Ауданымыздың ақпарат кеңістігінде аянбай тер төккен, «Қаруым – қалам, өрісім – қағаз» деп бар ғұмырын шығармашылыққа арнаған азаматтардың бірі – Анарбек Бердібаев. Ол үлкен топтан оқшау, өзіндік болмысымен бөлек тұратын, қаламынан шыққан дүниелері уақыттың тезіне жұтылып кетпей, қандай кезеңдерде болсын маңыздылығын жоймайтын нағыз қаламгер, майталман журналист. Биыл газетіміздің Шелек өңіріндегі тілшісі, аға әріптесіміз, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Анарбек Бердібаев 70 жасқа толды.
Бердібаев Анарбек 1953 жылдың 12 қаңтарында Қорам ауылында дүниеге келген. 1960 жылы Қорам мектебі табалдырығын аттап, сегізжылдықты Достық ауылындағы Қаратұрық мектебінде, орта білімді Ащысайдағы мектепте алған. 1970-1971 жылдары Отан алдындағы борышын Забайкалье өлкесінде танкистер әскери бөлімшесінде сержанттық шенмен жүргізуші-механик, взвод командирінің орынбасары болып әскери қызмет атқарды.
Елге оралған соң А.Саттаров атындағы кеңшарда құрылысшы, Қаратұрық мектеп интернатында тәрбиеші әрі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып істеді. Алматыдағы С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алып, диплом алған соң, 1984 жылдан бастап бұрынғы Шелек аудандық «Еңбек туы – Әмгек туғи» газетінде әуелі корректор, кейін жергілікті радио хабарын тарату бөлімінің меңгерушісі, сондай-ақ хат бөлімінде жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары міндеттерін атқарды. Редакция мен баспахана бастауыш партия ұйымының хатшысы болды. Одан кейін Шелек аудандық тұтыныушылар қоғамдары одағында және Шелек аудандық әкімі аппаратында аудармашы, бас маман қызметтерін атқарды.
Аудан таратылған соң, Шелек кәсіптік техникалық училищесінде, кейін А.Розыбакиев атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып істеді. Кейін «Еңбекшіқазақ» газетінің Шелек тілші қосында қызмет атқарып, зейнетке шықты. Осындай қызмет атқара жүріп, аудандық газеттен басқа, облыстық «Жетісу», республикалық «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде көптеген өзекті мәселелерге арқау болған мақалалары мен өлеңдері жарияланды. Анарбек Бердібаев ұлттық ой-сана серпілісіне түрткі болар өнімді әрі толымды шығармашылығымен аудан оқырмандарына жаңа қырынан танылды. Қаламы жүйрік журналист көне тарихтың қат-қабат көмескі парақтарын ақтарып, ақиқатын ашуға, сұрқия заман кәріне ұшырап, атауы өзгеріп кеткен жер-су аттарын зерделеу жолында соны ізденістер жасады. Сонымен қоса, танымал даңқты тұлғалар ғұмырнамасын зерттеп «Қорам батыр», «Малай батыр», «Бақай батыр», «Ескене батыр», «Сабаншы би», «Төсекбай би», «Құланаян Құлмамбет ақын» секілді терең мазмұнды, халқымыздың ұлттық бірегейлігін қалыптастыру мен тарихи тұлғалар тағылымын өскелең ұрпаққа насихаттауда аса зор құндылыққа ие мақалалар жазды. Сондай-ақ, 2016 жылы әйгілі «Қарқара көтерілісінің» 100 жылдығына орай Шелек, Сөгеті, Бақай болысындағы адамдардың сол бір даңқы жер жарған ұлт-азаттық қозғалысына үн қосқаны жайлы тереңінен қалам тербеді.
Ақпарат майданында ел мүддесі үшін мысқалдай болса да қарекет жасауға бейіл, тіпті қажет кезінде турап салар наркескендей өткірлігімен көңіліңді көріктей кыздыратын қаламгерлер қашан да үлкен құрметке ие. Анарбек ағамыз да ұлт ұпайын түгендейтін сәттерде әсте үнсіз қалып көрген емес. Айталық, ардагер журналист Шелек ауылдық округіндегі Абай атындағы орта мектептің толыққанды қазақ тілінде білім беруіне, Достық ауылының ана тілімізде аталуына бір кісідей үлес қосты. Қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысты. «Ғұмыр – көш» атты жыр жинағы жарық көрді. Аудармаға да ат басын бұрып, ұйғыр ақындары Жамшит Розахунов, Ауыт Мәсимов, Иминжан Тоқтияровтардың өлеңдерін қазақ тілінде сөйлетті. Анарбек Мөкішұлының ауданымыздың баспасөз саласындағы еңбектері еленіп, ауыл, аудан, облыс әкімдерінің Алғыс хат, Құрмет грамоталарымен, Отан, интернационалдық соғыстарға қатысқан, атом залалдарын ауыздықтаған ардагерлердің ерліктерін жазған құнды мақалалары үшін Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалімен марапатталды.
«Қарағайға қарап тал өсер, тәрбиеге қарап бала өсер» дегендей Анарбек ағамыз еліне қызмет ететін екі ұл тәрбиелеп өсірді. Ұлы Олжас Қазақ сәулет-құрылыс инстутын, Халық шаруашылық жоғарғы оқу орнының магистратурасын, Қытайдағы жоғарғы университетін тәмамдаған. Айдос Алматы азаматтық авиация университетін және магистратурасын бітіріп, «Эйр-Астана» әуе компаниясында инженер-механик болып жұмыс атқарды. Екеуі де «Болашақ» бағдарламасы бойынша Америка Құрама Штаттарында оқыды. Бірі қазір АҚШ-та, екіншісі Астанада өз мамандығына қарасты министрлікте барлық ұшақтардың техникалық жағдайын бақылайтын лауазым бойынша қызмет атқаруда. Анарбек ағамыз екі ұлынан бес немере сүйіп отыр.
Мерейлі 70 жасыңыз құтты болсын, Анарбек Мөкішұлы! «Еңбекшіқазақ» аудандық газеті мен желілік басылымның ұжымы сізге күйлі-қуатты денсаулық, ғибратты ғұмыр тілейді. Ұрпағыңызбен көрер қызығыңыз таусылмасын. Қажыр-қайратыңыздың арқасында қашанда абырой биігінен көріне беріңіз!
Е.АСЫЛ.