Сейсенбі, 07 Маусым 2022 14:33

Талабы таудай Абай

Басымбек Абай Төлегенұлы – Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің 4 курс студенті. Ол университеттік "Сириус" тобының мүшесі ретінде Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен қаладағы ЖОО арасында ұйымдастырылған IQ Almaty интеллектуалдық жобасына қатысып, 2020 және 2021 жылдары Гран-при иеленген. Осылайша Абай жолдастарымен бірігіп бас жүлдеге тігілген 2 миллион теңгені 2 рет қанжығалап отыр. Жас интеллектуалмен өткізген сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 

– Абай, алдымен IQ Almaty интеллектуалдық жобасының 2 дүркін жеңімпазы атануыңызбен құттықтаймын. Екі жыл қатарынан тұғырдан түспеген Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина универистетінің "Сириус" тобы қандай қабілеттерімен дараланды?

– Рақмет! Иә, біз екі жыл қатарынан IQ Almaty жобасында жеңімпаз атандық. Оның ең басты себебі біздің білімімізде емес, "күш бірлікте" дейді ғой, сол бірлігіміздің мықты болуында деп ойлаймын. Бір-бірімізді тыңдай біліп, сыйлап, түсінісіп осылай қатарынан 2 рет жеңімпаз атандық.

– Бұл жобаға қатысу үшін қандай да бір іріктеуден өттіңіздер ме?

– Университет ішінде Instagram желісі арқылы осы байқаудың өтетіні жайлы хабарландыру таратылған. Сол жарнама арқылы байқау шарттарын біліп, іріктеу ойындарына қатысып, команда мүшесі атандым. Алғашқы маусымда команда мүшесі болып қатыссам, екінші маусымда басқа ойыншылар команда капитаны болуды маған тапсырды. Біздің топ осылай құралды.

– Керемет! Сіздер осы жеңістеріңізбен болашақ медицина мамандарының зияткерлік деңгейін көрсетіп бердіңіздер. Негізі медицинада оқитын студенттердің оқудан бас алмайтыны, қоғамдық өмірге, жеке басына уақыт таба алмайтыны жиі айтылады. Бұл миф пе әлде расымен солай ма?

– Жалпы мұны былай түсіндіріп көрейін... Бұл әр адамның өзіне байланысты секілді. Мен бұл тұжырымды жай ғана миф деп қабылдаймын. Себебі мен осы медицина мамандығына түскеніме 4 жыл болса да жеке өмірім тасада қалып кетті деп айта алмаймын. Медицинада ғана емес, барлық мамандықта қиындық болады. "Оңай жерде нан жоқ" дегендей, қиындыққа төзбесең мықты маман иесі бола алмайсың. Сондықтан да бастысы білім алу. Медицинаның басқа мамандықтардан артық қиындығы жоқ.

– Абай, білуімше, ЖОО-да жалпы медицинадан теориялық білімді жинақтап алғаннан кейін студенттер салалық дәрігер болуға маманданады. Сіз болашақта медицинаның қай саласын таңдайсыз?

– Бұл өте орынды сұрақ. Бізде бес жылдық базалық білім алғаннан соң әрі қарай студенттер қалаған бағытына қарай ауысып оқи бастайды. Менің медицинаға түскеннен бергі зерттеуім бойынша, қазір Қазақстанда нейрохирургия саласы дамып келеді екен. Мен кішкене болса да нейрохирургияға үлес қоса алатын маман болғым келеді. Сол себептен нейрохирургия бағытын таңдасам деген ойда отырмын.

– Иә, былтыр  Ұлттық Ғылым Академиясының профессоры Серік Ақшолақов мидағы ісікті емдеуге арналған "Гамма-пышақ" деген заманауи жабдықты таныстырған еді. Ал сіз болашақта қандай медициналық өнертабыс ойлап тапқыңыз келеді?

– Армансыз адам, қанатсыз құс болмайды. Менің арманым емес, алға қойған мақсатым, жоспарым – инсульт ауруының алдын алу үшін ми тамырларының беріктігін қамтамасыз ететін дәрілік препарат ойлап тапсам деймін. Себебі қазіргі таңда инсульт белең алып барады, бұл – жұлынға, миға қан құйылу. Жалпы медицина жұмбақ сала деп айтуға болады ғой. Бір аурудың емі табылса, екіншісі пайда болып жатыр. Ковид кезінде де байқадық, қаншама штаммдар шықты. Халық арасында, жаңа туған нәрестелерде аппендицит ауруы жиілеп кетті. Міне, бұл мәселелер мені күнде мазалайды. Болашақта жаңа пәндер оқимыз, сол кезде хирургтарға көкейдегі сұрақтарымды қоямын. Әлі күнге дейін толық жауапты ешкім берген емес. Мәселен кез-келген медициналық оқулықты ашып қарасаңыз, кейбір аурудың себебін түсіндіргенде "нақты шығу себебі белгісіз" немесе "полиэтиологиялық ауру" деп жазып қоя салады. Себебін білмегендіктен дәрігерлер де дұрыс емдемейді. Сондықтан кім де кім жаңалық ашқысы келсе – медицинада зерттелмеген дүние көп. Мен таңдап отырған нейрохирургияның өзінде 10 түрлі сала бар.

– Өзіңіз айтып отырған жұлын мен миға ота жасаудың құны шетелде 40 мың доллардан басталады екен. Ал бізде, Елордадағы нейрохирургия орталығында мұндай операциялар тегін жасалады. Осы орайда күрделі оталар шетелде жақсырақ жасалады деген жансақ пікірді қалай жоюға болады деп ойлайсыз?

– Біздің халық "қазақстандық брендтің" сапасы төмен дегенге сенгіш. Отандық нәрсенің бәрі нашар болады деп қабылдайды. Шындығына келсек шетелде тегін операция мүлде жасалмайды десек те болады. Ал Қазақстанда Денсаулық сақтау министрлігімен бекітілген заңнамалар бойынша жағдайы ауыр науқастарға операция тегін жасалады. Тек қана халықта сенімділік жетіспейді, сенім ұялататын іс-шаралар ұйымдастыру керек. Қазіргі заманда адамдар блогер мен вайнерлерге сенетін уақыт болып кетті. Сол блогерлер букмекерлік орталықтарды, азарт ойындарын жарнамалағанша отандық өнімдерді, отандық медицинаның жетістіктерін көрсетсе елге үлкен пайдасы тиер еді. Сонда Қазақстанда да мықты медицина бар екенін әлемге танытып, керісінше бізге келіп ем алуға болатынын дәлелдейміз.

– Бізде журналистикада оқысаң студент кезден бастап жұмысқа араласу жөн деген пікір бар. Ал сіздерге оқытушылар жақсы дәрігер болу үшін студент кезден-ақ ауруханада жұмыс істей беру керек деп айта ма?

– Медицина мен журналистика саласының мамандарында бір үлкен ұқсастық бар. Себебі журналистер сұхбат алатын адамның көңілін табуға тырысып, қалжыңды сұрақтар қояды, медицинада да дәл солай. Дәрігер алдына келген науқастың өзіне деген сенімділігін, өмір сүруге деген құлшынысын арттырып, ауруды жеңе алатынына сендіріп, көңіл күйін көтеріп жіберсең, бұл – пациентті 70-80%-ға емдедің деген сөз. Пациентке немқұрайды қарау, қабақ шытып сөйлеу немесе сұрағына мән бермеу – оның ауруын асқындырумен тең. Сондықтан студент әр курс жоғарылаған сайын аурухана атмосферасына үйренуі үшін, пациентпен дұрыс жұмыс істеуі үшін тәжірибе жинауы орынды деп білемін. Қазір мен 4 курс студенті болғандықтан, университетте ешқандай сабақ болмайды, оның орнына қалалық емханаларда өзімді дәрігер ретінде сезініп, алдыма келген пациентті емдеуге бар күшімді салып жүрмін. Яғни практикалық тұрғыда білім жинау жақсы медицина маманы болуға үлкен үлес қосады.

– Ал туған-туыстарыңыз, көрші-қолаң, достарыңыз сіз медицинада оқитындықтан ем-дом сұрап келетін кездері бола ма?

– Әрине, ол медицинада оқитын барлық студенттің басынан өтетін шығар. Мен әлі толыққанды маман болмағандықтан кішігірім сұрақтармен келеді. Мысалы: қандай дәрі-дәрмек қолдану керек, қайда қаралған дұрыс, емделуге қандай құжаттар керек деген сияқты. Бірақ "тышқан сойса да, қасапшы сойсын" деген жақсы сөз бар ғой қазақта. Сол себепті мен мықты мамандарды айтып, соларға жөн сілтеп көмектесетінім бар.

– Менімен емен-жарқын әңгіме өрбіткеніңізге рақмет, Абай! Болашақта Қазақстандағы нейрохирургияны жаңа деңгейге көтересіз деп білемін. Келесі жүздескенше сау болыңыз!

 

Сұқбаттасқан Анель АЯНҚЫЗЫ

Оқылды 2542 рет

Соңғы жаңалықтар

Қаз 31, 2024

Тәуелсіздікке талпынған Тезек төре

ТӨЛ ТАРИХЫМЫЗДЫ ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАННАН КЕЙІН ҒАНА ТҮГЕНДЕП, АРХИВТЕРДІ АҚТАРЫП, ТЫҢ…
Қаз 31, 2024

Ауылына қарап, азаматын таны

Адам баласы өмірге келгенде алғаш болып мейірімділікті сезері хақ. Жөргекте жатқан…
Қаз 31, 2024

Құқық бұзушылыққа кім кінәлі?

Қоғамымызда жасөспірімдер мен балалар арасында құқықұзушылық пен тәртіп бұзушылық жиі…
Қаз 31, 2024

«Желаяқтар» марафоны

Республика күні қарсаңында Қырбалтабай ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен…
Қаз 31, 2024

Ел боламын десең, бесігіңді түзе

2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет…
Қаз 31, 2024

Мектептегі мерейлі мереке

Республика күні қарсаңында Қ.Сәтпаев атындағы орта мектепте «Қазақстан – туған елім, ұлы…
Қаз 31, 2024

Девушка с корзиной «ожила»

Пожалуй, единственное сохранившееся творение рук скульптора советских времен – девушка с…
Қаз 31, 2024

Он жил для людей, и они его помнят

Марупа Якуповича Касимова, уроженца с. Ташкенсаз, с большим сердечным теплом вспоминают…
Қаз 31, 2024

Абырой – адал қызметте

2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен – әлеуметтік қорғау жүйесі…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет