Бейсенбі, 14 Шілде 2022 14:51

Адам болу – өз ісің, азамат болу – борышың

Бүгінде қазақ қоғамында көпбалалы отбасыларды жиі кездестірмейміз. Кеңестік солақай саясаттың санамызға сынадай қаққан дәстүрге жат түсінігі мен тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудың орасан зардабы демографиямызды да тоқыратқаны белгілі. «Бір баласы бардың – шығар-шықпас жаны бар» деп бабаларымыз бағзы замандардан бері ұрпақ көбейтуге үгіттеген. Алайда сананы тұрмыс билеген осы заманда, әсіресе біздің қоғамда бұл тақырыпқа жерлестеріміздің ой-пікірі сан тарауға бөлінері сөзсіз. Осы орайда мемлекеттік қызметте 20 жылдан астам уақыт абыроймен қызмет атқарып келе жатқан көпбалалы әке Бейбіт Искаковпен жұмыстың айналасында емес, жанұялық, қоғамдық еркін тақырыпта сұхбаттасудың сәті түсті.

– Құрметті Бейбіт Құлжанбайұлы, өзіңіз секілді көпбалалы әке болып жүрген азаматтар көп емесі белгілі. Қазақ баланың санын айтпайды деген сөз бар, дегенмен де оқырмандар назарына ұсынылатын сұхбат болғандықтан айтып өтсеңіз.


– Әуелі Аллаға шүкір деймін. 6 баланың әкесімін: 4 ұл, 2 қызым бар.

– Отбасы құрғаныңызға қанша жыл болды?

– Биыл жанұялы болғаныма 17 жыл толады. Жұбайым өзімнің сыныптасым, бір партада отырғанбыз.

– Өзіңізді кейінгі толқынға, еліміздің жас жігіттеріне үлгі қыларлықтай азамат деп санаймыз. Осы орайда отбасындағы әкенің рөлі қандай болуы керек деп есептейсіз?

– «Отан отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар ғой. Жеке басым әкенің тәрбиесінде көп болдым деп айта алмаймын. Өйткені үйдің үлкені болғандықтан, қазақы салтқа сәйкес, ата-әжемнің баласы болып өстім. Әкем орманшы болып қызмет атқарғандықтан уақытының басым бөлігі жұмысқа жұмсалатын. Дегенмен де ұл-қыздарынан мейірімін аяған емес. Қолынан келгенше тәрбиесін беріп, қамқорлығын көрсетіп өсірді. Сауалыңызға келетін болсақ, отбасында әкенің атқаратын рөлі өте зор деп есептеймін. Ер азаматтар отбасын құрған сәттен бастап өзіне артылған міндеттерге үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әке тәрбиені сөзден бұрын іспен беруге тиісті. Бала әкеден көргенін істейді, мысалы өзің темекі тартып жүріп балаңа «темекі тартпа!» деу – ақылға қонымсыз әңгіме. Әке ұл-қыздарының алдында өз биігінде қалуы керек және әке деген ауқымы кең атқа лайықты болуға міндетті.

– Көпбалалы болуға құлқы жоқ жастар да аз емес қой. Осы орайда көпбалалы отбасы болудың артықшылықтарын, жақсылықтарын айтып өтсеңіз.

– Өз отбасымнан бастайтын болсам, ата-анам да көпбалалы отбасынан шыққан. Ал біз 4 ағайындымыз, үйдің үлкенімін деп айтып қалдым ғой, екі інім, бір қарындасым бар. Бала күнімізден үй шаруасына бейім болып өстік. Анамыз шаршап қалмасын деп тамақ пісіру, үй жинау, ыдыс жуу секілді жұмыстарды өзіміз істей беретінбіз. Мен үшін ұлдың жұмысы, қыздың жұмысы деген нәрсе жоқ, себебі ұлда да, қызда да қол бар. «Балалы үй – базар» деп тегін айтпаған ғой. Сан жағынан ғана емес көпбалалы үй бақыт пен береке жағынан да үстемірек деп білемін. Себебі «бір қозы артық туса, бір түп жусан артық өседі» деген бар. Балаларыңды
ауызбіршілікпен өсірсең, ержеткенде бір-біріне сүйеу болып, өмірдің қиындықтарын бірге жеңіп, жетістіктер мен белестерді бағындыру оңай болады.


– Қазіргі заманда уақыт деген дүниенің тапшылығы артып тұр. Осы тұста өзіңіз балаларыңызға қаншалықты уақыт бөліп тұрасыз?


– Қолдан келгенше көңіл бөлуге тырысамын. Қызметіміз жол, тұрғын үй, су саласына қатысты болғандықтан жыл он екі ай қарбаласта болатынымыз белгілі, ауданымыз да үлкен. Жұмыстан кейінгі уақытымда балаларымның оқуымен, орындап жатқан тапсырмаларымен танысамын. Кемінде аптасына бір рет саябаққа барып, серуендеп тұрамыз. Өзіме де, отбасыма да табиғат аясына шығып демалған ұнайды. Жаз айында тауға, қыста шаңғы тебуге жиі баруға тырысамыз.


– Сіздің ойыңызша, ер азаматтарға ерте үйленген дұрыс па, әлде кеш пе?


– Қазақ «13-те отау иесі деп» босқа айтпаған ғой. Үй алып алайын, көлік тізгіндейін, жұмысымды бір арнаға қойып үлгерейін деп уақытын босқа өткізіп алатын бауырларымызды көп байқаймын. Бұл көзқарасқа жеке басым қарсымын. Ертерек үйленсең, ұл-қызың ерте өсіп, өзіңе қолғанат болады. Материалдық тұрғыда қиналамыз дейтіндерге бас екеу болмай, мал екеу болмайтынын ескерген жөн. Мейлінше ерте үйленген дұрыс, себебі жалғыздық Құдайға жарасқан дейді. Бір мысал ойыма түсіп отыр, 37 жасқа келіп үйленген досым бар. Сол жігіт үйленгеннен кейін ғана үлкен үй салды, өмірінде оң өзгерістер пайда болды. Соның барлығы үйленгенімнің арқасы деп өзі де мойындайды.


– Қазіргі таңда қоғамның өзекті мәселесі, ауыр дерті бар ажырасу деген. Осы дерттің алдын алу үшін кейінгі толқынға нендей кеңес айтасыз?


– Иә, бұндай өкінішті жайттарды естіп те, көріп те жүрміз. Ажырасудың себеп-салдары өте көп болғандықтан, бәлендей ақыл айту да қиын. Ол ақылыңды кейбір жастардың тыңдай қоюы да екіталай. Әке-шешелеріміздің заманында таршылық та, жоқшылық та болды. Қазіргі кездегідей тұрмыстық техникалар болған жоқ, алайда ажырасу дегенді білмеді. Өмірдің небір қиындығын көре тұра алақаны ажырамаған үлкендерімізден үлгі алу керек секілді. Бұл сұраққа жауап берерде бір мағыналы әңгіме ойға оралады. «Бір әке өзінің ержеткен баласынан: «Балам өмірде кім мықты? Сен бе, әлде мен бе?» – десе, баласы: «Әрине, мен!» – депті. Ұлынан мұндай жауапты күтпеген әке сұрағын қайталап қойып көрсе, баласының жауабы өзгермепті. Қапаланған күйі кетіп бара жатқан әке ұлынан сәл алыстаған бойда бұрылып, соңғы рет сұрайыншы деген үмітпен баласына тағы да: «Кім мықты?» – десе, баласы ойланбастан: «Әке, сіз мықтысыз!» – деген екен. Әкесі таңырқаған кейіпте ұлынан жауабының неліктен өзгергенін сұрайды. Сонда ұлы: «Әке, сіз менің жанымда жүрсеңіз, әлемде менен мықты ешкім жоқ деп есептеймін. Сіз жанымнан алыстасаңыз, мықтымын деуім бекер емес пе?» – депті. Осы оқиғадан бала үшін әке мен ананың орны бөлек екенін ұғамыз. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деп бекер айтылмаса керек. Баланың әкесіз өскені ауыр боларын, ажырасу дегеннің бала үшін үлкен қасірет екенін естен шығармауға тиіспіз.


– Соңғы кездері жасөспірімдердің қолынан ұялы телефон түспейтін болды. Осы мәселеде балаларыңызды телефоннан тыйып тұрасыз ба?


– Иә қазіргі уақытта балалардың ғана емес, ата-апаларымыз да, ортаңғы буын өкілдері де телефонның дертіне шалдыққанын жасыра алмаймыз. Белең алған бұл дерттен балаларымды мейілінше тыйып, кітап оқуға баулып келемін. Мәселен, үлкен ұлым жылқыны жақсы көреді, оған жылқы тақырыбындағы кітаптарды алып бердік. Екінші ұлым спортқа бейім, әсіресе футболға. Оған да қызығатын саласы бойыншы кітаптарын алып бердік. Кішкентай балаларымызға қазақша мультфильмдер көрсетеміз. Телефоннан ойын ойнағанша, уақыттарын пайдалы іске жұмсауын үнемі қадағалаймын. Алайда, телефон да қазіргі заманның ажырамас бөлігіне айналғандықтан түбегейлі ұстатпаймыз десем жалған болар. Әр нәрсе өзінің шегінен шықпағанын құп көремін. Телефон ұстауға күнделікті бір сағаттай уақытты белгілеп қойғанбыз. Сол уақыт аралығында ғана балалар телефон ұстайды.


– Ұл-қыздарыңызға жиі айтатын ақылыңыз.


– Ешбір ата-ана баласын жаман болсын демейді. Сол себепті балаларыма үнемі дұрыс жол көрсетіп, саналы азамат болып өсуі үшін тырысудамыз. Өз басым, өтірікті ұнатпағандықтан, шыншыл болуын талап етемін. Өтіріктің зияны мен қауіптілігін түсіндіре отырып, қандай жағдай болмасын шындықты айту керегін талап етемін. Қандай адам болып қалыптасуы өз қолдарында, алайда Отанға адал азамат болу – басты борыштары екенін естеріне жиі саламын.


– Қазіргі заманда да кейбір жігіттердің әйеліне дөрекі көзқарасы, қол көтеру секілді фактілер орын алып жатады. Осы мәселеде ойыңызды тарқатсаңыз.


– Біріншіден, сенің аманат қылып алған жарың бір отбасының еркелетіп, аялап өсірген қызы екенін ескеру қажет. Бауыржан Момышұлынан кім батыр деп сұрағанда атамыз «қыз бала» деп жауап берген екен. «Себебі өзі білмейтін, танымайтын елге барып, сол елге сіңіп, ұрпағын өсіріп өмір бойы қалады. Бұл ешбір батырдың қолынан келмейтін ерлік» деген екен. Осыдан-ақ нәзік жандыларға деген құрметіміз ерекше болуы тиіс екенін аңғарамыз. Әйелді ұру дегенге түбегейлі қарсымын, бұл ер адамға тән тірлік емес. Ер мен әйел отбасыдағы тепе-теңдікті сақтауы қажет.


– Оқырмандарға да мәлім болсын, өзіңіздің өмір жолыңызды қысқаша баяндап берсеңіз.


– Өмір жолыма келетін болсақ, мен Есік қаласында туып-өстім. Орта мектепті аяқтағаннан кейін Алматы технологиялық және бизнес университетіне оқуға түстім. 2003 жылы туған жеріме оралып, әкімшіліктің экономика бөліміне жас маман болып орналастым. Әрі қарай бас маман, сектор меңгерушісі болып қызмет атқардым.
Еңбегімнің нәтижесінде 2012 жылға дейін кәсіпкерлік бөлімін басқардым, 2012-2013 жылдар аралығында жұмыспен қамту орталығында директор болдым. 2013 жылдың қазан айынан бастап жол бөлімін басқардым биылғы жылдың қаңтар айына дейін. Одан кейін оптимизациялауға байланысты бүгінде Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлім басшысының орынбасары болып қызмет атқарудамын. Мемлекеттік қызметте еңбек еткеніме 20 жылдай уақыт өтіпті.


– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?


– Көп адамдар аңшылыққа қызығып жатады. Менің әкем орманшы болса да бір аң атып көрген жан емес, мен де аңшылық пен балық аулауға қызықпайды екенмін. Саламатты өмір салтын ұстанғанды жақсы көремін, темекі мен ішімдікке мүлдем әуестігім жоқ. Менің хоббиім – атқа міну, бала-шағаммен қыдыру, серуендеу.


– Адам қанша биіктеген сайын соншалықты қарапайым болу керектігін көптеген ұлы тұлғалар насихат еткен. Қарапайым күн кешіп жүріп ақшаның немесе қызметтің буына мас болып жүрген азаматтар да жиі кездесіп жатады. Осы мәселеге тоқталып, жас буынға берер кеңесіңіз болса.


– Сіз атап өткен адамдар өмірде көп кездескенімен, өз мансабына қарамай, адами болмысына дақ түсірмеген жандар жеткілікті. «Адамның кім екенін білгің келсе, ақша немесе билік бер» деп жатады ғой. Дәрежесі көтерілген адам тиісінше қарапайым болса, қадір-қасиеті соншалықты биік болмақ. Билігі немесе ақшасы бар адамдар өзінің қателесіп жатқанын, ел көңілін қалдыратын мінез танытқанын байқамай қалып жатады. Ол туралы ойланбайтыны да өкінішті. Бұндай олқылыққа жол бергендер өз биігінен құлаған күні-ақ, қателескенін түсінері сөзсіз. Өз ойымша, бүгінмен өмір сүру емес, ертеңгі күнгі беделіңе алаңдаған дұрыс. Адам баласы тәубесін ұмытпау үшін, Алланы естен шығармауы қажет. Барлығы да Алланың бізге беріп қойған уақытша сынағы, сол сынақтан абыроймен өту – біздің басты міндетіміз.


– Сіздің осы күнге жетуіңізге ата-анаңыздың берген тәрбиесі зор деп білеміз. Сол себепті ата-анаңыз жайлы айтып өтсеңіз.


– Әкемнің есімі Құлжанбай Искаков, ол кісі 42 жыл бойы Есік, Түрген бөлімшелерінде орманшы болып қызмет атқарды. Анамның есімі Зағира Үсенбаева 40 жылдай ғұмырын ұстаздыққа арнаған жан, физика пәнінен сабақ берген. Есік қаласындағы барлық мектептерде қызмет атқарды десем де болады, ЕГЭК колледжінен зейнетке
шықты. Қазір ол кісілер бейнеттің зейнетін көріп, немере бағып, ақ батасын беріп, тілеушіміз болып отыр.


– «Әрбір жетістікке жеткен ер адамның артында жақсы әйел тұрады» деген тәмсіл бар.


– Оныңыз рас, «Ер азығы түзде» дегендей біздің уақытымыз көбіне сыртта өтетіні белгілі. Шаршап үйіңе жеткенде жұбайыңның қабағы ашық, үйдің шаруасы тыңғылықты болса ғана ер азаматтың көңілі жайланып, жұмысы алға басары анық. Осы тұрғыда керегемді кеңейтіп, ұрпағымды көбейтіп отырған жұбайыма, әлбетте ризамын. Жоғарыда айтып өткенімдей келіншегім сыныптасым ғой. Бала күннен танып өскен адамды таңдағандықтан жар таңдауда қателескен жоқпын деп айта аламын.


– Келелі әңгіме өрбітіп, тұшымды сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!


– Сіздерге де мың алғыс!

Тілдескен Ринат НАРХАНОВ.

Оқылды 1996 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Талабы таудай Абай Бізге артылар жүк ауыр »

Соңғы жаңалықтар

Қаз 31, 2024

Тәуелсіздікке талпынған Тезек төре

ТӨЛ ТАРИХЫМЫЗДЫ ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАННАН КЕЙІН ҒАНА ТҮГЕНДЕП, АРХИВТЕРДІ АҚТАРЫП, ТЫҢ…
Қаз 31, 2024

Ауылына қарап, азаматын таны

Адам баласы өмірге келгенде алғаш болып мейірімділікті сезері хақ. Жөргекте жатқан…
Қаз 31, 2024

Құқық бұзушылыққа кім кінәлі?

Қоғамымызда жасөспірімдер мен балалар арасында құқықұзушылық пен тәртіп бұзушылық жиі…
Қаз 31, 2024

«Желаяқтар» марафоны

Республика күні қарсаңында Қырбалтабай ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен…
Қаз 31, 2024

Ел боламын десең, бесігіңді түзе

2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет…
Қаз 31, 2024

Мектептегі мерейлі мереке

Республика күні қарсаңында Қ.Сәтпаев атындағы орта мектепте «Қазақстан – туған елім, ұлы…
Қаз 31, 2024

Девушка с корзиной «ожила»

Пожалуй, единственное сохранившееся творение рук скульптора советских времен – девушка с…
Қаз 31, 2024

Он жил для людей, и они его помнят

Марупа Якуповича Касимова, уроженца с. Ташкенсаз, с большим сердечным теплом вспоминают…
Қаз 31, 2024

Абырой – адал қызметте

2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен – әлеуметтік қорғау жүйесі…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет