Бейсенбі, 27 Қыркүйек 2018 12:11

Абзал ағалар өткен өткелдер

...Араға 2-3 жыл салып Есік мектеп-интернатының 10 класына келгенімде қатар тұрғыластарым ЖОО-дардың ІІ-курсында оқитын. Класс жетекшіміз Қамқанай Қожа-шевна мол денелі, салмақты да сабырлы, дауыс көтеріп сөйлемейтін кісі екен. Бірден бауырына тартты. Есейіп кеттім-ау деп жүрексініп тұрғанымда: "Саспа, Жұмахан, Нұрлыбай, Эльдарлардың жасы сенен де үлкен, әлі үйреніп кетесің", – деп класқа ұяла кірген мені көтеріп қойды. Рас екен, күн өтпей жатып шұрылдасып, шуласып танысып алдық. Дені малшы, қойшының ұл-қызы, жартылай жетім-жесірдің немесе мен секілді әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары. Жатырқаған жоқ, жатсын-ған жоқ, үлкендеу демеді...

Күз түсе жиын-терін басталғанда Тәтейіміздің (Жетісуда апай демейді) үйіне огород жинасуға бардық. Он шақты ұл-қыз қойсын ба, жиырма сотық жердің апай-топайын шығарып, қазар картопты қазып, жинар жүгеріні жинап, бал болып езіліп тұрған томпақ алмұрт, қызыл алманы қамбалатып тастадық та шәйға отырғанымыз сол еді Есіктің алдына брезент жабылған "Бобик" жеңіл машинасы тоқтап, бір-екі адам түсті "Ағаларың кеп қалды, – деді тәтейіміз, – қысылмаңдар, қазір өзі де келеді".  Кешікпей жеңілдеу киініп, жуынып-шайынып олар да дастар-ханға жайғасты. "Ұялмаңдар ішіп-жеп отырыңдар, – деп сыпайы бастап, жөн-жосықты сұрай отырды. Маған кезек келгенде, – бәсе, жүзің таныс, ауылдағы аға баласы екенсің ғой", – деп қойды.

Махмет Бүркітбаев ағамен осылай таныстық.

Қаракемер – киелі мекен, қасиетті  жер. Есік (есте жоқ ескі замандарда) Хан орда орналасқан жер болса осы бір атшаптырымдай жердегі тау етегі – Төржайлау, Таутүрген, Асы, Ойжайлау, Дөңжайлау, Аралтөбе маңайы т.т. батысы мен шығысы түгел дегендей қалың қазақтың, (мүмкін сақ пен ғұнның, кейінгі түркі жұртының) алтын бесігі іспеттес шығар  деп ойлайсың. Өткенді, кең заманды ойша шоласың. Балалығың кетпеген сары ауыз балапан болсақ та сол кезде-ақ осы бір жасыл желекті тау етегін мекендеген Ұлы Жүз Үйсін ұрпағының тексіз еместігін пайымдағандай болушы едік. Солардың бір тарауы Асыл баба мәулетінің кең қолтықты, төрт түлікті, жүздеген бұлақты, жемісі төгілген, егіні жайқалған жер жаннатын мекендеп қалғанына қуанасың да риза боласың. Кезінде соған көшбасшы болған бабалар белгісі кейінгі буын-аға ұрпақ, ардагер ата-ағалар болғандығын, жасың  жетпіске қарай кетсе де Абайшаласақ "Көп айтса көніп, жұрт айтса болып..." жалтақ-жалпақ күн кешіп" - өмір өткізгеніңе қынжыласың. Топ жарып, көш бастаған, ел үшін еңіреп өткен ерлердің болғанына және бола береріне қуанасың. Сондай азаматтардың бірі атанып атқа мініп, атар күннің өтіне жүріп ел билігіне араласқан кісілердің бірі осы Махмет ағамыз екен.

Махмет Бүркітбаев Қаракемерде 1916 жылы дүниеге келіпті. Кедей шаруаның отбасы, әкесі Ұлы Төңкеріске (Қазан революциясы) дейін егіншілікпен айналысып, жиырмасыншы жылдардың соңына қарай колхозға кіреді де 1936 жылға қарай дүниеден өтеді.

Махмет аға 1931 жылы сауат ашып, бастауыш мектепті тамамдап сол жылдары Байсеркедегі (қазіргі Іле ауданы) Коммунистік жастар мектебіне оқуға жіберіледі. Одан кейін қазақ педагогикалық институтының мұғалімдер даярлайтын рабфакультетіне қабылданып, оны бітірген соң 1936 жылдың жартысына дейін Қаракемер ауыл Советі жанындағы сауатсыздықты жою жөніндегі ересектер мектебінде мұғалім болып істейді. Балалық, бозбала шағында таққа таласқан орыстың, бақ пен байлыққа жанталасқан қазақ алпауыттарының илеуіндегі иіні түскен көтерем кедей-кепшіктің, қойшы-қолаңнын тұрмысын көріп, біліп өскен ол, нақтылы мақсат ұстанып, білім алуды көздейді, Алматыдағы мұғалімдер институтына түсіп, оны 1938 жылы бітіріп шығады. Қазақ ССР Халық ағарту комите-тінің жолдамасымен Красногор (қазіргі Жамбыл облысы) ауданына кетіп, 1940 жылдың сәуір айына дейін болады, ал бұдан соң Қаратал ауданына ауыстырылып, 1940 жылдың қазан айынан 1945 жылдың 25 қарашасына дейін әскер қатарында жүреді, майданда болады, 1942 жылы партия қатарына өтіп, жеңісті жақындатуға үлес қосады, жанқиярлық көрсетіп, наградталады.

Әскер қатарынан, алапат от, бораған оқ ортасынан ана тілеуі қабыл боп, аман-есен оралған соң алған мамандығы бойынша ағарту саласына белсене араласып кетеді. Әу баста аудан бойынша мектеп инспекторы, Киров атындағы (Қаракемер де, Совет тұсында мектеп те ауыл да, совхоз да солай аталған) жетіжылдық, одан кейін 1955 жылдың соңына дейін орта мектепке айналған осы мектепте директор, 1955-1957 жылдар аралығында аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып істеп, ұрпақ тәрбиесіне, оқу-ағарту ісіне үлесін қосады, ел-жұртына адал қызмет етуге, ұл-қызын оқытып, тәрбиелеуге күш салады, тынбай ізденеді, тоқтаусыз жұмыс жасайды, "оқимын" деген ұл-қызға жөн көрсетіп, жетелейді, ақыл-кеңес береді, бағыт-бағдар сілтейді. О тұс орыстандыру әлі қарқын ала қоймаған кез, ауданның төл перзенттерінің ортақ іске араласуларына ықпал етеді, көмекте-седі. Асар ұйымдастырып мектеп құры-лысын бастауға, жаңа оқу жылына жан-жақты әзірленіп, қыстық отын-суымен қамтамасыз етілуіне, ең бастысы – жастардың оқуға, білім алуға, жоғары мамандық иесі болуға деген ұмтылысына ұйытқы болуға тырысады.

Майдангер, білікті әрі білімді басшы алғыр да принципшіл партия мүшесін Компартия көрмесін бе, көреді, зерттейді, зерделейді. Сөйтеді де 1957 жылғы еңбекшілер депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне жоғарлатады. Бұл қызметі де білім саласынан алыс емес, халықтың әлеуметтік-тұрмыс жағдайы, мәдениеті мен денсаулығы, т.т. дегендей партиялық тәрбие – идеологиялық жұмыстың қазанында қайнайды. Елді мекендерді көркейту, әлеуметтік маңызы бар өтініш, талап-тілектердің орындалуына бас-көз, мұрындық болады. Қар кешіп, мұз төсеніп алажаз, алты ай қыс аулақта жүретін малшы-егінші еңбекшіге жағдай жасап берудің жолдарын қарастырады, бұл тұрғыдағы өз ой-пікірін, көңілге қонымды, іске асыруға мүмкін болатын игі шара-жоспарларды көтеріп, көрсетіп, іске асыру ісіне белсене араласады. "Өзі жақсыға бір орын бар" дегендей сол тұстағы аудан коммунистерінің жетекшісі Алқамбек Мәлкеев ағамыз да ой-өрісті аңғарымпаз, алдын болжағыш адам, бәрін түсінеді, бірлесіп істейді. Ауданның іріленіп, іргеленіп, экономикасының өр-леуіне, тұрмысы мен мәдениетінің барынша жақсара түсуіне осындай жергілікті және тіл табыса білген партия, кеңес қызметкерлерінің бірлікті бастамалары жол ашады. Есік көліне жол тартылып, берісі Алматы, арысы Республика еңбекші – жұмысшыларының демалыс аймағына, туристік базаларға айналдырылады, көлге қайық-катер жеткізіліп, мейрамхана, қонақ үй, спорт алаңдары жасалып, станица (станция емес) үстінен тағы бір қалашық орнайды, тәулігіне мыңдаған адам қаладан саяхаттайды, қалың қарағай мен жасыл шырша, ақ қайың, өрік пен алма, шие мен бүлдірген, қарақат пен таңқурай тұнып тұрған тау етегі көңілді әрі қызықты демалыс орнына айналады.

Орталықта Халық театры құрылып, оның өнерпаздары Алматы, Мәскеуге барып өнер көрсетеді. Өйткені, идеология саласына жетекші жасаған бұл кісі мен бірінші хатшы А.Мәлкеев те әдебиет пен мәдениетті сүйген, сыйлаған, өнерге жақын, әнші, ақын әрі композитор дегендей бесаспап азаматтар екен. Сөйтіп істері ілгерілейді, жемісті жеңісті болады.

Аудан орталығынан 60 шақырым ғана жердегі Асыға жетуге жеті күн керек. Мал Құмбел асып, Белшабдармен айдалады, көші-қон түйе-өгізбен, атпен жеткізіледі. Сонау Іленің арғы бетіндегі Сарытауқым, Кербұлақ бергі бетіндегі Қарашеңгел, Құрөзек, Пұшыққұмнан апталап айдалар мал жазықтан тауға жеткенше малшы қауымның отбасы, бала-шағасы өгіздің мойнында, түйенің қомында сілікпелері шығатын-ды. Ең құрымаса, жолы қысқар-сын, көлік қатынасын деген оймен жоға-ры-төменді мәселе көтере жүріп аудан басшылары асфальт жол салдырады Асыға. Қойды асыруы қиын өткел бермес Құмбел асуынан құтылған әрі ұзақ сапары – бірнеше күн болса да қысқарған, ал ең бастысы барар жерге бала-шағасы өздерінен көп бұрын қиналмай жетіп, жайлау төсінде егелері келіп түсер үйлерін тігіп, ас-суын әзірлеп отырар адамдары боларына қуанды. Аудандық аурухана, кинотеатр, клубтар салынды. Тізеден шаңы бұрқыраған көшелерге құм төгіліп, тас төселе бастайды. Есік станицасы (станция емес) мен Құлжа жолдың арасы қосылып, асфальт құйылады, бұрын Талғар трассасына түсер салмақ Құлжа жолға ауысып, жол қысқарады. Ойдағы ауыл, колхоз-совхоздармен қатынас жақсара түседі.

Махмет аға осы қызметте 1968-69 жылдарға дейін болып, соңында аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатына директор болады. Тау етегін ала орналасқан үш этажды комбинат Алматы облысындағы бірінші осындай кешен еді. Малшы балаларына  арнап салынған мектеп-интернат-тың салыну астары да – жаппай орыстандыру күш алып, қазақ мектептері жабыла бастаған асыра сілтеушілікке аздап болса да кедергі жасау еді. Есімдері аталып отырған ағаларымыз осыны басқа басшылардан гөрі ертерек түсініпті. "Қазақтар тек қой бақсын!" – деген сұрқия саясатты шамалары келгенше жеңілдеу жүргізуге тырысыпты. Оны көп адам кейін түсінді, кейбіреулер, мүмкін, түсінбей де кеткен шығар...

...Сөйтіп, үйіндегі шәй үстіндегі әңгіме кезінде аға: "Өзіңді түгел бюджетке алды ма?" – деп қалды, онысын мен түсіне қой-мадым білем, – оқығаның, жатқаның үшін ақша төле деген жоқ па?" – деп сұрады, мен ешкімнің ештеңе айтпағанын айттым. Дұрыс екен, сонда да болса Рахаңа айтарсың", – деді ол кісі тәтейімізге, ол кісі езуінен жымиып қойды... Интернатта тойып тамақ ішіп, шыттай киініп, ұстаз-тәрбиешілеріміздің жүрек жылуы, мейірім шапағаты аясында үлкен өмірге бет бұра бастадық.

Орта  мектептен соң оқуға баруға тағы жағдай жоқ, ағасы бар, жағасы барлар мен өте жақсы оқыған ұл-қыздардың жолы болары анық және болды. Көбісі оқуға кетті. Біз сияқтыларға не істеу керек, бала күннен арманым – журналист болу, Тұманбай ағамдай, Күлімхан тәтемдей Алматыда оқу еді... "Қой алдымен екі жыл жұмыс істейін, содан стаж жинап барайын" деген оймен жұмыс іздедім (Қазақстанда солай талап қойылған). 

Аракідік араласа бастаған аудандық газет редакциясына жолығып  едім «крутой» ағаларымның  біреуі фотосуретке түсіре білу керектігін айтып, аудандық тұрмыс қажетін комбинатының фотоательесіне жөн сілтеді. Онда барып жолықсам кекірейген кіл орыс жігіттері  мардымды  жауап бермеген соң неде болса басшысына  кірейін деп  екінші қабатқа шықтым. Қабылдау  бөлмесіндегі жирен шаш та біраз ұстап, әйтеуір, директорға  кірдім-ау. Сөйтсем, баяғы таныс, Махмет ағай.

– Фотограф  қиын  мамандық – деді ол кісі жағдайымды сұрастырып болған соң, –талабың дұрыс, бірақ үйренуші болғаннан гөрі  оқуын оқып, мамандық иесі бол. Қала-да 135 кәсіптік-техникалық училище бар, саған жолдама жазып берейік, оқып кел...

 Сонымен кәсіптік-техникалық училищеге қабылдана сала келесі күні Ащысай-дың  темекісін жинауға жөнеліп те кеттім. Амал  не, бұл кезде он сегізді орталап қалғам.Әскерге алды да кетті. Расын айтсам, әскерге алғандарына қуандым. Ол кезде міндетті әскери борышыңды өтеу мақтаныш, вечер жасап шығарып салады, дәл солай Хан қызындай  қарсы алады. Сөйтіп, Түркия мен Иран, КССРО-ның  шекаралары түйіскен  Гяндж қаласы төңірегіндегі тау етегінен (Кировобад, Әзірбайжаннан) бірақ шығып, жеті қабат жер астына  түстім де кеттім.

Міне, сол бір 60-жылдары  ел басқарған  азаматтар осындай-ды. Бала демейтін, бөтен деп бөлмейтін, қолдарынан келген көмектерін, жылы сөз, жүрек жылуларын беруге тырысатын, әлде бала болғасын солай көрінді ме, әйтеуір сол кезде болған аға, әке, аталарымыз, әпке, әже, апаларымыз, тіпті танымайтын бөгде адамдардың  өздері де мейірімді еді. Қазіргідей нарықты сылтау етіп қаймақсыз шай беретін, қымбатшылықты желеу етіп туысты таңдап іздейтін заман емес-ті. "Құлдан Қожа шықты" дейтіндей намаз оқып отырып, дүние қумайтын ол кездегі халық. Тек қазаққа тән бауырмалдық, ақкөңілділік, мейірімділік көп-ті  ол кезде. Содан болар, жас кезімде жақсы жандарды жиі жолықтырған сияқты болам да тұрам. Махмет аға да солардың қатарында, солардың бірі болды.

Уақытта тоқтау жоқ. Ағамен алғашқы кездесуімізден бері де жарты ғасыр жылжып кетіпті. Бала едік, есейдік, егде тартып зейнеткер атандық, солай болғанмен дәл осы ағаларымыздай ел егесіне айнала қоймадық, бірақ сол ағаларымыз бағыттап берген адалдық принципімен елге қызмет  етуге тырысқан екенбіз.

Бүгінде аға, тәтейім де өмірден озған. Қос мұғалім, қос ұстаздың (толық мағынасында)  артында ұл-қыз, немере-шөберелер өсіп-өнуде  және көбісі – мұға-лім, өйткені әке жолы, ана ақылы осылай болған. Ал кенже ұл Мұратты  көпшілік тануға тиіс, «Жедел жәрдем де»  жүргізу-шілік етіп жүргеніне  30 жыл, келіні Жазира зейнетақы «тағайындайды»,   ол кісіні де білесіздер. Тура  жүріп, адал  қызмет етіп жатқан азаматтар.

Бір сөзбен айтқанда, жақсылардың ұрпағы тек жақсы жақтарынан көрініп, өз биіктеріне өрлеп келеді, ләйім содан жаңылмасын.

Тек сөз соңын аудан басшыларына, Есік қалалық округі әкімшілігіне бағытта-сам: еліне, жеріне адал қызмет етіп, Коммунистік  идеяны  мансұқтай отырып-ақ, елімен етене болған майдангер-ардагер аға есімін әспеттеуге болар ма екен?

Сонда ғана өзі өмір сүрген  заман,сол замана талабынан  туындаған небір міндет-терді алу жолында адал еңбектенген абзал ағалар есімі  біздер емес, біздерден кейінгі ұрпақтар жадында қалары анық. Өйткені, ауыл-қала, ауданда көз көргендер мен  жергілікті  тұрғындар азая  түскен бұл кезде дүниеден өткендеріне біраз болған кісілер  түгілі, күні кеше кеткендерімізді де  ұмытып бара  жатқанымыз жасырын  емес. Сылтауымыз – нарық, жекеменшіктік бағыт. Сонда  қарапайым халық қатарында құбатөбел өмірді қанағат тұтып, әдептен аспай, дүние жинамай елді  ел, бастауды  көл қылуға, басқалармен тереземізді тең қылуға  тырысып  тер төккен  асқар  таудай ардагерлер есімдері елеусіздеу қала бермек пе?

"...Дүркін-дүркін дүркінде дүние өтер бір күнде..." деген бабалар сөзі ұмытылып бара ма? Жүрек осыған сыздайды, ағайын. Өйткені, ата-аналарымыз, әпке-ағалары-мыз өткен тар жол, тайғақ кешуді біздің буын да бастан кешкен жоқ, ләйім,  кейінгі ұрпақ та  көрмесін. Бірақ өткен өткелдер мен аға ұрпақты да ұмытпай жүрейік, арттағы іні-қарындастар, ардақты ұл-қыз.

                                Мұрат Нақатаев,

ауданнның  Құрметті  азаматы, зейнеткер.

Оқылды 2753 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Қорам батыр

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 28, 2024

АЭС – объективті қажеттілік

АЭС — электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндірудің бір түрі. Ядролық энергия…
Қырқ 27, 2024

о проведении республиканского…

г.Қонаев – 2024 год 1. Общие положения 1.1. Настоящее положение определяет порядок…
Қырқ 27, 2024

Республикалық конкурс өткізу туралы …

Қонаев қаласы – 2024 жыл 1. Жалпы ережелер 1.1. Осы ереже «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы…
Қырқ 27, 2024

Сарапшы: Қоғамдық мәселелерге…

Ел тұрғындарының энергетика саласындағы мәселелерге қатысты пікірі қалыптасып, саяси…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау штабының өкілдері…

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының өкілдері ақтөбеліктермен…
Қырқ 27, 2024

Члены Народного штаба за…

В регионе продолжилась работа Народного штаба за строительство АЭС. Депутаты, эксперты и…
Қырқ 27, 2024

АЭС-тен көмірқышқыл газы да, күл де…

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза…
Қырқ 27, 2024

Халықтық штаб: Атом электр…

Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық…

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты.…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет