Бейсенбі, 29 Қыркүйек 2022 15:59

Қарқынды өсімге қадам жасалу қажет

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев іс сапармен ауданымызда болып, ардагерлермен, округ әкімдері және жергілікті жұртшылықпен жүздесіп, өңірдің әлеуметтік және экономикалық жағдайымен танысты. Аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Алтай Досымбаевтың ағымдағы жылдың 8 айында атқарылған жұмыстар жайындағы баяндамасын тыңдап, өңір тұрғындарымен бірге өзекті мәселелерді саралады. Сондай-ақ сапар аясында бірқатар өндіріс  орындарын аралады.

Облыс басшысы ауданымыздағы сапарын өңір ардагерлерімен кездесуден бастады. Ауданда атқарылған іргелі істердің аясында ардагерлерді сөз етпеу мүмкін емес. Жасында бейнет етіп, бүгінде зейнетін көріп отырған ел ағалары ауданда атқарылған әр іске ақылын айтып, бағасын беріп, ауданның өсіп көркеюіне зор ықпалын тигізуде. Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеулес Ұзақов облыс басшысының алдағы қызметіне зор табыс тіледі. Өз кезегінде Марат Елеусізұлы  ауданымыздың қоғамдық өміріне белсене араласып, түрлі салада еңбек етіп, үлгі өнеге болып жүрген ардагерлер қауымына алғысын жеткізді.

Сапар барысында облыс әкімі аудан әкімдігінде округ әкімдерімен жиналыс өткізді. Жиында облыс басшысы аудандағы елді мекен тұрғындарының назарындағы бірқатар мәселелерді сөз етті. Айталық округтердегі ішкі жолдардың бүлінуінің алдын алу, саяжайларға жаңа мәртебе беру үшін дайындық жұмыстарын үйлестіру, бюджет қаражаттарын сауатты жұмсау сынды түйткілдер басты назарға алынды. Жиын барысында облыс басшысы ауыл әкімдеріне тұрғындар көтерген мәселелерді негізге алып, жұмыстарды жүйелі жүргізуді тапсырды.

Ауданымыздағы арнайы іс сапарында облыс басшысы өңіріміздегі ауыл шаруашылық  өнімдер көрмесін назардан тыс қалдырмады. Аталған көрмеде  «Адал» компаниясы, «Айдарбаев» шаруа қожалығы мен «Агро Балтабай» ЖШС-і,  «Юнифрут» ЖШС-і сынды 17 серіктестік пен шаруа қожалықтары өз өнімдерін ұсынды. Облыс әкімі ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының еңбек өнімділігі және өндіріс көлемін ұлғайту жайындағы пайымдарын тыңдап, олардың қарқынды дамуына қажетті қолдау жасалатындығын жеткізді.

Т.Молдағалиев атындағы мәдениет үйіндегі облыс әкімінің өңір тұрғындарымын кездесуі, ең әуелі аудан әкімі Алтай Досымбаевтың баяндамасымен басталды. Аталған баяндамада Алтай Машикұлы ағымдағы жылдың 8 айында аудан көлемінде атқарылған істерге тоқталып, ауданымыздың әлеуметтік және экономикалық дамуындағы оң өзгерістерді сөз етті. Аталған кезең ішінде 87 млрд теңге көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. 85 600 гектар алқапқа дәнді дақыл себіліп, жиын-терін ойдағыдай жүріп жатыр.

Ауданда озық технологияға негізделген интенсивті бақтар көбейіп келеді. Бүгінде олардың саны 112-ге жетіп, көлемі 2282 гектарды құрады. Сыйымдылығы 32490 тонна болатын 19 жеміс және 1 көкөніс қоймасында өнімдерді жыл он екі ай сапалы сақтауға болады. Сонымен қатар, аудан әкімінің баяндамасында білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй, ауызсу, құрылыс, туризмнің дамуы және сол салалардағы шешімін күткен мәселелер де баяндалды.

Бүгінгі таңда аудандағы 86 мектепте 54 705 оқушы білім алуда. Өңірде халық тығыз орналасқандықтан үш ауысыммен оқуды жою мүмкін болмай отыр. 5 мектеп осындай күй кешуде. Тағы 6 мектептің үш ауысымға айналатын түрі бар. Осыған байланысты Рахат округіндегі саяжай аумағында 1500, Бәйдібек пен Достық ауылдарында 900, Сатай, Тескенсу және Түрген елді мекендерінде 600 орынды мектеп салу мемлекеттік бағдарламаға ұсынылған. Баяндама кезегінде аудан әкімі саяжай тұрғындарын мазалаған сауалдарды да облыс басшысының назарына ұсынды.

Алтай Досымбаевтың сөзінше, өңірде 138 саяжай серіктестіктері тіркелген. Онда 27632 адам тұрады. Рахат округіне қарасты 18 саяжай округтен 15, Есік қаласынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Есесіне олар Талғар қаласына тиіп тұр, небәрі 1-ақ шақырым. Сол себепті де, осы саяжайларды Талғар ауданының құрамына қосу тиімді секілді. Сол арқылы ондағы тұрғындар алысқа сабылмай мектепке бару, дәрігерге қаралу сияқты әлеуметтік мәселелер оң жолға қойылатын еді. Аудан әкімі облыс басшысына жоғарыдағы түйіндерді  тезірек шешуге ықпал етуді өтінді.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев аудан тұрғындарымен кездесуінде ең алдымен, жаңа шаңырақ көтерген аймақтың экономикалық жай-күйіне тоқталды. Тұтас Алматы облысында 8 ай ішінде инвестиция ағыны 19%-ға ұлғайды, оның жалпы құны 320 млрд теңгеден асып түседі. Соның ішінде Еңбекшіқазақ ауданының экономикасын дамытуға 26 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есеге артық. Дейтұрғанмен, ауданның жалпы облыс көлеміндегі үлесі 8 пайыздан шамалы ғана артық. Облыс әкімі осы орайда, аталған аймаққа инвестиция ағынын арттыру қажеттігін атап өтті.

Еңбекшіқазақ ауданы жоғары туристік әлеуетке ие. Ауданда 15 орналастыру орны бар, онда өткен жылы 12,5 мыңнан астам келушілерге қызмет көрсетілді, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Осыдан екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 6,2 мың адамды құрған еді.

«Көрсетілген туристік-сауықтыру қызметтерінің көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 3 есе өсіп, 126,5 млн. теңгені құрады. Көлсай көліне келетін туристер саны, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметі бойынша, 160 мың адамды құрайды, яғни ауданның туристік әлеуетін кеңейту бойынша тиісті жұмыстарды ұйымдастыру қажет», – дейді  облыс  әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Айта кетейік, бүгінгі күні «Қазақ Туризм» АҚ компаниясы Іле-Алатау ұлттық табиғи паркі аумағындағы «Түрген» ірі тау шаңғы курортының инвестициялық жобасын іске асыру мақсатында алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуде. Сол себепті аймақ басшысы  өңірдегі жауаптыларға үкiметтiң iс-қимыл бағдарламасы шеңберiнде оны қазақстандықтар мен шетелдiк қонақтар арасында танымал ету мақсатында Есiк визит-орталығын салу жөнiнде ұсыныстар енгiзіп, белгіленген мерзімде жоспарланған барлық нысандардың құрылысы мен реконструкциясының аяқталуын ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Еңбекшіқазақ ауданыныдағы егістік көлемі 85,5 мың гектардан асып жығылады. Облыста Жамбыл ауданы егістік көлемінен алдыңғы орында болса, Еңбекшіқазақ екінші орында тұр. ауданның облыс көлеміндегі үлесі барлық ауылшаруашылық дақылдар егістігінің бестен бір бөлігін, яғни 20 пайызға жуығын құрайды. Кездесу барысында Марат Елеусізұлы ауданның алма жинаудан алдына қара салдырмайтынын тілге тиек етті. «Алма жинауда аудан жетекші орынды алады және сіздер осы позицияны сақтап қалуларыңыз керек, өйткені бұл сіздердің тікелей нарықтық мамандануыңыз», – деді аймақ басшысы.

Ауданымызда жемістер мен жидектерді өңдеуді тәулігіне 600 тонна қызанақ және 300 тоннаға дейін басқа да жеміс-көкөніс шикізатын өндіретін «Есік жеміс-жидек консерві зауыты» ЖШС-і жүзеге асырады. Кәсіпорынның жеке өндірістік базасы бар, онда 800 гектар жерде алма, өрік, қызанақ өсіріледі. Алайда, шикізат тапшылығына байланысты бұл кәсіпорынның жүктемесі 60%-ға жуық. Шикізат қорының аздығы кәсіпорын жұмысына кедергі келтірмеуі үшін облыс әкімі өзінің орынбасары Арслан Дандыбаевқа өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін ынталандыру арқылы жұмыс істеп тұрған қайта өңдеу кәсіпорындарын жергілікті шикізатпен қамтамасыз ете отырып, оларды қайта жүктеу шараларын қабылдауды тапсырды.

Ауыл шаруашылығындағы бір маңызды мәселе – жайылымдық жерлердің жоқтығы. Облыс әкімінің айтуынша, мониторинг барысында 40 мың гектарға жуық пайдаланылмай жатқан жайылым алқаптары анықталса, оның 9 мың гектары яғни, 22,5 пайызы бүгінгі күні пайдаланыла бастады. Сондай-ақ, 26,2 мың гектар жайылымдық жер өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарылған. Бірақ пайдаланылмай жатқан жерлер қайтарылғанымен, Бәйтерек, Балтабай, Бәйдібек би, Саймасай, Қазақстан және басқа да бірқатар ауылдық округтерде жайылым тапшылығы мәселесі өзектілігін жоғалтқан емес. Сол себепті, өңір басшысы тағы да облыс әкімінің орынбасары Арслан Дандыбаевқа пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмыстарын жалғастырып, нысаналы мақсатын негізсіз өзгертуге жол бермеу міндетін жүктеді. Сонымен қатар, оң өзгеріске қарамастан ағымдағы жылдың қаңтар-тамызында ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінен бюджетке түсетін түсімдер небәрі 1,2 пайызға ғана өскен. Сондықтан облыс басшысы аудан әкімдігін халық арасында, оның ішінде жастарды кәсіпкерлікке үйрету, шағын несиелер мен гранттар алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізуге басымдық беруге шақырды.

Бұдан кейін аудан тұрғындарының талап-тілегіне сай сұрақ-жауапқа кезек берілді. Аудан жұртшылығы өзін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Олар Тескенсу, Көктөбе, Ақши  ауылындарында  мәдениет үйі бой көтерсе, Амангелді және Ж.Қайыпов елді мекенінде амбулатория құрылысы салынса деген өтініштерін жеткізді. Масақ ауылының тұрғыны округтегі амбулатория жекеменшікке өтіп, соның салдарынан науқастарды Шелектегі аурухана қабылдамай жатқанын тұрғындар ашына айтты. Ал түргендіктер облыстық маңызы бар жолдың жағалауына жарық шамдар орнатылып, тротуар салу қажеттілігін жеткізді. Сонымен қоса, Есік қаласы мен бірқатар ауылдарды  көгілдір отынмен қамдау жұмысы да ақсап тұрғаны  облыс әкіміне жетті. Есік көлінің аумағы мемлекеттің қарауына өтуі керектігі туралы да сөз болды. Сол сияқты, кездесуде 20-ға жуық тұрғынның 40-тан астам сұрағы назарға алынды. Тұрғындардың талап-тілектеріне облыс әкімі тұшымды жауаптар қайтарды. Аудан жұртшылығының айтқан уәжін тиісті мекемелерге тапсырды, жауапты адамдарға жүктеді. Көптеген әлеуметтік мәселелерге облыс әкімі тарапынан бағыт-бағдар нұсқалды. Көп көкейіндегі сандаған сауалдың оң шешім табуы уақыт еншісінде екені анық.

Е.АСЫЛ.

Оқылды 555 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 29, 2024

Жазушы мерейтойына арналды

«Таза Қазақстан» экологиялық тазалық акциясына Райымбек ауданының тұрғындары да…
Сәу 29, 2024

«ДАНЬ ТРАДИЦИЯМ И ВОСПИТАНИЕ…

В рамках недели "Жасыл аймақ" экологической акции "Таза Қазақстан", проводимой по всей…
Сәу 29, 2024

С Днем Единства народа Казахстана

Хочу поздравить всех с Днем Единства народа Казахстана и выразить благодарность за вашу…
Сәу 25, 2024

Ел бірлігі – ел теңдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының…
Сәу 25, 2024

Савелий КАРАСАВИДИ, председатель…

На ХХХІІІ сессии Ассамблеи народа Казахстана Президент РК Касым-Жомарт Токаев отметил,…
Сәу 25, 2024

Мызғымас бірлік – алынбас қамал

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы…
Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…
Сәу 22, 2024

Қоғамды түзеуді өзімізден бастайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 22, 2024

Экологиялық мәдениетті артыруымыз…

Қоғамды жаппай тазалыққа шақыру өте өзекті мәселе деп есептеймін. Біз ұстаздар…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет