Бейсенбі, 30 Сәуір 2020 12:45

Ән көгінде Шәмші аға

Қазақ – қашаннан өнерлі халық. Сонау заманнан ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ауыз әдебиеті, шежіреге толы аңыздар, айтыс, ақындық, оның ішінде суырып салма жанрынан қазақтықтың иісі аңқиды. Ұлы даланың жеті қырына тән саф өнер осындай киелі халықтың ғана бойына дарыған десек, артық айтқандық емес. Күмбірлеген күй өнері  мен сары даланың сырлы сыңғырындай әншілік өнерінің өзі – бір төбе.

Халқымызда аты аңызға айналған небір серілер, ақын-жыраулар, күйші, сазгерлер, жүрек қылын шертер күміс көмей әншілер жетерлік. Солардың бірі де, қазақ вальсінің королі атанып кеткен – Шәмші Қалдаяқов атамыз. Көнекөз қарияларымыздан Шәмші ағамыз жайлы сұрай қалсаң, таңды-таңға ұрып әңгімелеуден бір жалықпайды. Оның өзі – Шәмші атамыздың ерекше дарын иесі болғандығының дәлеліндей. 

Бүгінде  қазақ сахнасының бел ортасынан ойып тұрып өзіндік орнын алған Шәмші ағамыздың шығармаларының бірі  –  «Сыған серенадасы». Осы туындыны сахналамаған театр қазақ сахнасына кемде-кем шығар.

Иә, «Серенада» әу баста француздардың «Серенаде» – кешкі ән, былайша айтқанда, әйелдерге арналған махаббат әні дегенді білдіреді. Ол көбінесе мандолин мен гитараның сүйемелдеуімен орындалады. 18-19 ғасырларда ол Еуропада, одан Ресейде әртүрлі аспаптардың, ансамбльдер мен оркестрде де орындалатын болған. Әйтсе де, «Серенада» сығандардың ең сүйікті аспабы гитараның сүйемелдеуінде ойналған. ХХ ғасырда солардың ұлттық музыкалық жанрына айналып кеткендей әсер қалдырды. Ендігі жерде «Серенаданы» гитарасыз елестету мүмкін емес сияқты.

Шәмшінің «Сыған серенадасы» да дәл солай. Гитара үні «Серенада» әуенінің грациясын шарықтау шегіне жеткізіп тұрғаны  – сазгерге ғана тән сезімталдық. Бүгінде осы шығарманың шығу тарихы жайында алып қашпа әңгімелер толассыз. Әркім өз пайымынша топшылайды. Бәзбіреулер Шәмші табырда жүрген сыған қызы Изольдаға сырттай ғашық болып туған десе, енді біреулер ол сығандармен өмір сүрген дейді.

Шәмші өмірінің соңғы жылдарында ауруханада көп жатқан екен. Күндердің күнінде қал-жағдайын біліп, Исраил Сапарбай барып, «Сыған серенадасы» әнінің туу тарихын сұрайды. Өткен күндерді еске алғысы келмеген Шәмші інісіне былай деп жауап қатыпты. «Ол  – ұзақ әңгіме. Мені қинамашы. Мен оқудан шығып қалғанда, төрт-бес жігіт вокзал жақта жүрдік. Алдымыздан үш-төрт сыған қызы шығып, табырға шақырды. Екі-үш күн табырда жүрдім. Осыдан басталды барлығы, айналайын» деген екен. Кейін Исраил Сапарбай біраз ақпараттарды арқау етіп, өз қиялына ерік беріп, шығарманы жазып шығады.

Отыз жылдық тарихы бар «Сыған серенадасы» осылай өмірге келген екен. Осы серенадаға жан бітіріп, сезім құшағына қиялмен жетелеген ол, әрине, театр өнері. Бүгінде қазақ театрын «Сыған серенадасысыз», ал «Сыған серенадасын» театрсыз елестету мүмкін емес.

Қорытындылай келгенде, Ұлы даланың жеті қырының бірі, жетпіс жеті өнерінің ең үлкен тармағы ол – саф  алтындай таза өнер – театр. Театр арқылы өскелең ұрпаққа ұлы жазушылар мен ақындар, жыраулар мен күйшілер, сезімге толы сазгерлерді дәріптейміз. Өнер өлмейтін – өнеге!

                                                                           Қанат Бахтинов,

Қаракемер ауылдық мәдениет үйінің қызметкері

 

 

 

 

    

                                

Бейсенбі, 30 Сәуір 2020 11:12

Ата заң – айбарымыз

Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі. Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Қазақтан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің іргесін нығайтудағы қарышты қадамдардың қалыптасуы мен жаңа жүйенің орнығуына, саясат сахнасында Қазақстан Республикасының қанат жаюы жолындағы бірден-бір бастаушы заң, серпінді сенім, әділет жолын көрсетер айшықты құжат. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстан Республикасының  Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады екен.

 

1993 жылғы алғаш қабылданған Конституцияның мәні мен маңызына келер болсақ, мақсаты бойынша төрт мәселеге жауап беруі тиіс. Бірінші, мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, екінші – экономикалық реформаны жүргізе отырып, елді сол кездегі терең дағдарыстан шығару, үшінші – жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, төртінші – ішкі   саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету. Бұл төрт мақсатты шешіп беретін баптар алғашқы Конституцияда қамтылмады. Уақыт өте келе, заман ағымына, сұранысына қарай, алғашқы Конституциямыздың кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шықты. Сондықтан, екі жыл өткен соң 1995 жылдың 30 тамызында қазіргі негізгі Заң – Конституция қабылданды.

Қазіргі Конституцияны талқылау кезінде еліміздегі беделді заңгерлерден бөлек, Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері, осы елдің Мемлекеттік Кеңесінің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері жобалық жұмыстың жоғары талқылау шараларына атсалысқан болатын. Тағы да бір ескеретін жайт, тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген Негізгі заң да осы – 1995 жылы қабылданған Конституция. Қазір келтіріп жүрген мәліметтерге сүйенсек, құжатты талқылауға 3 миллион 345 мың адам қатысыпты.

Қазіргі Ата Заңымыздың басты ерекшелігін айта кететін болсақ, ол туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл Елбасымыздың төрт ұстанымында жатқандығын алға тартады. Ол төрт ұстаным: бірінші, қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық, екінші, экономикалық даму, үшінші, қазақстандық патриотизм, төртінші, маңызды мәселерге референдум жасау және Парламентте дауыс беру арқылы шешу.

Конституция мемлекетіміздің тарихи дамуының негізі ретінде ғана танылып қоймай, ол барлық заңдардың бастауы болып табылады.

Жаңа қабылданған Қазақстан Республикасының Ата Заңы біздің еліміздің дамуына жол ашып, жаңа тәуелсіз мемлекет буынының бекуіне себеп болды. Президент лауазымына үлкен міндеттер мен жауапкершілік жүктеді.

Конституцияны мемлекеттің басты, негізгі заңы деп әділ айтылған. Егер елімізде қолданыста жүрген көптеген құқықтық актілерді белгілі бір ұйымдастырылған және өзара байланысқан тұтас, әлде бір жүйе ретінде қабылдасақ, онда конституция – бүкіл құқықтың негізі, өзегі және бір мезгілде оның дамуының қайнар көзі. Конституция негізінде өткенде қолданыста болған дәстүрлі, сондай-ақ жаңа, экономикадағы, әлеуметтік дамудағы, саясаттағы және мәдениеттегі өзгерістерді есепке ала отырып жасалған құқықтың әр алуан салаларының қалыптасуы жүреді.

Тарихқа кері шегінер болсақ, тәуелсіздікке ие болған Қазақстанның ең басты қадамы Конституцияны қабылдаумен тұтастай байланысты. Бұл туралы: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын», – деп жазады Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында.

Қазақ хандығы тұсында алғашқы заңнама құжаттарымыз әзірленді. Алғашқы дала заңдары жинақтарының авторы – Қасым хан. Тарихта «Қасым ханның қасқа жолы» деген еңбек қалды. Ендеше қазақ тарихындағы тұңғыш заңнамалық құжат – «Қасым ханның қасқа жолы». Көрнекті қазақ заңгері, академик С.Зимановтың пікірі бойынша, «Қасым ханның реформалары ғасырлар бойы тұтастай қалыптасқан көшпелілер өмір салтына нұқсан келтірместен белгілі бір жаңалықтар енгізді, әрі олар көлемді болды». Сонымен қатар, олар «жаңалығымен бірге, көшпелі қауымдарда күші бар немесе бір кездері күші болған ел керегіне жарайтын, құқықтық нормаларды жаңа тілектерге сай етіп қолдану тәртібіне арналған ережелер болды», – дейді құқықтанушы ғалым. 

Қасым ханның заңдары бес бөлімнен тұрған. Оның бірінші бөлімі мал, мүлік және жерге байланысты баптарға, екінші бөлімі қылмыс пен жаза, үшінші бөлімі әскери қызмет тәртібі мен оны бұзғандарды жазалау тәртібі, төртінші бөлімі халықаралық қатынастар тәртібі, бесінші бөлімі түрлі дәстүрлерге арналған. 

Қасым ханның заңдары негізін ала отырып, толықтырулар енгізіп, қазақ халқын тәртіп пен заң алдында тең ұстаған құжаттың бірі – «Есім ханның ескі жолы». Авторы – қазақтың ханы Есім хан.

Қазақ хандығының үшінші заңдық құжаты – Тәуке ханның «Жеті жарғысы». «Жарғы» сөзі қазақша әділдік, шешім деген ұғымды білдірген. «Жеті жарғы» – жеті әдеттік құқықтық жүйеден тұратын қоғамдық қатынастарды реттейтін құжат. Заңдық құжатта жер дауы, жесір дауы, құн дауы, бала тәрбиесі және неке, қылмыстық жауапкершілік, рулар арасындағы дау, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қамтылған.

Біздің міндетіміз – Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану.   Басты талап – Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеп қорғау, оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс. Ата Заңымыз жарқын болашаққа апаратын айқын жолымыз, арқа сүйер асқар тауымыз, ардағымыз, айбарымыз.

 

Н.ТІЛЕУҚАБЫЛ

Бейсенбі, 30 Сәуір 2020 11:09

Ескерусіз қалмаса екен

Жақында Шелек модельді ауылдық кітапханасында осы өңірде тұратын, кезінде Отан алдындағы борышын өтеуде Чернобыль АЭС апатын ауыздықтауға қатысып, Семей ядролық сынақ алаңдарында жауынгерлік сапта болған ардагерлермен басқосу жиыны болды. Оған Шелек ауылдық округі әкімінің орынбасары Қ.Абдакимовтың келісімімен барлық оқу орындарының тәрбие ісі жөніндегі меңгерушілері де шақырылған-ды. Округтегі тоғыз мектептен тек Т.Кенжебаев, Ы.Алтынсарин М.Мәметова атындағы мектептің педагог-ұйымдастырушылары, тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі З.Телібаева, Н.Наурызбекоа, З.Сүтбекова және политехникалық колледждің кітапханашысы Р.Құлыбаева қатысты.

Алматы облысы бойынша «Чернобыль АЭС ардагерлері және мүгедектері» қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары, Шелек өңіріндегі  Чернобыль және Семей ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы әрі «Нұр Отан» партиясы Еңбекшіқазақ аудандық филиалының қызметкері, осы жолдар авторы  бұл кездесудің өзара кеңесіп, пікір алмасу екенін айтып, көкейдегі қордаланған ойын баяндады. Ардагерлер қоғамының жұмысын жандандырып, облыс, республика бойынша бірінші орынды иеленіп, озық тәжірибесінен басқа облыстар үйреніп, абыройға бөленген қоғамның 1997 жылдан бергі атқарған іс-шараларының куәсі – альбом, буклеттер, қабырға газет, бейне көрсетілімдер, өткен жылдардан сыр шертетін көрнекі құралдарын қолдану арқылы «көзге көрінбейтін жаумен» мылтықсыз майданда алапат апаттың арынын ауыздықтау арпалысында өмірлік мүгедек азабын тартқан жауынгер ардагерлердің кешегі ерлігіне, қоғамның атқарған ауқымды жұмыстарына қысқаша шолу жасалды. Сонымен қатар, көзі тірі ардагерлердің бүгінгі дерттері меңдеген мүгедектік хал-жайын, құзырлы орындар тарапынан ескеріп-еленбеген жағдайы кеңінен сөз етілді.

Чернобыль АЭС-ның 4-энергоблогында болған апаттан ажал – радиацисы ауамен араласып 7,1 млн. адам тұратын 155 мың шаршы шақырым аумақты «жаулап», тіршілік біткенді тұншықтыра бастады. ХХ ғасыр қасіретіне айналған бұл апатты ауыздықтауға ресми дерек бойынша ТМД елдерінен 800 мыңнан астам адам, соның ішінде 31720 қазақстандық қатысқан. Қазір сол жерлес ардагерлердің көзі тірісі – 5 мыңдайы ғана. «Чернобыль Одағы» халықаралық ұйымының мәліметі бойынша, 1986 – 2005 жылдар аралығында осы апаттың зардабын жоюға қатысқан 601604 адам қайтыс болса, 1,8 млн. жалындаған жастар мүгедек санатын толықтырған. Ал тірі қалғандарының бүгінгі жасы небәрі 50-55-тен енді асты.

Чернобыль апаты туралы шындықтың беті әлі күнге ашылмады. Апаттан кейінгі қазіргі ахуал қандай? Қауіп-қатердің бұлты сейілді ме? Апат аймағында ажалмен алысқан ардагерлерге лайықты құрмет көрсетіле ме?  Ардагерлердің денсаулықтары күннен-күнге нашарлап барады. Мұның өзі радиация зардабы – ғұмырлық қасірет екенінің дәлелі. «Ресми деректерге қарағанда Чернобыль апатынан бүгін-де катерлі ісік, жүйке ауруларына шал-дығып, қаза болғандардың саны шамаиен 9 мыңнан асады екен. Денені дендеп, жайлап алған айықпас дертке шалдыққан ардагерлерге тиесілі көмек беруге келгенде құзырлы орындардың неге сараңдық танытатыны түсініксіз. Мысалы, Кеңес Бақыбаев пен Сағынбай Нұрпейісовті өз кезінде мүгедектік санатқа жатқызбай, жоғары жақтағы мамандардың анықтауымен жәрдемақы алуға қол жеткізгенде, оның қызығын да көрмей қайтыс болып кетті. Уақытынан ерте қартайып, теңселіп әрең жүретін Кеңесті көрген адамдар оны мас екен деп қалатын», – деп марқұмдардың хал-жағдайын ашына еске алды Е.Жамұханбетұлы. Сондай-ақ, Анатолий Бедарев бұл жеңілдікке қол жеткізе алмай қайтыс болып кетсе, Таир Қарабалаев, Қайрат Ибадиев, Нұрлан Абдибатыров, Кәміл Велямов, Малик Турсунов әлі күнге шейін мүгедектік топқа өте алмай жүр екен. Оданда сорақылығы сол, Әуез Сүлейменовті, Ерғанат Адасбаевты, Юсупжан Турсуновты бұл жеңілдіктен ада етіпті. Ардагерлер шетінен келместің кемесіне мініп, бақилыққа аттанып жатса, қалғандары жағада кезек күтіп тұрғандардың неге сергелдеңге салатынына күйінетінін жеткізді қоғамдық ұйым төрағасы. Тіпті, жылына бір реттік көмекке қол жеткізе алмай жүргендері де бар екен. Семей ядролық сынақ алаңында әскери борышын бір жерде өтеген шелектік Каммунар Сайдинов былтыр бір реттік /50 мың теңге/ көмекке іліксе, ащысайлық Манарбек Балпықов әлі күнге құзырлы орындардың есігін тоздырып жүр екен. Облыстан аудандық жұмыспен қамту орталығына көмек алатындардың тізімін сұрайды. Ол ардагер тұратын ауылдық округ әкімдігіне орындауға жібереді. Әкімдіктегілер зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығының /ГЦВП/ Шелектегі бөлімшесінен анықтама сұрамай, бұрынғы тізім облысқа қайта жолданады. Сөйтіп, жоғары жақтан тиесілі көмек қоры бөлінеді де, тізімге ілінбеген ардагер нәпақадан айырылады. «Маған неге бір реттік көмек берілмейді, – деп сұрау салған ардагерге тағы да бір-біріне сілтейді. Ақыры Қаратұрық ауылдық әкімі аппараты «Сіз ГЦВП-ға тіркелмепсіз, сол жақтан тиісті құжат әкелуіңіз екрек» деген жауап алады. Бұл не деген жауапсыздық. М.Балпықов мүгедектік санатта бола тұра неге қайта тіркеледі? Әкімдіктегі мамандар өз ардагерлерін ары-бері сандалтпай, өздері тындыратын іс емес пе? Әуре-сарсаңға түскен Манарбек енді амалсыз сотқа жүгінбекші», – дейді Е.Омаров. Аурухана басшыларымен сөйлесіп, ардагерлердің медициналық байқауден өтуіне, санаторий, емделу орындарына бару мәселелерін шешкені, өзі әр ауылдың әкімдерімен байланысқа шығып, ардагерлердің оқушылармен кездесуін өткізуді ұйымдастырып жүргенін тілге тиек етті. «Әр әкімдікте, оқу орындарында тек Ауған соғысының ардагерлерін шақырып, ардақтап, даталы күндері жиынға, кездесулер ұйымдастырады. Ал, неге кейінгі жастарды патриоттық тәрбиеге баулуда Чернобыль, Семей, Даманск тағы басқа жерлердегі қақтығыстарда жауынгерлік тапсырмаларын орындағандар ұмыт қалады? Кейінгі оқушы жастар, тіпті әкімдікте істейтін жас мамандар мен жаңа жұмысқа келген мұғалімдер басқа жерлерде жанын шүберекке түйіп, қауіп-қатерде болған ардагерларді білмейді? Неге? Өйткені, оларға басқа жерде болған ардагерлер жайлы мәлімет айтылмайды. Ал, біз өзіміз өткізген іс-шараларымызды округ әкімінің қолдауымен, ұйымдастыруымен деп газетке мақала жазамыз» – деген өкпе-назын да жеткізген қоғамдық бірлестік өкілдері қажет кезінде оқу залын беріп, басқосу, басқа да іс-шаралар өткізуге көмектесіп, ұйымдастырып жүрген кітапханашыларға алғысын жеткізді.

Шелек ауылдық округі әкімінің орынбасары Қуат Абдакимов ардагерлердің өкпелері орынды екенін, алдағы уақытта айтылған сынның бәрі ескерілетінін тілге тиек етті. 

Ия, ардагерлер көкейдегі кейісін, ренішін жеткізді. Бүгінгі таңда арнайы «Ардагерлер туралы» заң жобасы әзірленіп, Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен Ауған, Чернобыль аймағында болған ардагерлер теңестіріліп, көмек көрсету жағы көбейіп жатқанда, олардың ескерусіз қалмауы керек. Жоғарыда аталған ардагерлердің хал-жағдайын біліп, мәселелерін шешуге әр ауылдық округтің әкімдігі немқұрайлы қарамайды, көңіл бөледі деген сенімдеміз.

 

Ержан ОМАРОВ.

 Алматы облысы бойынша

«Чернобыль АЭС ардагерлері және мүгедектері» қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары,

Шелек өңіріндегі  Чернобыль және Семей ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Сұрапыл соғыс жылдарында Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі көп жылдар бойы еленбей келгені, тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Қазақстанның Халық қаһарманы атағы берілгені мәлім. Батырдың ерлігі жылдар бойы ресми Мәскеу тарапынан көпе-көрнеу ескерілмеді.

Өзге ұлт өкілі болғандықтан кемсітушілікке ұшырап, ерлігі жоққа шығарылып келді. Әйтсе де Рақымжан Қошқарбаевтың дос-жарандары, майдандас бауырлары мен тілегі бір замандастары 30 сәуірді оның тағдырындағы ең ерекше күн деп есептеп, оған қоңырау шала құттықтап, тіпті екінші рет дүниеге келген күні ретінде атап өтуді біразға дейін дәстүрге айналдырса керек. Өйткені бұл күн – Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен күні болатын.

Рақымжан Қошқарбаев Ақмола облысының Целиноград ауданында туған. 1942 жылы әскерге алынған. Деректерге қарағанда, 1944 жылы қазан айынан бастап 1-Беларусь майданындағы Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында 150-ші взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысқан. 1945 жылы 30 сәуірде лейтенант Рақымжан Қошқарбаев жауынгер Григорий Булатов екеуі Совет әскері арасынан Берлиндегі Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тікті.

Айта кетерлігі, қазақ батырының осынау ерлігін алғаш болып әлемге әйгілеген мемлекет қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаев еді. Ол Бауыржан Момышұлының тапсырмасы бойынша Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі лайықты бағасын алуы үшін көп еңбектеніп, көп ізденді. Қазақ жауынгерінің дәл сол сәттегі әрекетін дәлелдейтін жүзден астам құжатты тауып, көтеріп, шетелдік басылымдарда да жариялануына түрткі болды. Баукеңнің осы тапсырмасы туралы жазушы өзінің «Найзағайдай жарқылдап» атты кітабында былай деп еске алады:

« – Мен сені неге шақырдым?-деді.

– Білмедім, Бәуке!

– Білмесең, жаңа осында маған сәлем бере бір жігіт келді. Аты – Рахымжан. Фамилиясы қошқар ма, ісек пе, азбан ба, әйтеуір қойдың бір түрі, оны өзің анықтап алғайсың. Міне, сол жігіт... Міне, сол жігіт Рейхстагқа ту тіккен. Понимаешь?! Сен ұғып тұрсың ба, өзің?-деді.

– Ұғып тұрмын, Бәуке!

– Өтірік айтасың! Ұқсаңдар, неге жазбайсыңдар? Соғыс біткелі он үш жыл. Ана Рахымжанды көрмей жүрген неғылған журналиссіңдер?! Журналистке диплом емес, сезім, жүрек, көргіш көз керек. Жоқ, сол сендерде жоқ. Знаешь, ты кто такой Рахымжан? Мен де оны бүгін бірінші рет көрдім. Білесің бе, кімнің сәлем бере келгенін? Это исторический человек! Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияны басқардым. Москва түбіндегі шайқасты көрдім. Төрт жыл бойғы сұрапыл соғыстың небір сұмдық қияметтері көз алдымда. Бірақ Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз жойқын қырғын! Как воин, как командир я представляю что это такое, это было невероятно! Рахымжан сол тозақтың ішінде болған, сол тозақтан аман шыққан! Жеңіс жалауын тіккен. Кім үшін?! Мына сені мен мен үшін! Бүгінгі шолжаң қағып тірі жүргендердің бақыты үшін! Сол бір тозақта оның өзінің тірі қалуы ̶ это чудо! Жеңіс деген бақыт ̶ сол анау Рахымжан, Рахымжандар! Сен оны тап!».

Кәкімжан Қазыбаев батыр Баукенің тапсырмасын бұлжыртпай, тіпті артығымен орындады. Әйтсе де сол дәуірдің солақай саясаты, советтік режимнің өзімшілдігі Рақымжан Қошқарбаевтың қаһармандығын мойындауға міз бақпаған еді.

Тек Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1999 жылы мамырдың 7-сінде Президент Н. Назарбаевтың Жарлығы бойынша Рахымжан Қошқарбаевқа Халық Қаһарманы атағы беріледі.

Еске сала кетсек, Ресейдің Әскери тарих институты 1-і Беларус майданындағы 150-і атқыштар дивизиясының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаевтың 1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстагқа ту тіккені туралы тарихи оқиғаны 2007 жылдың 7 мамырында ресми түрде растады.

Еңбекшіқазақ ауданында COVID-19 инфекциясының 8 жағдайы тіркелді. Олар 23-56 жас аралығындағы азаматтар, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Олардың бәрі де 15 сәуірде короновируспен ауырған адаммен қарым-қатынаста болғандар ретінде карантиндік стационарға жатқызылған еді. Аурудың еш белгілері болмаса да, вирусологиялық тексеру қорытындысы оң болғандықтан олар Еңбекшіқазақ аудандық орталық аурухананың инфекциялық бөліміне жатқызылды.
Бүгін Алматы облысында COVID-19 жұқтырғандар саны 122 болды.

 

***********

 В Енбекшиказахском районе зарегистрировано еще 8 случаев заболевания коронавирусом
В Енбекшиказахском районе зарегистрировано 8 случаев заболевания COVID-19. Это граждане в возрасте от 23 до 56 лет, - сообщает пресс-служба акима Алматинской области.
Все они 15 апреля были госпитализированы в карантинный стационар, так как были в контакте с больным коронавирусом. Несмотря на отсутствие признаков заболевания вирусологическое обследование показало положительный результат. Все заболевшие госпитализированы в инфекционное отделение центральной районной больницы Енбекшиказахского района.
Таким образом, на сегодня в Алматинской области число зараженных COVID-19 достигло 122.

 

Пресс-служба акима Алматинской области

2018 жылы Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жер қатынастары саласында 29 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді – деп хабарлайды «Jetisy Media» .
Осы ретте, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаменті Алматы облысының жер қатынастары саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингпен Алматы облысының жергілікті атқарушы органдары және жер қатынастары саласындағы уәкілетті орган ҚР-ның Жер кодексінің 48-бабының 2-тармағында көзделген жер комиссияларының құрамын жаңарту бөлігінде Жер кодексі нормаларының сақталуын қамтамасыз етпейтіні анықталды.
Мониторингпен Алматы облысының аудандық жер конкурстық комиссияларының жұмысында мүдделер қақтығысы фактілері анықталды.
Өз кезегінде, аудандар мен қалалардың әкімдіктері ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге арналған конкурстарды ұйымдастыру кезінде конкурсты ұйымдастырушы мен оның қатысушылары арасында "мүдделер қақтығысының" туындауына жол бермеуі және жолын кесуі тиіс.
Өткен жылға көз жүгіртіп қарасақ, 2019 жылы 7 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, оның 85,7% - ы сыбайлас жемқорлық болып табылады.
«2020 жылы да жер қатынастары саласындағы заң бұзушылық тоқтамады. Ағымдағы жылы 11 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Соңғы 2 жылда барлық аяқталған қылмыстық істер бойынша жалпы залал 872,4 млн.теңгені құраған»,- деді Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Сағындықұлы.
Анықталған мәселелер мен сыбайлас жемқорлық алғышарттарын жою үшін:
- аудандық, қалалық жер комиссияларының жұмысын түбегейлі қайта қарастырып, олардың құрамын толығымен жаңартып, оған жұртшылық, БАҚ өкілдерін қосу керек;
- жерді пайдалану мен қорғауды бақылау саласындағы уәкілетті органмен және өзге де уәкілетті органдармен бірлесіп, жер комиссияларының жұмысында мүдделер қақтығысы фактілерін анықтау бойынша, оның ішінде жер учаскелерін заңсыз беру мәселелері бойынша жұмыс жүргізетін комиссия құру тиіс
- әкімдіктер мен жер қатынастары саласындағы уәкілетті орган құрылымдық бөлімшелердің қызметіне бақылауды күшейтсін, бөлінетін жер учаскелерінің заңдылығы туралы жүйелі негізде тексерулер жүргізілу қажет.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұдан әрі тұрақты негізде жер учаскелерін бөлу кезінде лауазымды тұлғалардың жер заңнамасы талаптарының сақталуына және шешім қабылдау құқығына мониторингті ары қарай жүзеге асыратын болады.

ҚР Үкіметі әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне зейнетақы тағайындау туралы қаулыға өзгерістер енгізілді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 22 сәуірдегі №237 Қаулысы

«Әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлеріне, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдарға зейнетақы төлемдерін тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы №1500 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. «Әскери қызметшiлерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлеріне, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдарға зейнетақы төлемдерiн тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1500 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 78, 1023-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Әскери қызметшiлерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлеріне, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдарға зейнетақы төлемдерiн тағайындау және жүзеге асыру қағидаларында:

1-тармақта:

3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«3) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосылуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтер және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосылуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ оның орналасқан орны бойынша жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға»;

5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«5) Мемлекеттік корпорацияның филиалдары – Мемлекеттік корпорацияның облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы және астанадағы филиалдары;»;

7-тармақта:

  1. тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«1) жеке басын куәландыратын құжат (жеке куәлігі, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, шетелдіктің тұруға ықтиярхаты, Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты);»;

  1. тармақша алып тасталсын;

5) тармақшаның екінші бөлігі алып тасталсын;

6) тармақша мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

«Құжаттардың көшірмелері «Нотариат туралы» 1997 жылғы 14 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен куәландырылған жағдайлардан басқа, құжаттардың көшірмелерін ұсынылған түпнұсқаларымен салыстырғаннан кейін бөлімшенің лауазымды адамы куәландыруға тиіс»;

9-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Мүгедек болып табылатын алушының еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері мүгедектердің тиісті санаттары үшін белгіленген мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақының мөлшерінен аз болса, онда уәкілетті мемлекеттік орган «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы» 1997 жылғы 16 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 5-тармағына сәйкес еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне қосымша ақы белгілейді»;

11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«11. Уәкілетті мемлекеттік органдар Мемлекеттік корпорацияның филиалдарына осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес 1-В/Л нысаны бойынша хабарламаны қоса бере отырып, осы Қағидаларға 2 және 3-қосымшаларға сәйкес 1-ИУ, 1-ВС нысандары бойынша зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға арналған үзінділерді бір данада немесе электронды түрде береді»;

14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«14. Мемлекеттік корпорацияның филиалдары үзінділер келіп түскен кезде оларды осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша үзінділерді тіркеу журналында тіркейді және «Зейнетақыларды және жәрдемақыларды төлеу жөніндегі орталықтандырылған дерекқор» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде алушылардың карточкаларын қалыптастырады және карточкаға тиісті деректерді не олар бойынша өзгерістерді енгізеді.

Мемлекеттік корпорацияның филиалдары үзінділер, төлемдерді тоқтата тұру немесе тоқтату туралы хабарламалар электронды түрде келіп түскен кезде оларды осы Қағидаларға 7-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша үзінділер мен хабарламалар туралы мәліметтерді электрондық тіркеу журналында тіркейді»;

көрсетілген Қағидаларға 1, 9, 11-қосымшалар осы қаулыға 1, 2, 3-қосымшаларға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

осы қаулыға 4-қосымшаға сәйкес көрсетілген Қағидаларға 7-1-қосымшамен толықтырылсын.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А. Мамин

Алматы облысында Қазақстан Респбуликасы Президентінің 2020 жылғы 27 сәуірдегі Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды ұзарту және жеңілдетілген карантиндік шараларды енгізу туралы мәлімдемесіне сәйкес кезең-кезеңімен жеңілдетілген карантин шаралары енгізіледі. Осыған байланысты облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетов тиісті қаулы қабылдады.

Қаулыда айтылғандай, карантиндік шараларды жеңілдету аясында сағат 05.00-20.00 аралығында растайтын құжаттары бар болған жағдайда бау-бақшаға, саяжайларға баратын азаматтарға, қоғамдық және жеке көліктерге салынған тыйым алынып тасталады. Дегенмен бағбандарға (бақша егушілерге) учаскелерде (саяжайларда) қонақ шақырып шара өткізуге тыйым салынады, олар 2 метрлік ара қашықтықты сақтап, медициналық маскалар тағып, антисептиктер пайдалануды жалғастыруы тиіс.

Азаматтарға аула ішіндегі аумақтар мен балалар алаңдарында сағат 09.00 мен 20.00 аралығында серуендеуге рұқсат етіледі. Облыс тұрғындары бір-бірімен қол алыспауы тиіс, адамдар арасындағы 2 метрлік қашықтықты сақтап, медициналық маскалар тағып, антисептиктер пайдалана беруі керек.

Атап өтерлігі, COVID-19 инфекциясының тіркелуіне байланысты карантиннің күшейтілген режимі енгізілген елді мекендер мен нысандар аумағында қозғалысқа салынған тыйым сақталады.

Жаңа қаулыға сәйкес автожуу, техникалық қызмет көрсету станциялары, дөңгелек жөндеу қызметі сағат 10.00-ден 20.00 аралығында өз жұмыстарын жалғастыра алады.

Сол сияқты таңертеңгі 09.00-ден кешкі 16.00 аралығында химиялық тазарту, кір жуу орындары да жұмыстарына кіріседі.

Заңдық қызмет көрсететін субъектілер (адвокаттар, сот орындаушылар және т.б.), сондай-ақ нотариустар тапсырыстар бойынша сағат 10.00-нан 20.00-ге дейін жұмыс істейді.

Автобөлшектер сататын, құрылыс материалдарын саудалайтын жеке тұрған дүкендер де сағат 09.00 мен 18.00 аралығында ашық болады.

Екінші деңгейлі банктер мен оларға қарасты ақша айырбастау пункттері, несиелік серіктестіктер, микроқаржылық ұйымдар қалыпты режимде жұмыстарын жалғастырады.

Бау-бақша серіктестіктеріне, саяжайларға баратын қоғамдық көліктер сағат 05.00-ден 20.00-ге дейін жүретін болады.

Күзет қызметі ұйымдары, жолдар мен көпірлерді күтіп-сақтайтын, соның ішінде темір жолдарда қызмет көрсететін нысандар да жұмысқа кіріседі.

Бұл ретте карантин кезінде жұмыс істейтін нысандар санитарлық-дезинфекциялық талаптарды қатаң сақтауы тиіс. 

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

"Еңбекшіқазақ" аудандық қоғамдық-саяси апталық № 17 (6955) 24.04.2020

Газеттің PDF нұсқасы 

Сейсенбі, 28 Сәуір 2020 14:38

Ұтымды шешім

Әлемді жайлаған коронавирус дертіне байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бір жарым айға жуық уақыт болды. Осы уақыт аралығында қауіпті вирустың кең етек алуына жол берілмей, онымен күрес қарқынды жүргізілуде.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, сәуір айының аяғына дейін төтенше жағдай жарияланған. 27 сәуірде Президент мәлімдеме жасап, еліміздегі төтенше жағдайды мамырдың 11-не дейін созды. Қазақстан індеттің шарықтау шегінен өтіп жатқан тұста бұл өте ұтымды шешім. Ахуалдың бақылаудан шығып кету ықтималдығын ескерген Мемлекет басшысы қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды тапсырды. Сонымен қатар, бүгінгі таңдағы қиындықтарға қарамастан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға азық-түлік берілуде.

Бұл шаралар Еңбекшіқазақ ауданының аумағында да қарқынды атқарылуда.

 

Қ.БАЙҒОДЖАЕВ,

 «NurOtan» партиясы аудандық филиал

төрағасының бірінші орынбасары

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет