Бейсенбі, 29 Желтоқсан 2022 15:39

Қоян жылы жұттан қоян құтқарды

Атам – көпті көрген көненің көзі, бір әңгімесінде «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп мал бағып, күнін көрген қазаққа қырғидай тиіп, қолдан жоқшылық жасаған Голощекин деген жендет басшының заманында тіске басар талшық қалмай бір ауыл қырылғалы тұрғанда кәдімгі ақ қоянның қалай құтқарып қалғанын былай баяндаған еді:

– Сол қоян жылы кедей мүлде тақырланып, орта шаруаның төлдейтін ғана малы қалған жылы жеті ағайынды жұт та жығылғанға жұдырықтай тиіп еді. Мал азығы өсетін жазда құрғақшылық болып, шалғымен шабар шөп те шықпай қалған. Тек күзде жауын-шашын көбейіп, аяғы қарға ұласты. Қалың қаудан жабайы жоңышқа өскен Басағаш пен Балғаш шоғының арасы құрғақшылықта да малға жайлы – күзде еркін оттайтын, қыста жылқы тебіндеп, өзіне ғана азық тауып қоймай, ұсақ мал – қой-ешкіге талғажаулық шөптің бетін қуатты тұяқтарымен ашып кетуші еді. Қатыгез қыстың қары қалың жауып, күн райы жылына бастаған мезетте жаңбыр төге салды да, аязды түнде мал азығы бар деген алқап бетін көк мұз құрсаулап алды. Далада жайылған аздаған жылқының әдеттегідей тебіндеп қоректенем деген әрекетінің соңы шашасын мұз кескілеп, аяқсыз қалуға соқтырады. Міне, жұттың басы осылай басталып еді.

Аздаған шөбі таусылған мал иелерінің қой-ешкілері де қырыла бастады. Ауылдың ақылман ақсақалдары мен бас көтерер азаматтарымыз жиналып, төлдейтін мал басын сақтай отырып, елді асырау үшін қандай іс-әрекеттер жасау туралы кеңесіп отырғанда аңшылықты кәсіп еткен бүркітші Берік сөз сұрады:

– Биыл қоян көп. Осы Басағаштағы қайың-теректің ортасындағы қалың бұтаның Балғаш шоғындағы қарақат, долана, жабайы шие, итмұрын арасы толған, бер жағындағы Шолақсайдың бойы түгел қоянның жымы.

Әр нәрсеге күмәнмен қарайтын Қуанбай тосын сұрағымен тоқтатпақ болды Берікті:

– Сонда сен жалғыз шиті мылтығыңмен атып алған бір-екі қоян етімен бүтіндей бір ауылды асырамақсың ба?

– Тоқтаңыз, сіз! Ауыл маңы толған орман. Орман толған қоянды қасқыр-түлкі жеп тауыса алмайды. Ал мен жалғыз шиті мылтықтан бір оқ шығармай ондаған қоян ұстап берсем бола ма? – деп дайындап келген жоспарын айтып берді.

Енді аңшы Беріктің жоспарын баяндамай-ақ, алғашқы әрекетімізді айтып берейін.

Басағаштың бас жағындағы жоталанып түскен қардың тасасына жиырма шақты жас жігіттерді арасы бес-алты адымнан алшақ қатарлап қойып, қолдарына бір-бір таяқ, өткір пышақ беріп:

– Андыздап қашқан қоянды бір ұрып, бауыздай беріңдер! – деп бұйырды Берік. Істің мәнін енді ұға бастаған жас-тар жағы:

– Тұрған жеріміздегі қалың қардан терең ор қазып қоялық, – деп ұсынды.

– Өте дұрыс!

Қырық-елулердегі ер адамдар мен ересектеу балалардың қолдарына бос шелек, тесілген жез легендер, қаңылтырдан жасалған бұйымдар мен бір-бір таяқ ұстатты Берік.

– Ал енді былай: біз үлкендер мен балалар Балғаш шоғының түстік жағынан арамыздан елу-алпыс қадам қалдырып, даурығып айқайлап, ысқырып, бос шелекті соққылай даңғырлатып, шоқ ағаштың ішіндегі бұталар арасынан қашып шыққан қояндарды қуалай шығып келе жатқан күнге қарсы ығыстырамыз. Ал тосқауылда жатқан жастарымыздың қолдарындағы жуан таяқтары мен белдеріндегі пышақтары қалған істі аяқтап береді.

Басағаш атты қалың орманды айналып өтіп, Балғаш шоқ ағашының ту сыртынан түстік жағынан даңғаза ен даланы жаңғырта орманға кірдік. У-шу, айқайдан, балалардың ысқырығынан, темірдің темірге соққан даңғырынан үдере қашқан қоян саны мұнша көп болар ма?! Бұл көрініс – біздің-қуалаушылардың көргені. Ал тосқауылда жатып, қоянды бір-бірлеп емес, жиырма-отыздап аулаған жас жігіттер былай суреттейді:

– Балғаш шоғынан шыққан айқай-шудан шошыған қояндар мұз қатқан қар үстіне екпіндеп келіп, тасада жатқан бізді көргенімен, көк мұзда тоқтай алмай сырғанап, қолымызға түсіп жатты.

Сонымен бірінші аңшылығымыздан жиырма шақты қоянды олжалап қайттық. Келесі көк мұздағы аңшылықтар өз кезегімен, бүркітші Беріктің бастауымен, күн қызуымен мұз бен қар жіби бастаған наурызға дейін жүріп жатты. Елдің бүйірі шығып тоймағанымен аштықтың азабынан осылай құтылып еді, – деп аяқтаған еді қоян жылғы жұттың әңгімесін ел ішінде Ахаң деп атанған Ахметжан атам.

Әрине, сол «оптом» ауланған қоян азық-түлік мәселесін түгелдей шеше қоймаса да, әлжуаз отбасылар мен жетім-жесірлерді аштықтан аман алып қалуға сеп болғаны шындық.

Қ.ҚАСЫМҰЛЫ.

Оқылды 3082 рет

Соңғы жаңалықтар

Қаң 22, 2026

Отан жолында опат болған жеті…

Әлемде қиындық пен қасіретті, қорлық пен қиянатты көп көрген екі ұлт болса соның бірі –…
Қаң 22, 2026

Спортивные достижения юных …

Второй год работает в селе Байтерек детский футбольный клуб АL* stars. Занимаются в нём…
Қаң 22, 2026

Жас әртістер қойылымы

Ақбастау орта мектебінде «Бастауыш» әдістемелік бірлестігінің «Ертегілер елінде» оқу…
Қаң 22, 2026

Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ

Балалық шақ… Бұл сөзді естігенде көз алдымызға күннің жұмсақ сәулесіне шағылысқан, асыр…
Қаң 22, 2026

Отбасы мен бала тәрбиесіне көңіл…

Отбасы – мейірім мен махаббат мекені әрі кішкентай періштелердің қауіпсіз, жылы орны.…
Қаң 22, 2026

Рух пен сөз күші

Алланың маған берген ерекше дарыны мені шығармашылыққа ерте жастан жетеледі. Бала…
Қаң 22, 2026

Ғасыр адамы

12 қаңтар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, техника ғылымдарының докторы,…
Қаң 22, 2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт…

Құрметті қауым! Жаңа ғана сөз сөйлеген Құрылтай мүшелері маңызды ой-пікірлер айтты.…
Қаң 20, 2026

2025 жылдың IV тоқсанында кірістері…

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша…

Күнтiзбе

« Қаңтар 2026 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет