Ислам діні – қазақ халқының ұлт болып ұйысып, халық болып қалыптасуына тікелей ықпал еткені белгілі. Адалдық пен бейбітшілікті, тазалық пен әділеттілікті ту еткен асыл дінімізді қаралап жүрген жандар аз емес. Бірақ оған себеп те жоқ емес. Ғаламның бар сырын бойына жиған қастерлі шариғатымызды дұрыс ұстанған адам алланың ақ жолынан адаспасы анық. Осы орайда ауданымыздың бас имамы Cапархан Төреқұловпен тілдесіп, көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап іздедік.
– Құрметті Сапархан Айдарханұлы, тағылымды тарихымызға сапар шегейік. Қазақ қоғамындағы ислам дінінің рөлі қандай болды?
– Қазақстанның тарихы мен мәдениеті көп ғасырлар бойы ислам дінімен байланыса дамып келеді. Ислам діні – қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі. Халқымыздың арғы тегі болып есептелетін көне түркілер исламның қалыптасуы мен көптеген жетістіктеріне өз үлестерін қосты. Қазақ мемлекеті құрылғаннан бастап мұсылмандық құқықтық нормаларына жүгінді. Барлық қазақ хандары Керей мен Жәнібектен бастап ең соңғы қазақ ханы Кенесары өздерінің шариғатқа жүгінетіндіктерін атап кеткені бізге айқын дәлел. Қасым хан мен Есім хан қабылдаған көшпелі мемлекеттің дала заңдарына шариғаттың үлкен әсері болды. Тауке ханның «Жеті жарғы» заңдар кодексін қабылдауы исламды қоғамдық өмір мен заңдық тәжірибеде қолдануда айтарлықтай үлкен қадам еді. Тәуелсіз Қазақстан тарихына жүгінсек исламдық институттардың ықпалы артқанын байқаймыз. Соңғы жылдардың тәжірибесі исламның қоғамдағы руханият ты қолдап, дамуға қуатты жасампаз ықпалын тигізетінін көрсетіп отыр.
– Кейбір дәстүріміздегі діни жоралғыларды Аллаға серік қосқандық деген сөздерді естіп қаламыз. Осы пікірлер қаншалықты қисынды?
– Өте орынды, өзекті сұрақ қойып отырсыз. Қазіргі таңда әлеуметтік желіге кірсең болды, сәлем салу – «харам», «ширк» деген пайымдардан көз сүрінетіні рас. Мамандардың пайымынша, мұндай пікірді көбіне жат ағымның жетегінде кеткен әсіре діншілдер ұстануда. Ал, дінтанушылар ата-бабадан қалған салт-жоралғыға қатысты былай дейді: «Ешбір ғалым, ешбір хадисте, ешбір аятта әйел адамның сәлем салуы – ширк (Аллаға серік қосу) деген жер жоқ. Бұл жердегі қазақтың сәлем салуының астарында инабаттылық, кішіпейілділік, құрмет жатыр деп айта аламыз. Бұл – біздің салт-дастүріміз, оның шариғатқа ешбір томпақ келетін жері жоқ» – дейді. ҚМДБ насихат жане қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы: «Сәлем салу – үлкен кісілерге құрмет, әрбір келінге отбасыға жақсылық тілеу» дейді. Расында, осындай қате түсініктің көбеюі бізді де алаңдатады. Шын мәнінде ислам діні белгілі бір ұлттың дәстүріне қарсы келмейді. Әр ұлттың үзілмеген үрдісіне, дәріптелген дәстүріне араласпайды, араб бол деп те үгіттемейді. Мұсылманға тән 5 парызды абыроймен атқарсаң болды, ұлттық болмысыңды сақтау – өз міндетің.
– Соңғы 10 жылдың көлемінде жастардың жаппай дінге бет бұрғаны байқалады, бұл үдеріс мемлекетіміздің өркениетті дамуына әсер ете ме?
– Жастардың жаппай дінге берілуі мәдениетке оң әсерін тигізбесе, кері әсерін байқамаймыз. Себебі ислам діні – құлдырауға емес өрлеуге, қолды алысқа сермеуге, ілім, білім үйренуге жол ашады. Ақиық ақын Мұқағалидің өзі: «Дін – ғылымның атасы» деп айтқаны елге аян. «Дін ғылымды тоқыратады» деген сөзге сену үлкен қателік. Алла ғылыммен айналысқан адамды жақсы көреді, сонымен қатар дініміз ғылым-біліммен шұғылдануды кеңінен насихаттаудан жалыққан емес.
– Дұрыс жолға түскен жастардың ата-аналарының да қарсылығын көріп жүрміз.
– Оныңыз рас, кейбір ата-аналардың бұған қарсылық танытып жататын сәттері де бар. Десек те, жастардың дінге бет бұрғанына үлкендердің қуанғаны абзал. Намаз оқыған адам міндетті түрде молда болады деген сөз жоқ. Сол жастардың арасынан ертең ел билейтін азаматтар шықса қазынаға қол салмай, адал жолмен жүріп, халыққа пайдалы парасатты тұлға болады емес пе? Шариғаттың ақ жолынан адаспаса, діннен ешбір қауіп жоқ.
– Қазіргі заманда біздің ел ғана емес, бар әлем жат ағымдардың зардабын татып жатқанын жасыра алмаймыз. Халықтың да бұл жайттардан жүрегі шайылып қалғаны белгілі. Осы орайда біз білетін «салафит», «уахаб» деп жатады, сол секілді басқа да жат діни ағымдарға қалай жол берілді?
– Жат ағымдар дінге бет бұрушы адамдардың білімдерінің таяздығынан туындайды. Жат ағымдардың жолына түсіп кетудің астында діни білімнің аздығы жатыр. Бұл дегеніміз – бұрыс бағытты ұстанып, дәстүрін мойындамай жүрген азаматтарымыз бен азаматшаларымызға шариғат пен салтдәстүрді байланыстырып тұрған хадистер мен аяттар жетпегендігі немесе діни білімді беріп отырған адамның айтпағандығы. Осы ретте айта кететін жағдай, білімін шет елдерінен ұштағысы келетін адамдарға қазақтың салтымен дәстүрі туралы еш ақпарат берілмейді. Әрине, бұл туралы егжей-тегжейлі өзіміздің жоғары оқу орындарымызда, медреселерде, мешіт жандарынан ашылған курстарда айтылады. Ал, шет елдерінің ғалымдары бұрын соңды қазақ еліне келмеген, қазақы дәстүрлерді көрмеген, дін мен дәстүрдің сабақтастығын үйрете алады ма?! Бүгінде жастарымыз, жақсы, сапалы білім алу мақсатында шет мемлекеттерге барып, оқып келуге құштар. Интернет кеңістігінен белгісіз оқу орындарын тауып алып, кетіп қалып жатқан жандар жетерлік. Діни білім беретін, исламды үйрететін адамды таңдарда аса сақтықпен қараған дұрыс.
– Бұл теріс ағымдардың артында мүдделі топтардың тұрғаны рас па?
– Діни білімнің аздығынан туындаған жат ағымдарды өз мақсатында пайдаланатындар бар. Діннің құндылықтары біреудің жеке мақсатында қолданылғаннан кейін, ол жерде ақиқат ізделмейді. Сондықтан бұл нәрсе орға әкеліп жығады. Мәселен, дінге бет бұрғысы келген адам діни ағымдарды жеке мақсатында пайдаланатын азаматтардың арбауына түссе, мемлекетке, қоғамға қарсы шығады. Дінге сенуші жамағат арасында екі жақты ой, түсініспеушіліктер пайда болады. Мұндай фактілер орын алып жатқан соң халық арасында бірлік болмайтыны ақиқат. Намаз оқымаған адамдарды «кәпір», жасаған нәрселерінің барлығын «харам» санап, теріс жолға түскен адамның тыныштығы бұзылып, қоғамда өз орнын таба алмай «һижра» жасаймын деп Сирия, Ирак мемлекеттеріне қоныс аударып, қарулы қақтығысқа тап болады. Барған соң, қателіктерін кеш түсініп, елге қайта алмай, қиналып жатады. Адамдарды алдап, арбап, өз мақсаттарында пайдаланғысы келетін ұйымдардың бірі – «ДАИШ» ұйымы болып табылады. Әлемнің 120 дан астам мұсылман ғұлама ғалымдары мойындамаған бұл ұйым шынайы ислам діні емес. Ол жерлерде болып жатқан неше түрлі қанды оқиғалар, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кезінде болмаған сорақы жәйттар орын алуда. Атап айсақ, ислам дініне қарама-қайшы «онлайн жиһад», «жыныстық жиһад», жане «кәпірлермен жиһад» деп адамдарды адастырып, қарапайым халықты қырып жоюда. Ислам діні ешқашан зорлық зомбылыққа үндемейді. Керісінше, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Қолымен де, тілімен де басқаға зиян тигізбеген мұсылман – нағыз мұсылман» деген сөздері дініміздің ізгілікке бастайтінін көрсетеді.
– Жалпы «дүниеге қызықпау керек», «ақшаның артынан қумаукерек» – деген мәндегі әңгімелер көп қой. Дегенмен қазіргі таңдағы нарық заманында қоғам үшін материалдық жағдай бірінші орынға шығып кеткенін аңғарамыз. Осы тұрғыда ислам не дейді?
– «Дүние адамға опа бермейді», «Есепсіз дүние жоқ», «Судың да сұрауы бар» деген тәрізді бабаларымыздың сан түрлі қанатты сөздері әлі күнге дейін өз мәнін жойған жоқ. Бұл насихаттар байлықтың сынағы өте ауыр келетінін, ол үшін Алла алдында жауап беру оңай болмайтынын білдіріп тұр. Дегенмен кез-келген адам бай-қуатты болуды қалайды, тіршіліктен тапшылық көру кімге ұнасын. Судың тілін игерген Сүлеймен де сұм дүниенің соңына жете алмағаны, небір хандар мен дәулетті адамдардың өмірге қалай келсе солай өткені біз үшін өзгермейтін ақиқат. Байлыққа жетудің сан түрлі тәсілі мен жолы бар, солардың ішінде ең қайырлысы адал еңбекпен жету екен. Асыл дініміз әрбір табысы мол адамның тапқан несібесінде туысқандарының да үлесі бар екенін жақсы түсіндіреді. Қазақ «қолы ашықтың жолы ашық» деген сөзді тегін айтпаған. Ислам үшін білімді болуға, бай болуға ұмтылудың ешбір әбестігі жоқ, алайда адами қасиетіңді сақтап қалу үшін шариғат талаптарын бай болсаң да, кедей болсаң да бірінші орынға қойғаның маңызды. Дүние деген шеті-қиыры жоқ үлкен теңіз, адам сол теңіздің үстіндегі кеме, кеменің ішіне су кіріп кететін болса не болары түсінікті.
– Жақында Шығыс Қазақстан өңірінің бір ауылында жақынымыздың жаназасына қатыстым. Дастархандарына қарап ысырапшылдыққа жол бермегенін түсіндім. Сұрастырсам, ол аймақтың имамдары өлім жітімде дастарханға қоюға рұқсат етілген жалпыға ортақ тағамдардың тізімін ел назарына ұсынған және ысырапқа жол бермеу үшін тұрақты түрде жұмыс жасап келеді екен. Дастарханнан артық нәрсе байқалса шақырылған имам діни рәсімге қатыспайтынын бірден айтады екен. Біздің өңірде жаназа дастарханының ас мәзірі қашан бекітіледі? Осы игі бастама біздің ауданымызда қаншалықты қолға алынуда?
– Бұл сөзіңіз орынды, расымен де шығыс, батыс облыстарында өлімде, аста ысырапқа жол берілмейтінінен хабардармыз. Шын мәнінде қайғы-қасірет орнаған үйге дастарханды әсемдеу – өте өрескел қателік екенін түсіну үшін көп білімнің қажеті де жоқ қой. Бізге келетін болсақ, ауданымызда имамдардың барлығы бұл тақырыптағы уағыздарымызды барынша айтып жүрміз, ысыраппен күресуді тұрақты түрде жүгізіп келеміз. Нәтиже де жоқ емес, бұрын өлім болған үй қонақасын беруші еді, қазір ол үрдіс те жойылуда. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «дінді жұмсақ жеткізіңдер, қатты айтып насихаттауға, халықты шошындыруға болмайды» дегені бар. Бірден шорт кесіп, халықтың үстінен аттап кету жөн емес, өткен жылдарға қарағанда, қазір дастарханды безендіру айтарлықтай азайған. Баяғы күндерде дастарханда небір артық тағамдар мен сусындарды байқайтынбыз. Кейінгі уақытта халық та дастарханның қарапайым болу керектігін ұғынып келеді. Жалпыға ортақ тәртіпті бір күнде енгізу мүмкін емес, себебі Алматы өңірінде әр жақтан келген адамдар өмір сүреді. Ал, шығыс, батыс аймақтарында халықтың басым көпшілігі сол өңірдің жергілікті тумалары болғандықтан бірізділікке келу жеңіл болмақ. Бұл игі шара облыстық басқармадан басталғаны жөн, дегенмен де бұған уақыт қажет, біздің аймақтар да ысырапқа жол бермейтін үрдісті үйреніп келеді.
– Қазіргі заман жастары жөнінде, бала тәрбиесі жайында сөз қозғасаңыз.
– Қанша уақыт өтсе де заманамен жарысып мәнін жоймайтын сөздер болады. Сол сөздің бірі «жастар бұзылып барады» деу, бұл сөз сан ғасырлық Египеттегі пирамидада да жазылған екен. Үлкендердің кейінгі толқынға көңілі толмауы заңды құбылыс. Негізінен қазіргі жастарға көңілім толатын сәттер көп. Ел үмітін ақтайтын жас, тәуелсіз буын қалыптасып келеді. Бала тәрбиесіне тоқталатын болсақ, «тәрбие тал бесіктен» – деп қазақ босқа айтпаған. Бала тәрбиесіне аса сақтықпен қарау қажет. Кейбір жас ата-аналар баланың киімін бүтін, қарнын тоқ қылып қойсам болды деп ойлайды. Соның кесірінен баласы ержеткенде орнын таппай опық жеп қалатын сәттер кездеседі. Балаға жас күнінен обал, ұят деген сөздерді санасына сіңіріп, Алланың ақ жолымен тәрбие ұсынған абзал. Баласының жаман аты шықпаса ата-анаға одан артық бақыт жоқ. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, бала күнгі тәрбие перзенттің өскен шағында өз жемісін беретін болады. Ал, Алласын танып өскен азамат түрлі күнәлардан бойын аулақ ұстайды.
– Исламдағы достың сипаты қандай болмақ?
– Бір досың басыңнан бағың, қораңнан малың кеткенше, бір дос бар кеудеңнен жаның кеткенше. Пайғамбарымыз достықты бәрінен жоғары қойған, яғни дос дегенің ауқымы кең, үлкен сыйластық. Қазіргі таңда достардың арасында адам сенгісіз жайттарды естіп те, көріп те жүрміз. Абай атамыз дос түгіл «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген сөзі бар. Ислам достың көңілін қалдыру былай тұрсын, адам баласына қылдай кесір тигізбеуге тәрбиелейді.
– Басқа тақырыптарға ойыссақ, имамдар өз уағыздарында «адамдар жан тапсырғаннан кейін қабір әлемінде жатады, қиямет күні келген де ғана жұмақ пен тозаққа кімнің баратыны шешіледі, яғни жұмақ пен тозақ қиямет күні келгенше бос тұр» – дейді. Ал, «Рамазан айында тозақтың есіктері жабылады» деген де уағыздар кең тарағаны белгілі. Сонда Алла ешкім бармаған, бос тұрған тозақтың есігін не үшін құлыптайды?
– Расында адамдар дүние салғаннан кейін барзақ әлемінде өмір сүреді, яғни қабірде. Қиямет күні келгенше осы дүниеде жасаған істері үшін ол жерде де өзіне тиесілі сауапты немесе жазаны алады. Сіз қойған сауалға келетін болсақ, бұл жерде ол сөзді тура түсінбеу қажет. Рамазан айы – күнәлардан тазарып, Аллаға құлшылық қылатын қасиетті уақыт. Рамазан айында мұсылмандық парыздарыңды дұрыс өтей білсең саған тозақтың есігі жабылады, жұмаққа жақындайсың деген мәнде түсінген жөн. Рамазан айы – Алланың пендесіне беріп тұрған ғажайып мүмкіндігі, сансыз сауапқа кенелетін мұсылмандардың аңсап күтетін айы. Яғни, бұл уағыз Алланың рақымы мен берекесіне кенелетін сәттен қапы қалмауға шақырады.
– Келелі кеңес беріп, салиқалы әңгіме өрбіткеніңіз үшін мың алғыс!
Сұхбаттасқан Ринат НАРХАНОВ