АЙДАРҒА АНОНС
Кеңестік білім жүйесінен, жоғары оқу орындарында дәріс тыңдап, мамандыққа ие болған еліміздің аға буын азаматтарын Қазақ елінің тарихы туралы пышақтың қырынан аз ғана қалыңдау оқулықтарды қолданып оқытқаны белгілі. Тарихтың қиын да тағдырлы белестерінен өткен халқымыздың ұлт болып ұйысуы тек кеңестік күн көсемдердің арқасында, компартияның жетекшілігімен ғана ұйымдастырылған деп көрсетілді.
Тек Тәуелсіздік таңы атып, тарихымызды тереңнен толғап, көрсетуге дербес Қазақ мемлекеті болған кезеңнен беріде ғана қол жетті. Сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап сол кездегі «Еңбек жалыны» бүгінгі «Еңбекшіқазақ» газеті Қазақ мемлекеттігінің құрылу тарихы туралы, елімізді қорғау жолындағы батыр бабаларымыздың ерлігі жайында көптеген мақалалар жариялап оқырмандарымыздың, әсіресе мектеп мұғалімдерінің, тарихшы мамандардың алғысын алғаны газет тігінділерінен, аға буын ақсақалдардың естеліктерінен белгілі.
Одан бері отыз жыл өтіп, өмірге ХХІ ғасыр өкілдері келіп, ел тарихын үңіле зерделеп, игеруде.
Сондықтан Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған «Тарихи тағылым» айдарының аясында ел тарихы, батыр бабаларымыз жайлы жариялауды, бұл игі істі ауыл, мектеп, көшелер аттары берілген Бөлек батыр туралы мақаламен бастап отырмыз.
Газет редакциясы.
Қазақ-Жоңғар соғысы тарихтағы екі ел арасындағы ұзаққа созылған ауыр да қасіретті соғыс. Жазушы, ғалым Мұхтар Мағауин «Екі ғасырлық бұл соғыс жоңғар мен қазаққа еш жақсылық әкелмеді. Жоңғардың жер бетінен жойылуына әкеп сайса, қазақтың орысқа бодан болуына жол ашты» деген сипаттағы күрсінісін білеміз. Қанша ауыл қырылды? Қаншалаған боздақтардың сүйегі шашылып далада қалды? Шынымен өкінішті. Бірақ елі мен жері үшін толарсақтан қан кешіп, жау көрсе атының басын кері тартпаған қас батырлардың ерліктері мен еңбектері кейінгі ұрпаққа аңыз болып айтылып, жыр болып өрілуде. Қазақ есінен кетпейтін «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейін есін жиып, есе теңдік алып жоңғардан басым түсе бастады. «Ту құйырығы бір тұтам тұлпар мініп, күңіреніп күн түбіне жортқан» Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақұлы Жәнібек, Албан Райымбек... Бұл тектес батырлардың есімін тізе берсек жетіп, артылады. Осы батырлармен бірге қазақ даласынан жоңғарларды аластауда, Жетісу жеріндегі Райымбек батырдың үзеңгілес серігі, күллі қазаққа Аңырақай шайқасындағы жеңістің алауын жаққан батыр – Бөлек батырдың да егей ерлігі ел есінде.
Бөлек батыр Жоңғар соғысындағы Наурызбай батырдың қолбасыларының біреуі болған. Сүйегі Шапырашты руындағы Асылдан тарайды. Асылдың ұрпағы Текеден Сарыбай, Қара, Ырысбай, Шақа деген төрт ұл туғанда, Бөлек батыр осы Сарыбайдың баласы. Сарыбайдың інісі Қараның қолында ержетіп, әскери жаттығулардан өткен батыр кейбір деректерде Қараұлы деп қате жазылып жүр (бір қызығы кейбір деректерде Сатай батырдың немересі немесе ұлы делінеді. Бұл өрескел қателік болғандықтан ескерусіз қалдырдық. Мен Н.Сарғожаның Бөлек батыр туралы жазғандарындағы тегін тарату шежіресіне сүйендім). Бір айта кетер ерекше жайт, үш ғасыр бойы атадан мұра болып сақталған Бөлек батырдың дулығасы мен сауыты қызыл жұлдыз орденінің иесі, Ақши ауылындағы Евгено-Маловодное ауылдық кеңесінің көп жылдар төрағасы болып қызмет істеген Наурызбай Жылқыбаевтың қолында сақталған. Енді бұл сауыт пен дулығаның жайы басқа әңгіме. Біздің бұны айтып отырған жайымыз, кейбір деректердегі Бөлек батырдың Қараұлы делініп айтылып жүрген жаңсақ пікірлердің тууына себеп болған осы қасиетті сауыт пен дулығаның Қара ұрпақтарында сақталғандығынан болу керек деген ойымыз барын ашып көрсету.
Ұзаққа созылған қазақ-жоңғар соғысы ХІІІ ғасырдың бел ортасында бүгінгі Жамбыл облысынан басталып, Қытай жеріндегі Тұрпаннан аяқталғаны бәрімізге аян. Жоңғардың жиырма бес мың қолы Шу даласына құмырсқадай құйылып, қалған қолдары сырттай қоршауға алады. Қазақ-жоңғар соғысының осы ақтық шайқасы екі жаққа да сан түрлі қысымдар түсірді. Екі жақтың да шегінерге жолы жоқ, тұйыққа келіп тірелгенін сезеді. Қай жақ осы ұрыста басым түссе, сол жақтың бұдан кейінгі ұрыстарда десі басым боларын сезген. Сондықтанда екі жақ та күшті әскери дайындықтар және ұрымтал шабуылдарды ойластырғаны айдан анық мәселе. Халқымыздың санасында әлі жаңғырып тұратын «Аңырақай шайқасы» дәл осы кезде болған. Жабдықталып шабынған жаудың алғашқы бетін қайтару соғыс үшін толықтай жеңістің алғашқы қақпасы екені белгілі жайт. Ертеден келе жатқан көшпелілер соғысында батырлардың жекпе-жекке шығу дәстүрі бар. Бұл жекпе-жекке шығу қарсы жағының мысын басып, өзін әлеуетті де айбарлы көрсетудің және артқы қосын келіп, қоян-қолтық соғыс басталғанша уақыт ұту әдісі саналады. Жан-жақтан құйылып келіп жатқан жоңғар әскерлерін көрген Төле би өзінің кеңесшілерін және батырларын жиып, алдағы соғыс және өтетін жекпе-жек туралы ақылдасады. Кейбір деректерде Төле би мен Қазыбек би 26 батырдың басын қосып, кеңес өткізген деседі. Осы кеңесте батырлар мен билер бір ауыздан бірінші рет жекпе-жекке Бөлек батыр шығады деп шешім қабылдайды. Ал Бөлек жеңілсе, одан кейін Олжабай батыр шығатынын да ескертеді. Алда болатын сұмдық сойқанның ауыр жүгі жас Бөлектің мойнына осылай жүктеледі.
Бала күнінен ат құлағында ойнап, буыны қатпай жатып соғыстың сан түрлі тәсілін жақсы меңгерген Бөлек аттың бір бауырынан келесі бауырына өту немесе шауып келе жатып қосар атқа қарғып міну және қуғыншыға қайырылып садақ тарту, найза лақтыру мен қылыш сілтеудің неше түрлі әдіс-тәсілін жетік меңгерген. Әрі найзаны қарсыласының өндіршегіне тура қадайтын мергендігін бәрі анық біледі. Сондықтан да шешуші соғыстың алғашқы жекпе-жегін кеңес мүшелері Бөлекке сеніп жүктеген. Осы ұрыстағы Бөлекпен сайысатын жоңғар батыры Аңырақай. Сол дәуірде жоңғарларда Аңырақайдан асқан батыр жоқ делінеді жазбаларда. Бөлек осы кездесуде тор көзді сауытын шешіп, найзасын жерге шаншып, қарсы жағына тек ауыр салмақты шоқпарымен шабуылға шығыпты. Екі жақтың да бас батырларының айқасы аса қиын өтсе керек. Атүсті соғыстың, жекпе-жектің сан рет шаңын қаққан батырлардың бір-біріне оңай есе жібере қоюы мүмкін де емес. Бірақ иесінің әр қимылын мүлт жібермей бейімделген атының арқасында Бөлек Аңырақайды шоқпармен ұрып құлатып, атын олжалап, қазақтарға алғашқы жеңісті алып береді. Бөлектің бұл жеңісі тек Шу бойындағы ұрыстардың алғашқы жеңісі емес, бүкіл қазақ даласында өтіп жатқан ұрыстың бастамашысы, ғасырларға созылған қазақ-жоңғар соғысындағы қазақтардың жеңісімен аяқтайтын сан соғыстардың алғашқы қызыл алауы болса керек. Аңырақай өлген соң жоңғарлардың десі басылып, мысы құриды. Оның үстіне Бөлектің жеңісіне масаттанған қазақтардың күндей күркіреген зор дауыстары жоңғарлардың есін шығарып, зәресін ұшырады. Бұдан кейінгі жекпе-жек қазақ батыры Олжабай мен жоңғар батыры Жаданба арасында өтеді. Бөлектің жеңісімен шабыттанып, оның үстіне өзінің ерлігі мен айлалығының арқасында Олжабайда Жаданбаны жеңіп, Шу бойындағы екінші жеңісті қазақтарға алып келеді. Бүгінгі Жамбыл облысындағы Аңырақай деп аталатын жер және қазақ тарихына алтын әріппен жазылған «Аңырақай шайқасы» жоңғардың жекпе-жекте өлген батырының атымен аталып, осылай жарыққа шыққан.
Аңырақай шайқасынан кейін жеңістік алған қазақтар жан-жақты ойласып, ел аумағынан жоңғарларды түбегейлі аластауды мақсат етеді. Бірақ ішкі алауыздық себебінен бұл мақсат түбегейлі орындалмайды. Десе де, күндер өтіп, қайта басы қосылған қазақ хандары мен билері бүкіл қазақ даласын жоңғарлардан азат етіп, шекараны шегендейді. Осы шекараны белгілеу туралы Ж.Тұрлыбаев «Қаһарлы жылдың қаһарманы» еңбегінде: «...Сүмбеге дейін көшіп келіп қостанғанын көреді де, Райымбек серіктеріне мынадай ой айтады. «Таусыз жер, даусыз ел болмайды» екен. Біз қалмақты жеңдік, алысқа қуып апарып тастадық десек те, ақыры түбінде «мына жер менікі» деушілер тағы шығып, дау туылып қалуы мүмкін. Сондай дау-дамайлы жағдайда «біздікі» екенінің белгісі болсын, осы араға көзге көрінерлік және түпкілікті етіп, бір белгі қоялық. Ол белгі – биіктеп үйген тас болсын», – дейді. Райымбектің бұл ойын серіктері көрегендік деп есептейді», – деп жазады. Содан Райымбек батыр бастап және басқада батырлар мен ел ағалары Шалкөдеден Нарынқолға асар аралықтағы Тұзкөлдің маңындағы таудың тастарын өгізге артып әкеліп, арнайы қызыл тастан оба тұрғызып, арнайы шекаралық белгі қояды. Кейін Ресей-Қытай қазақ даласын екіге бөліп, өз иеліктеріне алғанда осы белгі арқылы жер аумағын белгілеген. Мүмкін бұл белгілер еліміз тәуелсіздігін алған соң Қытаймен болған шекаралық келісімдерге де өз пайдасын тигізген болуы бек мүмкін. Райымбектің бүкіл арман-мүддесінің маңында жүрген Бөлектің де осы белгіні қоюға маңдай тері сіңгенін бүгінгі ұрпақ ұмытпауы керек.
Сол уақта Жетісу жерін жаудан азат етуде Албан руының бас батыры Райымбектің қасында болып, Бөлек батыр да еңбек етіп, ұлы жұз Албан руының ата қонысына оралуына септігін тигізген. Бүгінгі Бақай тауы, Асы жайлауы, Торайғыр тауы және басқа да елдімекендердегі жоңғарларды үдере қуып, Қытай астырады. Сондағы жоңғарлардың бауыр басып қалған жерімен қоштасқандағы зарлы өлеңдері әлі халық арасында сақтаулы. «Райымбек батыр» кітабындағы: Таушілік, Жалағаш, Көктөбе, Үш Қарадан қашқан қалмақтардың арманы:
Қош, Таушілік, Жалағаш,
Түңілді ханың Ағанас.
Райымбек тұрғанда,
Біздікі емес мал мен бас.
Үш Қарқара, Көктөбе,
Бұрын Бұрқан жақсы еді.
Енді бізге өкпелі,
Райымбек тұрғанда
Енді бізге жоқ төбе, – деп жермен жылай қоштасуы тегін болмаса керек. Жетісу жерін жоңғарлардан азат етуде Райымбек қасына ерген Сатай, Бөлек қатарлы батырларды үш-төрт бағытқа бөліп, тау-тасты түгелдей аралап, басын сауғалап қашқан қалмақтарды түк қалдырмай Қытай астырған. Жазалау жорығынан кейінгі тазалау соғыстарында да Райымбек батырдың үзеңгілес серіктерінің бірі Бөлек батыр да ерен ерліктер көрсеткен. Көптеген тарихи деректерде кездесетін Торайғыр мен Сөгеті тауының аралығындағы кең жазықта жоңғарлармен соғысқан «Ойран төбе» деп аталатын соғыс майданы бар. «Райымбек батыр» кітабында филология ғылымдарының докторы Сәрсенбі Дәулетұлы осы Ойрантөбе соғысы туралы: «Райымбек батырмен бірге Жоңғар шапқыншыларына қарсы Сатай, Бөлек, Қызылбөрік, Қойгелді, Қыстық, Малай, Есен, Байсейіт тағы басқа батырлар иық тіресіп күрескен», – деп Қазақ-Кеңес энциклопедиясынан үзінді келтіріе отырып жазады. Бұл энциклопедиядағы мәлімет біз жоғарыда сөз еткен Жетісу жерін жоңғарлардан азат ету соғысының бел ортасында Бөлек батыр жүрді деген пікірімізді айғақтай түседі.
Аңырақай шайқасы аяқталған соң қазақтардың бел шешіп, ата-бабасының қаны тамған қасиетті жерінде көсіліп жатқаны бір қуаныш. Десе де, сол кездегі ішкі бүлінушілік себебінен қазақтар жоңғарлардың қайта шабуыл жасауынан сақтану үшін, күші басым бір елге иық сүйеуге тура келді. Әсіресе бұл қауіп ұлы жүз руларына тым жақын еді. Өйткені жоңғар мен қытай біріксе қауіптің көкесі сонда. Сол үшін де ұлы жүз елі Ресей патшалығымен әскери одақ құруды мақсат етеді. Өз тарихымызды өзіміз жазбағандығымыздан болар, қазақ руларының осы келісімге келу жолын орыс тарихшылары: «Қазақтар өздері бодан болуды мақсат етті», – деген сыңайда жазады. Еларалық дипломатиялық саясатты бағынуды қалады деп жазған кесірлі қолдарға кейде күмәнмен қарайсың. Неге десеңіз, туған жерін жоңғарлардан азат етудегі қазақтардың басты мақсаты орысқа бодан болу ма? Меніңше, ондай емес. Енді бұл тарихшылардың арнаулы зерттейтін тақырыбы болар. Біздің айтайық дегеніміз, «Аңырақай шайқасынан» кейін ұлы жүз қазақтарының Ресейге елші жіберу туралы кеңесі болмақ.
Әрине, Ресейге елші жіберу ел болашағы, ел ертеңі туралы ел ағаларының таңға сабылып, мың ойланып, жүз толғанғаннан кейінгі шешімі екені даусыз. «Елші жіберсе қалай болады? Жібермесе қалай болады?» Міне, осы сұрақ олардың алдындағы басты мәселе. Сол кездегі ұлы жүз қазақтарының ел ұйытқысы болып, тұтқасын ұстап отырған Төле би, Қодар би, Сатай батыр, Бөлек батыр қатарлы адамдар 1733 жылы (кейбір деректерде 1734 жылы делінеді) орыс патшайымы Анна Иоановнаға елші жіберіп, хат жазады. Бұл елшіні жіберудегі басты мақсаттары қазақтар орыстардан күшті соғыс қаруларын алу еді. Өйткені жалаң қол, жалақтаған қылышпен соғысудың уақыты өткенін бәрі сезді. Ал орыстардан алған от қару арқылы жоңғарлардың қайтара шабулынан сақтанбақшы болған. Бірақ елшіні қабылдаған орыс патшалығы қазақтардың арманын толығымен орындамады деп жазады Жақыпжан Нұрғожаев өзінің «Есімі ұран болған даңқты қолбасшы» деген еңбегінде. Қазақтарға отты қару берсе өздеріне де қауіпті екенін ертеден сезген орыс шонжарлары тек жоңғарларға елші жіберіп, қазақтарға соғыс ашпауды ескерткен. Десе де, бұл ескерту қазақтарға да біраз пайдасын тигізген. Батырлар аз уақыт толастаған соғыс кездерінде тынығып, ел жағдайы біраз оңалған. Ұлы жүз руларының орыстарға елші жіберуді кеңескен жиынында да Бөлек батырдың ел даналарымен бірге болғанын көреміз. Осыдан Бөлек батырдың тек ғана қара күштің иесі ғана емес, кең ойламды, толғанымды, қоғам қайраткері екенін аңғаруға болады.
Жастайынан ел қамын ойлаған егей ер – Бөлек батырдың соңғы тынысы Алакөл маңындағы жоңғарлармен болған соңғы соғыстардың бірінде ауыр жарақаттардан тоқтайды. Қазақта өлім қайда болса, топырақ сонда деген ұғым бар. Алакөл маңындағы шайқаста қайтыс болған батырдың сүйегін серіктері сол маңда жер қойнына тапсырады. Батырдың дулығасын, сауытын, найзасын кіндік қаны тамған бүгінгі Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ақши ауылына жеткізеді. Батырдың өзі ұстаған найзасы Бөлек өмірден өткеннен кейінгі аласапыран жылдарда жоқ болған. Бірақ, елінің азаттығы үшін толарсақтан қан кешкен батырдың арманы орындалған бүгінгі шақта, алтын басты сан реткі шабуылдардан қорғаған дулыға 2005 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мұражайына табыс етілген. Алыс-жуықтан келген саяхатшылар үш ғасыр аман сақталған дулығаны көргенде, қазақ-жоңғар соғысының қаншалықты жанкешті жүрілгені, еліміз үшін жанын қиған батырлардың ерлігіне сүйініп, тарихтың терең қатпарына бойлары сөзсіз.
Ел тәуелсіздігін алған соң көптеген ұлы тұлғалар ұлықталып, ескерткіш орнатылып, ауыл аттары мен көше берілгені бәрімізге мәлім. Осындай оң шешімді бағдарламалар аясында Бөлек батыр да ұлықталды. Қазіргі күнде Еңбекшіқазақ ауданында батырдың кіндік қаны тамған құйқалы мекенде Бөлек ауылы және Ақши ауылындағы орталық көше Бөлек батыр есімімен аталады. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 28 желтоқсандағы №883 қаулысына сәйкес, Ақши орта мектебіне «Бөлек батыр атындағы орта мектеп» атауы берілді. Жекелік пікірім ретінде батырдың туған жеріне не болмаса «Аңырақай шайқасы» өткен маңға батырдың ескерткішін тұрғызса, бұл да бір ерекше жан сүйінерлік жайт болар еді. Тәуелсіздік өшкенімізді жағып, өлгенімізді тірілтіп жатыр. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс», – деп жазды. Бұл бір ауыз сөз елі үшін етігімен су кешкен Бөлек және басқа да батырлардың егей ерліктері ұрпақ жадында жаңғырып, жас ұрпақ елі мен жерін қорғаудың даңқты жауынгері болуға талпынуы керек деген сөз.
Қуанәлі АЛМАСБЕКҰЛЫ,
Шелек тарихи-өлкетану мұражайы