«Менің Асы ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылына көшіп келгеніме 66 жыл болыпты. Жасың сексеннен асқан шағыңда бірге өскен теңтұстар, өткен өмір көз алдыңнан кино көргендей еске алады екенсің. Сол бірге араласып, өскен дос-жарандардың бірі Құрманғали Дүйсебаев. Оның да бақилық болғанына бір талай жылдар өтіпті. Менің осы жазған мақаламның арқауы – марқұм Құрманғалидың ұлы – Қуат Дүйсебаев. «Жақсыны түсінен, ізгіні ісінен таны» демекші, білімі мен іскерлігі жағынан еленген жігіт ағасының жарқын өмірін өзгеге өнеге етіп жазуды кісілік парызым деп білемін», – деп бастады сөзін Әркин Хасанов – бұрынғы Шелек ауданының «Еңбек туы – Әмгәк туғи» газетінде штаттан тыс тілші болып, жиі мақала жазатын ағамыз. «Менің мына жазғанымды өзің толықтырып, газетке шығарсақ, қалай қарайсың? – деген ұсыныс тастады. «Жақсының жақсылығын жазу, әрине – парызымыз», – дедім мен де.
Қуат Құрманғалиұлы Шелек политехникалық колледжіне 2016 жылы директор болып келді. №7 Шелек ауылдық кәсіптік техникалық училище болып өңір жастарын түрлі кәсіпке баулуға арналған бұл оқу орнының құрылғанына 60 жыл толған кез. Ел Тәуелсіздігін алғаннан кейінгі қиын-қыстау өтпелі кезеңнен жабылып немесе жекешеленіп кетуден әупірімдеп аман шыққан оқу орнының ғимараты да, құрал-жабдықтары да әбден тозған тұғын. Жылдар өте келе, заман өзгерісіне, талабына сай бұл училище кәсіптік мектеп, кейінен колледж болып өзгертіліп, техникалық кадрлар даярлауға көңіл бөліне бастаған еді.
«Ат айналып қазығын табады, ер айналып елін табады» деп, осы Қуаттай азаматтарға арнап айтылса керек-ті. Ол алғашқы мамандығын осы оқу орнында оқып, «тракторшы-жүргізуші» куәлігін алған. Одан соң Абай атындағы Алматы МУ-дің «Тарих және қосымша құқық пәні» мамандығы бойынша дипломын қолға алып, Талғар қаласындағы ауылшаруашылық техникумында, одан кейін Талғар ауылшаруашылығын механикаландыру техникумында жалпы пәндер оқытушысы болып істейді. Одан соң Алматы облысы білім басқармасының ауылшаруашылық мектебінде директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, кейінгі 4 жылында Талғардағы №2 мектебінде тарих пәнінен сабақ береді. Ал 2004 жылдан бастап, екі жыл Талғар медициналық колледжінде жалпы пәндер бойынша оқытушы, одан кейінгі он жыл осы оқу орынында директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Енді міне, Шелек политехникалық колледжінде директор болып, туған жерде жемісті еңбек етіп келеді.
Басшы болу – мамық креслоға жайғасу емес, ұжымның жүгін арқалаушы, халықтың қамын ойлаушы болу. Негізінен басшы – ұжымға пайдалы біліммен қатар жақсы мен жаманды үйретіп, рухани ізгілік нәрін себуші, адамдық қасиетті сіңіруші, ақылшысы болатын тұлға. Яғни, бүгінгі қоғамды ертең алға сүйрейтін озық ойлы адам әрі жаңашыл педагог мамандарды тәрбиелеуші ізгілікті істің адамы. Бір сөзбен айтқанда, жақсы адам жақсы басшы бола алады. Қуат Құрманғалиұлы басшы болуға тән өзіне сенімділік, белсенділік, тәуекелге дайын болу, бастамашыл, мотивация беріп, ынталандыра білетін, адалдық, әділеттілік, жүйелі жұмыс жүргізушілік, жауапкершілік сияқты қасиет-терді бойына сіңіре білген. Келіссөз жүргізу мүмкіндігі де, ұйымдастырушылық қабілеті де, периспективалық жұмыстарды жобалау икемділігі де бір бойынан табылады. Оның басқарудағы тиімді тәсілі – қарамағындағы тарапынан толық қолдау мен келісімге келумен негізделген.
Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы: «Әр іс-әрекеттің тууына түрткі болар себеп бар. Адамның әр қаракетінен оның жан дүниесінің сыры аңғарылады» деген екен. Қуат Құрманғалиұлы да Шелек политехникалық колледжіне директор болған күннен бастап жастарға өмір өзі талап етіп отырған мамандықтарды меңгеруге баса көңіл бөлуде. Ол үшін оқу орнының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, жатақхана жағдайын жақсарту, оқу кабинеттері мен шеберханаларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге күш жұмсады. Өмір көшінен кеш қалмай, елімізде білікті кадрлар даярлау мақсатында қолға алынған «Жас маман» жобасына қатысу үшін Шелек политехникалық колледжінің ұжымы белсенділігінің арқасында жетістіктерге жете білді. Колледждің материалдық базасын жақсарту әрі нарықтық еңбекте сұранысқа орай мамандар даярлап, оқы-тушылардың құзіреттілігін арттырудың арқасында іріктеуден өтті. Өйткені, колледж барлық рухани өркениеттің ошағы, жан-жақты дамуға жағдайлар туғызатын, адамның өз бетімен білімін жетілдіруіне жағдай жасайтын, еркін және шығармашылық тұрғыда қызмет жасауға мүмкіндік тудыратын ортаға айналды. Инновациялық ұтымды оқыту тәсілін – дуальды оқытуды жүзеге асырды. Білімгерлер теориялық білімін практикада кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алды. Ол үшін директор жеке кәсіпкерлермен,өнеркәсіп басшыларымен келісімге келу мәселесін шешті. Заманауи құрал жабдықтармен жұмыс жасауға мүмкіндік туғызды. Сөйтіп, директор білім беру саласындағы өзгерістерді табысты жүзеге асыруға ұйытқы бола білді.
Ізгілікті ізденіс өз жемісін берді. 2017 жылы Шелек политехникалық колледжі облыстық білім басқармасының «Үздік кәсіби білім беру ұйымы» байқауында «Жетістік жолында» номинациясына ие болып, грамотамен, ал Р.Курташиров ҚР Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен марапатталды. 2018 жылы колледж оқытушылары З.Сидирова пен Р.Курташиров облыс білім басқармасының І дәрежелі дипломымен, ал Р.Курташиров ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасын еншіледі. 2019-2020 жылдары Г.Низамединова облыстық білім басқармасының Алғыс хатына, И.Михайлиди мен И.Турганов Құрмет грамотасына, С.Байсубанов «Bilim Orkeniti»-нен «Жылдың жүз үздік директорының орынбасары» атты төсбелгіге ие болды. 2021-2022 жылдары А.Шайкөзов пен С.Байсубанов облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, С.Байсубанов ҚР оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен, И.Михайлиди «Спорт жұлдыздары» редакциясының «Дружба народов» төсбелгісімен, колледж облыстық «Үздік кәсіптік білім беретін мекеме» байқауында ІІІ орынды иеленіп, дипломмен марапатталды.
Колледж студенттері – білімгерлердің жетістіктері де баршылық. 2018 жылы А.Катафеев облыстық әдістемелік кабинетінің «Білімді жастар – ел болашағы» облыстық байқауда ІІІ орын, Е.Құсайын ІІ орынды иеленсе, ҚР Кіші Ғылым Академиясының (КҒА) І және ІІ дәрежелі дипломымен Р.Ниязов, Қазақстан ұстазы республикалық қашықтан өткен олимпиадасында Ф.Харсан, Н.Аширов, А.Қасымбай және Р.Сламжан жеңімпаз атанып, І дәрежелі дипломмен марапатталған. 2019 жылы Меліс Ардақ пен Р.Азаматов ҚР КҒА-ның ІІ дәрежелі дипломымен, А.Ушурова облыстық білім басқармасының байқауында ІІІ орынды иеленсе, Ж.Кемелбеков облыстық «Мамандықтар әлеміне жол ашамыз» байқауында бас жүлдені жеңіп алған. Ал А.Турган «Білім өркениетінің» «Үздік студенттер академиясының мүшесі» атанған 2020 жылы «Жас талап» қашықтық олимпиадасында А.Дүйсен ІІ орынды, И.Якьяр, Нұржұма Айбол халықаралық экология, инженерия және педагогика ғылымдар академиясының ІІ дәрежелі дипломына, Дүйсен Асхат сертификатқа ие болған. 2021 жылы ҚР «Білім өркениетінің» «ҚР 100 үздік дарынды студенті» атты республикалық байқаудан Дүйсен Асхат І дәрежелі дипломымен, Н.Қасқабасова республикалық білім беру орталығының «Білім» V республикалық олимпиадасынан грамотамен марапатталса, О.Карапетьянец пен Тейп Вахит WorldSkills Taldуkorgan-2021 аймақтық чемпионатында «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» құзіреттілігі бойынша ІІІ орынды иеленген. Жомарт Анаят болса «Білім өркениетінің» ҚР-ның үздік дарынды студенті атанған. Сондай-ақ, былтыр облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған Мұхтар Шахановтың 80 жылдығы мерейтойына арналған облыстық байқауда А.Ильямова ІІ орынды иеленсе, Тілек Самалхан аудандық жастар ресурстық орталығының Алғыс хатымен, ал Д.Тохтахунова аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің мадақтамасымен марапатталған.
Осындай жетістіктерге жетуге мұрындық болған Қуат Дүйсебаев аудан әкімінің, «НұрОтан» партиясы аудандық филиалының, «Рухани жаңғыру» ақпараттық-сараптама орталығының «Ұлы дала ұстазы» Құрмет грамотасымен, ҚР Парламеті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауда белсенділік танытқаны үшін Елбасының Алғыс хатымен марапатталған. Сондай-ақ, директор «Білім өркениеті» ұлттық инновациялық орталығының «2019 жылдың үздік директоры» төсбелгісін, «Білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін және «ҚР Қорғаныс министрінің әскери техникалық мектебі» РМҚҚ-ның «Патроиттық тәрбие үшін» медалін кеудесіне тақты. Мұнымен қоса, «Армия генералы С.Қ.Нұрмағанбетов» және Чернобыль АЭС апатының 35 жылдығына арналған мерекелі медальдарының иесі атанды. Биыл А.В.Бруйдың «Большая международная» энциклопедиясында «Лучшие люди, Лучшие в образовании» үздік білім беру мекемесі басылымына мақала жарияланып, «Лучшие люди, Лучшие в Образовании» І дәрежелі дипломмен және аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Ия, Қуат Құрманғалиұлы – рухани дамыған әрі әлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті басшы, өзін-өзі әрқашан жетілдіруге ұмтылған тұлға. Туған жерге туын тіккен азамат деп, өзінің өскен өңірінің өрендерін өркендетуге үлес қосып жүрген Қуатты айтуға әбден лайық.
Әркин ХАСАНОВ, штаттан тыс тілші.
Анарбек БЕРДІБАЕВ, өз тілшіміз.