Дүйсенбі, 09 Мамыр 2022 23:46

Қаһарман ардагер

Миллиондаған адамның өмірін жалмап, талай тағдырға қасірет әкелген Ұлы Отан сағысының аяқталғанына биыл 77 жыл. Өкінішке қарай, Отан үшін от пен оқтың ортасында қан кешкен ардагерлердің қатары сиреп барады. Еңбекшіқазақ ауданында санаулы ғана ардагер батырымыз бар. Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Алмалы ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Жылқыбай Тәжіқұлов атамызбен дидарластық.

Өмір көрген қария балалық шағы мен сұрапыл жылдарды күрсіне еске алды.

– Мен 1923 жылы Өзбекстан Республикасы, Бұхара облысы, Тамды ауданында өмірге келдім. Жастайымнан ата-анамнан жетім қалып, балдырған шағым бейнетпен өтті, – деп бастады әңгімесін Жылқыбай ақсақал.

Атамыз 1933 жылдан бастап Беруни ауданындағы «Естемемс» балалар үйінде тәрбиеленеді. 1938 жылы Бұхарадағы «Мал дәрігерлік» техникумына түсіп, 1941 жылы оқуын аяқтайды. Беруни ауданында өз мамандығымен жұмыс істеп жүргенде 1941 жылы әскер қатарына шақырылады. Саратов облысының Пугачев қаласында азаматтық борышын өтеп, кіші командир курсын бітірген соң соғысқа аттанады. Қан майданда Жылқыбай Тәжіқұлов қазаққа тән батырлықпен, қол бастай білетін қабілетімен алдыңғы шепте жүрген. 100-ші жеке атқыштар бригадасында барлаушылар батальонының командирі болады. Сонымен қатар, Калинин қаласы мен Украина жерін жаудан азат етуге қатысқан.

Қаһарман тұлғаның есте қалар ерліктері аз емес. 1943 жылы түнгі уақытта барлауда жүргенде пулеметте отырған неміс жауынгерін жалғыз өзі тұтқындап, оны сырт киіміне орап, әскери бөлімге дейін көтеріп әкелген. Осы және басқа да ерліктері үшін «Красная звезда», «За отвагу», «За Боевые заслуги» сынды көптеген медальдармен марапатталған. Отан үшін от кешіп жүрген шақта қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметовамен бірге 16 күн бір полкте жауға қарсы күрескен.

– Тарихта өшпес аты қалған, батырлық пен сұлулықтың символы Мәншүк – ақылына көркі сай ержүрек қыз еді. Невель өзенінің жағасында оқ тиіп, өмірден озды, – деп күрсіне еске алды ақсақал.

– Бірде түн жарымда барлауда жүріп, ескі окопқа түсіп, барлаушы неміспен айқасып, мойын омыртқасын сындырып жіберіппін. Жан-жақтан гранаталар жарылып жатты. Бүкіл денеме, оң көзіме граната жарықшалары (осколки) тиіп, госпитальға түстім, – деп сұрапыл соғыстың зардаптарын баяндаған ардагер бейбіт күннің қадірін білуге шақырады. 1944 жылы граната жарықшаларына жараланған Жылқыбай Тәжіқұлов екі көзі көрмей, оң қолы тартылып зақымдануына байланысты еліне оралады. Кейіннен мал дәрігері болып ауыл шаруашылығында 1967 жылға дейін қызмет атқарған. 1967-1989 жылдар аралығында май зауытында қойма меңгерушісі болып жұмыс істейді. 1989 жылы зейнетке шығады. Зейнет жасында да игі істердің басында жүрген. 1990-1995 жылдар аралығында «Мүгедек жандар қоғамы» цехында бас меңгеруші қызметін атқарған және соның негізін қалаған. 2011 жылы өзінің тарихи Отаны Қазақ жеріне қоныс аударып, Есік қаласына тұрақтайды.

Атамыз 1948 жылы Майгүл Аралбаевамен отау құрған. Майгүл анамыз 9 құрсақ (3 ұл, 6 қыз) көтергенімен екі бірдей ұлы жас күнінде шетінеп кеткен. Қазіргі таңда 1 ұлы, 5 қызы бар. Бүгінгі таңда қария немере, шөбере, шөпшек сүйіп отыр.

Ұлы Марат Тәжіқұлов әкесінің ерлігін мақтан тұтатынын айтты.

– Әкеміз сүйегі асыл адам ғой. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей әкеміз әулеттің қазынасы мен мағынасы болып отыр. Ағайындар мен ауылдастар әкеміздің батасын алу үшін үйімізге жиі еніп тұрады, – дейді.

Жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қыр кешіп Отан алдындағы борышын үлкен абыроймен өтеген көнекөз қариямыз тыныштықтан асқан байлық жоқ екенін жеткізіп, Тәуелсіздігіміздің тұрақты, болашағымыздың шуақты болуын тілеп, ақ батасын берді.

Ринат НАРХАНОВ.

Оқылды 3122 рет

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 11, 2025

Мемлекеттік қызметке ашық жол:…

Мемлекеттік қызмет — ел дамуы мен тұрақтылығының тірегі, азаматтардың әл-ауқатын…
Қырқ 11, 2025

Бошкулов Айдар Багашарович, …

В послании Главы государства этого года обозначены как глобальные вызовы времени, так и…
Қырқ 10, 2025

Оқушылардың ата-аналарына арналған…

Жаңа оқу жылы – әр оқушы мен ата-ана үшін жауапты әрі ерекше кезең. Бұл уақыт баланың…
Қырқ 10, 2025

Жіті респираторлық вирустық инфекция…

ЖРВИ/тұмау- ол жіті жұқпалы, инкубациялық мерзімі қысқа, тыныс алу жолдарының қабынуымен…
Қырқ 10, 2025

Оба:жұғу жолдары, алдын алу шаралары.

Оба аса жұқпалы, карантинді инфекциялар тобына жататын ауру. Инфекцияның жабайы…
Қырқ 10, 2025

Мектеп жиһазына қойылатын санитарлық…

Мектеп жиһазы оқу процесін ұйымдастырудың негізгі элементі болып табылады.…
Қырқ 10, 2025

Компьютердің көру қабілетіне әсері

Қазіргі уақытта компьютерлер, планшеттер, смартфондар және басқа гаджеттер ақпарат алу…
Қырқ 09, 2025

Алматы облысының қатысуымен …

Алматы облысының қатысуымен Мәскеуде бизнес-форумИнвестициялар, цифрлық технологиялар…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет