұрады. Облыс әкімі өңірде құрылған қайырымдылық қоры арқылы, волонтерлардың көмегімен мұқтаж отбасыларға жан-жақты көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті. Табысынан айырылуына байланысты берілетін 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем тұрғындар үшін үлкен көмек болып отыр. «Nur Otan» партиясы арқылы 162 млн. теңге бөлінді, «Біргеміз, Жетісу» қорына 150 млн. теңге жиналды, тағы 100 млн. теңгені меценаттар берді.

Бұдан әрі әңгіме көктемгі дала жұмыстарына ойысты. Амандық Баталов биылғы жылы себілетін егістік алқабы шамамен 1 млн. гектарға жуық болатынын жеткізді. Алматы облысы басым бағыттағы дақылдар ретінде қант қызылшасы, жүгері, картоп, алма бақтарына басымдық береді. «Биыл екі қант зауытын шикізатпен өзіміз толық қамти аламыз. Өткен жылы қант өңдеудің нәтижелі болғандығының арқасында бізде қанттың жеткілікті қоры жинақталған болатын. Бұл қазіргідей карантин жағдайында тек облыстың қажеттілігін қамтуға ғана емес, өзге өңірлерге де көмектесуге мүмкіндік берді», - деп атап өтті облыс әкімі

Президенттің тапсырмасымен көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде бастауға орталық органдар үлкен қолдау білдірген. Егіс жұмыстарын несиелеуге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан несие беру, «Жетісу» ӘКК арқылы жоғары өнімділікті тұқымдар сатып алу, жеңілдікпен берілген жанар-жағармай материалдары – мемлекет тарапынан көрсетілген осы қолдаулардың барлығы өңір шаруалары үшін зор көмек болып отыр. Бұл орайда жетісулық шаруалардың ризашылығы ерекше екенін де облыс әкімі атап өтті.

Әңгімелесу барысында «Жұмыспен қамту жол картасын» жүзеге асыру жайлы да сөз болды. Облыс әкімі өңірге бұл мақсатқа 109,2 млрд. теңге бөлінгенін айтты. Карта аясында 700-ден астам жоба жүзеге асырылып, соның нәтижесінде 23 мың жұмыс орны құрылып, облыстағы инфрақұрылымдар жақсартылады. Бұл қаржының тең жартысы әлеуметтік салаға бағытталатын болады. Өңірде 23 мектеп тұрғызылады, соның 7-еуі Карта аясында салынады. Бұл үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге үлкен көмек болмақ. Сол сияқты 5 аурухана салынады. 53 елді мекенде сумен қамту, 84 ауылда абаттандыру жұмыстары жасалып, 220 елді мекенде 500 шақырым жол жөнделеді. «Жұмыспен қамту жол картасы» жобаларын жүзеге асыру барысында жұмысшылардың 50 %-ін жергілікті жұмыспен қамту орталықтары арқылы алу көзделген.

Мемлекет басшысының жеке қорғаныс құралдарымен қамту туралы сауалына А. Баталов маска тігу барлық ауданда жаппай қолға алынғанын айтты. Осы іспен шағын және орта бизнес нысандары, сонымен қатар Талдықорғандағы «Ажар», Іле ауданындағы «"Dolce-Pharm"» сияқты ірі кәсіпорындар да айналысып жатыр. Мәселен, «"Dolce-Pharm» ЖШС күніне 150 мыңдай маска тігіп шығаруда. Бұл ретте коронавируспен күрес шараларына тартылған медицина мамандарының барлығы қажетті қорғаныс құралдарымен 100 % қамтамасыз етілгенін айтты.

Әңгімелесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина мамандарын және басқа да індетпен күрес шараларын атқарушы қызметкерлерді, жалпы тұрғындарды жеке қорғаныс құралдарымен қамтудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, ерекше тапсырды. Амандық Баталов өз кезегінде Елбасының, Президенттің берген тапсырмаларын орындауда жүйелі жұмыстар атқару жалғаса беретініне сендірді.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

"Еңбекшіқазақ" аудандық қоғамдық-саяси апталық № 16 (6954) 17.04.2020

Газеттің PDF нұсқасы 

 

Жұма, 17 Сәуір 2020 10:26

Қазақ болуға қалайсыз?

Әрбір ұлттың өзіне тән әдет-ғұрып, салт-дәстүрі бар. Аты-жөнін, тегін ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып жаздыруға да құқылы. Демек, тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатын, 70 жыл бойы орыстандыру саясатын басынан кешкен қазақ халқы да аты-жөнін, тегін -ов, -ев, -ева, -ова жалғауларынсыз жаздыруға құқылы. Алайда өзіміз қазақ болуға қалаймыз?...

Анығы осы. Аты-жөніңіз бен тегіңізді қазақы жаздыру - таза қазақ болудың алғышарттарының бірі. 1917 жылы жалпықазақ съезінде Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан: «Қазақтың аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «-ов, -ев», – деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын, біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!», – деп үндеу тастап, арнайы қаулы қабылдаған. Ал қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде батыр Бауыржан Момышұлы елеулі екі бердей ерлік жасағанын ешкім де жоққа шығармас. Алғашқысы, батырдың ешкімнен именбей, өз тегін қазақша жаздыруында. Екіншісі, сол тегін арқалай жүріп, Ұлы Отан соғысында теңдессіз ерен ерлік жасағандығы. Ұлттық рухын жығып алмай тік ұстаған батыр бабамыздан неге үлгі алмасқа?

Сондай-ақ, Елбасының 1996 жылдың 2 сәуіріндегі №2923 Жарлығының 1-тармағында: «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып, бірге жазылады» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Ал «Неке және отбасы туралы» заңның 28-бабында: «Тууды тіркеу кезінде ұлты қазақ азаматтардың атын, әкесінің атын және тегін мына төмендегі үш мүшелік антропонимдік белгілеу жүйесі: аты, әкесінің аты, тегі бойынша дұрыс жазуға және айтуға назар аудару керек. Мұнымен қатар азаматтардың қалауы бойынша қазақтың тегі мен әкесінің атын жазу кезінде қазақ тіліне жат — ов, — ев, — ова, — ева, — ин, — и, — ины, — на, — овна, — евна, — ович, -евич жұрнақтары алынып тасталып, олардың орнына «ұлы, қызы» жалғаулары бірге қосылып жазылады» делінген. Сонымен қатар, қазіргі ереже бойынша «-ов» және «-ев» жалғауларынан арылғысы келетін азаматтар екі түрлі нұсқаны таңдай алады екен. Бірі – тегінің түбірін қалдыру, екіншісі – «-ұлы», «-қызы» деген сөзді жалғау арқылы. Демек, таза қазақ болу өз қолыңызда.

Ауданымызда кеңестік кезеңнің көзін көрген тұрғындар болмаса, еркін елде дүниеге келген нәрестелердің тегі түгелдей дерлік қазақша жазылуда. Бұл турасында аудан әкімдігі азаматтардың хал-актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Ғалия Кулимбаева мынандай мәліметтер берді. Ағымдағы жылдың қаңтар айында ғана туған нәрестелерге туу туралы куәлік алу үшін аудан тұрғындарынан 370 өтініш түскен. Оның 238 өтінішін қазақ ұлтының өкілдері берген. Осы өтнішітер бойынша дайындалған құжаттарға ов, ев, ова, ева жалғауларынсыз ұл туса ұлы, қыз туса қызы деген жалғаулармен жазылған.

«Ештен кеш жақсы» дейді дана халқымыз. Әлихан Бөкейхан көтерген ұлттық идея, ұлт болып ұйысуымызда алғышарттың бірі десек, еркін елде дүние есігін ашқан нәрестелер батыр Бауыржан Момышұлындай қайсар, Абай Құнанбайұлындай дана, Ахмет Байтұрсынұлындай кемеңгер болғай.

Әділет САРЫБАЙ

Жұма, 17 Сәуір 2020 10:10

Жаңа қадам – жаңа талпыныс

Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі. Осы орайда Рахат ауылдық округі №1 орта мектебінде білім, білік дағдыларды алу үрдісі оқытушы мен білім алушылардың алшақтығына қарамастан жаңа ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың көмегімен қашықтықтан жүзеге асырылып отыр.

Қашықтықтан оқыту технологиясын қолдану арқылыбілім берудегі мақсатымыз – сапалы білім беру қызметінде білім алушылардың мүмкіндіктерін кеңейту, олардың білім қажеттіліктерін тұрғылықты жеріне, әлеуметтік жағдайына, жасына, денсаулығына және өмірдің өзге себептеріне қарамастан қамтамасыз ету. Мұғалім-оқушы-ата-ана. Осы үштік біріккенде қашықтан оқыту нәтижелі болады. Демек, мұғалім, ата-ана, оқушы арасындағы сенімді сыйластықты, бір-біріне деген қарым-қатынасты нығайта отырып, білім беру жүйесіндегі өзгерістерге қолдау көрсетсе, үлкен жетістік болары сөзсіз.

Қазіргі уақытта қашықтықтан өткізілетін сабақтарға мұғалімдер мен оқушылар жоғары деңгейде қатысуда. Білім алушылардың интербелсенділіктерін арттыру мақсатында өзара әрекет етудің online-offline стандартты сервистерінен басқа (чат, конференция, электрондық пошта) қашықтықтан сабақты өткізу сервистері қолданылуда. Әлеуметтік жағдайы төмен оқушыларды пәндік тапсырмалармен қамтамасыз етуде 12 еріктілер тобы жұмыс жүргізуде. Алдағы уақытта мектеп педагогтарының кәсіби шеберлігінің және әрбір оқушыға деген сезімтал қарымқатынастың арқасында біздің балаларымыз іргелі білім алып, өздерінің қабілеті мен таланттарын дамыта алады.

Жаңа бағыт, жаңа жүйе қоғамның кез келген өзгерісіне бейім, жаңашылдыққа жаны құмар ауданымыздың жас ұстаздарының қоғамдастықта инновациялық құралдар арқылы қашықтықтан білім беруі біз үшін тиімді деп айта аламын. Себебі, біздің кәсіби деңгейімізді жетілдіруге, педагогикалық шеберлігімізді шыңдауға, білім алушыларға психологиялық қолдау көрсетуге, ақпараттық коммуникациялық технологиялар арқылы тәжірибе алмасып, бір-бірімізге бағыт-бағдар беруге, интернет арқылы ұйымдаса отырып жұмыс жүргізуге қашықтықтан оқыту зор мүмкіндік беруде. Демек, алдағы уақытта табысты, позитивті, шығармашыл, ізденімпаз жаңа формация педагогы ретінде қалыптасуға жол ашты. Әрі болашақта, білімнің тиімді технологияларын қолдана отырып, өзін-өзі дамытуға құштар, икемді, ақпаратты, интеллектуалды жас ұрпақ тәрбиелейміз!

Мадина ЕДІЛ,

«Рахат ауылдық округі №1 орта мектебі» КММ

директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Жұма, 17 Сәуір 2020 10:04

Індетті жою – ортақ мүдде

Емі жоқ індет әлем кеңістігін кезіп жүр. 17 сәуір күнгі мәліметтерге сәйкес – 2 млн 182 мың 823 адам аталған індетті жұқтырған. Аты жаман аурудан, әсіресе, АҚШ, Испания, Италия, Франция және Германия мемлекеттері зардап шегуде. Ел шебіне енген індет қазақстандық азаматтарды да әуре-сарсаңға салып, жұқтырғандар саны күн санап арту үстінде. Осы себепті жедел түрде төтенше жағдай енгізіліп, аудан аумағында да алдын алу шаралары жүргізілді. Атап өтетіні, аталған індетпен күрес майданында алғы шепте дәрігерлер қауымы жүр. Өз өмірлерін қатерге тігіп науқас адамды ажалдан арашалап қалу жолында жан сала еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандар мен аудандық көпсалалы емхананың қауіпті індетпен күресудегі әлеуеті жайында емхана басшысы медицина ғылымдарының кандидаты, Жамиля Абеуовамен сұхбат жүргізген едік.

– Жамиля Санаққызы аудан аумағындағы қауіпті індеттің алдын-алу шаралары жайында айтып өтсеңіз?

– Бүгінгі таңда аудандық көпсалалы емхана персоналы күшейтілген карантин режимінде жұмыс істеп жатыр. Бұл дегеніміз емхананың өз ішінде дезинфекция жұмыстарын жүргізуден бастап, барлық қызметкерлер қорғаныс киімдері мен міндетті түрде бетперде және қолғап киіп жүруі тиіс. Сондай-ақ, келімді-кетімді адамдардың бәрі тексеріліп, келушілердің науқастармен қарым-қатынасы шектелді. Бұл – ең алдымен емхана қабырғасындағы дәрігерлер мен науқастардың қауіпсіздігі үшін істелген шара. Ал аудан аумағында індет кеңінен таралған жағдайда, облыс және аудан әкімдігімен бірлесіп жасалған жұмыс жоспарлары бекітілген. Жоспарға сәйкес аудан аумағында науқастар немесе күдікті тұлғалар анықталған жағдайда емхана ҚР денсаулық сақтау министрлігі облыстық және аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау қызметінің сілтемесімен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігі бекіткен алгоритмге сәйкес жұмыс атқарады.

– Бұл жұқпалы індетпен күресуде емханада эпидемиолог мамандар бар ма?

– Әрине емханамызда екі бірдей эпидемиолог маманымыз бар. Сондай-ақ, ҚР денсаулық сақтау министрлігі облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің эпидемиолог мамандарымен бірлесіп, бүгінгі таңда індеттің ошағы Алматы қаласына аудан аумағынан барып-келіп жұмыс істеген екі мыңнан аса адамды үй бақылауында ұстап отырдық. Олар індеттің анықталу кезеңі екі апта бойы қатаң бақылауда болып, карантиндік мерзімнен шықты. Алайда, бүгінгі таңда індет жұқтырушылармен қарым-қатынаста болған және шет мемлекеттерден келген бақылауымызда үй карантинінде отырған аудан тұрғындары бар. Сондай-ақ, індетке шалдығу қаупі басым бұрыннан созылмалы ауруларға шалдыққан тұрғындармен және жүкті әйелдермен, жаңа туылған нәрестелері бар аналарға қызметкерлеріміз үнемі хабарласып, қашықтан бақылау жүргізуде.

– Аудан аумағында коронавирус індетіне шалдыққан тұрғындар бар ма?

– Аудан аумағында аталған індетке шалдыққан тұрғындар бар. Сондай-ақ, олармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, бүгінгі таңда емханаға жатқызылды. Олардың барлығы өздерін қалыпты сезінуде. Індеттің белгілері жоқ.

– Індет жұққан жағдайда алдымен адамның өкпесін зақымдайтыны анықталып отыр. Бұл тұрғыдан алғанда науқасқа жасанды тыныс алу құралдар ауадай қажет. Сонымен қатар індет жұқтырғандарды жедел түрде анықтайтын тест құралдары емханада бар шығар?

– Иә, жасанды тыныс алуға арналған аппараттың бізде 24 данасы бар. Бірақ оларды бүгінгі таңда қолданып отырған жоқпыз. Ал экпресс тест құралдары ауданға берілмеді. Олар індет ошақтары Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында қолданылуда. Біз күдікті деп танылған тұрғындардан сілекейін және қанын алып ҚР денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау қызметінің келісімімен облыстық зертханаға жібереміз. Ондағы зерттеу жұмыстарының қорытындысына сәйкес тұлғаға диагноз қойылады.

– Індетті жұқтырмау үшін тұрғындарға қандай кеңес бересіз?

– Бірінші, карантиндік режимді қатаң сақтау. Адамдармен қарым-қатынасты шектеу. Сондай-ақ, тазалықты сақтау. Міндетті түрде қолды сабындап жуу және антисептикалық сұйықтықтарды қолдану. Әр төрт сағат сайын есік тұтқаларын және індет жұқтырушы вирустардың қонуына және ұзақ уақыт жатуына қолайлы бөлменің барлық жерлерін сүрту. Вирусқа мінездеме берсек, ол өте ауыр болғандықтан ауа арқылы ұшып жүре алмайды. Сондықтан, әсіресе, ұялы телефондардың бетін, есік, терезелерді сүртіп тұрған ләзім. Ал адамдар арасындағы ара-қашықтық 1,50 метр болуы тиіс. Егер жұмыс істемеуге мүмкіндік болса, үйде отырғандарыңыз абзал. Сондай-ақ, бар ауыртпалықты дәрігерлерге салмай, тұрғындар өз қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуі керек. Бұл індетпен күрес – барлығымызға ортақ күрес.

– Сұхбатыңызға рахмет. Індетпен күресуде сіздерге ерік-жігер және таусылмас қуат тілейміз.

Әділет САРЫБАЙ

Қазақстан Ұлттық Банкі 2020 жылғы 10 маусымда 2006 жылғы үлгідегі номиналы 500 теңгелік банкноттардың қатар айналысы кезеңінің аяқталатынын еске салады.

Қатар айналыс кезеңінде 2006 жылғы үлгідегі номиналы 500 теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып табылады және төлемдер мен ақша аударымдарының барлық түрлері бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қабылдануға міндетті.

2020 жылғы 10 маусымға дейін қоса алғанда ескі үлгідегі банкноттарды төлем құралы ретінде қабылдаудан бас тартуға жол берілмейді. Заңды төлем құралы болып табылатын банкноттар мен монеталарды қабылдаудан бас тарту Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің 206-бабын бұзуға әкеп соқтырады.

Ескі және жаңа үлгілердегі банкноттардың қатар айналысы кезеңінде 2006 жылғы үлгідегі номиналы 500 теңгелік банкноттарды қабылдаудан бас тарту фактілері туындаған жағдайда, тиісті шаралар қабылдау үшін Ұлттық Банктің аумақтық филиалына өтініш жасау қажет.

2020 жылғы 10 маусымнан кейін (кезең аяқталған соң):

 екінші деңгейдегі банктер қатар айналыс кезеңі аяқталған күннен бастап 12 ай ішінде ескі үлгідегі банкноттарды қабылдайды және қолданыстағы ақша белгілеріне айырбастайды;

 Ұлттық Банктің филиалдары екінші деңгейдегі банктердің қабылдау және айырбастау мерзімі аяқталған соң тағы 3 жыл ішінде ескі үлгідегі банкноттарды қабылдайды, сондай-ақ оларды жаңа үлгідегі ақша белгілеріне айырбастайды.

Осылайша, 2020 жылғы 10 маусымнан кейін 2006 жылғы үлгідегі номиналы 500 теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып табылмайды. Сонымен бірге, 2017 жылғы үлгідегі номиналы 500 теңгелік банкноттар айналыста болады және төлемдердің барлық түрлері бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетулі құны бойынша, сондай-ақ банк шотына есепке алу және аудару үшін қабылдауға, барлық банктер мен Ұлттық пошта операторы шектеместен ұсақтауға және айырбастауға міндетті болып қала береді.

nationalbank.kz

Төтенше жағдай кезінде табыстан айырылуға байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) берілетін 42 500 теңге әлеуметтік төлемді 127 млрд теңгеден астам сомаға 3 миллионнан астам адам алды. 5,9 млн жолданған өтімнің 2,15 миллионы немесе 37 пайызы тұрғысында бірқатар себептерге қатысты төлем тағайындалған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осы орайда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсінік берді.

Өтінім берушілердің жеке бас дерегі дұрыс көрсетілмеген (157 мыңға жуық өтінім) .

«42 500 теңге» төлемге өтінім берген сәтте адамның аты-жөні мен туған уақытын және жеке сәйкестендіру нөмірін қатесіз жазуға ерекше назар аударған жөн. Тиісті мағлұматтың бір әрпі немесе саны мемлекеттік ақпараттық жүйедегі мағлұматқа сәйкес келмесе, әлеуметтік төлем тағайындалмай қалуы мүмкін.

 

Өтінім берушілердің банк деректемесі дұрыс көрсетілмеген (80 мыңға жуық өтінім)

«42 500 теңге» төлемге өтінім бергенде банк атауы мен IBAN (шотыңыздың 20 белгіден тұратын нөмірі) мәліметін көрсету қажет. Көп адам банк картасының нөмірін жіберіп қояды (16 сан). Ал бұл тұста банк шотының нөмірі керек болғандықтан, әлеуметтік төлемді жіберу қиынға түседі. Мысалға дұрысы «KZ123456789012345678» сипатында болып келеді және оны барлық дерлік банктердің ұялы телефон қосымшасынан немесе екінші деңгейлі банктердің жедел желі телефонынан білуге болады.

Бұлай қате жіберген жағдайда, өтінім әрі қарай қарауға бағытталады да, оң шешім қабылданса өтінім берушіге IBAN дерегін сұрай отырып, төлемнің тағайындалғаны жайлы SMS-хабарлама келеді.

Сонымен қатар, өтінім берушілер өзге жеке тұлғаларға тіркелген банк шотын көрсететін жағдай кездесіп жатады.

Атап өтерлік жайт, IBAN дерегін толтырғанда бір санның өзін қате жіберудің салдарынан өтінім берушіге аталған шот қызметін тоқтатқан банкте тіркелгені жайлы хабарлама келуі ықтимал.

 

Өтінім берушінің тұрақты жалақы төленетін жұмысы бар (оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері); зейнетақылар мен жәрдемақыларды алушылар, ТЖ енгізілгенше ресми жұмыс істемеген (863 мыңға жуық өтініш)

Өтінім беруші ұсынған деректерді тексере келе, жұмыс берушінің қашықтан жұмыс істеуге рұқсат еткені немесе толық емес жұмыс күніне ауыстырғаны, ұйымның жалпы амалсыздан тоқтап тұрғаны анықталуда. Мұндай жағдайда жұмыс беруші тарап жұмысшыларға жалақы төлеуі тиіс. Дегенмен ұйым басшылығы жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберетіні жайлы бұйрық шығармаса да, жұмысшылар «42 500 теңге» төлемге өтінім беруге әрекеттенуде.

Қазіргі кезде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы орындармен бірлесе отырып, жалдамалы жұмысшы болып саналатын өтінім берушілердің расында ақысыз демалыс жіберілгендігін тексеруге кірісті.

Сонымен қатар, «42 500 теңге» төлемге зейнеткерлер мен жәрдемақы алушылардан да өтінімдер келіп түсуде. Қайталап айтар болсақ, МӘСҚ тарапынан тағайындалатын әлеуметтік төлемнің мәні сонда, ТЖ тәртібі енгізілуіне байланысты табыссыз қалған жұмыс істеуші азаматтарға қаржылай қолдау жасалады. Сондықтан «42 500 теңге» төлемге ТЖ мерзіміне дейін ресми еңбек еткен, оларға жұмыс беруші жарна немесе жеке табыс салығын аударған немесе өздері Бірыңғай жиынтық төлем (әрі қарай – БЖТ) төлеген зейнеткерлер, мүгедектер яки басқа мемлекеттік жәрдемақы түрлерін алушылар иек арта алады.

 

Өтінім берушіде ТЖ енгізгенше соңғы 12 айда әлеуметтік аударымдар, зейнетақы жарнасы, БЖТ жоқ немесе өзін бейресми жұмыспен қамтушылардан өтінім берген уақытқа дейін БЖТ жіберілмеген (1,16 миллионға жуық өтінім).

Бұл жерде де ескерте кетерлік мәселе, «42 500 теңге» төлемге қаражат МӘСҚ тарапына бөлінетіндіктен, әлеуметтік төлем алу үшін мемлекеттік сақтандыру жүйесіне қатысқан абзал. Бастапқыда «42 500 теңге» төлемді тағайындау үшін ТЖ тәртібі енгізілгенше 12 ай ішінде кем дегенде 3 рет әлеуметтік аударым жасау талап етілді. Алайда азаматтарды мемлекеттік қолдау шараларымен кеңірек қамту аясында, әлеуметтік төлем жасау шарты ТЖ енгізілгенше 12 айда 1 ретке дейін қысқартылды.

Сәйкес өтінім берушілерді тексеру барысында, жұмыс берушідегі есепші маманның жалдамалы жұмысшылар үшін ТЖ енгізілгенше 12 айда ешқандай аударым жолдамағаны жайлы деректер жолықты.

Бұдан бөлек, кейбір өзін бейресми жұмыспен қамтушылардың «42 500 теңге» төлемге өтінім бергенше бір рет болсын БЖТ аударымын жасамағаны белгілі болды. Аталмыш жағдайларда әлеуметтік төлем тағайындалмайды.

 

Өтініш қайтыс болған адамның немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұратын азаматтың атынан берілген (534-ке жуық өтінім)

Жекелеген азаматтар өтінімнің онлайн берілетінін пайдаланып, қайтыс болған жандардың дерегін көрсеткен. Сонымен бірге, ел аумағынан тыс шетелге қоныс аудара отырып, әлеуметтік төлемге өтінім бергендер де бар.

Өтінім берушінің деректері ішінде барлық ҚР азаматтары туралы және де адамның қайтыс болғаны немесе шетелге қоныс аударғаны жайлы ақпарат толық қамтылған Жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер қоры арқылы тексеріледі.

Мұндай өтінімдерге әлеуметтік төлем тағайындаудан үзілді-кесілді бас тартылатыны анық.

«42 500 теңге» әлеуметтік төлемі бойынша барлық тағайындаулардың негізі ТЖ тәртібі аяқталғаннан кейін бекітілген заң жүзінде қайта тексерілетіні мәлімделді.

Әр өтінімге қатысты ұсынылған деректердің шынайылығына жауапкершілік жүктелген, оның ішінде, әлбетте басты себеп – ТЖ кезіндегі шектеулер салдарынан табыстан айырылу.

Осылайша ел азаматы «42 500 теңге» төлемге өтінім бере отырып, ТЖ уақытына дейін кірісі болғанына және оны жоғалтқанына кепілдік беретінін растайды. Әлеуметтік төлемдерді заңсыз алған адамдардың жауапкершілікке тартылуы олардың жасаған заңсыз әрекетіне байланысты болады. Әлеуметтік төлем алушылардың заңсыз іс-қимылы Қылмыстық кодекстің аясында қарастырылады (190, 195 баптар).

Егер өтініш беруші қателесіп, әлеуметтік төлем алған болса, бірақ бұл қаражатты қайтару қажет деп санаса, 42 500 теңгені келесі шотқа жібере алады:

Алушының атауы: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ

БСН: 160440007161

БСК: GCVPKZ2A

ЖСК: KZ67009SS00368609110

ТТК: 049

Халық банк пен Каспий банкте шоттары бар азаматтар, «Әлеуметтік төлемдерді қайтару» тетігін таңдай отырып, 42 500 теңгені банктердің ұялы қосымшасынан қайтара алады.

Карантин режимін бұзбау үшін ендігі уақытта банк картасы мен шотты үйде отырып-ақ ашуыңызға болады. Әрі бұл қызмет тегін. Он үш екінші деңгейдегі банк, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ бұл қызметті қашықтан көрсетеді.

Ол үшін:

– мобильдік қосымшада (егер болмаса, жүктеу және орнату), не банктің сайтында шот ашу;

– тіркелу және қашықтан сәйкестендіруден өту;

– мобильді телефон нөмірін және ЖСН енгізу;

– жеке куәлікті сканерлеу (сұратқан жағдайда);

– картаның ашылғанын растау үшін SMS кодын енгізу қажет.

Клиент телефонына бірнеше минут ішінде шот нөмірі бар SMS келеді. Кейбір екінші деңгейдегі банктер сондай-ақ картаны жеткізу бойынша қызмет көрсетеді. Орташа алғанда бұл рәсім 1-5 күн аралығында жүзеге асырылады. Шұғыл қажеттілік болған кезде кейбір екінші деңгейдегі банктер қолма-қол ақшаны картасыз және комиссияларсыз алу мүмкіндігін енгізді.

Сонымен бірге, клиенттер үшін онлайн сервистердің басқа да қызметтері қолжетімді болады, олар коммуналдық төлемдерді, байланыс қызметтерін төлеу, салым ашу, салықтық және кедендік төлемдерді жүргізу, жалақы аудару, ақша қаражатының жіберілу жолын қадағалау, POS/SMART терминалдар бойынша үзінді-көшірме алу. Барлық операциялар комиссияларсыз жүзеге асырылады.

Бейсенбі, 16 Сәуір 2020 13:26

Абай – қазақтың бойтұмары

Абайды бас ақын деп бағалаған,

Терең деп теңіздейін саралаған.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсын да,

Әдебиет жұлдызы деп тағалаған.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,

Айта білген ақиқат салмақтысын.

Халқына бере білді өз әлемін,

Арнаған мұрат, мұра, ақындығын.

Қым-қуыт тұрмыс пенен тіршілікте,

Ел жанына әр сөзі жақын бүгін.

Тәңірінің берген тума талантымен,

Су сепкендей қарлығаш қанатымен.

Адамзатты ақылмен нәрлендіріп,

Тамсандырған сан қырлы қабатымен.

Әлемдік әдебиетте орны бөлек,

Қадірі мен қасиеті елден ерек.

Абайды қара өлеңнің тәңірі деп,

Ақындар мен шешендер ойды тербеп.

Танылған ұлттық болмыс үлгісі боп,

Қоғамның жан ашыры үрдісі боп.

Еуропа әдебиетінің жауһарымен

Сусындаған әуел баста бір кісі боп.

Орыстың зиялыларын танып,біліп,

Көкірегіне жақсысын келген түйіп.

Өз ұлтының кемшілігін қатты сынап,

Олардың қылығына жүрді күйіп.

Рухани өресіне баға беріп,

Дін танушы,философтар дара көріп.

Әлемдік деңгейдегі тұжырымына,

Назар аударды  ерекше көңіл бөліп.

Бір ғасырдан астам бұрын қазағын

Жаңғыртуға алға қойды талабын.

Жаңа өмірге бейім бол деп шақырып.

Ұлылықпен берді жаңа сабағын.

Адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайрат,

Жылы жүректі жадында жүрсін байлап.

Үш ұғымға бірлікте қарастырса,

Ұлт құндылығы мәресінде тұрар қайнап.

Қабырғалы ел болуды танытқан,

Абай арқылы болмысымызға қаныққан.

Қанаттанып қара сөзі, өлеңін,

Ақыл-ойын, жүрегі бар жан ұққан.

Абайды оқы, жетем десең мұратқа,

Өз ісіңе жауап та бер тұрақта.

Бес асыл іс жүзеге сен асырып,

Бес дұшпаннан аулақ жүргін, жырақта.

Деп білеміз, Абай қазақтың бойтұмары.

Жүрегіңе сақтай біл,түпкірі боп тұрағы.

Өзгені қор санама, өзіңді мақтан қылып,

Деп тілеген өзіңді зор санамай бол қырағы.

Өз ұлтын төрлетуді мақсат еткен,

Ұлы Абайды алты алашқа мақтан етем.

Ұлт киесі, бойынан табылады бар қасиет,

Ұрпағымыз Абайды, десе екен, жаттап өсем.

 

Емелхан ҚАЙЫПОВА,

 Батыр Ана

 

*****

Ұлылығын мойындатқан әлемге

 

Абай десе Абайсың,

Абайладың жан-жақты.

Риза еттің, жарайсың,

Қалың елің қазақты.

М.Әуезов.

 

Ой-қиялға сыймайтұғын дара шың,

Кемеңгерім – ғұламасың, данасың.

Ақыл түйген, жырды сүйген ұрпақтың,

Болашаққа көшін бастап барасың.

Әрбір сөзің жіпке тізген маржандай,

Оқу қиын тебіренбей таңданбай.

Жырларыңыз кәусар бұлақ суындай,

Оқығанның жан сусыны қанғандай.

Адалдықтың ала жібін үзбеген,

Әр сөзіңнен ақыл табар іздеген.

Жер әлемге таныттыңыз қазақты,

Ал қазақтың бағы жанды сізбенен.

Ой толғаған ұрпақ үшін, елі үші,

Оқи берсін кеңиді ойың өрісің.

Жомарт тәңәр елден артық жаратқан,

Даналықтың таусылмайтын кенісің.

Имандық берген тағлым-тәлімді,

Көктен түскен дейді Құран –Кәрімді.

Араб тілін бәрі бірдей ұғынбас,

Ал қазақтың алды сізден бәрі үлгі.

Ұлыларсыз тіршілікте  барма мән,

Қырын олар ой көгінде самғаған.

«Абай жолын» жазу үшін толғанып,

Ұлы Мұқаң  жарты өмірін арнаған.

Сөз жақұтын тере білген саралай,

Қараңғыға түрен салған  данам-ай.

Берген тәңір байлық, билік, ақылды,

Қайғы-мұңды берген бірге аямай.

Өз қайғыңды қара нардай көтердің,

Ал парызың елге деген өтелді.

Тәуелсіз ел, тәрбиелі ұрпағың,

Есіміңді асқақтатты, көтерді.

Ұлы баба дана десе, данасың,

Айтқан сөзің бәрі өнеге, бәрі асыл.

Ұрпағың мен мәңгі бірге жасайсың,

Қазағыңа Абай болып қаласың.

Алты Алашы ауызына қараған,

Дейді халқы: «Дана туар данадан».

Қасиетті ұл сыйлаған қазаққа,

Айналайын ақ ниетті анадан.

Атты баба армандаған азат таң,

Құтылды елің қасіреттен, азаптан.

Ұлылығын мойындатқан әлемге,

Айналайын сізді берген қазақтан.

 

Айтан АБИЛЖАНОВ,

Н.Островский орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

Бәйдібек би ауылы

Соңғы жаңалықтар

Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…
Мам 04, 2024

Келелі кездесу Шелекте

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев іссапармен…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет