Бейсенбі, 25 Наурыз 2021 10:24

Наурыз мерекесінің тарихы туралы деректер

Әлем сауықшыл бағытқа бетбұрыс жасады. Қазіргі таңда олардың арасындағы той, мереке дегенді санап тауыса алмайсың. Бірақ сол сауық-сайранның ішінде Наурыз тойына теңесетін, оның дәрежесімен пара-пар келетін мереке жоқ. Наурыз тойының тарихы тым  әріден бастау алады, ол туралы мыңдаған аңыз-әфсаналар бар. Наурыз алдымен табиғаттың мерекесі, көктемгі күн мен түннің теңелген күні.

Бұл күнде тіршілік атаулыға жан бітіп, адамнан бастап өсімдікке дейін табиғат ананың шапағатына бөленеді.

Кейбір аңызда Наурыз деген сөз адамның атымен байланысты делінген. Нұқ пайғамбардың кемесі Қазығұртқа тоқтағанда Нұқ пайғамбар қолындағы жем-шөбін жан-жануарларға, азық-түлігін адамдарға таратып, күн мен түн теңелді деп той жасаған екен. Кейін осы дәстүр жалғаспай қалыпты. Осы Наурыз деген азамат Нұқтан кейін үш жүз жылдан соң өмірге келіпті. «Біздің бабамыз Нұқ пайғамбар осыдан үш жүз жылдай уақыт бұрын күн мен түн теңелді деп мереке өткізіп еді. Біз неге осы мейрамды қолға алып дамытпаймыз, неге құрметтеп жалғастырмасқа?» деп бар күшін осыған салып, қайтадан тойлатқан екен. Содан бері қазақ халқы Наурыз тойын тойлап келе жатыр. Осындай деректерге сүйенсек, Наурыз тойы көненің мерекесі екеніне дау жоқ.

 

Іргесін Бату хан қалаған Алтын Ордада Наурыз мемлекеттік мереке есебінде аталып өткен. Алтын Орда күні кешегі Кеңес империясының жартысынан астамын иемденген құдірет қой. Осы Алтын Ордаға қарасты ұлттар мен ұлыстар Наурызды мемлекеттік мереке есебінде атап өтетін болған. Оның ішінде кәдімгі Русь те бар. Екінші жағы – астрономиялық түсінікте күн мен түннің теңескен шағы. Астрономия ғылымының данышпандары деп – Галилео Галилей мен Николай Коперникті айтады. Ал Орхонның көктасын жастық қылып, көк аспанын көрпе қылған Көк түріктердің әрқайсысы – Галилей, әрқайсысы Коперник емес пе?! Өйткені көшпелі өмірдің әрбір мезеті астрономиямен байланысты. Ендеше, астрономия ғылымының атасы – осы Көк түріктер.

 

Бір аңызда «Ғұндардың Падишасы Наурыз болған күні, яғни күн мен түн теңелген күні таудың басына шығып, ағарып атып келе жатқан ала таңда екі қолын жайып, содан тілек тілейді екен. Тілегін тілеп болып артына қарағанда, қолында қобызы бар абыз тоғыз қоңыр күй тартады. Осы күй тартылып болған соң, ол үн-түнсіз артына қарайды. Қараса арнайы дайындалған үш жүз алпыс бес адам мерекенің құрметіне үш жүз алпыс бес күй тартады. Сонда бір жылды түгелдеп тұр. Содан кейін ғана Наурыз тойын тойлауға рұқсат етіледі» – дейді. Осындай деректерге қарағанда, бұл мейрам әртүрлі дәрежеде тойланған.

 

Әлихан Бөкейханның Наурыз туралы 1916 жылы Айқап журналына жариялаған мақаласында: «Алғашқы айпарақ Ғайсадан 5000 жыл бұрын Тигр, Ефрат аңғарында өмір сүрген Вавилия (Шүмер) елінде жасалған Халдей календары. Онда жыл санау күн мен түннің теңелуінен басталған. Ұлы көштер салдарынан халдейлер ыдырап, шумерлердің билігін парсылар тартып алды. Содан айпарақ – Наурыз болып өзгерді. Халдей әулеттері қазіргі угро-фин және қытай жұрты. Кейін Юлиан және Григориян календарлары шықты да Халдейді де, Наурызды да ығыстырды. Ал, астрономиялық дәлдік жағынан Наурыз (Халдей) қолданылғаны дұрыс...» – дейді. Ал Ахмет Байтұрсыновтың жазбаларында Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған күні күн мен түнтеңелген деп көрсетіледі. Үлкен тойдың басы осы күннен бастау алған деседі.

 

Ертеде осыдан бес-он мың жыл бұрын Жер шарының қоңыр үйегін мекен еткен Алтай, Сауыр, Тарбағатай, Жоңғария, Сарыарқа, Ерепей,  Каспий, Жетісу, Тұран, Еренқабырғада ту көтерген – Мықтар елі күндей күркіреп, күн санап көркейіп, көбейіп, бір ту астына тұтастай шоғырланып, береке-бірлігі айрандай ұйып, бақ қарап, Қыдыр дарыған бір дәуірде Күн мен түн теңелген Наурыз тойын тойлапты. Сол күні таңда Мық елінің Тәңір құтылары  төбе басына шығып, арайлап шыққан күнге бетін тосып, екі қолын соза жайып: «О, Күн тәңір! Мықтар елінің Көктуын мәңгі желбіретіп, жаққан отын мәңгі лаулат! О, Күн тәңір, жер-жаһанды сілкінуден сақта, жерді топан суыңнан сақта, жерді өрттен сақта, дүлей дауыл желіңнен сақта, елді жерден, ерді елден қуатын тебінді жаудан сақта, елімді індеттен сақта! О, Күн тәңір, елімді дерт-дербез індеттен, тілден, ділден, діннен, салт-санадан айыратын жын-сайтанның өсек-аяңынан сақта!» – деп көзіне жас ала балқып, орнынан тұрған Тәңір құтылар енді абызға жол бергендей сыңай білдіреді. Сонда абыз үн-түнсіз қылқобызда «Тоғыз қоңыр» күйін тартады. Абыздан соң алдын-ала дайындалған үш жүз алпыс бес күй тартылады. Тәңір құтылардың тілегінен кейін «Тоғыз қоңыр» атты күйдің, үш жүз алпыс бес жігіттің үш жүз алпыс бес күй ойнауы Наурыз тойын бастауға рұқсат еткендей бет ашар сыңай білдіреді. Осыдан кейін бірнеше күнге созылған той-думан басталады.

 

adebiportal.kz сайтынан алынды

Оқылды 1348 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « На перепутье 1992-го… Памятники нуждаются в защите »

Соңғы жаңалықтар

Нау 18, 2024

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн…
Нау 14, 2024

Түйінді түйіткілдер оң шешімін…

Жуырда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн…
Нау 07, 2024

Аудан әкімінің міндетін атқарушы …

Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні…
Ақп 22, 2024

Отбасы – тәрбие бастауы

Жақында Азат орталау мектебінде Рахат округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан…
Ақп 22, 2024

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Есік қаласында ауқымды…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Тустукбаев Бағлан Ахихатұлы, 1989 жылы 7 сәуірде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Әділхан Азамат Әділханұлы, 1993 жылы 11 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келдім.…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы …

Мен Тойғанбеков Бақберген Бауыржанұлы 1988 жылы 21 сәуірде Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе…

Күнтiзбе

« Наурыз 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет