Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жолдады. 

Құрметті отандастар!

Баршаңызға белгілі, Қазақстан халқы 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режиміне көшті.

Әрине, бұл кезең жұртшылыққа оңай тимегені анық.

Кейбір азаматтар жұмысын жоғалтып, табыссыз қалды.

Ойға алған жоспарларын өзгертуге мәжбүр болғандар да бар.

Адами тұрғыдан мен мұны түсінемін.

Қауіпті вирус Қазақстанда кең жайылып кетпеуі үшін осындай күрделі, бірақ аса қажет шешім қабылдадым.

Соның арқасында індет жаппай таралған жоқ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да, халықаралық сарапшылар да Қазақстанның іс-қимылын оң бағалап отыр.

Елімізде қатаң карантин шаралары енгізіліп, қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылды.

Мекемелер мен кәсіпорындардың басым бөлігі қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті.

Көшелер, тұрғын үйлер дезинфекцияланып, науқастарға дәрігерлік көмек көрсетілуде.

Әрине, барлық облыстағы жағдай бірдей емес.

Кейбір аймақтарда індет шарықтау шегінен өткен сияқты.

Бірақ бірқатар өңірде вирустың таралу қаупі әлі де сейілмей отыр.

Біз ондағы нақты санитарлық ахуалға қарай әрекет жасаймыз.

Басты міндет – азаматтарымыздың денсаулығын сақтап, өмірін қорғап қалу.

Әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, халықтың табысын сақтау үшін де арнайы шаралар қабылданып жатыр.

Тағы да қайталап айтамын: қазіргідей күрделі кезде әрбір азамат біздің назарымызда болады. Мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмайды.

Мен төтенше жағдай кезеңінде азаматтарымызға қолдау көрсетуге арналған шаралардың екі топтамасын жария еттім.

Бұл шаралар барынша жүзеге асырылуда. Қоғам тарапынан айтылған орынды сын-пікірлер де бар. Оны ескереміз.

Бүгінгі күні 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек көрсетілді.

570 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылды.

Жалпы, 1,1 миллионнан астам адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.

Елбасының бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорынан қаржы бөлінді.

«Nur Otan» партиясы белсенді жұмыс атқаруда.

Сәуір-мамыр айларында 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлем үшін көмек көрсетіледі.

Азық-түліктің жеткілікті болуына және оның сапасына қатысты ұдайы мониторинг жүргізілуде.

Елімізде азық-түлік тапшылығы жоқ.

Жергілікті билік органдары әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын бақылауда ұстап отыр.

Біз індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерді қаржылай қолдап жатырмыз.

Денсаулық сақтау министрлігі және әкімдер басқа да медицина қызметкерлеріне көмек көрсету үшін шаралар қабылдауда.

1,6 миллионнан астам адам, 11,5 мың шағын және орта бизнес өкілі несиелерін кейін төлеуге мүмкіндік алды.

Бұл жалпы алғанда 360 миллиардтан астам теңгені қамтиды.

Бүгінде шағын және орта бизнес күрделі жағдайға тап болды.

Осы салаға қазір көмектеспесек, экономиканы қалпына келтіре алмаймыз.

700 мыңнан астам компания мен жеке кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер жасалды.

Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржыны үнемдей алады.

Шағын және орта бизнеске тиімді несие беру үшін қаражат бөлінді.

Жұмысшы санын және еңбекақы көлемін азайтпау мақсатында ірі компанияларға тиісті қолдау көрсетіледі. Қазір олардың тізімі жасалуда. Оған ел экономикасы үшін аса маңызды компаниялар ғана енгізіледі.

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері қиындыққа қарамастан жұмыс істеуде.

Шаруалардың еңбегіне дән ризамыз.

Көктемгі егіс науқаны мәселелері шешімін тапты. Бұл жұмысқа ешқандай кедергі болмауы керек. Ауыл шаруашылығы министрлігіне және әкімдерге осындай міндет жүктеледі.

Осы науқанға және өнімді алдын ала сатып алуға 200 миллиард теңге бөлінді.

Соның 70 миллиарды тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыштар сатып алуға жұмсалады.

Жалпы, азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр.

Бұл – қомақты қаражат.

Үкімет пен құзырлы органдардың міндеті – қаржының тиімді жұмсалуын және осы үдерістің барынша ашық болуын қамтамасыз ету.

Қол жеткізген нәтижемен шектелуге болмайды. Қалыптасқан ахуал әлі де күрделі.

Коронавирус бүкіл әлемді жайлап келеді.

Вирус жұқтырғандардың саны 3 миллионға жуықтады. Бұл көрсеткіш өсіп бара жатыр.

Пандемияның екінші кезеңі басталып кетуі де ықтимал.

Қазақстан індеттің шарықтау шегінен өткен жоқ. Ахуалдың бақылаудан шығып кету қаупі бар.

Өкінішке қарай, кейбір аймақтарда, әсіресе, Алматыда вирус жұқтырған дәрігерлер және медицина қызметкерлері өте көп.

Сондықтан, солардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдануда.

Мәселенің анық-қанығын зерттеп, бұған жол берген басшылардың жауапкершілігін қарау керек. Мұндай жағдайларға жол бермеу қажет.

Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған жөн. Онсыз болмайды.

Олай етпесек, індеттің жаңа ошақтары пайда болуы мүмкін.

Коронавирусқа жеңіл-желпі қарауға болмайды. Карантин талаптарынан бір сәтте бас тартсақ, дертті қайтадан өршітіп аламыз.

Коронавирус – адамның денсаулығына қатер төндіретін өте жұқпалы індет.

Мұны бүкіл әлем мойындап отыр.

Ал, оны жоққа шығарып, жұртқа жалған ақпарат таратудың арты жақсылыққа апармайтыны белгілі.

Бұл – азаматтарымыздың денсаулығына нұқсан келтіретін әрекет.

Еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты және Мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге алып, мен Төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық шығару жөнінде шешім қабылдадым.

Бұл – біз бастан өткеріп жатқан күрделі кезеңнің талабы.

Заңға сәйкес 11 мамырда Төтенше жағдай режимі аяқталады.

Елімізді пандемияның шеңгелінен құтқару – бәрімізге ортақ міндетМен үшін әр азаматтың өмірінен қымбат ештеңе жоқ.

Сонымен қатар Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия карантин талаптарын жеңілдетуге дайын.

Алдымен, вирустың таралуын қатаң бақылауда ұстап отырған облыстар мен қалалардан бастауға болады.

Мемлекеттік комиссияға елорданың үлгісімен еліміздің барлық аймағында өз жұмыстарына кірісетін мекемелердің тізімін жасау тапсырылды.

Бірінші кезекте өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс, жол құрылысы және көлік компаниялары, банктер және халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысқа кірісуі керек.

Бірақ барлық санитарлық нормаларды сақтап, жұмыс орындарында үнемі дезинфекция жүргізіп тұру қажет. Күнделікті өмірде әлеуметтік ара қашықтықты ұстанған жөн.

Кәсіпорын басшыларына және жергілікті атқару органдарына жеке жауапкершілік жүктеледі. Бұл орайда барлық деңгейдегі әкімдіктердің рөлі айтарлықтай артады.

Үкімет келесі айда да табысынан айырылған азаматтарға 42500 теңге көлемінде көмек береді.

Қайтадан өтінім жіберудің қажеті жоқ. Төлем бұрын ұсынылған құжат бойынша жүзеге асырылады.

Мұқтаж отбасылар азық-түлік ала береді.

Оқшаулану кезінде ата-аналарға кішкентай балаларымен төрт қабырғаға қамалып отыру оңай емес.

Мемлекеттік комиссия әкімдіктермен бірлесіп, аулаларды және ойын алаңдарын ашу мәселесін ойластыруға тиіс. Әрине, алдымен, барлық санитарлық нормалар мен санитарлық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы керек.

Саяжай иелері де қатты алаңдап отыр. Өйткені, қазір көктемнің дәл ортасы, жұртқа қолайлы кезең.

Мемлекеттік комиссия бұл мәселені қарастырды, енді оны шешу жолын айтады.

Елімізде жолаушыларға арналған барлық әуе тасымалы тоқтады. Бұл дер кезінде қабылданған дұрыс шешім болды.

Дегенмен, салыстырмалы түрде жағдайдың тұрақтанғанын ескеріп, Үкімет 1 мамырдан бастап Елорда мен Алматы арасындағы рейстерді ашатын болды.

Мұндай шара азаматтармен қатар індетпен күресіп жүрген көптеген мамандардың жұмысы үшін қажет.

Барлық қауіпсіздік шараларын мұқият ойластырып, авиациялық және санитарлық қызметтердің өзара іс-қимыл тәртібін әзірлеу маңызды.

Карантин режимін біртіндеп жеңілдету дегеніміз өзіміз үйренген күнделікті тіршілікке қайта оралу емес екенін ұғынғанымыз жөн.

Ойын-сауық және сауда орталықтары, кинотеатрлар, ресторандар, саябақтар мен адам көп жиналатын басқа да орындар әзірге жабық болады. Жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра береді.

Ел тұрғындарын бұл шараларға түсіністікпен қарауға шақырамын.

Халқымызда «Төзім тілекке жеткізеді» деген мақал бар. Сондықтан сабыр сақтайық.

Күннің жылынуы мен карантиннен шаршағандық жауапсыздыққа себеп болмауға тиіс. Карантин режимі бұзылса, коронавирусқа шалдыққандардың саны күрт көбейіп кетуі мүмкін.

Әсіресе, созылмалы ауруы бар және егде адамдар ерекше сақ болуы керек.

Тіпті, кішкентай балалар да ауру жұқтыруы мүмкін екенін байқадық.

Сондықтан олардың денсаулығына бей-жай қарауға болмайды.

Әзірге бұл вирустың вакцинасы жоқ.

Карантин шараларын қатаң ұстансақ қана індеттен құтыламыз.

Аса қажеттілік болмаса, ешқайда шықпай, үйде отырыңыздар.

Бұл, әсіресе, қазіргі қасиетті Рамазан айында өте маңызды.

Осы кезеңнің де асыл мұраты – шыдам мен төзім, сабыр мен қанағат екенін білесіздер.

Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Оразада бірқатар рәсімнен тартынуды ұсынды.

Сондықтан осындай уақытта ауызашардың өзін көпшілікпен бірге өткізе алмайтынымыз белгілі.

Алдағы мамыр айындағы мерекелерді де үйде атап өтуге тура келеді.

Бірақ, Жеңіс күнінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бірде-біреуі елеусіз қалмайды.

Бәріне лайықты құрмет көрсетіледі.

Әкімдер соғыс және тыл ардагерлеріне материалдық көмек береді.

Денсаулық сақтау министрлігі ауруды тест арқылы анықтау жұмысын барынша күшейтуге тиіс.

Оны халықаралық стандартқа сәйкес тәулігіне кем дегенде 20-25 мыңға дейін жеткізу қажет.

Осыған орай, Үкіметке қысқа мерзім ішінде отандық тест-жүйесінің өндірісін қолға алуды тапсырамын.

Біз иммунобиологиялық препараттарды әзірлеу үшін қолда бар мүмкіндіктерімізді толық пайдалануымыз керек.

Вакцина қолжетімді болған кезде Қазақстан шетелдің дәрі-дәрмегін күтіп отырмауы қажет.

Дағдарыстан кейін де біз медицинаны дамытуға баса мән береміз.

Бұл салаға мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетіледі.

Үкімет Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс жобасына осы саланы жетілдіретін нақты ұсыныстар енгізуге тиіс.

Парламент бұл кодексті сессияның соңына дейін қабылдайды деп ойлаймын.

Біз қазірден бастап дағдарыстан кейінгі кезеңге дайындалуымыз керек.

Бұл жөнінде Елбасы Қауіпсіздік Кеңесінің 24 сәуірде өткен отырысында нақты айтты.

Үкімет пен Ұлттық банк 11 мамырға дейін Экономикалық дамуды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды дайындайды.

Онда дағдарыстан зардап шеккен салаларға қолдау көрсету шаралары қамтылады.

Бүгінде еліміз дамудың жаңа деңгейіне қадам басып отыр.

Шын мәнінде, біз енді мүлде жаңа жағдайда өмір сүретін боламыз.

Сондықтан экономикаға және мемлекеттік басқару жүйесіне ауқымды әрі маңызды өзгерістер қажет.

Індетпен күрестің алдыңғы шебіндегі азаматтарды тағы да ерекше атап өткім келеді.

Халықтың қауіпсіздігі үшін жанкештілік танытып жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне және әскери қызметшілерге алғыс айтамын.

Қауіп-қатерге қарамай мұқтаж жандарға көмек қолын созған волонтерлерге де ризашылық білдіремін.

Сондай-ақ, халыққа жедел және шынайы ақпарат таратып жүрген журналистер қауымына алғыс айтамын.

Дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға атсалысқан мемлекеттік аппараттың қызметкерлері де құрметке лайық.

Қазақстан халықаралық қоғамдастықтан еш нәрсені жасырмай, барлық мәліметті ашық жариялап отыр.

Сондықтан кейбір азаматтарды бос сөз бен жалған мәліметке жол бермеуге шақырамын.

Әрине, мемлекеттік органдардың жұмысында олқылықтар бар, бірақ, мемлекеттік қызметшілердің көпшілігі жұмысын адал атқаруда.

Кемшіліктерді біз көріп отырмыз. Одан тиісті сабақ алып, қажетті шараларды қабылдаймыз.

Бұл дағдарыс бірлігі бекем, елін сүйетін отаншыл жұрт екенімізді көрсетті.

Қашанда осылай ұлт болып ұйыса білсек, барлық мақсатымызға қол жеткіземіз. Оған ешқандай күмән жоқ.

Елдің қамы үшін бастаған ісіміз қайырлы болады деп сенемін!

Халқымыз «Береке басы – бірлікте» дейді.

Жұдырықтай жұмылсақ, кез келген қиындықты жеңеміз!

Біз біргеміз!

Дүйсенбі, 27 Сәуір 2020 11:59

Ізгіліктің анық көрінісі

Анау өтіп кеткен тарихымызды бір сәтке кейін айналдырар болсақ, халқымыздың басына түскен нәубеттерден жеңілмей, рухымызды құлатпай өтіп келе жатқан рухты ұрпақтардың санатынанбыз. Елімізге төнген індеттен қалай шығамыз, оның қандай жолдары бар? Бұл сұрақтар елім деп еңіреген әрбір қазақ азаматының жанайқайындай болып отыр.

«Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар» демекші, осындай қиын сәттерде жетім бала, жесір ана, мүгедек жандарды, қоғамдағы әлеуметтік аз қамтылған  жанұяларды қараусыз қалдырмау мақсатында Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің басшысы Бәтес Аманованың ұйымдастырумен, сонымен қатар Шелек ауылдық округі әкімі аппараты тарапынан көптеген жәрдем берілді. Соның ішінде елім, жерім деп жүрген жекелеген азаматтардың қосқан үлесі зор. Халқымыз жетімін  жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған тектіліктерін әлі де жоғалтқан жоқ. «Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без» дейді атамыз қазақ. Сол текті ұрпақтың текті ұлдарының бірі Ушуров Билал мырза Шелек ауылындағы «Шелек №1 орта мектебі» КММ  әлеуметтік аз қамтылған 122 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті. Сонымен қатар мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Жангелді Осан және қамқоршылық кеңесінің мүшелері Еркебұлан Қарабалаев пен күн-түн демей еліне қызмет етіп жүрген азамат Амирлан Бақытұлы өз көмегін аямауда. Бұл күн – әлеуметтік аз қамтылған жанұялар үшін «ақ түйенің қарны жарылған» күн болды, адамдардың кеудесіне жылылық ұялады. 

«Бітер істің басына жақсы келер қасына» -демекші атқарылып отырған орасан зор жұмыстың басында әрине, Шелек №1 мектебінің директоры Қырықбай Ардақ Мұхамеджанқызы тұр. Адамның жүрегінің кеңдігі, адами қасиеті ол Алладан. Басшы-ол ұйымдастырушы, қамқоршы, әділетті болған кезде ғана барлық қолға алынған шаруалар өз нәтижесін береді. Сонымен қатар, мектептің әлеуметтік педагогы Кулия Абдикасованың тарапынан аталған жанұялардың шеттетіліп қалмауын қамтамасыз ету жолында бір қатар жұмыстар атқарылды. Бүгінгі ата-аналардың қуанышы, олардың шексіз ризашылығы, білдіріп жатқан алғысы мектеп директоры Ардақ Қырықбайдың ұйымдастырушылық қабілетінің мықты екендігінің дәлелі.

 

Н.ТІЛЕУҚАБЫЛ

Жақында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында коронавирус індетінің таралуына байланысты мектеп оқушыларын, колледж және жоғарғы оқу орындарының студенттерін қашықтан оқыту турасында мынандай мәлімдеме жасады: «ЮНЕСКО-ның ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда 107 мемлекетте орта білім беретін мектептер толық жабылған. Бұл – 861 миллион оқушы білім алуын тоқтатты деген сөз. Бұған қоса 12 елдің кейбір қалаларында орта білім беру ошақтары жұмыс істемейді. Осыған байланысты бірқатар мемлекеттің алдында осы үдеріс салдарын азайту және үздіксіз білім беруді қамтамсыз ету үшін мүмкіндік жасау міндеті тұр. Отандық білім беру жүйесі үшін де қашықтан оқыту форматына көшу – үлкен сынақ» – деді.

Аудандық білім бөлімінің мәліметіне сәйкес ауданымыздағы 84 мектептің 51 162 оқушысы 6 сәуірден бастап онлайн, яғни үй жағдайында отырып білім алу форматына көшірілген. Ауылды жерде тұратын оқушылар саны – 44675 болса, қалалы жерде тұратын оқушылар саны – 6487. Ендігі қашықтан оқыту жүйесін талдап көрелік. Ол дегеніміз үш тәсілмен жүзеге асырылады. Алғашқысы, мұғалім өз бетінше ғаламтор платформаларын пайдалана отырып дербес білім бере алады, екіншісі оқушының телевизиялық сабақтар және радио арқылы аудио сабақтарды тыңдап білім алуы және үшіншісі алдын-ала дайындалған сабақ жоспары арқылы қағаз жүзінде қатынас орнатып пошта немесе қолма-қол  беру арқылы жүргізіледі.

Жалпы телеарна арқылы оқытылатын оқушылар саны – 25471. Олардың бүгінгі таңда BALAPAN арнасы арқылы -15165, EL APNA арнасы арқылы -10526 оқушы білім алуда.

Ғаламтор желісі арқылы қашық-тықтан оқытылатын (барлық ақпа-раттық жүйеге  қолжетімділік бар)  оқушылар саны – 27581. Ал, қағаз жүзінде оқытылатын окушылар жоқ.

Алайда тек телеарнасы бар, ғаламтор желісі жоқ  671 оқушыға кері байланыс орнату үшін 277 мұғалім тағайындалған. Оларға керекті бетперде, резінке қолғап, қолға жағу үшін антисептикалық сұйықтықтар беріліп, мектеп тарапынан  көлікпен қамтамасыз етілген.

Мектеп тарапынан оқушыларға уақытша пайдалануға берілген компьютерлер саны – 115, жергілікті қаржы есебінен – 222 ноутбук сатып алынған. Жалпы – 337 оқушыға уақытша пайдалануға компьютерлер берілген.

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар да назардан тыс қалмаған. Олардың саны – 861 болса, ондағы бала саны – 2055.

Оның ішінде көпбалалы – 491 отбасы, ондағы бала саны – 1334. Осы аталған топтағы оқушылардан әлеуметтік көмек берілетін 60, әлеуметтік көмек берілетін көпбалалы отбасындағы 80, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 137 оқушы  яғни 282 оқушыларға да мектептерден уақытша пайдалануға компьютерлер берілген.

Сонымен қатар, төртінші тоқсан басталысымен барлық ғаламтор арқылы жүргізілетін оқу үдерістері  оқушылар үшін тегін болатындығы мұғалімдер, ата-аналар және окушыларға  ескертілген.

Әрбір білім беру мекемелерінде ауылдық округ әкімдігінің бір мүшесі тағайындалып, қашықтықтан оқы-туды ұйымдастыруға жауапкер-шілік жүктелген. Барлық білім беру мекемелерінде  тәулік бойы Саll-центр жұмыс істейді.

Мұғалімдер қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша ҚР білім және ғылым министрлігінің №123 және 108 бұйрығын басшылыққа алып жұмыс жасауға кіріскен. 

 

Әділет САРЫБАЙ

Алматы облысында Короновирус инфекциясын жұқтырғандар саны -73. Олардың екеуі Алматы қаласындағы ауруханада ем алып жатыр. Бүгінгі күнгі мәлімет бойынша, тағы 4 адамның аталған індетке шалдыққаны расталып отыр.
Еңбекшіқазақ ауданындағы жұқпалы аурулар ауруханасында- 38 науқас, Қарасай ауданындағы орталық жұқпалы аурулар ауруханасында -19 азамат ем қабылдауда. Және де Шелек ауылындағы медицина мекемесінде – 5 адам кеселмен күресуде.
Бүгінгі таңда 1980 адам медицина мамандарының бақылауында. Облыс көлемінде коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдарды емдеу мақсатында жұқпалы аурулар ауруханасынан 180 орын жабдықталған.
Сонымен қатар, 202 реанимациялық төсектер бар, оның ішінде 66 - коронавирустық инфекцияға күдікті және расталған адамдар үшін.
Амбулаториялық және стационарлық деңгейде 754 дәрігер, оның ішінде 447 терапевт, 38 инфекционист, 143 реаниматолог, 8 нефролог, 8 пульмонолог, 12 трансфузиолог, 98 невролог қызмет етеді.
Облыста 4 зертхана жұмыс істейді, онда тәулігіне 690 зертханалық зерттеу жүргізіледі.
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақтың айтуынша, Жетісу жұртшылығына даурығуға негіз жоқ. Барлығы қатаң бақылауда. Тек, халық мамандардың нұсқаулығын жіті орындауы керек. Сонда ғана індеттің кең таралуының алдын алуға болады.

******

На сегодняшний день в АО зарегистрировано 73 случаев заражения коронавирусной инфекцией. 9 человек полностью излечились. Всего под медицинским наблюдением находятся 1980 человек. Из них на стационарном лечении – 1118, в провизорном отделении – 263 пациентов, в обсервационном отделении (карантин) – 793, на домашнем карантине – 862 человек.
Согласно данным, на амбулаторном и стационарном уровнях привлечены 754 врачей, 447 врачей терапевтов, 38 инфекционистов, 143 реаниматологов, 8 нефрологов, 8 пульмонологов 12 трансфузиологов и 98 неврологов. Со стороны местных исполнительных органов и государства, им оказывают всю необходимую поддержку и помощь.
1448 работников организаций здравоохранения получили из средств республиканского бюджета надбавки к заработной плате. В частности, 205 врачей, 882 средний медицинский, 361 младший медицинский персонал получили финансовую поддержку на общую сумму 106,0 млн. тенге.

 

Асқабақ - мың бір ауруға ем көкөністердің бірі.

Асқабақтың құрамында A, B1, B2, PP және C дәрумендері, ағзадағы зат алмасу процесін жедел­дететін Т және қанның ұюына ықпал ететін К дәрумендері, сүйекті қатайтатын калий, кальций және темір бар. Ағзаңызды қуаттандырғыңыз келсе, иммунитетіңіздің көтерілгенін қаласаңыз, асқабақ пісірмесін дайындаңыз!



Қажетті өнімдер:

400 гр. асқабақ

3 дана жұмыртқа

100 гр. қант

100 гр. күріш

5 ас қасық сары май

0,5 стақан жаңғақ

Лимон қабығы

Дәміне қарай тұз салынады.

 

Дайындалу тәсілі:

Күрішті қайнатып, жартылай пісіріп алыңыз. Ал, асқабақты үккіштен өткізесіз. Жұмыртқаның ақ уызы мен сарысын бөліп аласыз. Енді 3 ас қасық сары майды ыдысқа құйып, оған 100 гр. қантты, жұмыртқаның ақ уызын, лимон қабығын, жаңғақты қосыңыз. Осы араласпаға үккіштен өткізілген асқабақ пен қайнатылған күрішті қосып, араластыру қажет. Жұмыртқаның сары уызын тұзбен араластырып, көпіршітіп аласыз. Сосын асқабақ салынған табаға салыңыз. Форманы майлап, дайын массаны саласыз да, жақсылап жаясыз. Ал, бетіне сары майды текшелеп турап қойып жіберуге болады. Пешті 200 градусқа дейін қыздырып, 40-50 минут бойы пісіресіз.

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

 

Барлық мақтау мен мадақ Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Әуелі сіз бен бізді қасиетті Рамазанға айдан аман, жылдан есен жеткізген Жаратушы Жаббар Иемізге шүкір айтамыз. Алла Елшісінің «Бізді Рамазанға аман-есен жеткізе гөр» деп дұға етуінде үлкен мән бар.

 

Береке айы

Расында, Рамазан – береке айы. Бұл айда мұсылман баласының ниеті мен амалы үйлесіп, жақсылыққа ұмтылады. Ізгі ғұламалардың бірі «Ережеп – желге, Шағбан – бұлтқа, Рамазан жаңбырға ұқсайды. Ережеп айында дән егілмесе, Шағбанда суарылмаса, Рамазанда қандай егін күтуге болады» деген екен. Сол айтпақшы, Рамазан – рухани азық жинайтын берекелі ай. Пенде ораза кезінде өзінде бар нығметтің берекесін сезінеді, қадіріне жетеді.

Таң намазы алдында сәресі ішуге тұрған адам уақыт пен ризық-несібенің берекесіне бөленеді. Пайғамбарымыз таңғы уақытта береке бар екенін өсиет еткен. Халық даналығында айтылатын «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген тағылымды тұжырым осыдан қалса керек. Демек, таң – ризық-несібе мен берекеге бөленетін сәт. «Сәресін ішіңдер! Расында, сәресінде береке бар», деген хадистің мәні осында.

 

Тақуалық айы

Бірде әйгілі сахаба Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) тақуалық туралы сұраған кісілерге былай дейді: «Сіздер өмірлеріңізде тікені көп жолмен жүріп көрдіңіздер ме?». Сонда қасындағы адамдар: «Иә, өттік», деп жауап берді. Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) тағы да: «Олай болса, сол жерден өткен кезде не істедіңіздер?» деп сауал қойды. Олар: «Тікендерден сақтанып өттік», деп жауап берді. Сонда сахаба: «Тақуалық та дәл солай, күнә мен қателіктерден сақтану», деп түсіндіріп берген екен.

Ораза құлшылығының мәні де осында. Ауыз бекіткен адамның санасында «Осы ісім оразамды бұзып жібермей ме?» деген сауал әрдайым жаңғырып тұрады. Тіпті ораза ұстаған жан біреуді ренжітіп алудан сақтанып, са­уаптан құр қалмауға тырысады.

Былай күнде біреудің әдепсіз әре­ке­тінің «қарымтасын» беруге асығып тұра­тын жан қасиетті Рамазан айында өзге адам дауыс көтеріп, шектен шығып жатса да «мен ораза едім» деп мәселені тақуа­лық жолмен шешеді. Өйткені Рама­занда «мен оразамын» деп айту – сүннет амал, яғни Пайғамбар жолы. Ардақты Пайғамбарымыз былай өсиет еткен: «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шы­ғар­масын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе, оған: «Мен оразамын» десін».

Тақуалық – арнайы іздеп, уақыт-сәтін күтіп жасайтын амал емес. Алладан қорқу, күнәдан сақтану күнделікті тіршілігімізде, жұмысымыз бен отбасымызда, кез келген қоғамдық ортада көрініс табуы тиіс. Ал ораза айы – та­қуа­лықты ту ететін орайлы сәт. Ораза кезінде тақуалық таныта алмаған адам сауаптан құр қалады.

Асан қайғы бабамыздың:

«Ерегісіп, ұрыспа.

Сенікі жөн болса,

Атың шықпас дұрысқа.

Атаңның құны болса да,

Алдыңа келіп қалған соң,

Қол қусырып барған соң,

Аса кеш те қоя бер,

Бұрынғыны қуыспа», – деп жырға қосуы тегін емес.

 

Құран айы

Рамазан – қасиетті Құран түскен ай. Алла тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді» деп баяндаған.

Демек, Рамазан – Құран айы. Бұл айда қасиетті кітапты көп хатым ету керек. Яғни оны толық оқып шыққан адамға мол сауап жазылады. Алла Елшісі: «Кімде-кім Алланың кітабынан бір әріп оқыса, бір сауап алады, ал бір сауап он сауапқа тең...», деген.

Құран Кәрім – берекенің бастауы. Құран оқылған, оған амал етілген үйде, жерде, елде тыныштық орнайды, Алланың берекеті болады. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар...», делінген.

Құран Кәрім өзіне ұмтылған жандар үшін – үміт көзі. «Құран оқу – көңілдің шипасы» (хадис). Қасиетті айда ниетімізді түзеп, ораза ұстап, мүмкіндігінше тазаланып, дұға жасап өзімізді қорғайық. Құран оқып, жұқпалы індетке шалдыққан жандарға Алладан шипа тілейік.

 

Тәрбие айы

Алла тағала «Фуссилат» сүресінің 34-аятында: «Жақсылық пен жамандық тең болмайды. Жамандықты жақсы ісіңмен жолға сал. Сонда ғана сенімен дұшпандығы бар қас адам, өзіңнің сырлас (өте жақын) досыңдай болып кетеді», деп баяндайды.

«Мұсылман» деген сөз «мойынсұнушы» деген мағынаны білдіреді. Демек мұсылман баласы әр ісінде Алланың әміріне мойын­сұнады. Тіпті, біреу жаман ниетпен дөрекілік танытса, оған көркем түрде жауап береді. Жоғарыда хадисті мысал еткеніміздей, біреу ауыз бекіткен мұсылманға тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе, оған «мен оразамын» деп жауап береді. Міне, көркем мінез дегеніміз осы. Көркем мінезді мұсылман айналасына Ислам құндылықтарын паш етеді.

Қазір көп сөзбен насихат айтуға қарағанда бір көркем амалдың әсері әлдеқайда нәтижелі болуда. Ауыз бекітіп жүргеніміздің өзі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. «Мұсылман» деген атты көтеріп жүргеннен соң соған лайықты өмір сүруіміз керек. Өйткені айнала­мыздағы адамдар сіз бен бізден жақсылық күтеді. Әбубәкір Кердерінің:

«Мұсылман болсаң – іждәт қыл,

Иман, руза, намазға.

Ағайын болсаң, тату бол,

Әуес болма аразға!» деп жырлайтыны сондықтан.

Аузы берік адам бойындағы күш-қуатын өнбес дауды қуып, бос нәрсеге жұмсамайды. Нәпсі-қалауы «жуасып» қалған жан жаман­дықтан қашық жүреді. Қу нәпсі адамды аздыратын амалға жетелегенмен, ақылды мұсылман оның «қожайыны» болып қала береді. Ал қалауға ерік берген пенде оның «құлына» айналмақ. Нәпсіні тәрбиелеудің төте жолы – аштық, яғни ораза ұстау. Аш адамның өзгемен қақ-соғы болмайды.

 

Шүкір айы

Адам қолындағы азды-көпті дәулеті, күнде ішіп-жеп жүрген азық-ауқаты, киіп жүрген киімі, мініп жүрген көлігі, басындағы баспанасы, т.б. нығметтер уақыт өте келе қалыпты жағдайға айналады. Алайда адам баласы осынау игілікке өзінің қарым-қабілеті мен амал-әрекеті арқылы жеттім деп ойлайды. Асылында әсте олай емес. Аспан мен жердің арасындағы күллі мүліктің иесі – Алла. Өйткені Жаратушы Жаббар Иеміз: «Сендердегі әрбір нығмет әлбетте Алладан (сыйлық етілген)» дейді («Нахл» сүресі, 53-аят). Адам баласы қандай игілікке жетсе, бұл ең әуелі Алланың қалауымен болатын нығмет.

Рамазан – шүкір айы. Мұсылман баласы таң атқаннан күн батқанға дейін ауыз бекіткен кезде күнде ішіп жүрген бір жұтым судың қадіріне жетеді. Ауыз ашқан сәтте бір кесе судың өзі қандай тәтті десеңші?! Күні бойы аш құрсақ жүрген пенде ауызашарда су мен нанды қанағат етеді. Оны нәсіп еткен Аллаға шүкір етіп, Оған мадақ айтады. Алла шүкір еткен пендесіне разы болады. Ардақты Пайғамбарымыз: «Әлбетте Алла тамақ жеп болып оған мадақ айтқан немесе сусын ішіп болып мадақ айтқан пендеден разы болады», деген.

Ораза адамды көбірек шүкір етуге үйретеді. Ал шүкір еткен елдің ризығы одан сайын арта береді. Бұған мына аят дәлел: «Жақсы (көркем) елдің (жері құнарлы болса да, құнарсыз болса да оның) өсімдігі Раббының қалауы бойынша (берекелі өніп) шығады. Ал жаман елдің өсімдігі (құнарлы жердің өзінде) қиындықпен (мардымсыз) шы­ғады. Шүкіршілік етуші қауым үшін (шү­кір­шілік етуші ел мен шүкіршілік етпейтін елдің мысалы түсінікті болу үшін) аяттарымыз­ды осылайша тарқатып баян етеміз» («Ағраф» сүресі, 58-аят). Аяттан аңғарға­ны­мыздай, біздің ризығымыз бен несібеміз қаншалықты шүкір айтатынымызға байланысты.

 

Денсаулық айы

«Әр нәрсенің зекеті бар. Тәннің зекеті – ораза ұстау. Ораза – сабырдың жартысы»деген хадис бар. 

Рамазан – денсаулық жақсаратын ай. Алайда ораза ұстаудағы басты ниет ден­сау­лықты жақсарту үшін ғана болса, онда пенде Рамазанның сауабынан құр қалады. Мұндайда ораза ұстау мен диета ұстаудың айырмашылығы болмайды. Мүміннің ниеті – маңызды мәселе. Өйткені Алла Елшісі айтқандай, мұсылман нені ниет етсе, соған жетеді. Біздің ниетіміз ораза ұстау арқылы Алланың рақымына бөлену болғандықтан, әр амалымызды шариғат бойынша жүзеге асыруға тырысамыз. Бүгінде әлемнің медицина саласында аштықпен емдеу тәсілі кеңінен қолданылады. Түрлі тәсілмен емделсе де ауруынан айықпаған жандар ашығу (ораза ұстаумен) арқылы дертіне шипа тапқан.

Алла тағала бізге мол сауап жинайтын әрі денсаулығымызды нығайтып алатын мүбә­рак Рамазанды нәсіп етті. Бұл – үлкен нығмет. Ораза артық салмақтан арылуға, ағзаны улы заттан тазартуға, ас қорыту жүйесіне, жаңа жасушаның пайда болуы­на, қан қысымын қалыпқа келтіруге көмек­теседі. Рамазанда адам қанындағы холестерин деңгейі азаяды. Ескі холестерин азайып, май қалдықтары еріп, қан айналымының дұрысталуына оң әсер етеді. Оразаның біз білетін пайдалары осындай.

Адамды көркем бейнеде әрі махаббатпен жаратқан Алла бізге қандай амалдың қайырлы екенін жақсы біледі емес пе?! Сондықтан Жаратқан Жаббар Иеміздің рұқсат еткен және тыйым салған әрбір әмірінде хикмет бар.

 

Жақсылықта жарысатын ай

Жақсылықта жарысу – мұсылманға тән сипаттың бірі. Алла тағала Құранда: «Әркімнің бір бет алатын қыбыласы бар. Сонда жақ­сылыққа жарысыңдар» («Бақара» сүресі, 148-аят); «Раббыларыңның жарылқауына жә­не тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей жәннатқа жарысыңдар» («Әли-Имран» сүресі, 133-аят) деп әмір еткен.

Өкінішке қарай елімізде жарияланған тө­тенше жағдайға байланысты мешіт есігі жа­был­ғанымен, сауап есігі жабылмайды. Үйде оты­­рып, мейрамханаларға тапсырыс беріп, та­мақ­ты ауыз бекіткен жандарға жеткізіп, ауыз аш­тырса немесе ақшалай берсе де сауап болады.

Мұсылман қауымы сауаптар еселеніп жазылатын қасиетті айда мұқтаж отбасыларға зекет пен садақа беріп, халықтың батасын алып, алғысына бөленеді. Осы ретте Рамазан айында берілетін пітір садақасы мен зекетті kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы аударуға болатынын атап өткім келеді. Біз осылайша онлайн садақа берудің оңтайлы жолын таңдадық. Мобильді қосымшаға әр облыс пен республикалық маңызы бар қалалардағы орталық мешіттердің есепшоты енгізілді. Әр азамат өз өңіріндегі мешіттің есепшотына пітір садақасы мен зекетін үйден шықпай онлайн режімде аудара алады.

Қоғамда пітір садақасы не үшін беріледі деген сауал жиі қойылады. Осы ретте айта кетер жайт, өз қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына жеткен, яғни 127 мың теңгесі бар адам Рамазан айында өзі және отбасы үшін пітір садақасын беруі – уәжіп (міндет).

Пітір садақасы пенденің ораза кезінде жіберіп алған қате-кемшіліктерінің өтеуі үшін және көмекке мұқтаж жандарды материалдық қолдау мақсатында беріледі. Мешіт халықтан түскен пітір садақасын шариғат жолымен көмекке мұқтаж отбасыларға таратады. Бұл – әуелі Алланың, содан кейін пітір садақасын берген адамдардың алдындағы жауапты да сауапты міндетіміз. 

 

Қайырымдылық айы

Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген сөз бар. Садақа – пенденің мал-дәулетін азайтпайды, керісінше, берекесін арттырады. Біз берген садақа бір отбасын қуанышқа бөлейді. Мұны ұмытпауымыз керек. Мынадай ғибратты хадис бар: «Мұсылман – мұсылманның бауыры, оған зұлымдық жасамайды, оны құрдымға да тастамайды. Кімде-кім бауырының қажеті үшін жүрсе, Алла оның қажетінде болады. Кімде-кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, қиямет күні Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді. Кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла оның айыбын жасырады».

Қайырымдылық – қайырлы іс. Рамазанда қаншама отбасы қуанышқа кенеліп, шат-шадыман күй кешеді. Қайырымдылық айында ізгі іс-шараларға атсалысып, сауап алуға асығайық.

 

Мейірім айы

Рамазанда мұсылманның бір-біріне мейірімі оянып, бауырмалдығы артады. Әз Пайғамбар: «Бір-бірін жақсы көруде, бір-біріне жаны ашуда, бір-біріне мейірім таныту ісінде мүміндер тұтас бір ағза секілді. Дененің бір мүшесі ауырса, басқа мүшелері оған қосыла сыздайды», деген.

Қарны тоқ адам аш адамның жағдайын түсінбейді. Бай адам өзі ораза ұстаған кезде тамаққа жарымай, аш жүрген пенденің жағ­дайын терең сезінеді. Бауырының жағдайын жүрегімен түсінген адам оған мейірім таныта бастайды. Ораза – бай мен кедейдің арасын жақындата түсетін теңдессіз құлшылық.

Алла тағала ұстаған оразамызды, берген сада­қамызды, қасиетті айда жасаған әрбір қайыр­лы істеріміздің сауабын еселеп жазғай! Жара­тушы Иеміз баршамызды оразадан оразаға дейін айдан аман, жылдан есен жеткізе бергей! Әмин!

 

«Егемен Қазақстан» газеті, №78, 2020 жыл

 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Рамазан айының басталуымен құттықтауы
 

Құрметті отандастар!

Баршаңызды қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – бүкіл әлемдегі мұсылман қауымы үшін рухани жаңару мен жаңғыру кезеңі.

Рамазан айында әрдайым ырыс пен ынтымақ, ізгілік пен мейірім салтанат құрады. Отыз күн Оразада мұқтаж жандарды қолдап, қайырымдылық көрсету игі дәстүрге айналды.

Өкінішке қарай, биылғы Рамазан айы төтенше жағдай кезеңіне тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан жамағатты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұсынымдарын орындауға, індетке қарсы күресте бірлік пен жауапкершілік танытуға шақырамын. 

Біз, Қазақстан халқы, қанымызға сіңген қадір-қасиеттің арқасында кез келген сынақтан абыроймен өтеміз деп сенемін.

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!

 

 

 

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың барша қауымды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтауы

Құрметті жетісулықтар!

Баршаңызды  әлем мұсылмандары үшін қасиетті болған Рамазан айының келуімен  шын жүректен құттықтаймын! 

 

Қасиетті Рамазан айында күллі мұсылман қауымы өз жүректерін тіршіліктегі кірбіңнен тазартып, таңғы шықтай мөлдіреген тап-таза күйге енеді. Бұл мереке болашаққа деген сенімді нығайтып, күшті арттырады. Жапа шеккендер мен мұқтаж жандарға мейірім шуағы молая түседі. Қонақжайлылық пен жомарттықтың арнасы кеңиді.

Халқымыз өзінің өмір тәжірибесі арқылы ислам дінінің бірлік пен берекені, ынтымақ пен ізеттілікті молайта түсетіндігін жақсы біледі. Осы қасиетті Рамазан айы мұсылмандарды ғана емес, барлық қазақстандықтарды біріктіреді. Қазақстан халқы өзінің туған жеріне деген махаббатымен, даналығымен, еңбексүйгіштігімен, аға буынға деген шынайы құрметімен, бір-біріне деген көмек-жәрдемімен ерекшеленеді. Біздің тәуелсіз еліміз өзінің аса зор рухани байлығы, ғажайып тарихы және мәдениетімен, діни дәстүрлерімен мақтана алады.

Құрметті жерлестер!

Осы бір қасиетті айда барлық жетісулықтарға әлем жұртшылығын алаңдатып отырған індеттен аман-есен өтуге тілекшімін.

Баршаңызға рухани күш, зор сенім, мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға береке-бірлік  тілеймін.

Қасиетті Ораза айы адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін, ел азаматтарының ауызбіршілігін арттыра түсетініне сенемін.

Ораза қабыл болсын!



 

 

Пандемияға байланысты әлемнің түкпір-түкпірінде карантин жарияланып, елдің көпшілігі үйінде отыр. Осыған орай соңғы 2-3 айда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбейгені, жер-жерде ажырасуға өтініш білдіріп жатқандар саны артқаны да айтылып келеді. Сондай-ақ көп адамның ішімдікке салынып, депрессияға түсіп кеткені туралы мәлімет те аз емес.

Психологтардың айтуынша, қазіргі жағдайда халықтың көпшілігінің күйзеліске түсіп жатқанына түсіністік танытуға болады. Оның бірінші себебі, көпшілік бұрынғы, үйреншікті тірлігінен аяқасты карантиндік режимге топ ете қалды. Яғни карантинге дейін күнделікті жұмысына барып-келіп, қыдырып, ойнап-күліп еркін жүрсе, қазір үйден шықпауы керек. Мұндай күн тәртібі жұмыс істеп үйренген жандарға қамауда қалғанмен бірдей. Төрт қабырғаға қамалып, еркінен айырылғандай күй кешкен ел, әрине, күйзеліске түседі.

Ертеңгі күнін ойлап, азық-түліктің жетпей қалуынан қорқып, ауруды уайымдап, негатив ойға терең шомып кететін жандар да депрессияға бейім болады. Мұнай жағдайда олар бойындағы үрейді еселеп үлкейтіп, қорқыныштың құрсауында қалай қалғандарын да түсінбейді. Осылайша жүйкесі сыр беріп, ашуланшақтық, енжарлық, немқұрайлық, селқостық пайда болады.

Сонымен қатар жыл мезгілінің де адам денсаулығына әсері көп. Дәл көктем кезінде түрлі аурулардың  қозып, жанға батуы да жүйкеге тиеді.

Мұндай қиын жағдайда қалмас үшін карантинді өз пайдаңызға шешуге тырысыңыз. Мәселен, карантин – шектеу емес, ол өзіңізге берілген мүмкіндік деп қараңыз. Иә, мұндай мүмкіндіктің сізде көптен бері болмағанына бәстесуге дайынмын. Сіз соңғы рет қашан отбасыңызбен бірге осынша көп уақыт өткізіп едіңіз?

Жауап беруге қиналып тұрсыз ғой? Ендеше, осы күніңізге шүкір деңіз. Бала-шағаңыздың жанында ойнап-күліп, аман-есен отырудан артық не бар? Осы күндерді мейлінше көтеріңкі көңіл күймен, қуанышта өткізуге тырысыңыз. Балаларыңызды құшырлана сүйіп, мейіріміңізді сездіріңіз. Ақыл-кеңесіңізді айтып, білгеніңізбен бөлісіңіз. Жарыңызбен, ата-анаңызбен, аға-бауырыңызбен отырып, сыр ақтарып, бір-біріңізді жақыннан тани түсіңіздер. Иә, бір әкеден туып, бір шаңырақта тұрғанымызбен кейде бір-бірімізді түсіне алмай немесе ішіміздегімен бөлісе алмай жататынымыз бар. Бұған себеп те көп. Оның бірі – уақыттың тапшылығы. Ал дәл қазір сол уақыт сізде бар. Оны тиімді пайдаланыңыз. Бұл дүниеде әрқайсымызға берілген ең үлкен қазына – уақыт пен отбасымыз болса, карантин кезінде осы екеуі де өз «қолымызда» тұр. Үлкен мүмкіндікті бос жібермеңіз.

Отбасы мен қызмет деп шапқылап жүріп, өзімізді ұмытып кетіп жатамыз. Иә, өзге емес, өзімізді. Карантин уақытында осы олқылықтың орнын толтыруға болады. Шығармашылықты шыңдаңыз. Сүйікті ісіңізбен айналысыңыз. Кішкентайыңыздан бейнелеу өнеріне қызыққаныңызбен, тіршіліктің қамымен қолыңызға қашан қылқалам алғаныңызды да ұмытқан боларсыз. Немесе тоқыма тоқуға, бисерден әдемі алқа жасауға, сүйікті тағамыңызды пісіруге, темірден түйін түйіп, зергерлікпен айналысуға уақыт таппай жүрген шығарсыз. Ендеше, кірісіңіз. Жан қалауымен жасалған істің қайыры көп, әрі тапсырыспен дайындағаннан әлдеқайда әдемі шығатынын да ұмытпаңыз. Бұл ісіңіз алдағы уақытта сізге қомақты табыс әкелетін кіріс көзіне айналуы да мүмкін ғой.

Хоббиді кіріс көзіне айналдыру туралы ойым ұнап жатса, өзіңізді жан-жақты дамытуды қолға алыңыз. Сүйікті ісіңізді пысықтап, қыр-сырын зерттеңіз. Ол үшін түрлі әдебиеттер оқып, интернет әлемінен өзіңізге қажетті ақпаратпен сусындаңыз. Түрлі онлайн тренингтер мен курстарға қатысып, машығыңызды арттырыңыз. Көздің майын тауысып, елдің не киіп, не ішкенін қарап, интернетте бос дүниеге уақыт өткізбей, пайдалы мәлімет іздеңіз. Қажетіңізге жаратыңыз, жаңа іс бастаңыз.

Сырт келбетіңізге көңіл бөліңіз, жаттығулар жасап, сымбатыңызды қолға алыңыз. Бетіне маска жасауға уақыт таппай жүрген қыз-келіншектер көп екенін жақсы білемін. Солардың қатарынан болсаңыз, уақытты тиімді пайдаланыңыз. Масканың түр-түрін байқап көруіңізге болады.

Ауданымыздағы көпшілік жер үйде тұрады. Демек, екінің бірінде кішігірім болса да, бау-бақшасы бар. Ал қазір көктем мезгілі екенін ескерсек, сол бау-бақшада жұмыстың нағыз қызған кезі екенін де білеміз. Қолыңызға күрек, тырмаңызды алып, кірісіңіз. Еңбегіңіздің өнбегі болады.

Ал мұның бәрін тындырып тастасаңыз, отырып ойланып көріңізші. Әрқайсымыздың әлдеқашан бастауын бастап, аяқтай алмай қалған шаруаларымыз шаш етектен. Біріміздің бастап қойған кітабымыз уақыттың жоқтығынан келесі беті ашылмай тұр. Енді біріміздің ойластырып, орындай алмай жүрген ісіміз қаншама. Соларды шетінен қолға алыңыз.

Әр нәрсенің оң қырын көре білсеңіз, депрессия емес, даму жолына түсетініңіз есіңізде болсын, оқырман.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

 

 

Пайғамбарымыз ﷺ бір күні сахабаларына ораза ұстауды бұйырып, артынша былай деп қатаң ескерту:

– Мен рұқсат етпейінше кешке ешкім ауыз ашпасын!

Елдің бәрі жаппай ауыз бекітіп, ораза ұстады. Кеш түскенде жеке-жеке келіп, ауыз ашуға рұқсат алып жатты. Дәл осы тұста бір кісі жақындап келіп:

– Уа, Расулаллаһ! Екі қызым күні бойы ораза ұстаған еді. Ұялғандықтан өздері келіп сізден рұқсат сұрай алмады. Рұқсат етсеңіз, оразаларын аяқтап, ауыздарын ашса жақсы болар еді, – деп өтініш білдірді.

Алайда рұқсат берілмеді.     

Әлгі кісі тағы екі рет келіп рұқсат сұрады. Үшінші рет келгенде пайғамбарымыз:

– Өкініштісі, олар бүгін ораза ұстаған жоқ.. Күні бойы «кісі етін жеген» (әркімнің сыртынан өсек айтып, ғайбаттаған) адам қайтіп ораза ұстасын?! Бар да оларға айт: егер ниет етіп ораза ұстағандары рас болса, дереу құсып тастасын, – деді.

Әлгі кісі айтылғандарды қыздарына айна-қатесіз жеткізді. Олар бұйрықты орындап, өздерін күштегенде кесек-кесек қан құсып жіберді. Әлгі кісі келіп бұл жайды пайғамбарымызға білдіргенде, ол:

– Құдіреті күшті Алла Тағалаға ант етейін, егер олар әлгі ұйыған қанды құсып тастамағанда, тозақта күйдіретін от асаған болар еді, – деді. 

Иә, тек тамаққа ғана емес, тілге де, көзге де, аяққа да, қолға да ораза болса, сонда ғана ол нағыз ораза болмақ.

Сол себепті де әрбір ісімзге, сөзімізге өзімізге отчёт беріп отыруымыз қажет, ғайбат, өсек айту сынды теріс әрекеттер оразаның қабыл болмай қалуына алып келуі әбден мүмкін екен.

Барша жақындарыңызға таратыңыздар, олар да біле жүрсін.

"Мемлекет басшысы коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған Төтенше жағдай кезінде екі аптаның ішінде салынған елордадағы модульді жұқпалы аурулар ауруханасына барды" деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Медициналық мекеменің жалпы аумағы 7 мың шаршы метрді құрайды. Оның құрылысына республикалық бюджеттен 5,5 миллиард теңге бөлінді. Медициналық нысанды «BI Group» компаниялар тобы салды.

Аурухана ғимараты тез құрастырылатын құрылыс технологиясын пайдалана отырып, модульдік блоктардан тұрғызылды. 200 орынға есептелген аурухана медицина қызметкерлері мен ем алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи құралдармен жабдықталған.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Президентке індетке қарсы күрестегі медициналық көмектің проблемалары мен оны жетілдіру жолдары туралы баяндады. Мемлекет басшысы науқастарды емдеуге қажетті барлық құралдармен жабдықталған емдеу бөлімшелері мен палаталарды аралап көрді.

«BI Group» құрылыс холдингі Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа құрылыс жұмыстарының барысы мен аурухананың ерекшеліктері туралы айтты.

Мемлекет басшысы аталған аурухананың мұндай типтегі еліміздегі алғашқы медициналық мекеме екенін атап өтіп, ғимаратты салған құрылысшыларға ризашылығын білдірді.

Қазақстан Президенті дәрігерлермен әңгімелесу барысында отандастарымыздың денсаулығын сақтау үшін қажырлы еңбек етіп жатқан медицина қызметкерлеріне алғыс айтты.

– Сіздер пандемиямен күресте алдыңғы шепте жұмыс істеп жүрсіздер. Сіздерге ризашылығымыз шексіз. Күндіз-түні тынбай еңбек етіп жатырсыздар. Өкінішке қарай, Алматыда дәрігерлерімізді індеттен қорғай алмадық. Қазір қалыптасқан Төтенше жағдайды жою үшін күресудеміз. Сондықтан абай болғандарыңыз жөн, ең алдымен, өз денсаулықтарыңызды сақтаңыздар, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті азаматтарымыздың денсаулығын сақтау мемлекеттің алдындағы басты міндет екеніне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі дағдарыстан денсаулығы мықты ұлт қана аман-есен шығады.

– Кешенді шаралар қабылдау керек. Біз посткеңестік кеңістікте қажетті шараларды ең алғашқылардың бірі болып қабылдадық. Азаматтарымызға карантин режимін сақтаудың оңай емес екенін түсінемін. Бірақ бұдан басқа жол жоқ. Қалай болғанда да осы айдың аяғына дейін карантин режимін сақтаймыз. Арғы жағын тағы да қарастырамыз. Мүмкін, мәселені реттеудің жаңа әдістері табылар. Өйткені халық біртіндеп үйлерінен шығуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы экономиканы қолдаудың маңыздылығы жайында да айтты.

– Экономикалық даму, шағын және орта бизнес туралы да ойлану керек. Күнделікті еңбек етіп, тіршілігін жасап жатқан халық өз мүмкіндіктерінен айырылып қалмауы қажет. Бұл жөнінде келесі аптадағы телевизиялық үндеуімде егжей-тегжейлі айтамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлермен әңгімелесу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүйесін реформалау мәселесіне тоқталды.

– Әрбір дағдарыстың өз сабағы болады. Оны ескеру керек. Біз қазіргі дағдарыс пен пандемиядан сабақ алып жатырмыз. Шын мәнінде, соңғы жылдары санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүйесін дамытуға және оны қолдауға тиісті дәрежеде көңіл бөлінбеді. Әрине, оның белгілі бір себептері бар. Оны сіздер жақсы білесіздер. Біз қазір Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын қайта қалыптастырып жатырмыз. Қажетті реформалар жүргізілетін болады. Атап айтқанда, Бас санитарлық дәрігердің өкілеттігі күшейтіледі, – деді Мемлекет басшысы.

Медицина қызметкерлері қолдау көрсеткені үшін мемлекет пен Президентке алғыс айтты. Сондай-ақ олар дәрігер-инфекционистердің еңбек ақыларын арттыру мәселесін көтерді.

– Біз қазір бюджеттің барлық қаражатын шоғырландырып жатырмыз. Сіздер Қазақстанның осыған дейін қалыптасқан дәстүрлі нарығының құлдырағанын түсінуге тиіссіздер. Бюджетке түсуге тиісті қаржының негізгі бөлігін толық ала алмай отырмыз. Дегенмен осындай күрделі қаржылық қиындықтарға қарамастан, сіздердің өтініштеріңізді қараусыз қалдырмаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет